Аяқталған сөйлеу бірлігіне тән қасиет-сапалар
|
Олардың психологиялық мәні
|
1
|
2
|
Тақырыптық тұтастық
|
Сөйлеудің логикасына нұқсанын келтірмейді, реципиенттің мәтінді қабылдауына оңтайлы жағдай туғызады.
|
Мағыналық тұтастық
|
Сөйлеудің негізгі (орталық) және қосалқы (перифериялық) компоненттерін және мәтіннің, сөздің маңызды бөліктерін ажыратуға мүмкіндік береді.
|
2-кестенің жалғасы
1
|
2
|
Композициялық тұтастық
|
Мәтінді түсінуді, қабылдауды жеңілдетеді, мәтіннен тыс, мәтіндегі және мәтінде астарлы берілген мән-мағыналарды жалпы композициялық
тұтастықта алып түсінуге мүмкіндік береді.
|
Грамматикалық байланыстылық
|
Мәтін мазмұны мен құрылымын тұтастықта ұғынықты және жеңіл қабылдауға әсер етеді.
|
Берілген кестеден мәтінге қатысты маңызды екі процестің жүзеге асатынын көреміз. Бірінші – мәтіннің жасалуы (кодталу), екіншісі – қабылдануы және түсінілуі (декодталу). Алғашқысы сөйлеуші немесе жазушы автор арқылы қалыптасса, соңғысы айтылған мәтінді қабылдаушы тарапынан жүзеге асырылатын процесс болып табылады. Біріншісі психолингвистиканың сөйлеудегі сөзөндіру үдерісі туралы мәселелердің негізін құраса, екіншісі сөзқабылдау және түсіну туралы мәселелерге тірек болады. Аталған психологиялық үдерістердің нысанын сөйлеу әрекетінің негізгі бірлігі ретінде мәтін құрайды. Әңгімелеу мәтіндерін талдауда сөйлеу әрекетінің аталған аспектілерінің алғашқысы – мәтін талдаудың өлшемдері мен талаптары ретінде негізге алынса, соңғысы – оның эстетикалық және коммуникативтік, прагматикалық табиғаты мен болмысын, сипатын тануда басшылыққа алынады.
Мәтін талдауда басты назарға алынуы тиіс тағы бір мәселе – мәтіннен тыс – мәтінде – мәтін астары арқылы көрінетін психолингвистикалық модель (В.П.Белянин, Н.И.Жинкин, А.И.Новиков). Сөйлеу бірлігінде ақиқат өмір туралы обьективтік ақпараттар орын алады да, ол мәтіннен тыс қалыптасатын объективтік құбылыстарға жатады. Әрине, көркем мәтіндерде көп жағдайда қоршаған ортадағы өмір сол қалпында берілмейді, ол мәтіннен тыс мәліметтер автордың көзқарасы тұрғысынан, оның «дүниетаным ракурсы» шеңбері аясында суреттеледі. Мәтіннен тыс модельге ақиқат өмірдегі оқиғалар жатады. Көркем мәтінде оның жасалуына автордың қиялы өзіндік ықпалын тигізетіні белгілі. Мәтін астары жасырын берілген ақпарат болып табылады да, ол рецепиенттің қабылдау-түсінуі арқылы белгілі болады. Оны түсіну мәтін бірліктерінің арасындағы ассоциациялық байланыстың, олардың «аккумулятивтік» қасиеттерінің нәтижесінде іске асады.
Мәтіннің сөйлеудегі нейропсихологиялық аспектісінің маңызды тұсы – оның мидағы көрінісі болып табылады, себебі сөйлеу әрекеті мида жүзеге асады. Қазіргі психология сөйлеуді қарым-қатынас жасаудың аса маңызды құралы, саналы әрекеттің күрделі және арнайы ұйымдасқан түрі ретінде қарастырады. Сөйлеуге тән басты ерекшелік – экспрессивтілік. Оған мотив түрткі болып, ішкі сөйлеу алқабы арқылы сөйлеу схемаларында кодталатын ойдан тұрады. Ол «генеративті» грамматика арқылы толық сөйлеуге айналады. Сонымен қатар, импрессивті сөйлеу бөгде адамның сөзін қабылдау және оны талдап түсіну арқылы декодталуы, мәнді-маңызды жақтарын аршып алу және оны ішкі сөйлеу алқабы арқылы астарлы мән қоса отырып сөйлесімге айналдырудан тұрады. Сөйлеудің бұл жүзеге асу тетігі сөйлесім арқылы мотивтің декодталуымен аяқталады. Сөз және сөйлемде берілген ақпаратты талдау және топтастыру арқылы нақты пайымдаулар мен шешімдер қалыптасады. Сондықтан сөйлеу қатынас жасау құралы бола тұра, бір мезгілде дерексіздендіру және топтастыру операцияларын жасауға тірек болатын әрі ақыл-ой қызметін жүзеге асырушы тетік, әрі категориялық ойлаудың негізін қалайды. Демек, кез келген аяқталған мәтін сөйлеу бірлігі ретінде тек қана тілдің материалданған көрінісі ғана болып қоймайды, ол сонымен бірге, сөйлеушінің ойлау, ойлауды жүзеге асыру құралы болып табылады. Мәтіннің жазба тілде таңбаланғанға дейінгі оның санада ұйымдасу процесі мен механизмдерін, оның тілде көрініс табуын, тіл арқылы сана болмысын тану, жеке санада (гендерлік және индивидуалды тұрғыда) дүниенің тіл арқылы таңбалануын, сөйлеуші сөзінің санадағы уақыт пен кеңістікке қатысын психолигвистикалық, нейролингвистикалық тұрғыдан кең түрде зерттеу қазақ тіл білімінің, соның ішінде, мәтін лингвистикасының күн тәртібінде тұрған өзекті мәселелері болып табылады.
Жұмыстың 1.3 «Мәтіннің ақпараттық мазмұны. Әңгімелеу мәтінінің ақпараттық-мазмұндық ерекшелігі» атты бөлімшесінде КСФ-ның қатысымдық қызметті жүзеге асыру ерекшеліктері талданып, әңгімелеу мәтінінің ақпаратты жеткізудегі өзіндік сипаты сөз болды.
Мәтінде берілетін ақпарат иә эмпирикалық сипатта, деректік мәнде келуі мүмкін, иә теориялық сипатта концептуалды-болжамдық мәнде болуы мүмкін; ақпаратты қабылдау тәсілдері мен жолдарын түсіндіруге құрылған әдістемелік сипатта, моральдық-этикалық, эмоционалдық, бағалауыштық категориялармен байланысты эстетикалық сипатта; белгілі бір әрекетке жетелейтін нұсқаулық сипатта келуі мүмкін. Ақпаратты жеткізуде мәтіндер құбылыстың сапа-белгісін, қасиетін, оқиғаның өту сипатын анықтайды, оқиға мен оның өту процесін динамикалы түрде әңгімелейді. Мұндай мәтіндерде ой себеп-салдарлық және шартты-мерзімдік қатынасқа негізделеді. Мәтіндердің осы ерекшеліктеріне орай М.П.Брандес, Н.С.Валгина композициялық-сөйлеу формаларын қарым-қатынас жасаудың модельдері дейді. Мәтінде ақпараттың берілу сипатына қарай сөйлеушінің ойлау өрнегі де көрініс табады. Э.Верлих оның нақты сөйлеу формаларына сәйкес түрлерін қатысым категориясымен бірлікте көрсетеді.
Мәтіннің логикалық және қатысымдық категорияларының тілдік көрінісі әр мәтінде әртүрлі. Ол, әсіресе, сөйлемдердің ремалық бөлігінде айқын байқалады. В.В.Виноградовтың айтуы бойынша, сол контекске немесе жағдайға сәйкес белгілі бір сөйлемнің нақты мазмұнын анықтауда сөйлемнің темасы мен ремасының ақпараттық жүгін білу өте маңызды. Сөйлемнің темалық және ремалық бөліктері арқылы сөйлемдердің ақпараттық қайнар көзі, сөйлеу кезіндегі екі адамға да белгілі мәселелер мен айтылымның ядросы, ақпараттық негізі анықталады. Мәтіннің семантикалық ұйымдасуында ремалық бөлік ерекше маңызды рөл атқарады, бір сөйлемнен екінші сөйлемге өткен сайын ремалық бөлік негізгі ақпаратқа қатысты жаңа ақпараттарды үстемелеп отырады. Әңгімелеу мәтіндерінің тақырыптық ұйымдасуы әрекет иесінің сипатына байланысты болады. Әрекет иесі біреу болған жағдайда мәтінге бірізді баяндау мәнері тән болады да, ремалық бөліктегі субъектінің әрекетіне қатысты объектілер, мақсат пен адресат келесі сөйлемдердің темасына айналады. Әрекет иесі екеу немесе одан да көп болған жағдайда олар сөйлемнің тематикалық бөлігін параллельді ауыстырып отырады. Мысалы: Осымен жұрттың бәрі кеттіге есептеп қойып еді, үш күн өткенде бір күні таңертең ойда жоқта Көксерек өзінен-өзі сап ете түсті. Құрмаш пен әжесі қасқырдың бұл мінезіне сүйсініп, қуана қарсы алды (М.Әуезов). Мұндағы қимыл-әрекет иесі бірнешеу – жұрт, Көксерек, Құрмаш пен әжесі.
Мәтінге қатысты жаңа ақпараттың қосылып отыруы ашық немесе жасырын түрде жүзеге асырылады. Ақпараттың шектен тыс артық, не шектен тыс аз берілуі оны қабылдауды қиындатады. Мысалы: Су жағалап жиырма-отыз қадамдай жүріп екінші тастамаға келді. Салбырап тұр. Едіге жинай бастаған. Шынында бос екен (М.Мағауин). Бұл контексте сөйлемдерде имплицитті түрде түсіріліп қалған ақпараттардың әсерінен тема-ремалық тізбектілікті бірден байқау мүмкін емес. Мәтін мазмұнындағы белгілі бір ақпараттың жасырын берілуі, автордың айтайын деген ойының маңыздылығын арттыра түседі. 1-сөйлемнен кейін қосылған жаңа ақпараттың 3-сөйлемде анық танылуы тақырыптың маңыздылығын көрсетіп тұр: Қарсы алдынан ескен самалға кеудесін тосып, сипай қамшылап келе жатқан. Ойламаған жерден, жол үстінен, ытқи жөнелді. Бір-ақ тұтам оқ жылан (М.Мағауин). Ақпараттың авторлық мақсатқа қарай «әдейі» түсіріліп берілуі қазақ жазушыларының шығармаларында стильдік тәсілі ретінде қолданылатынын байқауға болады. Бұл тәсіл әңгімелеу мәтіндерінің жасалуында да белсенді түрде қолданылатынын көреміз.
Көркем мәтіндегі ақпараттың берілу ерекшелігіне қарай оның құрылымы да күрделене түседі. Мысалы, төменде мәтінге жаңа қосылған ақпарат мәтін тақырыбына орай қатыстырылып, оның ақпараттық мазмұнын күрделендіріп тұр және ол мәселенің маңыздылығы бірден көрінбейді: ...Сондай ұлыған қарлы дауыл астында, елсіз меңіреу дала, Абайдың өзі туып-өскен сахарасы болса да, қазірде соншалық мейірсіз, қатал, өгей анадай. Кеше ғана балалығымен, жігіттік жастығының, жасыл шөбі сарғаймас алтын бесігіндей болса, сол қызықты қан жайлау қазір суық қабыр ызғарындай, аяздап, қырауытып тұрған тас табытындай (М.Әуезов). 1-сөйлемнің темасы – «сондай ұлыған қарлы дауыл астындағы елсіз меңіреу дала» болса, 2-сөйлемнің темасы – сол ойдың жалғасы – «қызықты қан жайлаудың» куәсі болған дала бейнесіне ұласқан. Мәтіннің темасына қарай жаңа қосылған Абайдың ішкі жан дүниесі туралы ремалық бөліктегі ақпарат бірден көзге түсе қоймайды. Негізгі ақпарат – дала туралы болып отыр. Мәтін астары осындай күрделі ойдан туған күрделі құрылымдар арқылы жасалады. Бұл жердегі мәтін астары автордың көркемдік мақсатына орай психологиялық параллелизм тәсілімен ұтымды шыққан.
Кейде бір сөйлем ішінде көп ақпараттың берілуі ойды да, құрылымды да күрделендіреді, кейіпкердің әрекетіне, оқиғаның өтуі барысына ерекше мән беріледі: Ерлі-зайыпты екеуі бір-бірінің бетіне қарап, бір-біріне жауапсыз сұрақ қойып, бір-біріне мағынасыз тесірейе қарап, күрсініп отырып кешті батырды, жалғыз сиыр сауусыз қалды, жалғыз ат тұсаулы қалды, ер-тоқымы да сыпырылмады, түн ортасы ауған кезде екеуі шешініп жатқан болды, бірақ көз ілу қайда, бір-біріне жауапсыз сұрақ қойып кезек-кезек күрсініп, аударылып, төңкеріліп жатып әппақ таңды кірпік ілмей атырды, жатын бөлменің бұрыш-бұрышындағы алакеуім көлеңкелерді күн нұры анық аластаған кезде екеуі де бір мезгілде, бір шешімге бекінді... (Ә.Тарази). Бір абзац көлемін алған бұл сөйлемнің ұзақтығын автордың өзіне тән көркемдік баяндау тәсілі ретінде түсіндіруге болады. Сөйлемдегі айтылған әр етістікті жеке-жеке сөйлем ретінде айтуға да болады. Егер дәл мұндай тәсілді көркем емес мәтіндерде қолдансақ, онда қажетсіз, бір сөйлем көлеміне сай келетін ақпараттарды тым ұсақтаған болар едік және оның мәні де жоғалады. Ал көркем мәтіндерде ол арнайы көркемдік баяндау тәсілі ретінде орынды жұмсалған. КСБ-ларда ақпарат эксплицитті ғана емес, имплицитті жолмен де беріліп отырады. Қарама-қарсы қою, себеп-салдарлық, мерзімдік-шартты байланыстар мен ақпараттар бірліктердің позициялық орналасуы арқылы беріліп отырады. Мысалы: Сол түні Наймантай көпке дейін ұйықтай алмады. Аз уақыт бірге болса да қиялдай тәтті елес боп көңілін баурап алған Аққыздың әрбір қылық-қимылы көз алдында тұрып алды (А.Сейдімбеков). Мұнда себеп-салдарлық байланыс жасырын түрде (имплицитті) берілген. Жан-жағына қызықтап келе жатқан шал, бүйірдегі топ шіліктің қалқасынан шыға келген Бексұлтанды көргенде, оған тосырқай қарап қалды. Шалдың жүрегіне діріл де ұяламапты, қаперсіз, ешбір таңданусыз, Бексұлтанның қимылын ғана бағып тұра берді (Р.Сейсенбаев). Мұнда сөйлемдердің қарама-қарсылық мәнде байланысқаны жасырын түрде берілген. Шал таңертең разъезден түсіп қалды. Разъездің оқшау үйіне бұрылмастан, адымдай басып жүріп кетті. Төрт бес жалаңбұт бала бұған состия қарап қалыпты. Сары күшік абалап үріп, соңына түсті де, шал еш әрекет көрсетпеген соң өз жөнімен кетті (Р.Сейсенбаев). Берілген мысалда мезгілі жағынан ыңғайлас жүзеге асқан әрекеттер жасырын түрде берілген.
Әңгімелеу мәтіндерінде ақпаратты жинақы беру үшін субъектінің нақты қалыптасқан жағдайға қатысты сезіп-білуге, көріп-қабылдауға қатысты әрекеттері (етістіктер) түсіріліп, тек айналада болып жатқан өзгерістер мен құбылыстар баяндалады. Тіпті кейбір жазушылардың тілінде бұл арнайы көркемдік тәсіл ретінде жұмсалады.
Мәтіннің ақпараттық мазмұнын кеңейтудің екі жолы бар: интенсивті және экстенсивті. Интенсивті жолмен мәтіннің ақпараттық мазмұнын арттыруда мәтін көлемі азайтылады, бірақ аз көлемге көп мағына-мазмұн беріледі. Алайда мәтін көлемінің азаюы әрдайым оның ақпараттық мазмұнының кеңеюін көрсетпейді. Мәтіннің ақпараттық мазмұнын экстенсивті жолмен кеңейтуде ақпарат молынан беріледі. Осының нәтижесінде мәтіндегі сурет нақты әрі бөлшек-бөлшегімен (детализация) суреттеледі. Бұл суреттелініп отырған құбылысты терең тануға, оның сыртқы өмірмен қатынасы мен байланысын бақылауға әкеледі. Мәтін мазмұнын экстенсивті жолмен кеңейту мәтінге баяндалып отырған құбылыс, оқиғаны анықтайтын, нақтылайтын, түсіндіретін, бейнелейтін қосымша ақпараттар енгізу арқылы жүзеге асырылады.
Достарыңызбен бөлісу: |