М. Тынышбаевтың өскен ортасы және қоғамдық көзқарасының қалыптасуы



бет2/5
Дата29.01.2018
өлшемі1,35 Mb.
#36070
1   2   3   4   5
Зертеудің мақсаты мен міндеттері. Диплом жұмысының басты мақсаты -М.Тынышбаевтың ғұмырының барлық кезеңдерін қамти отырып, оның қоғамдық-саяси қызметін, ғылыми және кәсіби қызметін, бұрын тарихымызға белгісіз болып келген немесе қасақана бұрмаланған тың деректерге сүйеніп, тарихи шындық тұрғысынан зерттеу. Осы мақсатқа жету үшін, дипломдық жұмыс төмендегідей нақты міндеттерді шешуді көздеді:

  • М.Тынышбаевтың туған ортасын анықтау. Оның қоғамдық көзқарасының қалыптасуына ықпал жасаған ортаны, ішкі және сыртқы себептерді ашу. Оның көзқарасындағы өзіндік ерекшеліктерді айқындау;

Қайраткердің қазақ тарихының күрделі мәселелерін зерттеудегі ролін және оның еңбектерінің бүгінгі тарих ғылымы үшін маңыздылығын айқындау;

- Қазақтан шыққан тұңғыш техника маманының кәсіби шеберлігін бүгінгі қоғамға таныту;



Қазақстандағы социалистік индустрияландырудың алғашқы "қарлығаштарының" бірі Түркістан - Сібір темір жолын салуда М.Тынышбаев еңбегінің зор екендігіне, бүгінгі Қазақстанның назарын аудару;

сталиндік саяси қуғын-сүргіннің жүгенсіздігін, тұрпайы жазалау механизмін, адамгершіліктен жұрдай кескін-келбетін М.Тынышбаевтың қасіретті тағдыры арқылы көрсету;

Зерттеудің методологиялық негізі. М.Тынышбаев - "XX ғасырдың алғашқы жартысындағы азаттық үшін күрескен қазақ ұлттық интеллигенциясының тағдыры" - деген принципке бағындырылды. Зерттеу бір қайраткердің белсенді қызметі негізінде, сол кездегі бүкіл қазақ интеллигенциясының, туған халқына жасаған сан қырлы және сан алуан белсенді қызметін, жаңа методологиялық көзқарас негізінде ашады. Зерттеудің барысында тарихилық, талдау және қорыту, салыстырмалы түрде қарастыру тәрізді әдістер қолданылды. Қайраткер тағдырын объективті, шынайы, жан-жақты көрсету - міне, жаңа методологиялық бағыттың мақсаты да осында.

Дипломның құрылымы. Жұмыс кіріспеден, төрт тараудан, қорытындыдан және пайдаланған әдебиеттер тізімінен тұрады.

І –Тарау. М.Тынышбаевтың өскен ортасы және қоғамдық көзқарасының қалыптасуы

Мұхамеджан Тынышбаев 1879 жылы мамыр айының 12 жұлдызында Жетісу облысы Лепсі уезі, Мақаншы-Садыр болысындағы Жыланды тауының баурайында дүниеге келеді. Қазір бұл өңір Алматы облысы, Сарқанд ауданы, М.Тынышбаев ауылы (1993 жылдан бастап) деп аталады.

М.Тынышбаевтың әкесі - Әлдекеұлы Тынышбай Лепсі уезінің биі болған. Ол ел ішінде беделді, қайсар мінезді жан болғанға ұқсайды. Азамат соғысы жылдарында, қарт Тынышбай қызылдар қолынан қаза табады. М.Тынышбаевтың анасы Мәдиям да (кейбір естеліктерде Шахизадабану депте көрсетіледі) /30/ өте ақылды, көргенді кісі болған. Ол кісі 1932 жылғы аштықта қайтыс болса керек. М.Тынышбаевтың өзімен бірге туған бауырлары да көп болған. Алайда, М.Тынышбаев әулетінің басындағы зобалаң, олар туралы нақты мәліметтер табуды қиындатып отыр. Бір адамның ғұмырындай салтанат құрған Кеңес үкіметі, бұл әулетті жоқ қылды. "Халық жауының" атын атау былай тұрсын, оның өскен ортасы, шыққан елі жайында да сөз қозғауға тиым салынды. Сөйтіп, бұл үкімет, ежелден Жетісудың екі өзені - Лепсі мен Ақсу бойын мекендеген Орта жүздің найман-садыр руынан шыққан, ірі тарихи тұлға - Мұхамеджан Тынышбаевқа қатысты нәрсенің бәрін, халық санасынан өшіруге тырысып бақты.

М.Тынышбаев "жер жаннаты Жетісу" атанған әсем өңірден шықты. Тынышбай әулетінің атақонысы - Ешкіөлмес сайы (бір жылы осы сайда 6 ешкі мен 1 серке қалып қалған, келесі жылы 12 ешкі болып көбейіп, аман тұрғанын көрген жүрт осылай атап кетеді), кейде Тынышбай сайы деп те аталатын жерде оның балалық шағы өтті.

Ал уездің орталығы -Лепсі қаласы сол кезде, өзінше бір экономикалық-мәдени орталық тәрізді болған. Мұнда үш медресе, үш шіркеу, Михайловтың, Макушкиннің, Ботбаевтың кітап дүкендері, үн тартатын, май шығаратын өндіріс орындары, тері илейтін, спирт шығаратын заводтар болған. Кейін Лепсі қалалық екі кластық ерлер училищесі ашылады. Қазақша сауатын ауыл мектебінде ашқан М.Тынышбаев, осы училищені бітірген. М.Тынышбаев аталған училищені бітірген соң, 1890 жылы 14 тамызда Верный қаласындағы Ерлер гимназиясына оқуға қабылданады. Ол алдымен гимназияның екі жылдық дайындық класының төменгі бөліміне алынады. Оның бұл оқу орнына қабылдануы туралы бірнеше естеліктер бар. Олардың бірінде, бала Мұхамеджанның есеп-қисапқа жүйріктігін кездейсоқ (қой санағы кезінде) байқап қалған уезд бастығының жәрдемі тиген деп айтылады/31/. Ал келесі бір естеліктерде - зерек баланы байқаған ауылдағы дүкеннің иесі-орыс көпесі, оның оқуға баруына тікелей себепші болған деп көрсетеді/32/. Қалай болғанда да, Мұхамеджанның ерекше табиғи қабілеттілігі, ең басты себеп болса керек.

М.Тынышбаев білім алған Верный Ерлер гимназиясы, 1876 жылы генерал-губернатор Г.А.Колпаковский ашқан 4 жылдық Ерлер про-гимназиясының негізінде 1881 жылы қайтадан ашылған болатын. Енді ол гимназиялық деңгейде білім беретін болды. Классикалық тілдер (латын, грек тілдері) жете оқытылатын, екі жылдық дайындық класы бар, негізгі оқу курсы 8 жылдан тұратын осы бір білім ұясы, сол кезеңнің барлық талабына жауап бере алған. Гимназия ұстаздарының арасында озық ойлы, демократиялық бағыттағы жандар аз болмады. Олардың кейбіреулері, саяси көзқарастары үшін орталық Ресейден қудаланып, жер аударылғандар болатын. Гимназия ұстаздарының ын-тызарлығымен ашылған кітапханасы да болды. Онда құнды кітаптармен қатар, "Восточное обозрение", "Русский вестник", "Вестник Европы", "Исторический вестник", "Русская мысль" тәрізді алдыңғы қатарлы басылымдар бар еді.

Жанында қазақ балаларына арналған пансионы бар осындай гим-назияда, М.Тынышбаев білім алған еді. Оның жолдастарының көпшілігі көпестердің, өнеркәсіп иелерінің, әскери қызметтегі адамдардың балалары болды. Өйткені гимназияның өзі де осыларға арналған болатын. Ал М.Тынышбаев тәрізді жергілікті халықтың балаларын, орыс үкіметі түземдіктермен байланыс жасау үшін (тілмәштық қызметке) ғана, өте аз мөлшерде қабылдап тұрды. Мысалы, Мұнда әр жылдары Тұрлыбек және Барлыбек Сыртановтар, С. Аманжолов, Т. Есенқұлов, Ы.Дүйсебаев, И.Жайнақов И.Тергеусізов, Т.Дүйсебаев және т.б. оқыды. Бұлардың бәрі де туған халқына адал қызмет еткен жандар болғаны белгілі.

М.Тынышбаев гамназияда өте үздік оқыды. Ол 10 жыл бойы оқы-тушыларын табиғи дарындылығымен, өте әдепті, кішіпейіл мінезімен таңдандырып өтті. Бұл туралы гимназистің сабақ үлгерімі мен тәртібі туралы куәліктері дәлел бола алады. Бірінші кластың 15 тамыз бен 31 Қазан аралығындағы алғашқы оқу тоқсанының қорытындысын тек орыс тілінен ғана "жақсы", қалған пәндерден үздік деген бағамен аяқтаған М.Тынышбаев, бұдан кейінгі жылдары өте үздік нәтижелермен оқыды. Ол барлық пәндерді (орыс тілі мен әдебиеті, орыс және әлем тарихы, логика, латын тілі, грек тілі, француз тілі, неміс тілі, математика, алгебра, тригонометрия, география, математикалық география) жетік меңгере алды. Соның айғағындай етіп, қазақ баласы жыл сайын кластан класқа I дәрежелі мақтау грамотасымен көшіп отырған.

Гимназия қабырғасында оның өмірде ұстанар мақсаты да қалып- бастайды. М.Тынышбаев білім алған жылдары Верный қаласы, Қазақстан- оңтүстігіндегі саяси, мәдени-экономикалық жағынан едәуір дамыған ірі орталық болды. 1854 жылы Алматы шатқалында негізі қаланған Верный бекінісі, уақыт өте сібір казактары мен орыс шаруаларының қаласына айнала бастаған болатын. Қала сондай-ақ, 1867 жылы құрылған Жетісу облысының әкімшілік орталығы болды. Патша үкіметінің Алатау бөктеріндегі саяси билігін нығайту мақсатында салынған Верный қаласы, мәдени ошақтарымен де көзге түсті. Мұнда екі гимназия, бірнеше клубтар, кітапханалар болды. Қалада демалыс күндері қызықты ойын-сауықтар, түрлі мерекелер, қайырымдылық кештері, театрландырылған қойылымдар жиі өтіп тұрды.



1899 жылы мамыр айында мәдени өмірге құмар Верный жүрт-шылығы, орыс халқының ұлы ақыны А.С.Пушкиннің туғанына 100 жыл толуын атап өтуге әзірлене бастайды. Бұл мерекеден Верный Ерлер гимназиясы да сырт қалмаған болатын. Оларда ақынның мерекесін өткізуге қызу дайындық жүргізеді.

Пушкин мерекесі 27 мамырда ашылады. Қаладағы түрлі қоғамдар дайындаған кештің бағдарламасын, гимназия шәкірттері әзірлеген әдеби-музыкалық беташар ерекше әрлендірген еді. Әсіресе, беташарға белсене қатысқан, гимназия формасы өзіне құйып қойғандай жарасқан қазақ жасы жүртшылықты өзіне баурап әкетеді. 7 класс оқушысы М.Тынышбаев Мұнда "Ұлы Петр мен Мазепаның адамгершілік қасиеттері ("Полтава" поэмасының негізінде)" атты қызықты баяндама оқыған болатын. Бүгінгі күні ғалым-зерттеуші ретінде де мойындалып отырған М.Тынышбаевтың аталмыш баяндамасы, оның тұңғыш зерттеушілік ізденісі тәрізді еді.

М.Тынышбаевтың Мұндай қасиеті, ол гимназияны бітірген жылы жазған "Лермонтов поэзиясының негізгі қырлары" атты шығармасында да байқалған болатын. Оны, жұмысты тексерген облыстық училищелердің бас инспекторы, орыс тілінің маманы Керенский ерекше атап көрсетеді. Ол М.Тынышбаев шығармасының басқаларға ұқсамайтын өзгешелігін, сонымен бірге зерттеушілік талпыныстан да құр еместігін педагогикалық есеп туралы құжатқа жазып қалдырған еді. М.Тынышбаев гимназия қабырғасында жүріп, терең білім алуға, әсіресе қоғамтану ғылымдарын меңгеруге ерекше құлшыныс танытады. Мұндай еңбек, үнемі оқу, білімге деген құштарлық текке кеткен жоқ. М.Тынышбаев бірте-бірте қоршаған өмір, қоғам туралы көз-қарасын, жалпы дүниетанымын қалыптастыра бастайды. Сонымен бірге,ана сүтімен дарыған Отанына, туған еліне деген сүйіспеншіліктің, отбасындағы тәлім-тәрбиенің, бөтен жүрттың боданындағы Халқының ауыр тұрмысына деген жанашырлық сезімнің әсерлері де күшті болды. Оны М.Тынышбаевтың қоғамдық көзқарасының қалыптасуына себепболған негізгі факторлардың бірі ретінде қарау керек. Өйткені М.Тынышбаевтың ер жетіп, оңы мен солын тани бастаған шағы, қазақ халқының елдіктен де, еркіндіктен де айрылар алдағы сәті болғаны белгілі. Тарихқа жүгінсек, Жетісу өңірі кейінірек жаулап алынса да, Ресей империясының зорлықшыл саясатын бірден жүзеге асыруға, табиғаты жайлылығынан өте қолайлы өлке болғандығы көрінеді.

Ресей үкіметі 1876 жылы, Жетісуға билік жүргізіп отырған Қоқан хандығын түпкілікті талқандағаннан кейін, аталмыш өлке-империя-ның бір бөлшегі болып санала бастады.

Жоғарыда ескерткеніміздей, 1867 жылы құрылған Жетісу облысы Түркістан генерал-губернаторлығына қарады. 1882 жылы облыс, Дала өлкесі құрамына берілді. Алайда 1897 жылы Жетісу облысы, Түркістан генерал-губернаторлығына қайтарылған еді. Жетісу өлкесі бұл кезде, 335 250 шаршы шақырымды алып жатқан үлкен аймақ болды. Оған кейінгі Алматы облысы, Семей (қазіргі Шығыс Қазақстан облысы), Жамбыл облыстарының жартысы және Қырғызстанның солтүстік облыстары кірді. 1897 жылғы Бүкілресейлік санақ бойынша, Жетісуда 987 863 адам тұрған.

Облыстың әскери және азаматтық билігі әскери губернатордың қо-лына шоғырланды. Ол өз кезегінде Түркістан генерал-губернаторына бағынды. Ал уездерді уезд басшылары билеп, олар әскери губерна-торға қарады.

Жетісу облысы ғасыр басында алты уезге бөлінген болатын. Олар: Верный, Қапал, Лепсі, Пішпек, Жаркент жөне Пржевал уездері. Уездер болыстарға, болыстар бірнеше ауылдарға бөлінді. Болыстарды үш жылда бір рет сайланатын болыс басқарушылары, сол сияқты ауылдарды да сайланып қойылатын ауыл старшиналары биледі. Бұл төменгі әкімшілікті қазақтар басқарды.

Кейін М.Тынышбаевтың атына жазатынындай, "сатып алусыз, пара берусіз өтпейтін"/33/ бұл болыстық қызмет, қазақтарға орыс үкіметінің берген "сыйлығы" болатын. Болыстыққа сайлау кезінде, жерінен айырылып, күнкөрісі қиындап жатқанын да естен шығаратын қазақтар, өзара таласып, бір-бірімен өштесіп, қатты араздасатынын М.Тынышбаев көрсеткен болатын. Империяға керегі осы болғаны түсінікті. Ол қазақты бір-біріне айдап салып, сыртынан мысқылдап, өзінің жымысқы саясатын одан әрі жүргізе берді.

Жетісу облысында патша заңы толық жүзеге асып тұрды. Мемлекеттік қылмыстар, басқару жүйесіне қарсы жасалатын алуан түрлі қылмыстар, патша үкіметінің арнайы заңымен қаралды. Азаматтық істер, ұсақ қылмыстарды билер соты шешті. Мәселен, М.Тынышбаевтың әкесінің Лепсі уезінде осындай би болғаны жоғарыда айтылды. Қазақ пен қырғызды үкімет міндеткерліктен көзін ашқызбады. Мысалы, 1867 жылғы Уақытша Ереже бойынша түтін салығы 2 сом 75 тиын, ал 1891 жылғы Ереже бойынша ол 4 сомға көбейтілді. Ол салық төлеушінің шамасына қарамай, бірыңғай белгіленді.

Енді жер мәселесі қалай шешілгеніне қысқаша тоқталалық. 1891 шыққан Ақмола, Семей, Жетісу, Орал және Торғай облыстарын басқару туралы "Дала Ережесінің" 119 бабына сәйкес, қазақ жері мемлекеттің (қазынаның) жеке меншігі болып саналғаны белгілі. Ереженің 120-бабында, қазақ даласының көшпелілердің бүтін қауым болып бірігіп пайдалануына шектелмей берілетіндігі айтылды. Алайда оның "Ескертуі" қазақтарға өте қауіпті болды. Бұл Ескерту былай дейтін: "Көшпенділерден ауысқан жер бола қалса, ол жер мемлекет мүлкін басқарушы министрліктің қарамағына беріледі"/34/. Қазақтардың тұрмыс-тіршілігін, көшпелі өмір салтын түсінгісі келмейтін зорлықшыл үкіметтің осы бір заңы, қазақ халқын жер бетінен жойып жіберуге әкелетінін М.Тынышбаев көрсеткен болатын.

Жетісуді жаулап алысымен Ресейдің мұнда отаршылдық саясаты, жедел қарқынмен жүргізілді. Алдымен казактарын қоныстандырған үкімет, артынан орыс шаруаларын қазақ даласына қаптата бастады.

Казактар арқылы іске асырылған әскери отарлау, өлкедегі патша үкіметінің басты тірегі болды. Казак әскерлері, Жетісудағы алғашқы орыс қоныс аударушылары еді. Бұлардың артықшылықтары, үкімет берген жеңілдіктері көп болды. Олардың өздерінің әскери Басқармасы болып, казактар негізінен, соған бағынды.

Орыс үкіметі казактардың Жетісуда мәңгі орнығып, өздерінің әс-кери тірегі болып қалуы үшін, қазақ жерінің шұрайлы, егін салуға қо-лайлы деген жерлерінің бәрін түрлі әдіспен халықтан тартып алып беріп отырды. Соның есебінен жыл сайын, казак станицалары көбейе бастады. Мәселен, 1900 жылы Жетісу облысында 11 казак станицасы және 17 поселогы болды. Әсіресе Верный, Лепсі, Қапал уездерінің жерлері, казак әскерлері меншігіне айналдырылған болатын. Мұның бәрі, осы өңірдің байырғы тұрғындары - қазақтардың тау-тасты, шөлді, қолайсыз жерлерге ығыстырылуымен жүзеге асып жатты. М.Тынышбаев, жер мөселесінен туған талай қақтығыстың куәсі болғанын да жазған болатын. Оның әкесі 10 жылда 10 рет жайылым жері үшін үкіметке шағым жасаған еді. Мұндай зорлықты М.Тынышбаев бала кезінен көріп өсті.

Жетісуды орыс шаруалары арқылы отарлау да, әскери отарлаудан кем түскен жоқ.

Алғаш өз еріктерімен келіп, өлкені "бейбіт" жолмен отарлағандар осы орыс шаруалары еді. Ресей мен Украинадан "жұмақ жер" іздеп шұбырған үйсіз-күйсіз келімсек-шаруалар да, өлке халқының санын көбейте бастады. Мәселен, 1902 жылы Мұндай келімсектер саны 16 мыңға жетті. Өлкенің кейінгі тарихы, бұл процестің үздіксіз жүріп отырғандығын көрсетеді. Міне туған халқының өмірін мүлдем өзгертуге әкелген осындай, саяси, экономикалық ауыр жағдай, М.Тынышбаевтың көз алдында жүріп жатты. Ол мұның бөрін тек көріп қоймай, осындай ауыр жағдайға әкелген себептерді де түсіне бастайды. Ол өзінің гимназияның жоғарғы класында оқып жүріп-ақ, халқының мұң-мұқтажын, орыс үкіметінің қазақтарға жасап отырған әрекетінің мәнісін түсінгенін жазғаны мәлім Сондықтан, осында объективті тарихи себептер де, оны еріксіз, туған халқының мұңын жоқтауға дайындай бастаған болатын.

М.Тынышбаев 1900 жылы 21 жасында гимназияны алтын медальға бітіріп шығады. Құрбыларынан айрықша дараланған шәкірттеріне, гимназияның педагогикалық кеңесі, болашағына ақ жол тілеп, мынадай мінездеме береді: "Үздік оқуымен, үлгілі тәртібімен ұстаздарының құрметіне бөленуі М.Тынышбаевты жігерлендіріп, алған білімін одан сайын терендете оқуға ұмтылдырып, оның жүйелі, тұрақты түрде орыс тарихымен, орыс әдебиеті және мәдениеті тарихымен үлкен қызығушылықпен айналыса бастауына әкелді. Ғылымның әр саласын да (жаратылыстану, гуманитарлық-қоғамтану пәндерін) бірдей, тез қабылдайтын аса сирек қабілетке ие М.Тынышбаев сонымен бірге, гимназияға келген алғашқы кезден-ақ, математиканы да, ежелгі және жаңа тілдерді де, орыс әдебиетін игеруге де дәл сондай бейімділік танытты. Мүнымен қоса ол, қолға алған қандай пән болмасын, түп негізінен бастап, мүқият, тиянақты оқып, толық меңгеруге деген құштарлығымен ерекшеленеді. Оның мұндай жан-жақты қасиеті, қасындағы жолдастарын да баурап алып, олардың арасында күншілдік, қызғаншақтықтан ада, қайта ерекше туған құрбыларынан үлгі алуға, сондай болуға деген құлшынысты туғызды. Көрнекті шәкіртіміздің өзін тәрбиелеген білім ордасының мақтанышына айналып, қай салада бол-масын, адал табанды, ерік-жігермен қызмет ететіндігін сеніммен айтуға болады. М.Тынышбаев білімін әрі қарай жалғастырып, Санкт-Петербургтағы Жол Қатынасы инженерлері институтына барғысы келетіндігін білдірді".

