Оңтүстік Қазақстаан мемлекеттік педагогикалық институты
Резюме
В статье анализируются ососбенности басен казахского фольклора Қазақ ауыз әдебиетіндегі мысал жанры арнайы қарастырылып, жіктелмеген. Дей тұрғанмен фольклортанушы Ш.Ыбыраевтың қазақ фольклорының қазіргі жанрлық кестесінен мысалдың тақырыптық бөлінісін кездестіре аламыз. Ғалым жанрлық ерекшеліктеріне, табиғатына қарай мысалды өз ішінде үшке бөліп, оның бірінші тобына мысал өлеңдерді, мысал сөзді, мысал айтысты кіргізсе, екінші топқа апологты, үшіншіге тәмсілді жатқызады [1,107].
Алғашқы топ үлгілері қазақ әдебиетінде өлең сөзбен беріледі, аполог пен тәмсіл қара сөзбен айтылады. Бұлардың барлығын біріктіріп, бір топқа сыйдырып, мысал жанры саласында қарастырылуы – олардың табиғатында, атқарар қызметінде. Яғни, мысал – тұспалды ойды жеткізуші, хайуанаттар әлемі, аң-құс арқылы астарлы бейне жасаушы, сол арқылы адамдардың әртүрлі мінез-құлқына баға беріп сынаушы.
Өлең-жырды қадірлеген қазақ халқының бай ауыз әдебиетінің бір сілемін мысал өлеңдері құрайды. Өкініштісі, жазылып алынған, хатқа түскен үлгілері некен-саяқ. Оның ішінде бізге әзірше белгілісі Садырбаевтың қазақ халық ауыз әдебиетіне арналған хрестоматия мен екі тілде басылып шыққан ертегілер жинағындағы (1979 ж.) екі мысал өлең. Олар «Арыстан, киік һәм түлкі», «Қартайған арыстан». Екеуі де өлең түрінде берілген «Қартайған арыстан» мысал өлеңінде халық жас кезінде күш-қуаты кеміп, ажалды тосып жатқан арыстанның мүшкіл халін суреттейді. Кеше ғана дәурені жүріп барлық аң-құстар енді мұны мазақ қып, әрқайсысын бір келіп қорлық көрсетуде
Тынышта қоймады оны өзге аңдар,
Бата алмай сені ме деп жүрген жандар.
Анауда, мынауда өшін алып жатыр,
Ат тепті, қасқыр қапты, етін үзіп,
Біресе жаралады өгіз сүзіп
Қинады әркім келіп білгенінше,
Арыстан үн шығармай жатты төзіп [2,76].
Осындай азап көріп, жаны қиналған арыстан тәңірден өлім сұрайды. Ең алдымен көк ми есек келіп, тебуге оқталғанда:
Тұяғын бұл жаманның тигізбей ал,
Қорлықтан мұнан көрген жеңіл өлім, - деп зар қағады. Нанымды оқиғамен, көркемдік желіспен баяндалған қартайған арыстанның бұл халі арқылы дана халық өзінің «құлан құдыққа түссе, құрбақа құлағында ойнар» деген аталы сөзінін түп-төркінің мысалдап жеткізеді. Адамдар арасында, қазақ халқының бойындағы жаман қасиет-қолында билігі бар күштілерге жағынып, заманы өтсе тайқып шыға келер қасиетін осы мысалдан айқын аңғаруымызға болады. «Ауру қалса да, әдет қалмайды».Қаншама жылдар өтсін, ғасырлар өтсін тәрбиеге көнбейтін осындай жағымсыз қасиеттер әлі де бар, әлі де жалғасын табуда. Мұндай қасиетті бойына сіңірген жандарды кезінде ақын Сәкен:
Шырқ айналар шіркін тауық,
Жемің болса, қолыңда [3,156], - деп жемсауының қамы үшін жүгірер санасыз тауыққа теңеген. Қашан да айтарын айтып, жетер жеріне жеткізбесе айызы қанбайтын қазақ халқы тұспалдап айтуға келгенде алдына жан салмаған. Әсіресе, мысалдар арқылы нысанаға дөп тигізіп, сөз атасын өлтірмеген. Мысалдаудың көп тәсілінің бірі-мысал сөздер. Мысал сөздер ел аузында телегей теңіз. Мұндай сөздердің қатарына «Түйе бойына сеніп құр қалыпты», «Арыстан айға шабам» деп, мерт болыпты.
Шыбынның басына бақ қонса,
Самұрық құс сәлемге келіпті
Сауысқан тоты боламын деп,
Жүрісінен жаңылыпты.
Тырнадан жасауыл қойсаң,
Басыңнан қиқу кетпес.
Қарға баласын «аппағым» дер,
Кірпі баласын «жұмсағым» дер,
Бөрі баласы ит болмайды т.б. [4,153].
Келтірілген мысалдар күнделікті тіршілікте кездесіп жататын, адам баласының басынан өтер жайттарға баға беруде, көп сөзді көпсітпей-ақ тұжырымдап, дәл бағасын беруде қолданылады.
Мысалға айтар болсақ, мінезі мазасыз, адамға жайсыз жандардың (көбінесе билігі бардың) қасындағы жұртқа маза бермегенде қазақтар «тырнадан жасауыл қойсаң,басынан қиқу кетпес деген осы» деп жатады.
Ал, арыстан айға шабам деп, мерт болыпты деген сөз өз әлін білмей, шамасы келмеген іске кірісіп, тауы шағылғандарды мысқылдап, келемеждейді. Сол сияқты өзіне-өзі қатты сенгендерді қазақ халқы түйе бойына сеніп құр қалыпты деп күлкі етіп жатады. Осындай астарлы, кең мағыналы сөздердің түп төркіні бастауы, негізгі мысал өлеңдерде, мысал ертегілерде жатыр. Әрине сан қилы мысал сөздердң қалыптастырған мысалдардың барлығын кездестіріп көз жеткізу мүмкін емес. Себебі, ауызша тараған шығармалардың бізге жетпей ұмытылуы немесе хатқа түспеуі әбден мүмкін. Әйтсе де мысал сөздердің табиғатының өзінен-ақ оның о баста мысалдан шығып, ел аузында жатталып қалғанын аңғартады.
«Түйе бойына сеніп, құр қалыпты» деген мысал сөздің қандай ертегіден шыққаны бізге мәлім. Қазақтың белгілі «Хайуандардың жыл басына таласы» ертегісі осынау астарлы сөзге негіз болған. Ертегі бірнеше нұсқада әр жылдары жарияланған. Ең толық нұсқасы «Қазақ ертегілерінде» (1962 ж.) [5,190] басылған. Жыл басына таласқан жылқы, сиыр, түйе, тауық, қой, ит, өздерінің адамға пайдалы жақтарын, жақсы қасиеттерін айта бастайды. Дау көпке созылар ма еді, не айтарын білмеген тышқан «кім бұрын жылды көреді, сол жыл басы болсын» деген пікір айтады. Тышқандар қостаған өзгелері жылды бұрын көруге асығады. Бәрінен биік түйе бойына сеніп тұрғанда, тышқан оның өркешіне шығып қулығын асырады. Түйе жануарының аңқаулығын аңғартатын бұл ертегінің тұжырымы кейіннен халық арасына кең таралып, астарлы мағынаға ие болған.
«Әлібек батыр» ертегісінен «Арыстан айға шауып мерт болыпты» деген мысал сөздің шығу негізін, себебін көре аламыз. Арыстанның жүрегіне жерік болған кемпірі шалын Шабақ тоғай ішіндегі арыстанға жұмсайды.
«Бай ертең ерте тұрады, ақбоз атқа мінеді, қынай белді буады, қылышын мойынына асынып, Арал тоғайға барады, Арал тоғай ішіндегі Шабақ тоғайға барады, Шабақ тоғайдың ішін аралып келе жатса, бір арыстан шөкесінен түсіп, екі көзі оттай жайнап, шалға шапқалы дайындала бастайды. Сонда шал жақындап келіп, арыстанға»:
- Арыстаным, қабыланым, маған шаппа, айға шап! Айға шапсаң – мың күндік, маған шапсаң бір күндік, - деген екен, шалдың мақтауына насаттанып, мың күндік азықты бірден алмақ болады да арыстан айға шабады. Айға қайдан жете алсын! Мойны үзіліп, мерт болыпты [2,88].
Қарапайым сюжет. Мақсатына жетуде айла қолданған адамзатқа алданған арыстан бейнесі бірте-бірте ел ауызында аңызға айналып, мысалдап айтудың тәсіліне айналған.
Ал осы мысал сөз, мысал кейінірек диалогпен келетін қазақтың төл мысал айтыстарының туып қалыптасуына жол салған тәрізді деген ой айтушылар да бар [5,110].
Халқымыздың қанына сіңіп, қатар өмір сүріп келе жатқан айтыс өнерінің бір саласын осы мысал айтысы қамтиды. Өзінің тамырын әріден жайған мысал айтысын мысалмен жақындастыратын тұсы – мұнда да тұспалдап айту басым. Мысалы, «Жалқау мен өгізде» иесінің жалқаулығы, салақтығынан аш, күтімсіз қалған өгіздің жайы баяндалады. Халық өгізді сөйлету, ауызына сөз салу арқылы жалқау жандардың іс әрекетін әшкерлейді:
Бүгелік аң қуғандай көбік қарда,
Кеудеде мұңын айтты жайы барда.
Болмаса жалқау жанның күтпегені,
Жолдастар, не жазық бар жануарда [2,156].
Осылайша айтыс соңында үшінші біреу, яғни, автор айтылған мысалға түйін жасайды.
Мысал айтыстарда жансыз заттар, хайуандар әлемі адамша сөйлеп, айтысқа түседі. Сол арқылы автор айтар ойын нақтылап, көркемдеп жеткізеді, адам мінезіндегі кемшілікті мысқылдап мінейді. «Төрт түлік малдың айтысы», «Шопан мен қой», «Әшім мен ақ тұсақ», «Сиыр мен иесі» т.б айтыс үлгілерін жатқызамыз. Мысал айтысының түрлері, жанры жайлы келесі тарауда кеңінен қарастырылады. Мысал жанрының екінші бір көлемді түрі – аполог немесе мысал ертегілер.
Апологтың мысалдан басты айырмашылығы оның қара сөзбен айтылуы. Екеуіне берілетін анықтама бірдей – баяндау белгілі бір моральдық қағида мен тұжырымды дәлелдеуге бағытталады. Афоризммен аяқталып отырады. Мысалға, «Жолбарыс пен тышқанның достығы жайында» ертегісін алайық. Қысқаша мазмұны жолбарыстың қолына түсіп қалған тышқан одан босатуын өтініп, өзінін де бір қызметке жарарын айтады. Күндердін күнінде тышқан мойнынан тұзаққа ілінген жолбарысты көреді. Досын таныған ол тұзақты қажап қиып жібереді. Жолбарыс рахметін айтады. Халықтың тәмсіл қылып айтып отырғаны ертегінің соңындағы мына сөздерден байқалады.
Ханның ісі қараға түсер,
Батырдың ісі балаға түсер,
Байдын ісі кедейге түсер,
Бәйбішенің ісі […] түсер,
Жолбарыстың ісі тышқанға түсер,
Ердің ісі баз-базында дұшпанға түсер.
Бұдан түйіндейтініміз – адамдар бір-бірінен артық емес. Егер басына күн туса, кез келген жанға ісің түседі. Сондықтанда қолыңнан келгенше қайырымдылық қыл, ешкімді де алалап, кеудесінен теппе дегенге саяды.
Міне, байқасақ мысал өлеңге қойылатын талаптарға аполог та жауап береді, тек басты айырмашылық бұл қара сөзбен әңгімеленеді.
Мысал ертегілер көбінесе хайуанаттар жайлы ертегіге өте ұқсас болып келеді. Себебі, екеуінің де кейіпкерлері хайуандар, құстар, өсімдік әлемі. Бірақ, апологтарда жануарлар шартты түрде алынған аллегориялық образ болып келеді. Олар өздерінің классикалық ертегідегі мінез-құлқын сақтамайды. Тек қана мысалдауға, белгілі бір моральдық қағиданы жеткізуде айрықша роль атқарады. Мысалы, жоғарыдағы ертегіде жолбарыс өзінің қаһарлы, қатыгез, тас жүрек образын сақтап қалмаған, тышқан екеуі бұл жерде тек ғибрат, үлгі беруші ретінде көрінеді. Тағы бір айырмашылық классикалық ертегілерде әлділер үнемі әлсіздерден жеңіліп отырады, үнемі өз істеріне опық жейді. Ал, апологта бұл ереже сақталмайды. Белгілі бір афоризмді дәлелдеу барысында халық бұл қағиданы мақсат етпейді. «Жетім қозыны қасқыр жегені» мысалында оқиға былай өрбиді. Адасқан қозы жайылып жүріп, бір көлшіктен су ішеді. Ол көлшіктен бір қасқыр келіп су ішті де, қозының ізін көріп, қозының артынан іздеп жүріп, тауып алды. Қасқыр қозыға: - Мен сені жеймін-дейді. Қозы: - Не жазығым бар, тақсыр,- дейді. Қасқыр:
-Үш жылдан бері ішіп жүрген суымды лайлап жүрсің, қояды десем, қоймайсын,-деді. Қозы:
-Менін туғаныма үш жыл болған жоқ, үш жылдан бері суында қалай лайладым,-деді. Қасқыр сонда:
-Сен болмасан да, сенін енең, енең болмаса, сенің аталарың,- деді де, қозыны кеңірдегінен алып жерге соғып, қасқыр жеп қойды [2,174].
Осы мысал жайында жинаушы Жантөбетұлы Жақсыбайдың «бұл нақылды кешегі Николай заманында үкімет орындарының үш атаға дейін момын шаруаларды бір-біріне күйдіріп зорлағаны сықылды қозы мен қасқырға тура келетіндігіне дәлел еді» деген пікір айтады [2,175].
Жазықсыздан-жазықсыз әлсіздерді кінәлап, әлімжеттік жасауға бейім тұратын адамдардың образын бойына жинақтаған қасқыр кәдімгі ертегілерде қорқаулығынан аңқаулығы басым, әркімге бір алданып жүретін хайуан. Көбінесе ол түлкіден көбірек таяқ жейді («Арыстан, қасқыр, түлкі», «Қасқыр мен түлкі», «Түлкі, қасқыр, арыстан және түйе» т.б.) Сол сияқты өзінен әлсіз ешкіден де, қояннан да алданып жазасын тартады. («Ақ тиын», «Қасқыр мен ешкі» т.б.)
Мысал ертегілер қазақ ауыз әдебиетінде өте көп. Көбінесе хайуанаттар жайлы ертегілер құрамында кездескенімен, апологты жоғарыда айтылған ерекшеліктеріне қарап танып ажырата аламыз. («Күшік пен мысық», «Мысықпен қоян», «Екі қаз, бір бақа», «Екі иттің достығы» т.б) Ш.Ыбыраев мысал жанрының бір түрі етіп қарастырған тәмсіл автордың өз пайымдауынша «притча».
Притча. Әдеби энциклопедиялық сөздікте былайша түсіндіріліп анықтама берілді:
«Притча дидактико-аллегорический жанр литературы, в основных чертах близкий басне. В отличие от нее форма притчы возникает в некотором контексте, в связи с чем онадопускает отсутствие развитого сюжетного движения и может редуцироваться до простого сравнения, сохраняющего однако символическую наполненность: С содержательной стороны отличается тяготением к глубинность «мудрости» религиозных или моралистических порядка».
Ал, 1982 жылы Алматыдан шыққан «Современный казахский фольклор» атты еңбекте притча дәл осылай аңықтама береді де, оның аудармасын «мысал-аңыз» деп береді. Өзінің пікіріне ғалым Нысанбек Төреқұлов «Үш пайдалы кеңес» мысал аңызын дәлел етіп алады. Бұл әңгімеде бір жылқышы бала жылқы бағып жүріп жолаушы-қарияға кездеседі. Қария оған «сен маған бір ат бер, мен саған үш пайдалы кеңес берем» дейді. Бала келіседі. Ақсақал былай деп ақылын айтады.
Балам, су ішкен құдығыңа түкірме; таңғы асты тастама; егер оң қолың ұрыс бастаса, сол қолың арашашы болсын;
Мазмұнынан байқайтын болсақ, бұл әңгіме нақыл, өсиет түрінде келген.
Міне, тәмсілді «притча» деп алып қарасақ, ол осы бағытта дамиды.
Ал, жалпы «тәмсіл» сөзі қайдан шыққан, қазақтың төл сөзі ме деген сұрақ төңірегінде әңгіме өрбітсек, бұл жалпы түркі тіліне ортақ атау. Бұған дәлел «Түбі бір түркі тілінің» авторы XII ғасырда өмір сүрген Махмуд Қашғаридың еңбектеріндегі сөз қолданыстары. Мысал келтірейік.
«Бұл мақал өз ойынан шыға алмай, артынан сол ісіне өкінетін адамды тәмсіл етіп айтады»
«Кімнің білә қали болса йашын йақмас».
Жақұты бар жанға жасыл түспес [6,216].
Мынадай бір тәмсіл сөз бар. Асыл тас әртүрлі болады. Адамдар оны жүзікке көз етіп салады. Сондай жүзікті саусағына салған адамға ешқашан жасыл түспейді. Егер әбден шөлдеген адам сол жақұтты таңдайына басса, шөлін басады.
Енді, тәмсілдің қолдану аясын, беретін мағынасына көз жіберейік. Бірінші мысалда «бұл мақал ... тәмсіл етіп айтады», яғни мысал ғып айтады, аңыз ғып айтады деген ұғымды білдіреді. Ал, екінші мысалдағы ғұламаның «тәмсіл сөзін» оқысақ бұл біздің ойымызша, түсінігімізше ұғым, ырым. Бұдан шығар қорытынды тәмсіл мысал сөзінің синонимі. Тіліміздегі көне, байырғы сөздердің бірі. Мысал жанрын қарастыру барысында мысалға жақын, бірақ одан өзіндік айырмашылығы бар сөздерге (притча) кейбір ғалымдар тәмсіл деген атау теліп, көне ұлттық сөзді жаңғыртып жүр.
Ойымызды жинақтасақ, тәмсіл кейбір контексте ғана көрінетін, нақыл, өсиет мақсатын көздейтін мысалға жақын халық ауыз әдебиетінің бір түрі.
Сонымен мысалдың түрлері сан алуан және оның үлгілері біздің ауыз әдебиетімізде ұшан-теңіз. Өкініштісі бұл жанрға байланысты әдебиеттер өте сирек. Әйтсе де, бағыт-бағдар сілтер еңбектерге де жоқ емес. Мысалы, жоғарыда көрсетіп өткен «Современный казахский фольклор» атты кітапта ауыз әдебиетінің біраз түрі жазылып, қысқаша мағлұматтар беріліп кеткен. Солардың ішіне мысалдың түрлерін де кездестіре аламыз. Бір жерге жинақталып қарастырылмағанымен, біраз мағлұмат берілген. Автор жалпы жанрларды жанрлық-құрылымдық ерекшеліктеріне қарай топтағаны байқалады. Ауыз әдебиетіне бұл еңбекте үлкен-үлкен алты топқа бөлінеді:
Мысал өлеңдер осы тараулардың біріншісінде, яғни, халық өлеңдері құрамында қарастырылған. Оның ішінде нақыл өлеңдерге жатқызылған. Н.Төреқұлов көбінесе мысал өлеңдерді талдауда халық ақындарының шығармашылығын көбірек тілге тиек етеді. Бұл орайда ол Р.Мазходжаевтың «Қасқыр мен тырна», «Бұлбұл мен есек», «Қойшы мен ұры», О.Шораяқовтың, К.Әзірбаевтың «Бұлбұл мен көкек», Т.Ізтілеуовтың «Емен мен көлеңке» т.б ақындардың мысал өлеңдеріне талдау жасаған.
Автордың бір жетістігі мысал өлеңнен «притча», яғни тәмсілдің басты айырмашылығын ашып көрсетеді.
«Действующими лицами песен-басен акыны зачастую избирают птиц и животных, в песнях же филисофского характера фигурируют аллегорические образы – Мысль, Знание, Наука, Искусство, Счастье, Единство, Согласие. Они даются в сравнении и соподчинении. Это, собственно говоря, уже не песни-басни, а песни притчи» [7, 56].
Ғалым бірнеше тәмсілдерді атап көрсетеді. Олар Кенен Әзірбаевтың «Бақыт, береке және бейбітшілік», Т.Ізтілеуов «Жолаушы мен данышпан», «Төрт дос»т.б. Кененнің тәмсілінде екі үлкен келін күйеулерімен енесінің үйінен кетіп қалады. Ал кіші келіні қалады. Бақыт пен берекені қалап алған үлкендері арып-ашып кіші келінге оралуға мәжбүр болады. Осындай өсиет арқылы ақын бірлік пен бейбітшіліктің маңыздылығын ашып көрсетеді.
Осындай өсиет-әңгімелердің негізгі идеяларды адал еңбек бірлік, татулық, шыдамдылық, ақылдылық болып келеді.
Мысал өлеңдермен қатар автор бұл еңбегінде мысал айтысты (айтыстық құрамында) және мысал аңызды (ертегіден тыс проза құрамында) қарастырып, мысалдар келтіреді.
Қорыта келгенде, қазақ фольклорындағы тәрбиелік мәні зор, эстетикалық күш-қуаты басым мысал жанрын әлі де жан-жақты зерттеу қажет.
Пайдаланған әдебиеттер: Ыбыраев Ш. Қазақ фольклористикасы: кеше, бүгін, ертең /Кітапта: Әлем. Альманах. -Алматы: Жазушы, 1991, - Б. 99-130 б.
Садырбаев С. Қазақ халық ауыз әдебиеті. Хрестоматия. - Алматы: Мектеп, 1977, –360 б.
Сейфуллин С. Шығармалар. 4 том, –Алматы: Жазушы, 1968. – 378 б.
Хайуанаттар туралы қазақ ертегілері. - Алматы: Ғылым, 1979,-269 б.
Жармұхамедов М. Айтыстың даму жолдары. - Алматы: Ғылым. 1976, -167 б. Айтыс. ІІ том – Алматы: Жазушы, 1964, -388 б.
Қашқари М. Түбі бір түркі тілі. –Алматы: Рауан, 1991, -218 б.
Современный казахский фольклор. -Алматы: Мектеп, 1982, -190 б.