М. Жолдасбеков


Орхон ескерткіштері және қазақ эпосы



бет7/12
Дата21.11.2022
өлшемі397,88 Kb.
#159121
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   12
Байланысты:
Күлтегін жыры

Орхон ескерткіштері және қазақ эпосы


Жалпы эпос (хебос) —жыршы деген сөз. Демек бұл ұғымның ең алғашында белгілі бір елеулі оқиғаны дәріптеумен, жыр етумен байланысты шыққандығы сөзсіз.


«Шынын айтқанда,—деп жазды А. Н. Веселовский,— батырлардың ерлігін жырлаған эпостар халықтың қалыптасуымен қатар туа бастаған. Тарихи кезеңдердің елеулі тұлғалары — ерлердің төңірегінде неше түрлі өлеңдер құрастырылып, солардың негізінде бүтін цикл жасалған», (А.Н.Веселовский. История эпоса, отд. I, СПб, 1882, 267-бет).
Қазақ эпосының тууы жайындағы академик Қажым Жұмалиевтің мына бір пікірін келтірейік: «Қай елдің эпосы болмасын, белгілі бір тарихи оқиғаның ізін баса туғанға ұқсайды және ол бір күн, не бір жылдың ғана жемісі емес, халықтың басынан өткізген талай заман, талай ғасыр, талай тартыстардың нәтижесі... Қазақтың осы күнгі ұзақ эпостарының бастамалары ерте замандағы патриархалдық рулық құрылыс кезінде: үйсін, қаңлы, қоңырат, керей, қыпшақ замандарында, әр рудың өз істерін ерлікке айналдырып жыр еткен қысқа көлемді жырлар жатуы, кейін олар ұмытылса да есте сақталынып қалған аңыздардың негізінде ұзақ жыр, поэмалардың тууы мүмкін» (Қ. Жұмалиев. Қазақ эпосы мен әдебиет тарихының мәселелері, I том, Алматы, 1958, 10-бет).
Бұл пікірді бір ғана Қ. Жұмалиев емес, әдебиетіміздің тарихын зерттеген: М. Әуезов, Е. Ысмайылов, Б. Кенжебаев, М. Ғабдуллин тәрізді көрнекті ғалымдарымыздың қай-қайсысы да кезінде айтқан болатын.
Демек, А. Веселовский айтқандай, ерлік жырлары халықтың қалыптасуымен бірге қатар туған болса, онда Күлтегінге арналған жыр, дәл осылай, түрк халқының қалыптасу кезеңінде жасалған. Ал, Күлтегін, Тоныкөк жырларының өзі Үйсін, Қаңлы, Қыпшақ, Қоңырат, Дулат, Керей, Найман, Жалайыр, Алшын руларының VI—VIII ғасырлардағы Түрк кағанаты астына топтасқан дәуірдегі мұралары еді.
Сол себепті біз қазақ эпостарының әдепкі арналары Түрк қағанатының кезінен басталады дейміз. Қырғыз әдебиетіне қатысты бұл пікірді академик М. Әуезов баяғыда-ақ айтқан болатын:
«Түрк рулары мен қағанаттарының тілсіз таста із қалдырған
осынау жорықтары қырғыздың сол кездегі эпостық аңыздарының тууына ықпал жасамаған бола ма? Егер мұндай ескерткіштер қара тастан ойылып, қашалып тұрып жасалса, сол жырлардың ауызша айтылып таралған әрі бұдан да толық нұсқалары болмауы мүмкін бе? Егер мұндай жыр-аңыздарды тоғыз оғыздар; түргештер және басқа да тайпалар шығара алған болса, сондай аңыздарды сол дәуірде, тіпті IX ғасырда емес, VI—VII ғасырларда соншалықты бұғауда болған, халықты қорғаушы батырға әсіресе ділгір болған қырғыздар қайтіп шығармайды?.. Эпостың туу дәуірін айқындап анықтағанда осындай жәйттерді ескеру қажет» (М. Әуезов. Уақыт және әдебиет, 244-бет).
Осы айтылғандардың бәрі де тегі бір түрк тілдес халықтардың эпосының, оның ішінде қазақ эпосының тууына қатысты емес деп кім айта алады? Әрине, ешкім де айта алмас еді. Түрк руларындағы Азман атты Күлтегін, қыпшақтағы Тайбурылды Қобыланды, Қоныраттағы Байшұбарлы Алпамыс жалпы түрк халықтарының М. Әуезов айтып отырған сондай ділгірлігінен туған қаһармандары еді.
«Сөз тапқанға қолқа жоқ» деп, қашанда тұрлаулы сөздің төркінін тосып, оған төрелік беретін, өлмес-өшпес мол жырлар тудырған қазақ халқы ежелден-ақ шешен сөйлеген.
Халқымыздың осы жыршылық, шешендік қасиетін ілгергі ғалымдардың көбі тамсана жазған еді.
Соның бірі академик В. Радлов былай дейді: «Қазақ, қырғыз шешен болады. Олар түрк тектес басқа халықтардың қай-қайсысынан болсын сөзге ұста келеді... Сөйлеп тұрғанда кідіру, күрмелу дегенді білмейді... Көп уақытта қазақ, қырғыздың сөзі өлең, жыр тәрізді болып келеді: сөздері ырғақты, ұйқасты шығады.
Қазақ, қырғыз халқы шешен, өткір, көркем сөзді сүйеді. Поэзияны қадірлейді. Сондықтан да оларда халық поэзиясы мейлінше өркендеген. Қазақ, қырғыздың мақал, мәтелі болсын, жоқтау, қоштасуы болсын, айтыстары мен билік сөздері болсын — бәрі де өлең, жыр болып келеді»25.
Өткен ғасырдың соңғы ширегінде В. Радлов аралаған кезде Қазақстанның қазіргі байтақ даласында толғау-жырдың әлі де толастамаған шағы еді.
Құйрығы жоқ, жалы жоқ, Құлан қайтіп күн көрер? Аяғы жоқ, қолы жоқ Жылан қайтіп күн көрер?

деген Асан Қайғының (XVI ғасыр);




25 В.В.Радлов. Образцы народной литературы северных тюркский племен, 1885, 3 – 4 беттер.
Арғымақ атта сын болмас Қиған қамыс құлақсыз.
Азаматта сын болмас Арты болса тұяқсыз. Айдын көлде сын болмас Жағасы болса құрақсыз. Асқар тауда сын болмас Бауыры болса бұлақсыз. Ақ киікте сын болмас Арты болса лақсыз.
Жеті арнада сын болмас Аяғы болса тұрақсыз,—

деп айтқан Абылдың (XVIII ғасыр);


Асқар таудың өлгені,— Басын мұнар шалғаны. Көктегі бұлттың өлгені — Аса алмай таудан қалғаны. Ай мен күннің өлгені — Еңкейіп барып батқаны.


Айдын шалқар өлгені — Мұз болып тастай қатқаны. Қара жердің өлгені —
Қар астында жатқаны. Өлмегенде не өлмейді? Жақсының аты өлмейді, Ғалымның хаты өлмейді,—

сияқты Бұқар жыраудың толғауларын естіген В. Радловтың таңдана жоғары баға беруі де заңды еді. Енді бұған халық арасында туған есепсіз даналық сөздерді қоссақ, онда байтақ қазақ даласының ән қалықтап, күй төгілген, жыр ағылған аңыздай келбетін елестету қиын болмас еді.


Қазақ халқы осындай ақындық қабілет-дарынды өзінің ата-тегі — байырғы түрк тайпаларынан мұра тұтқан.
Олай дейтініміз, соншалықты ерте туғандығына қарамастан, Орхон ескерткіштерінде шешендік арнаудың, келісімді ырғақтың, ойлы мақалдың, азалы жоқтаудың, жойқын соғыс суреттерінің сан үлгілері ұшырасады. Солардың қай-қайсысының да дамыған, жетілген түрлерін әдебиетіміздің әр саласынан қиналмай-ақ тауып жатамыз.

немесе,
Тәңірідей, тәңіріден жаралған Түрк Білге қаған,
Бұл шақта, (таққа) отырдым. Сөзімді түгел естіңдер!

Тоғыз оғыз бектері, халқы!


Бұл сөзімді мұқият тыңда, терең ұқ —

деген жолдардан қазақ әдебиетінде ерекше дамыған шешендік сөздердің жоралғысын танимыз. Риторикалық сұраққа негізделген шешендік арнаудың мұндай түрлері Орхон ескерткіштерінде өте көп-ақ. Тағы бір мысал:


Түрк халқы, тыңдандар! Көктен тәңірі баспаса Төменде жер айрылмаса,


Ел-жұртыңды кім қорлайды?!

О, қасиетті Өтүкен койнауының халқы! Біресе ілгері шаптың,


Біресе кері шаптың,
Барған жерде не пайда таптың? (КТү)

Осының бәрі де кейде адасып, быт-шыт болған, кейде ес жиып іргелі ел болған түрк халқына, оның ерлеріне арналған.


Осындай арнау түрінде жазылғандығына байланысты Орхон ескерткіштерін ерлік жырына жатқызғанның өзінде, үндеу, үгіттеу мақсатында туған деп есептейміз. Бұл олардың эпостық құнын төмендете алмайды. Өйткені, қазақ эпостары да негізінен арнаумен байланысты туған.
«Халық арасында әлдебір батырдың қоштасуы және соны жоқтауға байланысты таралған өлең-жырды алғашқыда бір ақын жинап, басын құрауы, сөйтіп тұңғыш эпостық дастанның тууына негіз қалауы ықтимал», - деген еді М. Әуезов (М. Әуезов «Уақыт және әдебиет», 35- бет).
Дүние салған кісіні жыл бойына ас бергенге дейін жоқтау салты қазақта ежелден бар. Әдетте жоқтау өлеңдерін өлген адамның жанкүйер жақындары шығарады да, ол өлеңдерде әлгі кісінің қадір-қасиеті, тіршілігі ардақталып, қазасының орны толмас өкініш, ауыр қайғы екендігі егіле айтылады.

Міне, халықтың сондайлық аяулы батырының қазасына арналған, олардың тіршіліктегі істеген ерлігін баян еткен жұрт жарасы, ел шері
— ежелгі жоқтау өлеңдерінің, М. Әуезов айтқандай, бертінде қазақ эпостарына негізгі қазық болғандығы даусыз. Орхон жырларындағы сондай жоқтау өлеңдерінің бір үлгісін келтіре кетейік.
Жырда Күлтегін жасаған жорықтар мен оның айқастары суреттеліп келеді де былай делінеді:

Інім Күлтегін қаза болды, Өзім қайғырдым.


Көрер көзім көрместей,
Білгір ақылым білместей болды, Өзім қайғырдым.
Тағдырды тәңірі жасар,
Адам баласының бәрі өлгелі туған. Қайғырғаным соншама:
Көзге (ыстық) жас келер, Көңілге ауыр шер келер, Тағы да ойландым, Қатты қайғырдым.
Екі шад, бүкіл жеткіншектерімнің Ұландарым, бектерімнің, халқым (ның) Қасы-көзі әз болар деп қайғырдым.
* * *
Сонымен, жинақтай келе айтарымыз: Біріншіден, Орхон ескерткіштері

  • түрк халықтары тарихының көп деректерінің әсерлі желісін жеткізген, эпикалық шығармалардың шағын фабулалық өрістерін қамтыған тарихи

  • ерлік жырлардың ең әдепкі үлгілері.

Эпостық баяндауға негізделген бұл ескерткіштерде жеңілуді білмеген ежелгі жыр батырларындай, Күлтегіннің басынан кешкен ерлік қимылдары, жорық сапарлары қаншама? Тілсіз тасқа сыйғызған сол жойқын соғыс суреттерінен біз Күлтегіннің жекпе-жек шайқастарын анық елестетеміз.
Орхон жырларының негізіне түрк руларын біріктіру, нығайту, сыртқы жаулардан қорғау идеясы алынған. Әлбетте, сонымен бірге біз олардан рулық дәуірдің әлеуметтік теңсіздігін де көреміз.
Үстем тап өкілдерінің, ақсүйектердің (бек) төменгі бұқараны (қара будун) қалай қанағандығы жайында елеулі деректер табамыз.
Бұл жайында Орхон жырлары: «Ер жыныстың құл болды. Пәк
қыздарың күң болды» деп жазды. Шығарманың ең халықтық сипаттағы жолдары — осылар деп білеміз.
Аталмыш ескерткіштерде жырды шығарушылардың өмірден түйген, білген философиялық толғаныстары да жоқ емес: «Тағдырды тәңірім жасар, адам баласы өлмекке жаралған», «Қай халық болмасын, сол елдің ішінен пәтуәсіз (жұғымсыз, жалқау) табылса, (онда ол халықтың қаншама соры бар десеңізші» деген данышпан Тоныкөктің сөзі қалыптасқан қағида, қазақ арасында кең етек алған толғаудың түпкі сағасы тәрізді.
Екіншіден, Орхон ескерткіштері мен ежелгі қазақ эпостарын салыстырудың нәтижесі олардың арасындағы дәстүрлік байланыстың барлығын дәлелдейді деп білеміз. Бұдан шығатын қорытынды — қазақ халқындағы бай жыр дәстүрінің негізі сол Орхон ескерткіштерінде қаланған.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   12




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет