Ұлтын ұлықтаған қайраткер



Дата05.11.2016
өлшемі180,84 Kb.
#1097
Ұлтын ұлықтаған қайраткер

Сұлтанбек Қожанұлы - қазаққа, жалпы түркі жұртына айтулы еңбек сіңіріп, өшпес із қалдырған ірі тарихи тұлға. Ол алаш қайраткерлерінің аға толқынына жас шағында қолғанат, есейген уағында қамқор болды. Кеңес заманында басшылық орындарда отырып, Ахмет пен Міржақып бастаған ұлт зиялыларына ешкімнен тайсалмастан қызмет берді. Сау басына сақина тілеп, Мағжан Жұмабайұлының өлеңдер жинағына алғысөз жазып, баспадан шығартты. Оның ұйымдастыруымен жарық көрген атақты “Ақ жол” газетін Сталин өзінің тікелей тапсырмасымен жаптырды. Қоқан автономиясы тұсында Мұстафа Шоқаймен тізе қосып, түркі бірлігінің туын көтерді. Өзбек ағайындардың берідегі оннан астам техникалық жоғары оқу орны Сұлтанбек Қожанұлы өз қолымен қабырғасын қалап, тұңғыш ректоры болған Орта Азия мақта-ирригация политехникалық институтынан бөлініп шықты. Қарымды азамат біршама уақыт Өзбекстанның мақта шаруашылығына да жетекшілік етті.


Ол – Түркістан республикасының оқу-ағарту саласын, жер-су мәселесін және ішкі істерін басқарған үш мәрте халық комиссары, Қазақ өлкелік партия комитетінің жауапты хатшысы болды. Ақын, аудармашы, публицист, педагог. Тіпті “Есептану” атты оқу құралының авторы.
Міне, 44 жасқа жетер-жетпес ғұмыр кешкен Сұлтанбек Қожанұлы өмірбаянының кейбір түйткілді тұстары осындай...
1921 жылы Мәскеуде кеңестердің бүкілресейлік ІХ съезі болып өтті. Түркістан аймағынан делегат ретінде қатысқан Сұлтанбек Қожанұлының осы жиында сөйлеген сөзіне революция көсемі В.И.Ленин күтпеген жерден назар аударып, үзіліс кезінде оны президиумға шақырып алады да: “Сіз ерекше қызуқанды әрі өте білімді қырғыз екенсіз”, – дейді. Сонда Сұлтанбек оған: “Жоқ, Владимир Ильич, сіз сәл қателесіп тұрсыз. Мен соншалықты қызуқанды және айтарлықтай білімді қазақ емеспін. Олар әлі Ұлы Далада жайбарақат жүріп жатыр. Бірақ болашақта өздерін танытпай қоймайды”, - деп жауап қайтарған екен.
Сөйтіп, өз халқын ардақ тұтқан, туған елінің келешегіне сенген қайраткер кейінірек жазған “Жаназа маршы” атты өлеңінде:
Зорлық, зұлым жығылар күндер келер,

Азат, күшті, алып жұрт күтер, білер.


Еске алып, босаған жұрт қабіріне кеп,

Сендерді айтып адал көз жасын төгер, – деп тағы бір көрегендік байқатады.


