БІЛІКТІ АГРАНОМ
Украинаның Полтава облысында дүниеге келгенімен, бүкіл өмірі Жамбыл облысында өткен Галина Андрейқызы Адаменко өзінің біліктілігімен, ауыл шаруашылығы ісінің қайраткері ретінде замандастарына сыйлы да, беделді еді. 1942 жылы Шымкент ауыл шаруашылығы техникумын бітірген ол Меркі ауданының «Красный Октябрь» колхозында аграном болып еңбек жолын бастады. Ұлы Отан соғысы жылдарында учаске бастығы, одан кейін Меркі машина-трактор станциясының аға агрономы қызметін атқарды. 1949 жылы Шу машина-трактор станциясының директоры, 1960 жылы осы аудандағы «Новый путь» колхозы басқармасының төрағасы қызметін атқарды. Қайда еңбек етсе де ол ұйымдастырушы әрі білікті маман ретінде танылды.
Ұлы Отан соғысы жылдары ол егіс алқабының түсімі мол болуы үшін озаттардан белсенді топ ұйымдастырып, аграномияның қыры мен сыры туралы тұрақты түрде дәріс оқыды. Жердің құнарлығын арттыру және оның түсімін молайту бағытында оның ұйымдастыруымен білікті аграномдар шоғыры қалыптасты.
Галина Андрейқызының ісі босқа кеткен жоқ. Меркі машина-трактор станциясы аграномдарының жерді баптай білу тәжірибесі өз жемісін берді. 1946 жылы Г.А.Адаменко жемісті еңбегі үшін «Құрмет Белгісі» орденімен марапатталды. Жерді баптай білудің нәтижесінде 1947 жылы 302 гектардың әр гектарынан 430 центнерден қант қызылшасын жинады. 1948 жылдың 28-наурызында оған Социалистің Еңбек Ері атағы берілді. Осы жылы ол Шу машина-трактор станциясының директоры болып тағайындалды. Ол осы қызметте өзінің ұйымдастырушылық қабілетімен құрметке бөленді. 1960 жылдан бастап ол «Новый путь» колхозы басқармасының төрағасы қызметін сенімді атқарды. 1967 жылы ол басқаратын колхоз жоспардағы 22 мың центнердің орнына 70 мың центнер астық тапсырды. Сол кезде оның жерді баптау әдісі облыс көлеміне кеңінен насихатталып, таратылды.
Г.А.Адаменко екі рет СССР Жоғарғы Советінің депутаты болып сайланды. Ұзақ жылдар мемлекет қайраткері ретінде танылған аграном ортасында сый-құрметке ие болғанын замандастары, оның тәрбиесін көрген азаматтар ерекше ілтипатпен айтады.
Достарыңызбен бөлісу: |