Бұдан М.Тынышбаевқа ұстаздарының ерекше ынтызарлығы түскенін байқауға болады. Мұның бәрін М.Тынышбаев тек еңбекқорлығы, білімге деген құштарлығы арқасында қол жеткізгендігі де көрінеді. Сондай-ақ, оның адал, қайырымды мінезі туралы да, оқытушылары объективті баға бере білген. Олардың М.Тынышбаевты асыра бағалаушылыққа ұрынбағанына, оның бұдан былайғы өмір жолы дәлел бола алады.

Әрине, "бұратана" өкіліне жаулап алушы елдің өкілдері арасында бірге жүріп, білім алуы оңай соқпағаны түсінікті. М.Тынышбаев ұстаздары тарапынан өзіне деген ондай теріс көзқарасты байқамаған. Алайда, қатар құрбыларының арасында оны көре алмағандар да болыпты. Әсіресе, ол алтын медаль алған кезінде, мұндай қысым қатты сезілген. Дина Мұхамеджанқызы, әкесінің медалін көре алмаған гимназияда оқыған орыс балалары, оны соққыға жыққанын әкесі айтқаны есіне алған еді. Бірақ, М.Тынышбаев мұның бәріне назар аударып, еңсесін түсірген жоқ. Ол туған халқына пайдасын тигізу үшін барлық қиындыққа төзе білді.

Саналы жас, сол үшін, өзіне жайлы болуға тиіс қызметтен де (Жетісу әскери губернаторы кеңсесіндегі тілмәштық жұмыстан) бастап- Ол қазақтың өңі түгіл түсіне де кірмеген қиын да, күрделі мамандықты таңдап алып, ғасыр табалдырығын етек-жеңін жиюсыз күйі аттағалы тұрған еліне, өмірін арнауды мақсат еткен еді.

Әлеуметтік тегі жағынан қарағанда, соншалықты аса байдың баласы болмаған М.Тынышбаевқа оқу мәселесі қатты қиындық туғызған. Сондықтан оның Петербургқа баруы да, институтқа түсуі де, оқуы да оңай болған жоқ. Оған орыс халқының ниеті түзу, алдыңғы қатарлы пікірдегі өкілдері қол үшын береді. Мәселен, оған астанаға дейін жетіп, институтта оқи алуы үшін, өзі бітірген гимназияның директоры М.В.Вахрушев пен Жетісу облысының сол кездегі әскери губернаторы М.Е.Ионов көмектеседі. М.Тынышбаев кейін олардың адамгершілік қасиеттерін, бар мүмкіндіктерінше қазақ халқына болысқанын жазған болатын. Мысалы, М.Е.Ионов басқарған жылдары, қазақтардың жер дауы олардың пайдасына шешіліп отырған болатын.

Сонымен аталған кісілердің тікелей араласуымен, М.Тынышбаевқа 1891 жылғы "Дала Ережесінің" 157-бабының 5 пунктіне сәйкес, қырғыздардан (қазақтардан.) халық ағарту саласы үшін жиналатын арнайы қаржыдан стипендия берілетін болды /35/.

"Бұратана" өкілі - М.Тынышбаевты империя астанасы жылы қабылдаған жоқ. Мәселен, ол қабылдау сынақтарына дейін-ақ бірнеше комиссиялардан өтеді. Мұның бәрінен тайсалмай өткен қазақ жасы, сол 1900 жылы император Александр I атындағы Жол қатынасы инженерлері корпусы институтының студенті атанды.

Судент М.Тынышбаев материалдық жағынан қатты қиындық көреді. Оған жылына бірақ рет берілетін 360 сом земство стипендиясы, Петербург өмірінің қымбаттығынан ең деген қажетті мұқтаждарын өтеуге де жетпей қалатын. Оны ол Түркістан генерал-губернаторының атына жазған өтініш-хатында көрсетеді. Стипендиясының 100 сомы формаға, 100 сомы лекцияға, қалғаны пәтер мен азық-түлікке кетіп, 10 айға бар болғаны 20 сомы қалған М.Тынышбаев, амалсыздан сти-пендиясын 100 сомға көбейту туралы өтініш білдірген еді. Осы мәселеге байланысты Түркістан генерал-губернаторы кеңсесінде, 11 бет-тен тұратын "студент М.Тынышбаевтың жеке ісі" арнайы ашылған екен/36/. Алайда, өлкенің бас басшысы оның бұл тілегін қабылдамай тастады. М.Тынышбаевқа тек өз күшіне ғана сүйенуге тура келеді. Ол тырысып бақты. Шамасы, оқуының арасында қо-сымша жұмыс істеген болуы керек. Оған астанадағы мұсылмандар да қол үшін береді.

Мұндай қиындықтарға қарамастан М.Тынышбаев өте үздік оқиды. Оның институтты да үздік дипломмен бітірген

Осындай жағдайға байланысты М.Тынышбаев еліне, екі жылда бір рет қана келіп тұра алды. Ол бос уақытында кітапханаларға, түрлі қоғамдық орындарға барып, өзінің білімін, дүниетанымын одан әрі дамыта бастайды. Саяси бағыттағы түрлі жиналыстарға, бас қосуларға да барып тұрады. М.Тынышбаевтың өмірінде Петербургтың қалай орын алғанын баласы Ескендір Мұхамеджанұлы былай деп айтады: "Отец был убежден, что этот город своими стенами воспитывает, облагораживает, делает прививку интеллигентности." Ол әкесінің Петербургқа жолы түсіп бара қалса, өзін Эрмитажға, Орыс музейіне нсмесе Патша селосына, Петергофқа ертіп апаратынын айта келіп, әкесіндей жол бастаушы экскурсоводты ешқашан кездестірмегенін есіне алады. Мұның бәрі, М.Тынышбаевтың студенттік кезінен қалыптастырған әдеті болғанын көрсетеді.

М.Тынышбаев Петербург қаласында 1900-1906 жылдары болды. Бұл жылдар тарихи оқиғаларға толы болды. Империя көлеміңде түрлі қозғалыстар, саяси партиялар мен қоғамдық ұйымдар дүниеге келіп жатты. Мәселен, XX ғасырдың басында Ресейде шамамен 150-дей саяси партия өмір сүрді. Бұлардың арасында өмір сүріп тұрған қоғамдық құрылысты өзгертуді жақтаушы партиялар да, барып тұрған консерватистік партиялар да болды. Қалай болса да, қоғамның өміріне өзгеріс енгізген бірінші орыс революциясы, осындай партиялардың, түрлі қозғалыстардың күресі нәтижесінде жасалған еді.

М.Тынышбаевтың үш ғасырға жуық ел билеген Романовтар әулетін қатты шошытқан осы төңкерісті тікелей басынан өткергені мәлім. Оның бұл кезде институтты бітіруге жақындап, қоғамдық-саяси көзқарасы жағынан есейіп, ақыл тоқтата бастаған кезі болатын. Империя өміріне ерекше әсер еткен төңкеріс, М.Тынышбаевқа да үлкен саяси мектеп болды.

Алыста жүріп, саяси құқынан да, дінінен де айрылған, экономикалық жағынан одан да ауыр халге душар болып отырған туған елін, М.Тынышбаев бір сәтке де ойынан шығарған жоқ. Оны өзі де жазды. Оның осы жылдардағы іс-әрекеті туған халқының тағдыры бейтарап қалдырмайтын, елі үшін күресе алатын қайраткердің келбетін көрсете алады.

Ол бұл жолда жалғыз болған жоқ. Астанада оқитын түркі текті жастармен М.Тынышбаев жақын араласқан болатын. Оларды шыққан тектері ғана емес, туған елдерінің тәуелсіздігі үшін күресте ынтымақтастырды. Сол үшін М.Тынышбаевтың интеллектуалдық ортасын да таныстыру қажет деп санаймыз. Атап айтқанда бұл жастар – Халел Досмухамедов, Сәдуақас Шәлімбеков, Дәуд Махмудүлы Шейх-Али, Асқар Әлиұлы Шейх-Али болатын. Сонымен бірге белгілі қайраткер Сәлімгерей Жантөрин де М.Тынышбаевтың Петербургта жақын аралас пікірлес досы болған еді.

Аталған кісілер ішінде Х.Досмухамедовтың есімі ғана бізге жақсы Ол туралы соңғы жылдары көптеген зерттеулер жарық көрді /37/. Сондықтан Қазақстанның батыс өлкесінен шыққан дәрігер, ғалым, ірі қайраткер, жан-жақты білімнің иесі Х.Досмухамедовқа тоқталуды артық деп білеміз. Ал басқа азаматтардың өмірі, қызметі әлі толық таныс емес болғандықтан, олардың әрқайсысына қысқаша тоқталуды жөн көрдік.

М.Тынышбаевтың гимназиялас досы Сәдуақас Шәлімбеков 1902-1906 жылдары Петербург әскери-медициналық Академиясында оқыды. Оқуын бітіргесін еліне оралып, дәрігер болып қызмет етті. Бірінші дүниежүзілік соғысқа байланысты майданның қара жұмысына алынған қазақ жігіттерін қарап жүріп, жастай қайтыс болды. Оның есімі өз елі Қарқаралыға ғана емес, барлық оқығандарға, қазақ зиялыларына жақсы таныс болатын. Әсіресе, оның 1916 жылғы көтеріліс тұсындағы қызметі көзге түскен еді. Оның Қарқаралы қазағына басу айтып, сабырға шақырған ұстамды іс-әрекетін, көрнекті қайраткер Жақып Ақбаев, кезінде орынды бағалаған болатын. М.Тынышбаев оған арнаған қазанамасында: " Сәдуақас екеуміз жасымыздан ағалы-інілідей болып, бір жүріп, бір тұрып едік. Баяғы көп халыққа қиыншылық /бірінші орыс төңкерісі./ туғанда, Петроградта бірге жүріп, түрлі-түрлі жиылыстарда болып едік. Ағайын-туғанның ортасында болып, хәлім келгенше жұртыма қызмет қыламын деуші еді. Марқұм жаңа өспірім оқу бітіргендердің арасында, алдыңғы қатардағы талапкердің бірі еді" -деп қинала жазған болатын.

М.Тынышбаевтың дағыстандық құмық досы - Дәуд Махмудулы Шейх-Али /1879-1954/ бұрынғы КСРО Ауыл шаруашылығы ғылы-мында өзіндік орны бар инженер мелиоратор-ғалым. Қиыр Шығыста (1916-1927 жж.) қант қызылшасының жаңа түрін, бау-бақша дақылдарын, табиғаты қатал аймақтарда күріштің жаңа түрлерін өсіруді теориялық негіздеп, іске асырушы болған. Түркістан-Сібір темір жолы құрылысы басталғанда, Қазақстанға көшіп келеді. Оның Жетісудан Өскеменге дейінгі сулы алқаптарда, күріштің тағамдық қүнары күшті жаңа дақылын өсірумен, каучукты өсімдіктер (таусағыз, көксағыз) түрлерінің агротехникалық мәселелерімен айналысқан.

Д.М.Шейх-Али сонымен бірге, Алматы тәжірибе станциясында, Қазақ Ауыл шаруашылығы институтында да қызмет істеген. Ол күріш өсіруге байланысты еңбектердің авторы. Профессор Д.М. Шейх-Али 1944 жылы Отанына оралып, өмірінің соңына дейін Дағыстан Ауыл шаруашылығы институтында өсімдіктану кафедрасын басқарды.

М.Тынышбаевтың тағы бір пікірлес жолдасы - XX ғасыр басында-ғы түрікшілдік және мұсылмандық қозғалыстың көрнекті өкілі – Сәлімгерей Жантөрин болған еді. Бұл жастар қоғамның саяси өміріне араласып, халқының азаттығы үшін күреске түсу жолында тәжірибе жинақап, сабақ алған.

ІІ- Тарау. М.Тынышбаев. Қазақтан шыққан тұңғыш техника маманы

Мұхамеджан Тынышбаевтың 1900-1906 жылдар аралығында Санкт-Петербург қаласындағы император Александр I атындағы Жол Қатынасы инженерлері корпусы институтында білім алғаны белгілі /38/. Кейін фамилиясы мен мамандығы бір-бірін алмастырушы егіз ұғымға, синонимдік балама сөзге айналған "Инженер Тынышбаевты" қиын да күрделі кәсіпке баулыған бұл оқу орнының тарихына, қысқаша тоқталып кетудің артықтығы болмас.

XVIII ғасырдың аяғынан бастап Ресейде қанат жая бастаған капиталистік қатынастар, жаңа талапқа сай жол қатынасын да қажет еткен еді. 1809 жылы құрылық және су жолдарын салып, пайдалануға беру үшін Ресей Жол Қатынасы Бас Басқармасы құрылады. Сонымен бірге осы кезде жолшы-мамандарды әзірлеу мақсатында, Жол Қатынасы инженерлері корпусы институты да ашылған болатын. Бұл оқу орнында 1810 жылдың 11 қарашасынан бастап, тұңғыш жолшылар білім ала бастайды. Мұнда тек дворян өкілдері ғана оқыды. Бұл төртіп 1864 жылға дейін сақталып, институт жабық оқу орны болып келді.

Крепостниктік тәртіптің жойылуы, аталмыш оқу орнына да жаңа бағдар әкелген болатын. Ол енді ашық оқу орны болып қайта құ-рылды. Азаматтық оқу орнына айналған институтта, империяның түкпір-түкпірінен келген әлеуметтік тегі де, ұлты да әртүрлі жастар бі-лім ала бастады. Институттың 1917 жылға дейін, өзімен аттас жалғыз факультеті болды. Онда жастар сан-салалы жол қатынасы инженері (темір жолдарды, тас жолдарды, жасанды су каналдарын, бөгеттерді, порттарды, су қүбырларын, тұрғын үйлерді, түрлі ғимараттарды жо-балап салушы) мамандығын меңгеріп шықты.

М.Тынышбаевта өмірде, осындай жан-жақты мамандығына сай қызмет етті. Мұның өзі, оны кейбір зерттеулердің тек "темір жол инженері" деп көрсететін фактілерінің жаңсақтығын меңзей алады.

Сол сияқты М.Тынышбаевтың бұл кәсіпке келу жолы туралы сауалға да жауап бере кетелік.

XX ғасырдың басында ғана емес, тіпті 50-жылдарға дейін де сирек кездесетін мұндай күрделі мамандықты М.Тынышбаевтың тандануына, оның жаратылыс тану ғылымдарына деген ерекше қабілеті әсер етті. Техникалық білімді, осы ғылым саласына деген табиғи бейімділікті қажет ететін бұл мамандыққа келуіне сонымен бірге, тарихи объективті жағдайлар да себепші болған еді. Мүны XIX ғасырдың соңындағы Қазақстандағы жол қатынасы тарихынан анық байқауға болады.

Жалпы, Ресейде XIX ғасырдың 60-жылдарының соңымен 70-жылдарының басында басталған жол құрылысының алғашқы өрлеуі, Түркістан өлкесіне де өз әсерін тигізген болатын. Мәселен, осы жылдары Жол Қатынасы Министрлігіне Қазақстанда темір жол салу туралы ұсыныстарымен кәсіпкерлер келуі жиілеген еді. Олар Орынбор мен Ташкентті жалғайтын темір жол салу туралы тілек білдіре бастайды. 1874 жылы Орыс Географиялық Қоғамының Орынбор бөлімінде, Орынбордан бастап, оңтүстікке дейінгі жол тартылатын аймақты зерттеу туралы арнайы комиссия құрылады. Бірақ бұл іс нақты нәтижеге жеткен жоқ.

XIX ғасырдың 70-жылдарында Қазақстанда жол құрылысының жалғыз жетістігі, Самарадан Орынборға дейін тартылған темір жол ғана болды. Жол 1877 жылы қаңтар айында пайдалануға берілген болатын. 1880 жылдардың ортасында Закаспий темір жолы құрылысы басталды.

Ресей империясына, отар елдері - Орта Азия мен Қазақстанның товар өткізуші аймақ, әрі арзан шикізат қоры мол өлке болуы, орыс капитализмінің кеңінен жайылуына да мүмкіндік туғызды. Ресейдің Орта Азиямен сауда айналымы, XIX ғасырдың 70-жылдарында кең қарқьш ала бастады. Мысалы, 80-жылдардың басьшда сауда айналы-мы, XIX ғасырдың ортасымен салыстырғанда алты-жеті есе артып, 35-40 миллион сомға (жыл сайын) жетті. Мұның барлығы Түркістан өлкесінде темір жол құрылысын салудың, әрі қарай жолға қойылуын анық көрсеткен еді. Түркістан мен Сібірді темір жол арқылы қосу туралы алғашқы жобалар да, осы кезде өмірге келе бастады.

1878 жылы генерал-майор Дубельт Жол Қатынасы Министрлігіне Түмен-Ақмола-Ташкент жолы туралы жоба үсынады. Ал 80-жылдардың ортасында, бұл жоба "Экономикалық журнал" бетіндегі Ташкент-Верный-Семей трассасын салу туралы ұсыныста жалғасын тапты /39/.

Түркістан мен Сібірді жалғайтын темір жол қажеттігі туралы мәселе, 90-жылдардың екінші жартысында өткір айтыла бастады. Бұл кез-де Ресейдегі темір жол құрылысының екінші өркендеу кезеңі болатын. Осы жылдары Сібір магистралы Новосібірді басып өтсе, ал Орта Азия темір жолы Ташкентке дейін жетті.

Бұлардың екеуі де, әсіресе Сібір темір жолы пайдалануға берілген-нен бастап-ақ, сол теңіректе капиталистік қатынастарды жеделдете бастады. Мұның өзі Сібір мен Орта Азия темір жолын, Оңтүстік-Шығыс және Шығыс Қазақстан арқылы қосудың, экономикалық мүдделіктен туындайтынын анық байқатқан еді.

Түркістан мен Сібірді жалғастыру туралы пікірлер, 90 жылдары Ресейде барынша өркендеген мақта-мата өндірісінің сұранымын өтеу мақсатында, бұрынғыдан да көбейе түсті. Сібір Түркістанды астықпен, ал Түркістан елдің тоқыма енеркәсібімен айналысатын аудандарын мақтамен қамтамасыз етуі тиіс болды. Әсіресе Қазақстанның оңтүстігі арқылы жол салынуына, Жетісудің орыс-казактары, орыс көпестері мен ірі саудагерлері ерекше мүдделілік танытқан еді. Олар көршілес Орта Азияның ауыл шаруашылығы енімдерін тұрақты қабылдай алатын өңір болып қалуы үшін барынша жанталасып бақты.

Ресей Жол Қатынасы Министрлігіне және Қаржы Министрлігіне Жетісу мен Түркістанды рельс жолмен қосу туралы өтініштерді жиі айтып, тілек білдірген осы Жетісудағы орыс келімсектері болды. 1897 жылы 30 мамырда Жол Қатынасы Министрлігіне Верный қалалық думасы, Ташкент - Верный бағытындағы темір жол құрылысын салу туралы ресми өтініш жасады.

Жергілікті баспасөзде ("Туркестанские ведомости", "Оренбургский листок", "Русский Туркестан", "Оренбургские губернские ведомости", "Семиреченские областные ведомости") осы жылдары Орта Азия мен Қазақстанда темір жол салу туралы қызу айтыс басталып, аталмыш мәселе жайында тұрлі ұсыныстар талқылана бастады/40/.

Мұнда, негізінен екі бағыт: Ташкент-Верный-Семей және Орынбор-Ташкент талқыланған болатын. Соңғы жоба орталық Ресейдің ірі сауда және өнеркәсіпті фирмалары мен әскери ведомство тарапынан қолдау тапты.

1899 жылдың қаңтар айында Ташкент-Верный трассасы бойында, жергілікті кәсіпкерлер бастамасымен, алдын-ала зерттеу жұмыстары жүргізіле бастады. Осының артынша 1899 жылғы тамыз айында, мақта саудасымен айналысатын Жетісу кәсіпкерлері және көпестерінің бастамасымен, Жетісу жобасын қолдаушылар саны алынған да еді.

1899 жылы тұтас Түркістан өлкесінде салынатын болашақ темір жолдың бағыты туралы мәселе қаралды. Министрлер Кеңесінде арнайы қаралған бұл мәселе, жетісулықтардың пайдасына шешілген жоқ. Жол Орынбор-Ташкент бағытымен салынатын болды.

Ал Жетісу темір жолы құрылысы белгісіз мерзімге кейін қалдырылды.

Міне, осындай тарихи объективті жағдайлар да, есейіп қалған М.Тынышбаевтың туған өлкесінде темір жол салу туралы қызығушылығын оятса керек. Экономикалық өмірдегі мұндай өзгерістер, оның болашақ мамандығын тандауына себепші болды. Сөйтіп, М.Тынышбаев техникалық маман болуды мақсат етті.

Оның алғашқы кәсіби қызметі осы Жетісу темір жолымен байланысты. М.Тынышбаев институтты бітірген жылы Турксибтің болашағы болған аталмыш темір жол құрылысын салу үшін шығарылған зерттеу партиясының құрамында болды.

Негізінде, Орынбор-Ташкент темір жолы салынып жатқан кезде де, Түркістан мен Сібірді Жетісу арқылы жалғау туралы ұсыныстар тоқтаған жоқ болатын. Әсіресе 1906 жылы Орынбор-Ташкент темір Жолы салынып болғаннан кейін, Жетісу темір жолы құрылысын бастау туралы өтініштер күшейе түсті. Нәтижесінде, 1905 жылы үкіметтің жаңа жолдар туралы кеңесінде, бұл мәселе арнайы қаралған еді. Сөйтіп кеңес, жол салынатын өңірді, техникалық және экономикалық жағынан зерттеу үшін инженер О.Струве басқаруымен арнайы экспедиция құру туралы қаулы қабылдайды.

М.Тынышбаев осы экспедицияның құрамында болған еді. Ол Пішпек пен Верный арасын 4 ай бойы зерттеді. Зерттеу жұмысы жүргізілгенімен, Жетісу жол құрылысы тағы да аяқсыз қалды. Үкіметтің жол салуға деген қаржысының аздығы және Түркістан-Сібір темір жолын салу туралы экономикалық қажеттіліктің аса зәру еместігі бұған себеп болды.

М.Тынышбаев бүдан кейін Орта Азия темір жолында істеді. 1908 жылы 1-тамыздан бастап Ашхабад қаласында Жол қызметі дистанциясы бастығының көмекшісі қызметінде болды. 1911 жылы Урсатьсвск-Әндіжан станциясының темір жол құрылысы бастығы әрі бас инженері болды. Мұнда жүріп ол, Әндіжан темір жолын, Ходжент тас жолын және Амудариядан өтетін көпір салуға қатысады.

1914 жылдың басынан М.Тынышбаев Жетісу темір жолы құрылысына ауысады.

Жетісу темір жолын салу туралы айтыс, ақыры оны қолдаушылардың пайдасына шешілген болатын. Банкирлер, фабриканттар, түркістандық және жетісулық саудагерлер мен кулактар, Түркістан өлкесінің әскери-әкімшілік аппараты бәрі бірігіп, үкіметтің Жетісуда жол салу туралы өтінішті қайта қарауына мәжбүр етті. Әсіресе, 1909 жылдың соңынан басталған Ресейдегі экономикалық өрлеу де, Жетісу темір жолын салуды қолға алудың қажеттігін көрсетті. Столыпиннің аграрлық саясатының жемісі қоныс аудару мәселесінің нақты өмірге енгізілуі де, темір жолдың қажеттігін дәлелдеді. Осындай саяси-экономикалық себептер, үкіметті Жетісу өңіріндегі жол салу туралы ұсынысты қабылдатуға әкелген еді. Алайда, үкіметтің қаржысы шектеулі болды. Сондықтан, оны жеке капиталға беру көзделді,

Жетісу темір жолы қоғамының құрылтайшылары орыс капиталисі А.И.Путилов жоне темір жол кәсіпкері АА.Бунге болды. Үкімет езінің 1913 жылғы 24 мамырдағы қаулысымен, Ташкент темір жолының Арыс/станциясынан бастап Пішпекке, одан Верныйға дейін жеткізілуін жоспарлап бекітті.

Құрылыс 1914 жылдың 15 шілдесінде басталды. Мұнда М.Тынышбаевтың кесіби шеберлігі Арыс станциясынан басталатын, Әулиеата Жол бөлімшесі бойының бас инженері және бөлімшенің бастығы болып жүргенде байқалған еді. Әсіресе Арыс станциясын салу кезінде, оның бұл қабілеті ерекше көзге түсті/41/.

Алайда басталып кеткен бірінші дүниежүзілік соғыс бұл құрылысқа кедергі келтірді. Металлургия өнеркәсібіндегі тапшылық, 1917 жылдың күзінде Жетісу темір жолы құрылысын мүлдем тоқтатып тастады. Жол тек Бурное станциясына дейін ғана жеткізілді.

Деректер М.Тынышбаевтың осы құрылысты Уақытша үкімет тұсында жалғастыруды қолға алғанын көрсетеді. Ол Түркістан комитеті құрамына мүше болып жүрген кезінде, Қытайдан оралған босқындарды осы құрылысқа жұмысқа алуға, сөйтіп, олардың аз да болса жалақы алуын сұрап, Петроградқа жеделхатгар жолдаған еді. Алайда, Уақытша үкіметтің Мұндай мөселелерді шешуге шамасы келмегені белгілі. Сонымен Жетісу темір жолының Кеңес үкіметіне дейінгі тарихы, ондағы Тынышбаев қызметі осымен төмамдалған болатын.

Кеңес үкіметі жылдарында М.Тынышбаевтың кәсіби қызметі Түркістан республикасында түрлі шаруашылық-техникалық шаралар басшысы ретінде белгілі болды. Жаңа билік түсындағы қызметі туралы, М.Тынышбаевтың өзі жазып қалдырған дерекке сүйенсек, ол 1920-21 жылдар аралығында Түркістанда темір жол бөліміне, 1922 жылдан Түркістан Республикасы Су шаруашылығы басқармасына, 1924 жылы Ташкентте Жер Суландыру бөліміне, 1925 жылы Қазақстан Республикасының астанасына айналдыруға байланысты, Қызылорда қаласының үй жөндеу жұмыстарына, 1926 жылы Жетісу губерниялық атқару комитетінің Жол бөліміне басшылық етті. 1927 жылдан бастап, Турксиб құрылысында әр түрлі қызметтер атқарды /42/. Бұл дерек бізге, техникалық кадрларды былай қойғанда, жалпы білімді адамдардың өзі зәру кезеңде, Түркістан республикасы мен Қазақстанда М.Тынышбаевтың бірден-бір жетекші маман болғанын дәлелдейді. Сонымен бірге, М.Тынышбаевтың жаңа қоғамдық құрылыстың экономикалық жағынан іргесі бекіп, нығаюында да орнының қандай болғанын көрсете алады.

Жетісу өңірінде темір жол салу туралы ізденістен бастап, оны алғаш салып, кейін Кеңес үкіметі тұсында жалғастырып, аяғына дейін жеткізген М.Тынышбаев болды. Кеңестік тарихнамада М.Тынышбаевтың бұл құрылыстағы ролі туралы ештеңе айтылмағаны белгілі.

М.Тынышбаевтың 1924 жылы 14 қаңтарда Түркістан Экономикалық Кеңесі төрағасына жазған есеп-жазбасы -"Жетісу темір жолы құрылысының жұмысы" деп аталады. Мұнда құрылыстың салыну тарихы, М.Тынышбаевтың өзінің қызметіде сипатталатындығын тағы да ескертеміз. Бұл жазбадан М.Тынышбаевтың Түркістан өлкесіндегі негізгі экономикалық міндеттерді шешуде ерекше белсенділік таныта білгені байқалады. Ол мәселен, тоқтап қалған бұрынғы құрылыстарды әрі қарай жүргізіп, ескілерін жөндеуде, жаңа құрылыстарды салу туралы жоспарлар қабылдауда, халық шаруашылығын жүргізу ісін жетік меңгерген, төселген, үлкен тәжіибесі бар нағыз маман ретінде көрінеді. М.Тынышбаев аталмыш жазбасында, Жетісу темір жолының жағдайын төмендегідей мазмұнда баяндайды. "Бұл жол алғашқы кезде Түркістан Республикасының Жер шаруашылығы комиссариатына қараған. Оның құзырына бағынған кезде, құрылыс қаржы тапшылығын бастан кешірді. Сондықтан тек Талас өзенінен өтетін темір көпірді салудың, 10 шақырымға темір жолды әрі қарай ұзартудың, жөне Талас өзенінен жайылған суды құммен жабудың ғана сәті түсті. Құрылыстың жағдайы КСРО-дағы темір жолдың қожасы - Жол Қатынасы Халық Комиссариатына бағынған соң жақсара бастады".

Бұған байланысты 1923 жылы 15-қазанда Еңбек және Қорғаныс Кеңесі Жетісу темір жолы құрылысы туралы арнайы Кеңес құрған болатын. Оны Ф.Э.Дзержинский басқарды. Құрылысты салып бітіру 1924 жылдың соңына көзделіп, үкімет барлық күшті құрылысқа жұмсай бастайды.

М.Тынышбаев құрылысқа қажетті материалдар (рельс, шпал, қаржы) мезгілінде жеткізіліп жатқанын жазады. Сондай-ақ, құрылысқа байланысты Ташкент қаласындағы Көмек комитетінің соңғы 10 және 13-қарашадағы мәжілісінде, жол төсеуді алдағы жаңа жылдың 10-қаңтарына дейін Малдыбай станциясына (75 шақырымға), 1-мамырға дейін Меркеге (148 шақырымға), 1-тамызға дейін Пішпекке (350 шақырым) жеткізіп, яғни егін жинау қарсаңында құрылыс жұмысын аяқтау туралы қаулы алынғанын айтады. Білгір маман жазбасында, 10-қаңтарға дейін Әулиеата станциясынан бастап, (бұрынғы "Жетісу темір жолы" басшылығы салған 10 шақырымды қосқанда) 60 шақырымға жол ұзартылғаны, егер құрылысты салудан туындайтын барлық проблемалар уақытында шешіліп тұрса, күніне 1 жарым - 2 шақырымға дейін жол төсеуге болатындығы да көрсетілген еді. Бұдан патша үкіметі кезінде Пішпекке дейін ғана салынып, кейін 1926 жылдың аяғында Кеңес үкіметі қайтадан қолға алып, енді Түркістан - Сібір темір жолы атанған Жетісу құрылысында, М.Тынышбаевтың басты маман болғаны көрінеді.

М.Тынышбаев өз ісінің нағыз шебері болған еді. Мәселен, мүны Қазақ инженерінің Түркістан республикасының Су Шаруашылығын басқарған кезіндегі қызметінен байқаймыз. Ол осында жүріп, "Жағалауларды бекіту туралы" инженерлік жоба жасап, оны нақты іс жүзіне асырған болатын. Сөйтіп оның ұйымдастыруымен Сырдария, Талас, Зеравшан өзендерінің сағалары бекітіледі. Бұл елді мекендерді, егістіктерді, темір жол бойының төсемдерін су шайып кетуден сақтайтын бірден-бір тиімді әдіс еді.

М.Тынышбаевтың сонымен бірге, осы мезгілде Түркістан каналының жобасын жасаған болатын.

М.Тьшышбаевтың Қазақстанның Кеңес үкіметі тұсындағы астанатарының салынуына да үлкен еңбегі сіңгенін деректер көрстеді.

1925 жылы Қазақстанның жаңа астанасы Қызылорда қаласына ауысатын болды. Бұл мәселеге байланысты үкімет қызу дайындық жүргізеді. Алдымен Қызылорда қаласына астанаға лайықты кескін-келбет беру үшін, құрылыс жұмыстарын жан-жақты жүргізу қолға алынады. 1925 жылдың 10-маусымында сол үшін арнайы Құрылыс комитеті құрылған болатын. Оның техникалық бөлімінің бастығына орынбасарлыққа және қаланың бас инженерлігіне М.Тынышбаев тағайындалады. 1926 жылдың 1-қаңтарына дейін созылған бұл қызметінде, М.Тынышбаев тікелей жаңа астананың құрылыс жұмыстарын басқарған еді. Оның басшылығымен муниципалитеттік және национализация ландырылған объектілердің жай-күйі тексеріледі. Оларды күрделі жөндеуден өткізген де, жаңа ғимараттарды, құрылыстарды, тұрғын үйлерді салған да, түрлі мекемелердің (аурухана, банк, училище, кірпіш зауыты, су айдағыш құралдар) ғимараттарын жаңа астанаға лайықтап, қайта тұрғызған да М.Тынышбаев болғанын көреміз. Ол сондай-ақ Перовск станциясынан қалаға дейін темір жол желісін тартуға да бастамашы болды. Қазақ инженері астананы ауыз сумен қамтамасыз етуді де күні бұрын ойластырып, бұл мөселеге байланысты өз ұсынысын қабылдатқан еді. Бұл үшін М.Тынышбаев қаладан 17 шақырым жерден көл тауып, Қызылорданың ортасымен арық, су құбырларын жүргізген болатын. М.Тынышбаев осылай бар жан-тәнімен халыққа адал қызмет етсе де, оны халық жауы ретінде санаушылар осы кезде де ілік іздеуге тырысты. Оны осы су құбырларына байланысты мөселеден байқауға болады. Негізінде, қалаға суды Сырдария мен Амудариядан тарту туралы ұсыныс жасалған болатын. Бұған М.Тынышбаев қарсы болып, аса күрделі жұмысты, көп шығынды қажет ететін ұсынысқа келіспеген еді. Сөйтіп ол, осыған байланысты өз ойын дәлелдеп, жоғарыдағы жобасымен қалаға ауыз су тартқан болатын. Ол кездері қала үйлерінің көбісі балшықтан соғылатындығы белгілі. Қызылорданың да осындай үйлері, су құбыры жүргізілгеннен кейін, су сорып, кейбіреулері құлап та қалды. Мұны Голощекин М.Тынышбаевтан көрді. Оны қастандықпен әдейі істеді деп айыптап, 2 ай абақтыға жауып тастайды /43/. Қазақтың талай азаматтарының жігерін жасытқан Голощекин, М.Тынышбаевтың да сағын сындыруға тырысқан еді.

М.Тынышбаев астананың архитектуралық-көркемдік келбеті жө-ніндегі өз ұсыныстарын, құрылысқа байланысты түрлі мәжілістерде айтқан болатын. М.Тынышбаевтың өз ұсыныс-пікірін айтудан ешуақытта бас тартпағанын, оны нақты дәлелдермен келтіріп отырғанын көруге болады. М.Тынышбаев жаңа астананың бас сәулетшісі, құрылысшысы да болғанын техникалық сипаттағы есеп-қисап, чертеждер түрінде сақталған құрылыс материалдары дәлелдейді.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет