Мақұлбек рысдәулет солдат жары ұлы Отан соғысы жылдарында



бет23/23
Дата02.07.2018
өлшемі5,99 Mb.
#45422
1   ...   15   16   17   18   19   20   21   22   23

Соғыстан кейінгі жылдары ауданда қант қызылшасын өндіру алдыңғы қатарға шықты. Жаңа техникалық дақылды игеруге партия мен Үкімет ерекше назар аударды. Соның нәтижесінде жастарды, коммунистерді осы салада еңбек етуге міндеттеді. Алғаш комсомол жастар звеносын басқарған Бәтима Хасенқызы бірінші жылы-ақ жоғары көрсеткішке қол жеткізді. 1947 жылы жас звено жетекшісі көтеріңкі социалистік міндеттеме қабылдады. Звеносындағы 3 қызылшашы 6 гектар қант қызылшасы алқабын күтіп, баптап, өңдей білудің нәтижесінде екі гектардың әрқайсысынан 800 центнерден тәтті түбір жинады. Қалған алқаптың әр гектарынан 385 центнерден қант қызылшасын жинады.

1948 жылы 28-наурызда қант қызылшасын өндіруде қол жеткен жетістігі үшін Бәтима Шимашеваға Социалистік Еңбек Ері атағы берілді. Ұлы Отан соғысы жылдарында шыңдалған Бәтима Ұлы Отан соғысы аяқталған соң, дәлірек айтқанда 1948 жылы аудандағы ең ірі ауылдық советті басқарды. Сол жылдары ол басқаратын аукылдық совет бірнеше рет республикалық социалистік жарыстың жеңімпазы атанды. 1952 жылы ол аудандағы Калинин атындағы колхоздың төрағасы болып тағайындалды. Бұл жылдары шаруашылықтың малы үш есе көбейіп, егіс алқабы 800 гектарға өсті. Шаруашылықтың табысы 1 миллион рубльден асты. 1956 жылы ол тағы да Ленин орденімен наградталды. Екі рет Қазақ ССР Жоғарғы Советінің депутаты болып сайланған ол қоғамдық жұмыстарға белсене араласты.


41-ШІ ЖЫЛДЫҢ

КЕЛІНШЕГІ

(Шерхан Мұртазаның осы аттас әңгімесінің желісі бойынша)



Бір көріністі сахналық инсценировка

Қатысушылар:

Хадиша-солдат жесірі;

Шалабай- солдат жесірінің қайнысы;

Ақшай-қоймашының әйелі;

Мақсұт-Хадишаның ері;

Қазинаш-Шалабайдың әйелі;

Ауыл адамдары.
Өткен ғасырдың жетпісінші жылдарындағы Алатаудың бөктерінде бұлақтары сылдырай аққан қазақ ауылының ауласы. Шалабай төркіндеп түсіп келген қызының беделін барған жұртының алдында көтеріп тастау үшін қолынан келгеннің бәрін істеуде. Тіпті, көрші ауылдағы құрдасының аппақ киіз үйін сұрап алып, көкпенбек жоңышқаның үстіне тікті.

Шалабайдың бүгін көңілі ерекше көтеріңкі. Соғыстан алып келген галифе шалбарының бірін киіп, ауылдың шолақ белсенділері сияқты қолына қамшы алып, екпіндей сөйлеп, ентелей жүрсе, әйелі помбарқыт көйлегін киіп, орамалын алдына қарай шорт түйіп, келіндері мен абысындарына бұйыра сөйлейді. Екеуінің дауысы қаттырақ шығып, елге нұсқау беруді барған сайын күшейтуде.

Қазинаш:

  • Ей, жыртақтамай болсаңдаршы. Немене біріңді бірің бүгін көргендей жабысып қалыпсыңдар. Алдымен істі бітіріңдер, әңгімені сосын соғасыңдар. Кіммен құда болып жатқанымды білесіңдер ме, ұятқа қалдырмаңдар. Болыңдар. Бәрін дұрыстап жасаңдар. Біреуің бірдеңе қымқырушы болмаңдар. Ондайларыңды көрсем екіншіде бұл үйге жақындамайсыңдар.

Бірінші әйел:

- Мына абысын барған сайын секіріп барады ғой, тіпті. Құдды бір потребсоюздың бастығымен құда болып жатқандай.

Екінші әйел:

-Е, баршылық не істетпейді дейсің?! Енді тойып секіре бастаған да...



Қазинаш:

-Немене екеуінің ауыз жаласа қалғансыңдар?! Ауыздарың өсектен босамай жатыр ма?! Болыңдар енді, қимылдаңдар ширақ. Құдамыз потребсоюздың бастығы болмасада бір дәулеті өзіне жетеді,-- дегенде екі келіншек мырс етіп күліп жібереді.

Қарбаласқа түскен ауыл келіндерінің бірі бауырсақ пісіріп жатса, енді бірі қамыр жайып жатыр. Өзара әзіл-қалжың айтып, сөз қағыстырып, саңқылдай күледі. Ер азаматтар болса олардан алысырақ жерде өзара әңгіме дүкен құрған. Бір-бірін қуалап ойнаған балалардың күлкісі де аулаға сән беріп тұрғандай... Көптің арасында ерекше сәнді киінген жасы елулерден енді асқан Хадишаның жүрісі де, ісі де ширақ. Көңілді. Бұл да жанындағы келіндерге жөн айтып, жұмысқа белсене араласып жүр.

Ауыл адамдары:

-Қайнаға мен Қазинаш жеңешемде арман бар ма? Қағанақтары қарқ, сағанақтары сарқ қой...

-Құдалары да бақуатты көрінеді...

-Иә, әкелген қоржындарының бүйірі тоқ деседі...

-Бәрінен де сол тоқ қоржынды кім ашар екен?...

-Ата жолы бар емес пе?! Ағайын-туысқаннан кенде емес қой...



Шалабай:

-Жылдам қимылдаңдар қазір бастық та келіп қалатын уақыт болды. Оған дейін ырым-жырымдарыңды бітірмейсіңдер ме? Күләйжан мен күйеу бала әкелген қоржынды ашпайтын ба едіңдер.



Қазинаш:

-Күләйдің әкесі-ау, сол бастықтарың келсе шай-суы мен ыстық тоқаш дайын тұрсын деп жатқанымыз ғой... Қоржынды қазір ашамыз,- деп әйелдерді дауыстап шақырады:

- Бері жақындаңдар. Қоржынды ашайық. Қапы қалмаңдар. Көріңдер менің құдамның не беріп жібергенін. Қызымның қандай жерге барғанын біліңдер,- деген Қазинаш жақындап келе жатқан әйелдерге масаттана қарайды.

Ауыл әйелдері қоржынға жақындай түседі. Хадиша өзгелерден алға озып, білегін түріп,«қоржынды ашуға мен дайынмын» дегендей алға адымдаған абысынына мойын да бұрмаған Қазинаш төрде төсеулі құрақ көрпенің үстінде жеке дара отырған қоймашының әйелі Ақшайға жылы жүзбен жақындайды.

Қазинаш:

-Жеңеше, Күләйімнің әкелген қоржынын сіз ашыңыз, қызымызға сіздің жолыңызды, көрген жақсылығыңызды берсін!



Ауыл адамдары:

-Дұрыс-ақ!

- Ақшайдан басқа қоржынды ашуға кім лайық.

- Бүкіл колхоздың қоймасының кілті қалтасында жүрген шалы қасында. Ұл-қызы қызметте.

- Бір емес үш бірдей мәтәцклі бар!

Мұны күтпеген Хадиша алғашында абдырап қалады да жалма жан қайнысына жақындайды. Жаңа ғана жүзіндегі көңілділікті таңданыс басқан. Бірден ашуы басына шапқан оның дауысы дірілдеп шығады.

Хадиша:

-Әй, шырақ! Неңе мәз болып, мұртыңды сипап тұрсың! Әруақ атып кетпесін десең ана есектің миын жеген, кеудесіне нан піскен қатыныңа айтпайсың ба?! Бұл қоржынды ашудың жолы кімдікі екенін! Саған Мақсұттан жақын кім бар еді! Оның отын сөндірмей, қызым қанша қолыма кел дегеніне көнбей қара шаңырақ ортасына түспесін деп отырмадым ба?! Ана мұрнынан есекқұрт түскен Ақшайдың әркімнің етегін көтеріп жүрген байсымақтарына қарамай ағаңды күтумен өмірімді өткізіп келе жатқан менің жолым емес пе?! Жөн білмеген жетесіз екенсің ғой... Әулеттің дәстүрінен мансап биік болған ба?! Көмейіңе тас тығылған қасқырдай қызыл көзденіп, жерге қарағаннан басқа қолыңнан келетін іс бар ма?! Тас қауып, қапқаныңды ит жегір! Шалабайға қарай тағы да бір адым жасап, жиналған жұртқа қарап:

- Қайран Мақсұтым соғыстан аман-есен келгенде мен мына кемсітуді, қорлықты көрмес едім ғой! Қарғыс атқыр соғыс! Атаңа нәлет Китлер! Мені бүгін тағы жылаттың, тағы қорладың! Шұнақ құдай саған не істедім. Өмір бойы мені осылай зарлата бермексің бе? Менің де көретін бір қуанышым, жақсылығым бар ма, қу қудай!- деп зарлай жөнелеген ол кенеттен есіне бірдеңе түскендей:

- О, алла кешіре көр өзің. Адамның опасыздығы мен арсыздығы, мансап үшін арын да, бауырын да сатқаны үшін екі ортада саған да тіл тигіздім ғой. Кешіре көр пендеңді. Мыналардың қорлығы мен мазағы өткен соң тілім саған тиді ғой. Кешіре гөр, тәңірім. Мен сенен қубас болдыр деп сұраппын ба. Ой,жаным-ай..

Елімді, жерімді, отбасымды ешкім қорламасын, Отанымды жаудан қорғаймын деп Мақсұт соғысқа кетпеп пе еді?! Олардың артында ер емес, ездердің қалғаны екен ғой?! Солдаттың жесіріне көрсеткен жақсылығың осы ма?! О... шұнақ құдай, қу құдай... Бұл не қылғаның?!

Хадиша бүк түсіп отыра қалады. Ақшай Хадишаның сөзін іліп әкетіп,бірақ оған қарамай сөйлеп отыр. Даусында өктемдік, менсінбеушілік бар. Құйрығымен сырғанап қоржынға жақындай түсіп, бүйірі тоқ қоржынды аудастырып, тігісін іздегендей... Қолы қоржында, өзі сөйлеп отыр.

Ақшай:

-Әй, қақпас, не оттап отырсың! Алды-артыңды жалмаған қақпас! Сен санатта бар ма едің?! Өліп қалмай, байыңды жалмап, жападан-жалғыз неғып жүрсің! Т-Төркін қоржынын ашу құрметі сенің не теңің, қақпас пен қубастың жолын білмейтін бе едің?!-деген ол енді басын көтеріп, бүрсүйіп отырған Хадишаға тесіле, төбесінен қарайды. Хадиша басын оқыс көтеріп, Ақшайға жақындайды.

Хадиша:

-Әй, Ақшай! Тіліңе шоқ түссін, тіліңе шоқ түскір! Қанымды қарайтпа! Қақпас деп айтқан адамның жағына жылан жұмыртқаласын! Мақсұтымды «өлді» деп кім айтты. Алды-артымды жалмап, жалмауыз болайын деп құдайдан тілеген жоқпын. Мақсұтпен отасқанымызға он күн болар-болмастан әскер кетті. Төсек қызығын да көріп үлгермедім, мауқымды да баса алмадым. Ал бірақ, бір жақсысы сенің байың сияқты менің Мақсұтым жан сауғалаған жоқ. Қашқын болып өмір сүргенше, өлген артық!

Қырық жыл қырғын болса да – ажалды өледі. Кебенек киген әйтеуір бір келеді. Мақсұт үйден кебін киіп аттанған жоқ! Оны мен семіз деп сойған жоқпын! Етті деп сатқан жоқпын! Мақсұтым өлмей мен қайдан қақпас боламын?! Мақсұттың өлгенін қайсың көріп, қайсың жерлеп едіңдер айтыңдаршы?!



Ошақ басындағылар да, аулада әңгіме дүкен құрып отырғандар да үнсіз. Бірі бетін шымшыса,енді бірі ернін сылп еткізіп, аузын жыбырлатады. Хадиша сөзін бөліп, айналасына тесіле көз жіберіп, орнынан ұшып тұрып, екі қолын көкке көтеріп, алақандарын жайып жіберіп, бар дауысымен айқай салды. Сөйлеген сайын тізесі бүгіліп, дауысы төмендей береді.

О...Жалған, опасыз дүние! О... Жаратушы! Әділдігің осы ма?! Отанын қорғап отқа түскен Мақсұттан гөрі, Ақшайдың байы құсап, әскерден қашып, үш жыл бойы тауда тағы боп, жан сауғалаған, бұл күнде колхоздың қоймашысы болып, шалқып жүрген Құрақбастың айы оңынан туғаны қалай?!



Ауыл адамдары:

-Сөз-ақ! Енді қайтсын байқұс!

-Түсінде көрген Мақсұтты жанына жалау, медеу етіп жүр екен ғой...

-Құрақбастың соғыстан қашқаны рас қой...



Шалабай:

-Үндеріңді өшіріңдер! Жараның аузын тырнамаңдар! –деген ол жүре сөйлеп, әлде біреуге қолын көтеріп, -Әлгіні әкелдіңдер ме, тура райпотребсоюздың бастығының өзіне бардыңдар ма? Дұрыс болған екен. Біздің бастық осы коньякты жақсы көреді. Ол қолындағы құтыларды қыса ұстап, сахнадан шығып кетеді.



Ақшай:

  • Соғыстан қашқандарға кешірім жасалынған! Не десең де, Хадиша сорлысың, сорлы болып қаласың. Сенің күйеуің кімді қорғады, ұтқаны не?! Солдаттың жесірі деп сен байқұсты кім есіркеп жатыр?! Біле білсең бізді неміс билесе де, орыс билесе де бәрі бір емес пе?! Тағы отыз жыл күт, келеді саған Мақсұтың. Ақшай ернін шүртитіп, мысқылдай қарайды.

Ауыл адамдары:

-Ойбай-ау, мына кісі не деп кетті?! Мастанғаны ма, жетіскені ме?!.

- Соғыстың біткеніне жиырма бес жыл болды. Енді қайдан келсін!

-О... бейшара, Хадиша! Біреудің етегінен ұстап, бала тауып алғанда бұлай зарламас еді...

-Келіп қалуы ғажап емес, анау төменгі Теріс ауылындағы Жансақалдың келгенін естідік қой. Күтеді. Күткеннің айыбы жоқ.

-Мына кісі не деп кетті? Сонда біздің әкелеріміз бен аталарымыз бекер соғысқан ба?! Фашиске бағына салуымыз керек пе еді...

Хадиша орнынан атып тұрды. Жүгіріп Ақшайдың жанына барады. Оның шашына жармасатын адамдай саусақтарын керіп жіберген. Қалш-қалш етеді.

Хадиша:

-Мына жүзі қараның қатыны не дейді? Мұны саған анау қорқау байың айтқан болар... Немісің не ей! Сонда батыр қайнаға да бекер соғысқан ба?! Ойбай... мынау не дейді?! Сөзің де, өзің де құры!!! Осы жерде сенің жүріс-тұрысыңның бәрін жайып салып әбиіріңді айрандай төгейін бе?!



Салалы саусақтарын жайып жіберіп, Ақшайға ұмтылады. Ауыл адамдары оны ұстап қалады.

Ауыл әйелдері:

-Қойыңыз, жеңеше, сізге не болған. Болмайтынға ренжіп.Ол кісі әшейін айта салғаны қой. Ашуыңызды басыңыз. Ләжі құрыған Хадиша тағы да дауысын көтере, көкірегі қарс айрыла сөзін жалғайды.

Хадиша:

- Мақсұтымды күтемін! Жүз жыл күтемін! Соңғы демім қалғанша күтемін! Басынан сусыған ақ орамалын бауырына қыса түсіп, мейрлене құшағына қыса түскен.

-Осы орамалды осы әулеттің есігінен аттарда айдай ақ жеңешем Айша басыма салып еді. Қайран жеңешем, өмір нәрін білетін, елдің жолын айтатын, тым болмағанда ара түсер сен де жоқсың. Жалған-ай, жалған! Бұл дүние алдамшы, өткінші болғаны ма?!

Үнсіз. Дірілі басылар емес. Қайта өрши түскендей. Енді Мақсұтының келмей, абысындарының қорлығына емес, Ақшайдың топастығы мен парықсыздығына, балаларының арқасында менменсінген надандығына налығандай бойын ашу-ыза мен бірге шарасыздық та билеген. Ауладағылардың бір-екеуі жүгіріп Хадишаның жанына келіп, демемек еді, ол олардың қолын қағып тастайды.

Хадиша:

-Қайдасың, Мақсұт! Қайдасың? Құдайдың басқа салғанына көніп, жоқшылықтың азабын тартып, көндіккен бас қой мына бас. Бірақ мына қорлыққа шыдамаймым! Осылай өмір сүрудің керегі бар ма? О... құдай...



Хадиша етпетінен түсіп, қос алақанымен жерді сабалайды. Дүние шыр көбелек айналғандай. Хадишаның қатаң дауысы бірте-бірте бәсеңси береді. Тіпті, үзіліп кетерліктей... Ұмтыла сөйлейді. Айналаны қараңғылық басады. Тек бір ғана жарық сәуле Хадишаға селкеулене түскен. Бауырына басқан орамалы сусып, жерге түскен. Ақ шашы қобдырап, жүзін көздің жасы жуған... Жалғыз.

Хадиша:

-Жаным, Мақсұт,келдің бе? Неге үндемейсің? Мына жұртыңа тірі екеніңді білдірмейсің бе? Босағада тұрғаның не? Жілік жілігіңе қорғасын құйып қойды ма, әлде аяғыңа біреу тұсау салып қойды ма, неге алға жылжуыңа дәрменің жоқ?! Келсейші, жаным! Мына ағайындарың мені қақпас деп анау Шалабай бауырыңның түсіп келген қызының қоржынын ашқызбады. Баламның болмағанына мен кінәлімін бе?! Айтпайсың ба мына жұртыңа... Келмейсің бе? Біз де бала сүйіп, немере жетектесек жараспай ма? Көкірегі қарс айырылып терең күрсінеді.

Ауыл болса бала-шаға толды. Бірақ олардың арасында сенің ұрпағың жоқ.Ауылдастарыңның арасында сағынатындары да көп. Ақсайың мен Көксайың да сені іздеп аласұрады! Бір толып, бір тартылғанымен, мәңгілік нәр беріп тұрған Мыңбұлағың да сағынды. Бауыржан көкең халық Ұлы әрі Батыры болды! Әлгі Айша жеңешемнің ашаршылық жылы туған баласы да ер жетіп, ол жазған кітаптарды ел жастанып оқитын жазушы болды. Ал біз не болдық?! Жойылғанымыз ба, жоғалғанымыз ба, Мақсұтым? Қайда кетті кешегі қызыққа толы күндер?! Есіңде ме?! Мен сені күміс бастаудың басында ұза-ақ күттіргенім...

... Қараңғылық түріліп, ауылдың шуақты кештерінің бірі. Жас кезіндегі Хадиша. Жарқырап, жастық шақтың жалынына оранған. Көркем, келбетті. Гүлді көйлегінің етегі көлбең-көлбең етеді... Күмісбастау сылдырап ағады. Хадиша талдың артына тығылып, бастау басында, көк шалғында мұңайып отырған Мақсұтты сыртынан бақылап, сылқ-сылқ күледі... Мақсұт анда-санда мойынын созып, ауыл жаққа қарап қояды. Алыстан мал қайырған ауыл адамдарының дауысы естіледі. Хадиша аяқ киімін шешіп, жайлап басып келіп, Мақсұттың көзін қос алақанымен жабады.



Хадиша:

-Айна ма, тарақ па! Хадиша сыңғырлай күледі. Томсырайып отырған Мақсұттың жүзіне қан жүгірді. Жымия екі қолымен Хадишаның қолын сипалайды.



Мақсұт:

-Бұл менің айым, бұл менің күнім!



Хадиша:

-Айна ма, тарақ па?



Мақсұт:

-Бұл менің жаным, бұл менің күнім!



Хадиша:

-Ай ма, Күн бе? Бірін айт.



Мақсұт:

- Оң жағымдағы айымсың, сол жағымдағы күнімсің. Көңіл бағымдағы бұлбұлымсың...



Хадиша:

-Ай десең...сықылықтап күледі... Күн десең... тағы да сықылықтап күледі.



Масұт:

-Түсінбедім... Ашық айт...-деген Мақсұт Хадишаның қыпша белінен қапсыра құшақтап, алдына алады. Жүздері бал-бұл жанған екі ғашық арманның ақ есігін ашып қиял құшағына ене ді. Бақытты болашақтарын болжап, қиялға ерік береді.



Мақсұт:

- Хадиша, енді бір-екі күнде үйіңе құдаларды жібермекшіміз. Екеуіміздің тойымызға апам бар тәттісін дайындап отыр. Сосын тойымыз өткеннен соң мен қаладағы оқуымды одан әрі жалғастырмақпын. Екеуіміз енді қалада тұратын боламыз. Хадиша қуанып кетеді де, тез арада сабасына түседі.



Хадиша:

-Сонда мен не істеймін қалада, ұзақ күні бойы сені күтіп, екі көзім төрт болып отыра беремін бе? Онда қайда тұрамыз, қалай өмір сүреміз. Мен жалғыздықтан қорқамын...

Мақсұт:

- Жоқ-а, о не дегенің?! Қалауың болса сен де оқуға түс немесе жұмысқа кір. Қолыңнан өнер тамған тігінші емессің бе? Ауылдың бәрі сені ісмер деп мақтайды ғой. Екеуіміз де жоғары білім алсақ ертеңгі күні біздің балаларымыз да білімді, оқымысты болып шықпай ма?! Міне, мамыр айы да бітіп қалды. Маусымның онына таман тойымызды өткізген соң қалаға қарай жол тартамыз. Өйткені жоғары оқу орындарына емтихан тамыз айында басталады. Қорықпа, қалада да біз сияқты адамдар тұрады. Сені ешкім онда жеп қоймайды,- деп әзілдеп қояды.



Дөңгеленген дүние. Жар-жар естіледі. Шашу шашылады. Қуанышты күлкілер. Сахнада осы көріністер бірінен соң бірі өтіп жатады.

Енді бір сәтте жас келін Хадиша әндете жүріп, үй шаруасымен айналысуда. Оны сыртынан бақылап тұрған Мақсұт ақырын баспалап келіп, ту сыртынан құшақтай алады.

Хадиша:

-Ту, жаным мұның не?! Біреулер көріп қойса ұят емес пе. Хадиша наздана Мақсұттың құшағына енеді.



Сол мезетте кенет бұлтсыз күні найзағай ойнап, астан-кестен болады да кетеді. Аспан айналып жерге түскендей. Гүрсілдеген бомба, жылаған бала, кісінеген жылқы, құлдыраған самолет, ысқырған оқ, жарылған снаряд. Енді бір сәтте Мақсұт пен ауыл жастары қимастарымен қоштасып, ауылдан ұзап барады.

Мақсұт:

-Сені қимай кетіп барамын. Отанды қорғау азамат парызы. Бар ауыртпалық өзіңе түседі. Қайтесің енді. Бәріне көнесің де... Әке-шешем де, бауырларым да саған аманат. Бірақ күт мені. Егер мені өлді десе сен оған ешқашан да сенбе. Өйткені мен өмірге, саған құштармын. Жауды біз әлбетте жеңеміз. Сосын тәтті күндерімізідң есесін қайтарып, арманымызға жетуге талпынамыз. Өзіміз армандағадай балаларымызды оқытып, азамат, оқымысты етіп тәрбиелейміз, жаным! Күт мені! Мен міндетті түрде ораламын... Қош!



Қауышқан құшақтар ажырасымен, алапат шайқас басталып кетеді. Қола қару ұстаған, солдат киімін киген Мақсұт «уралап» алға ұмтылған. Сахнаның екі жағында майдан даласы мен ауылдың ауыр халі қатар көрсетіледі. Ыңыршағы айналған мал, ауыр жұмыстан әбден қажыған қарттар мен әйел-бала-шаға. Майдан мен ауылдың шектесер тұсында Хадиша арбадан ауыр-ауыр қаптарды әрең көтеріп, тасуда.

Қараңғылық басқан. Тағы да бүгінгі күн. Әлсіз жарық Хадишаның жүзіне түскен. Орамалы иығында, ақ шашы қобдырап кеткен. Түрі аянышты.
Хадиша:

-«Бәріне көнесің» дейсің бе? Бәріне көнуге болады. Бірақ жан дүниеңді жаншуға қалай көнерсің?! Осыны айтшы? Бойыңда толағай қуат, ертеңіңе сенім болмаса өмір сүріп қажеті не?! Мені алға жетелеп келе жатқаны сенің елесің. Мүмкін сен өлмеген шығарсың. (Өз сөзінен өзі шошып кетеді). Жо...жоқ сене тірісің! Сенбейсіңдер ғой (айналасына қарайды)... әлі-ақ сенесіңдер, көресіңдер...

Мақсұт сен мынаны айтшы: қашқынға - кешірім, мәңгі жарын күтіп, бала-шағасыз қалған мендейлерге – неге азап?! Әділдік қайда? Бәрі мансап деген сайқалдың малайы болғанына қалай көнесің?! Үнсізсің бе... Иә... жауап бере алмайсың... Айта алмайсың...

Хадиша жайлап орнынан тұрып, елес болып тұрған Мақсұтқа жақындай түседі.


  • Сен ақылды едің ғой... Тіпті қайнағалар сенен ақыл сұраушы еді ғой... Есіңде ме, қалың қар жауған жылы малды сақтап қалу үшін ауылдың күшін біріктіріп, малды бір жерге жинап, қопаға, шие мен қоғасы қалың сайға түсіргенің. Сол жылы сенің атыңды өзіңнен бұрын естіген едім. Біздің ауылдың қариялары сенің терең сайды қардан аршып, малға талғажау тауып бергеніңді жыр ғып айтып отыратын. Менің айтпағым ол емес. Жаңағы менің сауалыма жауап берші? Мен сені бекер күтіп жүрмін бе?

О... адамдар сендер айтыңдаршы менің сауалдарыма жауапты?! Әділдік, Мейірімділік жоқ жерде тіршілік, өмір жоқ емес пе еді! Неге соны білмейміз, білсек те білгіміз келмей ме?! Мейірім қайда?! Мейірім алапат соғыстың да ауыртпалығын жеңілдетпей ме?! Соны білмегеніміз бе?!...

Хадиша екі алақанымен жерді сабалап, ыңырси түседі. Бірте-бірте жарық сәуле көмескеленіп, Хадишаның дауысы үзілердей болып, ол бүрсие түскен.

Ауыл адамдары:

-Мына байқұсқа не болды?

- Жынданып кеткендей...

Шалабай:

-Бос сөзді қойыңдар! Алжыған, жынданған адам не айтпайды?! Ісімізге кірісейік, колхоз бастықтары келіп қалар...



Хадиша жайлап орнынан тұрады.Етегін қағып, бойын түзеп, алысқа-алысқа, Алатаудың шыңдарына көз тастады да кетіп бара жатқан Шалабайға жайлап үн қатты.

Хадиша:

-Шалабай, сендейлердің өмірі ұзақ болатына таңғалам... Қайнысының артынан біраз үнсіз қарап тұрады да, қолын бір сермеп, теріс айнаалды. Енді қолын алдына созып, қазір мәңгілік жарын құшақтайтындай алға ұмтыла, үзіле сөйледі.



-Қайтейін енді, Мақсұтым! «Бәріне көнесең» дедің ғой... Көнбегенде қайда барам. Өмірдің бәрі бір қоржынға қарап қалды дейсің бе?! Ендігі өмірім сені күтумен өтеді ғой... Келерсің... Кездесерміз...

Осылай өзімен өзі сөйлескен Хадиша жайлап ауладан шығып бара жатады. Айналаны үнсіздік басады. Жаңағы күлкі, қуанышты көріністер жоқ, бәрі-бәрі тып-тыныштық құшағына енген. Ауыл адамдары бір орындарында қатып қалған, қимылсыз. Тек Қазинаш пен Ақшай қоржынды апыл-ғұпыл ашып жатыр. Шалабай елге арқасын беріп, теріс қарап тұр. Жылап тұр ма әлде күліп тұр ма белгісіз, әйтеуір екі иығы селк-селк етеді...

Тәңіртаудан көтерілген шөкімдей бұлт көк аспанды жауып алады. Артынша найзағайдың шатыр-сұтыр еткен дауысы естіледі де көп ұзамай жадыраған күн шығып келе жатады . Аула қайта думанға тола бастайды.

Әңгімені сахналаған-

Мақұлбек РЫСДӘУЛЕТ,

жазушы.

ОЛ КҮНДЕРДІҢ ӨШПЕС ДАҢҚЫ...

Соғыс өрті шарпымаған отбасы жоқ. Біреу аяулы жарынан айрылса, екіншісі әкесінен, үшіншісі бауырын тек майдан даласында ғана емес тылда да жоғалтты. Майдан даласынан мыңдаған шақырым алыста Жеңіс үшін жанын аямай еңбек етіп, күйзелістен, ауртпалықтан, тағы да басқа себеп-салдардан қанша адам жұмыс орнында опат болғанын ешкім есептеген емес. Уақыт өткен сайын қарғыс атқыр соғыс әкелген зардап, жара жазылып келеді. Ұрпақтардың алмасуымен сол бір сұрапылды еске алып, естелік айтатындар да өмірден өтіп жатыр. 2018 жылдың наурыз айының бірінші жұлдызында облыста 117 ғана Ұлы Отан соғысының ардагері қалған. Уақыт өте соғыс кезінен естелік айтатын, сол заманды көзімен көрген адам қалмайтыны сөзсіз. Тек мұрағаттардағы сарғайған тарихи құжаттар сол кезеңнің көріністерінен қасаң деректер мен дәйектермен елес беретіні анық. Біз осы жазбаларымызды тек архив құжаттарының негізінде жазғанымызды тағы да оқырманның есіне саламыз.

Ұрпақ соғыстың қандай қайғы-қасірет әкелетінін ешқашанда ұмытпауы керек. Олардың ұмытпауы үшін бабалары мен әжелерінің өмірінен хабардар болғаны қажеттілік екенін естен шығармаған жөн. Осыны ұстанған облыс әкімі Асқар Исабекұлы Мырзахметов облыс орталығындағы Бауыржан Момышұлы атындағы Жеңіс саябағында майдангерлердің есімдері мәрмәр тасқа қашалып жазылуына бастамашы болғаны көпшілікті қуантты. «Ешқашан да ешкім де ұмытылмайды!» деген ұлағаттың көрінісі осы!

Жоғарыда талай азаматтардың атын атап, ақ қағазға түсірдік. Біздің аққу арманын серік етіп, өмірінің нәріне айналдырған аналарымыз, Отан үшін отқа түсіп, күймейтінін білген, өздеріне мәңгілік ескерткіш орнатқан бабаларымыз бен әкелеріміз, әрқашанда бауыры үшін тер төккен, еңбек етіп, еркелеткен жағамыз болған ағаларымыз есімдері ұрпақ жадындағы мәңгілік алау! Сол алаудан жылу алған біздер майдангер ұрпағына иненің жасуындай қуаныш сыйласақ парызымыздың да, қарызымыздың да сәлде болса өтелгені.Ерлік мәңгілік!
Мақұлбек Рысдәулет

СОЛДАТ ЖАРЫ
ШЫҒАРУШЫ:

Жамбыл облысының мемлекеттік архиві


РЕДАКТОРЫ:

КОРРЕКТОР:


ТЕРІМШІ:

Назым Қожамарова

Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   15   16   17   18   19   20   21   22   23




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет