М. Тынышбаевтың өскен ортасы және қоғамдық көзқарасының қалыптасуы



бет1/5
Дата29.01.2018
өлшемі1,35 Mb.
#36070
  1   2   3   4   5
КІРІСПЕ .........................................................................................3-10
І –Тарау. М.Тынышбаевтың өскен ортасы және қоғамдық көзқарасының қалыптасуы..............................11-19
ІІ- Тарау. М.Тынышбаев. Қазақтан шыққан тұңғыш техника маманы......................................................................20-26

ІІІ- Тарау. Түркістан-Сібір темір жолы құрылысында (1927-1930)...................................................................................27-36.
ІУ- Тарау. М.Тынышбаев-саяси қуғын-сүргін

құрбаны 37-51
ҚОРЫТЫНДЫ....................................................................52-56

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР...................................57-59

КІРІСПЕ

Қазақ халқының тәуелсіз мемлекеті бірнеше ұрпақтың арманы болды. Отарлық билік кезіндегі Қазақстан тарихы зорлықшыл саясат үстемдік еткен, қасіретке толы кезеңдермен ерекшеленеді.

Ал енді бүгінгі күні сол тәуелсіздігімізге қолымыз жеткенде, туған елінің, Отанының шынайы тарихын білуге деген ұлттық сана-сезімнің бұрын-сонды болмаған өрлеуінің куәсі болып отырмыз. Тарихымызға деген қоғамдық сұраныстың жоғары деңгейін Қазақстан Республикасының тұңғыш президенті Н.Ә.Назарбаевтың 1997 жылды "Жалпы - ұлттық татулық пен саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу"/1/; және 1998 жылды "Халық бірлігі мен ұлттық тарих жылы"/2/ деп жариялауы көрсетеді. Мұның өзі тарих тағылымының болашақ үшін маңызының өте зор екенін және бұл мәселеге мемлекеттік дәрежеде қолдау жасалып отырғанын аңғартады. Тарихшылардың, қоғамтанушылардың ендігі міндеттері тарихымыздың "ақтандақ" беттерін, құлдық психологиядан, жалған концепциялардан азат етіп, өткенімізді тарихи шындық тұрғысынан зерделеп, тарих тану ғылымының гуманистік борышын орындауға адал қызмет етулері болып табылады. Осылайша, өткенді ойша қалпына келтіре отырып және оның мұрагері болу арқылы қоғамдық индивид, сонымен бірге өзінің де қалыптасу процесін жасайды"

Осы орайда, кезінде тәуелсіздігіміз, азаттығымыз үшін күрескен, сондықтан кеңестік тоталитарлық жүйе құрбандығына айналған, есімдерін осы саяси тәртіп кейінгі ұрпақ санасынан "тазартуға" күш салған тұлғаларды тарихымызға оралту аса қажет. Сондай ірі қайраткердің және ғалымның бірі - Мұхамеджан Тынышбаев (1879-1938). М.Тынышбаев тәрізді тұлғаның қайраткерлігіне және еңбегіне объективті баға беру, ұлттық тарихымыз үшін ғана емес, егемен Қазақстанның жас ұрпағын рухани және саяси тұрғыдан тәрбиелеу үшін де керек.

Бұған қосымша осы уақытқа дейінгі жазылған отандық тарихымызда, жеке тұлғалардың, қайраткерлердің қызметі өз дәрежесінде баяндалды деп айтуға әлі ерте. Ал XX басындағы күрделі тарихи оқиғаларға белсенді түрде тікелей араласып, терең із қалдырған М.Тынышбаев сияқты ірі қайраткерлердің қызметі мен қоғамдық-саяси көзқарасын жан-жақты талдау арқылы, біз отандық тарихымызды одан әрі терең түсінуге жол ашпақпыз.

Мұның өзі біз зерттеп отырған тақырыптың өзектілігін көрсетеді. Жалпы, отарлық бұғау құрсауында болған елдердің тарихында алтын әріптермен жазылуға тиіс кезең-азаттық қозғалыс тарихы болатындығы түсінікті. Бізге де тікелей қатысты бұл кезенді толық танып білмейінше, жан-жақты терең зерттемейінше, енді-енді қалыптасып келе жатқан ұлттық дербес мемлекетіміздің негізі берік бола алмайды.

Белсенді қайраткерлерінің бірі - зерттеу тақырыбы етіп алған - Мұхамеджан Тынышбаев болып табылатын, Алаш қозғалысы ақиқатын білуге деген еліміздегі жаппай құлшыныс, бұл қозғалыстың алдына қойған мақсатының өміршендігінен және бүгінгі күннің тәуелсіздік идеяларымен үндесіп жатуынан туған еді.

Кеңестік тарихнамада ұлттық қозғалыстар, саяси партиялар тарихы тым біржақты, қатаң таптық көзқарас тұрғысынан зерттелгендігі белгілі.

М.Тынышбаев туралы кеңестік зерттеулерде жасалған тұжырым дәлел болады. Мысалы, 1957 жылы Қазақстан Мемлекеттік баспасынан шыққан "Қазақ ССР тарихының" I томынан мынадай жолдарды оқимыз: "Жетісуда Уақытша Үкіметтің комиссарлары болып Қоныс аудару басқармасының чиновнигі, патшаның отаршылдық саясатын белсене жүргізген эсер Шкапский және буржуазиялық-ұлтшылдардың басшыларының бірі М.Тынышбаев тағайындалды. Барлық прогрестік жаңа нәрселерден қорыққан, революцияны жек көрген буржуазияшыл-ұлтшылдар ауылда патриархтық-феодалдық қатынастарды сақтауға тырысты. Олар феодалдық жер иелену тәртібін, әйелдерді бұрынғы езілген, күндік қалыпта ұстау туралы, реакцияшыл мұсылман дін қызметкерлері үшін артықшылық жағдай жасау туралы және сот жұмысымен халық ағарту ісін солардың қолына беру туралы қаулылар қабылдатты.



Орыс халқы мен қазақ халқының жаулары-буржуазияшыл-ұлтшылдар орыс пролетариатына өшпенділікті қоздыру үшін қолдарынан келгеннің бәрін істеп бақты"/3/. Міне, М.Тынышбаев сияқты үлкен қайраткер тұлғаның кеңестік тарихта осылай біржақты мүлдем қараланып берілуінен де, бұл тақырыпты зерттеу қажеттігі айқындала түседі.

Тұтас Түркістан өлкесіндегі XX ғасырдың басындағы ұлт-азаттық қозғалыстың жетекшілерінің бірі, тарихшы-ғалым, қазақтан шыққан тұңғыш жоғары білімді техника маманы Мұхамеджан Тынышбаевтың өмір жолын, сан-салалы қызметін зерттеуге талпынысымыз, тарихымыздағы осындай олқылықтардың орнын толтыруға жасаған әрекетіміз.

Есімі Түркістан тарихының өте маңызды кезендерімен тығыз байланысты, саналы ғұмырын Отанының тәуелсіздігі жолындағы күреске арнаған, табиғи талантын, алған білімін халқының келешегіне, оның өркениетті елдер қатарына қосылуына жұмсаған, сол үшін жазықты болып, жазаланған осынау ардақты тұлғаның өмірі мен қызметінің арнайы зерттеу объектісі боларлық тақырып екендігі даусыз. Бүкіл өмір жолы, артында қалдырған рухани мұралары мен тарихи қызметі, кейінгі ұрпақты тәуелсіздіктің баға жетпес құнын қадірлей білуге үйрететін, патриотизмге, отансүйгіштік асыл сезімдерге баулитын М.Тынышбаевтың қоғамдық-саяси қызметін зерттеу бүгінгі танда ұлтымызды рухани тұрғыдан байытады. Тақырыптың өзектілігі міне, осыдан да туындайды.

М.Тынышбаевтың ұлттық тарих ғылымына қосқан үлесі зор. Сондықтан, тарихшы-қайраткер туралы алғашқы зерттеуді әрине, тарихшылар қолға алуға міндетті. Сондықтан да осы тақырыптан дипломдық еңбек жазуға итермеледі.

