1.1 «Мәтінді зерттеудің жалпы теориялық мәселелері» деп аталатын қысқаша шолу бөлімі мәтіннің қазіргі зерттелу жай-күйі және әңгімелеу мәтінін талдаудың теориялық негіздерін айқындауға арналды.
Мәтін лингвистикасы мәселелері қазақ тілі білімінде соңғы жылдары кеңінен қарастырыла бастады. А.Байтұрсынұлы, Қ.Жұбанов, Р.Сыздық, Х.Нұрмұқанов, Е.Жанпейісов, М.Серғалиев, Х.Кәрімов, Б.Шалабай, Н.Уәлиев, С.Құнанбаева, З.Ерназарова, С.Мұстафина, Г.Әзімжанова, Ж.Қайшығұлова, А.Әділова, Г.Смағұлова, М.Ахметова т.б. ғалымдардың зерттеулерінде сөз болып, көркем әдебиеттің тілдік фактілері сараланды. Қазіргі қазақ тіл білімінде көркем мәтіннің танымдық қырлары
Қ.Ә. Жаманбаева, Г. Қосымова, Ш.М. Елемесова, Ж.Б. Саткенова,
Ә.Ж. Айтпаева т.б. ғалымдардың еңбектерінде кең түрде зерттеле бастады. Тіл зерттеушілерінің мәтін мәселесіне деген бетбұрысы олардың жалпы тілдік сана мәселесіне деген ықыласын аңдатады.
Қазіргі таңда мәтін лингвистикасына қатысты қалыптасқан зерттеулердің мынадай бағыт-бағдарларын көрсетуге болады: негізгі қасиеттері тұтастық пен тығыз байланыстылық болып табылатын, ең жоғары жүйе ретіндегі мәтіндік зерттеулер; мәтін типологиясын коммуникативтік көрсеткіштері және соларға қатысты лингвистикалық белгі-қасиеттерімен бірге қарастыру; мәтінді құрайтын бірліктерді, ерекше мәтіндік категорияларды анықтау; мәтін әсерінен болатын тілдік бірліктердің сапалық дәрежелерінің жүзеге асырылуының әртүрлі деңгейлерін айқындау; фразааралық байланыстар мен қарым-қатынастарды зерттеу. Мәтін лингвистикасы мәтіннің түрлі аспектілеріне кешенді талдау жүргізеді. З.Я.Тураева оның қазірде белгілі болған онтологиялық, гносеологиялық аспект, жеке лингвистикалық, психологиялық, прагматикалық аспектілерін көрсетеді [2, 8 б.]. Көркем мәтінді зерттеудің алғышарттарына, ұстанымдарына мыналар жатады: көркем шығарманың мазмұн мен формасын (тілін) бірлікте алып зерттеу; көркем шығарма тілінің басқа компоненттерімен байланыс, қарым-қатынасын ескеру; бейнеленетін мазмұнға автор қатынасын ескеру; шығарманың жанрлық ерекшеліктерін ескеру; ғылыми дамудың жаңа бағыт-бағдарларына сүйену т.б.
Мәтінтанушы ғалымдардың зерттеулерінде мәтінге тән белгілерге тұтастық және байланыстылық (И.Р.Гальперин); аяқталғандық (Г.В.Колшанский, Н.А. Купина, И.Р.Гальперин); бөлшектену (Т.В.Трошина); прагматикалылық (И.Р.Гальперин) жатқызылады. Көркем прозалық шығармалардағы әңгімелеу мәтінінің өзіндік сипаты поэтикалық мәтіндермен салыстырғанда ашыла түседі. Бұл орайда А.Н. Веселовский, А.А.Потебня, Б.В. Томашевский, Ю.М. Лотманның пайымдаулары өте маңызды. Поэзия мен проза эстетикалық қызметті атқару ерекшеліктеріне қарай ажыратылады және осы тұста өзіндік ұқсастықтары да жоқ емес. Көркем прозалық шығармалардағы әңгімелеу мәтіні категориялық белгілерге ие болып келеді. Мәтіннің мұндай категориялық белгілеріне Н.С.Болотнова коммуникативтілік, концептуалдылық, прагматикалылық, ақпараттылық, құрылымдық, интегративтілік, регулятивтілік, мағыналық аяқталғандық, бөлшектік, тұтастық, мүшелену, когезия, модальдылық, экспрессивтілік, эмотивтілік, проспективтілік, ретроспективтілікті жатқызады [3, 31 б.]. Л.Г.Бабенко «мәтіннің универсалды категорияларының негізіне тұтастық (мазмұн межесі) және байланыстылық (тұрпат межесі) алынады, олар бірін-бірі толықтырады, иерархиялық қатынаста болады», –дей келіп [4, 56 б.], мынадай категориялардың маңыздылығын атап көрсетеді: тұтастық, ол мәтін мағынасының концептуалдылығымен байланысты болады; байланыстылық, ол ақпараттық, интегративтілік, аяқталғандық, хронотопа т.б. категориялар арқылы қамтамасыз етіледі; аяқталғандық (контекстік-мағыналық); көркем мәтіннің антропоцентристік сипаты, диалогтық сипаты; көркем мәтіннің ішкі және сыртқы формаларының бірлігі; мазмұн толықтығы және бірізділігі (немесе логикалылығы), күрделілігі (эстетикалық қасиетіне қарай прагматикалылығы, концептуалды болуы, бейнелілігі); түсіндірілуі [4, 57 б.].
А.Байтұрсынұлы көркем мәтіннің өзіне тән ерекшеліктерін басты назарға ала отырып, «ақын тілі» мен «әншейін тілдің» айырмашылығын, сөздің ажарлы, келісті де қисынды болуының талғамдық шарттарын ұсынды. Ол тілді зерттеудің функционалдық, қатысымдық қырын басшылыққа ала отырып, көркем мәтінді өзге мәтіндерден ажыратудың басты белгісі ретінде эстетикалық критерийді алады. Ғалымның әуезе түрлерін анықтауда мазмұндық-құрылымдық емес, жанрлық ұстанымды басшылыққа алатыны байқалады. Ол осы ұстанымға сүйене отырып, әуезенің шежіре, заман
хат, өмірбаян, мінездеме, тарих, тарихи әңгіме деген түрлерін көрсетеді
[1, 208 б.].
Әңгімелеу өзге мәтін түрлері сияқты мынадай бірліктерден тұрады: сөйленім (сөйлем деңгейіндегі) – фразалар тұтастығы немесе күрделі синтаксистік бірлік – үзінді-блоктар. Ғылыми зерттеулерде мәтін бірліктері шығарманың өсіңкілік қасиетіне сүйене отырып, бірнеше деңгейлерге бөлініп көрсетіледі: Сөйлем – КСТ – Үзінді – Тарау – Бөлім – Шығарма (аяқталған тұтас шығарма) [5]. Қазақ тілінің мәтін құраушы құралдарын зерттеген С.С.Мұстафинаның ойынша, фразадан жоғары тұтастыққа – әрі синтагматикалық, әрі функционалды ұғым, оған байланыстылық, тұтастық тән. Оның құрылымдық тұтастығы анафоралық қайталаулардан және есімдіктерден, етістіктердің шақтық тұлғаларынан, жалғаулықтардан т.б. көрінеді. Ал байланыстылығы мазмұнның мағыналық бір тұйық тұтастыққа бірігуінен көрінетінін айтады [6, 24 б.]. С.С.Құнанбаева қазақ көркем мәтініне тән темпоралдық қатынастар туралы зерттеуінде әңгімелеу мәтінінде кездесетін темпоралдық жағдайлардың негізгі 6 типін және 10 түрін көрсетеді. З.Ш.Ерназарова, Г.Әзімжанова мәтіннің, мәтін құраушы бірліктердің прагматикалық ерекшеліктерін басшылыққа алу қажеттілігін негіздеп берді. Әңгімелеу мәтінінің табиғатын жан-жақты тану үшін де ең алдымен, оның тілдік-құрылымдық және стилистикалық табиғатын анықтау қажет, ол келешекте үлкен, кең көлемді зерттеулерге тірек болатыны анық [7, 43 б.].
Достарыңызбен бөлісу: |