Бүкіл саналы ғұмыры желдің өтінде, жардың шетінде өткен, есімі мен еңбегі өзі дәл болжағандай, республикамыз тәуелсіздік алған кезеңде ғана еленіп-ескеріле бастаған Сұлтанбек Қожанұлы 1894 жылы 10 қыркүйекте қазіргі Оңтүстік Қазақстан облысының Созақ ауданына қарасты Ақсүмбе елді мекенінде дүниеге келген. Сұлтанбектің зеректігін аңғарған көзіқарақты Қожан оны Түркістан қаласындағы төрт жылдық орыс-түзем мектебіне тапсырады. Зерделі бала алғашқы тәлім-тәрбие ордасын үздік тәмамдап, ізінше үш сыныптық қалалық училищеге оқуға түседі. Сол уақытта Сұлтанбектің сақа тартуына септескен мынадай жағдайлар болды: біріншіден, ол Сыр бойындағы ағартушылық мектептің Қалжан Қоңыратбайұлы, Қоңырқұлжа Қожықұлы, Ахмет ишан Оразайұлы, Ералы Қасымұлы, Садық Өте­генұлы, Серікбай Ақайұлы секілді белді өкілдерінен ақыл-кеңес тыңдап, оң-солын танитын халге жетті; екіншіден, 1912 жылы тағдырдың тәлкегімен Түркістан қаласына сапар шеккен Міржақып Дулатұлымен ойда-жоқта жолығып, соңынан әлденеше дүркін дидарласуы саяси таным-түсінігіне талай жаңалық бойлатты; үшіншіден, жергілікті жұрттың ортасында сыртқы түр-әлпетіне қарай “Ұзынсақал” атанып кеткен орыс тілінің оқытушысы, ойы оқшау ұстаз Иван Михайлович Яковлев ішкі Ресейдегі қоғамдық-әлеуметтік ахуалдан жан-жақты хабардар етіп, сауатын саралады. Міне, сол Ұзынсақал-Яковлев сүйікті шәкірті Сұлтанбекті Ташкенттегі мұғалімдер даярлайтын семинарияға қабылдату үшін көп жәрдем жасайды. Әйтпесе, айла-шарғыға жүйрік түркістандық миссионер П.Остроумовтың қарамағындағы бұл оқу орнының табалдырығын отар өлкенің талапкер жастары оңайлықпен аттай алмайтын. Содан да шығар, Ташкент мұғалімдер семинариясын 25 жыл ішінде жергілікті жұрттардың арасынан небәрі 65 адам ғана бітірген: нақты айтқанда, олардың 11-і өзбек, түркімен және татар ұлттарының өкілдері болса, 54-і қазақ пен қырғыздың ортасынан шыққан. Қысқасы, сол аз топтың ішінде Сұлтанбек те бар. Ол 1913 жылы сынақ пен сұрыптаудан сүрінбей өтіп, студент қатарына ілігеді.
Жігерлі жас семинарияда оқып жүрген уақытында саясатқа шындап ден қояды. Сол мезгілде талай халықтың санасын билеген түрікшілдік және жәдидшілдік идеяларына көңілі елтіп, ықыласы ауады. Оның үстіне 1908 жылы Түркістанға сапар шегіп, талай мешітті, медреселі орындарға аялдап өткен атақты ойшыл Ысмағұлбек Гаспринскийдің соңынан шұбырған даңқты да дақпыртты әңгімелердің ізі әлі суымаған еді. “Туркестанская правда” газетінің қосымшасы – “Костры” журналында (1923 жыл, №3-4) жарық көрген өмірбаяндық деректеріне сүйенсек, Сұлтанбек Қожанұлы 1915 жылы жастардың “Кеңес” атты жасырын үйірмесін құрған. Оған мүшелікке кейіннен түркіменнің, өзбектің, тәжіктің ірі қайраткерлеріне айналған К.Бөриев, Х.Сахатмурадов, И.Теджибаев, А.Рахымбаев, т.с.с. өзімен бірге оқитын достары тартылған. Зерттеуші Асқар Мұстафиннің мәліметі бойынша, осы іске Мұстафа Шоқай мұрындық болып, идеялық жетекшілік жасаған Ұйым мүшелері ара-арасында тағы бір алаш ардақтысы Санжар Аспандияровтың әкесінің үйінде өздерінің құпия мәжілістерін өткізіп отырған. “Кеңес” атты қолжазба журнал шығарған.
