Мұқатаев Айдос Ағдарбекұлы Қазақстан инновациялық мектептерінде қосымша білім бағдарламалары негізінде оқытуды бейіндік саралаудың дамуы



бет1/2
Дата29.01.2017
өлшемі483,2 Kb.
#8178
түріДиссертация
  1   2
ӘОЖ 371.21:004 (574) Қолжазба құқында

Мұқатаев Айдос Ағдарбекұлы

Қазақстан инновациялық мектептерінде қосымша білім бағдарламалары негізінде оқытуды бейіндік саралаудың дамуы (1992 – 2005 жж.)

13.00.01 – Жалпы педагогика, педагогика және білім беру тарихы,

этнопедагогика

Педагогика ғылымдарының кандидаты

ғылыми дәрежесін алу үшін дайындалған диссертацияның
авторефераты

Қазақстан Республикасы

Қарағанды, 2007

Жұмыс Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды Мемлекеттік университетінің педагогика кафедрасында орындалды.

Ғылыми жетекшілер: педагогика ғылымдарының докторы,

профессор С.Т.Каргин


педагогика ғылымдарының кандидаты

С.Қ.Омаров

Ресми оппоненттер: педагогика ғылымдарының докторы Қ.Ж.Аганина
педагогика ғылымдарының кандидаты Ж.О.Жылбаев

Жетекші ұйым: І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университеті

Диссертация 2007 ж. «_02__» қазан сағат_10-00__Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінде (100028, Қарағанды қаласы, Университет көшесі, 28, №1 кеңейтілген дәрісхана) педагогика ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін беру жөніндегі БД 14.50.05 диссертациялық кеңестің мәжілісінде қорғалады.

Диссертациямен Қарағанды мемлекеттік университетінің кітапханасында танысуға болады (100028, Қарағанды қаласы, Университет көшесі, 28).


Автореферат 2007 ж. «__29__» тамыз таратылды.

Диссертациялық кеңестің

Ғалым хатшысы К.М.Арынғазин




Кіріспе
Зерттеудің көкейкестілігі. Өткен ғасырдың соңғы онжылдығы Қазақстан Республикасы үшін үлкен қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық өзгерістер әкелді. Бұл өзгерістер оқыту мен тәрбиелеу мазмұнын жетілдіру, олардың жаңа түрлерін іздеу, бейімдеу негізінде білім беру саласына да жаңалықтар енгізді.

Білім жүйесінде кеңестік дәуірде қалыптасқан оқушыларды белгілі бір білімдер жиынтығымен қаруландыру принципі қайта қаралып, ендігі жерде алынған білімді пайдалануға үйрету, баланың дара ерекшеліктеріне, қабілетіне, қызығушылығына қарай бейіндік бағыттау алға шықты, сонымен қатар оқытудың әдіс-тәсілдерін қолдану көп векторлық сипат алды.

Қазіргі уақытта білім беру жүйесіне қойылатын талаптар оның мүлде жаңа парадигмасын жасауды қажет етеді. Өйткені өмір сүріп келген жүйе үнемі даму үстінде болып отырған қоғамның сұраныстарына жауап бере алмайды. Жалпы білім беретін орта мектептің білім беру мазмұны оқушылар мен ата-аналардың сұраныстарын қанағаттандыра алмады. Оның үстіне білім деңгейлері арасындағы сабақтастық үзіліп, жалпы орта білім беру мен жоғары білім жеке құрылымдар ретінде өмір сүрді, бұл жағдай өз кезегінде мектеп бітірушілерді жоғары оқу орнында білім алу үшін қосымша даярлау тәрізді артық жүйенің ресми емес түрде пайда болуына алып келді. Осындай жағдайда кәсіби бағдарлау жұмыстары өз мәнінде нәтижесін бере алмай отыр. Міне, мұның бәрі мектеп бітірушілерде өзінің болашағын жоспарлауда таңдауының бұлдырлығын тудырды. Сондықтан осы мәселеге мемлекеттік деңгейде үлкен мән беріліп, білім саласын жүйелі реформалау, түбегейлі өзгерістер енгізу қолға алынды. Қалыптасқан жағдайдан шығудың бір шешімі ретінде «Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2005-2010 жылдарға арналған Мемлекеттік бағдарламасында» орта білімнің жоғары сатысында бейіндік оқытуды енгізу жоспарланған болатын. 2006-2007 оқу жылында еліміздің мектептерінің 10 сыныптары екі бағыт (қоғамдық-гуманитарлық және жаратылыстану-математикалық) бойынша оқытуды бейіндік саралауға кірісіп те кетті. Осы процесс келесі оқу жылынан енгізілетін 12 жылдық білім беруге көшу барысында өзінің заңды жалғасын таппақ.

Кейінгі жылдары жүргізілген педагогикалық-психологиялық зерттеулер біздің еліміздің білім беру кеңістігіндегі оқыту жүйесінің тұлғаны дамытуда және үздіксіз процесс ретінде талапқа толық жауап бере алмағандығын көрсетіп отыр. Сондықтан әртүрлі деңгейде (республикалық, аймақтық) осы мәселенің шешімін іздестіру оқытудың ұйымдық түрлерінің баламалылығын дүниеге әкелді, яғни білім нарығында білім беру мекемелерінің жаңа түрлері қалыптасты. Білім мазмұны мен оны жүзеге асыру жолдарын әлемдік тәжірибені, педагогика ғылымының жаңалықтарын бейімдеу арқылы жетілдіруге бағыт алған мұндай оқу орындары «инновациялық мектептер» деген атауға ие болды.

Білім беру жүйесін реформалауда қалыптасып отырған осындай жағдайда оқытуды бейіндік саралау, инновациялық процестер, инновациялық мектептер мәселелері, қосымша білім бағдарламаларын қалыптастыру, практикаға енгізу және басқа да олардың жекелеген аспектілері көкейкесті болып, отандық және шетелдік педагог ғалымдардың назарын өзіне аударып отыр.

Мәселен, педагогика тарихы тұрғысынан жалпы білім берудің тарихи-педагогикалық негіздері А.Н.Ильясова, Ә.И.Сембаев, Т.Т.Тәжібаев, Б.Бержанов, К.Қ.Құнантаева, Г.М.Храпченков, В.Г.Храпченков, т.б. еңбектерінде қарастырылады. Сол сияқты қазақстандық ғалымдар Ш.Ә.Әбдіраман, Б.Ә.Әбдікәрімов, Ғ.З.Әділгазинов, Е.З.Батталханов, З.А.Исаева, Ғ.М.Кертаева, С.Қалиев, К.Ж.Қожахметова, М.С.Мәлібекова, Ж.Ж.Наурызбай, Қ.А.Сарбасова, Л.А.Шкутина, т.б. қоғам сұранысына сәйкес оқушы тұлғасын қалыптастыру, оның тұлғалық өзегі – дүниетанымын қалыптастыру, оны қалыптастырушы – педагогтың ғылыми-әдістемелік даярлығын жетілдіру және педагогикалық процесті ұлттық реңкте құру мәселелеріне жан-жақты тоқталып өтеді.

Оқыту процесінде оқушылардың дара ерекшеліктерін, олардың бейімдері мен қабілеттерін, қызығушылықтары мен сұраныстарын есепке алу мәселесіне педагогика ғылымының классиктері П.П.Блонскийдің, П.Ф.Каптеревтің, Я.А.Коменскийдің, К.Д.Ушинскийдің, Ы.Алтынсариннің, С.Т.Шацкийдің, т.б. еңбектерінде ерекше мән беріледі.

Кеңестік ғалымдар А.А.Бударный, И.Г.Бутузов, Н.К.Гончаров, А.А.Кирсанов, Е.С.Рабунский, Н.М.Шахмаевтар оқытуды даралау мен саралаудың жалпы мәселелеріне байланысты зерттеулер жүргізген. Бұл орайда әсіресе И.Унттың еңбектері біз үшін құнды болып табылады. Г.В.Дорофеев, А.А.Каверина, Ю.М.Колягин, Л.В.Кузнецова, В.М.Монахов, В.А.Орлов, С.Б.Суворова, М.В.Ткачева, Н.Е.Федорова, В.В.Фирсов, Д.А.Эпштейн, Ю.Д.Хацинская, С.И.Шварцбурд, т.б. жеке пәндер және факультатив сабақтар аясында саралау мәселелеріне тоқталады. Оқытуды бейіндік саралаудың шетелдік тәжірибесін А.Н.Джуринский, Н.Е.Воробьев, Н.В.Иванова, А.К.Савина, т.б. өз зерттеулеріне өзек етіп алды. Бейіндік оқытуға көшу шеңберінде оны ұйымдастыру мәселелері Д.Ермаков, Л.Гаджиева, В.Гузеев, Г.Петрова еңбектеріне арқау болды.

Сол сияқты қазақстандық ғалымдар Қ.М.Арынғазин, Б.А.Әлмұхамбетов, М.Жадрина, С.Т.Каргин, М.Ковжасарова, Д.М.Қазақбаева, И.Марченко, С.Д.Мұқанова, С.Қ.Омаров, К.А.Сарманова, Л.С.Сырымбетова, Н.Тен, т.б. саралаудың әр әр түрлі аспектілерін қарастырады.

Инновация, инновациялық процесс, инновациялық мектеп мәселелері де педагогика теориясы мен практикасында өіндік орнын алған. Бұл мәселелер В.Ф.Взятышев, В.Кваша, А.И.Кочетов, Д.М.Перминова, М.М.Поташник, А.И.Пригожин, Л.И.Романкова, И.И.Цыркун, Н.Р.Юсуфбекова, В.Е.Шукшунов, т.б. зерттеулерінде әр қырынан зерттеледі. Сонымен қоса аталмыш мәселелер отандық ғалымдар Ш.Қ.Әмір, Ж.О.Жылбаев, С.Н.Лактионова, Ш.Т.Таубаева, А.В.Перминов, т.б. зерттеу объектісі болып табылды. Қазақстандағы инновациялық мектептердің тарихы Т.Линчевская, Р.Масырова, И.Н.Шевченко еңбектерінде жан-жақты сөз болған.

Инновациялық мектептер оқушы тұлғасының дамуының бағыттылығын қамтамасыз ету мақсатында өздеріне нормативтік деңгейде берілген артықшылықтарды, кеңірек айтқанда қосымша білім бағдарламаларын пайдалана отырып бейіндік саралай оқытуды негізге алады, осы тұрғыда елімізде өткен 15 жыл мерзімде көлемді тәжірибе жинақталды. Бейіндік оқытуға көшу жағдайында біздің ойымызша, осы тәжірибені ғылыми-теориялық жағынан рәсімдеу, талдау оны одан әрі жетілдіруге, практика жүзінде одан әрі қолданылуының тиімділігін арттыруға мұрындық болады.

Дегенмен, отандық педагогика тарихында инновациялық мектептерде бейіндік саралаудың қолданылуы, оның құралы ретінде қосымша білім беру бағдарламаларының орны жеткілікті деңгейде зерттелмеген деп айтуға негіз бар.

Сондықтан педагогика ғылымында инновациялық мектептердегі бейіндік саралауда тәжірибенің жинақталуы мен оның ғылыми-теориялық тұрғыда талдану және бүгінгі күні өзекті болып отырған бейіндік оқытуды енгізуде оның позитивті және негативті тәжірибесін ескере отырып, жаңа талаптарға негіздеп, бейімдеп пайдалану қажеттігі арасындағы қайшылықты шешуге бағытталған зерттеу жүргізу қажеттілігі туындады, міне, бұл біздің зерттеу жұмысымыздың проблемасының мәнін анықтап, тақырыпты «Қазақстан инновациялық мектептерінде қосымша білім бағдарламалары негізінде оқытуды бейіндік саралаудың дамуы (1992 – 2005 жж.)» деп алуға негіз болды.

Зерттеліп отырған проблеманы инновациялық мектептердегі қосымша білім бағдарламаларын пайдалану тұрғысынан қарастыру біріншіден, аталған мерзімде оқытуды бейіндік саралауды жүзеге асыру осы мектептерде толыққанды жүргізілуімен, екінші жағынан оның негізгі құралы – қосымша білім бағдарламалары болып табылуымен байланысты.

Зерттеудің хронологиялық шеңберін таңдау нақ осы мерзімде бейіндік саралау процесінің бір ізге түсуімен, жүйеленуімен және белсенді жүруімен түсіндіріледі. Оның үстіне 1992 жылы Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңының қабылдануымен инновациялық мектептер берік құқықтық мәртебеге ие болды. Жекелеген жағдайларда қалыптасқан жағдайды тарихилық және жүйелік тұрғыдан талдау негізінде тұтас, толыққанды нәтижеге қол жеткізу мақсатында аталған уақыт шеңберінен шығуға мәжбүр боламыз.

Зерттеудің объектісі – инновациялық мектептердегі бейіндік саралау процесі.

Зерттеудің пәні – қосымша білім бағдарламалары негізінде жүргізілген республиканың инновациялық мектептеріндегі оқытуды бейіндік саралау.

Зерттеудің мақсаты – Қазақстан Республикасының инновациялық мектептеріндегі қосымша білім бағдарламалары негізінде оқытуды бейіндік саралаудың дамуын талдау, сипаттау және оның позитивті тәжірибесін практикада қолдану мүмкіндігін анықтау.

Зерттеудің болжамыегер инновациялық мектептердегі оқытуды бейіндік саралаудың дамуын талдау оның алғышарттарын, осы процестің негізгі тенденцияларын анықтаса, онда қалыптасқан жағдайды ескеру арқылы мектептерде бейіндік оқытуды енгізуде жинақталған оң тәжірибені қолдану мүмкіндігі артады, өйткені, оның позитивті және негативті жақтары ашылады және бұл оларды бүгінгі күн жағдайында пайдаланудың шарты болып табылады.

Зерттеудің міндеттері:


  1. оқытуды бейіндік саралау мәселесінің генезисін ғылыми-теориялық талдау;

  2. Қазақстан инновациялық мектептеріндегі оқытуды бейіндік саралаудың дамуының тарихи-, ғылыми-педагогикалық және құқықтық-нормативтік алғышарттарын айқындау;

  3. қазақстандық инновациялық мектептердегі қосымша білім бағдарламалары арқылы бейіндік саралаудың дамуын талдау, позитивті және негативті тәжірибесін бөліп көрсету;

  4. инновациялық мектептердегі қосымша білім бағдарламалары арқылы бейіндік саралаудың позитивті тәжірибесі негізінде бейіндік оқытуды іске асыру моделін жасау.

Зерттеудің жетекші идеясы: инновациялық мектептерде қосымша білім беру бағдарламалары негізінде бейіндік саралаудың дамуын талдау жинақталған оң тәжірибені анықтауға, оның позитивті және негативті нәтижелерін бейіндік оқытуды іске асыруда ескеруге мүмкіндік береді.

Зерттеудің әдіснамалық негізін философия, педагогика ғылымындағы теориялық-әдіснамалық теориялар, теория мен тәжірибе арасындағы байланыстар туралы қағидалар, философиялық ілімдер, тарихи-педагогикалық құбылыстарды зерттеудегі объективтілік, жүйелілік теориясы туралы ілімдер құрайды.

Зерттеудің әдістері:



  • жалпығылыми: логикалық, жүйелі-құрылымдық, нидуктивтік, дедуктивтік, т.б.;

  • тарихи: тарихи-салыстырмалы, тарихи-генетикалық, ретроспективалық, т.б.;

  • педагогикалық: теориялық және эмпирикалық (ғылыми-педагогикалық әдебиетті, архив материалдарын, мектеп құжаттарын зерттеу және талдау, педагогикалық мәліметтерді жүйелі және статистикалық талдау, т.б.).

