Ұлттық ойындарды мектепте өткізудің ТӘрбиелік мәні бейсенбаева Қ



Дата02.02.2018
өлшемі61,66 Kb.
#37428
ӘОЖ 796.8

ҰЛТТЫҚ ОЙЫНДАРДЫ МЕКТЕПТЕ ӨТКІЗУДІҢ

ТӘРБИЕЛІК МӘНІ

Бейсенбаева Қ. – 108-15 оқу тобының студенті

Ғылыми жетекшісі: Байдосова А.А. – магистр аға оқытушы

Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институты. Шымкент.



Резюме

В статье рассматриваетс воспитательная роль проведения в школе национальных игр.

In the article is considered the educational role of the school in the national games.

Қазақ халқының ұлттық ойындары алуан түрлі, сан қырлы, мазмұнға бай, адам баласының сәбилік шағынан бастап, бүкіл өмірін тұтас қамтуға негізделіп жасалған. Бұл мемлекеттік тәрбие беру мекемелері мен халық жасаған, барлық мәдени іс-әрекеттерді өз бойына жинақтап, халыққа білім және тәрбие беру мәселесін шешудің құралы қызметін атқарады. Өйткені ұлт ойындары балалардың жас ерекшеліктеріне орайластырып жасалған. Баланың сәби шағынан бастап ер жетіп, азамат санатына қосылғанға дейінгі өмірін қамтып қана қоймайды, адамның бүкіл өмір бойғы жан серігіне айналады. Атап айтқанда, дүниеге жаңа келген нәрестеден бастап, ер жеткенге дейін ойын арқылы тәрбие алады. Жігіттік шағында байсалды ұлт ойындарына қатынасып, жарыс аренасына шығады. Одан кейінгі жігіт ағасы жасында, ойынды ұйымдастырушының рөлін атқарады. Келесі кезеңде сол халық дәстүріне өз ұрпағын тәрбиелеуші, баулушы, ақылшы-кеңесші ретінде де, сондай-ақ көрермен ретінде де қатынасады. Қай халықтың болмасын ұлттық ойындарына тән негізгі ортақ қасиет-дидактикалық негізі, көздейтін мақсаты жас ұрпақты өз ортасының салт-санасы, әдет-ғұрпы мен дәстүріне сай, психологиялық ерекшеліктеріне байланысты білім беріп тәрбиелеу. Олай болса, әр ұлт ойындарының бойында педагогикалық әлеуметтік негіз бар.

Ұлт ойындарының әрқайсысына тән қасиет, көздейтін негізгі мақсат адамға әсер ету, оған қоршаған орта туралы мағлұмат беріп, дүниетаным көзқарасын өсіріп калыптастыру. Әр ұлт ойынының бойында адамды білімге, білуге, үйренуге, өмірді танып білуге деген ынтаны оятатын, ұжымға деген ынтымақ, жолдасқа деген ілтипат, сыйластық, тіл табысу, басқалармен санаса білу т.б. өмірге аса қажетті адамгершілік қасиеттерді қалыптастыру секілді дидактикалық негіз, тұтас педагогикалық процесс, іргелі идея бар.

Осы күнге дейін біреулер ойын десе, күлкіні, жеңіл-желпі көңіл көтеруді көз алдына елестетеді. Дәл осылай ойлағанның өзінде де ойын өз дегеніне жетіп, әлеуметтік - педагогикалық бір мақсатты көздеп, тәрбие құралы қызметін атқаратыны анық.

Кеңестер одағының құлап, тоталитарлық құрылыстың ыдырауына байланысты, еліміздің еркіндік алуы, ел өмірінің барлық саласына айтарлықтай жаңалықтар әкелді. Ендігі жерде өткен өміріміз бен өнерімізге жаңаша қарап, ұрпақ тәрбиесін халқымыздың ежелгі арманы болып келген, өз халқының мүддесіне сай қайта құруға мүмкіншілік туды. Бүгінде оқу орындарының алдында тұрған негізгі мақсат заманымызға сай ұлттық мүддені көздейтін, отанын сүйе білетін, қазақстандық патриотизмді жастар бойына сіңіріп, оны өмірдің өзі талап етіп отырғандай етіп күн тәртібіне қою. Яки, ойынды оқу-тәрбие жұмысының негізгі идеялық арқауына айналдыру міндеті тұр. Бұл міндетті орындаудағы әлеуметтік педагогикалық идеяларды іс жүзіне асыруда негізгі көмекші болатын ұлт ойындары екендігі дау туғыза қоймас.

Алайда, көптеген авторлар өз зерттеулерінде, ойынды халық педагогикасының бір саласы ретінде ала отырып, оны тек тәрбие құралы ретінде ғана қарастыруды өздерінің басты міндетер ретінде көрсететіндіктерін айта отыруды жөн көрдік. Ұлт ойындарын, жалпы ойын атаулыны, тек тәрбие құралы ретінде бөліп алып қарау, біржақтылыққа апарып соғатынын ескерген жөн деп білеміз.

Ғылыми жүйе ағымында бірінші рет дене шынықтырудың халықтық тәсілі қазақтың ұлттық қозғалыс ойындарын М.Гуннердің еңбегінен кездестірдік, ол қазақтың ұлттық қозғалыс ойындарын белгілері бойынша былай қылып жіктеуді ұсынады: жалпы сипаттағы ойындар; қарсыласу және күрес элементтері бар ойындар; ашық алаңдағы ойындар; қыс кезіндегі ойындар; демалыс ойындары; ат спорты ойындары; аттракцион ойындары. Мұндай ұсынысты автор қозғалыс ойыңдарының жалпы ережесі негізінде ұсынады.

М.Гуннер, қазақтың ұлттық қозғалыс және спорт ойындары арасына шекара қоймай береді [1].

Ұлт ойындары мен жарыстарының түрлері мен формасының классификациясы М.Танекеевтің арнайы зерттеулерінің тақырыбы болды.[2]

Бұл автор қазақ халқының ұлттық дене шынықтыруының қалыптасуы мен дамуы жолдарын қарастыруымен қатар, белгілі ұлт ойындары мен спорт түрлерін екі үлкен топқа бөлуді ұсынады:

а) ат спорты түрі; б) ат үстіндегі ойындар.

Ерекше жіктеуді Б.Т.Төтенаев ұсынады. Ұлттық қозғалыс - ойындарын қазақ халқының рухани өміріндегі жас ерекшелігі ойындарына көп көңіл бөле қарастырады [3]. Автор қазақ халқының ұлттық қозғалыс ойындарын екі үлкен топқа бөледі.

1) тұрмыс-салт негізінде пайда болған ойындар;

2) жастар және қозғалыс ойындары.

Біріншінің құрамын ол келесі топтарға бөледі:

А) мерекелік ойындар;

Б) қазақша күрес;

Бұл топқа халықтың тұрмысқа және жерге байланысты ойындары кіреді.

Екіншінің құрамына келесі топтар кіреді:

A) 1 жастағы сәбилер ойыны;

Б) Балаларды өмірге қалыптастыратын әр түрлі ойыншықтармен ойнау ойындары;

B) халықтық тәсілдерді пайдаланып ойналатын ойындар;

Г) жануарларға еліктеу қимылы ойындары;

Д) материалды заттарды пайдаланып ойналатын ойындар;

Ж) құрал-жабдықтармен ойналатын ойындар;

3) қозғалыс ойындары.

Жалпы білім беретін мектеп тәрбиесінде қазақтың ұлттық қозғалыс ойындарын пайдалану мәселесі 10 топқа жіктейді.

1) ойыншықтарға байланысты ойындар;

2) лақтыру, жүгіру және секіру элементтері бар ойындар;

3) күрес және қарсыласу ойындары;

4) көзін байлап ойналатын ойындар;

5) ашық даладағы ойыңдар;

6) судағы ойындар;

7) әскери-қолданбалы бағыттағы ойындар;

8) үстел үстіндегі ойындар;

9) ат-спорты ойындары;

10) аттракцион ойындары.

Ұлттық қозғалыс ойындарын ұйымдастыру және өткізу кезінде балалар мен үлкендер арасындағы жас ерекшеліктерін сақтау қажет.

Қазақтың ұлттық қозғалыс ойындарын математика, ана тілі сабақтарында пайдалану керек, кластан тыс және оқудан тыс тәрбие жұмысында пайдаланған ойындар сипаты мен мазмұны бойынша жан-жақты болатынын анық.

Қозғалыс ойындарын үш топқа бөлуге болады:

A) ойын-сауық ойындары;

Б) дене шынықтыру - спорт ойындары;

B) ойлау қабілетін дамытушы ойындар.

Қазіргі педагогикалық үрдістің дене тәрбиесіне қазақтың ұлттық қозғалыс ойындарын енгізу жағдайын қарастырған Ж.М.Төлегенов қазақтың ұлттық қозғалыс ойындарын алты блокқа бөліп қарастыруды ұсынады.

1) жылдамдықгы, ептілікті және қозғалыс координациясын дамытуға бағытталған ойындар;

2) күшті, төзімділікті дамытуға бағытталған ойындар;

3) қимыл реакциясын және назарды тәрбиелеуші ойындар;

4) лақтыру қимылын дамытушы ойындар;

5) ұжымдық сезімге тәрбиелеуші ойындар;

6) негізгі қозғалыс қасиетін кешенді дамытушы ойындар.



Ж.М.Төлегеновтың негізгі қағидасы дене қасиетін дамытуға арналған ойындарды жіктеуі. Сонымен бірге, 6-шы блоктағы негізгі қимыл қасиетін кешенді дамытумен топталатын ойындарды барлық блоктардың ойындарымен үйлестіруге болады. Қимыл ойындарын бөлу кезіндегі мұндай әмбебаптық біздің көзқарасымызша нақты ойындарды білу үшін жіктеуге жақындықты талап етеді.
Пайдаланған әдебиеттер:

  1. М.Гуннер «Қазақтың ұлттық спорт ойындары» Алматы. 1985ж

  2. М.Танекеев «Ұлттық күрестің даму тарихы» Алматы.1998ж

  3. Б.Т.Төтенаев «Қазақтың ұлттық ойындары» Алматы 1994ж


Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет