Жұмыс барысы. 1.Берілген кеппеөсімдіктен көкек мүгін табыңдар.
2. Көкек мүгінің сабағын және жапырағын қараңдар. Онда тамыр болатын – болмайтынын зерттеңдер.
3. Мүк жапырағының пішінін, мөлшерін, сабаққа қалай орналасқанын байқаңдар. Жапырақ түсінің қандай екенін анықтап, жапырақты микроскоппен қараңдар. Суретін салып, түсін бояңдар.
4. Сабақтың төменгі ұшынан қоңырқай өскінді анықтап, оның қалай аталатынын еске түсіріңдер. Ризоидтың тамырдан қандай ерекшелігі болатынын дәптерге жазып алыңдар.
5. Мүктің жоғарғы ұшынан қауашақты тауып, оны сапты инемен сабақтан бөліп алыңдар. Қауашақтың қалпақшасын ашып, қауашақта не бар екенін анықтаңдар.
6. Даяр препарат бар болса, ұлғайтқыш әйнекпен көкек мүгінің спорангийін қараңдар. Препараттан мүк қауашағы мен қақпағының бойлай кескен кесіндісін айқын көре аласыңдар. Спораның қандай қызмет атқаратынын еске түсіріңдер.
7. Жергілікті жерде көкек мүгінің өсетін-өспейтінін сұрастырып біліңдер. Мүмкін мүктердің өзге түрі өсетін шығар. Онда олардың атауын жазып, суретін дәптерге салып алыңдар.