Сұлтанбек семинарияны аяқтаған соң, Әндіжан уезіне барып бала оқытады. 1917 жылғы ақпан төңкерісі туралы хабарды осында жүріп есітеді. Өзінің жорықтас жолдасы, түркімен жігіті Күмісқали Бөриев екеуі Орынбордағы “Қазақ” газетінің басқармасына: “Қоқан-21/ІІІ. Мың басылыққа кісі керек болса, біз бармыз. - Сұлтанбек Қожанұлы, Күмісқали Бөриев”, - деген мәтінмен жеделхат жолдап, ол аталған басылымның 1917 жылғы 24 наурызда шыққан санында жарық көреді.
Бостандық идеясының буына бой алдырған Сұлтанбектің алдында тың соқпақ, соны өріс жатқандай көрінеді. Уақытша үкімет заманында ол Түркістан аймағындағы саяси қозғалыстардың қайнаған шебінде жүреді. Ұлт азаттығының тағ­дыры талқыға салынған тұста жергілікті халықтың жолбасшылары түрлі-түрлі топқа, тарапқа, тармаққа бөлініп кеткен еді. Соның салдарынан қоғамдық-әлеуметтік бағыт-бағдар жөнінде жеке тұғыры, өзінше түсінігі, бөгде талабы бар әлденеше ұлттық ұйым дүниеге келді. Мысалы, “Шуро-и-исламия” және “Шуро-и-улема” қоғам­дары шариғат жолына шырағдан жағып, мемлекеттің мәртебесін мұсылманшылықтан іздеді. Бірақ, басқа түгілі, өзара басы бірікпеді, жұлдызы жараспады. Сұлтанбек Қожанұлы мен Санжар Аспандияров бастаған топ болса, за­йырлы жолды тұтынып, 1917 жылдың маусымында өлкедегі орыс жұмысшы­ларының одағымен терезе теңестіру ниетінде мұсылман жұмысшыларының мекемесін аяқтандырды. Олар өз ұйымының мақсат-мұраты туралы: “Келешекте орыстар мен мұсылмандардың арасында жаңаша қарым-қатынастар қалыптастыра аламыз ба деген үміттеміз, өйткені, тек демократиялық ұйымдар ғана ортақ мәмілеге келмекші және жергілікті жұрттың орыстарға сенімсіздігін жоймақшы. Түркістан мұсылмандарының ішіндегі жұмысшы қозғалысының ізашарлары бола отырып, біз өз халқымыздың болашақта бостандық пен теңдікке жететініне зор сеніммен қарап, күрделі міндетімізге кірісеміз”, - деп жазды.
Жұртшылық мүддесін жоқтаған Сұлтанбек Қожанұлы 1917 жылдың шілде айында Орынбор қаласында өткен бірінші жалпықазақ съезіне делегат болып қатысты. Соның артынша – тамыздың басында өткізілген Түркістан аймағы қырғыз-қазақтарының жалпы жиылысында хатшылық жасап, Тұрар Рысқұлов, Ибраһим Қасымов, Ғалимұхамед Көтібаров, Иса Тоқтыбаев, Садық Өтегенов секілді азаматтармен бірге Сырдария облыстық қырғыз-қазақ комитетіне мүшелікке және Бүкілресейлік құрылтай жиналысына өкілдікке сайланды. Мұнан арғы қайраткерлік іс-қимылына тоқталсақ, Хасен Оралтайдың “Алаш” атты еңбегінде жазылғандай, Сұлтанбек Қожанұлы “Қоқан автономиясы” үкіметінің негізін қалаушылардың бірі болды. Осы саяси құрылымның жаршысына айналған “Бірлік туы” газетінің жауапты шығарушысы міндетін 1917 жылғы желтоқсанның 16-сынан бастап басылым жабылғанға дейін, яғни 1918 жылғы сәуірдің ортасына дейін атқарды. Газет жұмысына М.Дулатұлы, Х.Болғанбайұлы, А.Мәметұлы, Ш.Сарыбайұлы, Қ.Құлетұлы, Н.Құлжанұлы, И.Тоқтыбайұлы белсене атсалысты. Мұстафа Шоқай бастаған өзінің саяси серіктері секілді, Сұлтанбек Қожанұлы да Қазан төңкерісін қуана қарсы алған жоқ. Бұған “Бірлік туы” газетінде жарық көрген “Түркістанда орыс сиездері”, “Өзіміздің большевиксінгендерге”, т.б. мақалалары – айғақ. Ол сол сәтте “Қайтейін?” атты торығыс пен түңіліске толы өлең жазып:
Қу заман, ит тіршілік қорладың ғой,

Көрсем де қанша икемдеп, болмадың ғой.

Жете алмай дегенімнің жалғызына,

Талап көп, талайсыз боп сорладым ғой...

Келемін әурелікпен өткізіп жас,

Іс етпей, құр талаппен қатырып бас.

Табиғат, тағдыр, заман тізе қосып,

Болғандай маған қарсы ынтымақтас, -



деп сары уайымға да салынады (Бірлік туы, 1917 жыл, 25 қараша).
Қоқан автономиясы қан-жоса болып таратылған соң, Сұлтанбек Қожанұлы аз ғана уақыт саясаттан сырттаңқырап, қажыр-қуатын ағартушылық жұмысқа арнайды. Мұғалімдік мамандығына кірісіп, Түркістандағы халыққа білім беру бөлімінің инспекторы болып істейді. Сөйте жүріп, аштыққа ұшыраған қазақтарға жәрдем беру комитетін басқарады. Ташкентке барып, педагогикалық училище мен педагогикалық курстарда сабақ береді. Ұстаздық қызметіне ұйымдастырушылық қабілетін ұштастырып, Қазақ-қырғыз институтының қабырғасын қаласады. 1919 жылы қайтадан Түркістан қаласына ауыстырылып, уездік-қалалық атқару комитеті төрағасының орынбасары қызметіне бекітіледі. Ал 1920 жылдың наурызында Алашорда қайраткерлеріне кешірім жарияланған шақта коммунистік партияның қатарына өтіп, көп ұзамай Сырдария облыстық революциялық комитетінің төрағасы лауазымына тағайындалады.
Сөйтіп, Сұлтанбек Қожанұлын ірі саяси-қоғамдық тұлға ретінде қалыптастырған 1920-1924 жылдардың аралығын қамтитын Түркістан автономиялық кеңестік социалистік республикасындағы қайраткерлік кезеңі басталды.
Ол 1920 жылдың қыркүйек айында қазақтар С.Аспандияров, О.Жандосов, Н.Төреқұлов, түркімен Қ.Атабаев, өзбектер С.Қасымқожаев, А.Бабажанов, Т.Оразбаев, тәжік А.Рахымбаевпен бірге Түркістан коммунистік партиясы орталық комитетінің толық мүшелігіне енгізіліп, өлкедегі ықпалды партия және кеңес қызметкерлерінің қатарына қосылды. Бұдан кейінгі мерзім ішінде Түркістан коммунистік партиясы V-VІІІ съездерінің, Түркістан республикасы кеңестері ІХ-ХІІІ съездерінің, Кеңес одағы коммунистік партиясы Х, ХІІІ, ХІV съездерінің делегаты болып сайланды.
Мұрағат құжаттарына жүгінсек, Сұлтанбек Қожанұлының жергілікті жерлерде Кеңес өкіметі қойған міндеттерді халық тұрмысына лайықтап шешу, республикалық бюджетті орталық ұйымдардың алдында тиесілі дәрежеде қорғау, комис­сариаттардың басы артық әкімшілік құрылымдарын қысқарту, ауыл шаруашылығы кооперацияларын тиімді ұйымдастыру, оқу-ағарту мекемелерін есепке алу және қаржылық-материалдық жағдайын ойластыру, мұғалімдер даярлау сапасына көңіл бөлу, билер мен қазылар сотын қаржыландыруды ұмыт қалдырмау, аймақтық баспасөздің дамуына ықпал ету, көшпелі және жартылай көшпелі елдің әлеуметтік-экономикалық дамуын бағдарлау, Түркімен облысына, оның ішінде, әсіресе, жәуміттерге қатысты мәселелерді, сондай-ақ Ферғанадағы жер-су проблемаларын уақытылы талқыға салу, салық саясатын жүзеге асыру, бағаны реттеу, т.б. қыруар шаруамен қатар айналысқандығын көреміз. Ол кеңседе көп отырғанды қаламайтын, ел ішін аралап, жағдайды өз көзімен көргенді ұнататын басшы болды. Тапсырылған қай істі де абыроймен атқарып, білгірлігі мен тындырымдылығының арқасында әріптестері мен қалың жұртшылықтың алдында зор бедел жинады.
Әлбетте, ең әуелі Түркістан республикасындағы шиеленісті ұлт мәселесі Сұлтанбек Қожанұлының назарынан тыс қалмады. Ол лениндік ұлт саясатының интернационалистік қағидаларына мүлде сенген жоқ десек, жалған айтқан болар едік. Бірақ, бұл бағыттағы қисын мен шындықтың, сөз бен істің бір-біріне сәйкеспей жатқаны оның жанын ауыртқаны сөзсіз. Әсіресе, 1921-1922 жылдары Жетісудағы жер реформасын жүргізген комиссияны басқарып, қазақтың, өзбектің, қырғыздың қоныстарын аумалы-төкпелі заманда зорлықпен тартып алған келімсек жуан жұдырықтарды өктемдігінен айыруды көздеген кезінде ол қатты кедергілерге жолықты. Мәскеудегі билік тарапынан “таптық емес, ұлттық тұғырды жоғары қойып, асыра сілтегендігі үшін” қысымға ұшырап, ресми сөгіс алды. Ақырында, Түркістан республикасындағы жер-су мәселесінде “отаршылдықтың қалдықтарын жою” деген ұран шала-шарпы жүзеге асырылып, жалаң күйінде қалып кетті. Алайда, Сұлтанбек ұлт теңдігіне қатысты өзекті ойларын алға тартуды тоқтатпады. Ол, әсіресе, РК(б)П ОК ұлт республикалары мен облыстары жауапты қызметкерлерінің ІV кеңесінде (1923 жыл, 9-12 маусым) сөйлеген сөзінде Түркістанда отарлық саясаттың көбесі сөгілмегенін, ұлттық проблемалардың ұлғайғандығын айтамын деп, Сталиннің сынына ілікті. Бас хатшы: “Меніңше, Қожанов жақсы сөйледі. Икрамов та (өзбек қайраткері) жаман сөйлеген жоқ. Бірақ мен бұл жолдастардың сөздеріндегі ойға қалдыратын бір тұсты атап өтуге тиістімін. Олардың екеуі де бүгінгі Түркістан мен патшалық Түркістанның арасында ешқандай айырма жоқ, тек маңдайшадағы жазу ғана өзгерді, Түркістан патша тұсындағы бәз-баяғы қалпында қалды деді. Жолдастар, егер бұл кездейсоқ айтылмаған, кесіп-пішілген және бастан-аяқ саналы түрде сөйленген сөз болса, онда мұндай жағдайда басмашылардікі дұрыс, біздікі бұрыс деуіміз керек... Егер бұл рас болса, сіздердің неліктен басмашылардың жағына өтіп кетпегендеріңізді түсінбеймін”, – деп тиісті. Тап осы басқосудың үстінде Сұлтанбекке “халықтар көсемі” мынадай мазмұндағы тілдей хат та жіберді: “Жолдас Қожанов! Бүгін сіз жақсы сөйледіңіз. Егер сіз жергілікті жерде дәл осылай жақсы жұмыс істеп жатқан болсаңыз (бұған менің көзім толық жетпейді), онда мен сізге дос-жолдас болуға әзірмін. И.Сталин”. Міне, Сұлтанбек Қожанұлына біртіндеп “ұлтшылдық” жаласын жабу, “Ортаазиялық Шыңғысханға” теңеу, кейіннен “қожановшылдық” деген ат қойып, айдар тағу осындай “дос-жолдастық ескертпелерден” бастау алған болатын.
1924 жылы Орта Азия республикаларын ұлттық-территориялық жағынан межелеу жүргізіліп, Жетісу мен Сырдария облыстары Қазақстанға қаратылды. Түркі дүниесін дүр сілкіндерген бұл өзгерістің барысында талас-тартыс, қарама-қайшылық көп кездесті. Бөліну мен бірігу процестері қым-қиғаш жүріп жатты. Тарихы мен тағдыры жақын ұлттардың арасына сына қағылды. Ал Сұлтанбек Қожанұлының сол мезгілдегі көзқарасынан да басқалардан өзгешелік байқалды. 1924 жылғы 10 наурызда Ташкентте өткізілген кеңесте Түркістан КП орталық коми­тетінің хатшысы А.Рахымбаев “Түркістанның ұлттық-территориялық межеленуі туралы” деген тақырыпта баяндама жасап, Орта Азияны ұлт республикаларына жіктеуді бірден-бір дұрыс жол деп бағалады. Оны Н.Айтақов, С.Аспандияров, Қ.Атабаев секілді қайраткерлер сөйлеген сөздерінде қолдады. Ал Ортаазиялық экономикалық кеңестің төрағасы М.Паскуцкий мен Сұлтанбек Қожанұлы екеуі межелену ісін мақұлдамады. Олар экономикалық және саяси-әкімшілік жағынан біртұтас Орта Азия федерациясын құруды жақтады. Сұлтанбек “түркі тайпалары бірыңғай түркі тектес халықтарды құраған”, “оларды жасанды түрде айыруға болмайды” деп дәлелдеп бақты. Бірақ Паскуцкий мен Қожанұлының жоспарлары жүзеге аспай, қолдаусыз қалдырылды. Орта Азия республикаларын межелеу жөніндегі Территориялық комиссияның 1924 жылғы 17 тамыздағы пленумда да, одан кейін Түркістан республикасы басшы ұйымдарының сол жылғы 14 қыркүйекте болған біріккен пленумында да Сұлтанбектің Орта Азия федерациясы туралы талап-тілектеріне тойтарыс берілді. Кейінгі басқосуда РК(б)П ОК-і Орта Азия бюросының пікірін білдірген ТКП орталық комитетінің хатшысы И.Варейкис: “Қазір жұрттың бәрінің көңіл-күйі бірігуге емес, бөлінуге бейім тұр”, - деп кесіп тастады. Сөз жоқ, мұнан кейін Сұлтанбек Қожанұлы қайраткер ретінде, ең алдымен, өз жұртының жайын қамдап, жоғын түгендеуді қолға алды. Ол сол тұста жазылған “Дау тоқтап, іс басталсын!” атты мақаласында: “Осы күнге дейін бір болып келген, шаруа жағынан жігі ашылмаған Түркістан енді тозып, төрт-бес мемлекет болып отыр. Басқалар Орта Азия шаруа бірлігін жасап, бірден бөлініп кетпестен, шаруа істерін бір жөнмен жүргізбек болып отырғанда, Орта Азиядан қазақ облыстары шықты саналып отыр. Жетісу мен Сырдария шаруа жағынан, әлі де болса, Қазақстаннан гөрі, Орта Азия мемлекеттеріне байланысты” (Ақ жол, 1924, 14 қараша), - деп, қазақ жұртының әрі-сәрі күй кешіп отырғандығына қамықты.
Сұлтанбек Қожанұлы 1924 жылғы қазанның 11-інде өткен РК(б)П ОК саяси бюросының мәжілісінде (бұл жиынға Қазақстаннан С.Меңдешов те қатысқан) Қазақстанның КСРО құрамына шарттық негізде кіргізілуін және Қазөлкекомның Қазақстан коммунистік партиясы болып өзгертілуін ұсыныс етіп енгізіпті. Бірақ мәжілісте мына мазмұндағы қаулы қабылданды: “Қырғыз (Қазақ) республикасының КСРО құрамына шарттық негізде кіргізілуіне негізінде қарсылық жоқ болғанымен, бұл мәселенің іс жүзіндегі шешімін Қырғыз (Қазақ) республикасының жаңа бастамалар мен жаңа шекаралар жағдайында жұмыс тәжірибесі айқындалғанға дейін шегере тұру қажет деп саналсын және Қазобкомға кеңес органдары арқылы осыған сәйкес қаулыны өткізу ұсынылсын. Қазобкомға бұл мәселені партия ұйымдарында да, партияда жоқ бұқараның арасында да әрі қарай талқылауға жол бермеу жүктелсін. Аталған мәселенің РК(б)П ОК-нің алдын-ала мақұлдауынсыз кеңес жолы арқылы талқыға түсуі мен шешілуіне мүлде тыйым салынатынын ескере отырып, бұл істің кеңес бағыты бойынша қалай өріс алып кеткендігі тексерілсін және кінәлілер партиялық тәртіпті бұзғаны үшін жауапкершілікке тартылсын. Тап осы мезгілде РК(б)П-ның Қырғыз (Қазақ) ұйымының атын Қырғыз (Қазақ) коммунистік партиясы деп өзгерту қисынсыз деп табылсын”.
Осының бәріне қарамастан, 1924 жылғы 27 қарашада Сұлтанбек Қожанұлы Қазобкомның, ал 1925 жылғы 19 ақпанда Қазөлкекомның жауапты хатшысы (республикадағы екінші дәрежелі лауазым) болып тағайындалады. Ұлт қайраткерінің сол кездегі бір үлкен еңбегі – астананың Ақмешітке көшуіне мұрындық болуы. Ол Түркістан орталық атқару комитеті төрағасының орынбасары болып тұрған уақытында – 1922 жылғы 12 сәуірде арнайы қаулы шығарып, өзі тарихи атауын қайтарып берген Ақмешіт қаласын ел кіндігі етуге күш салды. “Қазақтың астанасы орыстың туы тігілген қалада емес, қаласы жоқтықтан, қазақтың киіз ауылында болса да, қазақ ұлты жұртшылығына жуық болуы керек. Қазақ ұлт мемлекетшілігіне әдемі қала, ыңғайлы үйлер керек емес, жаман да болса өз ордасы болуы керек. Орынбордан көшпей, қазақ ұлтының ішкі тіршілігі оңдалып, қазақ еңбекшілерінің көпшілігінің қамына керекті шаралар іс жүзінде істелуі қиын”, – деп жазды. Ол өз заманы үшін ең тиімді көрінген осы ойларын мәжіліс мінбеле­рінен сөйлеген сөздерінде де, баспасөз беттерінде де қайта-қайта қозғады. Сұлтанбектің тілегі қабыл болды. Астана Ақмешітке ауысты.
1925 жылғы 15-19 сәуір аралығында Қазақ кеңестерінің V съезі болып өтті. Оған төрағалық еткен Сұлтанбек Қожанұлы күн тәртібіне екі мәселе енгізді де, біріншіден, делегаттардың бірауызды шешімімен ұлтымыздың “қазақ” деген шын атауы қайтарылды, екіншіден, сол кісінің ұсынысы бойынша “Ақмешіт” қаласының аты “Қызылорда” болып өзгертілді.
Әрине, Сталин мен оның сенімді серіктерін Қазақстандағы мұндай ұлттық серпіліс пен сілкініс дереу елең еткізді. Алашшылдарды ауыздықтауға өз қандасы Нанейшвилидің қауқары жетпесін сезген “халықтар көсемі” оның орнына Қазөлкекомның біріншісі хатшысы етіп әккі де қатыгез басшы Гая Ицкович (Филипп Исаевич) Голощекинді аттандырды. 1925 жылдың күзінде республикаға басшы болып келген ол өзіне ә дегеннен ұнамаған Қызылорданың ойран-ботқасын шығарып, елге сыйлы қазақ қайраткерлерінің, оның ішінде Сұлтанбек Қожанұлының да соңына шырақ алып түсті. Оның түпкі мақсаты – Сұлтанбекті орталықтың қарауына жөнелту арқылы қазақ қоғамындағы “ұлтшылдық” тенденциясын тұншықтырып, содан соң өзіне бағынышты өлкеде ойындағыдай сайран салу еді. “Тәртіптілікке тәрбиелеу” үшін Мәскеуге қызметке жіберу тәжірибесінің жай-жапсарынан жақсы хабардар Қожанұлы бұл әрекетке қарсы табан тіреп, қасарысып бақты. 1924 жылы сөйлеген сөздерінің бірінде ол: “Неге екенін қайдам, жолдастарымыздың көбі түптің-түбінде жұмақты Мәскеуде орналасқан деп ойлайды және бәріміз сол жұмаққа жетуіміз қажет деп қате түсінеді”, - деп айтқан еді. Қазақстаннан кеткісі келмегеніне қарамастан, Қожанұлы партияның пәрменімен өзі жақтырмайтын “жұмаққа” жіберілді. Құтылғанына қуанған Голощекин оған: “Қожанов – Орта Азия мен Қазақстан ұлттарының ішіндегі ең ірі қайраткерлердің бірі. Барлық уақытта да партия-кеңес орындарында жауапты қызметтер атқарды және соңғы уақытта БК(б)П Қазақ өлкелік комитетінің хатшысы болды. Саяси ой-өрісі зор қызметкер”, – деп мінездеме берді. Қожановтың орнына болашақтағы “37-нің ұлы ұйымдастырушысы” - Ежов отырғызылды. Қожанұлы үшін Қазақстанға қайтар жол мәңгіге жабылды.
Өмірінің қалған бөлігінде Мәскеу мен Ташкентте партия-кеңес, шаруашылық, оқу-ағарту мекемелерінде қызмет істеген Сұлтанбек Қожанұлының соңынан “Қазақстан қазақтар үшін” ұранының жақтаушысы”, “түрікшіл”, “ұлтшыл”, “жікшіл”, т.б. айыптамалар борап жатты. Қазақстанда “қожановшылдықтың” елесімен күресіп жүрген кейбір белсенділер үшін Сұлтанбектің жұртшылық алдында жария түрде кешірім сұрағаны қажет еді. Ол талаптары да орындалды. Бұл мәселенің саяси жай-жапсары отандық тарихшыларымыздың еңбектерінде жиі жазылғандықтан, егжей-тегжейіне тоқталуды артық санадық. Қысқасы, 1928 жылдың күзінде Ораз Исаев Ташкентке барғанында Сұлтанбекке төрт мәселе төңірегінде сауалдар қойып, олардың жауабын алып келіп, “Еңбекші қазақ” газетінің сол жылғы 2 қарашадағы санында бастырады. Бұл жарияланым “Сұлтанбек Қожанұлы қате­лерін мойнына алды. Шынды жасыруға, партияны алдауға болмайды!” деген үлкен бас тақырыппен берілді. Қойылған сұрақтардың бәріне Сұлтанбек жалпылама жауаптар қайтарған. Мысалы, “Қазақстанда “қожановшылдық” болғанын мойныңызға аласыз ба?” деген сауалға ол: “... қожановшылдықтың болғанын мойынға алам. Қожановшылдар жігінің болғаны рас. Қожановшылдықтың саяси жолын тексергенде, жер мәселесінде, ұлт арасының мәселесінде, тағы басқа мәселелерде ұлтшылдық жолында болды. Орындарда іс жүзінде тап жолын жүргізуге аз көңіл бөлінген. Тап жолынан ұлтшылдық жолы үстем болған... Алашордашылармен күрескеміз жоқ. Баспасөз жүзіндегі, партия ішіндегі алашор­дашылардың әсері, салт-санасымен күресілмеді”, - деген ыңғайдағы уәждер берген. Ал Сұлтанбектің жауаптарының соңына Сталиннің: “Қожанұлы ылғи да қазақ елінің өзгешелігін тым көпіртіп, ұлғайта айтады. Күншығыс ұлт республи­калары мен Кеңес одағындағы кәсібі күшті аудандардың тағдыры, тілегі бір екенін ұмытады. Социалдық жұмыстарды ескермейді. Бар жұмысы – ұлт тілегін үстем қылу, соған лайықтап қана істейді. Бұл пікірдегі жолдастар ұлт ішіндегі, ұлт респуб­ликаларындағы істерге аз көңіл бөледі. Ісінің бұл жағын бұлар өз бетімен өше берсін деп біледі. Мұны үлкен жұмыс деп білмейді. Бұларша ең үлкен жұмыс – республиканың шегін кеңейту, “сыртқы” саясатпен шұғылдану – іргелес отырған республикалармен айтысып, таласу. Көбірек жерін, елін өзіне қосып алу; сөйтіп, өз еліндегі байшылдарға, ұлтшылдарға жақсы кісі болып көріну. Бұл пікірдің аяғы келіп, мұндай коммунистерді социалшылдық тілектен – жолдан алыстатады. Мұндай коммунистер кәдімгі байшыл, ұлтшылдардың бірі болып шығады”, - деген “саяси бағасы” басылған. Сөз жоқ, бұл жерде Сталин әбден құлаққа сіңісті болған “ұлтшылдықпен” айыптауға қоса, Орта Азияны межелеу науқаны кезінде Сұлтанбек Қожанұлының Ташкент қаласының қазаққа өткенін қалайтын пікірді ұстанғанын меңзеп, өзге ұлттардың алдындағы беделін төмендетуге ұмтылғаны және ақырында оны байшыл-ұлтшыл қайраткерлердің “тілеуқоры” есебінде ғана емес, нақ солардың өзінен айырмасы жоқ адам етіп көрсетуге тырысқаны анық.
Сол жылдың желтоқсан айында өткен Қазөлкекомның ІІІ пленумында сөйлеген сөзінде О.Исаев “осы хатынан кейін Қожанов Қазақстанға қайтып келе алады” дегенді айтты. Әбдірахман Байділдин болса, мойындаудың сұрақ-жауап түрінде болғандығына наразылығын білдіріп: “Қожанов жолдасты баспасөз бетінде “қожановшылдықты” өз сөзімен әшкерелеуге мәжбүр ету керек”, – деді. Оның ойынша, Қожанұлы мен “қожановшылдық” екі бөлек нәрсе. Сондықтан Қожанұлы қатесін мойындағанымен, “қожановшылдыққа” қарсы күресті тоқтатуға болмайды. Демек, “қожановшылдық” деген ұғым Қожанұлынан аражігін ажыратып, дербес өмір сүруге көшті деген сөз еді бұл...
Мұнан соң Сұлтанбекке қарсы іс-қимылдар бір сәт те толас таппады. Елдің есіл азаматы 1937 жылғы шілденің 16-сында қамауға алынып, 1938 жылғы ақпанның 10-ында атылып кетті. Сұлтанбек Қожанұлының соңында қайраткерлігімен бірге, қаламгерлігін де танытатын мол мұра қалды.
1921 жылы толтырған анкеталарының біріндегі “Әдеби жұмысқа араластыңыз ба?” деген сауалға ол: “Қырғыз (қазақ) газетіне редакторлық еттім және редакторлық етіп келемін”, - деп жауап қайтарыпты. Оның “редакторлық еттім” дегені – “Бірлік туы”, ал “редакторлық етіп келемін” деп айтып отырғаны – “Ақ жол” газеті. Сұлтанбектің қаламынан туған дүниелер негізінен осы екінші басылымның беттерінен табылады.
Сәбит Мұқанов өзінің “Есею жылдарында”: “Обкомдағы кабинетіне барған мені Сұлтанбек жылы шыраймен қарсы алып, шүйіркелесе, теңдесе сөйлесті. Оның да өлең жазатынын сонда ғана білдім. Ташкентте қазақ тілінде шығатын “Ақ жол” газеті мен “Шолпан” журналындағы “Тоқпақ” және “Замандас” - соның псевдонимі екен. Ол жалпы әдебиетті, оның ішінде қазақ баспасөзін көп оқитын адам екен”, - деп суреткерлікпен айналысқаны туралы сыр тарқатса, Әуелбек Қоңыратбаев “Керуен” атты естеліктер кітабында: “Ол - өткір тілді, тапқыр, кең тұлғалы кісі-тін. Қызыл тілге келгенде, мен ондай шешен адамды көрген емеспін. Ашуы жоқ, мінезі дарқан, сөздерін тастай етіп айтатын арыстан туған кемеңгер адам еді”, - деп ауыз сөзге ақпалығын да айтады. Сұлтанбекті көзімен көріп, сөзін тыңдаған өзге де - Ғалым Ахмедов, Дүйсеқұл Сарқұлов, Шафик Шокин, Айтжан Бутин секілді қадірменді азаматтардың естелік жазбаларындағы пікірлер де осы төңіректе тоғысады.
Сұлтанбектің публицистикалық және әдеби мақалалары, өлеңдері, аудармалары сол кездегі мерзімді басылымдардың беттерінде көбіне “Тоқпақ” және “Тарпаң” деген бүркеншек аттармен жарияланып тұрған. Оның көсемсөздік шығармаларында дәуірдің тынысы, қоғамның мұқтажы, елдің тілегі қапысыз бедерленсе, поэзиясына әлеуметтік әуезділік, азаматтық және адамгершілік ауан, пәлсапалық пайым тән. Ол орыстың А.Крайский, П.Арский, А.Безымянский, Д.Бедный секілді пролетариат ақындарымен қоса, орыс символизмінің көрнекті өкілдерінің бірі К.Бальмонттың өлеңін де қазақшалаған.
Сұлтанбек Қожанұлы – әдебиет пен мәдениеттің талғампаз жанашыры. Мысалы, ол Ахмет Байтұрсынұлына “тіл тазартуға тынбай еңбек қылып келе жатқан, амал мәселесін іс жүзінде шешіп, тіл құралдарын жазып, қазақтың ұлт мектебіне негіз қалап, ұлт мәдениетінің түп қазығын мықтап қағуына еңбегімен себеп болған, қазақ ұлт мәдениетінің бірінші қайраткері” деп жоғары баға берген (Ақ жол, 1924 жыл, 3 сәуір). Ал Мағжанның кітабына жазған алғысөзінде: “М.Жұмабайұлының өлеңдері қазақ әдебиетінде үлкен орын алған деп санап басып отырмыз... М.Жұмабайұлының өлеңдері әдебиет тарихындағы соңғы 10-15 жылдағы ағымдарды тексеруге де жақсы құрал бола алады деп ойлаймыз... М.Жұмабайұлы өлеңдерінің тіл жағынан, әдебиет тану жағынан пайдасы көп болады деп сенеміз... Мағжан өлеңдерінің ішінде кез келетін марксизм дүние тануына ұйқаспайтын жерлерін оқушылар көре салып үрікпей, көркемдік жағына, сыршылдық жағына, суреттеу жағына көбірек көз салуы керек, тарихи мәнісіне жете түсінуі керек”, – дейді. Олай болса, С.Мұқановтың Сұлтанбек туралы: “Совет өкіметіне қарсы өлең-жыр жазудан тынбай келе жатқан алашордашыл ақын – Мағжан Жұмабаевтың Қазақстанда бастыра алмаған өлең, поэмаларын 1923 жылы Ташкент қаласында бастырды да, өзі кіріспе сөз жазып, Мағжанды аспанға шығара мақтады; “Алаш” лидері Ахмет Байтұрсыновтың 1923 жылдың күзінде Орынборда құлаған 50 жылдық юбилейін Ташкентте өткізіп, Түркістан республикасының басқарушы газеті – “Ақ жолда” Байтұрсыновты мақтаған мақалалар бастырды, портретін жария­лады...”, – деп жазуында талай сырдың жатқаны белгілі.
Шүкіршілік етеріміз, Сұлтанбек Қожанұлы-ның өзі де жоқтаусыз қалған жоқ. Әкесінің соңындағы мұрасының жарыққа шығуына жанын салып қызмет етіп, әрбір табылған дерекке балаша қуанып, өле-өлгенше бәйек болып өткен туған қызы – топырағы торқа болғыр Зиба апамыздың әңгімелерін есітудің сәті түсті. Сұлтанбектің есімі мен еңбегін жұртқа танытуда зайыбы Гүләндам, профессорлар Ә.Тәкенов пен Т.Қожакеев, тарихшы М.Қойгелдиев, жазушы Б.Қойшыбаев, журналистер Ж.Әлмашұлы мен А.Тасымбеков, деректанушы Р.Сарғожин, өзбек ғалымы Р.Раджапова елеулі еңбек сіңірді. Сұлтанбектанушылардың қатары жылдан-жылға молайып келеді.
Ендеше, ұлтын ұлықтаған қайраткердің сөзі мен ісі халқымен бірге жасай беретініне еш шүбә келтірмейміз.

Авторы: Амантай ШӘРІП, филология ғылымдарының докторы.

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет