Шаруалардың жіктелу процессі күшейді:
1) Батырақ – кедей қожалықтары 2 есеге азайды.
2) 1928 жылы шаруалардың ¾ бөлігі орташаларға айналды.
3) Кулак – бай қожалықтар 6,6 % - ден 14,8 % - ға көбейді.
Жаңа экономикалық саястат жылдары өнеркәсіпте де өзгерістер болып жатты. Халық шаруашылығының Қазақ Орталық Кеңес 8 тресті – «Қожмехтрест», «Илецксоль», «Павлодарсоль», «Ақжал – золото», «Каззап – золото», «Казахсаксаултрест», «Казспирт» трестері мен екі кәсіпорынды – Сантонин заводын, Қарғалы шұға фабрикасын біріктірді. Сонымен бірге Одақтық маңызы бар «Эмбанефть», «Алтай–казполиметалл», «Атбасцветмет» трестері құрылды. Жалпыодақтық трестер республика бюджетіне табыстарының бір бөлігін аударып отырды: «Эмбанефть» мұнайынан алынған табыстың 5 % - ін Қазақ АКСР – інің өлкелік бюджетіне аударды. Осылайша одақтық трестердің монополиялық өктемдігі қалыптасты. Экономикалық саясат өктемдікпен жүргізілді. Трестерді қаптату аймақтарда өндіргіш күштерді ұтымды орналастыруға теріс әсер етті. Қазақстан экономикасының ұзақ жылдарға созылған шикізаттық сипаты анықталды.
Россияның орталық аудандарынан республикаға бірқатар өнеркәсіп орындары көшірілді: Орынбор тоқыма фабрикасы, Қостанай шұға фабрикасы т. б.
Өлкедегі кен өнеркәсібіне көңіл бөлінді. Түсті металлургияның басты ауданы – Кенді Алтай болды.
Риддер қорғасын заводы мерзімінен бұрын пайдалануға беріліп, ол 1923 жылға қарай жалпы Одақта өндіретін қорғасынның 40 % - ін бере бастады.
Орал – Ембі мұнай кәсіпшіліктері қалпына келтіріле бастады. Әуелі Доссор, содан соң Мақат кәсіпшіліктері қалпына келтіріле бастады. Атырауды осы мұнай кәсіпшіліктерімен жалғастыратын тар табанды жол салынды.
Одан бұрын (1920 ж.) Шымкент сантонин заводы пайдалануға берілген болатын. Қарсақбай комбинаты жоғары қарқынмен қалпына келтірілді. Мұнда 1927 жылы мыс өндіріле бастады.
Қазақстанда өнеркәсіпті қалпына келтіру процесі орталықпен салыстырғанда неғұрлым баяу қарқынмен жүргізіліп, 1927 – 1928 жылдары ғана аяқталды.
Жаңа экономикалық саясат кезеңінде товар айырбасы мен товар айналымының маңызы артты. РКФСР Халық Комиссариаты Кеңесінің 1921 жылғы мамырдың 24 – індегі «Айырбас туралы» декретінде кооперативтік ұйымдар арқылы да, рыноктар мен базарларда да айырбас жасауға жол берілетіні атап өтілді. Сонымен бірге жеке саудаға рұқсат етілді. Жәрмеңке саудасы күшейтілді. 1927 жылы 75 жергілікті, 13 губерниялық, 7 өлкелік жәрмеңке жұмыс істеп, сауда айналымы – 30 млн. сомға жетті.
Достарыңызбен бөлісу: |