Зерттеудің көздері:

  • заңнамалық және нормативтік-құқықтық құжаттар;

  • зерттеу тақырыбына байланысты ресми құжаттар (оқу жоспарлары, бағдарламалар, оқу-әдістемелік кешендер);

  • зерттеу проблемасына қатысты ғалымдардың еңбектері, ғылыми-теориялық материалдар, мерзімді басылымдар жарияланымдары;

  • инновациялық мектептердегі бейіндік саралау бойынша жұмыс тәжірибесін көрсететін мектеп құжаттары.

Зерттеудің кезеңдері:

Бірінші кезеңде (2001-2003 жылдар) зерттеу процедурасы жасалып, проблеманың теориясы, тарихы мен қазіргі жағдайы қарастырылды; зерттеудің әдіснамалық базасы, мақсаты, міндеттері, объектісі, пәні, болжамы, жетекші идеясы анықталды; материалдар жинақтау басталды.

Екінші кезеңде (2003-2006 жылдар) оқу-әдістемелік, статистикалық материалдарды жинақтау, ғылыми-теориялық талдау, жүйелеу және қорытындылау жүргізілді, зерттеу проблемасы нақтыланды.

Үшінші кезеңде (2006-2007 жылдар) материалдарды теориялық өңдеу, алынған мәліметтерді жүйелеу және қорытындылау жүргізілді; қорытындыларды рәсімдеу аяқталды.

Зерттеудің ғылыми жаңалығы мен теориялық мәнділігі:

  • оқытуды бейіндік саралау мәселесінің генезисі ғылыми-теориялық тұрғыда талданды;

  • Қазақстан инновациялық мектептеріндегі оқытуды бейіндік саралаудың дамуының тарихи-, ғылыми-педагогикалық және құқықтық-нормативтік алғышарттары айқындалды;

  • инновациялық мектептердегі қосымша білім бағдарламалары арқылы бейіндік саралай оқыту мазмұнының даму тенденциялары мен ерекшеліктерін талдау барысында оқытуды бейіндік саралаудың кезеңдері анықталып, жіктемесі жасалды;

  • республиканың инновациялық мектептеріндегі қосымша білім бағдарламалары негізінде оқытуды бейіндік саралаудың позитивті және негативті тәжірибесі анықталды;

  • Қазақстан инновациялық мектептеріндегі қосымша білім бағдарламалары арқылы оқытуды бейіндік саралау тәжірибесі негізінде бейіндік оқытуды іске асырудың моделі жасалды.

Зерттеудің практикалық мәнділігі:

Зерттеу нәтижелері бейіндік оқытуды жүзеге асыратын мектеп әкімшілігі мен мұғалімдерінің ғылыми-әдістемелік даярлығын жетілдіруде (мектептерде «Бейіндік оқытуды ұйымдастырудың ғылыми-әдістемелік мәселелері» оқыту семинары, «Бейіндік оқытуды ұйымдастыру» оқу құралы, «Бейіналды даярлыққа және бейіндік оқытуға арналған вариативті білім беру бағдарламалары» жинағы), болашақ педагогтарды даярлау барысында («Жалпы педагогика» пәнінің типтік оқу бағдарламасына, педагогикалық мамандықтар студенттерінің педагогикалық практикасын ұйымдастыру бағдарламаларына практиканттарды мектептердегі бейіндік оқытудың жайымен таныстыру мақсатында толықтырулар, 050110 – Физика мамандығына арналған «Бейіндік оқыту мәселелері» арнайы курсы, «Педагогика. Оқытудың несиелік жүйесіндегі сабақтар» оқу құралы) қолданылды.



Ұсынылған «Бейіндік оқытуды іске асырудың моделі» жалпы орта білім беру жүйесіне бейіндік оқытуды енгізуде қолданылуы мүмкін.

Қорғауға ұсынылатын қағидалар:

  • Оқытуды бейіндік саралаудың теориялық негіздеріне педагогика теориясындағы саралап оқыту, тұлға дамуындағы даралау, білім беру мазмұнын қалыптастыру концепциялары жатады және тарихи-педагогикалық алғышарты – педагогика тарихы мен шетелдік және отандық педагогика практикасындағы оның тәжірибесі, ғылыми-педагогикалық алғышарты – оны білім алушылардың сұраныстарына, қызығушылықтары мен бейімдеріне байланысты оқыту процесінің принциптеріне негіздеп жүргізу, құқықтық-нормативтік алғышарттары - осы кезеңде қабылданған «Білім туралы» Заңдар, оқу жоспарлары, білім берудің жалпыға міндетті стандарты, ҚР гимназиялары мен лицейлерінің жұмысын ұйымдастыру туралы Ережелер болып табылады.

  • Қазақстанның инновациялық мектептерінде оқытуды бейіндік саралау а) оқу жоспарларының нұсқаларын таңдау; ә) олардың вариативті бөлігін тиімді іріктеу; б) инновациялық мектептерге берілген қосымша білім бағдарламаларын енгізуге байланысты құқықтық-нормативтік артықшылықтарды пайдалану негізінде жүргізілді;

  • Қазақстан инновациялық мектептерінде оқытуды бейіндік саралаудың негізгі құралы – болашақ кәсіби іс-әрекеттің ерекшеліктеріне бағдарлау, базалық пәндік білімді толықтыру және тереңдету, пәнаралық интеграция функцияларын атқаратын және оқушылардың дара ерекшеліктері мен сұраныстарын есепке алу, интерактивтілік, тұлғалық-іс-әрекеттік және субъект-субъектілік қатынас принциптеріне сүйене отырып жасалған қосымша білім бағдарламалары болып табылады;

  • Қазақстан гимназиялары мен лицейлеріндегі оқытуды бейіндік саралау үш кезеңде (1-кезең – бейіндер бойынша оқытудың негізінің салынуы; 2-кезең – құқықтық-нормативтік артықшылықтар арқылы бейін мазмұнының нақтылануы; 3-кезең – жинақталған тәжірибені ғылыми негіздеуге әрекет) жүзеге асты;

  • инновациялық мектептерде оқытуды бейіндік саралау бейін саны, бейін бағыттылығы, бейіндерді қалыптастыру және білім жүйелеріне кіріктірілуі бойынша жіктеледі;

  • бейіндік оқытуды тиімді іске асыру үшін ұсынылған Қазақстан инновациялық мектептеріндегі оқытуды бейіндік саралау тәжірибесі негізінде жасалған, бейіндік оқытуды теориялық-әдіснамалық, құқықтық-нормативтік, ұйымдық-педагогикалық және ғылыми-әдістемелік қамтамасыз етуді көздейтін бейіндік оқытуды іске асыру моделі.

Зерттеу нәтижелерінің дәлелділігі зерттеу әдіснамасының қойылған проблемаға сәйкестігімен, зерттеу объектісінің, оның мазмұндық және процес-суалдық сипаттарының теориялық деңгейде жан-жақты қарастырылуымен, зерттеу объектісіне байланысты Қазақстанның әр аймағындағы инновациялық мектептердің жұмыс тәжірибелерінің талдануымен, оларды іс жүзінде қолдануға болатынымен және зерттеушінің осы бағыттағы практикалық жұмыс тәжірибесімен қамтамасыз етілді.

Зерттеу жұмысының теориялық қағидалары мен нәтижелерін байқаудан өткізу түрлі деңгейдегі ғылыми-практикалық конференцияларда (халықаралық – Қарағанды, Көкшетау-Тюмень, Жезқазған, Ақтөбе; республикалық – Қарағанды, Павлодар; аймақтық - Қарағанды) баяндама жасау, ғылыми журналдарда мақалалар жариялау («Қарағанды мемлекеттік университетінің хабаршысы», «Павлодар мемлекеттік университетінің хабаршысы» «Ізденіс», «Ұлт тағылымы») және Қарағанды облысының орта мектептерінде (Қарағанды қаласындағы №92 қазақ гимназиясы, №12 орта мектеп, Ақтоғай ауданының Күләш Байсейітова, Қазбек Нұржанов атындағы орта мектептерінде) дәрістер оқу мен семинарлар ұйымдастыру арқылы жүргізілді.

Диссертациялық зерттеу жұмысының көлемі мен құрылымы.

Зерттеу жұмысы кіріспеден, екі тараудан, қорытындыдан және әдебиеттер көрсеткішінен тұрады.



Кіріспеде зерттеу тақырыбы негізделіп, зерттеудің ғылыми аппараты сипатталған: мақсаты, объектісі, тақырыбы, міндеттері, болжамы, әдіснамалық негізі, зерттеудің әдістері мен кезеңдері, оның ғылыми жаңалығын негіздеу, теориялық және тәжірибелік мәні, қорғауға ұсынылатын негізгі қағидалар, дәлелділігі, зерттеу жұмысының нәтижелерін байқаудан өткізу баяндалады.

«Инновациялық мектеп жағдайында қосымша білім бағдарламалары арқылы оқытуды бейіндік саралаудың теориялық негіздері» деп аталатын бірінші тарауда педагогика теориясы мен практикасындағы оқытуды бейіндік саралау генезисі, бейіндік саралау жүзеге асырылып отырған инновациялық мектептердің қалыптасуы мен дамуының алғышарттары және оқытуды бейіндік саралауды іске асырудың негізгі құралы ретіндегі қосымша білім бағдарламаларының орны сөз болады.

«1992 – 2005 жж. аралығында Қазақстан инновациялық мектептерінде қосымша білім бағдарламалары негізінде оқытуды бейіндік саралаудың мазмұны» атты екінші тарауда жалпы білім беру мазмұны және оны инновациялық мектептерде қосымша білім бағдарламалары арқылы саралаудың құқықтық-нормативтік шарттары, Қазақстан инновациялық мектептеріндегі оқытуды бейіндік саралауды қосымша білім бағдарламалары негізінде іске асырудың барысы және Қазақстан инновациялық мектептеріндегі оқытуды бейіндік саралау тәжірибесін бейіндік оқытуға көшу жағдайында пайдаланудың мүмкіндіктері қарастырылады.

Қорытындысында жалпы тұжырымдар жасалып, ғылыми негізделген ұсыныстар және бұл өзекті мәселенің болашақта зерттелу мүмкіндігі анықталған.
Негізгі бөлім
Бүгінгі күні біздің еліміздің ғалымдары алдында білім беру саласының даму жолын қайтадан, жаңа көзқарас тұрғысынан қарастыру міндеті тұр. Ғылыми-педагогикалық еңбектерде білім туралы сөз болғанда оқушылардың сұраныстарын, қызығушылықтарын ескеру, оқыту процесін әр бейінде, оқу материалын игердің түрлі топтарына негіздеп құру мәселелері көтеріледі. Мұның барлығы оқыту мақсатын оқушылардың мүмкіндіктері мен тілектеріне және қоғамның әлеуметтік, саяси-экономикалық сұранысын қанағаттандыруға сәйкестендіруден шығып отыр. Олар оқытуды саралаудың түрлі тұжырымдамаларында көрсетілген.

Қазіргі педагогика теориясы мен практикасында саралауға қатысты «саралай оқыту» «саралық тұрғыдан келу», «бейіндік саралау», т.б. ұғымдар кең тараған. «Саралау» сөзі латынша «differentia» - ерекшелеу, айырмашылық сөзінен шыққан, тұтасты бөліктерге, формаларға, сатыларға жіктеу, мүшелеу, айыруды білдіреді, олай болса саралау міндетін оқушыларды оқыту процесінде оқытудың басты мақсатына жету және әр оқушының ерекшеліктерін есепке алу болып табылатын әрекет ретінде түсіну керек.

«Саралай оқыту» ұғымына ғалымдар түрлі мағынада анықтамалар бергенмен, барлығының ортақ идеясы осыған саяды.

Оқытуды саралауды педагог ғалымдар негізінен деңгейлік және бейіндік деп екіге бөліп қарастырады. Оқытуды бейіндік саралау оқушылардың әр түрлі топтарының материалдың мазмұны, көлемі, қарастырылатын мәселелері ерекшеленетін бағдарламалармен оқытылуын, сол сияқты оқытудың кәсіби бағдарлануын меңзейді. Бейіндік оқытудың бір түрі – оқушылардың пән бойынша білімінің деңгейін көтеретін, сол арқылы жоғары нәтижелерге жетуге мүмкіндік беретін пәндерді тереңдетіп оқыту. Бейіндік саралау мектептің жоғарғы сатысындағы фуркацияның демократиялық және кең формасы болып табылады.

Оқытуды бейіндік саралаудың генезисін ғылыми-теориялық талдау қай уақытта да оның педагогика ғылымындағы өзекті мәселелердің бірі болғанына көз жеткізді.

Сонымен, оқытуды бейіндік саралаудың теориялық негіздері болып педагогика теориясындағы саралап оқыту (И.Э.Унт, З.И.Калмыкова, А.А.Кирсанов, В.В.Фирсов, Ю.К.Бабанский, С.Д.Муканова, т.б.), тұлға дамуындағы даралау (С.Л.Рубинштейн, Б.Г.Ананьев, Ю.М.Орлов, И.Э.Унт, т.б.), білім беру мазмұнын қалыптастыру (Б.С.Гершунский, В.В.Краевский, В.С.Леднев, И.Я.Лернер, М.Н.Скаткин, М.Ж.Жадрина, Қ.Ж.Аганина, т.б.) концепциялары табылады.

Қазақстан мектептерінде оқытуды бейіндік саралау негізінен инновациялық мектептерде жүзеге асырылып келді. Елімізде оқытуды бейіндік саралаудың жүргізілу барысын толық түсіну үшін мектептердің осы типтерінің ерекшеліктерін, олардың жұмысының ғылыми-педагогикалық негізін қарастыру қажеттігі туындайды, себебі мәселені толық ашу үшін оның жүргізілу ортасын және жағдайын, яғни инновациялық мектептердің қалыптасуының ғылыми-педагогикалық негіздерін талдау керек болады.

ХХ ғасырдың 80-ші жылдарының соңынан бастап кеңестік білім жүйесінде мектептердің жаңа типтері пайда бола бастайды. Олар жалпы «жаңа типті мектептер», «инновациялық мектептер» деген атқа ие болды. Осындай мектептердің ең басты ерекшелігі – өз жұмыстарында жан-жақты, үйлесімді дамыған тұлға даярлау мақсатында педагогикалық инновацияларды кеңінен қолдану болғандықтан оларды «инновациялық» деп атауға толық негіз бар деп есептейміз. Себебі, ол мектептердің статусының өзі үнемі ізденіске, педагогикалық процесті жоғары деңгейде ұйымдастыруға итермелейді. Сонда «инновациялық мектеп» - үнемі ізденісте болатын, жаңа енгізулерді батыл және тиімді пайдаланатын, оқу-тәрбие процесінде ерекшелігі бар мектеп болып табылады. Сонымен, мектептің инновациялылығы деңгейінің онда жүретін процестердің инновациялылығымен анықталатынына, бұл инновациялық процестердің өзіндік құрылымы, заңдары мен принциптері болатынына көзіміз жетті. Мұндай сипаттамаға мектептердің салыстырмалы түрде жаңа типтері – гимназиялар мен лицейлер сәйкес келеді. Біз өз жұмысымызда «инновациялық мектептер» ұғымы аясында осындай мектептерді қарастыратын боламыз. Қалыптасқан анықтамаларға сәйкес гимназия – негізгі және қосымша жалпы білім беру бағдарламаларын іске асыратын, оқушыларды олардың бейімділігі мен қабілетіне сәйкес тереңдетіп, салаға бөліп, саралап оқытуды көздейтін, жалпы орта білім беретін оқу орны болса, лицей - негізгі және қосымша жалпы білім беру бағдарламаларын іске асыратын, оқушыларды кәсіби бағдарлап оқытуды жүзеге асыратын жалпы білім беретін оқу орны болып табылады.

Инновациялық мектептердің басты артықшылықтарының бірі – оның оқу жоспарының оқушылардың қабілеттері мен бейімдеріне, сұраныстары мен қызығушылықтарына қарай сараланған білім беруге жан-жақты мүмкіндік беруінде. Міне, осы артықшылық негізінде еліміздің инновациялық мектептері оқытуды бейіндік саралауды іске асыра алып отыр. Бұл жерде оқытуды бейіндік саралаудың негізгі құралы – қосымша білім бағдарламалары болып табылады. Қосымша білім беру бағдарламалары азаматтардың, қоғамның, мемлекеттің білімге және мәдениетке деген қажеттіліктерін жан-жақты қанағаттандыру мақсатында іске асырылады. Қосымша білім беру бағдарламаларына тиісті мемлекеттік жалпы міндетті білім беру стандарттарынан тыс жалпы білім беру және кәсіби даярлық жүргізетін бірім беру ұйымдарында, қосымша білім беру ұйымдарында, жеке педагогикалық қызмет арқылы іске асырылатын әртүрлі бағыттағы білім беру бағдарламалары жатады.

2002 жылы бекітілген Қазақстан Республикасы жалпы орта білім берудің мемлекеттік жапыға міндетті стандартында «қосымша білім беру бағдарламасы» аясында оқушылардың танымдық мүмкіндіктерін ескеріп құрылған факультативтік, таңдау курстары және жеке бағдарламалар арқылы жүзеге асырылатын, оқу пәндері бойынша мемлекеттік стандарттардан тыс білім мазмұнын анықтайтын білім беру бағдарламалары көрсетіледі.

Қазақстан мектептері 1990-2005 жылдар арасында оқу процесін бірнеше оқу жоспарлары және білім берудің мемлекеттік стандарттарына негіздеп жүргізді (1990 жылғы 20 сәуірде қабылданған 1990 – 1993 жылдарға арналған оқу жоспарлары, «Жалпы білім беретін күндізгі оқу орындарының 1994/95-1997/98 оқу жылдарына арналған базистік оқу жоспары және оқу жоспарының нұсқалары», 2.003 – 2002 Қазақстан Республикасы жалпы орта білім берудің жалпыға міндетті стандарты), Гимназиялар мен лицейлер де өздерінің білім мазмұнын осы құжаттар негізінде анықтады.

Өзгеріске түскен оқу жоспарлары инновациялық мектептердің өздерінің мақсат-міндеттеріне сай білім мазмұнын іріктеуге және жүзеге асыруға мүмкіндік берді. Сөзімізді дәлелдей түсу үшін әр жылдардағы жоғары сатының оқу жоспарларының бөліктеріне салыстырмалы талдау жасадық (сурет 1):



Сурет 1 – Жоғары сатының оқу жоспарлары бөліктерінің арақатынасы

Қазақстан гимназиялары мен лицейлеріне оқытуды бейіндік саралауға оқу жоспарларының осындай ерекшеліктерімен қатар, осы мекемелердің жұмысын ұйымдастыруға арналған типтік Ережелер де үлкен мүмкіндіктер берді.

Мәселен, мұндай Ережелер 1996 жылы жасалды, олар 2000 жылы толықтырылып, қайтадан жасалып шықты.

Сөз болып отырған Ережелерде Қазақстан лицейлері мен гимназияларында қосымша білім бағдарламаларын іске асыру үшін берілетін артықшылықтар туралы айтылады. Мәселен, гимназия және лицей оқушыларының қалауы бойынша қосымша курстар мен факультатив сабақтар (әр сыныпқа 4 сағат) және үйірмелер мен клубтар, ғылыми қоғамдар мен студиялар, т.б. ұйымдастыру үшін әр сыныпқа 0,25 еңбек ақы мөлшерінде, сол сияқты элективті курстар мен келісім-шарт негізінде жоғары дәрежелі арнайы дәрістерге ақы төлеуге жылына 1500 сағат есебінен қаржы бөлінетіні көрсетілген. Бұл – оқытуды бейіндік саралауды, сол арқылы бейінді оқытуды жүзеге асыру үшін қосымша білім беру бағдарламаларын жүргізуге, базистік оқу жоспарына осы бағытта тиісті қосымшалар енгізуге басқа мектептерге қарағанда ерекше жағдайлар жасалды деген сөз.

Еліміздегі инновациялық мектептер өз қызметін Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңы мен білім саласындағы басқа да нормативтік құжаттарға және тиісті үлгідегі оқу орындарының қызметін ұйымдастыру туралы Ережелерге, Қазақстан Республикасының 2.003 – 2002 жалпы орта білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарты (БМЖМС) мен өз Жарғыларына сәйкес жүзеге асырады, осы аталғандар еліміздің инновациялық мектептері үшін оқытуды бейіндік саралауды іске асырудың құқықтық-нормативтік шарты болып табылды.

Зерттеу жұмысы қамтып отырған уақыт аралығында республика бойынша қалыптасқан жағдайды объективті бағалап, бейіндік саралаудағы жалпы тенденцияларды нақты анықтау мақсатында Қазақстанның әр аймағының гимназиялары мен лицейлерінің жұмыс тәжірибесін қарастырдық. Уақыт өте келе, жинақталған тәжірибені тиімді және түзете пайдалана отырып, еліміздің гимназиялары мен лицейлері бүгінгі күні оқытуды бейіндік саралауда көсбасшылық танытып отырғанына көзіміз жетті.

Қазақстанның инновациялық мектептерінде, оның ішінде гимназиялары мен лицейлерінде жүргізілген оқытуды бейіндік саралау барысын талдау мынадай қорытындылар жасауға мүмкіндік береді: инновациялық мектептер өз жұмыстарын Қазақстан Республикасы Білім министрлігі (кейіннен Білім және ғылым министрлігі) бекіткен оқу жоспарлары негізінде жүргізді. Білімнің базалық деңгейі бәріне ортақ болып, оқытуды саралау қосымша білім беру бағдарламаларын осы жоспарлардың вариативті бөлігіне енгізу арқылы іске асырылды.

Инновациялық мектептер оқытуды бейіндік саралауды жүзеге асыруда саралай білім беру; оқытудың саралаудың дамытушылық сипаты; саралаудың іс-әрекеттік сипаты; вариативтілік; білім беру процесінің қоршаған ортамен қатынасы; даралау принциптерге сүйенді.

Оқытуды саралау барысында оқушылардың қызығушылықтары мен бейімдерін есепке алу, соған сәйкес бейіндер ұйымдастыру, бейіндер мазмұнының тереңдігін қамтамасыз ету үшін әлеуметтік институттармен қарым-қатынас жасау, оқу жоспарының вариативті бөлігін қамсыздандыру міндеттері шешілді.

Оқу жоспарының вариативті бөлігінің уақыт өте келе ұлғаюы қосымша білім бағдарламалары арқылы бейіндердің мазмұнын толық ашуға мүмкіндік берді. Яғни, қазақстандық инновациялық мектептерде оқытуды бейіндік саралаудың негізгі құралдары – оқу жоспары және қосымша білім бағдарламалары болып табылатыны анық.

1992 – 2005 жылдардағы Қазақстан гимназиялары мен лицейлерінің бейіндік оқытуды жүзеге асыруы тәжірибесін сараптау осындай мектептердегі бейіндеудің жіктемесін ұсынуға мүмкіндік береді (кесте 1):
Кесте 1 – Қазақстан инновациялық мектептеріндегі оқытуды бейіндік саралаудың жіктемесі




Жіктеу негізі

Бейіндеу түрлері

1

Бейін саны бойынша

Бір бейінді және көпбейінді

2

Бейін бағыттылығы бойынша

Гуманитарлық;

Жаратылыстану-математикалық;

Экономикалық;

Құқықтық-заңдық, т.б.



3

Бейіндерді қалыптастыру бойынша

Конкурстық негізде;

Оқушылардың дара ерекшеліктерін есепке алу негізінде конкурссыз



4

Білім жүйелеріне кіріктірілуі бойынша

Дербес;

Сәйкес ЖОО базасында құрылған



Жоғарыда айтылғандардың негізінде 1992 – 2005 жылдары Қазақстанның инновациялық мектептеріндегі оқытуды бейіндік саралау өз дамуында негізгі үш кезеңнен өткені байқалды (кесте 2):


Кесте 2 – Қазақстанның инновациялық мектептеріндегі оқытуды бейіндік саралаудың даму кезеңдері


Кезеңдер

Уақыты

Сипаты

1

1990 – 1993 жылдар

Бейіндер бойынша оқытудың негізі салынуы. Саралап оқытудың құқықтық алғышарттары жасалуы. Шетелдік тәжірибе бойынша қосымша білім бағдарламаларын енгізу, бейімдеу

2

1994 – 2002 жылдар

Бейіндер мазмұнының нақтылануы. Қосымша білім бағдарлама-ларын бейімдеп пайдалану. Оқытуды саралауға қосымша құқықтық-нормативтік артықшылықтардың берілуі. Базистік оқу жос-парының және көпнұсқалы типтік оқу жоспарлары негізінде оқытуды бейіндік саралау өрісінің кеңеюі, оқу жоспарының вариативтік бөлігінің ұлғаюы

3

2002 – 2005 жылдар

Білім берудің жалпыға міндетті стандарты негізінде мектептің жоғары сатысында бейіндік оқытудың енгізілуі. Қосымша білім бағдарламаларын жасау. Оқытуды бейіндік саралау негізінде білім беру мекемелерінің және олардың оқушылары мен түлектерінің түрлі моделдерінің жасалуы

Зерттеу жұмысы барысында алынған нәтижелер негізінде 1992-2005 жылдар арасында Қазақстанның инновациялық мектептерінде жинақталған оқытуды бейіндік саралау тәжірибесінің позитивті және негативті тұстары анықталды (кесте 3).

Кесте 3 – Қазақстан инновациялық мектептеріндегі оқытуды бейіндік саралаудың позитивті және негативті тәжірибесі


Позитивті

Негативті

Инновациялық мектептерде оқытуды бейіндік саралаудың құқықтық-нормативтік базасының қалыптасуы

Қосымша білім бағдарламаларын көптеп енгізу оқушы денсаулығына шамадан тыс күш түсіруге әкеліп соқтыруы

Қалыптасқан құқықтық-нормативтік база негізінде инновациялық мектептерге білім мазмұнын іріктеуге академиялық еркіндіктің берілуі

Оқытуды бейіндік саралауды өз мәнінде жүргізу үшін қосымша білім беру бағдарламаларын таңдауда жергілікті білім беруді басқару органдарының араласуының жиі орын алуы

Әр түрлі бейін бағыттары бойынша білім беру мазмұны іріктелуі




Бейін мазмұнын ашатын қосымша білім беру бағдарламаларының жасалуы

Алғашқы кезеңде қосымша білім бағдарламалары жергілікті жағдайға бейімделмей, тікелей көшірілгендіктен, ұлттық және аймақтық ерекшеліктердің есепке алынбауы

Қосымша білім беру бағдарламаларын жүргізуге байланысты тәжірибе жинақталуы

Бейіндерді құрудың нақты технологияларының болмауы

Оқытуды бейіндік саралаудың негізі – тұлғаға бағдарланған оқытуға ерекше көңіл бөлінуі

Инновациялық мектептердегі оқытуды бейіндік саралаудың жинақталған тәжірибесіне мемлекеттік деңгейде мән берілмеуі

Оқытуды бейіндік саралаудың ғылыми-әдістемелік негіздерін жасауға әрекет жасалуы

Оқытуды бейіндік саралау нәтижелерінің мониторингісінің жүргізілмеуі

Оқытуды бейіндік саралау негізінде білім беру мекемелерінің және олардың оқушылары мен түлектерінің түрлі моделдерінің жасалуы




Аталған уақыт аралығында инновациялық мектептердің оқушыларына оқылатын бағдарламалар көлемінің ұлғаюына байланысты денсаулықтарына шамадан көп күш түскен. Сол сияқты бейіндерді құруда мектеп әкімшілігінің көп жағдайда өз интуициясына сүйенуі оның нақты бір технологияларының болмағандығын көрсетеді. Қосымша білім беру бағдарламаларын жасауда ұлттық және аймақтық ерекшеліктердің әр уақытта есепке алына бермегені (әсіресе, оқытуды бейіндік саралаудың алғашқы кезеңінде), оларды оқу жоспарына енгізуде жергілікті білім беру саласын басқару органдары араласып отырды.

Дегенмен, инновациялық мектептердің оқытуды бейіндік саралау бойынша жинақталған тәжірибесінің оң, яғни позитивті тұстары басым болып келеді, олар өздеріне берілген артықшылықтарды тиімді пайдалану арқылы бейіндер құруда, олардың мазмұнын іріктеуде және қосымша білім беру бағдарламаларын жасап, жүргізуде бірқатар жақсы жетістіктерге жетті. Бұл осы тәжірибені алдағы уақытта тиімді пайдалануға, сол арқылы оң нәтижелерге жетуге болатынын айғақтайды. Мұның бәрі бізге еліміздің жалпы білім беру жүйесінің жоғары сатысында бейіндік оқытуды іске асырудың моделін ұсынуға мүмкіндік берді (сурет 2).

Бейіндік оқыту тұлғалық-бағдарланған оқу процесін іске асыруға бағытталады. Оның негізгі мақсаты – қабілетіне, дара ерекшеліктеріне және қызығушылықтарына байланысты оқушылардың толыққанды білім алуына жағдай жасау болып табылады. Бейіндік оқытуды іске асыру үшін мынадай міндеттер қойылады:



  • бейіндік оқытуды теориялық-әдіснамалық қамтамасыз ету;

  • бейіндік оқытуды құқықтық-нормативтік қамтамасыз ету;

  • бейіндік оқытуды ұйымдық-педагогикалық қамтамасыз ету;

  • бейіндік оқытуды ғылыми-әдістемелік қамтамасыз ету.

Бірінші позиция бойынша бейіндік оқытудың теориялық-әдіснамалық негіздеріне сүйену қажеттігі туады. Жоғарыда айтылып кеткендей, бүгінгі күні педагогика теориясында бейіндік оқытудың, оқытуды саралаудың бірнеше концепциясы қалыптасқан.

Екінші позиция бойынша бейіндік оқытуды құқықтық-нормативтік жағынан қамтамасыз ету үшін бірқатар құжаттарды қайта қарау, қабылдау, толықтырулар енгізу қажет.

Үшінші және төртінші позицияларда ұйымдық-педагогикалық және ғылыми-әдістемелік қамтамасыз ету көзделеді.

Бірінші және екінші позицияларды іске асыру жалпы салалық деңгейде жүргізілсе, үшінші, төртінші позициялар мектепішілік деңгейде қарастырылады, дегенмен, бұл жерде де мемлекеттік деңгейде мән берілетін тұстар бар (мұғалімдердің әдістемелік даярлығын жетілдіру тәрізді).



Аталған міндеттерді өз мәнінде шешу нәтижесінде бейіндік оқытуды іске асыру тиімді жүргізіледі.

Сурет 2 – Бейіндік оқытуды іске асырудың моделі

Жалпы білімнің үшінші сатысында 2006-2007 оқу жылынан бастап 2002 жылы қабылданған стандарт негізінде әзірленген базистік оқу жоспары енгізілуіне байланысты орта білім беретін әр оқу мекемесі өзінің жұмыстық оқу жоспарын соған негіздеп құрады. Ол жоспардың алдыңғыларынан ерекшелігі – жоғары сынып оқушыларын бейіндік оқытуды ұйымдастыруда.

Базистік оқу жоспары және соған сәйкес әзірленген типтік оқу жоспары 10-11 сыныптарда қоғамдық-гуманитарлық және жаратылыстану-математикалық бағыттар бойынша бейіндік оқытуды көздейді. Яғни, оқу жоспарлары осы бағыттарға байланысты құрылуы қажет. Бұл оқу жоспарларының өзіндік ерекшелігі – оның вариативті бөлігі аясында бейіндік пәндерге жеке орын берілуі.

Бейіндік білім беру мекемесінің оқу жоспарын жасау барысында есте ұстайтын қағидаттар бар. Оның алгоритмі төменде көрсетілген (сурет 3).




Сурет 3 – Бейіндік оқытудың оқу жоспарын құрудың алгоритмі

Жоғарыда көрсетілген бейіндік оқытудың оқу жоспарын құрудың алгоритмінің әр кезеңіне тоқталып өтейік:

1-кезең – мектеп бейінін анықтау. Оны анықтау оқушылардың қабілеттері мен бейімдеріне орай өздерінің және ата-аналарының сұраныстарына және оқу орнының мүмкіндіктеріне байланысты жүреді. Бірінші кезекте нақ оқушының өзінің қызығушылығы қойылады, ал мектеп басшысының және мұғалімдердің міндеті – оны мектеп мүмкіндігімен сәйкестендіру болып табылады. Оқушылардың бейімі мен қабілеті, сұраныстары мен қызығушылықтары бейіналды даярлық барысында түрлі әдістемелер арқылы анықталуы тиіс.

2-кезеңде мектеп тиісті бейіннің мазмұнын айқындайтын білім беру бағдарламаларын ұсынады, әрі ол бағдарламалардың баламалылығын қамтамасыз етеді. Бұл кезеңде алдымен Базистік оқу жоспарына сәйкес міндетті және бейіндік пәндер анықталып, мектеп ұсына алатын білім бағдарламаларының тізбесі жасалады. Ол тізбе оқушылардың қызығушылықтарына орай толықтырылып, бағдарламалардың баламалы болуы ойластырылады. Ұсынылатын бағдарламалар тек бейін бағытына ғана емес, сонымен бірге жалпы дамытуға бағдарланған болуы керек.

Үшінші кезеңде әр оқушы ұсынылған бағдарламалар ішінен өзінің сұранысына жауап беретіндерін таңдап, өзінің жеке оқу жоспарын жасайды. Одан кейінгі кезеңде оқушылардың жеке жұмыс жоспарлары сыныптар бойынша оқу жоспарларына біріктіріледі. Тиісінше сыныптардың оқу жоспарынан мектептің жұмыстық оқу жоспары құралады. Осылай еткенде ғана әр оқушының жеке даму траекториясы қамтамасыз етіледі.

Қорыта айтқанда, 1992 – 2005 жылдар арасында Қазақстанның инновациялық мектептерінде оқытуды бейіндік саралау бойынша бірқатар тәжірибе жинақталғандығын көрдік. Зерттеу жұмысын жүргізу барысында оның нәтижелерін практикада қолдану мүмкіндігі қарастырылды. Бұл жұмыстар үш бағытта жүргізілді:



  1. бейіндік оқытуды жүзеге асыратын мектеп әкімшілігі мен мұғалімдерінің ғылыми-әдістемелік даярлығын жетілдіру;

  2. болашақ педагогтар даярлау барысында қолдану;

  3. бейіндік оқытуды іске асыруға байланысты теориялық және практикалық ұсыныстар әзірлеу.

Бірінші бағыт бойынша төмендегі жұмыстар атқарылды:

а) мектептерде «Бейіндік оқытуды ұйымдастыру» атты оқыту семинары жүргізілді (мектеп әкімшілігі мен мұғалімдеріне арналған) (Қосымша А);

ә) «Бейіндік оқытуды ұйымдастыру» оқу құралы дайындалып, жарыққа шығарылды;

б) «Бейіналды даярлыққа және бейіндік оқытуға арналған вариативті білім беру бағдарламалары» жинағы шығарылды;

Екінші бағыт бойынша мынадай жұмыстар атқарылды:

а) «Жалпы педагогика» пәнінің типтік оқу бағдарламасының «Қазақстан Республикасының білім беру жүйесі» тақырыбына толықтырулар енгізілді;

ә) Педагогика мамандықтары студенттерінің педагогикалық практикасын ұйымдастыру бағдарламаларына практиканттарды мектептердегі бейіндік оқытудың жайымен таныстыру мақсатында толықтырулар енгізілді;

б) «Педагогика. Оқытудың несиелік жүйесіндегі сабақтар» оқу құралы жарыққа шығарылып (п.ғ.к. С.Қ.Омаровпен, п.ғ.к. Ж.Е.Сарсекеевамен авторлық бірлестікте), онда бейіндік оқытуды ұйымдастыруға байланысты материалдар қамтылды.

Аталған шаралар жалпы білім беретін мектептерде және ҚарМУ-дің оқыту процесінде қолданылуда.

Үшінші бағыт бойынша «Бейіндік оқытуды іске асырудың моделі» және «Бейіндік мектептің оқу жоспарын құру алгоритмі», әр бейінге арналған жұмыстық оқу жоспарларының үлгілері жасалды, диссертациялық зерттеу жұмысы барысында жасалған ұсыныстар аталған сала мамандарына эксперттік бағалауға ұсынылып, оң бағаға ие болды, яғни, олардың болашақта жүзеге асырылу мүмкіндігі зор болып табылатыны дау тудырмайды.

Зерттеу жұмысында осы инновациялық мектептердің оқытуды бейіндік саралаудағы тәжірибесі қарастырылды. Осы кезеңде инновациялық мектептерде оқытуды бейіндік саралаудың дамуының бірнеше тенденциясын бөліп көрсетуге болады. Біріншіден, аталмыш кезеңде элитарлық білім түсінігі қалыптасып, қабілетті және дарынды балаларға жоғары деңгейдегі білім беру бағдарламалары арқылы тереңдетілген білім беруге жаппай әрекет жасалды. Екіншіден, білім, іскерлік, дағдылар қалыптастыруға бағытталған білім беруден оқытуды саралау арқылы құзырлылықтар қалыптастыруға мән беріле бастады. Үшіншіден, оқу жоспарларының вариативті бөлігі біртіндеп ұлғайып, оқушылардың өз таңдауы бойынша білім алуына мүмкіндік беріле бастады.

Сонымен, зерттеу жұмысы барысында қол жеткен нәтижелер төмендегідей қорытындылар жасауға мүмкіндік берді:



  1. Оқытуды бейіндік саралаудың теориялық негіздеріне педагогика теориясындағы саралап оқыту (И.Э.Унт, З.И.Калмыкова, А.А.Кирсанов, В.В.Фирсов, Ю.К.Бабанский), тұлға дамуындағы даралау (С.Л.Рубинштейн, Б.Г.Ананьев, Ю.М.Орлов, И.Э.Унт), білім беру мазмұнын қалыптастыру (Б.С.Гершунский, В.В.Краевский, В.С.Леднев, И.Я.Лернер, М.Н.Скаткин) концепциялары жатады.

  2. Оқытуды бейіндік саралаудың:

а) тарихи-педагогикалық алғышарты – педагогика тарихы мен шетелдік және отандық педагогика практикасындағы оның тәжірибесі;

б) ғылыми-педагогикалық алғышарты – оны білім алушылардың сұраныстарына, қызығушылықтары мен бейімдеріне байланысты оқыту процесінің принциптеріне негіздеп жүргізу;



в) құқықтық-нормативтік алғышарттары - осы кезеңде қабылданған «Білім туралы» Заңдар (1992, 1999), оқу жоспарлары (1990, базистік - 1994), білім берудің жалпыға міндетті стандарты (1998, 2002), ҚР гимназиялары мен лицейлерінің жұмысын ұйымдастыру туралы Ережелер (1996, 2000) болып табылады.

  1. Елімізде оқытуды бейіндік саралау осы уақытқа дейін инновациялық мектептердің өз жұмысын ұйымдастырудағы басты нысаны болып, табысты жүзеге асырылып келді.

  2. 1992-2005 жылдар арасында Қазақстанның инновациялық мектептеріндегі оқытуды саралаудың дамуы үш кезеңде жүзеге асты.

  3. Қазақстандық инновациялық мектептер оқытуды бейіндік саралауды бір бейін немесе көп бейін құру арқылы жүзеге асырды, бейін бағыттылығы бойынша негізінен гуманитарлық, жаратылыстану-математикалық, экономикалық, құқықтық-заңдық, т.б. бейіндер басым болды. Еліміздегі гимназиялар мен лицейлерде бейіндер конкурстық жолмен балаларды таңдау немесе өзінің ішкі потенциалын тиімді дамыту арқылы құрылды, сонымен қоса бейіндерді қалыптастыруда олар дербестік танытты немесе ЖОО-ның базасына сүйенді.

  4. Республиканың инновациялық мектептері оқытуды бейіндік саралауды тиісті оқу жоспарларының вариативті бөлігін және өздеріне берілген құқықтық-нормативтік артықшылықтарды тиімді пайдалану арқылы жүргізді.

  5. Зерттеліп отырған кезеңде оқытуды бейіндік саралау негізінен қазіргі уақыттың негізгі мәселелерін оқыту, болашақ кәсіби іс-әрекеттің ерекшеліктеріне, танымдық, ұйымдық іс-әрекеттің дағдыларын жетілдіруге бағдарлау, базалық пәндік білімді толықтыру және тереңдету, тұтас дүниетанымның қалыптасуына әсер ететін пәнаралық интеграция функцияларын атқаратын және тәжірибе және ынтымақтастық негізіндегі оқыту, оқушылардың дара ерекшеліктері мен сұраныстарын, есепке алу, интерактивтілік, тұлғалық-іс-әрекеттік және субъект-субъектілік қатынас принциптеріне сүйене отырып жасалған қосымша білім бағдарламалары арқылы жүргізілді, инновациялық мектептерде осындай бағдарламалар базасы қалыптасты.

Зерттеу жұмысын жүргізуде 1992 – 2005 жылдар арасында қазақстандық инновациялық мектептердегі оқытуды бейіндік саралаудың дамуын талдау оның оң тәжірибесі қалыптасқандығын көрсетті. Ол тәжірибе мектептің жоғары сатысында жаппай бейіндік оқытуға көшу көкейкесті мәселе болып отырған қазіргі кезде құнды болып табылады. Соның негізінде 1992 – 2005 жылдардағы еліміздің инновациялық мектептерінде оқытуды бейіндік саралаудың дамуын талдай келе бірқатар ұсыныстар жасауға болады:

  1. қолға алынып отырған бейіндік оқытуды ұйымдастыру ашықтық (бастауыш, орта және жоғары кәсіби оқу мекемелерінің, сондай-ақ қосымша білім беру мекемелерінің өзара әрекеті және ынтымақтастығы), оқытуды ұйымдастырудың дара және топтық формаларын кіріктіру, озіндік даму және өзін-өзі іске асыру принциптеріне негізделуі керек;

  2. бейіндік оқытуды іске асыру барысында оқушыларда: а) өзіндік рефлексивтік іс-әрекет; ә) құрал-жабдықтарды (еңбек құралдарын, ойлау тәсілдерін) дұрыс қолдану; б) топта жұмыс жасай алу, ынтымақтастық; в) сын тұрғысынан ойлау; г) мәселелерді шеше білу іскерлігі сияқты негізгі құзырлылықтар қалыптастыруға назар аударылуы қажет;

  3. бейіндік оқытуды тиімді іске асыру үшін құқықтық-нормативтік негізін жасау, атап айтқанда: Қазақстан Республикасының бейіндік оқыту Тұжырымдамасын, Азаматты бейіндік мектепке қабылдау Ережелерін, оқу жоспарының вариативті бөлігінің оқу бағдарламаларын қарау және бекіту регламентін, бейіндік оқытуды жүзеге асырудың нақты іс-әрекет жоспарын даярлау және қабылдау міндетті;

  4. оқытуды бейіндік саралаудың жинақталған тәжірибесі жалпы білім беретін орта мектептердің жұмысында кеңінен қолданылуы қажет, оны насихаттау және соның негізінде жұмыс жүргізуді ұйымдастыру үшін БҒМ деңгейінде жеке «Бейіндік оқытуды ұйымдастырудың ғылыми-практикалық орталығы» құрылуы тиіс, осы орталық жұмысы шеңберінде «Бейіндік оқытуды ұйымдастыру» сервері жасалуы, гимназиялар мен лицейлерде басқа мектептер үшін бейіндік оқытуды ұйымдастыруға байланысты тәжірибе алмасу семинарлары ұйымдастырылуы, инновациялық мектептерде сынақтан өткен, өзінің тиімділігін дәлелдеген оқу жоспарының вариативтік бөлігін қамтамасыз етуге бағытталған қосымша білім беру бағдарламаларының базасы жасалуы әрі ол база жоғарыда аталған серверде толық мәтінде орналастырылуы қажет;

  5. мамандар даярлау жүйесін бейіндік оқытуды ерекшеліктерін есепке ала отырып жаңа теориялық-әдіснамалық мазмұнмен қамтамасыз ету қажет, оны іске асыру үшін педагогикалық мамандар даярлайтын жоғары және арнаулы орта оқу орындарының білім беру мазмұнына тиісті толықтырулар енгізілуі тиіс.

Қорыта айтқанда, Қазақстанның инновациялық мектептеріндегі соңғы он бес жыл көлемінде жинақталған оқытуды бейіндік саралау тәжірибесі жан-жақты қарастырылып, қолданылуы керек.

Біз өзіміздің зерттеу жұмысымыздың барысында осындай тәжірибенің жинақталғанын, оны бейімдеп, жүре түзетіп пайдалану мүмкіндігін қарастырдық. Зерттеу барысында қол жеткен нәтижелер оның мақсаты мен міндеттерінің орындалғанын, сондықтан қойылған проблеманың шешімін тапқанын көрсетеді. Дегенмен, мәселені оның басқа аспектілері тұрғысынан, мәселен, бейіндерді құру технологиясын жасау, оқу жоспарының вариативті бөлігін қамсыздандырудың теориялық-әдіснамалық шарттары, бейіндік оқытуды мониторингілеу, 12 жылдық жағдайында бейіндік оқытуды іске асыру, т.б. жан-жақты, толық зерттеу болашақтың ісі болып табылады.



Каталог: userdata -> uploads -> u21
u21 -> Абайтанушы Қайым Мұхаметханұлы
u21 -> Әлия Молдағұлова
u21 -> Ән жанрлары мен мектептері
u21 -> Әуенімен әйгілі әбілқайыр әулеті
u21 -> КӨкбай жанатайұлы (1861-1925)
u21 -> Өтен айгүл жақсылықҚызы кенен Әзірбаевтың әдеби шығармашылығы
u21 -> Балалардың сүйікті жыршысы (М.Әлімбаевтың шығармашылығына арналған әдістемелік құрал)
u21 -> Ахмет Жұбанов Ахмет Қуанұлы Жұбанов
u21 -> 1. Eр Төстік жер бетіне шыққан соң күресетін жауыздың иесін белгілеңіз
u21 -> Абай Құнанбаевтың педагогикалық көзқарасы (1845-1904) Абай Құнанбаев


Достарыңызбен бөлісу:
  1   2




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет