Математиканы оқыту теориясы мен әдістемесі


§ 5. КЕШКІ МЕКТЕПТЕРДЕ МАТЕМАТИКАНЫ ОҚЫТУ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ



бет36/45
Дата25.12.2021
өлшемі1,03 Mb.
#105325
1   ...   32   33   34   35   36   37   38   39   ...   45
Байланысты:
Қасқатаева.МОТӘ. Оқу құралы
kenes-hattam-qis-nisan, Қасқатаева.МОТӘ. Оқу құралы, Қасқатаева.МОТӘ. Оқу құралы
§ 5. КЕШКІ МЕКТЕПТЕРДЕ МАТЕМАТИКАНЫ ОҚЫТУ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ
Кешкі мектептерде оқушылар аптасына кешкілік 4 күн оқиды. Кейбір жағдайларда бұл мектептер ауысым, яғни бір сыныптың өзі ертеңгісін жұмыс істейтін оқушылар кешке, ал кешкі сменада жұмыс істейтін жастар ертеңгісін оқиды.

Кешкі мектепте математиканы оқытудың мақсаты мен міндеттері жалпы орта білім беретін мектептегі сияқты. Оқу процесін ұйымдастыру түрі мен мазмұны, математика курсының негізгі мәселелерін ашып көрсету көлемі мен тереңдігіне қойылатын талаптар да күндізгі жалпы білім беретін мектептердегідей. Оқу әдістері де, оқу қызметін ұйымдастыру да, материалды мазмұндау тәсілдері де өте ұқсас. Алайда жұмысшы жастар мектебінде математиканы оқытудың өзіне тән өзгешіліктері бар. Ол алдымен кешкі мектептерде оқу үрдісін ұйымдастыру жағдайлары мен ересек оқушылардың психологиялық - педагогикалық ерекшеліктеріне қатысты. Кешкі мектептерде білім берудің өзіне тән ерекшеліктерін анықтайтын басты фактор - оқушылардың еңбек пен оқуды ұштастыруы, мұның өзі оқуға бөлінетін уақытты шектейді. Сонымен бірге оқушылардың бірқатары оқудан уақытша қол үзіп кеткендіктен, олардың білімдерінде елеулі олқылықтар кездеседі, енді біреулері жұмыс бабымен сабаққа ұдайы қатыса алмайды, сыныптағы оқушылардың өмір және еңбек тәжірибелері, жасы, білім деңгейлері әркелкі болады. Дегенмен оқушылардың өмірден алған тәжірибелері, білімнің қажеттігі мен пайдасына көзі жеткендігі олардың оқуға көзқарасына оңды әсер етеді.

Кешкі мектептерде оқу жоспары - 36 апталық жоспар. Кешкі мектептерде V сыныптан XI сыныпқа дейін, ал шеберлер мектебінде IX-XI сыныптарда оқуға мүмкіндік туғызылған. Математика курсы құрылымы жағынан жалпы білім беретін орта мектептегіден өзгешелеу. Ол өзгешеліктер тақырыптардың сыныпқа қарай бөлінуіне, оларды оқытуға бөлінетін уақытқа және кейбір материалдық баяндалу ретіне қатысты мәселелер. Себебі жалпы білім беретін мектептерде оқу материалын оқыту кешкі мектептерге қарағанда ілгерілеу болады, бұл күндізгі мектептен кешкі мектепке көшкенде өткен материалды қайталап, пысықтап алуына мүмкіндік туғызады.

Жұмысшы жастардың уақыттарының тапшылығынан күндізгі мектептерде оқытылатын материалды қысқартуға тура келеді. Олар негізінен, оқушыларға өмір тәжірибесінен белгілі кейбір қарапайым жанама ұғымдар, олардың білімдік және практикалық қызметтерінде елеулі маңызы жоқ ұғымдар мен мәселелер. Оның есесіне математика сабақтарында оқушылардың жалпы математикалық және техникалық мәдениетін көтеруге, өз қызметінің техникалық, технологиялық және экономикалық қырларын терең түсінуге, мамандығын шындауға және еңбек өнімділігін ұлғайтуға, творчествалық қызметін арттыруға, ғылым мен техникадағы жаңалықты және озық әдістерді өндіріске енгізуге, арнаулы оқу орындары мен жоғары оқу орындарына оқуға даярлауға баса назар аударылады.

Кешкі мектептерде оқу процесі негізінен сабақ арқылы іске асырылады. Мұндағы бір өзгешелік – сырттай оқитын мектептерде оқу топтық және жекелей консультация беру, өздігінен жұмыс істеу және сынақ түрінде жүреді. Сондықтан оқыту процесі оқушылардың тиімді оқып үйрену іскерліктері мен машықтарын қалыптастыруға бағытталуы тиіс. Сонымен бірге, оқушылар біліміндегі олқылықтарды жою және олардың деңгейін анықтау мақсаты мен оқу жылының басында әр класта негізгі білім мен іскерлікті қайталауға баса назар аударылады.

Кешкі мектептегі сабақтардағы негізгі салмақ жаңа білім беруге және оған байланысты іскерлік пен дағдыларды қалыптастыруға түседі. Алайда оқу материалын баяндау политехникалық бағытта болуға тиіс. Осыған орай, оқушылардың политехникалық даярлығын күшейтетін, олардың мамандықтарына жақын, практикалық мазмұндағы есептер шығарту, еңбек жағдайларына сай тапсырма беру, сол арқылы логикалық ойлауын дамыту, өздігінен білім көтеру тәсілдерімен қаруландыру, ауызша және жазбаша математикалық сөйлеу мәдениетін жетілдіру- мұғалімнің басты міндеті.

Ересек оқушылардың білім деңгейін көтеру және оқып-үйрену іскерліктерін дамыту жолдарының бірі - олардың өздігінен жұмыс істеуін ұйымдастыру. Сабақ үстінде, әсіресе консультация кезінде, өздігінен істейтін жұмысты дұрыс басқару үшін арнайы дайындалған әр алуан вариантты тапсырма-карточкалар, теориялық материалды қысқаша баяндайтын анықтама - карточкалар, тарауды қалай оқып үйрену керектігін көрсететін нұсқаулар, тапсырмаларды орындау үлгілері, алгоритмдік және эвристикалық схемалар және т.б. дидактикалық материалдардың маңызы зор.

Сырттай оқитындардың өздігінен істейтін жұмыстарын ұйымдастыру үшін нұсқау материалы жасалады. Олар мыналарды қамтиды:



  1. сынақтық тақырыптары, оларды даярлау және тапсыру мерзімдері;

  2. сынақ тапсыратын тарау бойынша білімге, іскерлікке және дағдыға қойылатын талаптар;

  3. қандай тарауларды, пункттерді және параграфтарды оқу, қандай жазбаша немесе практикалық жұмысты орындау, қандай қосымша әдебиетті оқу қажеттігін көрсететін оқу материалы;

  4. жазбаша жұмыстарды, жеке тапсырмаларды орындау үлгілері;

  5. материалды оқып үйрену бойынша ұсыныстар;

6) өзін-өзі тексеруге арналған сұрақтар, оқушылардың ойлау қызметін жандандыруға бағытталған немесе творчествалық сипаттағы тапсырмалар.

Сынақ кезінде мұғалім маңызды ұғымдар мен теорияларды оқушылардың қалай игергендігін, алған білімдерін іс жүзінде қалай қолданатынын тексереді. Алайда сынақ сабақ үстінде берілетін сұрақтарды алмастыра алмайды және ол жаңа материалды оқып үйренуге қажетті білімді еске түсіру үшін қолданылады.

Кешкі мектеп оқушыларының білімдерін жүйелеу мен кеңейтуде, кезекті сынаққа даярлығын қамтамасыз етуде қорытынды қайталаудың маңызы зор. Осы мақсатта арнайы дидактикалық материалдар, карточкалар, функциялардың қасиеттері мен графиктерін көрсететін және математикалық амалдардың заңдары мен қасиеттерін өрнектейтін т.б. таблицалар қолданылады. Бұл материалдар топтық және жеке консультациялар жүргізуге, коллективтік, топтық және жеке оқу жұмыстарын ұйымдастыруға мүмкіндік береді.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   32   33   34   35   36   37   38   39   ...   45




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет