М. Тынышбаевтың өскен ортасы және қоғамдық көзқарасының қалыптасуы


ІУ- Тарау. М.Тынышбаев-саяси қуғын-сүргін құрбаны



бет4/5
Дата29.01.2018
өлшемі1,35 Mb.
#36070
1   2   3   4   5
ІУ- Тарау. М.Тынышбаев-саяси қуғын-сүргін құрбаны

20-жылдардың ортасынан бастап Қазақстанның қоғамдық-саяси өмірі, Өлкелік комитеттің бірінші хатшысы болып Ф.И.Голощекиннің тағайындалуымен тығыз байланысты, қасіретті қайта құрулармен ерекшеленетіні белгілі.

Сталинизмнің идеологиялық аппаратының, тоталитарлық жүйенің орныға бастауымен бірге, ұлттық интеллигенцияның көрнекті өкілдері: Алаш партиясына мүше болғандарға, өлкедегі саяси-экономикалық қайта құрулардың әдістеріне және ұлттық ерекшеліктер мен жергілікті халық мүдделерін көзге ілмеген орталықтың озбыр саясатына қарсылық білдірген республика басқару органдарының басшы қызметкерлеріне (Н.Нұрмақов, Т.Рысқұлов, С.Қожанов, Ж.Мыңбаев, С.Садуақасов, Ж.Сұлтанбеков т.б.) /47/ қарсы бағытталған саяси қуғын-сүргін, 1927-1929 жылдары кең көлемде жүргізіле бастады.

Бұл қудалаудың бастауында И.Сталиннің өзінің тұрғаны да бүгінде тарихымызға жақсы белгілі. В.И.Лениннің тірі кезінде-ақ "сұлтан-ғалиевшілдік" деген атпен ұлттық интеллигенцияның кеңестік жүйеге қызметке кірген өкілдеріне қарсы ымырасыз күрес бастаған ол, 20-жылдардың орта шенінде өзінің қызметімен "қаналған тапқа" емес, қаналған ұлтқа қызмет етіп келген, яғни кейінгі жылдары большевиктер қатарына өткендеріне қарамастан, өткен өмірі бұл партия бағытынан әлдеқайда алшақ жатқан ұлт зиялыларына ашықтан-ашық сенімсіздік көрсетті.

Осыңың нақты мысалы И.Сталиннің 1925 жылдың 29 мамырында Түркістандықтарға "Ақжол" газеті туралы хат жолдауы болды. Қысқаша айтар болсақ, хаттың мазмұны екі мәселені қамтыды. Мұның алғашқысы, И.Сталиннің "Ақжол" газетінде жарық көріп жатқан материалдардан, бұл кезде шетелде эмиграцияда жүрген М.Шоқаймен идеялық ұқсастықтарды "көруі" болса, екіншісі бұрыш партияда (большевиктер қатарында) болмаған ұлттық интеллигенцияны партиялық, қеңестік органдардағы жауапты жұмыстардан аластау, оларды жастарды тәрбиелеуге жібермеу мәселесінің күн тәртібіне қойылуы еді. Сталиннің мұндай көзқарасы Алаш қозғалысына қатысушы ұлттық интеллигенцияға аса жайсыз тиді. Егер, М.Тынышбаевтың кезінде осы қозғалыстың белсенді қайраткерлерінің бірі болып ғана қоймай, Түркістан автономиясы басшылығында М.Шоқаймен қызметтес болғанын ескерер болсақ, оның алғашқылардың бірі болып қуғындалары сөзсіз еді. 1928 жылдан бастап идеялық қуғындау, ашықтан-ашық түрмелерге қамауларға үласты.

Алаш қозғалысы қайраткерлеріне Бүкілодақтық Орталық Атқару комитетінің 1919 жылғы 4-сәуірдегі және 1920 жылғы 15-сәуірдегі шешімімен амнистия жарияланса да/48/, тұрлі әдіспен бүркемеленген қудалау ақыры, осылайша И.Сталиннің тікелей ұйымдастыруымен "Алашорда ісі" атты тергеу ісіне айналды. Өмір бойы отарлық билікке қарсы күрескен екі ірі тұлға Ахмет Байтұрсынов пен Мұхамеджан Тынышбаев "тобы" деген атпен белгілі болған, бұл зобалаңнан аман қалған зиялы қазақ саусақпен санарлық.

Шын мәнінде кеңестік билікті қабылдамау себептері, ұлттық мүддеге қызмет етуден туындағанын айқын түсіне тұрса да, болыпевиктер М.Тынышбаевқа күдіктенгендерін қоймады.

"Кеңес үкіметіне өткен 10 жарым жылдың ішінде бар мүмкіндігіммен қолымнан келгенше адал қызмет еттім" деп өз қолымен жазып қалдырған М.Тынышбаевтың сөзінде қылаудай өтірік жоқ екеніне, біздің диплом жоғарыдағы бөлімдерінің мазмұндары айқын куә, берік дәлел бола алады деген ойдамыз. "Табиғат берген дарынды, алған білімімді үкіметке емес, халқымның игілігіне жаратуым керек, өзіммен бірге ештеңе кетпеуі тиіс деп айтатын" деген М.Тынышбаевтың кіші қызы Динарзада апайдың сөзін еске ал-ғанда, абзал жанның адалдығына да, көрегенділігіне де еш шүбә келтірмейсіз. Шындығында да, осы бір қасиетті, қайсар рухты тұлғалар алда болар зұлматты сезгендей, басаяғы 10 жылға жетпейтін уақыт ішінде Қазақстанның дамуына (экономикасына, мәдениетіне, ғылымына) өлшеусіз үлес қосумен бірге, осы шаралардың негізін қалаушылар болып тарихта қалды

Бүкіл кеңестік индустрияландырудың алғашқы ұлы жеңістерінің бірі - Түркістан-Сібір темір жолы іске қосылып, бүкіл халық болып осы қуанышты тойлап жатқанда, оның басшысы, негізгі салушысы-инженер М. Тынышбаев кенеттен тұтқынға алынды /49/. Бұл 1930 жылдың тамыз айының 3-жұлдызы болатын. Сонымен бірге, осы жылдың қыркүйек-қазан айларында X. Досмұхамедов, Ж. Досмұхамедов, Ж. Ақбаев, Ж. Күдерин, Қ. Кемеңгеров және т.б. тұтқын қатарын толықтырған еді. Алдыңғы легі (А. Байтұрсынов, М. Дулатов, М. Жүмабаев, X. Ғаббасов, Ж. Аймауытов т.б.) 1928 жылдың аяғында ұсталып, 1930 жылы да жалғасын тапқан (М. Тынышбаев, X. Досмүхамедов бастаған топ) контрреволюциялық ұйым құрған бұл "буржуазиялық-ұлтшылдардың", кеңестік жүйе алдындағы "айыптары" төмендегідей болатын: "Ақпан төңкерісіне дейін ұлтшыл"Алаш" партиясының құрамына кірген, "Алашорда" үкіметінің мүшесі болған, сондай-ақ орыстың ақгвардияшыл казактарымен, контрреволюцияшыл генерал Колчактың армиясымен бірігіп, кеңес үкіметіне қарсы күрескен, кейіннен контрреволюциялық армиямен Үкіметке кешірім жасалған соң да, контрреволюциялық ұйымның ұйытқысы болған қазақтың ұлтшыл-буржуазияшыл интеллигенциясының өкілдері кеңеске қарсы қылмысты әрекеттерін жалғастырып келді". Одан әрі ОГПУ құрастырған жаланың мазмұны да осы сарындас болып, қисыннан қиыстырылады. Яғни "Қылмысты іс бойынша айыпқа тартылған бұрынғы алашордашыл Ә.Ермеков 1921 жылдың басында, Мәскеу қаласында әйгілі ұлтшыл Байтұрсыновпен (қазақ ұлтшылдарының контрреволюциялық астыртын ұйымына қатысқаны үшін ОГПУ-дың коллегиясының шешімі бойынша 1930 жылы сотталған) бірге башқұрт ұлтшылы Валидовпен кездесіп, контрреволюциялық ұйым ашуға келіскен. Олар оның орталығына Орынбор қаласын таңдап алған".

Осындай айыптау М.Тынышбаевқа ғана емес, барлық алаш қоз-ғалысы қайраткерлеріне таңылғандықтан Зәки Валиди деген кім? деген сауалға қысқаша жауап бере кеткеніміз жөн болар.

Ахмед Зәки Валиди Тоған (1890-1970) Алаш қозғалысы қайраткерлері Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Тынышбаев жөне М.Шоқай т.б. етене араласып, Түркістан халықтарының және басқа да шығыс мұсылман-түркілерінің тәуелсіздік жолындағы күресін басқарып, олардың ұлттық болмысы мен мәдениетінің сақталуы үшін күрескен, Ресей түркілеріне ортақ ірі күрескер-тұлға. Мамандығы жөнінен мүсылман діни мектебінің мүғалімі. 1917-1920 жылдары башқұрт халқының ұлт-азаттық қозғалысына жетекшілік етіп, саяси қайраткер ретінде танылған. 1919 жылы мамырдан 1920 жылдың ақпанына дейін Башқұрт революциялық комитетінің төрағасы. 1920 жылы маусым айында ол, өзінің серіктерімен Түркістанға басмашыларға қосылады /50/.

Зәки Валиди 1923 жылы ақпанда В.Ленинге хат жолдайды. Онда ол оның өзіне және басқа да большевиктік партия басшыларына құрмет білдіре отырып, Шығыс елдеріне жіберілген Орталық Комитеттің кейбір өкілдерінің шовинизміне, жергілікті халықтың талап-тілегін ескере білмеуіне реніш білдіреді. Хатта ол өзінің саясатпен айналысуды тоқтататынын, шетелде ғылыми жұмыспен айналысқысы келетіндігін ашық білдірді. Хат Ленинге арналған мынадай сөздермен аяқталды: "Будьте осторожны, возможно у истоков совершенных ошибок стоите Вы сами". Валиди 1923 жылдың 10 наурызында кеңестік территорияны тастап, шет елге қоныс аударды. Бұл ГПУ-ге белгілі болды. Оның қалған өмірі КСРО-мен байланыссыз өтті. Ол ұзақ жылдар бойы Түркияда Стамбул университетінің профессоры қызметінде болып, сонда қайтыс болды. Валиди XX ғасыр басындағы Ресей түркілерінің ұлт-азаттық қозғалысы тарихынан құнды дерек болып табылатын көлемді "Естеліктерін" жазып қалдырды.



И.Сталин және оның серіктері ұлт аймақтарынан шыққан қайраткерлерді 1923 жылы 9-12 маусым аралығында өткен 4-ші Кеңесте-ақ Зеки Валидимен байланыс жасағандары туралы айып таға бастаған еді. Осы бағыт ақырында М.Тынышбаевпен бірге туған халқының тәуелсіздігі үшін күресушілерге ОГПУ тарапынан төмендегідей айыптардың тағылуына алып келді:

ұның артын ала айыпқа тартылып отырған Досмұхамедов Халел мен Міржақып Дулатов (ОГПУ коллегиясының шешімімен сотталған) Ташкент қаласында осы астыртын контрреволюциялық ұйымның бөлімшесін құрған, оның құрамына айыпталушылар болып отырған: Досмұхамедов Халел және Досмұхамедов Жағанша, Тынышбаев М., Үмбетбаев А. Мүңайтпасов Ә. кірген.

Орынбормен тікелей байланыстары болған және айыпкерлер Досмұхамедов Халел мен Жағанша, Тынышбаев Мұхамеджан дайындаған бағдарламаны қабылдаған, оның негізіне "Алаш" партиясының бұрынғы бағдарламасының талаптары өзек етіп алынған, яғни олардың түпкі мақсаттары - кеңес үкіметін құлату, құрылтай жиналысын өткізу арқылы қазақтың ұлтшыл-демократиялық республикасын құру, бұл мақсаттарына жету үшін ұлтшылдарға сынап тұрған кеңес үкіметінің мекемелерін пайдаланып, мәдениет майданын қолға алып, жастарды көтеріліске дайындап, кеңестік саясатты "Алаштың" бағыт-бағдарына сай бұрмалап отыруды көздеді".

Мұндай астыртын ұйымның Қазақстан тарихында болмағаны белгілі. "Өтірікті шындай" - қылды деген осы болар. Жалпы Алаш қозғалысына қатысушылардың саяси құрылысты көтеріліс, қантөгіс арқылы өзгертуге ешқашан да құлшынбағаны, Мұндай пиғылды қолдамағаны мәлім. Сондықтан "жастарды көтеріліске дайындады" деген жалған пікір. Осындай өтірікті қиыстырушылар М.Тынышбаевтың "астыртын ұйым" құрудағы рөлін де барынша бадырайтып көрсетуге тырысты. Сонымен бірге, топтың жетекшісі М.Тынышбаев, - деген жолдарды оқимыз онан ары құпия архивтен, - 1921 жылы Ташкентте құрылған жасырын контрреволюциялық ұйымның құрушысы әрі Ташкент филиалы президиумының мүшесі бола жүріп, ұйымға Алматы, Сырдария округтарынан адам тартуға, Орта Азиядағы басмашылық қозғалысқа басшылық жасап және Қазақстанда да осындай ұйым құруға тырысқан. Тұтқындалғанға дейін (1930, тамыз) кеңес үкіметінің Қазақстанда жүргізіп жатқан шаруашылық-саяси науқандары мен іс-шараларына: жерге орналастыруға, жер реформасына, ірі бай шаруашылықтарын тәркілеу мен колхоз құрылысына т.б. кедергі келтіріп, кеңес үкіметінің органдарын осы мақсатқа сай пайдалана отырып, бұрмалауға жол берген". Көріп отырмыз, ОГПУ ойдан шығарған өтірікке сенсек, М.Тынышбаев Ташкенттегі астыртын ұйымның мүшесі және Қазақстанда 20-жылдардың соңында және 30 жылдардың басында сталиндік-голощекиндік жобамен жүргізілген барлық шаруашылықтық-саяси науқандардың қас жауы.

Әрине, Мұндай күштеу науқандары халық мұңын жоқтаушы М.Тынышбаевқа еш ұнай қойған жоқ болар. Өйткені, Мұндай зобалаң туғызатын шаралар ол ұстанған саяси жолдан алшақ еді. Алайда, М.Тынышбаевтың осы жылдардағы қызметі негізінен, теміржолмен байланысты болғандықтан, ол мұндай шаруашылық-саяси науқандардан әлдеқайда қашық болды.

Дегенмен де, ОГПУ өзінің саяси айыптауларын М.Тынышбаевпен оның пікірлестерінің шынайы көзқарастарына үйлестіруге тырысқанын да айтпауға болмас. Айыптаулар кейде нақты сипат алды. Мүны төмендегі ОГПУ қорытындысынан байқай аламыз: "Кеңес үкіметінің қас жаулары, барып тұрған ұлтшылдар" осы айыптарына сөйкес, кінәларын мойындарына алды. Сөйтсе олар, төмендегідей ұлтшыл-контрреволюциялық қастандықтар жасаған болып шықты. 1) Жер мәселесі жөнінде Егерде Қазақстанды ешкіммен еншілеспеген дербес мемлекет деп қараса, онда жерге қоныстандыру шарасы тұрғындардың еркімен өз-өзінен шешімін тапқан болар еді. Ал қазір жерге қоныстандыру табиғи түрде емес, басы артық жерде анықтап, оған қоныстандыру саясаты - отарлау мақсатында жүргізіліп жатқандығынан, шаруашылық салалары отаршылдықтың қасіретті қамытын кимес үшін шүғыл шара қолдануға мәжбүр етеді. Бұл шаралардың негізгі бағыты - жергілікті тұрғындардың шаруашылық тәсілінің өзгеруіне орай үйлестіру және оны жер бөлігі түсында тиімді пайдалануға шерік құрылуы тиіс.

Бүкіл республика көлемінде жаппай жүргізіліп жатқан мемлекеттік қоныстандыру науқаны жан-жақты зерттеліп, анықталған ғылыми тұжырымға негізделуі қажет. Әр аймақтың экономикалық ерекшелігін, жалпы құрылымын, экономикалық бағытын зерттеп барып, 1921-1922 жылдары Жетісу губерниясында жүргізілген Жер-Су реформасыньщ үлгісімен шешім қабылданған дұрыс болмақ". Жалпы алғанда, М.Тынышбаев пен оның серіктерінің осындай, қазақ халқының ұлттық мүддесіне лайық пікірді үстанғандары рас. Мұндай көзқарасты олар бұрын да білдірген болатын. Ал енді соңғы рет олар бұл туралы қай жерде айтқан екен, ОГПУ-ды тындайық: "Ташкент қаласында, Түркістан Атқару комитетінде ауыл шаруашылығы факультетінің үйінде өткен Жер мәселесі жөніндегі ұйымның мәжілісіне Досмұхамедов, Тынышбаев, тағы басқа да адамдар қатысып, жоғарыдағыдай көзқарас білдірген және Жер реформасын жүргізетін өкілдіктің құрамына өз адамдарын кіргізуді ұйғарған". Осы мәжіліс туралы М.Тынышбаевтан арнайы жауап алған. Тегінде мұндай мәжіліс шынында да шақырылған тәрізді. Бірақ, бұл әрине астыртын ұйым мәжілісі емес, ғылыми кеңес болса керек. Жауап алу кезінде жасалған қысымнан, бәлкім, хаттаманы бұрмалап жазудан шындық өңін айналдыруға мәжбүр болған. Айыпкер Тынышбаев бұл жөнінде мынадай-куәлік берген: "1928 жылы, Мемлекеттік университеттің үйінде профессор Қожанов жерге қоныстандыру мәселесі туралы баяндама жасады. Бұл жиналыста біздің ұйымнан: мен, Есполов және Досмұхамедов Халел сөйледі. Баяндама бойынша жарыссөзге шыққан біз, өзіміздің бағдарламаға орай, жерге ең алдымен байырғы тұрғындар орналастырылсын деген пікірді қорғадық".

ОГПУ-дың боямалауына қарамастан, мұндай пікірді аталған кісілердің қолдайтыны рас екенін айта кеткеніміз жөн болар. Ф.И.Голощекин 1925 жылы Қазақстанға келген кезде С.Қожанов бастаған қазақ зиялыларының қоныстанушыларды кейін көшіру және жерге алғаш қазақтарды орналастыру туралы тегеурінді көзқарастарына төтеп бере алмай қатты сасып, нәтижесінде бүкілқазақтық V партия конференциясында "жерге алғаш қазақтар орналассын" деген шешім қабылдаған еді. Ф.Голощекин бұл шешімді келесі VI партия конференциясыңда ғана бұздыра алған еді /51/.

М.Тынышбаев 1930 жылғы 9 қыркүйектегі жауабында тағы да осы мәселеге байланысты былай дейді: "1923 жылғы Жетісу губерниясындағы Жер реформасы кезінде, Жер жөніндегі халық комиссарының міндетін атқарушы Есполов жетекшілік еткен техникалық кеңестің құрамына мен жөне Ходжиков мүше боп кіргеннен кейін біздің ұйымымыздың жер мәселесі жөніндегі бағдарламасын кеңінен жүзеге асыруға мүмкіндік туды. Соның нәтижесінде, Талдықорған ауданының Шұбар селосында жаппай наразылық туды". ОГПУ-дың бұл жердегі қулығы белгілі. Әңгіме 1930 жылы Шұбарда болған бұқаралық халық наразылығы туралы. Бұл көтерілісті басуға әскер барған еді. Енді ОГПУ осы көтерілісті ұйымдастыруға ешқандай қатысы жоқ М.Тынышбаев пен оның пікірлестерін тықпалап, нәтижесінде оларды үлкен қылмыскерлер етіп көрсетуге тырысып отыр.

Мұнымен де шектелмеген ОГПУ айьшталушылар күнәсін ауырлата түсу үшін М.Тынышбаевтың аузына төмендегідей сөздерді салады: "Тысқары жерден Қазақстанға келімсектерді орналастыруға бұрын да қарсы тұрдық және ұлтшыл ұйымның мүшесі ретінде қазір де келімсектерге қарсымыз. Бұл өзі ежелден келе жатқан біздің ұйымымызбен тікелей тарихи байланысы бар мәселе.

М.Тынышбаевқа қарсы оның серіктерінен, ОГГТУ зорлықпен көндіріп алған жауаптары да жұмыс істеді. Мысалы, Х.Досмұхамедов өзінің 12 қыркүйектегі "жауабында" былай дейді: "Жер мәселесіне біз қатты мүдделі болдық және жерге қоныстандыру мәселесі біздің ұйымымыздың мүддесіне сай жүргізілуін қаладық. Бұл мақсатқа біз, Жер жөніндегі комиссариатгағы біздің ұйымымыздың мүшелері арқылы, оның ішінде - Есполов пен Тынышбаев арқылы қол жеткіздік.

Осы пікірге қорытынды ретінде ОГПУ төмендегідей тұжырым жасайды:

"Қазақстанға келімсектерді жолатпауға тырысып, мұны патшалық отарлау саясатының жалғасы ретінде көрсетті. Ұйым жерді жергілікті тұрғындарға бекітіп беруді, сөйтіп Қазақстанда басы артық жер жоқ екендігін дәлелдеуге ұмтылды. Жер мәселесі жөніндегі өздерінің негізгі міндеттерін шешуге ұмтылған астыртын ұйымның мүшелері Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан өзге де кеңестік науқандар мен түрлі шаралардың мән-мазмұнын бұрмалап көрсетуге тырысты"/52/.

ОГПУ - қазақ ұлтшылдарының кеңес үкіметіне қарсы қастандық іс-әрекеттерін мәдениет майданынан да "әшкереледі". Бұл ұлтшылдар "өздерінің жолын қуатын ізбасарларды дайындаудың аса маңызды мәселе екендігін ескере келіп, ұйым мүшелері оқушы жастарды өздерінің қарамағына іліктіру үшін, белсенді түрде қимылдап және оларды ұлттық рухта тәрбиелеуге ұмтылған болып шықты".

Қаншама жек көру сезіміне толы болса да, ОГПУ-дың бұл айыптауларында шындық ұшқыны бар, әрине. Алаш қозғалысы қайраткерлерінің, жоғарыда әңгіме болған 1925 жылы жазылған И.Сталиннің "Ақжол" газеті туралы хатына дейін жастарға білім беру ісіне белсенді араласқаны белгілі. Осы хатты тікелей, нақты басшылыққа алған Ф.Голощекиннің Қазақстанға келуі Алаш зиялыларын жастар тәрбиесінен шеттетті. Кезінде, 1923 жылдың шілдесінде Әлихан Бөкейханов Дінше Әділұлына жазған хатында "Не балаларға сабақ беріп, не журналға, газетке мақала жазып Алашқа қызмет қылмасақ, не қазақ тілінде кітап жазбасақ, өзге жол бізге бөгеулі ғой" айтқан осы екі жолдың алғашқысы, яғни "балаларға сабақ беру" мүмкіншілігі де шектеліп Алаш қайраткерлері қоғамнан шеттетілді. Енді олар үшін "Өз етігің тар болса, ел бейбітінен не пайда" дейтін ауыр заман туды .

Қалай десек те, Алаш қозғалысы қайраткерлері осындай аумалы-төкпелі кезеңнің өзінде де өздерінің халық алдындағы абыройлы мақсаттарын табандылықпен жүзеге асыруға күш салды, және мәдениет саласында едәуір елеулі істер тындырды. Мүны біз М.Тынышбаевтың ОГПУ-ге берген төмендегі жауабынан айқын аңғара аламыз:

"біздің ойлаған мақсаттарымыз кеңес үкіметінің мемлекеттік басқару аппараты арқылы жүргізіліп, іске асты. Басқа салаларға қарағанда мәдениет майданында біз көп іс тындырдық. Қазақ мәдениеті мен ағарту ісінің жанашырларының қоғамы құрылды. Басқарма мүшелерінің құрамына: Х.Досмұхамедов-төраға, М.Есполов - орынбасар, М.Әуезов, М.Тынышбаев және Ж.Досмұхамедов (қазақтардың тәуелсіз кезендегі өмірін жырлаған, батырлар мен қазақ даласының қүдіретін баяндайтын ежелгі әндер мен халық аңыздарын), Әуезов (өткен кездің табиғаты мен ауыл өмірін үлгі ете эпикалық сарында суреттеді, оларды үлгі етіп көрсетті), Жұмабаев (сол сарындағы әндер мен өлендерді), Тынышбаев (орыс тілінде - кең байтақ кең далаға қоныстанған бұрынғы тәуелсіз өмірдің, өзге халықтарға тәуелсіз күн кешкен тарихын) кітап етіп бастырьш шығарды.

Маркстік қондырғысыз, бұрынғы "алашорданың" идеологиясының негізінде мектепке: Байтұрсынов, Аймауытов, Жұмабаев, Байтасов, Жәленов, Омаров Е., Омаров А., Байсейітов Ә, Әділов, Әуезов, Досмұхамедов X., Досмұхамедов Ж., Тынышбаев оқулықтар жазды.

Көпшіліктің алдында лекция оқып, баяндама жасағандар қазақтың мәдениеті мен тарихын, өмірін "Алашорданың" идеологиясы тұрғысынан түсіндіргендер: Досмұхамедов X., Есполов, Қашқынбаев, Жұмабаев, Әуезов, Тынышбаев - бұлар Ташкенттегілер, Орынбордағыларды білмеймін. Қожанов та баяндама жасаған, Асфендияров пен И.Тоқтыбаев және басқалар да араласты.

Осы кезде шыққан кітаптардың көпшілігі "Алашорданың" идеологиясы тұрғысынан жазылды, оқу орындарының түлектері сол идеямен қаруланып шықты".

ОГПУ өзінің осы жауапқа байланысты қорытындысында: "Соңғы уақытта Тынышбаев және басқа да астыртын ұйымның мүшелері түрмеге қамалғаннан кейін, ұйым мүшелері - Оқуағарту комиссариаты мен жоғары оқу орындарына, оның ішінде Қазақ мемлекеттік университетінің маңына топтаса бастағаны байқалады"/53/ - деп тұжырым жасап, оны М.Тынышбаевтың төмендегідей жауабымен "дәлелдеді":

"Қазақ жастары оқып жатқан Қазақ мемлекеттік университетін біз, өзіміздің идеологиямызды кеңінен таратуға мүмкіндік беретін оқу орны ретінде қарадық. Қазақ мемлекеттік университетін бітіріп шыққан соң мектептерде сабақ беретін, қалың бұқарамен тығыз байланыста болатын жастарды оқытады, сондықтан да, біз үшін бұл жастарды "Алашорданың" рухында тәрбиелеудің маңызы ерекше болды".

М.Тынышбаевтың жауабынан тағы бір аңғаратынымыз, оның бұрынғы алашордашылардың университетке топтасуларын амалсыздан мойындай отырып, сонымен бірге осы университет басшыларын жазалаудан арашалап қалуға тырысқан әрекетке баруы. "ҚазМУ-дың ректоры Аспендияров пен оның орынбасары Жандосов, - дейді ол өзінің жауабында, - бізбен жақсы араласып тұрды және бізге сенді, сондықтан да олар біздің пиғылымызды аңғарған жоқ. Мысал үшін, біздің оқу орындарындағы жүргізген әрекетіміз туралы маған Досмұхамедов хабарлаған бір жайтты айта кетейін: Досмұхамедов ҚазМУ-де рефлекстанудан дәріс берді және шәкірттерге маркстік емес тұрғыдан түсінік берді. Мұны байқап қалған студенттер, одан сабақты маркстік тұрғыдан түсіндіруді талап етіпті. Сонда ол мен марксшіл емеспін, сондықтан маркстік тұрғыдан түсіндіріп бере алмаймын, сондықтан да рефлекстануды маркстік негізде оқытатын адамды өздерің тауып алыңдар депті".

Мұнда М.Тынышбаевтың ОГПУ-ға белгілі фактілерді амалсыз мойындап отырғанын байқау қиын емес. Мысалы, Алаш қайраткерлерінің Оқу-ағарту комиссариатының қолдауымен біраз оқулықтар жазғаны да белгілі. Сондықтан да М.Тынышбаев өзінің жауабында былай дейді:

"Оқу-ағарту комиссариатының нұсқауы бойынша біз оқу орындарында қызмет етуге және кейбір кітаптарымызды шығаруға мүмкіндік алдық. Досмұхамедов пен Ермеков КазМУ-де, Сүлеев-Семейдің Аймақтық оқу-ағарту бөлімінде қызмет етті".

ОГГТУ М.Тынышбаевты аяусыз қаралау үшін, оның көмпеске науқанындағы әрекетіне де шүйлікті. Қайраткерді 1928 жылғы байлардың мал-мүлкін төркілеу науқанына қарсы жүргізілген әрекеттерді ұйымдастырушылардың бірі деп көрсетті. Мұндай айыптауларды "дәлелдеудің" ең дұрысы айыпталушының өзінің кінәларын өз аузымен айтып беруі еді. Мұндайды "ұйымдастыруға" ОГПУ қашанда шебер екені бесенеден белгілі. Төмендегі М.Тынышбаевтың кәмпескелеу науқанындағы өзінің және серіктерінің қызметі туралы "мойындаулары" осының нақты көрінісі:

"1928 жылы Қазақстанның үкімет орындары байлардың мал-мүлкін тәркілеу науқанына дайындық жүргізіп жатқан кезде, мал-мүлкі тәркіленіп өздері жер аударылуға кесілетін байлардың санын азайту үшін, біз тәркіленуге жататын шаруашылықтың мал санының мөлшерін неғұрлым жоғары белгілеу туралы қоғамдық пікір қалыптастырдық. Мұның барлығы Мемлекеттік жоспарлау мекемесі мен Жер жөніндегі комиссариатқа тікелей байланысты еді. Ол кезде Мемлекетгік Жоспарлау мекемесінде біздің ұйымның мүшесі Ғаббасов Халел жұмыс істейтін, ол біздің мақсатымызды жүзеге асыруға тырысты, ал біздің ұйымның ықпалында болған, біздің ұйымымызбен кездесіп, келіссөз жүргізген Сұлтанбеков Жер жөніндегі комиссариатта қызмет істейтін.

Біз ұйым мүшелері, байлардың жер аударылуына және олардың мал-мүлкінің тәркіленуіне қарсы шара қолданып, оларға алдын-ала ескертіп отырдық, сөйтіп, науқанның жүргізілуіне бөгет жасадық. Соның ішінде, менің өзім біреулер арқылы Тұрысбековтерге, Тәңірбергеновтерге және Есенқұлға және де басқаларға, сонымен қатар Лепсі уезіндегі өзім шыққан "найман" руының байларына хабар бердім".

ОГПУ органдары шаруаларды жаппай коллективтендіру науқанының көптеген қателіктерін де осы Алаш қозғалысы қайраткерлеріне және ұлт арасынан шыққан зиялыларға аударып бақты. Бұл айыптауларға ОГПУ "Шаруашылықтарды коллективтендіру науқанындағы буржуазияшылдық бұрмалаулар" деген атау берді және мынадай жалпылама қорытынды жасады: " Сондай-ақ астыртын ұйымның мүшелерінің жат пиғылдары шаруашылықтарды коллективтендіру науқаны тұсындағы бұрмалаушылықтарынан, оны болдырмауға тырысып баққан әрекеттерінен байқалды. Коллективтендірудің жүзеге аспай қоймайтынына, бұл шараларға тұрғындардың ерекше белсенділік танытып отырғанына көздері жеткен соң, олар жарым-жартылай рулық негізде құрылған колхоздарды ұйымдастыруға күш салды".ОГПУ жасаған Мұндай қорытынды тағы да кттрреволюциялық ұйымның басты жетекшілерінің бірі М.Тынышбаевтың жауабымен "дәлелдене" түсті. М.Тынышбаев тергеушіге бұл мәселеге байланысты төмендегідей жауаптар берген:

"Біздер ұйым мүшелерімен, Ермеков және Досмұхамедов үшеуміз колхоз құрылысы туралы өзара пікір алыстық. Алайда колхоздарды ұйымдастыру науқанына тосқауыл қоя алмайтын болғандықтан, қазақ ауылдарындағы колхоздарды шағындап қана рулық жүйемен құру керек деген тұжырымға келдік. Мұның басты себебі: қазақ қоғамындағы рулық құрылым әлі де күшті сақталып қалғандықтан да бар мүлікті жеке меншік иелерінің қолында сақтай отырып, шағын-шағын, жарым-жартылай ортақтастырылған шаруашылықтарды ұйымдастыру қазақ үшін қолайлы деп есептедік. Бұл біздің ұйымның ортақ пікірі еді және ешқандай көзқарас алшақтығы болған жоқ, оның үстіне біз бұл туралы Бөкейхановтың және басқалардың дәл осындай пікірде екендігін білетінбіз. Біз, кедейлердің басы бірікпейді, олар өзіне рулас байлардың ықпалынан шыққысы келмейді, өйткені рулық туысқандық сезімі қазақ арасында әлі де күшті деп есептедік. Біз бұл жөнінде партияда жоқ көптеген қызметкерлермен, коммунистермен әңгімелестік, олардың да осылай ойлайтынын білдік, колхоздастыру науқанын дәл осылай жүргізсе көптеген қиындықтарды жеңуге болатынына сендік. Сөйтіп, біз бұл әрекеттеріміз арқылы кедейлердің бірігуіне (тап-тық) бөгет жасап, рулық құрылымды сақтап қалуға тырыстық. Бұл идеямызды іске асыру үшін біздің көзқарасымызды қолдайтын Бұралқиев, Күдерин сияқты кісілерді тағы да басқаларды пайдаландық, сондай-ақ бізден ақыл сұрап келген қазақтардың барлығына да, дәл осындай колхоз құрыңдар деп кеңес бердік, бұл идеяны сол колхоз құрылысын ұйымдастырып және басқарып жүрген қазақ қызмет керлерінің бәрінің миына сіңіруге тырыстық.

1928 жылы Іле өзенінің арғы бетінде темір жол салу үшін зерттеу-барлау жұмыстарын жүргізген кезімде қазақтардың бәріне өз көзқарасымды түсіндіріп бердім және колхоздарды мен айтқандай үлгімен құруға шақырдым". М.Тынышбаевтың бұл жауабының сол кездегі қазақ қоғамына тән шындықты бейнелеп отырғанын байқау қиын емес. Рулық қатынастар ол кезде шынында да берік еді. Сондықтан да колхозға кірген ел, негізінен өзінің руларымен, туыстас аталарымен мүше болды. Бұл әрине, Ф.Голощекинге мүлде ұнамай, ол рулық колхоздарға қарсы белсенді күрестер жүргізді. Қазақстанның ресми басшылығьшың осындай көзқарасы ОГПУ органдарының Алаш қозғалысына қатысушыларға қарсы ұстанған жаулық саясатында тағы көрініс беріп, колхоздардың құрамында белгілі бір рудың басым болып кетуіне кінәлілерді іздестіру басталды. Мұндай да, алғашқылар қатарына әрине, М.Тьшышбаев пен оның серіктері ілікті Зерттеу тақырыбымызға байланысты М.Тынышбаевтың жауабы негізінде (сонымен бірге, бұл "М.Тынышбаев тобының" негізгі жауабына да жатады) түсіндіріліп отырған жоғарыдағы деректерде шын мәнінде ұлтын сүйген ұлтжанды ерлердің Кеңес үкіметі кезінде атқарған бүкіл қызметтері түгелдей тізіліп берілген. Алайда, оларға кері, теріс мағына да, қисынсыз жалалар қиыстырылып келтірілгені де көрініп тұр. Бұл саналы ғұмырларын туған халқына адал қызмет етуге арнаған жандардың тоталитарлық жүйеге табан тіреген Кеңес үкіметінен "көрген құрметі", "естіген алғысы" болатын.

Осылайша социализм жеңістерін мойындай қоймаған "халық жауларының" әрқайсысы өздерінің "қылмыстарына" сай жазаға тартылды. 1932 жылы 20 сөуірде N2370 іс бойынша РКФСР Қылмыс Кодексінің 58/7, 58/11 және 58/3 баптарының тармақтарымен айыпталған М.Тынышбаев жазасын өтеу үшін, алғаш 1930 жылдан бастап, бес жыл мерзімге концлагерьге қамауға жіберілсе, кейіннен бұл жаза Ресейдің Орталық Қаратопырақты аймағына (Воронеж қаласына) жер аударумен алмастырылды. Мұндай жазаға сонымен бірге, Х.Досмұхамедов, Ж.Досмұхамедов, Ж.Ақбаев, Ж.Күдерин және т.б. қайраткерлер де кесілді/54/- -

М.Тынышбаев Воронежге зайыбы - Әмина Ибрагимқызы Шейх-Али және кішкентай ұлы -Дәулетпен келді. Мұнда ол, Москва-Донбасс темір жол басқармасының өндірістік-техникалық бөлімі тобының жетекшісі және жобалау бөлімінің инженері болып істейді. М.Тынышбаевтың Воронеждегі өмірінен мағлұмат беретін деректер әзірге, өте аз. Біздің қолымызда оның Воронеж қаласында түскен өзінің, отбасының фотосуреттері ғана бар. Фотосуреттерден М.Тынышбаевтың кай жағынан болса да, қатты қажығандығы, шаршап-шалдыққандығы анық сезіледі. Бұл кезде 5 жасқа да толмаған Дәулет Мұхамеджанұлы бізге жазған хатында, Воронеждегі жағдайларының өте ауыр болғанын анасынан (Әмина Ибрагимқызы 1970 жылы қайтыс болған) естігенін айтқан еді. "Сұмдық аштық жылдары болғандықтан, әкеме берілетін мөлшерлі азық-түліктің өзі, көшедегі аш адамдардың көптігінен үйге жетпей таусылатын, анам ашыққан балалардың жанынан өтуге шыдамай, қолындағысын үлестіріп беретін еді" - деп жазады Д.Мұхамеджанұлы.

М.Тынышбаевтың жер аударылу мерзімі 1935 жылдың жазында аяқталады. Ол қуғын-сүргіннің мұнымен тоқтамайтынын жақсы түсінеді. Сондықтан да баласы мен зайыбын Қазақстаннан тыс жерге, Уфа қаласындағы Әмина Ибрагимқызының туыстарына жібереді. Өзі Батыс Қазақстанның территориясы арқылы Ташкентке, үлкен қызы Фатанадбануға келеді. Мұны әкесін 1935 жылы, осы жазда соңғы рет көрген Дина Мұхамеджанқызы былай деп түсіндірген еді: "Менің жолдасым Айтжан Бутин Қазақстанның батыс өңірінен болатын. Оның әке-шешесі осы жылдары Астрахань қаласына жақын "Бере-зино" деген жерде тұрды. Жолдасым нағыз коммунист болып, түрлі партиялық қызметтерді атқарды. Екеуміз аз ұлттарға берілетін жеңілдікпен, Иркутск қаласындағы түсті металдар және алтын институтына оқуға қабылдандық. Әкемнің хабарын Ташкенттегі апайым Фатанад-банудан еститінмін. Ол маған біреулер арқылы хат жіберетін. Сондай бір хатында апайым әкемнің жер аударылуы мерзімі аяқталғанын, әкемнің егер біз қарсы болмасақ (М.Тынышбаев кесірім тимесін деп қатты сақтанатын болған) құдасының ауылына жолдан соққысы келетінін білдіргенін жазған еді. Демалыста жүрген мен, бұл хабарды атама, Мұхамеджан Бутинге айттым. Адамгершілігі мол, кейін өзі де қуғын-сүргінге ұшыраған (семинария бітірген М.Бутин мүғалім болып істеген) атам еш қарсы болған жоқ. Сонымен әкемді Саратовтың түбіндегі Энгельс қаласына жақын жердегі "Алғай" деген станцияда поездан күтіп алдым. Әкемнің "қазақтың даласын, жусанын сағындым, бір иіскесем арманым жоқ" деген сөзі мәңгі есімде қалды.

Арып-ашып жүдеген әкем, атам үйінде бір аптадай болды. Оның қатты әлсірегендіктен, тіпті тамақ ішкенді де көтере алмайтыны есімде қалыпты. Ол тамақты талмап, аз-аздан ғана жейтін...".

Дина апай әкесін Ташкент бағытына баратын поезға шығарып са-лып тұрып, мәңгіге қоштасқанын білген жоқ еді

М.Тынышбаев Ташкентте көп болмай, Қандыағаш-Гурьев темір жолы құрылысына жұмысқа орналасады. Бірақ денсаулығының нашарлауына (жүрек ауруының асқынып, күре тамырдың ұлғаюы және қатты суық тиген) байланысты көп ұзамай, Ташкентке қайтып оралады. Ол мұнда да Ішкі Істер Халық Комиссариатының қармағынан құтылған жоқ. Ауру, әлсіз М.Тынышбаевты үндемес тыңшылар күндіз-түні терсзеден аңдитын болған. Ақыры оны 1937 жылдың 21 қарашасында Өзбек ССР-і Ішкі Істер Халық Комиссариаты тұтқынға алады. Бұл жолы оған таңылған басты айып 1917 жылы Қоқан қаласындағы Түркістан автономиясын басқарғандығы болды. Осы "күнәні" арқалаған М.Тынышбаев 1938 жылы 20 сәуірде "атылды". Бұлай көрсетуіміздің себебі, оның өліміне қатысты бірнеше фактілер бар. Мәселен, Дина Мұхамеджанқызы 50-жылдардың бас кезінде Ташкентке іс-сапарға барған кезінде, әкесімен түрмеде бірге болған азербайжан қартын жолықтырады. Тәуіп молда болғаны үшін сотталған, жасы бірталайға келген қарт М.Тынышбаевтың жүқпалы іш ауруынан (дизентерия) көз алдында қайтыс болғанын айтады/55/. Ал Дәулет Мұхамеджанұлы, әкесі қайтыс болғаннан кейін де, анасының ресми құжаттардан оның әлі бір жылдай тірі болғандығы туралы мәлімет тапқанын жазған еді. Қауіпсіздік мекемесінің бұралаң, құпиясы мол қызметінің бұрынғыша жабық күйінде қалуы, тарихи шындықты анықтауға әлі де құлшыныс таныта қоймауы, М.Тынышбаев тағдырында осындай "ақтандақтың" орын алуына жағдай жасап отыр.

Кеңес үкіметі М.Тынышбаевты ғана қуғындаумен шектелген жоқ. Оның балаларын, туыстарын, жерлестерін тіпті М.Тынышбаевты өмірі көрмеген адамдарды да қуғын-сүргінге салды. Бұл жазықсыз жалаға ұшыраған тағдырларға қысқаша болса да тоқталу, біздің қасиетті парызымыз болып табылады.

М.Тынышбаевтың алғашқы зайыбы Гүлбаһрам Шәлімбековадан үш баласы (Ескеңдір, Фатадан-бану, Динарзада) болды. Сүлулығымен Верный қаласына аты шыққан Гүлбаһрам, верныйлық дәрігер Бақия Шәлімбековтің қызы болатын. Бақия Шәлімбековтің немере інісі Сәдуақас Шәлімбеков М.Тынышбаевтың жақын досы, пікірлесі болғанын жоғары да айтқанбыз. Гүлбаһрам Шәлімбекова 1921 жылы Шым-кент қаласында тырысқақ ауруы жұғып, кенеттен қайтыс болып кетеді.

М.Тынышбаевтың тұңғышы - 1909 жылы туылған Ескендір Тынышбаев Мәскеудегі Кинематография институтын бітірген тұңғыш кинооператор - қазақ. Оған кезінде әкесінен бас тартуға, фамилиясын өзгертуге ақыл берушілер көп болған. Бірақ ол кісі мұндай үгіттердің, қоқан-лоққылардың бірде-біреуіне де көнбей, әкесінің алдындағы перзенттік борышын адал атқарды. Ол 1934 жылы Воронеждегі әкесі-не барып қайтқаны үшін "Алашорда тапсырмасын орындаушы" деген айыппен 10 жылға сотталып та кетеді. Бүкіл жастық шағы Сталиннің "толып жатқан" халық жауларына арналған лагерьлер; Д Беломорканалда, Соловкада, Е.Тынышбаев, кейін әкесін ақтап алуға да көп еңбек сіңіреді. Айдаудан қайтқасын, сүйікті ісіне оралған Есендір Мұхамеджанұлы республикамыздың еңбегі сіңген артисі ата-ғына ие болып, қазақ киноөнеріндегі ірі тұлғалардың бірі болды. Ешуақытта саясатқа сенбейтін, өткенін ауыр жылдардың зардабын көп тартты. Денсаулығынан айрылды. Ол 1995 жылы 1 сәуірде, 86 жасқа қараған шағында қайтыс болды.

М.Тынышбаевтың үлкен қызы Фатанад-бану Мұхамеджанқызы -әкесінің өмірінің ауыр сәттерінде қасында болды. Жолдасынан (Әуесқан Мүсәпіров Түрксиб темір жолында есепші болып істеген, жастай, аурудан қайтыс болады) ерте айырылған, кәмпескеге ұшыраған ірі байдың келіні болған Фатанад-бану Мұхамеджанқызы да зұлмат жылдардың қиындығын көп көреді. М.Тынышбаев осы қызының қолында тұтқынға алынды. Түрмеге тамақ тасып, әкесінің қасіретін қолынан келгенінше бөлісуге тырысқан Фатанад-бану апай, оның "атылғанын" да алғаш болып естіді. Ол кісі 1993 жылы, Алматы қаласында жалғыз қызы-Назифаның қолында қайтыс болды. М.Тынышбаевтың екінші қызы - Динарзада Мұхамеджанқызының да (ол кісі жолдасының фамиялысында) көрген қорлығы жетерлік. Оның жолдасын Кеңес үкіметі екі рет, 1937 жылы және 1942 жылы тұтқындады. Жолдасы Айтжан Бутин Ақтөбе лагерінде 10 жылы өткізді. Оның ақылымен екі баласын алып, ертерек Қазақстаннан кеткен Дина апай, ұзақ жылдар бойы Ресейде, Сібірде, Қырғызстанда бой тасалады. Қазақ қыздарынан шыққан тұңғыш металлург Дина Мұхамеджанқызы балаларын жеткізу үшін, кеңес үкіметі көрсеткен қорлықтың бәріне шыдап бақты. Бүгінде жасы 84-ке қараған Дина апайдың арқасында, Тынышбаев әулетінің басындағы зобалаң туралы көптеген мәліметтермен таныс болдық. М.Тынышбаев 1925 жылдары Сәдуақас Шәлімбековтің жесірі - Әзиза Шәлімбековаға үйленіп, одан бір қыз балалы болады. 1926 жылы дүниеге келген Еңлік Мұхамеджанқызы шын әкесінің кім екеніндігін білмей өсті. Қазақстанда қудалау басталғанда Сәдуақастың балаларына (Сәдуақас Шәлімбековтің артында үш баласы қалған болатын) зияным тимесін деген М.Тынышбаев, көп ұзамай Әзизадан заңды түрде ажырасады. Бұл Әзизаны да, оның балаларын да, Еңлікті де "халық жауына" жақындықтан құтқару амалы болатын. Сөйтіп, олардың барлығы қуғын-сүргіннен аман қалды. Еңлік Мұхамеджанқызы; Шөлімбекова болып, тек 1976 жылы ғана анасынан әкесі туралы шындықты естіген еді. Күні бүгінге дейін қызмет істейтін (ағылшын тілінің маманы) Еңлік Мұхамеджан-қызының әкесі туралы білетін сыры осы ғана.

М.Тынышбаевтың үшінші зайыбы -өзінің жақын досы, студентгік кезінен бірге жүрген Дәуд Махмудұлы Шейхалидың қарындасы-Әмина Ибрагимқызы болатын. Ол М.Тынышбаевпен Воронежде бірге болды. М.Тынышбаев Әмина Ибрагимқызынан Дәулет есімді бір ұл сүйді. 1931 жылы ақпанда Алматы қаласында дүниеге келген Дәулет, түрмеде жатқан М.Тынышбаевтың айтуымен, нағашысы Шейх-Алидің атына жазылған. М.Тынышбаевтың бұл ақылы баласының келешегін ойлап, заманның аяқ алысын болжай білгендігі еді.

1935 жылы Уфаға келген Әмина Ибрагимқызы мен Дәулет Мұхамеджанүлы туыстарын паналайды. Материалдық жағынан қатты қиындық көрген олар, Әмина Ибрагимқызының апайы Хажар Ибрагимқызының (дәрігер) және оның жолдасы Шахбаз Еникеевтің (мал дәрігері) көмегі арқасында, естерін жинап, өз-өздеріне келе бастайды. Әмина Ибрагамқызына ересектер мектебінде оқып, педагогикалық институт бітіруіне де мүмкіндік туады.

Дәулет Мұхамеджанүлы әкесін соңғы рет шамамен 1936-1937 жылдары көрді.

Ол әкесінің Уфаға келіп, түн ортасына дейін Шахбаз Еникеевпен саясат туралы әңгімелескенін есіне алады. Кейін Шахбаз Еникеевте тұтқындалып, Хажар Ибрагимқызы басқа жерге жер аударылды.

Дәулет Мұхамеджанүлы Кеңес үкіметі түсында Қазақстанмен мүл-де байланысы болған жоқ. Ол хатында өзін Қазақстанмен байланыстыратын бір-ақ нәрсе - Ресейдің паспортындағы ұлты қазақ, туған жері - Алматы және әкесі Мұхамеджан деп көрсетілген белгі ғана екенін жазады. Дәулет ағай 1968 жылы Уфа қаласында өткен "Қазақстан мәдениетінің он күндігінде" Ескендір Мұхамеджанүлымен кездеседі. Екеуінің бірге түскен фотосуреттері де сақталған. Бірақ Ескендір Тынышбаев ол туралы ешкімге сыр шашпай кетті. Сталйнизм-тоталитаризмның сұм заманы туыс-бауырларды бір-бірінен, ата-ананы балаларынан осылайша айырып, араларын алшақ ұстауға мәжбүр етті.

Мұнайшы ғалым Дәулет Мұхамеджанүлының Қазақстанмен алғашқы байланысы, хат арқылы 1995 жылы көктемде ғана жалғасқан еді. Уфадағы Мұнай Ғылыми-Зерттеу институтына Атырау қаласынан іс-сапарға келген бір қазақ мұнайшысынан, М.Тынышбаевтың "Қазақ халқының тарихы" атты кітабы Алматыда басылып шыққанын кездейсоқ естіген Дәулет ағай, осы кітапты шығарушылардың бірі - профессор Ә.С.Төкеновқа өзінің туу туралы куәлігін, М.Тынышбаевтың фотосуреттерін және т.б. кейбір құжаттарының көшірмесін жіберіп хат жолдаған болатын. Осыдан бастап, Дәулет Мұхамеджанұлы туған елімен әзірге хат арқылы байланыс жасауда

М.Тынышбаевтың аталас туыстары да, жерлестері де қуғындалғанын жоғарыда айтқанбыз. Бұл туралы М.Тынышбаевтың туысы, 70 жылдары Мемлекетттік Қауіпсіздік Комитетінің "қысымын" көрген Болат Тақаров былай деп жазады: Менің әкем Мусаев Тақар 20-жылдардың ішінде М.Тынышбаевтың қолында тұрып, білім алды. Сонымен бірге, тағы да 7-8 бала Мүқаңның үйінде тұрып, оқыды. Ол кезде қазақ зиялылары солай істейді екен.

1937 жылы желтоқсан айының ортасына әкем тұтқындалды.

Мусаев Тақар 1911 жылы туған, комсомол бастауыш мекебінің мұғалімі. Мусаев (кейде Мусабаев деп те жазылған) Тақар антисоветтік ұлтшылдық бағыттағы ұйымдардың жетекшіеі болған. Тиым салынған жиындарға қатысқан. Алашорда жетекшісі М.Тынышбаевпен байланысты болған". Болат Тақаров одан әрі өз естелігінде, бұл жаланың бәрі негізсіздігін, әкесінің М.Тынышбаевтың ғылыми тапсырмасын (тарихқа қатысты ел ішінен деректер жинау) ғана орындағанын жазады.

Мусаев Тақар 10 жылға сотталды. Онымен қоса М.Тынышбаевпен байланысты деп 17 адамды бірге соттайды. Олардың он бесі М.Тынышбаевты өмірі көрмеген еді.

Естеліктен сол жылдардың осындай қасіретімен бірге, Мемлекеттік Қауіпсіздік Комитеті органының ақылға сиымсыз қызметін де дәлелдейтін фактілерді кездестіруге болады. Мәселен, кеңестік жүйенің "қауіпсіздікті" сақтаған іс-әрекеті шектен шыққан оғаш болғаны, осы М.Тынышбаевтың тарихқа қатысты еңбектеріндегі тарихи фактілерді бұрмалап түсінуден де байқалады. М.Тынышбаев "Көксу қаласының қираған орны" деген зерттеуінде ". Назар би орыстарға берілгені үшін Ұлы Жүздің билеушісі Тезек төренің аулын әлденеше рет шапқан"/426/ деп жазған болатын. Сол үшін 1937 жылғы үлкен террорда Назар биге, оның баласы Керімқұлға ауылдас болғандар, жалпы жалайыр руының (Назар бидің шыққан руы) көптеген адамдарды жазықсыздан-жазықсыз ұсталған еді.

М.Тынышбаев екі дүркін 1958 жылы 28 ақпанда және 1970 жылы 27 ақпанда қылмысы болмағандықтан "ақталды"/56/. Адам өмірінің тоталитарлық жүйе қолында ойыншық болуының нақты көрінісі -міне осы.

Алайда, кеңестік әкімшіл-әміршіл жүйе мүнымен ғана шектелмей, халқының бостандығы, ұлтының азаттығы үшің күрескен М.Тынышбаев тәрізді қайраткерлердің алдына қойған игі мақсатын, ұстанған қасиетті бағытын бұрмалап, оларды мансапқор, өз басының қамын ойлайтын шенқұмар етіп көрсетуге тырысты. Осының айқын көрінісі - Сәкен Сейфуллиннің әйгілі "Тар жол тайғақ кешу" романындағы М.Тынышбаев пен оның серігі Қоңырқожа Қожықовтың Түркістан автономиясын большевиктер талқандаған соң, жасырынып жүрген кейіптерін "ит қуып сандалған бұралқы қасқырларға" теңеуі дер едік.

М.Тынышбаевқа және оның серіктеріне осылайша жаулық пиғылмен қарау, қазақ халқынның кейінгі ұрпақтарын тарихи шындыққа сәйкес келмейтін біржақты таптық көзқарас рухында баулыды. Қайраткерлер ақталғаннан кейінде, олар туралы ақиқат айтылған жоқ. "Партиялық ақталау" мен "азаматтық ақталау" туралы "қағида" ойлап тапқан "білгіш-коммунистер" мұны қаламаған болатын. Қайраткерлер туралы 30-жылдардан бері туған ұрпақтар мүлде қаралау тұрғысынан ғана біледі. М.Тынышбаевтың, жалпы Алаш қозғалысы қайраткерлерінің, бүгінде қатары жылдан-жылға сиреп бара жатқан үрім-бұтақтарының саясатқа сенбейтіндігі, үркер, өте сақ болатындығының себебі де осыдан екені түсінікті. Олардың басындағы қасірет, М.Тынышбаев және оның серіктері туралы шындық тұмшалаулы күйінде Қазақстан тәуелсіздік алғанға дейін сақталып келді. Осылайша, И.Сталиннің тұсында саяси қуғын-сүргін құрбаны болған М.Тынышбаев, Компартияның кейінгі Бас хатшылары тұсында рухани тұрғыдан қудалау құрбаны болды.

Тірі кезінде де, қайтыс болғаннан соң да әділетсіз кеңестік жүйе соңына "шам алып түскен" қазақ халқының ардақты ұлы М.Тынышбаевтың қатал тағдыры міне осындай



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет