Мақсаты: инклюзивті білім беру үлгілері туралы түсінік беру. Сұрақтар



Дата19.04.2020
өлшемі111 Kb.
#63045
Байланысты:
семинар 4

№ 4 Тақырыбы: Инклюзивті білім беру моделі. Инклюзивті білім беру субъектілері: педагогтар, ата-аналар, оқушылар, басқару органдарының өкілдері, қоғам және т. б.

Мақсаты: инклюзивті білім беру үлгілері туралы түсінік беру.

Сұрақтар:

1) осы тақырып бойынша материалды шолу.

2) тақырып бойынша көздерді талдау.
Мүмкіндігі шектеулі балаларды сапалы біліммен қамту - қазіргі таңдағы ең өзекті мәселелердің бірі болып отыр. Соңғы жылдары арнаулы білім жүйесінде кемтар балалардың білім алуға қолжетімділігін кеңейтуге оң өзгерістер жасалып жатыр

Инклюзивті білім беру моделінің принциптері;

Инклюзивті білім берудің негізгі идеясы бойынша, бала білім беру жүйесіне енгізілуге дайындалу емес, мұнда жүйенің өзі кез келген баланы ендіруге дайын болуы қажет. Бұл барлық педагогтар мен ата-аналардың инклюзивті білім берудің жалпы білім беретін мектепке немесе балабақшаға ашылған есік ғана емес, сонымен бірге білім берудің нәтижесі үшін жауапкершілік екендігіне түсіністікпен қараудың қажеттілігін білдіреді. Оның сапасы ұсынылатын білім беру қызметінің мүмкіндігі шектеулі балалардың білім алу қажеттіліктеріне қаншалықты сәйкес болатынына тікелей байланысты болады.

Инклюзивті білім беру мүмкіндігі шектеулі баланың қалыпты балалардай жалпы білім беру стандартының аясындағы білімді сол мерзімде меңгеруін қамтуы себепті, мұндай тұғыр психофизикалық даму деңгейі баланың жасына сәйкес немесе оған жақындау болған жағдайда мүмкін болады. Н.Н.Малофеев атап көрсеткендей, инклюзивті білім беруді ұйымдастыру, мектепке дейінгі кезеңде аса нәтижелі болады. Білім беру ұйымдары оларға адекватты түрде жауап қайтаруы үшін, тиімді білім беру стратегияларын іздеу, оларды тәжірибеге әрі қарай ендіру үшін модельдеу және сипаттау қажет болады.

Инклюзивті білім беру моделінің қызмет етуінің негізгі принциптері:
1. Мүмкіндігі шектеулі баланың өмір сүру әрекетінің және әлеуметтік өзара әрекеттестіктің барлық саласындағы қызығушылықтарының басымдылығы;

2. Психофизикалық дамудың әртүрлі жылдамдығы бар балалардың сұраныстары мен қажеттіліктерін ескеру;

3. Дамуы тежелген жылдамдығы бар балалардың білім алу құқығын сақтау;

4. Инклюзивті үдерістерді мазмұндық, әдістемелік және әкімшілік қамтамасыз етудегі жүйелі тұғыр;

5. Мүмкіндігі шектеулі балаларды сабақтастық білім беру маршруттарын есепке алып, оқыту мен тәрбие жүйесін құру; оқыту және тәрбие жүйесін құру (білім беру моделі, арнайы білім беру, инклюзивті білім беру, әлеуметтік реабилитация, қосымша білім беру құралдары арқылы реабилитациялау, аралас модельдер және т.б.);

6. Аймақтың реабилитациялық кеңістігін құруға және қызмет етуіне бірыңғай әдіснамалық тұғырларды құру;

7. Балалар және ересектер ортасында жеке немесе әлеуметтік дезадаптация мен дисгармонияның (үйлесімсіздік) туындайтын қаупін үнемі бақылау.

Инклюзивті білім берудің негізіне, өздерінің айырмашылықтарына қарамастан барлық балаларды бірге оқытудың қажеттілігі принципі алынады.Инклюзивті білім беру тұжырымдамасына сәйкес, әрбір баланың бірегей сапалары, қызығушылықтары, қабілеттері мен білім алудағы қажеттіліктері болады, осы ерекше білім алу қажеттіліктері бар оқушылардың жалпы білім беру жүйесіне қолжетімділігі болуы қажет, балалардың қажеттілігіне бағдарланған педагогикалық әдістерді қолдану негізінде осы жүйе қамтылуы керек.



Инклюзивті білім беру мәселесі бойынша зерттеулерді талдау, төмендегі бірқатар принциптерді атап өтуге мүмкіндік береді:

- барлық оқушылар мен педагогтардың қоғам үшін теңдей құндылығын мойындау немесе тану;

- оқушылардың жергілікті мектептердің мәдени өміріне қатысу дәрежесін арттыру және бірқатар оқушылардың жалпы мектеп өмірінен оқшаулану деңгейін төмендету;

- мұндай мектепте жұмыс әдістемесін мектеппен жақын тұратын барлық оқушылардың алуан түрлі қажеттіліктеріне толығымен жауап беретіндей қайта құрылымдау;

- барлық оқушыларға мектеп өміріне толыққанды қатысуға және білімді меңгеру жолындағы кедергілерді жою;

- жекеленген оқушылар үшін мектептің қолжетімділігін жақсарту және кедергілерді жоюға ұмтылысты талдау және зерттеу, мектептің барлық оқушыларының әл-ауқатына бағытталған реформалар мен өзгерістерді жүргізу;

- оқушылардың арасындағы айырмашылықтар – бұл педагогикалық үдеріске ықпал ететін ресурстар, олар – жеңуге қажетті кедергілер емес;

- тұрғылықты мекен-жайы бойынша орналасқан мектепте білім алуға оқушылардың құқығын мойындау;

- оқушылар мен педагогтар үшін мектептегі жағдайды жақсарту;

- оқушылардың академиялық көрсеткіштері және қоғамдық құндылықтардың дамуы бойынша мектептің рөлін мойындау;

- мектептер мен жергілікті қауымдастықтар арасындағы қолдау мен ынтымақтастық қатынастарды дамыту; инклюзивті білім беруді қоғамдағы теңдіктің бір аспектісі ретінде мойындау (6).

ЮНЕСКО инклюзивті білім беруді төмендегідей тұрғыда түсіндіреді:

- мектеп жасындағы барлық балалардың толыққанды білім беру кеңістігіне белсенді қатысуы;

- сапалы мектептік білім алудағы барлық балалардың тең мүмкіндіктері;

- ерекшеліктеріне қарамастан барлық балалардың бірге оқу мүмкіндігі;

- барлық балалардың бірге өмір сүруге үйрену мүмкіндігі;

- инклюзивті қоғамды және оның әл-ауқатын дамытудың негізі 
Инклюзивті білім беру жағдайындағы мектеп мұғалімі:

- оған берілген балалардың денсаулығы мен өмірі үшін тікелей жауапты

- мектеп сабақтарын, экскурсиялар, сыныптан тыс шаралар мен ойынсауықты балалардың жасына сай, мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарына және бағдарламалық материалдарға сәйкес жоспарлайды және жүзеге асырады;

- сыныпта типтік білім беру бағдарламасын нәтижелі іске асыру үшін жағдай жасайды;

- басқа мамандармен және мұғалімдермен бірге мерекелер, ойын-сауық және спорттық іс-шараларды дайындайды;

- барлық оқушылардың біріккен іс-әрекетін жоспарлайды және ұйымдастырады (басқа мамандармен бірге);

- мамандардың ұсыныстарын ескере отырып әрбір оқушыға жеке ыңғай жасайды;

- балаларды отбасында тәрбиелеу сұрақтары бойынша ата-аналармен жұмыс жүргізеді және оларды мектеппен белсенді әрекеттестікке тартады;

Мұғалім өз жұмысында басым рөлден жаңа түсінікке ауысуы, яғни арнайы педагогика саласындағы білім жеткіліксіздігін, даму мүмкіндігі шектеулі балалардың дене және психологиялық ерекшеліктерін түсінуі, мамандардан көмек сұрай және қабылдай алу маңызды. Мұғалім өзінің «кәсіби Мен» дегенді басқа мамандардың білімдеріне «бағындыра алу» қабілеті - мұғалімнің барлық әрекеті мүмкіндігі шектеулі баланы жалпы білім беру жүйесіне нәтижелі қосуға бағытталған «инклюзивті білім берудің алтын ережесіне» жатады.

Координатордың қызметіне кіруі мүмкін:

1. Әкімшілік:

- инклюзивті мәдениет пен құндылық, философия мен идеология, ұйымдастырудың ерекше тәртібін қалыптастыру;

- инклюзивті білім беру саласында педагогикалық ұжым әрекетінің стратегиясы мен тактикасын анықтау (нақты қадамдарды жоспарлау, жүзеге асыру және талдау – ұйымдастырушылық компонент), барлық балаларға бірдей көңіл бөлуді қамтамасыз ету және сол мақсатта қолдағы ресурстарды нәтижелі қолдану;

- инклюзивті практиканы қолдау (әріптестерге кәсіби қолдау мен ынталандыру, әсіресе, даму мүмкіндігі шектеулі балалармен нәтижелі жұмыс істеу үлгілерін таратуда, түзете-дамыту жұмысының, оқыту мен тәрбиелеудің мазмұны, формалары, әдістері мен тәсілдері туралы сұрақтарды шешуде пәнаралық, «командалық» ыңғай жасауды қамтамасыз ету).

- даму мүмкіндігі шектеулі балалардың қажеттіліктерін, баланы дамытуда ұзақмерзімді мақсаттарды талдау, бала мен оның отбасын қолдау стратегиясы.

Осылайша, даму мүмкіндігі шектеулі балалармен жұмысты жүзеге асыруға мектеп мұғалімдерінің кәсіби даярлығын қалыптастырудың үш негізгі бағытын бөлуге болады

1. Өзара сыйластық, шыдамдылық және оптимизм негізінде «педагог-бала» өзара индивидуалды жүйеде әрекеттесу қабілетін қалыптастыру.

2. Мектеп мұғалімдерінде өнімді әрекет жағдайына бейімділікті қалыптастыру:

- психологиялық бейімділік – даму мүмкіндігі шектеулі балаға пәнаралық өзара әрекетті ұйымдастыру мақсатында педагогикалық үдерістің барлық субъектілерімен («мектеп мұғалімі – арнайы педагог (дефектолог)», «мектеп мұғалімі – психолог», «мектеп мұғалімі – даму мүмкіндігі шектеулі баланың ата-анасы»және т.б.) өзара әрекеттесу, байланысу, сөйлесе алу қабілеті.

- технологиялық бейімдік – жалпыпедагогикалық қабілет (оқушылардың әрекеттерін дұрыс жоспарлау және ұйымдастыра алу), теориялық білімді нақты баланың мүмкіндіктері мен типологиялық ерекшеліктеріне айналдыра алу және т.б. - білім беру ұйымының әкімшілік-педагогикалық әрекет жүйесінде педагогтарды өзара нәтижелі әрекеттесуге бейімдеу.

3. Педагогтарда даму мүмкіндігі шектеулі балалармен нәтижелі педагогикалық әрекетке әсер ететін тұлғаның кәсіби-маңызды сапаларын қалыптастыру: түрлі ерекшеліктерге қарамастан әрбір адамға құрмет, жанашырлық таныту және болашаққа оптимизммен қарау, т.б.

Мұғалімдерді инклюзивті білім беру жағдайында жұмысқа даярлау мазмұнына міндетті түрде дамуында ауытқуы бар балаларды оқытудың анатомиялық-физиологиялық негіздерін, даму мүмкіндігі шектеулі балалардың психологиялық ерекшеліктерін, осы санаттағы балаларды оқытудың спецификалық әдістері мен тәсілдерін, жеке және топтық оқыту бағдарламаларын координациялау тәсілдерін меңгертуді қарастыратын кәсіби құзыреттіліктерді қалыптастыруды енгізу керек. Соның барысында кәсіби құзыреттіліктің мотивациялық компонентін (өмірлік ұстанымның позитивтілігіне әсер ету, кәсіби қызығушылықтарын нақтылау және дамыту, т.б.) және тұлғалық компонентін (таңдаудың саналығы, тұлғалық қасиеттарін қалыптастыру және т.б.) дамытуға көп көңіл бөлу қажет.




Әдебиет:

  1. Жалпы білім беру мектептеріндегі ерекше білім алуды қажет ететін балаларға психологиялық-педагогикалық қолдау көрсету: әдіс.нұсқаулық/ Елисеева И.Г., Ерсарина А.К. - Алматы: ТП ҰҒПО, 2019. – 92 б.


Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет