М. Б. Шындалиева Филология ғылымдарының докторы, профессор



Дата05.11.2016
өлшемі72,5 Kb.
М.Б.Шындалиева

Филология ғылымдарының докторы, профессор

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Астана қ, Қазақстан



Замана белестері

С.Бегалин


С.Бегалин 1895 жылы 24 қарашада Семей облысы, Абай ауданы, Дегелең ауылында дүниеге келген. Қазақ жазушысы, балалар әдебиетінің негізін қалаушылардың бірі. 1915 жылы Семей қаласындағы орыс-қырғыз училищесін бітірген. 1916 жылы патшаның жарлығына ілініп, майданның қара жұмысына алынған. 1929-1935 жылдары Дегелең болыстық атқару комитетінің председателі, Қарқаралы уездік атқару комитетінің мүшесі, бөлім меңгерушісінің орынбасары, аудандық халық судьясы болған. 1935-1956 жылдары «Темір жолшы» газетінде, ҚазССР Ғылым академиясының Тіл және әдебиет институтында, Қазақстан Жазушылар одағында жұмыс істеген. С.Бегалин әдеби шығармашылығын өлең жазудан бастаған. Жастарды еңбекке, өнерге, білімге шақырған алғашқы өлеңі «Қазақ бозбалаларына» 1914 жылы «Айқап» журналында басылған. Кейінгі кездері бейнелі ой тереңдігімен, лирикалық-романтикалық толғаныстарымен қазақ өміріндегі ұлы өзгерістерді, Ұлы Отан соғысындағы қазақ жауынгерлерінің қаһарман тұлғасын, туған жердің сұлу көркін шабыттана жырлаған «Қыран кегі» (1943), «Цимлян теңізі» (1953), «Таңдамалы» (1956), «Сыр қайнар» (1963) т.б. өлеңдер мен поэмалар, жас ұрпақтың өмір тануына, табиғат сырын ұғынуына ықпал ететін, отан сүйгіштік рухта тәрбиелейтін «Көксегеннің көргендері» (1948), «Ермектің алмасы» (1955,1985), «Сәтжан» (1947,1973, 1978), «Жас бұтақ» (1953), «Жеткіншектер» (1960), «Мектеп түлектері» (1961), «Шоқан асулары» (1971), «Қыран туралы аңыз» (1976), «Екі томдық шығармалар» (1979) т.б. әңгімелер мен повесттер жинақтары халқымыздың өмірінде болып жатқан жаңа өзгерістер, жаңа тұрмыс халық сүйіп құрметтеген жеке тұлғалар өмірін суреттейді. 1975 жылы Сапарғали Бегалиннің «Замана белестері» атты жаңа романы жарық көрген. Сондай-ақ, қазақ халқының ауыз әдебиеті үлгілерін жинау, сақтау, бағалау жөнінде жемісті қызметтер жасаған. Автор әдеби-ғылыми зерттеу жұмыстарымен айналысып, И.Байзақов, Д.Әлімбаев, Ш.Қошқарбаев, Қ.Терібаев, Т.Көлтіков сияқты халық ақындарының шығармаларын сұрыптап бастырып, олардың өмірбаяндарын алғаш жазған.

Ж.Жабаевтың өскен ортасы, ата-бабасы, алған тағлымы, мінез-құлық ерекшеліктері туралы «Жамбылдың ата-тегі, өмірі» (1946) атты ғылыми монография жазады. Тәттімбет, Әміре, Естай, Майра, Қажымұқан, Әбікен, Қалыбек өнерін кейінгі ұрпаққа таныстыруда да мол еңбек сіңірген. Т.Шевченко, А.Пушкин, М.Лермонтовтың жекелеген өлеңдерін, Д.Мамин-Сибиряк, Л.Соловьевтің кейбір әңгімелер мен повестерін қазақ тіліне аударған. С.Бегалин «Қаракөз», «Көктем», «Бесік жыры», «Ақ көгершін», «Сағындым сені сәулем-ай» т.б. 50-ге тарта өлеңдеріне ән шығарылған.

С.Бегалиннің «Замана белестері» атты көлемді туындысы автор көзбен көрген, бастан кешкен жағдайларға құрылған өмірбаяндық шығарма. Бұл романда оқиға 1910 жылдан басталып, 1928 жылдың науқанды кезеңімен аяқталады. Романдағы оқиғалар нақтылы өмір шындықтарына негізделген, оқиға желісі тартымды баяндалады. Роман он төрт бөлімнен тұрады. Бірінші бөлімі «Сұр аттың сүргіні» деп аталады. Оқиға 1907 жылы Тәтімнің жалғыз сұр атының ұрлануынан басталады. Сол жылы Тәтім ауыл арасында ұрлықпен аты шыққан Жақсыбайды көріп, ол Тәтімнің астындағы атына сұқтанып, сатуын сұрайды. Қарсылық білдірген Тәтімнің аты бір күнде ішті-күйлі жоқ болып шығады.

Бұл романда Сапарғали Бегалин өз замандастарын, оның ішінде алуан түрлі қоғам, өнер қайраткерлерін көзден таса қалдырмай, өз шығармасына басты кейіпкер есебінде көріп, олардың жарқын бейнесін жасаған. Бұл романның негізгі мотиві – шын өмірдегі болған оқиғалар. ХХ ғасырдың басындағы ауыл тұрмысы, қала мен дала халқының адамгершілік межесіне жазушының көзқарасы таразыланып, шығарма бірінші жақтан баяндалады. Оқиға барысы автордың ішкі жан құбылыстарына орай, түйсіну, қорыту, бағалау әсерімен бейнеленген. Сондықтан да бұл шығармада сыршылдық ағым басым, нағыз халықтық мінездер мен ұнамды идеалдар терең сараймен суреттеледі.

Бұл романның барлық тарауларында ХХ ғасырдың алғашқы ширегіндегі оқиғалар, өзгерістер, жаңалықтар жан-жақты әңгімеленеді. Автор белгілі қоғам қайраткері Мұқаметқали Тәтімов пен өзінің есі кіре бастаған балалық шағынан отызыншы жылдарға дейінгі қазақ өмірінің аса маңызды кезеңдерін байланыстыра шежірелеген. Дәуірдің түрлі тартыстары, қоғамдағы өзгерістердің мәнін ашуы, сан түрлі адамдардың мінезін көрсетуі, халықтың салты мен санасы, тіршілігі, психолоиясындағы өзгерістеді жіті байқап, білгірлікпен баяндайды.

«Замана белестері» романында қызықты оқиғалар мен оқырманға ғибрат беретін адамдар өмірін кеңінен суреттеген. Автор өзінің өмірінде таныған, араласқан адамдарының бәрін бірдей алмай, қоғамдағы орны бар, өмірі үлгі-өнеге болатын қаһармандарды таңдай білген.

Жазушының тай-құлындай тебісіп, жастайынан бірге өскен достары Жақия, Мұхаметқалилардың балалық шағынан бастап, ес жиып, күрес, еңбек, бақытқа жету үшін қажымай әрекеттенген қаһармандар дәрежесіне жеткізген. Жақия мен Мұқаметқалидың Тоқсанбай атының жалы мен құйрығының қылын кесіп алып, тұзақ жасауды ойластырып, ақыр-соңында екі ауыл қырғи-қабақ болып тынады. Оны жазушы былай әңгімелейді:

«Балалар алған қылдарын қойны-қоныштарына тығып, малдарын кезең асырып жайылымға жетті. Ширатылған екі буда қалың құйрығы кесілген көк ат селдіреп қалған құйрығын сипақтата қозғап, жайылымға жөнелді».

Автор романда өнер адамдарын ерекше сүйіспеншілікпен іш тарта суреттейді. «Өзіміздің елде Рахымбек деген аса бір өнерлі жігіт болатын. Сол Рахымбекті Дауыт өзіне басшы етіп ертіп келді, әрі әнші, сері, мінезі сондай сүйкімді, өзі сондай келісті сұлу Рахымбекті мен сондай жақсы көрем. Ол мені, өзінің ойындарын (асық ойыны, тағы бірнеше ұлт ойындарын) үйретті, өнерге баулыды», - дей келе, ең алғаш Абай атын осы Рахымбектен естігенін қызғылықты баяндайды. Сол кездегі Семей өңіріне аты әйгілі Кішкіл Қойшыбаев туралы да жылы лебізбен жаза отырып, оның өлеңді ауызекі ағыты сайрататынын көргені ойында өшпестей із қалдырғанын ерекше ілтипатпен жазады.

Бұл романның кей тұстарында ел өмірінің қиын жағдайы, бай, зиялы, саудагер өмірі кеңінен және нақты суреттелген. «...доңыз жұты бүкіл қазақ даласын ақсүйек еткен атақты жұт. Қайда барсаң жүген ұстап қалған, көгенін жинап алған, қосы жығылған ауыл. Жұт жеті ағайында дегендей, жұттан қалған қой-қозы ақсыз, төлін жарытпайды, ашаршылық. Малдан айрылған ауыл азаматтары пайда, кәсіп іздеуге Семей қаласына шұбыра бастады»,- дей келе, жұт артынан, шөп шүйгін болып, қалған ел аман-есен аузы аққа жеткенін нанымды баяндайды. Айналасына қамқорлықпен қарап, қайырымдылық көрсетіп жүрген Нұрғали мен Нәзипа Құлжановалардың өмірі туралы романда көп мәліметтер берілген. Екеуі туралы деректер сенімді, табиғи характерлерді сомдауға әсер еткен. Сапарғали Бегалин алғаш Семейге келгенде осы Құлжановтардың үйіне түсіп, Нұрғали ағасының қолында жүріп оқығанын үлкен құрметпен еске алады: «Менің осы мақтана айтып отырғанымның ерекше бір нәрі – Нұрекең мен Нәзипа жөніндегі үйінде тұрған бір жылдық өмірім еді. Өйткені, ол үйде Нұрекең мен Нәзипа жеңгейдің адамгершілік ерекше қасиеттерінің өзіме өнеге етсем, оның үстіне сол үйде тұрғанда жаңа заман сәулесіне ана тіліңді құрметтей оқитын газет-журнал болды», - деп бірінші рет Семей қаласында Құлжановтардың қазақтың ұлттық ойынын ұйымдастырғаны туралы да әңгімелейді.

Сондай-ақ, жазушы Қоянды жәрмеңкесіне барғаны, Рахымбек әншінің сүйгені Ыраштың соққыға жығылып өлгенін естігенін, ел ішін қайғыға қалдырған бұл оқиғадан Мұхаметқалидың да құлағдар болғаны айтылады. Бұл романда теңсіздік зардабын шеккен Ыраш бейнесі елеулі орын алған деуге болады. Автор әйелдің теңсіздігі қайғыға оқиғаларға апарып жүргенін терең, және әлеуметтік қайшылық бұтағын тарата түсіндіруге талпынған. Сүйгеніне жете алмаған Рахымбектің де апатқа ұшырағаны әңгімеленеді.

Шығарманың алтыншы тарауында Сапарғали училище бітіріп, семинарияға жолдама алады, қалыңдығы Сәлимаға үйленеді.

Атақты Қажымұқан Мұңайтпасов туралы тарауды да қызығып оқуға болады. Жазушы алғаш Қажымұқанды Семейде көреді. Оны былай суреттейді: «Нардай ерекше бітім, қалың қабақтан ойлана қарайтын қара көз, қалың ерін, жымырылған құлақ, барбиған балғын саусақтар бізге сондай бір тамаша көріністер». Балуанның өз аузынан Түркия мен Жапония еліндегі қажы атағанына ие болған палуан күрестері жайлы әңгімелетеді.

Романның барлық бөлімдерінде көбірек көрінген Нұрғали Құлжанов. Автор Нұрғалидың адамдық, азаматтық келбетін ашып көрсетеді. Ақтардың өшпенділігі күшейіп, бір түнде Нұрғали Құлжановты атып кеткендігі туралы өкінішпен жазады. Қазақ халқы үшін, бақыты үшін жан аямай қайрат-жігер жұмсаған Н.Құлжановтың қазақ тарихында қайраткер болғанын романшы нанымды жеткізе білген. Жазушы халық ортасынан шыққан, сол кезең жайлы мемуарлық үлкен шығарма жазуға құқылы екеніндігіне роман бойында дәлелдер көп. Ел өмірінде әртүрлі өзгеріс, сол кезеңдегі зиялы, кедей орташаның іс-әрекеті анық суреттелгенімен құнды. Осы қалың оқиғалар авторды бей-жай қалдырмай өсуіне, ғибрат алуына мол септігін тигізгенге ұқсайды. Өзінің ақтармен күреске қатысқанын былай баяндайды: «Соғыс бұрынғыдан да күшейді. Ақтар чехтардан мадиярлардан екпінді отрядтар құрып, шабуылды күшейтті. Біздің тәртібіміз нағыз әскери жағдайға көшті. Соғыссыз уақытымыз, өте аз. 1919 жылдың бас кезінде ақтарды ең мықты тобы Колчак басқарған Сібір өлкесіне ауысып, бізге үлкен-үлкен қысымдар туғызды», - дейді.

Бұл романның оныншы тарауында М.Әуезов туралы әңгіме қозғалады. Сол кездегі Мұхтар портретін жазушы көзімен былай суреттейді: «...кере қарыс, кең маңдайлы, ойлы үлкен көз, қараторы толықша жігітке назар тастап, сөз тосты. Ә, дегенде шешіле бастап кетпей, кібіртіктеп бастап, сөзін мәнерлі ырғақты үнмен ағытатын әдетін істеді». Романның әр тарауында кейіпкерлер өмірінің жаңа қадамдарын, бағдарын көреміз. Шын мәніндегі халық өмірінің шежіресі деуіміздің себебі, сол кездегі қазақ ауылындағы той, көкпар, қыз қуу, жерден теңге алу, ат үстіне тұрып ойын көрсету, жамбы ату ойындары кеңінен көрсетілген.

Романның алтыншы тарауында Әміре Қашаубаевты суреттеген тұстары тартымды әрі сенімді шыққан. Әміренің ел сағынып, жер сағынып, ағайын ортасына келгендегі сәттері Арқаның әсем бір кездерімен салыстырыла, сәнді бейнеленеді.



Әмірені ерекше сүйіспеншілікпен суреттеген автор: «Әміренің туған елі Дегелең болысына қараған Тарақты руы, оның ішінде «Атан», оның ішінде «Ала көз Шәку» деген атаның баласы екен. Әміренің әкесі Қашаубай Әміре туған кезде кедейлікпен сонау Қарқаралы маңында бір жекжатына барып, сонан Семей түсіпті. Әміре бұл сияқты өмірбаянын осы бір кездескен уақытта сұрап таныстым”,- дей келе, «Ағаш аяқ», «Екі жирен», «Қарға», т.б. Әндерін қызығып тыңдаған жұрттың ілтипатын, өзгеше өрнекпен жазады. Бұл тұстан әнші өмірінің кей кезеңдерімен елестер көз алдымызға елестейтіні сөзсіз.

Қорыта айтқанда, жазушы Сапарғали Бегалиннің «Замана белестері» романы санқилы өмір көрінісін, оқиға, деректерді қаз қалпында бере білген шығарма. 1910 жыл мен 1928 жылдар аралағындағы оқиғаларды беру арқылы қазақ халқының өмірі мен тағдыры, ескі және жаңа заманның қайшылықтары, автордың тебіреністері ашық берілгендігімен жазушының өмірге көзқарасы, толғамы, тұжырымы, іс-әрекеті арқылы ашылуы таныла отырып, «Замана белестері» салмақты стильде жазылған шығармалар сапына кіреді деуге болады.
Каталог: bitstream -> handle -> data
data -> Шындалиева М. Б
data -> Бейсенбай Кенжебаев алаш туы астында (мақалалар мен зерттеулер)
data -> М. Б. Шындалиева Филология ғылымдарының докторы, профессор
data -> Олжабай Нұралыұлының шығармашылық мұрасы хаһында
data -> Оқулық Астана, 2012 Қазақстан республикасының білім және ғылым министрлігі
data -> Қазақ очеркі
data -> Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия
data -> -
data -> МЕҢдігүл шындалиева қазақ очеркінің поэтикасы (монография)
data -> МЕҢдігүл бұрханқызы шындалиева уақыт және суреткерлік шеберлік: жанрлар поэтикасы


Достарыңызбен бөлісу:


©engime.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет