Мамырханова Жамила Темірғалиқызы «6D020500 – Филология»



Дата12.03.2018
өлшемі304,03 Kb.
#38715
Мамырханова Жамила Темірғалиқызы
«6D020500 – Филология» мамандығы бойынша философия докторы (PhD) дәрежесін алуға ұсынылған «Қытай қазақтары тілін тарихи зерделеу және синхрондық талдау» диссертациялық жұмысының
АННОТАЦИЯСЫ
Зерттеудің жалпы сипаттамасы. Бүгінде әлемдегі қазақ халқының жалпы саны 17 миллионнан асқанымен, оның он бір миллионы Қазақстанда, өзге алты миллионнан астамы шетелдерде тұрады. Олар Қытай, Ресей, Өзбекстан, Моңғолия, Түрікменстан, Түркия, Иран т.б. елдерде қоныстанған. Соның ішінде Қытайдағы казақ диаспорасы шетелде шоғырланған отандастарымыздың ең көбі болып табылады. Түрлі тарихи жағдайларға байланысты олардың тіл, жазу қолданысы Қазақстанмен бір қалыпта емес. Мәселен, қазірдің өзінде Қазақстанда кирилл жазуы негізінде жасалған жазу қолданылса, Қытайдағы қазақтар араб қарпі негізінде жасалған А.Байтұрсынұлының әліпбиін, ал Түркия мен Еуропада тұратын қазақтар латын жазуына негізделген әліпбиді қолданып отыр. Жазу (графика) мен әліпбидің ұқсамауы салдарынан емле ережелері (орфография) әр түрлі. Осыған орай тілдік өзгешеліктердің пайда болғаны байқалады. Әліпби мен емлені былай қойғанда, бұл жайыттың тарихи-әлеуметтік себептері де жеткілікті.

Біздің зерттеуімізге нысан болып отырған – Қытай Халық Республикасындағы қазақтардың тілі. Қазақ тілінің Қытайдағы қолданылу жайына себеп болатын, сүйемел жасайтын, қолдау көрсететін жайыттарды айқындап алмай тілдегі ерекшеліктердің байыбына бару қиын. Ең алдымен, тарихи-лингвистикалық жайыттар қарастырылады.



Зерттеу жұмысының өзектілігі. Қазақ диалектологиясының келелі мәселелерінің шешімін табуы, алдымен, қазақ тілі сөйленістерін жеке-жеке сипаттауды олардың өзіндік ерекшеліктері мен ортақ белгілерін, өзара ұқсастықтары мен айырмашылықтарын анықтауды қажет етеді. XX ғасырдың екінші жартысынан бастап Қазақстаннан тысқары елдерде қоныстанған қазақтардың тіліндегі жергілікті ерекшеліктерді жинап, зерттеуге қатысты диалектолог ғалымдардың көптен жүргізіп келе жатқан жұмыстары да осы мақсатта болды.

Біздің зерттеуімізде шығыс сөйленістері шеңберінде Қытай қазақтарының тілі қаралып отыр. Бұл топқа осы сөйленістен басқа Ертіс өзенінің екі жақ бетінде орналасқан Өскемен және Аягөз сөйленістері, Моңғолиядағы қазақтардың тілі (Баян-Өлгий сөйленісі) және Ресейдің Таулы Алтай өлкесіндегі Қошағаш қазақтарының тілі кіреді. Тығыз тілдік қарым-қатынас фактілері, қазақтар мекендеген территориялардың жақындығы, этностық жағының ұштасуы сияқты басты себептер оларды шығыс сөйленістер тобы деп атауға тілдік негіз болады.



Қытайда тұратын қазақтардың тілі туралы ғылыми зерттеулер тек жекелеген мақалалар түрінде ғана көрініс тапқан. Ол жайында Ш.Сарыбаевтың, Ж. Болатовтың және Б.А. Бафиннің бірқатар мақалаларында сөз болған. Бұл мәселе қытайлық тілші ғалымдарының да назарынан тыс қалмаған. Тіл мәселесінің зерттелуі жаңа Жоңго (ҚХР) құрылғаннан кейін XX ғасырдың 50-інші жылдарында Қазақстанда өріс алған қазақ тіл білімінің диалектология саласында қарастырыла басталды. Оған С. Аманжоловтың «Вопросы диалектологии и истории казахского языка» атты еңбегін атауға болады.

Бұл еңбектерде сөйленістің фонетикалық ерекшеліктері, лексикалық, грамматикалық мәселелері сипаттама түрінде қамтылып өткені болмаса, өз алдына дербес зерттеудің нысаны ретінде қаралмаған. Белгілі бір аймаққа тән жергілікті тіл ерекшеліктеріндегі этнолингвистикалық сипаттарға талдау жасау қазақ тіл білімінде әлі де болса өз деңгейінде зерттелмей келеді. Ал соңғы жылдары антропоцентристік бағыттағы зерттеулердің жалпы тіл білімінде қолға алынуына байланысты жергілікті сөз қолданыстарын да адам факторы мәселелерімен тығыз байланыста қарастырудың қажеттігі анықталып отыр. Себебі осы тілдік құрылымдардың түзілуіне әсер еткен экстралингвистикалық факторлар анықталғанда ғана осы жерге тән ерекшеліктердің пайда болу себептерін көрсетуге болады. Бұл орайда қазақ тіл білімінде М. Атабаеваның «Қазақ тілі диалектілік лексикасының этнолингвистикалық негізі» атты еңбегін ерекше атап өткен жөн. Аталған еңбек этносты тіл арқылы танытатын этнолингвистикалық ізденістердің басы болып табылады.

Қазақ қауымының негізгі тобынан жырақтап, біраз уақыттан бері әлеуметтік, тілдік жағынан оқшауланып өмір кешкен Қытай жеріндегі қазақтар тілінің тарихи, мәдени, этнологиялық сипаты және тілдегі лексикалық ерекшеліктері салыстырмалы-тарихи тұрғыдан, лингвогеографиялық тұрғыдан болсын өз алдына зерттеудің нысаны болуға әбден лайық. Әлеуметтік тілдік жағынан алғанда да көп заманнан бері қытай жұртымен аралас-құралас отырған халық тілінің лексикалық жүйесін өзге тілдің ықпалмен астарластыра, сабақтастыра қараудың маңызы ерекше. Оның үстіне Қытайдан Қазақстанға қоныс аударған репатрианттар тілін олардың өзгелермен қарым-қатынас нәтижесінде тілдік кескін-кейпінің өзгеріске түсу жайын, өзара ауыс-түйіс дүниелерін танып-білу мәселесі де осы зерттеудің өзектілігін көрсетеді. Осымен байланысты жұмыста Қытай өңірін мекендеген қазақтардың этномәдени сипаты айшықты көрініс тапқан тілдік фактілерден жинақталған диалектизмдер жан-жақты қарастырылды. Тақырыптың өзектілігін осы тұрғыдан сипаттауға болады деп ойлаймыз.

Тақырыптың зерттелу деңгейі. Қытай қазақтарын зерттеуде орыс ғалымдары Н.Я. Бичурин, С.Е. Малов, Н. Аристовтың еңбектері белгілі. Қытайдағы қазақтар тілін жалпыхалықтық қазақ тілімен салыстыра зерттегенде олардың арасындағы фонетикалық, азды-көпті грамматикалық, лексикалық, фразеологиялық өзгешеліктерге тоқталған Б.А. Бафин, Ж.Шакенұлы, Ж. Болатов, Б.С. Нұрғабыл, Қ. Ғабитханұлы, С. Мұстафаұлы, О. Тойынбайұлы т.б. зерттеу мақалалары мен монографияларын атауға болады.

Ал бұрынғы Кеңес Одағы қытайтанушыларының біразы қазірге дейін Шыңжаң провинциясын зерттеп келеді. Г.В. Астафьевтің, В.А. Богословский және Д.В. Дубровскаяның еңбектерінде ХХ ғасыр басындағы Шыңжаң тұрғындарының ұлттық құрамы, демографиясы сөз болады. Бірақ Шыңжаңда тұратын қазақтардың қоғамдық жағдайынан ешбір дерек берілмейді. Қытай қазақтары тіліндегі жергілікті ерекшеліктер туралы Қытайдағы ғалымдар экспедициялық зерттеулер жасаған. Ол жайында ой-пікір айтқан ғалымдар қатарына Шыңжаң тіл-жазу комитетінің профессоры Ли Сынды, Батыс ұлттар институтының ғалымы Уаң Лизыңды, Шыңжандағы тілші ғалымдардан Оқабай Тойынбайұлын, Омарқан Асылұлын, Шыңжаң тіл-жазу комитетінің доценті Нұрғабыл Солташарұлын, зерттеуші Тұрсын Мұқашұлын т.б. ғалымдарды атауға болады.



Қытайда тұратын қазақтардың тілі туралы ғылыми зерттеулер тек жекелеген мақалалар түрінде ғана көрініс тапқан. Ол жайында Ш.Сарыбаевтың, Ж. Болатовтың және Б.А. Бафиннің бірқатар мақалаларында сөз болған. Бұл мәселе қытайлық тілші ғалымдарының да назарынан тыс қалмаған. Тіл мәселесінің зерттелуі жаңа Жоңго (ҚХР) құрылғаннан кейін XX ғасырдың 50-інші жылдарында Қазақстанда өріс алған қазақ тіл білімінің диалектология саласында қарастырыла басталды. Оған С. Аманжоловтың «Вопросы диалектологии и истории казахского языка» атты еңбегін атауға болады.

Зерттеудің мақсаты мен міндеттері. Қытай қазақтары диаспорасы тілінің жалпы сипатын, тілдік жағдаятын көрсете келе, лексикалық ерекшеліктерін салыстырмалы-тарихи тұрғыдан зерделеу, синхрондық талдау жасау. Осыған байланысты төмендегідей міндеттер өз шешімін тапты:

  • Қытай қазақтарының тарихына шолу жасап, қазақ-қытай тілдік қарым-қатынасының даму жағдаятын көрсету;

  • Қытай қазақтары тілдік ерекшеліктерінің тарихи, мәдени, этнологиялық себептерін анықтау;

  • ханзу тілінің Қытай қазақтары тіліне жасаған ықпалын қарастыру;

  • тарихи фактілерді ескере келіп, Қытайдағы қазақ тілінің лексикалық құрамындағы ерекшеліктерді талдау;

- осы өңірге тән таным, кәсіпке, тұрмысқа, өңір тарихы мен мәдениетіне қатысты мәтіндерде, фразеологиялық тіркестердің мазмұнында бейнеленген рухани мәдениетке тән тілдік бірліктердің қызмет ерекшеліктерін талдау;

  • шаруашылыққа байланысты сөздер мен тұрақты тіркестерді анықтау, талдау;

  • тұрмысқа байланысты сөздер мен тұрақты тіркестерді анықтау, талдау;

салт-дәстүрге байланысты сөздер мен тұрақты тіркестерді анықтау, талдау.

Зерттеу нысаны: ретінде Қытай қазақтары тілінің құрамындағы лексикалық ерекшеліктер алынды.

Зерттеудің пәні: Қытай қазақтары және қазақ тіліндегі диалектілер және лексико-семантикалық ерекшеліктер.

Зерттеудің ғылыми жаңалығы:

‒ алғаш рет қазақ тіл білімінде қазақ тілінің әр түрлі географиялық аумақтардағы қолданысы диалектологиялық тұрғыдан сөйленіс ұғымымен қарастырылды;

‒ алғаш рет Қытай қазақтарының тілі тарихи зерделенді;

‒ алғаш рет Қытайдағы қазақ диаспорасы тілі мен мәдениеті сабақтастырыла арнайы нысанға алынды;

‒ алғаш рет қазақ диаспора тілі мен қосар (бикультура) мәдениеттің ықпалдастығы талданды;

‒ Қытай қазақтары тіліндегі диалектілік ерекшеліктер ғана емес, семантикалық ерекшеліктер де сараланды;

‒ Қытай қазақтарының тіліне тән жергілікті диалектизмдердің этномәдени сипаты, оның қолданылу ерекшеліктері, тілдік, стильдік табиғаты алғаш рет арнайы қарастырылып, өзіндік белгілері айқындалды.

Зерттеу материалдары. Зерттеудің теориялық˗методологиялық тұғырына қазақ диалектологиясы бойынша жарияланған (жинақтар, аймақтық, түсіндірме, фразеологиялық сөздіктер, монографиялар, мақалалар, экспедиция материалдары т.б.) еңбектер, тағылымдама барысында Қытай қазақтарының арасында болып, жазып алынған материалдар. Иллюстративтік материалдар ретінде осы аймақтан басылып шыққан газет-журналдардан, осы аймақта таратылатын радиодан, телеарнадан, ақын-жазушылардың (С.Әбілқасымұлы, З. Сәнік, Т. Жолдыұлы, С. Жанболатов, Ғ. Қанапия, Қ.Шабданұлы т.б. қаламгерлер) шығармаларынан мысалдар алынды.

Зерттеудің фактологиялық материалдарының негізін диалектілік, қазақ тілінің түстеп˗түгендеуге бағытталған төмендегі сөздіктер құрайды:

1. Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі / Жалпы ред. басқарған Т.Жанұзақов. ‒ Алматы: Дайк-Пресс, 2008; Қазақ тілінің сөздігі / Жалпы ред. басқарған Т.Жанұзақов. ‒ Алматы: Дайк-Пресс, 1999; Қазақ тілінің диалектологиялық сөздігі. II Кітап. ‒ Алматы: Ғылым, 1999; Диалектологиялық сөздік / Жауапты шығарушылар Ғ. Әнес, А. Үдербаев. – Алматы: Арыс, 2007; Тіл білімі терминдерінің түсіндірме сөздігі / Жалп.ред.басқарған Ғ. Қалиев. ‒ Алматы, 2005.

Зерттеу барысында келесі шығармалар, газет, журналдар негізге алынды:

2. Жанболатов С. Елжау Күнби: роман. ‒ Алматы: Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы, 2000; Орынбасарұлы Қ. Демежан батыр. Тарихи жырлар. ‒ Алматы, 1996; Қанапия Ғ. Кер талғар: роман. ‒ Үрімжі: Шыңжаң халық баспасы, 1988; Әбілқасымұлы С. Оспан батыр. Роман. ‒ Алматы: Ана тілі, 2001; Шабданұлы Ж. Пана. Роман. – Алматы: Көркем әдебиет баспасы, 2004; Ма Зедоң таңдамалы шығармалары. 1-том. ‒ Пекин, 1977; Жас авторлардың таңдамалы әңгімелері. ‒ Пекин: Ұлттар баспасы, 1977; Жолдыұлы Т. Алғашқы жинақ. ‒ Құлжа, 1948; Қамбар батыр. ‒ Алматы, 1957; «Шыңжаң» газеті. ‒ 2015. ‒ 01.02. – №1; 1998. ‒ №1835.; «Мұра» журналы. ‒ Үрімжі, 2000; «Іле» газеті. ‒ 2001. ‒ 12.29. №10984.; Шыңжаң оқу-ағартуы. ‒Үрімжі: 2001; Ақыт қажы Үлімжіұлы. Жиһаншаһ. – Өлгий, 1994.

Зерттеу зертханасы және әдістері.

Ғылыми зерттеудің зертханалық жұмыстары далалық экспедиция, кітапхана, мұрағат қорлары жағдайында өткізілді. Атап айтқанда:

1) 2015 жылдың мамыр айында Қытай мемлекетінің Бейжің қаласындағы Минзу Орталық Ұлттар университетінің кітапханасына;

2) 2015 жылдың қараша айында Қытай мемлекетінің Іле педагогикалық институты кітапхпнасына, Құлжа қаласына ғылыми˗зерттеу экспедиция ұйымдастырылды;

3) А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл Білімі институтына;

4) Қазақстан ұлттық кітапханасының сирек қолжазбалар қорына ғылыми˗зерттеу сапары жасалды.

Зерттеу жұмысы тіл тарихын танып білудің басты құралы салыстырмалы˗тарихи әдіс бойынша жүргізілді. Нақты нәтижелерге қол жеткізу үшін салғастырма, сипаттамалы, лингвистика әдістері, сөздік дефиницияларға талдау жасау, компоненттік және семантикалық, ареалдық талдау тәсілдері де қолданылды. Сондай˗ақ осы салаға қатысты орта ғасыр жазба ескерткіштерін зерттеуші отандық және шетелдік диалектологтар еңбектерінде айтылған тұжырымдар мен ұсыныстар, қазақ тілдерінің материалдары бойынша түзілген түрлі этимологиялық сөздіктер, жалпы және арнаулы сала бойынша сөздіктердің әдістемелері де назарға алынды.

Сайып келгенде, жұмыста зерттеудiң лингвистикалық әдiс˗тәсiлдерiнiң бiрнеше түрi пайдаланылды. Олардың негiзгiлерi − дәстүрлi сипаттама әдiсi, тарихи˗салыстырмалы, синхрондық сипаттамалы, типологиялық әдiстер, тарихи˗семантикалық, этимологиялық, танымдық˗логикалық талдау әдiстерi.



Қорғауға ұсынылатын негізгі тұжырымдар:

− Қытай қазақтарының тілі – қазақтың жалпыхалықтық тілінің құрамдас бөлігі;

− Қытай қазақтары тіліне өздерімен ғасырлар бойы қоян-қолтық араласа өмір сүріп отырған көршілес қытай, ұйғыр, моңғол тілдерінің жасаған ықпалы лексикада көрініс тапқан;

− Қытай қазақтары тілін жалпы қазақ тілінің өзге говорларымен байланыстыра қарағанда диалектілік сипаты жағынан қазақ тілінің солтүстік-шығыс говорының және оңтүстік-шығыс говорының заңды жалғасы деуге болады, Қытай қазақтары тілінің оларға үлкен әсері бар;

− Қытай қазақтарының тілі өзге бір қоғамдық орта аясында, әр алуан әлеуметтік және тілдік факторлардың әсеріне ұшыраған тіларалық аралас говор түріне жатады;

− аймаққа тән лексемаларда, фразеологиялық диалектизмдерде, көркем мәтіндерде т.б. тілдік фактілерде сол өңірге тән ерекшеліктер, ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық болмыс, жергілікті халықтың тыныс-тіршілігі, басынан өткізген тарихи оқиғалары айқын көрініс тапқан;

− диалектілік ерекшеліктер көркем мәтіндерде айшықты түрде көрініс тауып, қоршаған орта туралы мағлұмат беруде маңызды орын алады;

− жергілікті тілдік ерекшеліктер рухани мәдениет бірліктері ретінде сол аймаққа тән тілдік мұраны ұрпақтан ұрпаққа жеткізіп, сол арқылы тілдің маңызды қызметтерінің бірі – ақпарат жеткізуші қызметін орындайды.



Зерттеу нәтижелерінің теориялық маңызы:

− қазақ тілінің лексикалық қоры мен диалект сөздер жан˗жақты талдап, тарихи даму және қалыптасу, баю, ұлғаю және құнарлану көздерін тарихи тұрғыдан пайымдауға, қазақ тілінің Қытай қазақтары тілі мен тарихи˗тілдік байланысын нақтылай түсуге белгілі дәрежеде бағыт˗бағдар береді;

− лексикология саласы бойынша қолға алынуға тиісті «Территориялық диалект», «Әлеуметтік диалект», «Урбанодиалект» тәрізді жаңа ғылыми салалардың теориялық˗методологиялық негізін қалауға белгілі дәрежеде үлес қосады;

− қазақ тілінің тарихи дамуына қатысты ғылыми теориялық пайымдарды және «этнос тарихы және тіл тарихы» сабақтастығына қатысты зерттеулердің ғылыми теориялық аппаратын толықтырады, қазақ тілінің болмысы мен тарихын танудың лингвистикалық географиясын, территориялық өрісін кеңейтеді.



Зерттеудің практикалық құндылығы. Зерттеу жұмысындағы ой-пікірлер мен негізгі тұжырымдар қазақ тілінің жергілікті сөйленістерінің лексикалық ерекшеліктеріне арналған ізденістердің қалыптасып дамуына септігін тигізеді. Жұмыста қол жеткізген нәтижелер сөйленістердегі лексикалық ерекшеліктерді анықтап, олардың лингвогеографиялық таралу шегін көрсету мақсатындағы зерттеулер үшін маңызды бола алады. Зерттеу материалдарын жоғары оқу орындарының филология және журналистика факультетінің студенттеріне, сондай-ақ «Қазақ әдеби тілінің тарихы», «Тарихи лексикология», «Қазақ диалектологиясы», «Этнолингвистика», «Стилистика», «Лингвомәдениеттану» пәндерін оқытуда, арнайы семинарлар мен курстарда, таңдау пәдерінде пайдалануға болады.

Зерттеу материалдарын диалектологиялық сөздік, аймақтық сөздік сияқты еңбектерге дереккөз ретінде практикалық мақсатта пайдалануға болады.



Зерттеу жұмысының талқылануы мен жариялануы. Зерттеу жұмысының тақырыбы бойынша 9 ғылыми еңбек жарияланды. ҚР БҒМ Білім және ғылым саласындағы бақылау комитеті ұсынған ғылыми басылымдарда: 4 мақала, Қазақстандағы республикалық және халықаралық ғылыми конгресс, симпозиум, конференция материалдарының жинағында: 4 мақала, Scopus дерекқорына кіретін «Man in India» журналында: 1 мақала жарық көрді.

Зерттеу жұмысының құрылымы. Диссертациялық жұмыс кіріспеден, екі бөлімнен, қорытындыдан, пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.
ЖҰМЫСТЫҢ НЕГІЗГІ МАЗМҰНЫ
Диссертациялық жұмыстың кіріспе бөлімінде зерттеу тақырыбының өзектілігі баяндалып, мақсаттары мен міндеттері, зерттеудің нысаны мен пәні анықталады. Қорғауға ұсынылатын тұжырымдар мен ғылыми жаңалығы айқындалып, жұмыстың теориялық және тәжірибелік маңызы, дереккөздері мен зерттеу әдістері сипатталады.

Диссертацияның «Қытай жеріндегі қазақтар туралы тарихи дерек және ондағы тілдік жағдаят» атты бірінші тарауда Қытай жеріндегі қазақтардың қоныстану тарихы, этностық құрамы мен ондағы тілдік жағдаят қарастырылды. Бұл өлкеге қоныс тепкеннан бері өткен бір жарым ғасырдан астам уақыт аралығында талай тарихи-әлеуметтік кезеңдерге тап болып, басынан сан қилы күндерді өткізген қазақ диаспорасының әлеуметтік жай-күйінің, тамыры терең тарихының оның тілінде сақталуының заңды екені сөзсіз.

Бірінші тараудың «Қазақтардың Қазақстаннан Қытайға қоныс аудару тарихы мен орналасу жағдайы» деп аталатын бірінші тараушасында қазақтардың Қытайға қоныстауының себептері сипатталады.

Қазақ диаспорасы – Қазақстан Республикасынан шет аймақтарда тұратын қазақтар. Қазақ диаспорасы сыртқы шекараларды кесіп өтіп, əуелі Қазақстаннан Қытайға, Орталық Азия мемлекеттеріне, Ауғанстан мен Иранға, одан əрі дүние жүзіне тараған. Шет елде болса да өз ата мекендерінде тұрып жатқан ирредент Қазақ диаспорасының, яғни Қазақстанмен іргелес, шектес, түрлі тарихи кезеңдерде одан зорлық-зомбылықпен тартып алынған, қилы замандардағы түрлі саяси айла-шарғы, белден басқан қиянат салдарынан Ресейге, Қытайға, Өзбекстанға қосылып кеткен ата мекендерінде тұратын қазақтардың ұзын саны бүгінде 5 миллионға жуық.

Қазіргі Қытай жерінде қазақтардың ертеден мекен етіп келе жатқандығы тарихтан белгілі. Қытайда қазақ ирредентасы, яғни өзінің тарихи аумағында қоныстанған этникалық қазақтар тұрады. Бүгінгі таңда Қытай Халық Республикасында барлығы елу алты ұлт өкілдері өмір сүреді екен. Ресми мəліметтер бойынша, аспан асты еліндегі қазақ диаспорасы саны жағынан осындағы он ірі этностың қатарына кіреді. Қазақ халқының ерте заманда Қытайдың батыс өңірін, Алтай, Тянь-Шань таулары мен Жоңғар ойпатын, Жетісу өңірі мен Сырдария алабын және Дешті Қыпшақ даласын мекен еткен ежелгі түркі тілдес тайпалардың, атап айтқанда, сақ, үйсін, қаңлы, алан, қимақ, қыпшақ, дулат, түргеш, қарлұқ, оғыз, арғын, найман, керей, уақ, қоңырат, жалайыр, алшын т.б. тайпалардың мұрагері екенін ескерсек, олардың осынау жалпақ жаһанның төсінде көшіп-қонып, түрлі аумақтарды иеленгенін де назардан тыс қалдыруға болмайды. Әсіресе, Шыңғысхан шапқыншылығы дәуірінде қазақ халқы өзінің ата мекені болған қасиетті жерінен жыраққа босып кеткен қанды көштің куәсі болғаны да шын.

Бірінші тараудың «Қытай қазақтарының тіліндегі ерекшеліктердің тарихи-әлеуметтік, қоғамдық-мәдени себептері мен сипаты» атты тараушасы Қытай қазақтары және қазақ тілдеріндегі ерекшеліктер мәселесін зерттелуге арналады.

Қазақтар Қытайға қоныстанғаннан бергі ұзақ уақыт аралығында алты-жеті ұрпақ ауысып үлгерсе де, әлі күнге дейін Қытай жеріндегі қазақ диаспорасы өзінің ұлттық қасиетінің басты элементі ‒ ана тілін сақтап келеді. Олардың сөйлеу тілі фонетикалық, лексикалық, морфологиялық жағынан біршама өзгешеленгенімен, қазақтың біртұтас халықтық тілінен оншалық алыстап кеткен жоқ. Бұған себеп болып отырған жағдаяттардың бірі – Қытай қазақтарының ұлттық мәдениетті ұмыт қылмай, қастерлеп қадір тұтатыны.

Бір байқағанымыз ‒ қытай қазақтарының тіліндегі қолданып жүрген сөздердің басым көпшілігі қазақ әдеби тілімен бірдей. Сондықтан өзгешеліктерді сөздік құрамдағы кейбір элементтерден ғана іздеуге тура келеді. Мысалы: бүліншілік салу – әдеби тілде бүлік салу; шеке қарау ‒ әдеби тілде шекеден қарау; езіп малтау ‒ әдеби тілде малтасын езу; көзайдан болу ‒ әдеби тілде көзайым болу т.б.

Қытай қазақтары тілінің саф күйінде сақталуының басты бір себебі олардың Қытайға қоныс аудару үдерісінің әдеби тіліміздің әбден кемелденген кезімен тұспа-тұс келуімен байланысты. Өйткені осындағы қазақтардың тілінде жергілікті ерекшеліктермен қатар қазіргі халықтық тілімізде ескі болып қолданыстан шыққан сол кездердегі байырғы сөздердің біразы әлі де сақталып қалып отыр. Бұған қоса тілдің ішкі даму заңдылығының өріс алуы, соңғы сексен жылдан бері мектеп, баспасөз, радио, театр т.б. рухани мәдениет саласының құралдары арқылы Қазақстанның игі ықпалы болуы сияқты факторлар да тілдің таза қалпында қалуына септігін тигізді. Аталған себептердің әсерімен мұндағы қазақ тілі қаншалықты сақталғанымен де, оның өзі ұзаққа бармай өзгерістерге ұшырайтынын жоққа шығаруға болмайды. Тіл – тірі ағза сияқты динамикалық құбылыс, үздіксіз дамып отыратын үдеріс. Лексикалық құрамның өзгеруі – сөз мағынасының өзгеруімен орайлас қозғалыс. Сөз мағынасының өзгеруі тілдің сапалық деңгейін арттырады. Ғалымдардың пайымдауынша, заман ағымына қарай сөз мағынасы мүлде жаңарады, оның бірде аясы кеңейе түседі, бірде тарылады. Дәуір өзгерген сайын адам баласының ұғым-түсінігі де дамып, өзгеріске ұшырайды. Басқа тілден сөз алу сөз жасау және сол сөздің мағынасын, қызметін кеңейту арқылы жаңа ұғымды көрсету деген сөз. Қытай қазақтары тілінің ерекшеліктерін сөз еткенде олардың басынан кешкен сан алуан тарихи, саяси және әлеуметтік-экономикалық жағдайларды ескерген жөн. Санамалап айтар болсақ: біріншіден, Кеңес Үкіметі тұсындағы саяси-әлеуметтік қарама-қайшылықтардың салдарынан ата жұртпен қарым-қатынастың шектелуі; екіншіден, қазақ тіліндегі мектептер мен балабақшалардың, мәдени орындардың, баспасөз, теледидар құралдарының болмауы; үшіншіден, жазу графикасының араб, латынша болып, орыс кириллицасын түсіндіру қиынға түсуі; төртіншіден, қазақ тілінің тек отбасында ғана қолданылатын ауызекі қарым-қатынас құралы ретінде ғана қызмет атқаруы; бесіншіден, өздері мекен еткен тілдік ортаның әсері, яғни солармен тығыз қарым-қатынаста болуы т.б. Дегенмен осындай қайшылықтар мен әрекеттер бола тұра, қандастарымыз ана тілде сөйлеудің қатаң тәртібін сақтаған. Қытай қазақтары тілін қазақ әдеби тілі мен оның өзге говорларынан оқшауландырып тұратын басты лексикалық ерекшеліктердің бірі – өзге тілдерден енген сөздердің молдығы.

Тілдің дамуында ішкі факторлармен қатар сыртқы ықпал да шешуші рөл атқарады. Сыртқы фактор дегеніміз – көрші тілдің әсері, басқаша айтқанда, географиялық ортаның ықпалы. Ішкі фактор болса, ол ‒ сол тілдің ішкі даму заңдылығынан туған, оның табиғатына, жаратылысына тән өз бойындағы төлтума ерекшелігі.

Осы тұрғыдан алсақ, Қытайдағы қазақтардың қалай сөйлейтінін және олардың тіліне түрлі сыртқы фактордың әсері қандай екенін әрі ондағы қалыптасқан тілдік жағдаятты да қысқаша сипаттап өткеніміз жөн. Кез келген этностың өз ортасынан тыс жерде, өзге тілдік ортада өз тілін қалай сақтап, дамытатындығын анықтау ‒ әлеуметтік тіл біліміндегі маңызды мәселелердің бірі. «Шет ел, шет жерді мекендейтін қазақтардың тілдік жағдайын зерттеуді дәстүрлі лингвистика, атап айтқанда, диалектологиялық тұрғыдан жүргізу жеткіліксіз. Оны әлеуметтік лингвистикаға тән әдіс-тәсілдерді пайдалану арқылы жүзеге асыру ләзім» – дейді Б. Хасанұлы.

Диалектілік аймақтарда тілдің өмір сүру формасын, яғни Қытайдағы қазақтар тілінің қолданылу ортасын да анықтап кеткен жөн. Себебі жергілікті қазақтар бір-бірімен тайпалық-рулық жағынан да, территориялық жағынан да тығыз байланыста.

Келесі қарастырылатын мәселе – Қытайдағы қазақ тілінің тілдік жағдаяты. Мұндағы қазақ халқының тілдік жағдаяты көп тілді қоғамдағы әр түрлі факторлардың әсерімен тығыз байланысты. Бір тілді және көп тілді қоғамдағы тілдік жағдаят туралы, көп ұлтты мемлекеттегі әрбір тілдің жұмсалуы туралы зерттеу жүргізу – қазіргі кездегі лингвистикадағы маңызды мәселелердің бірі. Тілдік жағдаят жайында зерттеушілердің берген анықтамасы біркелкі емес. Әлеуметтік тіл білімі саласындағы В.В. Аврорин, В.Д. Бондалетов, А. Швейцер, Г.П. Степанов, А.Б. Никольский т.б. ғалымдар бұл ұғымды әр қырынан түсіндіреді. Қалыптасқан жалпы түсінік бойынша, тілдік жағдаятты анықтауда тілдік ұжымда қаралатын тілдік жүйе мен жүйеішілік жиынтық негізге алынады. Басқаша айтқанда, тілдік жағдаят дегенде белгілі тарихи кезеңдегі бір этностық бірлестіктердің қолданылатын тілдердің (тілдің өмір сүру формалары: территориялық, әлеуметтік диалектілер, койне, жаргондар) жиынтығындағы басқа тілдердің жұмсалуын түсінеміз. Қытай қазақтарының тілдік жағдайатын біз екі тілді немесе қос тілді сипатта деп білеміз. Себебі қазақтар тұратын аймақта негізгі тілдер ‒ қазақ және қытай тілдері.

Қостілділік (билингвизм) ‒ қоғамда қалыптасқан тілдік жағдаяттың көрінісі. Билингвизм терминін ғылымға У. Вайнрайх тілдердің түйісуі (контакт) негізінде 1953 жылы енгізді. Б. Хасанұлының пайымдаунша, қостілділік ‒ белгілі бір территория көлеміндегі ұлтаралық қарым-қатынасқа түсетін белгілі бір этникалық қауымдастық өкілдерінің, бүкіл қоғамның әр түрлі жағдайда екі тілді алма-кезек немесе қатар қолдануы. Билингвизм жағдаятында генетикалық жағынан туыс, типологиялық жағынан жақын не болмаса генетикалық жағынан туыс емес, типологиялық жағынан алыс тілдер қатар келе береді. Бұрын жарияланған бір зерттеуде билингвизм жағдаятында қатар қолданылатын тілдердің бір-біріне өзара әсерлестігінің төмендегідей негізгі типтері көрсетілген: 1) туыс емес тілдердің әсерлестігі; 2) туыстығы алыс тілдердің әсерлестігі; 3) туыстығы жақын тілдердің әсерлестігі.

Бұл туыстығы алыс, жақын тілдердің немесе туыс емес тілдердің өзара әсерлестігі дегенде, М.А. Бородинаның пікірінше, көршілес туыс тілдердің бір-біріне әсері туыстығы жоқ көршілес тілдердің әсерінен әлдеқайда аз болмақ. Оны автор былай түсіндіреді: «Взаимодействия двух разносистемных языков связано в конечном счете с потребностью общения, лучшего взаимопонимания: легче ввести некоторые свои слова, звуки формы в чужой, очень трудный для понимания язык и тем самым сделать его для себя более доступным, чем изучить его таким, как он есть. Два низкородственных языка настолько друг на друга похожи и понятны на деле, в очень небольшой практике общения, что в этих случаях, естественно, отпадает потребность такого взаимопроникновения» .

Біз қарастырып отырған билингвизм жағдаятының ерекшелігі ‒қолданылатын қос тілдің туыстығының алыстығында. Себебі қазақ тілі Алтай тілдері құрамына кіреді, ал қытай тілі Тибет тілдері тобына кіреді. Салыстырар болсақ, басқа түркі халықтарының арасында отырған немесе іргелес отырған қазақтар сол көршілес халықтың тілін тез игеріп алатынын білеміз. Мысалы, Қырғызстандағы, Өзбекстандағы т.б. тілі жақын елдердегі қазақтар.

Қытай қазақтарының көпшілігі ханзу тілін жақсы біледі. Қазақтар ана тілінде сөйлей отырып, қытай сөздерін, қытай тілі арқылы енген кірме сөздерді көп қолданады. Дегенмен оларда билингвизм жалпылық қасиетке ие емес. Қытай тілін білетіндердің көпшілігі ‒ жоғары білімділер, ғылым, әкімшілік саласыныдағы қызметкерлер, мұғалімдер т.с.с. Мектепте қытай тілі оқылатындықтан, мектеп оқушылары да осы тілде түсінісіп, сөйлесе алады. Дей тұрғанмен, тұрғылықты қазақтар тұтастанып, қоныстас отырған халықтың тілін толық игеріп алмаған. Сондықтан Қытай қазақтары тіліндегі билингвизм құбылысын топтық билингвизм түріне жатқызамыз. Ал жергілікті қазақтардың қытай тілін толық игермеуінің басты себебі – қытай қазақ тіліне туыстығы жоқ болғандығы. Тілдердің топтастырылуы, олардағы жүйенің алуандығы, айырмашылығы туралы А. Байтұрсынұлы келесідей пікір айтқан: «Қазақтың тілі – түрік тілінің бір тарауы. Дүниедегі жұрттың тілі негізінде үшке бөлінеді: 1) түбіршік тіл, 2) жалғамалы тіл, 3) қопармалы тіл. Түбіршік тіл түпкі қалпынан өзгерілмей жұмсалады, мәселен, қытай, жапон тілдері. Жалғамалы тіл – сөздің аяғына жалғау қосылып өзгерілетін тіл, мәселен түрік, фин тілдері. Қопармалы тіл – сөз түбірімен қопарылып, өзгерілетін тіл, мәселен, орыс тілі, араб тілі. Біздің қазақ тілі түрік тілінің бір тарауы болғандықтан, жалғамалы тіл. Қазақ сөзінің түбірі өзгерілмей, аяғына жалғау қосылып өзгеріледі».

Екінші тараудың «Төлтума сөздердегі ерекшеліктер» атты тараушасында Қытай қазақтарының төлтума сөздеріне көңіл бөлінеді.

Бұл тараушада Қытай қазақтарының төлтума сөздеріне, ханзу тілінің ықпалына нақты мысалдар негізінде дәйектеледі.

Тіл – деген үнемі өзгеріп, дамып отыратын тірі (динамикалық) құбылыс. Сондықтан да өткені мен бүгінін жалғастыру үшін, өткен дәуір этностарымен бүгінгі ұрпақтың қатынасы үшін араға дәнекер қажет. Өйткені әрбір халық тұрмыс-ахуалы, өмір салтына келген өзгеріс ұлттық мәдениетіне де белгілі жаңалықтар әкелмей қоймайды. Оның бір дәлелі ‒ XX ғасырда қазақтың өзінің таза этникалық нәсілдік ортасынан алыстап, көп ұлт өкілдерімен серіктесіп өмір сүруі. Мысалы, Қазақстандағы қазақтарға орыс, Қытайдағы қазақтарға қытай, Моңғолиядағы қазақтарға моңғол, Түркиядағы қазақтарға түрік тілінің белгілі әсері болды. Соның нәтижесінде жалпы ұлт тілі ‒ қазақ тілі елеулі өзгерістерді басынан кешірді. Ал тіл білімінде мәдениеттің мейлі ол жалпы ұлттық болсын я белгілі бір аймаққа тән мәдениет болсын, дәстүрлі түрде қалыптасқан тілдік бірліктер, атап айтқанда, сөздер, фразеологиялық тіркестер, мәтіндер т.б. объективті элементі ретінде көрінетіні белгілі. Тілде ұлттық болмыстың, менталитеттің көрініс табуы нәтижесінде өзек сөздер, лингвокультуремалар туындайды. Әр тілдің өзіндік ұлттық ойлау ерекшелігін, дүниетанымдық ерекшеліктерін білдіретін концептілер қалыптасады.

Н. Уәлиев халықтың тарихы тілінде өз таңбасын қалдырып отыратынын айта келіп: «Халық өзінің өткен дәуірлердегі наным-сенімін, түйсік-түсінігін, ой-қиялын, тыныс-тіршілігін аз сөздің аясына сыйдырып, әрі нәрлі, әрі әрлі етіп ерекше өрнектей білген. Түп төркіні беймәлім сөздердің сәті түсіп, кілті табылғандай болса, көп нәрсені баян етіп, халықтың өткендігі ой-қиялы, тыныс-тіршілігі, дүниетанымы туралы сыр шертіп тұрады» [99, 12], ‒ дейді.

Лексикалық құрамның өзгеруі ‒ сөздің мағынасың өзгеруі. Аталмыш тілдік құбылыс аясында сөз мағынасы мүлде жаңарады, оның бірде аясы кеңейе түседі, бірде тарылады. Дәуір өзгерген сайын адам баласының ұғым-түсінігі де дамып, өзгеріске ұшырайды. Басқа тілден сөз алу, сөз жасау және сол сөздің мағынасын, қызметін кеңейту арқылы жаңа ұғымдар атауға ие болады. Қазақ тілі лексикологиясының ішкі даму заңдылықтарын терең зерттеген ғалым Б. Сағындықұлы былай деп жазды: «Біздің бақылауымызша, алғашқы түбірлер үш түрлі бағытта дамыған. Олар әрі фонетикалық, әрі семантикалық, әрі грамматикалық жағынан өзгерген. Сондықтан олардың варианттары басқа сөздер сияқты сыртқы тұлғасы сақталып, мағынасы өзгерген, түбір мағынасы сақталып, дыбыстық-морфологиялық реңк алған сөздер де бар. Әр сөзді жеке-жеке талдағанда сыр-сипаты ашылады» [100, 49].

Қазақ тілінің лексикасы – қатпарлы қалың дүние. Қазақ тілі лексикасы төрт қабаттан тұрады: 1) жалпы түркілік; 2) қыпшақтық (орта түркілік) қабат; 3) таза ұлттық қабат; 4) кірме сөздер.

Таза ұлттық қабаттың негізін төлтума сөздер қалайды. Қытай жеріндегі қазақтардың төлтума сөздерді қолдану ерекшеліктеріне байланысты Бейжің қаласында ғылыми тағлымдамадан өткен кезде көптеген айырмашылықтарды байқадық. Мысалы, ханзулар қазақ тілінде халықаралық термин деп жүргендердің бәрін аударып алған. Оған қытайлардың жазу ерекшелігі де (иероглиф) әсер еткен. Мәселен, халықаралық термин дүние жүзі тілдерінің басым көпшілігінде сол қалпында қолданылып келген «контекст» сөзі қытайша иеороглифпен белгіленіп, ол иероглифті қазақшаға аударғанда «сөз орта» деген болып шыққан. Бұл халықаралық терминді қазақ тілтанушылары «мәнмәтін» деп қазақшалағанын білеміз, алайда бұл баламада әлдебір жасандылық бар деп ойлаймыз. Төлтума ұғымдық сөз емес екені «алыстан айқайлап тұрады», ал Қытай қазақтарындағы балама төлтума сөз болып, қазақи тіл табиғатына сай жасалғанын атап көрсету қажет. Бұл дерек Қытай қазақтарында халықаралық сөздердің аударылмай бастапқы қалпында қолданылуы аз кездесетінін байқатады.

Әр халықтың өмірді тануы, қабылдауында өзіне тән ұқсастықтар, ортақ, жалпы жақтары болумен қатар өзіндік ерекшеліктері, айырмашылықтары да болатыны белгілі. Халықтың белгілі бір ортада, белгілі бір аймақта өмір сүруі оның ұлттық сипатына, болмысына әсер етеді. Ұлттық сипаттағы өзіндік ерекшеліктер мен менталитет этностың мәдениетінде, тұрмысында, күнделікті өмірінде көрініс табады. Олар, сөз жоқ, тілде бейнеленіп, көрінеді. Мысалы, жай қарапайым күнделікті қолданылатын сөздерді салыстырып көрейік:

Әдеби тілдегі сөздер Қытай қазақтарының тіліндегі сөздер

Таңдау Талдау

Бөлек Айырым

Айырмашылық Парық

Тұжырымдау Пайымдау

Некеге отыру Некелену

Пойыз От арба

Ғаламтор Торап

Көріп отырғанымыздай, Қытайдағы қазақтардың сөздері әдеби тілден мүлде алшақ жатқан сөздер емес, яғни әдеби тілде де кеңінен қолданылатын сөздер. Тіпті Қытай қазақтарының заманауи ұғымдарды атайтын сөздері қазақ әдеби тіліне қолданысқа енгізуге әбден лайық деген пікірдеміз.

«Шаруашылыққа байланысты лексикалық бірліктер» деп аталатын тараушада Қытай қазақтарының шаруашылыққа байланысты сөздер қарастырылады.

Қытай қазақтарының тіліндегі мал шаруашылығына қатысты сөздердің негізгі қоры әдеби тілге сүйенеді. Алайда, сөздік құрамында кейбір өзгешеліктер байқалады. Тілдік айғақтар келтірейік.



Бағымшылық – мал бағу деген мағынада қолданылады. Әдеби тілде бұл мал шаруашылығы деген қалып алған. Шын мәнінде, мұны диалект дегенімізбен әдеби тіл иелері үшін түсінікті сөз, тіпті, мал шаруашылығы» деген терминнен гөрі ықшам да оңтайлы болып көрінеді.

Албыт жылқы – ауру жылқы. Бұл Қазақстанның шығыс өңірінің говорына сай келеді. Қараңыз: «АЛБЫТ ЖЫЛҚЫ (Сем.: Абай, Шұб.; Шығ. Қаз., Больш. «Албыт тиген ат» сияқты деген мәтел де бар (Шығ. Қазү. Больш.)». Ал түсіндірме сөздікте де жергілікті сөз ретінде көрсетіліп, «Делбе. Жылқыда кездесетін өте қатерлі ауру – делбе. Қазақстанның шығыс аудандарында албыт деп аталады (Х. Арғынбаев, Мал ауру)» деп толық түсіндірме берілген.

Ат сүмек болды – ат терледі, борша-борша болды (әдеби тілде «қатты терлеу» мағынасында сүмектей терлеу бейнелі тіркесі бар). Осы мағынада сүмек сөзі әдеби тілде бар, тек етістік ретінде, сүмекте- түрінде қолданылады. Қытай қазақтарының сөйлеуіндегі ерекшелік оны түбір күйінде қолдануы. Сүмек сөзінің әдеби тілде омонимия құбылысына негіз болатынын да көрсете кету керек: «СҮМЕК 1зат. вет. Түйенің аяғына түсетін құрт ауру; СҮМЕК 2 қара сүмек болды. Қара суға түскендей терледі; СҮМЕК 3 зат. жерг. Күл шығаратын құрал; СҮМЕК 4 зат. экспр. жақтырмау. Сүмелек, сүйкімсіз, сұмырай, жігерсіз, жасық».

Елпек ат – жүрдек ат. Бұл тіркесте жергілікті мәні бар сөз - елпек. Бұл сөз әдеби тілде де бар: елп еліктеуіш сөзіне -ек жұрнағы жалғану арқылы жасалған есім сөз. Мағынасы – «Айтқанды екі етпейтін тілалғыш, елгезек». Мұның Қытай елі қазақтарындағы өзгешелігі елпек сөзінің атқа анықтауыш ретінде жұмсалатындығында.

Балық қақпайды – балық салған қармақты тартпайды, оған ілінбейді. Бұл тіркестегі ерекшелік қақпайды сөзінің басқа мәнде, яғни говорлық аяда, қолданылуы. Мұны біз фонетикалық диалект шегінде қарау жеткілікті, өйткені әдеби тілде «балық қаппайды» дейді. Қазақ тілі фонетикасындағы метатезалық құбылысқа жататын сияқты, п/қ дыбыс алмасуы бар.

Атты қатыру – ат баптау, жарату. Мысалы: Ауыл бәйгеге қосқалы ат қатырып жатыр. Бұл тіркестегі диалектизм – қатыру. Семантикалық уәждемесі атты жаратып, баптағанда азығын мейлінше азайтатындығына сүйенген, аштан қатыру тұрақты тіркесіндегі қатыру сыңарының мағынасын өзгертіп қолданып отыр. Әрине, әдеби тілде бар көпмағыналы сөз, негізгі мағынасы: «ҚАТЫР ет. Мұздату, қатайту, тоңазыту». Көпмағыналы болғанмен ол мағыналарда жарату, баптау семалары жоқ. Сондықтан да мұны Қытай қазақтары тіліндегі ерекшелікке жатқызуға болады.

ҚОРЫТЫНДЫ
Тіл ғылымы адамзат өркениеті қол жеткізген аса құнды да маңызды жетістіктерінің бірі болып табылады, өйткені адам болмысымен, оның физиологиялық табиғатымен, әлеуметтік дамуымен, халықтық-мәдени өсуімен тығыз байланыс құраған әрі бүгінгі күні кең өріспен өзектеліп келе жатқан аталмыш сала пәнаралық сабақтастықтың нығаюына, жаңа теориялық ұстанымдардың зерделенуіне айтарлықтай үлес қосып отыр. Адам және әлем, қоғам және халық сынды ұғымдық тіркестерді басшылыққа алған тілтану ғылымы жалпы адамзат тілінің өзгешелігіне, әлеуметтік өмірінде атқарар қызметіне ерекше зейін қойып, сол арқылы тілді адам әрекетінің өзегі, барша табиғи құбылыстар мен қоршаған дүние заттарының қатталып сипатталуы деп танытып отыр.

Кез келген халықтың барлық өмір тарихы, тұрмыс-тіршілігі, ғасырлар бойы қалыптасқан мәдени мұрасы, рухани байлығы, ең алдымен, сол халықтың ана тілінен өз өрнегін табады да, асыл қазына болып қалыптасып, атадан балаға, ұрпақтан ұрпаққа ауысып отырады. Елімізден жырақта қалған қандастарымыздың – шетелдегі қазақ диаспорасының руханиятын, оның ішінде сарқылмас байлығы – төл тілін зерделеу қазақ тілінің тағы бір қырынан танылуына өз үлесін қосатын, бүгінгі күннің талаптарынан туындап отырған қажеттілік болып табылады.

Жалпы тілдің диалектілік ерекшеліктерін зерттеу сан түрлі қасиеттерін саралап жіктеуде, ондағы сыры ашылмаған сөздердің құпиясын шешуге, сондай-ақ оның әдеби тіл лексикасының молығуы мен грамматикасының кемелденуінде маңызы зор екендігі айқын дәлеледенген. Қазақ тіліндегі жергілікті ерекшеліктерді қарастыру ауқымы соңғы кезде республикалық көлемнен шығып, алыс-жуық шетелдерде тұратын қазақтардың тілін де қамти бастады.

Бұл тақырыпта Н.Я. Бичурин, С. Е. Малов, Н. Аристов, Б.А. Бафин, Ж.Шакенұлы, Ж. Болатов, Б.С. Нұрғабыл, Қ. Ғабитханұлы, С. Мұстафаұлы, О.Тойынбайұлы т.б. тілші ғалымдар еңбек жазған. Қытай қазақтары тілінің зерттелу тарихына шолу жасап, қорытындай келе, бірншіден, Қытай қазақтарының тілі жан-жақты ғылыми тұрғыдан жалпылама қарастырылып, әлі де арнайы зерттеп, тереңнен зерделеуді қажет ететін дүние деп білеміз. Дегенмен аталған авторлардың еңбектері Қытай қазақтары тілін зерттеу саласындағы ғылыми құнды дүниелер болып табылады. Бұл мәселе Қазақстан ғалымдарының да, Қытай ғалымдарының да, оның ішінде Қытайда тұратын қазақ ғалымдарының да үнемі назарында келеді.

Екі тілдің түйіскен аумағында немесе бір халықтың өкілдері екінші бір ұлттың территориясын мекендеген аймақтарда ауыс-түйіс, кірме элементтер көп болатыны, соның салдарынан ерекше бір аралас говордың пайда болатыны белгілі. Қытай қазақтарынің тілі жергілікті ерекшеліктердің молдығымен көзге түседі.

Белгілі бір тілді жалпылама емес, нақтылы бір халықтың азаматтық тарихына байланысты, сол халықтың мәдениетіне, дүниетанымына, салт-сана, әдет-ғұрпына т.б. экстралингвистикалық факторларына қатысты зерттеу керек. Осы себепті жалпы диалектілір мен сөйленістерді, диаспора тілін зерттеу мәселесі жергілікті халықтың тарихи тағдырынан бөлек қаралмағаны абзал. Соған байланысты Қытай жеріндегі қазақтардың қоныстану тарихы, этностық құрамы мен ондағы тілдік жағдаятқа біршама назар аударуды жөн көрдік. Бұл өлкеге қоныс тепкеннан бері өткен бір жарым ғасырдан астам уақыт аралығында талай тарихи-әлеуметтік кезеңдерге тап болып, басынан сан қилы күндерді өткізген қазақ диаспорасының әлеуметтік жай-күйінің, тамыры терең тарихының оның тілінде сақталуының заңды екені сөзсіз. Себебі тіл – қарым-қатынас құралы ғана емес, тұрмыс-тіршілігі, салт-санасы туралы барша ақпараттар мен мағлұматтар жиынтығы, адамзат баласының сан ғасырлардан бері жинақтаған өмірлік тәжірибесінің мұрағаты, негізі білім арнасы.

Өзінің негізгі этностық ортасынан ұзақ уақыт оқшалану Шыңжаң аймағын қоныстанған қазақтардың сөйленісін олардың ең жақын руластарының сөйленістерінен едәуір ерекшелеген. Сөйленістің қалыптасып дамуының өзіндік ерекшеліктері сол жердегі тілдік жағдаятқа тікелей байланысты. Қытай қазақтарының тіліне тілдік жағдаяттың билингвизм, диглоссия деп аталатын түрлері тән; себебі ол қандастарымыз өз тілімен қатар басқа бір тілдің көбіне басым жұмсалатын ортасында тіршілік етеді. Мұндағы тілдер арасындағы болатын қарым-қатынас бір-бірінен туыстығы жағынан алыс тілдердің, яғни қытай-тибет тобындағы ханзу және түркі тілдеріне жататын қазақ тілінің өзара әсерлестігі ретінде қаралды.

Зерттеу жұмысында Қытай қазақтарының диалектілік ерекшеліктері диаспора тілі ретінде қарастырылған. Екі елдегі әлеуметтік-саяси өзгерістердің, қоғамдық ортаның өзгешелігі қазақ әдеби тілі мен Қытай қазақтарының тілінде кейбір айырмашылықтардың болуына себепші болып отыр.

Бұндағы бірқатар сөздер тікелей қытай тілінің әсерінен қалыптасқан. Сөз тіркестер құрамындағы қытай сөздері дыбыстық, грамматикалық жағынан қазақ тіліне бейімделген. Айырмашылықтар көбіне фонетикалық, лексикалық деңгейде көрініс тапқан. Бұнда кездесетін диалектизмдер негізінен лексикалық және семантикалық сипатта, яғни әдеби тілде баламасы бар диалект сөздер кездеседі. Сонымен қатар қалыпты тілдегі сөздердің өзгешелеу, диалектілік сипатта жұмсалуы байқалады.

Қытайдағы қазақ диаспорасының тілінде болар-болмас грамматикалық ерекшеліктер де көрініс тапқан. Сонымен бірге жалпыхалықтық қолданыста жоқ, тек Қытай қазақтарының тілінде жергілікті халықтың географиялық орналасу жағдайына, өмір-тіршілігіне, айналысатын кәсібіне, рухани танымына байланысты ұзақ уақыттан бері қалыптасып, құрамы жағынан тұрақталып, дайын тіл бірлігі ретінде бейнелі мағынада қолданылып жүрген диалектологиялық фразеологизмдер де баршылық.

Қытай қазақтарының тілі диглоссияның территориялық диалект және әдеби тіл болып танылатын функционалды типімен сәйкес келеді. Тілдің дамуы барысында, әсіресе сол тілдің иесі болып табылатын халықтың өзге елмен қарым-қатынасы барысында баяу болса да, тілдің лексикалық жүйесінің белгілі дәрежеде өзгеріп отыруы – заңды құбылыс.

Қазақ тілінің диалектілері қазіргі кезде сөйленіс түрінде қалыптасқан. Сөйленістер қазіргі ұлттық тіліміздің варианты есебінде соны қолданушылардың қатынас құралы болып табылады. Қытай қазақтарының тілі шығыс сөйленістер тобында қаралады. Зерттеу барысында сөз болған геотарихи және саяси-әлеуметтік себептерге байланысты Қытай қазақтарының тілі мен Қазақстан аумағында және одан тыс тұратын қазақтардың диалектілік ерекшеліктерінде ұқсас я тіпті бірдей тұстар бар екені зерттеу барысында көз жеткізілді. Бұндай ортақтықтар, әсіресе Семей, Шығыс Қазақстан, Алматы облыстары мен Моңғолияда тұратын қазақтар тіліндегі жергілікті ерекшеліктерде көрініс тапқан.


ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ
1 Назарбаев Н.Ə. «Құшағымыз бауырларымызға айқара ашық» // Дүниежүзі қазақтарының Құрылтайы (құжаттар жинағы). – Алматы: Атамұра, 1993. – 280 б.

2. Сәмитұлы Ж. Қытайдағы қазақтар. ‒ Алматы: Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы, 2000. ‒ 312 б.

3. Шәкенұлы Ж. Қытайдағы қазақтар. ‒ Алматы: Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы, 2007. ‒ 240 б.

4. Ақай Б. Қытайдағы қазақтар: тарихы және тағдыры // Қазақстан Республикасы Конституциясының 20 жылдығына арналған «Қазақстан Республикасы Конституциясы – қазіргі заманғы құқықтық феномен» атты Жоғары оқу орындары арасындағы студенттер конференциясының материалдары. Т.1. – Петропавловск: М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті, 2015. – 217 б.

5. Қазақ диаспорасы: бүгіні мен ертеңі : ғылыми басылым / Бас ред. А. Қошанов, Ə. Нысанбаев. ‒ Астана: Елорда, 2005. ‒ 352 б.

6. Сәнік З. Демежан батыр. Тарихи эсселер, ғылыми зерттеулер. – Алматы: ҚазАқапарт, 2005. – 263 б.

7. Су Бихай. Қазақ мәдениетінің тарихы. – Алматы: Дүние жүзі қазақтарының қауымдастығы, 2001. ‒ 145 б.

8. Шəкенұлы Ж. Қытайдағы қазақтар: көшіп келудің машақаты // мақала / http://www.turkystan.kz.

9. Халифа Алтай. Естеліктерім. ‒ Астана, 2000. ‒ 250 б.

10. Артықбаев Ж.О. Қазақ тарихы мен этнологиясының мәселелері.1-том. ‒ Павлодар, 2007. ‒ 300 б.






Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет