Мақұлбек рысдәулет солдат жары ұлы Отан соғысы жылдарында



бет2/23
Дата02.07.2018
өлшемі5,99 Mb.
#45422
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   23

1943 жыл

Облыста 123668 әйел тұратын болса, оның 88845-і еңбеккетартылды.(Осы жылы облыста әйелдер арасында атқарылған іс пен олардың табыстары жөнінде Жамбыл облысының мемлекеттік мұрағатының 282-қорының 1-тізімдемесінің 28-бумасындағы 438-ісінде көптеген деректер жинақталған). Әйелдер ауылда тұратын халықтың 58,4 пайызын құраса, колхозшылардың 60 пайыздайы нәзік жандылар болды. Халық шаруашылығының барлық салаларында әйелдердің жұмысқа араласуы артты. 1942 жылмен салыстырғанда тек машина-трактор станцияларында еңбек ететіндер әйелдер саны бір жарым есеге өсті. Барлық жұмысшылардың 42,2 пайызы әйелдер болды. Оның ішінде өнеркәсіпте- 4684,темір жолда --2765, совхоздарда – 3004, мектептерде – 2482, денсаулық саласында – 2562, мемлекеттік мекемелер мен кәсіптік кооперацияларда – 2712, сауда-дайындау ұйымдарында еңбек ететін әйелдер 1518-ге жетті.

Әйелдерді мемлекеттік жұмыстарға тарту соғыс жылдары бұрынғы жылдармен салыстырғанда өсті. Барлық аудандық партия комитеттерінде, аудандық советі атқару комитеттерінде, жергілікті советтер де жұмыс істейтін әйел көбейді. Колхоздар мен совхоздарда, МТС-тер мен көлік саласында әйелдер кеңестері жұмыс істей бастады. Облыс бойынша 1943 жылы 433 әйелдер кеңесі құрылды. Олар ең алдымен әйелдер арасындағы барлық ұйымдастыру-көпшілік жұмысы еңбек белсенділігін көтеруге бағытталды. Майдан үшін ұйқыны да, күлкіні де тиған қыз-келіншектер өздерін аямады, отқа да, суға да түсті. Еңбектің еренін көрсеткен әйелдер көбейді. Тек қана Жамбыл қаласында 4100 стахановшы еңбек етті. Көктерек ауданының «Жаңа тірлік» колхозында еңбек ететін майдангердің жары Баубекова әр 100 саулықтан 150-ден қозы алып, 115 ешкіден 196 лақ өрдірді. Осы ауданның «Коминтерн» колхозының бақташысы 85 сиырдан 85 бұзау алды. Мұндай жылы лебізді Свердлов ауданының ферма меңгерушісі Зиягүл Тойлыбаеваға, Ленин атындағы колхоздың шопаны Ұлбала Сүгіроваға, «Трудовой Пахарь» колхозының шошқа өсірушісі Вера Янковскаяға, «Красный Звезда» колхозының қызылшашысы Сындыбала Оңғарбаева мен Дариға Жантоқоваға, Мәрзия Ибрагимоваға, тағы да басқа көптеген әйелдердің атына білдіруге болады. Шулық Рахима Тазабекова, таластық Науат Егембердиева, луговойлық Теңгебала Көшекова, сарысулық Аманқұлова, жамбылдық Оразаева, билікөлдік Малыбаева, жамбылдық Степанова мен Шаплиналар өздеріне жүктелген міндеттердің бәрін абыроймен орындап, жоғары табыстарға қол жеткізді.(Мұрағаттағы кейбір құжаттарда адамдардың аты-жөні толық жазылмаған. Сондықтан да біз ол олқылықты толтыра алмағанымыз үшін оқырманнан кешірім өтінеміз).

Қай салада болмасын ана –еңбеккер шаруашылығын дөңгелетіп алып кетті. Сарысу ауданының «Қаратас» колхозының тауарлы-сүт фермасының меңгерушісі Аманқұлова, «Байқадам» колхозының шопаны Сарабекова, Жамбыл ауданының Чапаев атындағы колхоздың сауыншысы Оразаева жоғарғы көрсеткіштерге жетті. Сауыншы Оразаева өзіне бекітіліп берілген әр сауын сиырдан жоспардағы 1300 литрдің орнына 1500 литрден сүт сауып, Жоғарғы Бас Қолбасшы Сталинге социалистік міндеттемесін асыра орындағаны жөнінде хат жолдады. Стахановшы-тракторшылар жасөркендік Орынкүл Тұралиева, Мария Степанова, Ханым Нұриева, Вера Калашникова, Вера Шаплина жылдық жоспарларын 120-170 пайыз орындады. Қызылшашылар да жемісті еңбек етті. Луговой ауданындағы «Восток» колхозының Орехова басқаратын бригада әр гектардан – 380, осы ауданның «Қызыл шаруа» колхозының Шахбаева жетекшілік ететін звено 400 центнерден тәтті түбір жинады. Осы ауданның «Өрнек» колхозының колхозшысы Жүнісова астық жинау жоспарын 200 пайыз орындады. Мұндай мысалдарды барлық аудандардан көптеп келтіруге болады. Орайы келгенде айта кетейік, мұрағат құжаттары негізінде дайындалған бұл материалда көптеген адамдардың аттары аталады. Баз біреулерді бұл жалықтырып жіберуі мүмкін. Алайда олардың ұрпағы үшін бұл таптырмайтын дерек болған соң біз орайластырып, соғыс жылдарында еңбек еткен әйелдердің есімдерін көп келтіріп отырмыз.

Ауыр әрі қауырт кезеңдерде шаруашылықтарды басқарған әйелдер ұйымдастырушылық қабілеттерімен көзге түсті. Мәселен, Луговой ауданының Өмірзақова басқарған «Көкарық» колхозшылары мақта жинау жоспарын 1943 жылы мерзімінен бұрын орындап, облыстық Құрмет тақтасына жазылды. Сол сияқты осы ауданның Қошқарова басқарған «Ынтымақ» колхозы 22 күнде астықты төкпей-шашпай жинап алды.

Тап осы жылдан бастап әйел еңбек озаттарын мемлекеттік және қоғамдық жұмыстарға тарту жақсара түсті. Мәселен облыстағы 121 селолық советтің 41-нің төрағасы әйел, олардың 36-сы қазақ болды. 349 колхоздың 28-ін әйелдер басқарады. 911 егін бригадаларының 235-не әйелдер жетекшілік ететін болса, оның 190-ы қазақ әйелі болған. Сол сияқты 1004 ферма меңгерушісінің 283-і әйел, оның басым көпшілігін қазақ қыз-келіншектері болды.

Қыз-келіншектердің қоғамдық жұмысқа араласуы да алдыңғы жылдармен салыстырғанда анағұрлым өсті. Мәселен облыстағы 3446 үгітшінің арасындағы 2074 әйел күн сайын еңбек ұжымдарында болып, фашизмге қарсы күрес адамзаттың күресі екенін түсіндірді. Сол үшін өзін де, өзгені де аямай еңбекке салу – жеңіске жеткізеді дегенді сөздерінің арқауы етті. Осы жұмысты жандандыруда Свердлов аудандық партия комитетінің әйелдермен жұмыс жөніндегі бөлімінің меңгерушісі Фахрутдинованың сөздері жүректерге жетіп жатты. Ол аудандағы әйелдер кеңестерінің белсенді жұмыс істеуіне қол жеткізді. Ауданда кеңесінің ықпалымен майдандық айлық өткізу дәстүрге айналды. Бұл айлық кезінде майданға жіберген азық-түлік, киім көбейді. Сонымен бірге әскери қызметкерлердің отбасына көмектесу жүйеленді. Бөлім дала жұмыстары кезінде балалар бақшалары мен басқа да әлеуметтік мекемелердің жұмыс істеуін зерделеп, аудандық партия комитетінің бюросында қаралуына ықпал жасады. Мұндай жақсы лебізді Шу аудандық партия комитетінің әйелдермен жұмыс жөніндегі бөлім меңгерушісі Игібаеваның да атына айтуға болады.

Соғыс жылдарында отағасы немесе ұлы майданға кеткен жалғыз басты әйелдер жауынгерлерге киім-кешек тігуде де өнеге болды. Өздері жыртық шылғаумен жүріп, киім-кешекті майданға күн сайын жөнелтіп жатты. Оның бәрін айтып шығу мүмкін емес. Бір сөзбен айтқанда, қыз-келіншектер соғыс жылдарында ауыртпалықтарды иықтарымен көтерумен бірге халықты еселі еңбекке жұмылдыра білді. Тұрғындар арасында әр түрлі тақырыптарда әңгімелер өткізіп, совет әскерлерінің ерліктерін жеткізіп тұрды. Күн сайын еңбек ұжымының алдында олар сөз сөйлеп, халықты майданның соңғы жаңалықтарынан хабардар етті.

Жамбыл облысының мемлекеттік мұрағатының 282-қорының 1-тізімдемесінің 440-ісіндегі тарихи құжаттарда назар аударарлық. Мәселен, Талас ауданының «Ерназар» колхозының бригадирі Оңал Саттарова, осы ауданның «Ворошилов» кохозының ферма меңгерушісі Молдабекова, «Түрксіб» колхозының бригадирі В.Калашникова, осы колхоздың бригадирі Сулейманова еселі еңбегінің нәтижесінде ел құрметіне бөленді, басшылық оларға шағын ұжымдарды басқаруды тапсырды. Меркі ауданының «Жданов» колхозының комсомол-жастар звеносының жетекшісі Құлмұхамбетова күннің шығысынан батысына дейін тынбай еңбек етті. Соның нәтижесінде 4 күнде 40 гектарға жуық алқапқа қант қызылшасын отырғызды. Белгіленген жоспар бойынша осы мезгілде 10 гектардың жұмысын атқаруға болатын. Осылайша бұл звено жоспарды 197,7 пайызды орындап, ауыспалы Қызыл Туды жеңіп алды. Құлмұхамбетованың өзі күн сайынғы жоспарын 490 пайыз орындады. Осы звеноның мүшесі 12 жасар Мірталиева күндік жоспарын 392 пайыз орындауға жеткізіп, қатарластарының арасында рекорд жасады. Свердлов ауданының «Еңбек» колхозының звено жетекшісі К. Ақбаева әр гектар қант қызылшасы алқабынан 700 центнерден тәтті түбір жинады. Қордай ауданының «Роза Люксембург» колхозының агротехнигі, аудандық советтің депутаты Шелудченко басқаратын темекі бригадасы әр гектардан 17 центнерден өнім жинауға міндеттелініп, шын мәнінде 20 центнер өнім жинады. Жамбыл ауданының Ильи атындағы колхоздың звено жетекшісі, партия ұйымының хатшысы Акимова 1939-1940 жылы әр гектардан 572-600 центнерден қант қызылшасын жинаса, бұл көрсеткіш 1941 жылы – 705, 1942 жылы – 750 центнер болды. Жамбыл ауданының «Куйбышев» колхозының шошқа өсірушісі Серафима Таракаева үздік еңбектері үшін бүкілодақтық халық шаруашылығы жетістіктерінің көрмесінде үлкен күміс медальмен наградталды. Қордай ауданының «Шоқпар» совхозының асхана меңгерушісі Бирюкова үй шаруасында отырған әйелдерді ұйымдастырып көкөніс өсірумен бірге, майдандағы жауынгерлерге азық-түлік жинады. Ол жинаған 1000 жұмыртқа мен 10 киллограмм сары майды қорғаныс қорына жіберді. Қордай ауданының «Красный партизан» колхозының әйелдер кеңесінің жетекшісі Алексеенко тұрғындар арасында тұрақты түрде үгіт-насихат және түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Осының нәтижесінде тұрғындардың еңбек белсенділігі Қызыл Армияға қажетті азық-түлік пен киім-кешек жинау көрсеткіші өсті. Ал Талас ауданының «Қызыләуіт» ауылдық советінің төрағасы К.Қошқарбаева танк колоннасын жасақтау қорына өзінің жинаған 30 мың сом ақшасын берді. Ол өз сөзінде;«Менің күйеуім және туған бауырым, 3 туысқаным майданда жеңіс үшін шайқасып жүр. Біздің әрбір жинаған қаржымыз бен азық-түлігіміз жауға күйрете соққы беруге ықпал жасасын» деді.

1943 жылдың әйелдерге қатысты тарихи құжаттарды ақтарған сайын жаңа тың деректерге тап боласыз. Соғыстың алғашқы жылдары айтыла берілмейтін шаруалар осы жолы қолға алынғанын аңғарасыз. Тап осы жылы колхозшылардың балаларын бала-бақшамен қамтамасыз ету мәселесіне де ерекше назар аударылған. Балалар бақшасының материалдық-техникалық базасын нығайтуға, бүлдіршіндерге берілетін тағамдардың құнарлығын арттыруға ерекше мән берілген. Тағы бір назар аударарлық мәселе, осы жылы қазақ қыздарының мектептерде оқуына көңіл бөлінген. Әр аудандағы жағдай зерделеніп, нақты шешім қабылданған. Облыстық партия комитетінің әйелдер арасындағы жұмыс жөніндегі хатшысы Исмагилованың жоғарыға жолдаған анықтамасынан осыдай жәйттерге қанық боласыз. Сол жылдары қазақ қыздарын мектепке жібермейтін ата-аналар мен шаруашылық басшыларын тәртіпке шақыру қатаңданғанын аңғарасыз. Кейбір шаруашылық басшылары жас қыздарды мектепке жібермей, олардың кохозда жұмыс істеуін талап еткен. Мұндай келеңсіз көріністерді жоюға облыстық партия комитеті кіріскен. Сонымен бірге, қазақ қыздарының бір сыныпта бірнеше жыл отырып қалуын жою мәселесіне де назар аударылған. Мұның өзі майдандағы аса ауыр күндердің артта қалғанын, мемлекет алдағы күндерге сенім артып, болашақтың жарқын болуы үшін мақсатты жұмыс жүргізгенін түйесіз. Осы жылы әйелдер кеңесі мен партия ұйымдарының әйелдер бөлімі майдангерлердің жарларының арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізе келіп, олардың моральдық азғындауына жол бермеуі қадап айтылған. Мұрағат құжаттарында майдангер жарларының тарапынан келеңсіз қылықтарға жол берілгені де жазылған. Сондықтан да билік олардың жаман атқа қалмауы үшін алдын-ала қажетті шараларды белсенді түрде жүргізген.

Айтар әңгімемізді арқаулай түссек – алдымен соғыс жылдары жарынан айырылып, аққудай күн кешкен, өмірдің бар тауқыметін арқалаған аналарды еске алмау мүмкін емес. Қайран біздің апаларымыз соғыс жылдары тылда жан аямай еңбек етті, адамгершілік асыл қасиетпен өмір сүрді. Соғыс жылдарында ауыртпалықтың салмағын көтере білген, жеңіс үшін жан аямай еңбек еткен Жуалы ауданындағы бір ғана Бақалы ауылының тіршілігі осы сөзімізді айғақтай түседі.
АҚҚУДАЙ КҮН КЕШКЕН АНАЛАР-АЙ...

...Отыздан асар-аспасында құдай қосқан қосағынан айырылып, бір айлық баласын бауырына басып, өмір бақи үміттің отына жылынған апамды еске алған сайын көп көріністер көз алдыма келеді. Жар төсегін пәктігімен сақтай білген, «иеміз - еріміз келеді» деп армандап, түнді көз ілмей өткізген күндер аз болмағанын мен жақсы білемін. Бүкіл өмірін күтумен, алаңдаумен өткізген солдат жесірлері мен іні-қарындастарының өзегі қандай берік еді. Солардың беріктігі, алда болатын жарқын күнге сенімдері бізді де мұқалмас қажыр-қайратқа тәрбиеледі. Қандай қиыншылық көрсек те Отанға деген адалдық шуағы мол болды. Бізді осындай қасиетке, мінезге тәрбиелеген алдыңғы толқын ағаларымыз бен апаларымыз. Олар соғыс жылдарында шынығып, шындалды. Бойларындағы сол қасиеттерді бізге сіңіре білді. Бүгінгі күні алпыстан асқандар соғыстың тауқыметін «біз де көрдік» деп айта алады. Себебі сол жылдардағы қалыптасқан қасиеттер бізге де әсер еткенін ешкім жоққа шығара алмайды.

Ойтолғаудан арылып, айтар әңгімемізді арқауласақ – алдымен соғыс жылдары жарынан айырылып, аққудай күн кешкен, өмірдің бар тауқыметін арқалаған аналар туралы сөз етеміз. Алдымен бір ауылдың соғыстан, еңбек армиясынан оралмай қалған боздақтарының жесірлерінің атын атайықшы. Олар: Құрманәлиева Тұрсынкүл, Рүстембаева Бибігүл, Жанұзақова Орынша, Рысдәулетова Әтира, Рысдәулетова Тындықыз (Сары), Мәмеделиева Кәмила, Тәсібекова Айшакүл, Тәсібекова Орынкүл, Дарханбаева Шөжен, Бозтаева Баянкүл, Иманбаева Шынар, Әлиева Бибігүл, Кәдірманова Әнәпия, Көшімбетова Зәурекүл, Көшімбетова Базаркүл, Сатыбалдиева Оралкүл, Байғұтова Буырыл, Мәмеделиева Маруфат, Қырғызәлиева Ұлтуар, Аманжолова Зияда, Сексенбаева Зәпира.

Осылардың әрқайсысының тағдыры тауқыметке толы болғанын кім жоққа шығара алады? Жар құшағының қызығын көре алмай, бала сүйіп бақытқа кенелгендері де шамалы. Асыл жарларынан қалған тұяқты аман сақтау үшін жанын аямады. Колхоздың бітпейтін жұмысын істеп келіп, түні бойы арқалап алыстан сабан, шөп, ақтаспа, тезек, қи, көң тасыды. Өмірлерінің нәрі мен мәні еткен үрім-бұтақтарының болашағы үшін қан жұтса да – қайғы-қасіретінен езіліп, жаншылып, жоқ болып кетпей, қайта ширай, шымырлана түскен, қайран аналарға тең келер тұлға бар ма екен?! Сабаннан төсек жасап, теріден шалбар тікті. «Соғыс бітер, жеңіске жетерміз, еріміз келіп, арқа-жарқа болып жүрерміз» деген асыл арман оларды шаршатпай алға жетеледі. Қайран өмір-ай десеңізші!

Соғыс жылдары менің аулымның төрт әйелі – Әтеева Ділдаш, Аманбаева Қызжібек, Құрманәлиева Тұрсынкүл, Рүстембаева Бибігүл, Төлтай Қасымбекова сатылы арба айдап, шөп, сабан тасыды. Қызылтаңда Аманжолова Ибажан, Аманжолова Рәзкүл, Есқабылова Дариға, Нұрматова Қалия, Станбекова Күлсияр, Шынасылова Күнназым жан аямай еңбек етті.

Арбасы сынып, аты болдырып, далада қалғанда көздің жасына ерік берген қайран аналар! Сондай ауыр еңбектің астында, жүрегі жаралы, көңлі жарымжан болғанда өмірдің талай кермек дәмін татты. Көңілі соқыр шолақ белсенділер жетім-жесірлерге кейде тілі немесе қамшысы тиіп кеткен кездер де болды. Сонда да олар аянбайды, еңбек етті, шаңырақты шайқалтпай ұстап қалды.

Осындай ауыр сәтте жетімдерді жебеп, қолтығына алып, жүрек жылуын берген аналар есімін атасақ, алдымен менің апам Тындықыз Рысдәулеткеліні Еркебайқызының жарқын бейнесі көз алдыма келеді.

Менің аяулы апам өзінің бойын жарып шыққан бірнеше перзентінен аман қалған. Болатбекпен бірге күйеуінің інісі Үсіпбайдың балалары Молдаһәлім және Рақманбекті және мені асырады. «Тұмсықтыға шоқытпай, қанаттыға қақтырмай» өсірді. Менің бүгін қолыма қалам алып, бүкіл бір ауылдың қысқа мерзімдегі тыныс-тіршілігін жазу қабілетін берген апам – Тындықыз. Бұл дүниеде маған апамнан артық, ыстық, қымбат ешкім болған емес! Басыма қиындық түскенде алдымен апамның атын аузыма алып, аруағын, рухын көмекке шақырамын. Апам ері Қайыпбек пен жалғыз бауыры Рахманның аманшылығын тілеп, түні бойы құдайға құлшылық етіпті. Мұндай аналар, әрине, аз болған жоқ.

Бүгінгі ауыл ақсақалы Бипапа Әміров Көшімбеткелні Базаркүлдің есімін құрметпен атайтыны сөзсіз. Ағасы Нұрпапа екеуін бауырына басты.Мырзабайдан қалған жалғыз тұяқ Нұрипамен бірге қайнысының балаларын да тәрбиеледі, асырады. Талай ауыр күндерді басынан өткізді Колхозда қандай жұмыс болса, соның бәрін атқарды. Ол кісі де менің апам сияқты күйеуге шықпай, жетімдердің бақытын тіледі, ошағының отын сөндірмеді.

Ақбалық Айтмамбетова туралы ерекше толғануға болады. Оның қайғысы шексіз еді. Екі ұлы майдан даласында қалды. Ер жетіп қалған 15 жасар баласынан да айырылды. Заманның қиындығына қарамастан қайнысы Зәуірбектің Әділбек және Айжан атты балаларын бағып, қақты. Солардың қуанышы өзінің бақыты деп санады.

Осы кісілер сияқты аққу аналар туралы айтатын болсақ, жалғыз қызы Боранкүлді жетектеп, тұрмысқа шықпай, майданға кеткен ерін өмір бақи күтумен қартайған, сөйтіп өмірден өткен Баянкүл Бозтайкелінін қалайша еске алмаймыз. Соғыс басталған жылы өмірге келген Боранкүл әпкеміздің өмір қызығын көруді армандаған ана талай тауқымет тартты. Бір жапырақ қызын арқалап, дала қостарында аспаз болып ұзақ жылдар еңбек етті. Біреудің ала жібін аттамай өмір сүрген апамыз талайлардың есінде.

Майданда хабарсыз кеткен менің бабам Үсіпбайдың жесірі Әтира Рысдәулеткеліні жалғыз баласы Рахманбектің тілеуін тіледі. Жиырма бес жасында күйеуінен жесір қалған апамыз сағынышпен сарғайып, жүрек лүпілімен өмір сүрді. Соғыс жылдары аянбай еңбек етті. Отыз бес жасында дүниеден өтті. Апама аманаты Рахманбегі болды. Құдайға шүкір, бұл күндері бұл отбасы өсіп, өнген.

Орынша Жанұзақкеліні де майданға кеткен ерінің тірлігін тілеп, артында қалған жалғыз ұлы Зиябекті жетектеп, «жалаң аяқ жар кешіп» өмір сүрді. Жалғыз баласының қызығын да көре алмады. Ана тілегін, аманатын, қарызын өтеу баласының парызы екенін біз жақсы білеміз. Әлі есімде, қаладан оқудан келген Зиябегінің артынан ыстық күлшені алып, «қарның ашып қалмасын» деп отырған жеріне іздеп келуші еді. Жарықтық-ай, өмірден «Зиябек» деп өтті ғой.

Шәушім Асабайкеліні де ері Ысақұлдан қалған жалғыз тұяқ Нұршабекті, Шынар Ианбайкеліні жалғыз ұлы Сауытты жетелеп жүріп, жеткізді. Сауыт ағамыз республикамыздың тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен бірге Теміртауда еңбек еткен. Орайы келгенде айта кетейік, біздің ауылдың азаматтары – Еркебай Күзембаев, Бипала Әміров, Нұрғали Бұралқиев, Рахымжан Мырзахметов Нұрсұлтанмен бірге еңбек етіп, дос-жандар болған. Қазір де олар Президенттің абыройын тілеп, арқаланып жүр.

Өмір бақи ерлеріне адал болып, майданнан аман-есен келуін тілеген аналар біздің ауылда аз болмаған. Тағы да сондай асыл жандар туралы сыр шертейік. Байқайсыз ба, бәрінің өмірі бір-біріне өте ұқсас. Сондықтан да олардың өмірін бір-бірінен бөлектеп айту да қиын.

Әнәпия Кәдірменкеліні ұлы Мырзағалиын жетектеп, біресе Қырғызстан, біресе ауыл жағалады. Ақыры арманына жетіп, жалғыз ұлды қатарға қосты. Мырзағали Кәдірменов Тараз қаласында ұзақ жылдар мектеп директоры болды. Кезінде ағамыз шетелде елшілікте жұмыс істеген. Ағылшын тілінің үздік мананы ағамыз қайда жүрсе азаматтығын жоғалтпай, ана аманатын арқалап жүр.

Қайран аналар-ай, «жалғыздарын жеткіземін» деп өмірлерінің барлық қызықтарын соларға беріпті. Мәлике Нұрманкеліні де осындай асыл жан болатын. Апамыз жалғыз қызы Күлжамалды ел қатарына қосу үшін барлық қиыншылыққа төзіпті. Шөжен Қырғызәлікеліні де жалғыз қызынан қалған тұяқ – Сәулені, Маруфат Мәмеделікеліні Бүбітан әпкемізді арқалап, колхоздың жұмысын істесе, Кәмила Мәмеделікеліні Тұрсынды ермек етті. Соғыс жылдары көрген азаптарын айта бермесе де, есіне алса көкірегі қарс айырылатын. Денесінің ірілігіне қарамастан өте нәзік жан екенін көпшілік біледі.

Айта берсек майданға кеткен жалғызы үшін өмір тауқыметін көріп, қиындыққа мойымаған аналар көп-ақ. Айымбүбі Есмұрзакеліні де қыздарының өмірін сәнді, мәнді етуге кұш салды. Ұлты орыс болса да мұсылмандықты берік құстайтын. Жаңыл Нарбайкеліні апамыз да өмірдің тәттісін емес ащысын көп көрді. Қатшакүл Мәткерімкеліні, Шәйбүбі Рақымбайкеліні, Рәзия Әлімқұлкеліні де азапты аз көрген жоқ. Бірақ олар адамгершілік асыл қасиеттерін ешқашанда жоғалтқан емес..

Ылғи да әрбір жарық таңды үмітпен қарсы алып, сүйіктісі Парманқұлдан қалған тұяғы Шерматты арқалап, өмірдің қиындығымен күресе білген Фатима апамызды кім ұмытады? Мұндай жылы сөзді өмір бойы жарын күтіп, Құрманқұлдың ұлы Жаншаны жетектеген Зияда махаббаты әлдилеп өтті. Өмірдің шырағы, бақыты мен қуанышы, шырайлысы мен сәні осындай аналар! Олар мәңгі, олар қартаймайды. Ауылдастарының көңілінде, ұрпақтарының жүрегінде. Өміріміз осындай ғажап жандармен арайлы. Соған қуанамыз да жарқын жүздерін еске алып, жадымызда мәңгі сақтаймыз! Бұл адамзаттың асыл қасиеті!!!

Жүзге келіп қайтыс болған Әсия Байғұткеліні де соғыс жылдары ерлерше еңбек етті. Сол бір ауыр жылдары трактордың оқуын оқып, ұстаханада балғашы болып, ХТЗ тракторына отырған кезі де болған. Ділдаш апамыздың құрсағынан шыққан перзенттерді тәрбиелеп, солардың қуанышты күндерін арайландырып отыр. Звено басқарған Мәлике Сіркебайқызы Жамансариева өмірінің соңына дейін еңбектеніп өтті. Ұл-қыздарын еңбекке баулыды.

Соғыс... Қарғыс атқыр соғыс балалардың базарлы, қызықты жастық шақтарын ұрлады. Бесіктен белі шықпай жатып, бұғанасы бекімей, қабырғасы қатпай еңбекке араласқан ағаларымыз сол бір кездерді көздеріне жас ала еске алады. Солардың есімдерін атаған сайын мен олардың өмірлерінің бейнетті сәтін дәл суреттеп айтып бере алмайтындығымды жақсы білемін.

Бұлар өте ауыр күндерді бастарынан өткізді. Барлығының әкесі немесе бауыры майданда болатын. Анда-санда болса да келіп жатқан қара қағазды әкелетін пошташыны ата жауындай көретін. Жеңгелері мен аналары болса тұлымшақтары желбіреген жасөспірімдерден үміт күтіп, оларды өздеріне сүйеу етті. Бүкіл ауыртпалықты қайыспай көтерген әйелдерге балалар сүйеу болғанда қарттар оларға тіреу болғаны анық. Денсаулығы болмаса да көкірегі ояу қарттарым сол кезде ауылдың берекесіне айналған. Бірлік пен ынтымақты ту етіп, ауылдың алтын қазынасына айналды. Олар жастарды жетектеп, жесірлерді жебеп жүріп еңбек етті. Қарттарымыз болса жас желектің өсіп келе жатқанына, Жеңістің жақындағанына қуанды. Көңілдегі запыран, шер жас бүлдіршіннің күлкісімен, еңбегімен жуылып жатты. Неге екені белгісіз, сол бір кездің балалары аса тату, ынтымақшыл болатын. Төбелес, ұрыс деген ұмыт болған кез болыпты. Балалардың осындай күй кешуіне сол кезеңдегі ауыртпалық әсер етті ме екен, ол жағын зерттеп жатқан ешкім жоқ. Бірақ ауыл «шықпа жаным, шықпаның» күнін кешкені сөзсіз.

Он отбасында бір сиыр, кейбіреулерде ешкі болыпты. Қой мен жылқыны табу қиын. Ал «Қызыл дихан» колхозында 150 қой, 40 жылқы, осыншама сиыр болса керек. Көктемде жер ат жеккен екі тісті соқамен жыртылыпты. Бағира Әбдіқұлқызы, Айткүл Қалымбетқызы, Дүрдәш, Күлдән, Болдан Сейітбайқыздары ұлдармен бірдей еңбек етті.

Олар фашистерге қарсы күресе отырып, отбасын аман сақтап қалу армандары болатын. Ортақ жаудың омыртқасын үзбейінше бақытты күнге жете алмайтындарын түсінді. «Қазақ жалқау» деген атқа ие болмау үшін өмірлерін қиғандары қаншама? Сол бір ауыр күндері қаншама қарт жұмыс істеп жүріп, далада көз жұмды десеңізші. Олар Сталиннің қаһарынан да қорықты. Олар тек жанқиярлық еңбекпен ғана үрім-бұтағын сақтап қалуға болатындығын түсінді. Сол түйсік оларды ерлік еңбекке бастады. Жеңіс үшін бәрін берді. Еңбекақысын да, майын да, етін де, жылы киімін де, тапқан табысын да берді. «Займ бер, облигация ал» деді, екі сөзге келмей алды. «Қорғаныс қорына қаржы қос» деді, берді. Бірде бір отбасы бұл сауапты істен тартынған жоқ!

Сол бір ауыр жылдарды еске алғанда алдымен соны қайыспай көтерген ұландар еске түседі. Мәселен бұрынғы Луговой ауданына қарасты«Қазақ» колхозында ерен еңбектің үлгісін көрсеткен Зинагүл Есімқызының аты сол ауылда бүгінгі күнге дейін құрметпен аталады. Отағасы Әйдіз Жошыұлы майданға аттанысымен жеті және бес жасар қыздары Пістекүл мен Алмагүлді жетектеп, колхоздың сан-салалы жұмысын таң атысымен күн батқанша бел жазбай еңбек етті.Жарықтық, сол кездерді еске алғанда күліп отырып сәбилерінің ауыртпалықты төзімділікпен қабылдап, жылап-сықтауды білмей, ойын баласы екеніне қарамай үйдің майда шүйде жұмыстарын бітіріп қоятындығын айтып отыратын. «Біздің көз жасымыз жақсылыққа болды. Әндіз жараланып келсе де, елге аман оралды. Қыздарым да ер жетіп, тұрмысқа шығып, үбірлі-шүбірлі балалы болып, немере сүйді. Мен сондай бақытты күндерге жеткеніме қуанамын. Бүгінгі сендердің көріп жүрген ауыртпалықтарыңмен соғыс жылдарындағы қасіретті күндерді тіпті де салыстыруға болмайды. Сендер бақыттысыңдар. Сол бақытты адал еңбекпен сақтап қалуларың керек» деп отыратын. Ол кісі өмірден озғанша соғыс жылдарында еңбек етіп, аттары ұмытылған құрбы-құрдастарын жиі еске алып, балалары мен немерелеріне, жарына мәңгі адал болып қалған сол аналарға құрмет көрсетуді ұмытпауды аманат етті.

Сол сияқты осы аудандағы Ақыртөбе ауылынының маңындағы сұлутөрліктер Жұмали Күлекеевтің есімін алғаш атайды.Таудан сарқырап аққан бұлақтармен жер аттары аталған, Жамалбұлақ, Қарабұлақ, Шымбұлақ және Тұйықтөр. Солардың ішіндегі Шымбұлақ атты жерде дүниеге келген Жұмали соғыс жылдары жан аямай еңбек етті. Ол туған жерін өмір бақи сүйіп өткен.Сұлутөр керемет жер! Сұлу десе сұлу, төр десе төр-ақ. Таудан құлай күркіреп ағатын өзен Тұйықтөр деп аталады. Бұл жердің шыбын-шиіркейі өте аз, қоғасы мол. Жұпар ауасы мәңгі аңқып тұратын бір ғажайып жайлау.

Сұлутөр ауылы 1926-1929 жылдары колхоздастыру кезінде «Қызылту» колхозы болып жаңадан құрылды. Колхозды құруға белсене ат салысқандар: Орынбай, Төлетай, Күлеке, Үрпек, Төлеген, Уәли деген зиялы азаматтар болған. Колхоз құрылған соң Телібайұлы Күлеке мен Жақсыбайұлы Үрпек екеуі Ұзынағаштағы жылқы зауатынан барып 50-60 шақты байтал айдап әкеліп, соны Сұлутөр жайлауында бағып көбейтеді. Күлеке баба жылқы малына жақын, жылқы бағудың қыр-сырын меңгерген сайыпқыран бапкер кісі болған. Сол кісі өсірген жылқылар «Лошадь Красной Армия» қорына көптеп алынған. Жұмали колхозда алғашқы механизатор (ХТЗ маркалы) тракторды жүргізген. Соғыс жылдары брон беріліп Көркімбай Үрпеков, Ынтықбай Садыков, Қырсаубай Есімов, Кеукербай Тойбеков, Жүнісәлі Бейбітов, Ақылжан Артықбаев, АнарбекҚазақбаев пен бірге тылда еңбек етті. Жер жыртып, егін салған, «Коммунар» комбайынымен егін бастырған. Жұмали Күлекееұлы бригадир туралы естелік өте көп. Ол тылдың нағыз батыры болды. Зейнетке шыққанға дейін бір тыным таппай еңбек еткенін ауылдастары ризашылықпен әңгімелейді. Ол кісінің жары Дәулетбайқызы Тазагүл туралы да осындай жақсы лебіз білдіруге болады. Еңбек жолын 1939 жылы «Қызыл Ту» қолхозында бастаған. Колхозда қызылшашы звено жетекшісі болып жұмыс атқарған. Тазагүл ана көбінесе звено жетекшісі болған, ол кісімен Жаңаш, Окажан, Әзипа, Сейдіш, Саракүл осы қызметті атқарған. Колхозды ұйымдастыруға үлкен ат салысып, аянбай еңбек еткен. Жас өмірлерін бейнетпен өткізген. Алдына қойған мақсатқа тек адал еңбектері арқылы жеткен. Турасын айтқанда мәңгі жасайтын ешкім болмаған. Қалса аты, жазса хаты қалған. Осындай ауыр жұмыстармен бірге өмірге екі ұл, төрт қыз әкеліп, тәрбиелеген олар өздерін бақытты санады. Осы ауылдың атпал азаматы, соғыс жылдары аянбай еңбек еткен Көркімбай Үрпекұлы туралы да тебірене, толғай айтуға болады.

Ал Талас ауданы, «Кеңес» колхозында дүниеге келген Айткүл Тілеубайқызы Сәмбетова туралы сөз нақышы өзгеше. Әкесі Тілеубай болыс болған ол жесірліктің тауқыметін көп көрді.Ері Бөлеген Сәмбетов Ұлы Отан соғысынан оралмады. Соғыс басталар алдында дүниеге келген қызы Кұрманкүл Бөлегенованы жетектеп, жүріп жеткізді. 1941 жылдан бастап тылда еңбек етіп. Түрксіб темір жолын салуға және канал қазып, түнде әскерге шұлық тоқыған.

Мойынқұм ауданындағы бұрынғы Фурмановка, қазіргі Мойынқұм ауылында 27 жасында жесір қалған Күлзайым Иманбекқызы Үркімбаева туралы да жүрек тербей әңгімелеуге болады. Ол өмір бойы жары Рахымбек Оспанбековты күтумен болды. Сағыныштың сазы Күлзайым апайды ақын етті. Өмірінің соңғы жылдары өмірлік жары Рахымбекке арнап шығарған өлеңдерін әндетіп жүруі әдетіне айналды. Аққудай күн кешкен бір ғана адамға өмір бақи адал болып, өзгеге назарын аудармаған сол кездің аналары туралы қалай тебіренбеске. Күлзайым Иманбекқызы соғыс жылдарында жан аямай еңбек еткені бөлек әңгіме.

Осындай жылы сөзді Бибіажар Қожанқызы еркебұлан келіні туралы да айтуға болады. Мойынқұм ауданының Коминтерн колхозында Бидай өсіріп, тары түйіп соқа айдаған ері Нүсіп Ұлы отан соғысына аттанғанда Бибіажар төрт баланың анасы еді. Бірін арқалап, бірін жетектеп колхоздың өмірі бітпейтін жұмысында еңбек етті. Өмір бәріне де үйретеді екен. Сол бір жылдарды кейінірек еске алғанда Бибіажар ана ауыртпалыққа, басқа түскен қасіретке сәби де үйренетінен жыр етіп айтып отыратын. Алдыңғы балалары соңғыларын жетектеп, бұғанасы қатпаса да үй шаруасының жұмысын бітіріп қоятын. Бұл кісі де өмір бақи жары Нүсіп Еркебұлановты күтумен болды.



Мұндай мысалдарды жоғарыда айтқандай әр ауылдан көптеп келтіруге болады.

ОТТЫ ЖЫЛДАРДЫҢ ГАЗЕТТЕРІНЕН




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   23




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет