М. Жолдасбеков



бет3/12
Дата21.11.2022
өлшемі397,88 Kb.
#159121
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   12
Байланысты:
Күлтегін жыры

Төлістер — қазіргі таулы Алтайдың шығыс бөлігін мекендейтін телеуіттердің арғы ата-тегі. Телеуіттер терістігінде — татарлармен, шығысында — тувамен, түстігінде — қазақтармен, батысында— алтайлықтармен шектеседі.
Мәдениеті, тілі жағынан түрк руларымен төркіндес келетін ру — қырғыздар. Олар VII—VIII ғасырларда Енисей бойын мекендеп, өзімен көршілес қарлұқ, құрықан, дубо (тува), меркіт тайпаларымен үнемі қақтығысып тұрған.
Тарихшылардың айтуына қарағанда, құрықандар қазіргі якуттердің ата-тегі де, ал қырғыздар — хақастардын арғы тегі. Екеуінің де тілі, әдет- ғұрпы түрк тектес. Әйткенмен, қырғыздарды тек қана хақастардың арғы тегі деу жеткіліксіз. Біздіңше, көне Орхон ескерткіштерінде жиі кездесетін қырғыздар бірнеше рулардың бірлікті аты болуға тиіс. Өйткені, оларды
қазіргі қырғыздардан бүтіндей бөліп қарау дұрыс болмас еді. Сондықтан да байырғы қырғыздарды қазіргі хақас, қырғыз халықтарына бірдей қатысы бар бірнеше рудың бірлікті одағы деп түсінген жөн.
Сырдария мен Амударияның аралығында оғыздар тұрған. Оғыздар — қазіргі әзербайжан, түркпен халықтарының арғы тегінен саналады.
Жоңғария мен Жетісу өлкелерін мынадай елдіктер жайлаған: Қара Ертісте — қарлұқтар, Орталық Тянь-Шандағы Іле өзенінің бойында — түргештер. Ертістің жоғарғы сағасында басмалдар тіршілік еткен.
Түрк руларының бірінен саналатындар — кеңгерестер. Кеңгерестердің тарихтағы басқаша бір аты — Қаңғарлар (қаңлы). Олар Сырдарияның төменгі және орта сағасын мекендеген. Қара Ертістегі қарлұқтар мен Сырдариядағы печенег — қаңғарлардың арасында бұл кезде қыпшақтар келіп қоныстана бастаған кең дала жатады. Қазіргі Қазақстандағы далалы өлкенің Дешті қыпшақ — Қыпшақ даласы аталуы осыдан. Бұл жерде қыпшақтар қаңғарлармен араласып, шығыста — қыпшақ, Еуропада — коман (құман) ал, Россияда — половецтер деп аталып кеткен халықты құрайды.
Тарихта аты сақталған Орта Азия, Қазақстан, Сібір жерлерін мекендеген ол кездегі басты ру одақтары жайындағы қысқаша деректер осындай. Ал, заманымыздың III—V ғасырларына дейін өзара қақтығыс салдарынан аты жоғалып кеткен, не бертінде өзгеріп кеткен шағын рулардың есебі жоқ.
Жоғарыда аталған түрк рулары үнемі бір орында өздерінің алғаш қоныс тепкен жерінде тұрақтап отыра бермеген. Кейде өзара жауласу, соғысу салдарынан, кейде бөгде ру-тайпалардың, яки халықтардың жорық-шапқыншылықтары салдарынан зор жойқыншылыққа ұшырап, бір өлкеден екінші бір өлкеге өтіп, қоныстарын жиі өзгертіп отырған. Сондықтан да болу керек, тарихшылар арасында қазақ рулары түгелдей әуел бастан, өмірбақи көшпелі болды, тек мал шаруашылығымен ғана айналысып, үнемі жөңкіліп көшіп жүрді деген пікір бар. Бұл пікірді түгелдей дұрыс деуге, қостауға болмайды.
«Күн шығыстағы ру, тайпалар тарихтың басынан-ақ бір жағы көшпелі, бір жағы отырықшы өмір сүрген» деп адамзаттың ұлы ойшылы Карл Маркс айтқандай, қазақ рулары да түгелдей өмірбақи жөңкіліп көше бермеген, біразы көшпелі мал шаруашылығымен айналысса, бірқатары отырықшы өмір сүрген — қыстақты, кентті, қалалы жерлерде, солардың төңірегінде тұрып егіншілікпен, қол өнер кәсібімен шұғылданған. Олардың теріден, ағаштан, киізден, жібектен жасаған небір әсем жиһаздары опат соғыстардың салдарынан жойылып кеткен.
Түрк сарбаздары металмен қаптаған қазіргі қазақ тымағы тәрізді бас киім, үстіне жезден істелген ұзындығы тізеден, жеңі шынтақтан сәл жоғары сауыт, аяқтарына етік киеді екен. Жауға аттанған жауынгер
сауыт киіп, садақ асынып, беліне алдаспан байлап, білегіне шоқпар іліп, кеудесіне қалқан, қолына найза ұстап шығады екен.
Олар соғыстан бос уақытында мал шаруашылығымен, аңшылықпен айналысқан. Сойылған малдың, ұстаған аңның терісін киім етіп киген. Ол заманда киімнің жалпы аты «тон» делінген. Осы сөз киім мағынасында әлі де кездеседі. Мәселен: «Әркім өз бойына қарап тон пішеді», «Кеңеспен пішкен тон келте болмас», «Апасы киген тонын сіңлісі де киеді» тәрізді мақалдар бар.
Негізгі баққан, өсірген малдары — қой, жылқы. Жылқының қымызын, қойдың ағын ішіп түрктер малдың қамымен қыс-қыстауға, жаз-жайлауға көшіп жүрген. Осы кәсібі жайында тарихшы Л. Гумилев былай дейді:
«Түрктердің әйелге деген құрметін есептемегенде, олардың семьясын XIX ғасырдағы қазақтардың семьясынан пәлендей өзгешілігі бар еді деп айтуымызға ешқандай негіз жоқ», (Л. Гумилев. Древние тюрки, М., 1967, 71-бет). Жаз салқын тау қойнауын саялап, қыс түссе жазықты жайлайтын түрктердің басты панасы көшіп-қонуға жеңіл киіз үй болған.
Октябрь революциясына дейін қазақ арасына кең жайылған әмеңгерлік салт сол замандардан қалған. Түрк халқының салты бойынша ағасы өлсе, інісі жеңгесіне үйленетін болған. Деректерге қарағанда, түрктер әйелді ерекше құрметтеген. Жолаушылап келген баласы үйге кіргенде, әкесінен бұрын әуелі шешесіне бас иеді екен. Мұның үлгісін Орхон ескерткішіндегі Күлтегінге арналған үзінділерден көреміз.
Түрк халқының діни көзқарастары жөнінде. Ол уақытта (Ислам діні тарамаған кез) халық құдайды, әулиені білмеген. Көкке-Тәңіріге, қара жерге, суға табынған. Небір қысылшаң тар кезеңдерде дағдарған, есеңгіреген түрк халқына дем беретін де осылар — түрктің қасиетті жер- суы. Демек, түрк халқы жеке бір адамға емес, көбінесе табиғатқа, жер көкке табынған: «Тәңірідей, тәңіріден жаралған» деп басталатын Орхон жазбалары жасанды, жалған дінмен әлі уланбаған, діннің үрейінен шошынбаған елдің кескінін аңғартады.
Түрк халқы о дүниені жер үстіндегі тірліктің жалғасы деп түсінген. Дүниеден қайтқан кісінің қазасына жоқтау шығарып айтатын болған. Жоқтау шығаратындар сығытчылар (жоқтаушылар) деп аталған. Өлгендерге қайғыру белгісі ретінде әйелдер бетін жыртқан, кейде тіпті өзін құрбан ететін болған. Сол дәуірдің мәліметтерінде: «Қаны мен көз жасы бірдей ағылды» деп жазады.
Көңіл көтерген сауық кештерінде жұрт қақ жарылып бетпе-бет тұрып өлең айтысатын болған. Қазақ халқының арасында кең тараған жар-жар, айтыс содан келеді.
Жоғарыда аталған тарихи деректер түрк халқы жасаған эпиграфиялық ескерткіштерде сақталып бізге жетіп отыр. Орхон, Талас өзендерінен, Қазақстанның басқа да жерлерінен көптеп табылған мұндай ескерткіштер
бұл өңірді мекен еткен үйсін, дулат, қаңлы, найман, қыпшақ, керей, коңырат тәрізді ру, тайпалардың VII-IX ғасырларда-ақ өз дәуіріне лайықты мәдениетінің болғандығын айқындайды. Мұны әр кезде жүргізілген археологиялық зерттеулер бүгінде мүлтіксіз дәлелдеп отыр. Ол мәдениет жаңадан қалыптасып келе жатқан феодалдық катынастар негізінде дамыған еді.
Қазақстан жеріндегі халықтар Византиямен, Қытаймен, Киев Русімен мәдени, сауда қатынасын ерте кезде-ақ өрістеткен. Қазақстанның, әсіресе батыс, солтүстік батыс аудандарының халқы Русьпен етене берік ынтымақта, байланыста болған. Мұндай қатынастар Қазақстан тайпалары мен халықтарының мәдениетінің өрлеуіне үлкен ықпал жасайды.
Аталған дәуірде материалдық мәдениет, тоқыма өнеркәсібі, қала құрылысы өрістейді. Ол кездегі қалалардың шоғырланған жерлері — Қаратау маңы, Сырдария алабы, Талас, Шу жағалаулары, Жетісу өлкесі.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   12




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет