Алаштың ардақтысы Мағжан Жұмабаев: «Алты алаштың басы қосылса, төрдегі орын – мұғалімдікі» деген өміршең ой айтқанын қалай ұмытарсың! Бұл сөз қазақ қоғамындағы ұстаздың орнын анықтап тұр. Білім жолына жетелеген аяулы ұстаз Нұржан Рәшқызы үлгі етерліктей тұлға. Оқушыларға ең күрделі пәннің қыр-сырын үйретіп, есеп-қисапқа дағдыландырған да – осы кісі. Нұржан Рәшқызының ғұмыры – нағыз үлгі болатын, ғибратты ғұмыр дерсің...
Ұстаздың еңбек жолына қарасақ, мектебіміздің ардагер ұстазы оқушылардың өмірлік ұстанымы мен адами болмыстың бағытын дәл анықтауға үлкен үлес қосқан екен. Әрине, ұстаз әр баланың ерекшелігін зерттеп, бағамдай алмаса, оқушыны да толық танып біле алмауы анық. Ал Нұржан Рәшқызы оқушыларды жақсы көрді. Адам болудың қыр-сырын үйретті. Отанға адал қызмет етудің маңыздылығын кең көлемде айтып, жеткілікті түсіндіргені де есте. Бүгінде шәкірттерінің бірі дәрігер, бірі ұстаз жолын қуған мұғалім болып еліміздің өркендеуіне өз үлестерін қосып жүр. Бұл да ұстаздардың, әсіресе Нұржан мұғалімнің аманатын арқалаған адамдық іс пен жоғары жауапкершіліктің белгісі деп білемін.
Нұржан Дюсекова – Бостандық өлкесінде дүниеге келіп, еліне адал қызмет етіп жүрген нар тұлға. Осы мектептің түлектерінен қашап тұрып адам жасаған ардагер ұстазды сол тұстағы әр оқушының рухани сәулеткері деп бағалаймыз. Бүгінде үлкен жетістіктерге жеткен шәкірттері, қоғам қайраткерлері Нұржан Рәшқызына қарыздар.
«Ұстазы жақсының, ұстанымы жақсы» дейді халық даналығы. Тәуелсіз еліміздің нығаюы жолында ерен еңбек еткен азаматтарды тәрбиелеп, өмір бәйгесіне қосқан ұстаздың сүбелі еңбегі көпке үлгі.
Нұржан Рәшқызы саналы ғұмырында, яғни, 40 жылдай уақыт Бостандық ауылының орта мектебінде математика пәнінен сабақ берді. Ұстаздың әділеттілігімен, өр мінезі, еңбекқорлығымен дараланатын беделді жан болғанын ауыл тұрғындарының жылы лебіздерінен де ұғынуға болады. Шәкірттерінің ақылшысы әрі қамқоршысы бола жүріп, қысылғанда арқа тұтқан шынайы жарқын бейнесі үшін ауыл азаматтарының да сыйына ие. Ұстаздықпен қатар ауылымыздың ұйытқысы, ұрпақ тәрбиешісі, салт-дәстүрдің қайнар көзі де бола білген жан. Ауыл тұрғындарының бірлік-берекесінен бастап, тұрмысы мен тірлігін жарастырған ұстазсыз бірде бір ауыл іс-шарасы болған емес.
Ғұмырының жартысынан астамын оқушыларға қызмет етуге өткізген Нұржан Рәшқызы өмірлік жары Бейбіт ағамызбен үлгілі отбасы ретінде танылды. Екі бала тәрбиелеп, қатарға қосты. Ұрпақтарына ұлттық құндылықтарды бойына да, ойына да дарыта білді. Отбасы құндылықтарын балаларының бойына сіңіріп, бүгінде қызын қияға, ұлын ұяға қондырып отырғаны бар. Ұлы да қызы да мектепте білімімен, өнерімен, бастысы, ата-анасынан көрген тәрбиесімен ерекшеленетін. Үлкен ұлы – Серік, әр қашан мұқтаж жанға қол ұшын созатын, нағыз ер азаматтық қасиеттерді бойына қондырған азамат. Бүгінде ата-анасының үкілеген үмітін ақтап Елордамызда өзінің қалаған мамандығында қызмет атқаруда. Ал қызы – Жансая, мектепті «алтын белгіге» тамамдап, жоғарғы оқу орнын үздік аяқтап, еліміздің гүлденуіне үлкен үлесін қосып отыр. Екеуі де өз ортасында беделге ие, сыйлы жандар. Мұның бәрі ата-ананың тәрбиесінен деп білеміз.
Үнемі шәкірттері мен балаларына адал еңбекпен қатар, адам баласына қиянат жасамауды асыл мұрат етіп көрсетіп, осы қасиеттерді іспен көрсете білетін жан болуды Нұржан Рәшқызы үнемі айтып отырады. Нұржан ұстаз пейілі кең, көңілі қазақтың даласындай дархан, достыққа адал, ұрпақтарына мейірбан, өлімнен ұятты жоғары қойған, шәкірттерінің мерейін өсіруге барын салып, әлпештеген әрі өмірдің күйбең тірлігі емес, ағайынның бірлігін ойлауы – «Мұғалім – мектептің жүрегі» (Ы.Алтынсарин), жас ұрпақтың алтын ордасы екенінің мыңнан бір мысал, дерегі осы.
Бүгінде алпысты алқымдаған, зейнетке қадам басқан Дюсекова Нұржан Рәшқызы – өмірінен еш дақ табылмайтын, балаларынан оқушының мүддесін жоғары қоятын ұлағатты ұстаз. Балаларына аяулы ұстаз болса, біздер үшін бүгін қадірі артқан әріптесіміз. Заманның ағымына әрқашан тез бейімделетін, оқушыларды бір көргеннен таный алатын ардагер ұстаздан үйренеріміз көп. Мектептің алғаш болып есігін ашып, соңғы болып есігін жауып кететін ұстаздың жолы біз үшін үлкен өнеге. Адал қызметінің бүгінде жемісін көріп, зейнетке шығып отырған Нұржан Рәшқызының еңбек жолына мектеп ұжымы атынан алғысымызды айтып, басымызды иеміз.