Мәселенің зерттелу деңгейі. Мұхамеджан Тынышбаевтың қызметін зерттеуге арналған жұмыстар, жалпы алғанда бірнеше кезендермен сипатталады. Алғашқы кезең - 20-жылдардың орта тұсына дейін, мәселені объективті талдауға және бағалауға тырысқан әртүрлі еңбектердің жарық көру кезеңі. Екінші кезең - 20-жылдардың соңынан басталып, 80-жылдардың екінші жартысына дейін созылатын М.Тынышбаевты біржақты қаралау, жөнсіз айыптау кезеңіндегі еңбектерден тұрады. Үшінші кезең - 80-жылдардың соңынан бастап, "жариялылық" пен "демократия" ұранының ықпалымен тарихи шындықты айтуға талпынған зерттеулердің, Қазақстанның егемен ел болуына байланысты жарық көрген еңбектерге ұласуымен ерекшеленеді.

М.Тынышбаевтың өмірі мен қызметі туралы алғашқы зерттеулер қатарына, Қазан төңкерісіне дейінгі мерзімді баспасөзде жарияланған бірлі-жарым мақалаларды жатқызуға болады. Мәселен, оның идеялас серіктері Ә.Бөкейханов, А. Байтұрсынов жөне М.Дулатов шығарған "Қазақ" газеті 1917 жылғы №247 санында: "Мұхамеджан Тынышбаев II Государственный Дума ағзасы, инженер. Саясат ісіне жетік, халыққа таза жолмен қашаннан қызмет етіп жүрген алдыңғы қатар зиялы азамат" деп көрсетіп, оның 1916 жылғы көтеріліс тұсындағы қызметіне объективті жоғары пікір білдірген болатын. Сол сияқты "Семиреченские ведомости" газеті де Құрылтай Жиналысына депутатыкқа кандидат М.Тынышбаевты "1905 жылғы революциялық қозғалысқа араласқан, Жетісу қырғыздары (қазақтары) арасына бостандық пен революция идеяларын үгіттеп таратқан облыстан шыққан тұңғыш қырғыз"/4/ деп сипаттап, одан әрі оның ақпан төңкерісіне дейінгі қоғамдық-саяси қызметіне тоқтала келе, бұл белсенді қызметтің нәтижесі, жандармдық полицияның қайраткерді үнемі бақылауға алуына әкелгенін жазады.

Кеңес үкіметі тұсында барлық ұлттық қозғалыстар қайраткерлері тәрізді Мұхамеджан Тынышбаев туралы да, тарихи шындық тұрғысынан арнайы зерттеу жүргізуге тиым салынды. Оның тек қоғамдық-саяси қызметі ғана зерттеушілер назарында болып, ал ғылыми және кәсіби қызметі мүлде ұмыт қалдырылды.

Кеңестік дәуірдегі тарих ғылымында мәңгі, өзекті тақырыптардың ең бастысы - пролетариат диктатурасының үкімет басына келуі, Түркістан өлкесінде Кеңес үкіметінің жеңу тарихы болғандығы белгілі. Тарихнамасы өте бай, осы мәселеге арналған саналуан зерттеулерде М.Тынышбаев сияқты "буржуазияшыл-ұлтшылдар" үнемі еске алынатын және көбінесе бұрмаланған белгілі фактылар мен "қалыпқа" салынған тұжырымдар сол күйінде қайталанатын. Сондықтан бұл кезеңдегі еңбектерге қысқаша шолу жасаумен шектелуді жөн көреміз.

Жазылу мезгілі азамат соғысы аяқталысымен басталып, 20-жыл-дардың ортасына дейінгі аралықты қамтитын еңбектердің (естеліктер, партиялық баспасөздегі мақалалар, арнайы зерттеулер)/5/ бірсыпырасы, кейінгі жылдарға қарағанда біршама объективті жазылған. Мұнда М.Тынышбаев қатысқан қозғалысқа, үкімет билігін қолына алғанына әлі көп уақыт бола қоймаған большевиктік биліктің және осы тәртіпке қызмет етуге шешім қабылдаған ұлт зиялыларынының алғашқы саяси бағалары берілген. Бұлардың ішіндегі ең маңыздысы, әрине, Алаш қозғалысының көрнекті жетекшілерінің бірі - Ахмет Байтұрсыновтың "Революция және қырғыздар" атты мақаласы. Мұнда ол, М.Тынышбаев тәрізді патша заманынан бастап, отарлық билікке қарсы күресіп, қазақтың ұлттық саясатына жетекшілік жасаған Қазақ интеллигенттері өкілдерінің атынан, осы қозғалыстың пайда болу себебіне, қазақ халқының 1917 жылғы қос төңкеріске қатысына, елді большевиктік анархиядан құтқару үшін құрылған уақытша Алашорда үкіметіне, бұл үкіметтің азамат соғысы жылдарындағы қызметіне, бірін-бірі алмастырып, билікке таласқан орыс үкіметтерімен (Уақытша Сібір үкіметі, Құрылтай Жиналысы мүшелері комитеті (Комуч), адмирал А.В.Колчак үкіметі және т.б.) байланысына және Кеңес үкіметі жағына өту себептеріне тоқталады. Сол сияқты осы қозғалысқа қатысқан А.Кенжин өз мақаласында, Алаш тарихын зерттеуде біржақтылыққа ұрынбауды, яғни осы қозғалыс пайда болған кезеңдегі нақты тарихи жағдайларға жете көңіл бөлудің қажеттігін ескертті. Оның ойынша, сол кездегі қазақ өлкесінің саяси-экономикалық жағдайын жан-жақты зерттемейінше және Алашорданың барлық құжаттарымен, нақтылы қызметімен толықтай таныспайынша, аталмыш мәселе туралы пікір тек "жорамал мәнге ғана ие болып", тиісті бағасын ала алмайды. М.Тынышбаев басқарған "Түркістан автономиясын" 20-жылдардың басында Н.Төреқұлов зерттеді. Ол "Т.", "Дервиш" деген бүркеншік есімдермен жазған мақалаларында, Түркістан өлкесінің Ресей империясы құрамындағы тарихына қысқаша тоқтала келіп, ұлттық автономиялық қозғалыс, либералды буржуазия мен зиялылардың ғана қолдауына сүйеніп, қалың бұқара арасында тамыр жаймағандықтан, өмірі ұзаққа бара алмады деген пікір білдірді/6/. Оның автономиялық үкіметті буржуазиялық бағыттағы және Кеңестерге қарсы дұшпандық ниеттегі билік деп сипаттаған ойы, кейіннен осы тақырыпқа арналған зерттеулерде, сілтеме жасалмаса да, оның пікірі негізгі тұжырым ретінде қайталанып отырды. Дегенмен Н.Төреқұлов, М.Тынышбаев басқарған Уақытша үкіметтің алғашқы кезде демократия мәселесіне ерекше көңіл аударғанын, мәселен, Түркістан автономиясындағы Халықтық Кеңестің құрамына жұмысшы және диқан өкілдерін кіргізіп, Кеңес үкіметімен қатар өмір сүрудің барлық саяси этикеті мен ережесін түгел сақтағанын көрсеткен болатын. Және ол, осы ұлттық автономияның Брест-Литва келісіміндегі халықтың өз жолын таңдай алатын пункттеріне сүйеніп, Бүкілодақтық Атқару комитетінен өзін өлкенің заңды Үкіметі ретінде мойындауды талап еткенін, бұған Смольныйдың мүлде жауап бермегенін де жазып қалдырды /7/.

"Отаршыл революция (Түркістан тәжірибесі)" атты еңбегінде большевиктік зерттеуші Г.Сафаровта Түркістан өлкесіндегі ұлттық қозғалысқа, оған жетекшілік жасаған М.Тынышбаев, М.Шоқай, М.Қари және т.б. қайраткерлердің 1917 жылғы қоғамдық-саяси қызметіне тоқталады. Тарихи таным мектебінің, революцияға дейінгі дәстүрі сақталған бұл зерттеуде, 1905 жылдары басталған ұлттық-мәдени Қозғалыстың біртіндеп, татар және қазақ зиялылары есерімен саяси прогрессивті - ұлттық сипатқа ие болғаны объективті тарихи процесс ретінде бағаланды. Еңбекте сондай-ақ, революциялық қозғалыстың Түркістан өлкесінде негізі болмағандығы, "ақпан төңкерісінің мұнда телеграф арқылы келгені" туралы шындық айтылған болатын. Г.Сафаров Түркістандағы Кеңес үкіметінің отаршылдық сипатын да дәл көрсете білді.

Алаш қайраткерлеріне 20-жылдардың соңынан бастап төнген қатер және сталиндік ойлау жүйесінің "Партия тарихының қысқаша курсы" шыққаннан кейін тарих ғылымында берік орнығуы, Алаш қозғалысын, жалпы Түркістан өлкесіндегі азаттық үшін күрестің тарихын жазудың тағдырын шешті. Енді большевиктік басылымдарда Ә.Бөкейханов, М.Тынышбаев бастаған қазақ интеллигенциясының бүкіл қызметі реакциялық, бұқара халықтың мүддесіне сатқындық деген тұжырым жасалды/8/.

Тарих ғылымының өз міндетінен айырылып, ресми саясаттың бағынышты құлына айналғанына, Алашорда үкіметінің контрреволюциялық роліне арналған ғылыми конференция қорытындысы нақты дәлел болады.

1933 жылы 8-28 желтоқсан аралығында, Қазақ марксизм-ленинизм ғылыми-зерттеу институтында өткен бұл конференция - қоғамдық-саяси қызметтерін, Қазан төңкерісіне дейін бастаған қазақ интеллигенциясы туралы екі топтың арасындағы қызу айтыс-тартыспен ерекшеленеді. Мысалы, М.Тынышбаевтың қоғамдық-саяси қызметін аяусыз "әшкерелеген" Брайнинге қарсы сөйлеген С.Асфендияров: "Шкапский де, Тынышбаев та 1917 жылы қазақтарға ойран ұйымдастыруы мүмкін емес, мен сол кезде Жетісуда қызмет істегендіктен, М.Тынышбаевтың қазақтарды қырып-жоймағанын дәлелдей аламын" деп, зал ішінде шу туғызған батыл пікір білдіріп, қазақ зиялыларының қызметін объективті бағалауға шақырған топтың (Мусин, Федоров, Меңдешев) өкілі болды. Бұларға қарсы Алаш қайраткерлерінің қызметіне тек біржақты пікір білдіріп, қазақ халқының тілін білмесе де, түпнұсқа деректерді өздері оқығандай "дәлелдер" келтірген, еврей ұлтынан шыққан С.Брайнин мен Ш.Шафироның жетегінде кеткен Ә.Жангелдин, І.Құрамысов бастаған топ тұрды.

Бірақ көп ұзамай, САсфандияровта осы соңғы топқа қосылуға мәжбүр болды. Оның 1935 жылы жарық көрген "Қазақстан тарихы (көне дәуірден бастап)" деп аталатын еңбегіндегі М.Тынышбаевтың қоғамдық-саяси қызметіне және тарихи көзқарасына берген бағасы тоталитарлық жүйе қысымының көрінісі. Мұнда ол, М.Тынышбаевтың 1916 жылғы көтеріліс тұсында ұстанған бағытын "қорқақтық, сатқындық, масқара" - деп сипаттаған болатын. С.Асфендияров, М.Тынышбаевтың қазақ халқының шығу тегін көне замандардан іздеп, географиялық, лингвистикалық деректер негізінде этникалық шекараның көлемділігін дәлелдеуге талпынған ғылыми ізденісіне де қарсы пікір айтқан еді. Бұл пікірді ол, "буржуазияшыл шовинист", "ұлтшыл" элементтерге тойтарыс беруім"/9/ деп түсіндірген бола-тын. Осылайша ұзақ жылдар бойы М.Тынышбаев есімі кеңестік тарих ғылымында "буржуазиялық-ұлтшылдықтың", "пантюркизмнің" баламасы ретінде ғана жазылып келді/10/. 80-жылдардың екінші жартысынан басталған қоғамдағы оң өзгерістер және 1991 жылы Қазақстанның өз тәуелсіздігін жариялауы отандық тарих ғылымына да игі әсерін тигізді. Тарихымыздың "ақтандақ" беттерін жаңа көзқарас тұрғысынан зерттеген еңбектер жарық көрді/11/.

Енді М.Тынышбаевтың да қоғамдық-саяси қызметіне, жеке өмірінс жаңаша, ұлт мүддесі тұрғысынан қарайтын шынайы жазылған мақалалар шыға бастады/12/. Бұлардың басым көпшілігі, оның 1917 жылғы қоғамдық-саяси қызметіне және өміріне, сол сияқты кәсіби қызметіне шолу түрінде жазылған. Қайраткердің саяси сөздері, қазақ тарихына қатысты еңбектері қайтадан басылып, жүртшылық игілігіне ұсынылды/13/.

Көбісі қазақ тіліне аударылған бұл еңбектер арнайы ғылыми талдау жасалынбай, қазқалпында жарық көргендігін айтсақ, болашақта тынышбаевтануда және тарихнамада атқарылар істің күрделілігін меңзейді.

Алаш қозғалысы қайраткерлерін, М.Тьшышбаевты еске алу кештерінде қайраткер-ғалымның өмірі мен қызметіне арналған ғылыми баяндамалар оқылды/14/.

М.Тынышбаевтың шығармалар жинағы алғаш рет 1993 жылы жарық көрді/15/. Кітапты құрастырған профессор Ә.С.Тәкенов пен архивист-ғалым Б.Байғалиев, қайраткер-ғалымның өмірі мен қызметіне қатысты деректер негізінде алғысөз жазып /16/ және оның табылған еңбектерін жинақтап, топтама етіп шығарды. М.Тынышбаевқа қатысты жаңа деректермен көптеп толықтыруды қажет ететін бұл еңбек, тынышбаевтанудың алғашқы ізденісі болып табылады.

Тарих ғылымының докторы, профессор М.Қ.Қойгелдиев "Алаш қозғалысы" деп аталатын іргелі монографиясында Кеңес үкіметі тұсында барынша бұрмаланған М.Тынышбаевтың Уақытша Үкіметтің Түркістан Комитеті құрамындағы қызметін, алғаш рет бұрын ғылыми айналымға түспеген соңғы деректер негізінде арнайы және нақты зерттеп, шынайы да, лайықты баға берді/17/.

Тарих ғылымының докторы, Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым. Академиясының мүше-корреспонденті К.Н.Нұрпейісов XX ғасыр басындағы қазақ интеллигенциясының қызметі туралы байыпты еңбегінде, Алаш қозғалысының басқа қайраткерлерімен бірге М.Тынышбаевтың да қоғамдық-саяси қызметіне тоқталып өткен/18/.

Соңғы жылдары жарық көріп жатқан, қазақ зиялыларының жекелегең өкілдеріне арналған зерттеулерде де және олардың өздерінің қайта басылған еңбектерінде де М.Тынышбаевқа қатысты мәліметтер кездеседі/19/. Жазушы Т.Жүртбаев, қазақ зиялыларының бірі - күрделі тағдыр иесі, жазушы М.Әуезовтың істі болу тарихына арналған еңбегінде, Ұлттық Қауіпсіздік Комитеті Архивіндегі М.Тынышбаевқа қатысты құжаттарды қазақ тіліне аударып, жариялады/20/.

Таяу шет ел ғалымдары да ұлттық қозғалыстарға арналған жаңа зерттеулерінде М.Тынышбаевқа арнайы тоқталып өтуде.

XX ғасыр басындағы саяси партиялар, қайраткерлер туралы Ресей ғалымдары шығарған энциклопедияларда М.Тынышбаевқа орын берілуін, оның қоғамдық-саяси қызметіне берілген жаңа баға ретінде қабылдауға болады/21/.

Саяси көзқарастары үшін әр жылдары шетелге қоныс аударуға мәжбүр болған М.Шоқай, З.В.Валиди және Б.Һайт еңбектерінде де /22/ М.Тынышбаевтың қоғамдық-саяси қызметіне қатысты пікірлер айтылған. М.Шоқай "1917 жыл естеліктерінен үзінділер" атты шығармасында Түркістан комитеті қызметіне, Түркістан автономиясы тарихына тоқталады. Мұнда оның Түркістан комитетінің түркі мүшелерінің бірі -М.Тынышбаевқа қатысты біржақты пікірін, Кеңестер Одағындағы саяси жағдайға және онда М.Тынышбаевтың қалуына байланысты жасалған сақтық деп түсінуге болады. Осы орайда оның, М.Тынышбаевты саяси тұлға ретінде емес, кәсіби маман-білгір инженер/23/ деп бағалауы, оны репрессияның қармағынан құтқаруға тырысқан әрекеті болуы ықтимал. М.Шоқайдың бұл пікірді 1936-1937 жылдары Кеңестер Одағында саяси қуғын өрістеген кезеңде "Жас Түркістан" журналы беттерінде айтқанын ұмытуға болмас.

Башқұрт халқының қайраткері, ғалым З.В.Тоған өзінің "Естелігінде" құрамында М.Тынышбаев бар Алашорда үкіметінің 1917-1920 жылдардағы қызметін, түркі тектес халықтардың ұлт-азаттық күресімен байланысты қарастырады/24/.

Б.Һаиттың Түркістандағы ұлт-азаттық қозғалысқа арналған зерт-теулеріндегі Алашорда үкіметінің қызметіне, оның жетекші қайрат-керлері Ә.Бөкейханов. М.Тынышбаев, А.Байтұрсынов және т.б. қоамдық-саяси қызметіне берілген объективті бағалары, бүгінгі күні де өзінің ғылыми құндылығын жойған жоқ.

М.Тынышбаевтың тарихи көзқарасына С.Асфандияровтан басқа, одан ертерек Ж.Ақбаев өз пікірін білдірген болатын. Ол өзінің "Қазақ халқының шығу тегі туралы" тақырыптағы баяндамасында М.Тынышбаевтың "қазақ" этнонимінің шығуы жөніндегі пікірімен келісе отырып, сонымен бірге бұл сөзді мүқият талдау оның белгілі бір мәні мен мағынасы туралы тұжырымдар жасауға мүмкіндік береді" /25/ деп жазады.

Кеңестік Қазақстан тарихнамасы туралы еңбегінде Г.Ф.Дахшлейгер, М.Тынышбаев пен М.Дулатовтың қазақ халқының шығу тегін, халық болып қалыптасуын өте ерте заманға жатқызғандығын сынайды/26/.

1990 жылы жарық көрген жұмыстарында тарихшы, археолог, этнограф ғалымдар, М.Тынышбаев, С.Асфендияров, А.П.Чулошников зерттеулерінің, негізінен, өлкенің саяси тарихына арналғандығын жазды.

Осы жылдары ұсынылған Қазақстан тарихнамасының "ақтандақ" беттеріне арналған еңбегінде И.М.Қозыбаев М.Тынышбаевты тарихшы ретінде сипаттайды/27/. Таяуда жарық көрген көп томдық Қазақстан тарихының 2 томын- "М.Тынышбаевты ғылыми емес әдістерді қолданып, қателікгер географиялық атаулардың, тарихи есімдердің лингвистикалық үндестігін, қазақ халқы тайпаларының ежелден келе жатқанының айғағы"/28/ ретінде қабылдады деп сынаған. Біздің ойымызша, Отандық тарих ғылымы енді қазтұра бастаған кезеңде, ұлтының біртұтас тарихын жазуға деген М.Тынышбаевтың талпынысына осындай баға берумен келісу қиын. Мұның өзі М.Тынышбаевтың тарихи көзқарасына арнайы жүйелі, объективті тұрғыдан талдау жасаудын қажеттігін көрсетеді.

Жоғарыда ескереткеніміздей, әлі күнге дейін қазақтан шыққан тұңғыш техника маманының кәсіби қызметі ешуақытта арнайы зерттеу объектісі болған жоқ. Мысалы, Түркістан-Сібір темір жолы құрылысын салумен бірге, ел ішінде кеңестік индустрияландыруды насихаттау мақсатында, іле-шала осы магистральға қатысты жарық көрген сан алуан еңбектерде оның еңбегі елеусіз қалды/46/. Тіптен М.Тынышбаев мүше болған Турксибке Жәрдемдесу комитеті мүше-лері тізімі берілген жинақта да, оның есімі көрсетілмеген. Кейін осы Турксибтің тарихына, Қазақстандағы жалпы жол қатынасы дамуына арналған зерттеулерде де М.Тынышбаевтың зор еңбегі әділетсіздікпен ұмыт қалдырылды/29/.

Сонымен Мұхамеджан Тынышбаевтың жан-жақты қызметіне, жеке өміріне қатысты ғылыми әдебиеттер - қайраткер ғалым, кәсіпқой маман туралы арнайы тарихи жөне кәсіби зерттеудің болмағандығын көрсетеді. Мұның өзі біздің тақырыбымыздың өзектілігін күшейте түседі.



Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет