ӘОЖ 894.349
М.Х. ДУЛАТИДІҢ «ЖАҺАННАМЕ» ПОЭМАСЫНЫҢ ҰЛТТЫҚ
РУХАНИЯТТАҒЫ МАҢЫЗЫ
Тамабаева Қ.Ө.
Тараз инновациалық-гуманитарлық университеті, Тараз
Түркі халқына ортақ саналған көптеген мәдени жәдігерлеріміз өзінің рухани маңызын бүгінгі күнге дейін жоғалтпай, тәуелсіз мемлекетіміздің мәдениетінде де тарихи-танымдық және көркемдік құндылығы артып келеді. Осындай әдеби ескерткіштеріміздің бірегейі - Қазақтың Геродоты атанған Мұхаммед Хайдар Дулатидің «Жаһаннаме» поэмасы. Сөз құдіретін жете таныған басқа замандастары секілді ерлікті, елдікті, бірлікті жырлауға бағыталған Мұхаммед Хайдар Дулати шығармашылығы сол заманның тұрмыс-тіршілігі мен әдеп-ғұрыптарының, салт-дәстүрлерінің дербес ерекшеліктерімен үндесіп жатыр. Ұлы ойшыл руханияттың алтын қазынасы болып саналатын «Тарихи Рашиди» еңбегінде, оған қоса «Жаһаннаме» поэмасында өмірді тануға, ондағы адамның қызметі мен рөлін анықтап, айқындау мақсатын ұстанады.
Ойшылдың «Жаһаннаме» поэмасы 1527-1528 жылдары жазылған деген дерекке сүйенеміз. Түпнұсқасы бізге жетпеген. Әбсаттар Дербісәлиев 1704-жылы Берлинде табылған нұсқасын алғашқылардың бірі болып өзінің «Ислам және заман» атты кітабында жариялады. Зерттеулерге сүйенсек, башқұрт ғалымы Ахмет Зәки Валиди алғаш рет поэманы Берлин кітапханасынан тауып алып, мақала жазады. Ғалым өз мақаласында «Жаһаннаме» поэмасының авторы «Тарихи Рашидиді» жазған адам екендігін бірден бағамдағанын айтып өтеді. Өйткені, поэма мазмұнында баяндалатын тарихи оқиғалар легі, баяндалу мәнері, әсіресе, араб, парсы сөздері мен сөз тіркестері жиі ұшырасатын тілдік ерекшелігі «Тарих-и Рашиди» еңбегімен үндесіп жатады. Мұны, дулатитанушы Ә. Дербісәлиев те қуаттап, былай дейді: «Поэма беташарындағы автордың бірінші жақтан баяндаған өмірбаяны» Мырза Хайдардың «екінші дәптерде жазған өмірбаянымен тікелей үндесуі, рет-ретімен оны қайталауы һәм ақынның (Мырза Хайдардың) 33-бәйітте:«…Менің басымнан өткен ісі жайлы айтайын, -деуі ойға тамызық тастайды» [1, 17 б.].
М.Х.Дулатидің «Жаһаннаме» поэмасының әдеби ескерткіш ретінде зерделеген ғалым, профессор Қ.Әбдезұлы да поэманы: «Әлем әдебиетіндегі, әсіресе шығыс әдебиетіндегі мәңгілік махаббат тақырыбы ұлы ақынның көркемдік қабылдауында өз эстетикалық биігімен, өзіндік дүниетанымдық ерекшелігімен көрінеді. Сюжеттік құрылым: дастанның құлақкүйі, басталуы, шарықтау шегі, көркемдік шешімі, барлығы өзара жарасым тауып, іштей тұтасып, көп қырлы рухани дүниенің болмыс-бітімін даралап, жарқырата көрсетеді. Осы тұста ақындық қолтаңба анық аңғарылады. Поэтикалық арнада ақынның, яғни автордың философиялық ой-толғамдары, көркемдік-эстетикалық қабылдаулары, метафоралық дүниетанымы, барлығы біртұтас, кесек, тартымды көркемдік аяда жинақталады. Бұл поэманың философиялық астарының да көп қатпарлы болуы, оқырманға ой салу сыры да осында жатыр. Тіршілік құпиясы пенде болмысымен тұтас, бірлікте танылады. Себебі, Алланың құдіреті, Пайғамбарлар өмірі де адамдар тағдырымен сабақтас сөз болады. Ақын дүниетанымы, пәлсапалық ұстанымы дастанның идеялық өзегін анықтап, рухани арқауын ұстап тұр десек, қателеспейміз»[2], - деп аса жоғары бағалайды. Сюжеттік желісіне үнді дастандарының бірі негіз болған бұл поэма түркілік дүниетаным биігінен ой толғайтын, даналық сөз айтатын классикалық, поэтикалық шығарма ретінде асыл қазынамызға айналды. Поэманың негізгі тақырыбы – тарихи болғанымен, идеялық-философиялық мазмұны бір Жаратушыны дәріптеу, парасатты тағылым беріп, имандылыққа үндеу болып табылады. Поэманың алғашқы 114-бәйіті кіріспе іспетті. Негізгі оқиға желісі 115-бәйіттен басталады. Кіріспеде М.Х. Дулати поэманың жазылу себебін жиырма жылдан кейін «Қала- и Зафар» қаласына қайта оралғандағы қаланың жағдайының негізгі арқау болғандығын былай баяндайды:
95. Бірінің де ізін көрмедім сол кезде,
Қараңғы тартты көзіме жаһан.
96. Құлазып көңілім, ойым тым зарлы,
Қатты жыладым егіліп ұзақ.
97. Ұмыт болған, өшкен айырылысу оттары,
Тұтасты бойыма соның бәрі...
102. Жұмылмай көзім ұйқыға таңға дейін,
Жатып едім сол кез қасымда сияқты [1].
М.Х.Дулати бұл қалада өткізген күндерін қайғыра да мұңдана отырып есіне алып, жазады. Өйткені, мұнда ол жастық шағын өткізген, достары мен ата-анасын сағына еске алады. Өмір талқысына ерте түскен М.Дулати талай тауқыметті көргенін қамыға айтады. Жүрек түкпіріндегі қайғы-мұңын жырға қосады. Қайғы-қасіретінен арылу үшін осы поэмасын жазуға кіріскендігі сезіледі. Поэмада ойшыл өмірлік оқиғаларын еске ала баяндап, шығармада тарихымыз кейінгілерге жетсе екен, әрбір ұрпақ өз тегін білсе екен деген мақсат ұстанған. Поэманың негізгі кейіпкерлер – хандар, шахтар, бектер, т.б. әмірлер, жасаған іс-әрекеттері, барлығы өмірден алынған кейіпкерлер. Олар қарапайым халыққа - қайырымды. Шығарма қоғамда әділеттіліктің орнауы – ел басқарушыға тікелей байланысты, өзгеге қиянат жасамаған басшы басқарса, халық жақсы өмір сүріп, береке-ынтымақ орнайды деген пәлсапалық ойды тереңдете түседі. Бұл поэманың 1056-1057-бәйіттерінде басшының қайырымдылығы мен қанағатшылдығынан халық байыды, басқалардың байлығына пысқырып та қарамады. Оның істеріне халық еш шүбә келтірмеді, ешкім де одан қиянат шекпеді», - деген жолдармен берілген.
«Тарих-и Рашиди» еңбегі секілді аталмыш поэманың алғашқы 14 бәйіті бір Жаратушыны жырлауға арналады.
Мадақ - жаһанды жаратушыға бұрын,
Ешкімнің одан емес ісі жасырын.
Қандай адамның қиялы жетер,
Ұлыстың қайсысы құпия етер?
Бәрі оның алдында бірдей болар,
Ашық болса да, түнек мекен болар.
Әлем жұртында не болса да,
Оның құдіреті онда да көрінеді.
Жаһанда не болса да жанды, жансыз болар,
Ауада ұшар, жерде жүгіріп жүрер.
Оның құдіретімен қанат қағар,
Оның құдіретімен жүгіріп қашар, - дей отырып ақ пен қара алмасып келетін өтпелі дүниенің жалғандығын айтып өтеді.
Автордың пікірінше, бәрі де Алланың қолында. Ол өте кешірімді. Егер шын тәубеге келіп, бар ниетіңмен жалбарынсаң, кешіреді, ал, оның қаһарына ұшырасаң, өмірің азапқа толы болатынын ескертіп, жаман пиғылдан кез-келген адам бойын аулақ ұстау керектігін ескертеді.
Мұхаммед Хайдар Дулати жақсы өнеге қоғамдағы адамдардың бір-бірімен қарым - қатынасын қалыптастырып, адамгершілік қасиеттердің алда жүруіне жәрдемдеседі, діни талапқа негізделе жүргізілген тәрбиелік шаралар ғана адамдарды имандылыққа алып келеді- дейді. Оның поэмасындағы адам өмірінің мәні – еліне қызмет етіп, оны жаудан қорғау жолында өз өмірін құрбан ете білу, бұл мақсаттарды адамның жеке мүддесінен жоғары қойып, намыс пен мақсаттарды адамның жеке мүддесінен жоғары қойып, намыс пен батырлыққа, елдік пен ерлікке ғана емес, кіршіксіз адамгершілікке ұмтыла білу – поэманың басты идеяларының бірі.
Мұхаммед Хайдар Дулати поэмасында тереңінде тұнып жатқан тағылымды көзқарастар өзіне дейін де, өзінен кейінгі де, ұлттық танымды жете зерделеуге жол ашатын дәйекті дәнекер, байыпты байлам, тұғырлы тұжырымдар көптеп кездеседі. Олар жеке адамдарға арнау түрінде де, көпшілік оқырмандарға өмір, дүние туралы өзінің көзқарастарын, ұлағатты ұстанымдарын үлгі етіп қалдырып кетті. Адам баласының тіршілігінің тұтқасы ар-ұят екенін айтып, рақымшылдыққа, қанағатшылдыққа үйрену керектігін ескерту арқылы әркімді өз орнын табуға шақырады.
М.Х. Дулатидің пікірінше, өтпелі өмірдің байлығына қызықпайтын патша - нағыз патша, бұл фәнидегі байлықтың өзі мәңгі емес деп бірнеше ескерте кетеді. Байлықтың өзі әділдік пен қайырымдылық болған кезде ғана келеді. Алланың құлы өмірден кетер сәтте, өзімен бірге махаббат пен достықты алып барғаннан артық бақыт жоқ.
Аларыңды аларсың керегіңді байлықтан,
Ақылдылар әдетте сол байлықтан қаймыққан,
Сену керек дер едім осыны айтқан данаға.
Дәулетімен Карунның кете алмайсың астасып,
Сіңбес еді бойыңа жегеніңмен басқасы.
Жисаң егер тонаумен дүниені, мүлікті,
Ол ошағы болады бітпес даудың, бүліктің,
Жиғаныңнан не қалар, о да бір күн жоғалар,
Жылатқаның жылатар, тонағаның тоналар [1, 365 б.].
Поэмада көтерген негізгі мәселелер - қиыншылықты мойымай жеңу, бір-біріне мейірімділікпен қарау, өмірде өз орныңды табу, жаман әрекеттерден тазару. Яғни жүректі жаман әрекеттерден тазарту. Яғни жүрек жаман әрекеттерден тазарғанда ғана, Аллаға жақындай түседі дейді М.Х. Дулати. Жүректегі Алла деп отырғаны, әр адамның ар-ұяты, санасы. Оның пікірінше, имандылық дегеніміз – адам мен адамды жақындастыратын, жақсыға үйір, жаман әрекеттер жасамау.
Поэмада Фирузшахтың Жаһан бану, әйелі Назбой, Назбойдың шешесі Махи-Руй-Зариф ханым, Низанин сияқты әйел бейнелері арқылы пәк сезімді, адалдықты, адамгершілікті байқауға болады. Әйел, ер адамның ақылшысы, қамқоршысы, қиын кезде жанынан табылып, ақылына ақыл қосып, кеңес беретін жолдасы. Тек үйде, жанұяда ғана емес, жалпы адамзат баласына, мемлекеттің ілгері дамуына септігін тигізіп отырғандығын айтады.
М.Х. Дулати адам бойында жамандық ойлау, жеңілтектік, өзінің қара басын ғана ойлау, жалақорлық, өтірікшілік, т.б. қасиеттер адам асқақтаған кезде араны ашылып, тойымсыз ниет пайда бола бастайды деп түсіндіреді. Сондықтан мемлекет басшысы, осы қасиеттерді ауыздықтай алмаса, бүкіл халқын апатқа ұшырататыны сөзсіз. Басшы әрқашан қарапайым халықпен ой бөлісіп, санасып, жарлық шығарарда шариғат заңдарын бұрмаламай, әділ болу керектігін ескертеді.
Поэманың өзіндік ерекшелігі – азғыншылықтан, жан азушылығынан, сатқындықтан, дүниеқорлықтан сақтану болып табылады. М.Х. Дулати өзінің поэмасында адамның өте нәзік жан сырын, шынайы адамгершілік мәдениетін мейлінше толымды етіп бейнелеген, әрі логикалық ой арқылы суреттейді.
Әсіресе, адамдар арасындағы қарым-қатынастарға көңіл бөле отырып, әлеумет пен қоғамның да қатты әсері тиіп отыратындығын ескертеді. М.Х. Дулатидің «Жаһаннамэ» поэмасын адамдарды адамгершілікке шақыру туралы шығарма деп атасақ та болады. Оның мысалдарын поэмадан көптеп кездестіруге болады:
«Тағыңа отыр сұлтандық, тұлпарыңа мін өзің,
Дәруіштей биязы болғай бірақ мінезің» [1, 411 б.].
Жаны жарқын адамның жылы ұшырар ауласы,
Соны сезген адамның қай кезде де сау басы [1, 467 б.].
М.Х.Дулати «Жаһаннаме» поэмасының өн бойында өмірдің өтпелілігі желілік сипатпен баяндалады. Осыдан өрбитін ойшылдың адамгершілік асқақ мұраттарымен бірге қайнасып жатқан ғұмырлы ойлары бүгінгі күн талабымен ұштасып, жас ұрпақтың сусындай берер рухани асыл мұрасы болып қала беретіні сөзсіз.
Поэманың негізгі өзегі қаһармандардың ерлігі, батырлық қимылдары, ел басынан өткен тарихи оқиғалар, сондай-ақ, халықты бірлікке шақыру болып табылады. Және де, бұл шығарманы халықтың тарихи санасы мен көркемдік ой-пікірі дамуының жемісі деуге болады.
Қорыта айтқанда, М.Х. Дулатидің «Жаһаннаме» поэмасының тақырып аясы өте кең. Шығармада күнделікті тұрмыс тіршіліктен бастап, ел, мемлекет басқару, еларалық саясат мәселелеріне дейін нақты сөз болады.
Тәуелсіздігіміз рухани дамуымызға да жаңаша бетбұрыстар әкелді. Әсіресе, өткен ғасырлардағы ұлы әдеби-мәдени мұраларымыз, тарихи жәдігерлеріміз руханиятымызға қайта қосылып, зерделенуде. Осы тұрғыдан алғанда, М.Х.Дулатидің «Жаһаннаме» поэмасы бүгінгі әдебиетіміздің тағылымды тамырларының тереңде екендігін аңғартады, Ежелгі үнді ертегісі негіз болған дастанның сюжеттік құрылымынан, тақырыпты топтастыруынан, ең бастысы суреттеу, бейнелеу құралдарынан сонау б.з.д. VІІ-VІ ғасырларда, сақ дәуірінде дүниеге келген көне дастандарымыз “Алып Ер Тоңға”, “Шу батыр”, ғұн дәуірінен жазылған “Аттила” (Еділ патша) дастандарының, тіпті берідегі б.з. VІ-VІІІ ғасырларындағы Орхон-Енисей мұралары “Күлтегін”, “Тоныкөк” жырларының дастандық арналары, көркемдік ерекшеліктерін анық аңғарамыз. Ең бастысы, поэмада тарихи шындық басым. Мәңгілік дәстүрлік үлгілер қайта жаңғырған «Жаһаннаме» поэмасының тілі жатық, оқырманды терең мазмұнымен, баяндау мәнерімен еліктіріп әкетеді. Мұнда ұлы ойшылдың сөз өнерінің жетік білгірі, өлең-сөздің теориясын толық меңгерген ақындық табиғатын тануға болады. Түпнұсқасы толық жетпесе де, «Ислам және заман» кітабында келтірілген Берлин нұсқасын талдай отырып, осыдан бес ғасырға жуық бұрын жазылған аталмыш туындының ұлттық руханияттағы маңызының тереңде екендігін бағамдадық.
Әдебиет
Дербісәлиев Ә. Ислам және заман. – Алматы: Дәуір, 2003. – 560 б.
Әбдезұлы Қ. Мұхаммед Хайдар Дулатидің "Жаһан Наме" дастанының тарихи
танымдық және көркемдік құндылығы // ҚазҰУ ХАБАРШЫСЫ. ШЫҒЫСТАНУ сериясы. - 2007. - № 2. - Б.107- 111.
ӘОЖ. 821.512.122.09
Достарыңызбен бөлісу: |