Мамандығым — мақтанышым.
Ұстаз болу – жүректің батырлығы,
Ұстаз болу – сезімнің ақындығы,
Ұстаз болу – мінездің күн шуағы,
Азбайтұғын адамның алтындығы –
деп ақын Ғ.Қайырбеков жырлағандай, сөзі маржан, үні ән ұстаздардың бар болғанын мақтаныш етемін. Әрине, ұстаз жүгі – ауыр жүк. Ұстаздардың әсерлі үнмен, асықпай мәнерлеп сөйлеген сөзінен әрбір білім алушыға деген қамқорлықтың, аналық, әкелік сезімнің, дана ойдың ыстық лебі есіп тұрғандай. Иә, адамның жан дүниесін түсініп, ренжітпей, қателігін сездіре білу – бұл нағыз шеберлік емес пе?!
Ұстаздық — қиын да қызық мамандық. Алдыңда отырған әр шәкірт- ашылмаған ғажайып, материк. Менің бала көңілімде, сәби жүрегімде өзінің парасатты болмысымен сақталып қалған құрметті адам болса, ол –ұстаз еді. Бала кезімде анамды көріп, оның әрбір қимылына қызыға қарап, еліктейтінмін.
Расында, ұстаздар барлық мамандықты оқытатын абзал жандар. «Мұғалім мамандығы – барлық мамандықттың анасы», – деп дәл айтылған. Ұстаздың тәрбиесін көрмеген адам жоқ. Ұстаздық білім әркімге жол сілтейтін шамшырақ бола алатыны анық. Осы ұстаздармен қатар білім әлеміне жол сілтеуші тұлғалардың бірі – өндірістік оқытудың шебері.
Шебер әртүрлі тиімді оқыту әдістерін меңгеріп пайдалануы, өз пәні жөнінде шеберлігін көрсете білуі керек. Барлық іс-қимыл кезеңінде шебер бірбеткей, таза өз ісіне берілуі тиіс. Ол ғылыми және кәсіби білімін үздіксіз толықтырып отырады. Ол үшін өз бетімен оқып-үйренуі қажет.
Менің ойымша, өндірістік оқыту шебері – рухы таза, ой-өрісі биік, ұлты мен Отанының болашағы үшін аянбай тер төгетін, төзімділік пен табандылықтың үлгісін көрсетіп, бойындағы асыл қасиеттері мен білімін осы мақсатқа жұмсайтын жан.
Қытай философының «Маған жәй айтсаң – ұмытамын, көрсетсең есімде сақтаймын, ал өзімді іс – әрекетке қатыстырсаң үйренемін» деген даналығы білім алушының білімге ықыласын аттыруда ақпараттық — коммуникативтік технологияларды пайдалана отырып, өзіндік ізденіс жүргізуді практикада жүзеге асырудың маңызды екендігін көрсетеді. Сапалы білім негізі – жан — жақты ақпараттық материалдарды, көрнекі құралдар мен ұтымды технологияларды, тиімді әдіс — тәсілдерді пайдалана отырып, білім алушыға ешбір кітаптан таба алмайтын білім беру.
Заманауи біліммен қаруланған ой-өрісі жоғары, зерделі, жан-жақты дамыған мұғалім болу - уақыт талабы. Ахмет Байтұрсынұлы “Жақсы мұғалім мектепке жан кіргізеді, басқа кемшілігі болса, мұғалімнің жақсылығы жабады, білдірмейді” – деген болатын. Мұғалім білім нәрін себуші, ұстаз білімді болса, білген білімін алдындағы шәкірттеріне үйрете білсе,ол бала көбірек білім алып шығады.
Сондықтан бүгін білім берудің сапалы болуы үшін: біріншіден, өндірістік оқыту шеберінің жан – жақты академиялық білімінің болуы, екіншіден, өндірістік оқыту шеберінің өз мамандығына деген шынайы сүйіспеншілігінің және ешқандай дипломмен бірге берілмейтін шығармашылық қабілеті, балаға деген кіршіксіз адамгершілік қасиеттері болуы шарт.
«Ұстаздық еткен жалықпас үйретуден балаға» – деп Абай атамыз айтқан осынау қастерлі мамандықтың иесі атанғаныма жеті жыл болды. Қостанай ауылшаруашылық колледжінде «Дәнекерлеуші» мамандығы бойынша өндірістік оқыту шебері болып жұмыс атқарамын. Қиыны мен жеңілі, қызығы мен қуанышы мол болған еңбек жолындағы педагогикалық ұстанымым – үнемі жаңалыққа ұмтылып, алдыңғы қатардан көріну және әр студенттің бойына жақсылық тауып, бұлақтың көзін ашу арқылы биік мақсаттарға жету.
Мен жұмысты ең алғаш бастаған жыл-2014 жыл. Ол кезде оқушы да, ата-ана да ұстазға басқаша қарайтын. Жас кезімде жұмысқа күнде жаңалық әкелуге асығатынмын, жаңалық табуға асығатынмын. Ізденіс жетілдіру түнімен жоспарлар дайындау, уақытпен санаспау – шәкірттерімен арасында сенім көпірін орнатты. Әр оқушының жүрегіне жол іздей отырып, өз білімімді, тәжірибемді жетілдіру үстіндемін. Алғаш топ жетекшісі болған кездегі жүрегімдегі мақтаныш сезімін ешқашан ұмытпаймын. Сенім мен жауапкершілік жүгі 25 білім алушыға ұстаз-шебер болу…
Өндірістік оқыту шебері қызметін атқара жүріп, халқымыздың адам жаны туралы ертеден келе жатқан ойларымен таныстым. Солардың бірі – Әл-Фараби, А.Құнанбаев, Ш.Құдайбердіұлының жан мен тән туралы толғаулары қазақ халқының ежелден тән мен жан үндестігіне мән берген дана халық екеніне тағы бір көз жеткізді. Бүгінгі таңда тәжірибелік жұмысымда отандық педагогикамен қатар шетелдік ғалымдардың идеяларын, әдіс-тәсілдерін қолданамын.
Сабақ скрипкаға ұқсайды: онымен жай гаммаларды ойнауға немесе Паганинише саусақ ұшын сымға жеңіл тигізіп, керемет дыбыс шығаруға болады. Әрбір сабағы ғажайып әуенге толы өндірістік оқыту шебері болу кімнің де болса арманы.
«Қыран түлегіне қайтпас қанат сыйлайды, өндірістік оқыту шебері шәкіртіне талмас талап сыйлайды» демекші, өндірістік оқыту шебері қашанда білім қоғамының тірегі.
Ұлы ойшыл Әл-Фарабидің: «Ісім онсын десеңіз, сол істің маманы болыңыз...» деген сөзі мен үшін өмірлік ұстанымға айналғандай. Мақсат айқын, міндет-біреу: ел жағдайын еселеп, білімнің алтын ілмегін меңгеру жолында аянбай еңбек ету. Сондықтан мен өз ісімнің маманы болуды алдыма мақсат етіп қойдым. Сонда, әрине, менің жұмысым әрқашан оң нәтиже береді.
Менің педагогикалық ұстанымым: «Бала- бұл толтыратын ыдыс емес, ол-от, жалын оны тұтатып жандыру керек.» Ұстаз – шәкірт жанының бағбаны. Өндірістік оқыту шебері болып, бала санасына жаңаша бағыт беру, жаңа дүниеге ой тастаудың түрлі амалдарымен де танысу үстіндемін. Бала жас алма ағашы тәрізді қалай бағыт берсең солай бой көтерері сөзсіз. Қатты майыстырып алсаң сынады, күтімін бермесең өңбейді дегендей бел сыбана кіріскен жөн. Бір күнде бір балағаға бір нәрсені үйрету өндірістік оқыту шебері үшін үлкен жетістік деп ойлаймын. «Еңбегің көрінсін десең,жемісін же» деген осыдан шығар деген ойдамын.
Тәуелсіз ел атанып, туымызды көкке көтеріп, тіліміздің мәртебесі артып, атымызды әлемге танытып жатқан заманда ұлт пен елдің болашағы – жас ұрпақ тәрбиесіне ерекше көңіл бөлінуі керек. Әрбір бала – жарқыраған шамшырақ, оны жаға білген ұстаз ғана ұтады. Ұстазды биік шыңға да шығаратын тәрбиелі, білімді шәкірт. Балаларға қатысты «жақсы» және «жаман» деп бөлуге болмайды, мен үшін барлық балалар бірдей және әрқайсысы өзінше қызықты. «Жаман» балалар жоқ, қиын отбасы, студент өмір сүретін шектеулі қоғам бар. Олай болса, отбасы тарапынан баланың қалыпты, жемісті өмір сүруін қамтамасыз ету үшін ештеңе жасалмаса, менің ұстаз ретіндегі міндетім өсіп келе жатқан азаматты дамыту мен тәрбиелеудегі олқылықтардың орнын толтыру деп білемін.
Кім болсада, қандай маман иесі болсада, өз ісін сүйіп, жауапкершілікпен қарап қызмет атқарса, нәтижеге жетері анық. Шынайы бейнедегі кәсіби маман ретінде үздіксіз білім алу, біліктілікті арттыру және тәжірибе жинақтау арқылы танылатынын білдім, меңгердім, үйрендім. Кәсіби даму бұл жүйелі білім саласында жетілу және кеңею, тұлғалық сапалардың дамуы, жаңа кәсіби білімдер мен дағдыларды меңгеру арқылы өзімің барлық еңбек жолымда белгілі міндеттерді шеше алуға ұмтылу.
Қорыта келгенде, ендігі ұрпақ – Мәңгілік қазақтың Перзенті. Ендеше, Қазақ елінің Ұлттық Идеясы – Мәңгілік ел! Көз қарашығымыздай сақтау мәңгі мұратымыз! «Мәңгілік Ел» , «Ұлы даланың жеті қыры» , «Рухани жаңғыру» көп ғасырлық тарихын білетін, бағалайтын, мақтан тұтатын, бүгінін нақты білетін, ертеңіне сеніммен қарайтын азаматтарға білім беру бәрімізге жүктелген.
«Шебердің инесі де алтын,соққан күймесі де алтын» деп дана халқым айтқандай, әрбір адам өз мамандығының асқан шебері, мықты маман иесі болуға бар күшін жұмсауы қажет деймін. Ол үшін талмай еңбектеніп, өмір жолында кездесетін қиыншылықтарға төтеп беріп, шыдамдылық пен төзімділік танытуы керек. Мен өзім де осы бағытымнан таймай, алдағы уақытта мықты маман, әрі адам жанын түсінетін, мықты тәрбиелейтін ұстаз-шебер болуды басты назарға қоюдамын.
Менің мамандығым-менің мақтанышым.
Достарыңызбен бөлісу: |