«Мұқағали – мәңгілік ғұмыр»
Қазақ поэзиясының Хантәңірі – Мұқағали Мақатаевтың шығармашылығына арналған әдеби-сазды кеш
Кештің білімділік мақсаты: М.Мақатаевтың өмірімен жан-жақты таныстыру, шығармашылық жолынан мәліметтер беру, ақынның сөзіне жазылған әндерді көпшілік назарына ұсыну.
Дамытушылық: Оқушылардың өлеңге деген ынтасын арттыру, көркем сөз оқу шеберлігін, іздемпаздық қасиеттерін қалыптастыру.
Тәрбиелік: Табиғатты аялауға, Отанды сүюге, адамгершілікке, қарапайымдылыққа, өлеңді, өнерді, сезімді бағалауға тәрбиелеуге, өмірден өз жолдарын қажымай іздеп, адаспай табуға баулу.
Армысыздар құрметті халайық.
Ұстаздар мен оқушылар! Қадірменді жыр сүйер қауым.
2-Жүргізуші: Қазақтың қара өлеңін кие тұтқан, жүрегінің түбінен қайнап шыққан асыл жырларымен қалың жұртшылықтың махаббатына бөленген Мұқағали Мақатаев шығармашылығына арналған Мұқағали – мәңгілік ғұмыр» атты поэзия кешімізге қош келдіңіздер!
1-жүргізуші
Батар күн, келер күн, атар таң, шығар күн
Бәріңе, бәріңе, бәріңе құмармын.
Осы мен осылай мәңгілік тұрармын,
Осы мен сірә де өлмейтін шығармын.
2-жүргізуші
Өмірім, сірә да, әріден басталған,
Әріден басталып, мәңгіге тасталған.
Осы мен өлмейтін, өлмейтін шығармын,
Сәл ғана мызғып ап қайтадан тұрармын.
1-жүргізуші
Бүгін Мұқағали жұлдызы қазақ өлеңінің аспанында ерекше нұрланып, жанып, жарқырап көрініп тұр. Сұлтанмахмұт, Ілияс, Қасым жұлдыздарындай көзге оттай басылып, ыстық көрінетін ол жұлдызды басқаларының жұлдыздарымен шатастыру мүмкін емес.
Атырауға барсаң да, Арқа мен Алтайға барсаң да алдыңнан Мұқағали шығады, Мұқағали жұлдызы жарқырайды.
Австралияның не немістердің құйып қойғандай костюмін кимей-ақ, галстугін тақпай-ақ, біресе сәбише шаттанып, ақ түйенің қарны жарылғандай- ақ жарқын, бірде қайғысын қара жерде ауырсынардай кейіпте, енді бірде ақылы мен сезімін көзінен ғана ұқтырған сәл мұңдылау түрінде қарсы алдында қасқая қарап тұрғандай. Мұнайшы да Мұқағали әнін салады, балықшы да, малшы да Мұқағали жырымен айта алмай жүрген ойларын жұртқа естіртеді, Катонқарағайда қалған қарындасының сағынышы ма, дауылы Махамбет боп дауыстаған құм Нарындағы ақын жанды бауыры ма, Асан қайғы аруанасының ізінен өнген Шардараның шарқ ұрған шағаласы ма, бұлттары өлең боп құшқан Оқжетпестің көк тасты қиясындағы қарағайы, әйтеуір бәрі Мұқағали болып сөйлейді, Мұқағали болып ән салады.
Бұл – қапас қуыста демің тарылғанда төбедегі нүктедей тынысыңды кеңейтер таза ауа секілді құдірет. Нағыз өнер құдіреті деген осы. Бұл – поэзия құдіреті.
2-жүргізуші
Қуат алып Абайдың тіл күшінен,
Жыр жазамын Абайдың үлгісімен.
Абай болып табынсам бір кісіге,
Абай болып түңілем бір кісіден - деп жырлап өткен ақиық ақын Мұқағали Мақатаев тірі болса биыл 83 жасқа толар еді. Жыл керуені алға жылжыған сайын Мұқағали Мақатаевтың артына қалдырған өшпес мұрасы жарық жұлдыздардың қараңғы түн қойнауынан сәулесін шашқандай жарқырай, өркендей өсіп, айшықтыла түсуде. Абай үндес Мұқағалидай перзенті бар халық – шынымен бақытты халық.
Ән«Сен үшін» сахнаға Серікова Ақнұрды шақырамыз
1-жүргізуші
М. Мақатаев Алматы облысы, Райымбек ауданында, Қарасаз ауылында дүниеге келген. Мұқағалидің азан шақырып қойған толық аты – Мұқаметқали. «Пайғамбардың атын түгел айту балаға ауыр болады», - деп еркелетіп, қысқартып Мұқағали деп атап кеткен. Ақын 10 жасыныан бастап өлең жаза бастайды. Ақын ауылдың кеңесінің хатшысы, әдебиет пәнінің мұғалімі, республикалық газеттің тілішісі, қазақ радиосының дикторы, «Жұлдыз» журналының әдеби қызметкері, жазушылар одағы поэзия бөлімінің жастар жөніндегі кеңесшісі міндеттерін атқарады. Көптеген жинақтарын оқырман қауымға ұсынды: «Армысыңдар достар», «Шуағым менің», «Аққулар ұйықтағанда», «Дариға жүрек», «Өмір дастан», «Өмір-өзен». Бүгінде ақынның өлеңдері поэзия сүйер қауымның іздеп жүріп оқитын жырына айналды. Хан тәңірдің биік шоқтығындай болған ақын өлеңдеріне кезек берейік. Аламан бәйгеде оза шауып, өлең - жырда шашасына шаң жұқтырмаған ерен жүйрік талантты тұлға Мұқағали ақынның өмір жолы сан қырлы. Оны біріміз білсек те, біріміз білмейміз, енді бір сәт оның өмірінен деректерге жүгінсек.
(«Менің анкетам» оқитындар Жұмабаев Нұрмұхамед, Халмұрзаев Бибарыс )
– Туған жерің?
– Ұланымын Қарасаз деп аталатын ауылдың.
– Туған жылың?
– 1931. Құрдасымын Шәмілдің.
– Жынысың кім?
– Еркекпін ғой, еркекпін!
Және-дағы тәуірмін...
– Партияда барсың ба?
– Жоқпын.
Бірақ коммунистік көзқараспен қараймын.
– Шыққан тегің?
– Шаруамын.
Бар тірліктен бағалы оны санаймын.
– Білімің ше?
– Орташа ғой.
Алайда өзім жоғарыға балаймын.
– Ана тілің?
– Қазақша.
Қысылғанда орысша да, немісше де, тағы бар.
– Қайда істедің?
– Мынау «Еңбек кітапшамнан» танып ал.
Оқымаған, дипломсыз демесең,
Бір басымнан бар мамандық табылар.
– Міндеттісің бе әскерге?
– Міндеттімін.
Біздің әлі жас кеуде.
Жауынгердің ұлымын ғой,
Жанын қиған Мәскеуге.
– Сөгіс алып көрдің бе?
– Ол жағынан періште едім дей алмаймын
Мен мүлде.
Ойлы-қырлы бұл өмірде болады ғой мүлт кету,
Ол өзі бір еншісі ғой ездің әрі ердің де...
– Шетелдерде болдың ба?
- Болғамын жоқ.
Олар маған тұрған да жоқ қол бұлғап.
Қалсам болды, өлсем болды жәйіммен,
Осы отырған орнымда-ақ.
– Мекен-жәйің?
– Мекен-жәйім – жер менің.
Жерде жүрген ақын деген пендемін.
Қалам, қағаз, уақыт бер тек аздаған,
Мен өмірді жырлау үшін келгемін!
2-жүргізуші
Шетінен өлең-жыры шұғылалы,
Әр қырын, біз түсініп болған жоқпыз, ұғып әлі.
«Шын поэзия жасырынып тұрған дүние сұлулығының шымылдығын сыпырып тастайды» - деген еді Шелли Хан. Мұқағали поэзиямен қалай сырласқанын тыңдап көрелік. Мұқағали поэзиясы таңғы шықтай мөлдір поэзия. Бүгінде ақынның ортамызда болмағанына налыймыз, ал медет тұтарымыз алып ақынның өлеңдері халқының қалтқысыз бағасын алып, келер ғасырға керуен көшін сенімді түрде ұзатып барады.
(«Поэзия» өлеңі орындайтын Болысова Альбина )
О, поэзия!
"Поэзия, менімен егіз бе едің?
Сен мені сезесің бе, неге іздедім?
Алауыртқан таңдардан сені іздедім,
Қарауытқан таулардан сені іздедім.
Сені іздедім кездескен адамдардан,
Бұлақтардан, бақтардан, алаңдардан.
Шырақтардан, оттардан, жалаулардан,
Сені іздедім жоғалған замандардан.
Сені іздедім досымнан, қасымнан да,
Ақша бұлттан іздедім, жасыннан да.
Сен бе дедім- ақ нөсер ашылғанда,
Қызыл - жасыл шұғыла шашылганда,
Көк жиек пен көк жиек косылғанда.
Махаббаттан іздедім, сагыныштан,
Арманымнан іздедім алып ұшқан.
Сәттерімнен іздедім жаңылысқан,
Сені іздедім жадырау,жабығыстан,
Сені іздедім зеңбірек гүрсілінен,
Күннен, түннен, гүлдердің бүршігінен.
Қуаныштан, түршігу,күрсінуден,
Сені іздедім жүректің дүрсілінен.
Сені іздедім сезімге у шараптан да,
Минуттардан іздедім, сағаттан да.
Сені іздедім, іздеймін тағат бар ма?
Сені маған егіз ғып жаратқан ба?"
2-жүргізуші:
Мұқағали – ғажайып, ақиық, сыршыл, гуманист ақын. Ол бізге көрінбейтін сиқыр бояулардан, бізге естілмейтін құпия дыбыстардан тоя алатын жұмбақ ақын.
Қалқам, мен Лермонтов, Пушкин де емен,
Есенинмін демедім ешкімге мен,
Қазақтың қара өлеңі – құдіретім,
Онда бір сұмдық сыр бар естілмеген...
деген ақын өлеңінің сырларын суреттеп, бояумен өрнектеген
(Күй «Ирен») орындайтын Аяпова Жанна
1-жүргізуші
«Алауыртқан таңдардан сені іздедім, Қарауытқан таулардан сені іздедім», - деп тіршіліктің жұрт көзіне көріне бермес сәттерінің бәрінен сезімге толып, шарқ ұрған ақын кім?
Өмірлік мақсаты, жырларының құдіреті жайында, туындаған сауалдарға жауапты оның жүрек лүпілі мен сезім құдіретінен құйылған қанық бояулы жырларынан іздестіреміз. Осындай қайталанбас дарын иесі 1931 жылы 9 ақпанда Алматы облысы Нарынқол ауданы қасиетті Қарасаз ауылында туған. Мұқағалидың әкесі – Сүлеймен, анасы – Нағиман, әжесі – Тиын, жұбайы – Лашын, балалары – Жұлдыз, Айбар, Алмагүл, Шолпан.
(«Әкеме», «Анама», орындайтын Үсіпәлі Аян, Аман Нұрай)
ӘКЕМЕ
Сонымен құладың ба, тас қамалым?
Қалмады күйініштен басқа амалым.
Зиратың аяқ асты болмасын деп,
Бұзылған қорғанымнан тас қаладым.
Шынымен құладың ба, шым қорғаным,
Шынымен өртендің бе, нулы орманым?
Әке, сенің өмірінді жалғамасам,
Құрып кетсін жер басып, ұл болғаным!
АНАМА!
Түсінбеймін, қашан сенің ақ сүтің
Ақталады, менен күткен үмітің...
Аяулы анам, қасіретті, шерлі анам,
Тұл тұрмыстың торы сені шырмаған!
Тілегіңе жетемін деп көздеген,
Тентімеген жерің бар ма, кезбеген?
Ғазиз анам, мейрімді анам, мен деген,
Бақыт дәмін тата алмай бір шөлдеген.
Жанарыңдай үміт етіп аңсаған,
Жақсылықтан не көрсеттім мен саған.
Ақтай алмай сенің төккен теріңді,
Арқалаттым күйігім мен шерімді.
Көрген сайын самайыңнан ағыңды,
Жасырып ой жей береді жанымды.
Көзім түссе мандайыңның сайына,
“Сорлы” деген сөз келеді ойыма...
Жоқ, Анажан! Сені мұндай қорлыққа
Тастамаспын, ап шығармын жарыққа!
(Сүтіңменен бірге сіңген санама...)
Ақ сүтіңнен адал қаным садаға!
Сенгін, ана! Сенгін, ана, балаңа!
Ақ үмітің текке кетпес далаға!
Аяулы анам, асыл анам, мен деген,
Өтті-ау өмірің қасіретпен, шерменен.
Сенсің, апам, бақытым да, барым да!
Тастамаспын сені от пен жалынға!
2-жүргізуші
Таулар, таулар, тауларым-ай!
Сағынысып қаппыз ғой тарланым –ай!
Таудағыдай еш жерде күн шықпайды,
Түн болмайды еш жерде таудағыдай.
Тау менің несібеме тиіпті ерек,
Мендегі шаттық бөлек, күйік бөлек.
Ақсақалдар: - Таудай бол –дейтін маған,
Таудай болғым келеді биік керек. Осылайша тереңнен толғаған сыршыл ақын өмірден өз биігін іздеумен өтті. Ол биігі – Туған халқы, Ана тілі, Атаменкені. Ақын жалындап өткен 45 жыл ғұмырында алдындағы арманда өткен Ахмет, Мағжан, Ілияс, Мұхтар, Қасым сықылды қазақ тілі үшін күресіп, қара топырақ қойнына кіргенше ана тілі үшін айқасып қазақ тілінің қайтадан алып жұлдыз – Алтын Күнге айналуына өз үлесін қосқан ақын Халқы мен Отанынан әсте кем санамай, осы өмірдегі бірегей үш Бақытының біріне балайды.
(«Үш бақытым» орындайтын Михайлов Фарид )
«Үш бақытым»
Ең бірінші бақытым – Халқым менің,
Соған берем ойымның алтын кенін.
Ол бар болса мен бармын, қор болмаймын,
Қымбатырақ алтыннан нарқым менің.
Ал екінші бақытым‐ Тілім менің
Тас жүректі тіліммен тілімдедім.
Кей‐кейде дүниеден түңілсем де
Қасиетті тілімнен түңілмедім.
Бақытым бар үшінші– Отан деген,
Құдай деген кім десе, Отан дер ем!
...Оты сөнген жалғанда жан барсың ба?
Ойланбай – ақ кел дағы, от ал менен.
Үш бірдей бақытым бар алақанда,
Мені мұндай бақытты жаратар ма!
Үш Күн нұрын төгеді аспанынан
Атырау, Алтай, Арқа, Алаутауға!!!
1-жүргізуші
Қазынам бар
Біреуге берсем бе екен?
Өкпелейді-ау бермесем,
Берсем, бөтен.
Бар байлықты қойныма тығып алып,
Әлде мына құмдардай өлсем бе екен? Мұқағали қазынасы, әрине, - өлең, досы да өлең.
2-жүргізуші
... Махаббат бүгін және қарамады,
Қарамады...
Жанымды жаралады.
Білесің бе?
Шын махаббат –
Осылай қарамаудан жаралады! Иә, нәзік жанды ақынның жүрегінің шынайы іңкәрлік сезімі махаббатқа ұласады.
(«Ғашықпын»өлеңі оқитын Айтжан Сандуғаш)
Ғашықпын, шын ғашықпын сол адамға,
Мен болмасам болмайын, сол аман ба?
О, тәңірім неткен жан қайрылмайтын,
Жүрегі еттен бе, әлде қоладан ба?
Ғашықпын, қайтіп оны жасыра алам,
Бір алтын оның әр тал шашы маған.
Сағынайын, таусыла сағынайын,
Сағынышқа жаралған ғашық адам.
1-жүргізуші
Масайрап жатқан бұл бір асыл арна,
Арнасы адамымен ашыларма.
Ерлігі ұлдарының аңыз болып
Жыр болған сұлулары ғасырларға.
Елбасы Н.Ә.Назарбаев Фариза Оңғарсынова туралы
былай деген: «Оның қаламынан туындаған нәзік те отты жырлар әрдайым халқымыздың жан-жүрегін еріксіз баурап алатын. Оның өлеңдерінен өзіне тән өр мінезі, өршіл рухы, адам жанының терең қалтарыстарына жіті үңіліп, соны таң қаларлықтай шеберлікпен аша білетін қуатты талант тегеуріні айқын сезіліп тұратын. Сондықтан да Қазақстан халқы ақиық ақын, тамаша журналист және еліміздің көрнекті қайраткерін ерекше қадірледі»
М.Мақатаев та,Фариза поэзиясына құрметпен қарап, «Фариза» атты өлеңін жазған.
Ән «Фариза» орындайтындар Аяпова Жанна, Максудов Алишер
2-жүргізуші
Жапырақ – жүрек, жас қайың,
Жанымды айырбастайын.
Сен адам бола бастасаң,
Мен қайың бола бастайын.
Келісесің бе, жас қайың? – деп, ақ қайыңмен тілдескен ақын ана-табиғаттың жұпар иісін аңқытып, сұлулық әлеміне бойлайды.
1-жүргізуші
М. Мақатаевтың ақын ретіндегі басты тақырыбы – өлең өнері еді. Ақын өлеңнің жақсылығын, құндылығын көрсетеді. Шыр етіп жарық дүниенің есігін ашқаннан сәбиді жылы құшағына алып, әлдиін жырлайтын жан ана. Бала үшін ең бақытты сәт анасының жұмсақ алақанында жатқаны болса, ананың шаттыққа толы сәті, сәбиінің кіршіксіз шат күлкісі, ана тіршілік бастауы болғандықтан, ана туралы «Шеше, сен бақыттысың» - деп жырға қосады. «Аққу – киелі құс». Олар екеу болып қана өмір сүреді. Аққуды қазақ ежелден қастерлеп, бақыттың бастамасы, жақсылықтың жаршысы, пәктіктің, сұлулықтың белгісі деп ұғады. Киелі, құс төресі деп санап оған ешқашан оқ атпайды. Оған дәлел ақынның «Аққулар ұйықтағанда поэмасы».
Көрініс: «Аққулар ұйықтағанда» (поэмадан)10 сынып оқушылары
Автор:
Өзен де жоқ сыймаған арнасына,
Жылға да жоқ даламен жалғасуға.
Таста тұнған жаңбырдың тамшысындай
Қалай біткен мына көл тау басына?!
Мөлдірейді,қарайды қарға, шыңға
Жалғыздықтан жамандық бар ма, сірә.
Қанша ғасыр өтті екен, қанша заман?
Қанша ұрпақ кетті екен, қаншама адам?
Қанша шырша өсті екен, құлады екен,
«Жетім көлге» қараудан шаршамаған?
«Жетім көлден»су ішкен қанша марал,
Қанша киік қалды екен сай ‐салада?
Қанатынан үзіліп ән‐самала,
Қаншама аққу кетті екен–аңсаған ән?
Бала жатыр төсекте, албыраған,
Әке жатыр еденде, қалжыраған.
Түн күзетіп ана отыр, қос жанары
Шарасыздан шаршаған, жаудыраған.
Түні мынау тамыздың маужыраған,
Тауы анау шымылдық салбыраған.
Бала жытыр төсекте күйіп‐жанып,
Баласының ана отыр күйін бағып.
Қайдағы бір қатыгез, сұрқай ойлар
Миын қарып барады, миын қарып.
Ана:
«Мана, күндіз, тәуіп шал не деп кетті?!
Әлде өтірік, әлде шын демеп кетті.....
– Аққуменен баланы аластаңдар,–
Деді дағы жәйімен жөнеп кетті......»
– Тұрсайшы, таяу қалды таң атуға,
Неткен жансың санасыз жаратылған?!
Манағы тәуіп шалдың айтқан сөзі
Ұмытылып кетті ме санатыңнан?
.....Айналайын аққудың қанатынан,
Қайтеміз, ол да адаиға бола туған.
Әке:
– Апыр‐ ай, қалай барам, қалай барам?!
Атармын аққу құсты қалай ғана?!
Айдынның аққулары ұйықтағанда,
Өрген мал, өскен шырша абайлаған,
Барлығы қасиетке қарайлаған,
Оқ атам қасиетке қалай ғана?!
Бармаймын, бара алмаймын, қалай барам?!
Автор:
Адуынды жан екен алған жары:
Ана:
– Жалғыз ұлдан артық па, жалған бәрі!
Балам өлсе, бақыттың керегі не?!
Топан су басып кетсін қалғандарын.
Перзент сұрап несіне армандадың?!
Құрысын онсыз сенің жанған бағың!
Мылтықты әкел!
Атты ертте!
Жалған бәрі!
Автор:
Қасқа таң.
Бұлбұл үні.
Көл бетінде
Аққулар ұйықтап жатыр тербетіле.
Бас бағып жағада отыр жалғыз ана,
Таңданып тәкаппар құс келбетіне.
Шошымай шолжаң өскен батырларың,
Ана отыр шыршаға жақындады.
Көзі тұнған бейбағың, топ аққуға
Білмей қалды мылтықтың атылғанын
Көздің алды көк түтін, ақыл жарым
Білмей отыр жаңағы тыныштықтың
Сүт ұйыған тегешін сапырғанын!....
Автор:
«Жетім көлдің» басында жылқы жатқан,
Дөңге шығып, қарт тұрған жылқы баққан:
Шал:
«....Апыр‐ай, бұл кім болды таңсәріде
Көргенсіз көл басында мылтық атқан?!
Құстардың зәре‐құтын шырқыратқан,
Неғылған қаныпезер құлқы қатқан?!
Мылтықты атарлықтай көлге келіп,
Апыр‐ай, жоқ еді ғой елде желік...»
Автор:
Алыс тұрып, ақырды қыр басынан:
Шал:
«Берекесін бұл жердің кім қашырған?...»
– Ей!
Кімсің?
Тірісің бе?
Жаның бар ма?
Аққуды неге атасың, арың бар ма?!
Тастағын қаруынды, келгін бері,
Келгін бері, кеудеңде жаның барда!
Автор:
...Байғұс әйел үн‐түнсіз жылап тұрды,
Қарттың үні мең‐зең ғып құлаққа ұрды.
Қолындағы мылтығын құлаштап кеп,
Бөгелмей, «Жетім көлге» лақтырды.
Қартқа қарай ақырын аяңдады,
Қарусызға қарт келді, аянбады
...Көзінен жас, көңілінен зар төгіліп,
Болған жәйтті келіні баяндады.
Шал:
– Әй, балам!...
Болмады ғой, болмады ғой...
Қасиет кетті көлден, сорлады ғой.
Тәуіптің айтқанының бәрі өтірік,
Атқа мін, ауылға қайт, олжаны қой!...
Мін атқа, қайт ауылға, тағат қыл да,
...Білмеймін,сор аттың ба, бақ аттың ба?!
Аққуға кезенерде, ырым жасап,
Тым құрса саусағыңды қанаттың ба?
Ана:
– Әлек боп, арпалысып сор‐қайғымен
Жоқ, ата, жасамадым оңдайды мен...
Жасымнан естігенім бар‐тын еді,
Әйтеуір аққу атқан оңбайды деп...
Шал:
– Солай, солай...
Аманат бір Құдайға...
Қай‐қайдағы түседі құрғыр ойға...
...Ат басынан шұғыл бұрып, тайып тұрды,
Қарт тастап нелер сұмдық сырды бойға.
Автор:
...Абыр ‐сабыр, үй маңы дүрбелең‐ді
Алғаш ана абыржып, білмеген ‐ді
Ат үстінен түсе алмай қатып қалды
Мелшиіп, білмей тіл мен үн дегенді,
Білмейді, қайда келді, кімге келді.
Ақ төсек–аппақ айдын, аққу–бала,
Жаралы аққу секілді жаттың ба, ана?
Ана:
«...Мына жатқан «Жетім көл», мына аққуды
Өз қолыммен өлтірдім, аттым жаңа...
Жоқ!
Мен емес...
Мен атпадым...
Кеше гөр, кешіре гөр, Жаратқаным?!»
Автор:
Күледі, бірде жылап зарланады,
Көкке қарап, бекерге қарманады,
Бірде үнсіз, мелшиіп тың тыңдайды,
Құлағында аққудың арман әні
Алдымен жұрт үн‐түнсіз таңданады,
Қыбыр‐сыбырартынан жалғанады....
Бірде ана көкке жайды алақанын:
Ана:
– Қазір, ботам...
Мінеки, таң атады...
Қазір, ботам, аққумен ұшықтаймын...
Жазыласың құлыным... балапаным!
Автор:
...Сол кеткеннен мол кеттім, оралмадым,
Жерді аңсаймын...
Жалғыз‐ақ сол – арманым.
Қиын екен қимасың екі бірдей
Көз алдыңда ғайып боп жоғалғаны...
Орында екен «Жетім көл», жоғалмапты,
Ортаймапты немесе тола алмапты.
Жағалауын жауыпты жасыл жалбыз
Қасиетті аққулар оралмапты.
1-Жүргізуші
Ақынды ақын оятпаса, болмайды,
Ақынды ақын таяқтаса, ол қайғы.
Ақынға ақын басынан-ақ жуықты,
Барлық ақын бір анадан туыпты. Мұқағали туралы Шәмшінің естелігінен. «Мұқағали екеуміз мұңдас едік. Армандас едік.
-Шәмші, сен бақыттысың. Сенің әндерің жұртышылыққа тарап кетті. Сен өлсең де, халқың сені ұмытпайды, - дейтін ол.
- Мен емес, қайта сен бақыттысың.
- Неге?
- Ақын-еркін құс. Ойындағысын бүкпелемей айта алады. Айтылған сөз – атылған оқпен тең, қайтып орнына келмейді, қорамсағында неше оғы болса, қалаған кезінде атып жібереді. Ақынның ақындығы осында, - деп Шәмші ағамыз сағына еске алады екен.
2-жүргізуші
Бір жыл ішінде туып, ән-жыр көгінде қатар жарқыраған қос жұлдыз бірінен-бірі бір сәт ажырасса сағынатын, алыстап кеткен сәттерінде бірін-бірі іздеумен өтті, бірін-бірі аңсаумен болды.
(«Шәмілге жазған хаттардан» өлеңінен үзінді оқитын Асқарова Ақтолқын)
О, шіркін!
Қайран күндер.
Сайран күндер!
Қанатын бақыт құсы жайған күндер.
Жалт бұрылып, оқыс бір қарағайда,
Жүзіңнен жүрексініп, тайған кімдер.
Сол күндер ғой - жүректің аңсағаны,
Соған шөлдеп, айызым тамсанады.
Өкініш пе, білмеймін, қуаныш па?
Өз-өзінен жүрегім ән салады.
Әнсіз өмір емір ме, қаңсымай ма,
Өзегіңді өртеп дерт, жаншымай ма.
Махаббатқа арнап бір ән шығарсын,
Шәміл-ау!
Шәмші кайда?
Шәмші қайда?
Шәмшіге айт,
Тағы да бір таңдандырсын,
Жындандырсын жүректі, жандандырсын!
Мәңгі өлмес Махаббатым айта жүрер,
Мәңгілік өлмей туғын ән қалдырсын!
1-жүргізуші
Ақындардың көмейінен жыр ақса,
Кейбіреулер жыр бәйгеде жүр ақсап.
Бақыт деген – асыл болса, бір мысқал,
Бақыт деген – уақыт болса, бір-ақ сәт. Бақытты құрайтын махаббат па, әлде махаббатты құрайтын бақыт па, деген түйіні тереңде жатқан сауалды ақын өзінше тұжырымдайды.
(Ән «Ана, сен бақыттысың» орындайтын Мусанов Тимур)
1-жүргізуші
Қымбатты достар! Ақынның шығармаларының бәрін біріктіріп оқып қарағанда, оның шығармалары бір үлкен поэма іспетті. Адамның өмірі мен өлімі, қасіреті мен қуанышы туралы поэма.
2-жүргізуіші
Сырым да –осы,
Жырым да –осы,
Алдыңда.
Байқашы бір,
Бықсыдым ба, жандым ба?
... Мұхаңдар жоқ,
Махандардың сарқыты –
Мұқағали Мақатаев бар мұнда!
(«Өшем деп өкінбеймін...»орындайтын Бекмұхамед Аяна)
1-жүргізуші
Қарасаз, қарашалғын өлеңде өстім.
Жыр жазсам, оған жұртым елеңдестің
Өлсе өлер Мұқағали Мақатаев
Өлтіре алмайды, алайда өлеңді ешкім.
2-жүргізуші
Сен қазақтың қазақтығын жырладың,
Ашып айттың қазағымның мұң-зарын.
Сол даңқыңды ұрпағыңа жеткізген
Қара өлеңнің – жалындаған жырларың.
Зулап күндер, жылдар аунап барады,
Жырларыңнан қазақ бақыт табады.
Қадіріңді сәл кешірек білсек те,
Мәңгі есімің жадымызда қалады.
(«Есіңе мені алғайсың» Вальс орындайтындар Аяпова Жанна, Усипали Аян)
1-жүргізуші
Ақын мұрасы, маржан поэзиясы – мәңгілік, болашақ ұрпақтың еншісі, қастерлеп қадірлейтін қазынасы.
Құрметті тыңдарман қауым! Қазіргі жас ұрпақтың бойын жақсылыққа, ізгілікке, өз ұлтын сүйе білуге баулысақ, сол арқылы мына күрмеуі көп қиын заманда бүкіл саналы өмірінде елінің болашағын жырлап өткен, халқына деген махаббатын тек поэзияда ғана емес, өмірде де, күресте де үлкен азаматтықпен қорғай білген М. Мақатаев мұралары ешқашан өлмек емес.
2-жүргізуші Сөз лицей директоры Б.А.Жандосаваға беріледі
Осымен кешіміз аяқталды. Келіп тыңдағандарыңыз үшін рахмет. Қош, сау болыңыздар!
Достарыңызбен бөлісу: |