Материалдары



Pdf көрінісі
бет17/62
Дата07.02.2022
өлшемі1,71 Mb.
#96169
1   ...   13   14   15   16   17   18   19   20   ...   62
Байланысты:
abai2020

ӘОЖ 81'373:811.512.122 
 
АБАЙ ШЫҒАРМАЛАРЫНДАҒЫ «КҮЛКІ» КОНЦЕПТІСІНІҢ 
ЛИНГВОКОГНИТИВТІК МОДЕЛІ 
 
Ескалиева А.С. 
Ш.Есенов атындағы КМТжИУ, КЯЛ-17 тобының студенті. 
Ғылыми жетекші: Дуйсенова К.Е. 
Аңдатпа.
Күлкі адам қарым-қатынасында және оны әлеуметтендірудің маңызды 
факторы болып табылады. Ол адамның болмысын танытатын күрделі құбылыс 
саналады. Мақалада «күлкі» сөзінің мән-мағынасына қатысты мәселелер сөз болады. 
Күлкінің адам өмірінде алатын орны мен қарым-қатынасты жүзеге асырудағы қызметі, 
«күлкі» сөзінің этимологиясы, қазақ тіліндегі күлудің түрлері мен белгілері 
қарастырылады. Күлуге қатысты жасалған сөздер, мақал-мәтелдер және қалыптасқан 
тұрақты тіркестер келтіріледі. Қазақ және шетел ғалымдарының күлкіге қатысты 
ойлары мен тұжырымдары беріліп, «күлкі» атауына қатысты сөздер лингвистикалық 
тұрғыдан зерттелінеді.
Түйінді сөздер:
күлкі, күлу, спецификалық дыбыстар, тұрақты тіркестер, 
эмоциялық сезім, этимология, биохимиялық және физиологиялық өзгерістер, бояма 
күлкі. 
Күлкі – адамдардың әлеуметтік өміріндегі ең маңызды элемент. Күлу – адамның 
белгілі бір әзілден пайда болған не болмаса қытықтаудан келген жағдайлардан 
туындайтын реакциясы. Ол спецификалық дыбыстар мен бет әлпеттің қозғалысы және 


61 
тыныс алу аппараттары арқылы көрініс береді. Күлу әрекеті тілімізде тек жақсы, 
жағымды жағдайлар әсерінен ғана емес, сонымен қатар жағымсыз жағдайлардан да 
орын ала береді. Бұл жүйке жүйесі сыр берген және психикалық ауытқулар пайда 
болған адамдардың күлкісі болуы мүмкін немесе өмірде жолы болмаған, қиындыққа 
тап болған адамдардың күлкісі деген сияқты. 
Кемеңгер Абай заман тынысын шығарма идеясы мен ондағы сөздер тылсымы 
арқылы танытуды көздей отырып, түрлі тәсілдер көмегіне сүйенеді. Ол үшін бірде 
өзгеше сөз формалары қажет болса, бірде семантикасы тың сөз көмегі керек болды. 
Кейде халыққа әбден түсінікті сөздерге ерекше экспрессия немесе үстеме мән қосылып 
барып жұмсады. Соның бір дәлеліне осы күлкі сөзінің қолданысы арқылы көз жеткізе 
аламыз. 
«Күлкі» концептісінің когнитивтік моделі төмендегідей: 
1. ...Күлкі 
– 
«адалдық» семантикасының контекстік синонимі ретінде 
қолданылады. Автор дос көңілін қалтқысыз түсінетін ниеті түзу, көңілі адал, достың 
шынайы әрекетін «шын күлерлік» деп бағалайды. «Күлу» етістігінің ішкі формасының 
мағыналық жылжуы нәтижесінде семалық өрісі кеңейген. 
«Шын күлу» тіркесінің семасы 
– 
«боямасыз ақ көңілмен», жасанды қылық 
көрсетпей, адал қарым-қатынас жасауды білдіреді. Мәнмәтін қоршауындағы «арзан», 
«жалған» деген актуализатор сөздер бұл идеяны белсенді етіп тұр.
Арзан, жалған күлмейтін, шын күлерлік, 
Ер табылса, жарайды қылса сұхбат [1,96].
Абай қолданысындағы осы уәждеме «Қартайдық, қайғы ойладық, ұйқы сергек» 
өлеңнің өзегіне айналған: 
Алашқа іші жау болып, сырты күлмек, 
Жақынын тіріде аңдып, өлсе өкірмек [1,123], – 
дегенде өтірік, жасанды қылық танытқан, аярлық әшкереленеді. 
2. Күлкі – көңіл-күй, ішкі сезім семантикасының баламасы болып, 
метафоралық, метонимиялық қатар түзеді. Оны мына мәтін үзігінен айқын аңғаруға 
болады:
Жігіттер, ойын арзан, күлкі қымбат 
Екі түрлі нәрсе ғой сыр мен сымбат [1,87].
Осы мәтіндегі ойын лексемасы бос жүріс, мағынасыз тірлік мәнін білдірсе, күлкі 
адамның, көңіл-күйін, оның болмысын көрсететін ішкі әлемі мәнінде түр, сонда күлкі – 
мағыналы өмір мәнін білдіреді. 
3. Күлкі – сезім ширығуының мәні, ашу – ызаның көрінісі. Ол қырық екінші 
қарасөзімен былайша сабақтасады: ...әрбір жаман кісінің қылығына күлсең, оған 
рахаттанып күлме, ыза болғаныңнан күл, ызалы күлкі өзі де қайғы. Ондай күлкіге үнемі 
өзің де салынбассың... [2,125]. 
4. Күлкі – жақсылыққа қолдау көрсету. Оған дәлелді тағы да қырық екінші 
Сөзден табамыз: «...әрбір жақсы адамның жақсылық тапқанына рахаттанып күлсең, 
оның жақсылықты жақсылығынан тапқандығын ғибрат көріп күл» [2,125]. 
5. Күлкі – жасандылықтың бейнесін білдіреді. Қырық екінші сөзі: бір күлкі бар-
ау – құдай жаратқан орныменен іштен, көкіректен келмейді, қолдан жасап, сырты 
менен бет аузын түзеп, бай-бай күлкінің әнін сәндеп, әдемішілік үшін күлетін бояма 
күлкі [2,126]. 
6. Елі жөнді болыстар мақтанып жүр тарқылдап, 
Күлкісі жақсы қарқылдап,
Үні бөлек сартылдап [1,108]
Осындағы, «Болыс болдым, мінекей» өлеңінің мәтін үзіміндегі, күлкі - оңалған 
шаруаның, көңіл-күйдің дүрыстығының символы. Өлең малын шашып болыс 
болғандардың әлеуметтік-психологиялық образын өздеріне сомдатумен де өзгеше. Елін 
мығымдап ұстаған болыстың ояз алдындағы көңілі орныққан бір кезеңін көрсетіп, 


62 
күлкісі яғни «шаруасы» дұрыс, «жүрегі суылдамаған», сәл саябыр тапқан сәтін 
сипаттайды. Сондықтан да, «Оязға кірсе, өзгеден Мерейі үстем жарқылдап» тұруының 
мәнісі бар екен. Нақты айтқанда, «Біреуге таяғы тиіп бартылдап», «біреуін боқтап 
барқылдап», «біреуі беттесе алмай шаңқылдап», әйтеуір, болыс өзінің «күлкісін» – 
шаруасын «жайлап алған». 
7. «Әуелде бір суық мұз – ақыл зеректе» Абай адамгершілік жайлы 
философиялық ой толғайды. Бұл өлеңде күлкі – сезімге бой алдырмаған сабырлы 
адамның бейнесі рөлінде тұр. Мәнмәтіндегі концептуалды бейне – кемел адам келбеті 
«Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұстаудан» сомдалған. Ал ақылдың басшылығымен 
ашуына, күлкісіне, яғни өзіне ие бола алу – кемелдіктің бір белгісі. Өлең мәтінін 
тұтастай қабылдағанда бұл ой-толғауды түсіне аламыз: Ақыл, қайрат, жүректі бірдей 
ұста, / Сонда толық боласың елден бөлек... / Ақыл да, ашу да жоқ, күлкі де жоқ, / Тулап, 
қайнап бір жүрек қылады әлек [1,128]. Осының бәрін (оның ішінде күлкіні де) жеңген, 
Жүрек, яғни Адам күлкіге бой алдырмайды. 
8. Абайдың «Көңілім қайтты достан да, дұшпаннан да» шығармасында күлкі 
тыныштық ұғымымен ассоциақияланған. Өлең мәтініндегі ... Сабылтып, күнде 
ұрлатып, із жоғалтып, / Ызамен ыржиып күле алмай жүр, [1,133] – деген жолдардан 
тыныштығы, яғни берекесі кеткен елден күлкі, көңіл-күйдің қашқанын аңғару қиын 
емес, сондықтан да Осы күнде, осы елде дәнеме жоқ, / Мейір қанып, мәз болып, 
қуанарлық [1,133].
Бұл шығармадағы «Күлкі» концептісінің ішкі формасының мәні күлкі кеткен 
жерде тыныштық пен береке де тұрмайтындығын, күлкі қуаныш бар жерде ғана 
болатындығын имплицитті жеткізуге уәж болып тұр, олай болса, күлкі – тыныштық 
символы. Күлкі-тыныштық образы «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым» 
шығармасының өзегіне айналған Өзімдікі дей алмай өз малыңды / Күндіз күлкің 
бұзылды, түнде ұйқың [1,89], өйткені Бас-басына би болған өңкей қиқым / Бұзған жоқ 
па, елдің сықын. / "Бірлік жоқ, береке жоқ, шын пейіл жоқ / Сапырылды байлығың, 
баққан жылқың[1,89]. Олай болса, күлкі – тыныштықтың бұзылуының себебі де – осы, 
яғни береке жоқ, байлықтың бағы тайған. 
9. «Күлкі бағудың» біреудің көңіл-күйін байқау, әліптің артын бағу деген 
семалық мәнін де Абайдың тілдік тұлғасы белсенді пайдаланған. 
Күлкінің, яғни мінездің ситуацияға қарай құбылып отыруы Абайдың бірқатар 
шығармасына арқау болған. Мысалы, «Сабырсыз, арсыз, еріншек» өлеңінде:
Кісіні көрсе қылжаңдап, 
Қалжыңшылсып ыржаңдап.
Өз үйінде қипаңдап, 
Кісі үйінде күй таңдап, – 
дегенде [1,81], жүз құбылған, кеселді пысықтардың мінезін, өңкей жалған
мақтанмен шынның бетін бояғандарды сипаттайды. Олар күлкіні қай кезде 
жұмсауды, қалай (қылжаңдап, ыржаңдап) жұмсауды біле қояды. Өте сергек. Абайдың 
«Болыс болдым, мінеки» шығармасында:
Сыяз бар десе, жүрегім,
Орныңпайды суылдап,
Сыртқыларға сыр бермей, 
Құр күлемін жымыңдап;
"Мәз болады болысың" туындысында: 
Күлмең кағып қасқайып, 
Салынып ап мақтанға. 
Тақ қаламын, қампайып 
Жоқты-барды шатқанға, [1,97], – 


63 
деп болыс біткен өзінің аярлығын, күлкісін (мінезін) бас пайдасына 
жұмсайтындығы әшкереленеді. Бұл әрекеттердің бәрін «күлкі баққан» деуден артық 
бағалай алмасымыз аян. 
10. Күлкі – парықсыздық, босқа далақтау мағынасында да қолданылады. Бұл 
образ – Абайдың бірнеше шығармасына ортақ бейне. Мысалы, «Қыран бүркіт не 
алмайды, салса баптап» өлеңінде «басқа сая, жанға олжа дәнеме жоқ, Қайран елінің 
далақтап, босқа шапқанына» ызалана отырып:
Күні бойы шабады бос салақтап, 
Тиіп-шығып, ыза қып, ұстатпаса, 
Қуанар иелері сонда ыржақтап [1,103], –
деп бос күлкіні күйттеген есерліктің синонимі етіп алады. 
Күлкі – парықсыздық образы Абайдың бірқатар шығармасының негізі 
кейіпкеріне айналған. Мысалы, «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым» шығармасында: 
Өзгеге бодан болып, өз ырқынан айырылған елінің бір қайғысы – мағынасыз күлкіге 
малдану мен байлаусыз бәтуасыздықтан деп ашынады. Жауапсыз сұрақ қояды: 
Тиянақсыз, байлаусыз байғұс қалпың, 
Не түсер құр күлкіден жыртың-жыртың? [1,51]
Абайдың «Өкінішті көп өмір кеткен өтіп» шығармасы – әлеуметтік-
психологиялық лирика жанрындағы мағынасы терең туынды. Ол арзан күлкімен, яғни 
«ыржаң-қылжаң ит мінезбен» өмірін өткізген үлгісіз жұртына сын айтады. 
Үлгісіз жұртты үйретіп, қалдық кейін, 
Көп надандар өзіне тартар бейім. 
Арылмас әдет болды күлкішілдік, 
Ыржаң-қылжаң ит мінез дегендейін [1,104].
Мәнмәтіндегі ой – парықсыз бос күлкінің босқа уақыт шығындаудан басқа еш 
пайдасы жоқ екендігін еске салу. Күлкіге мас болу – пайдалы әрекеттен қалу, шаруа-
тұрмыс жайын ойламау; ақыл мен ұяттан бірте-бірте ажырау сол «ғафилдіктен» 
басталады деген прагматикалық ой түйгізеді. Сондықтан күлкінің шекарасын, орнын 
анықтай білу, яғни оның парқын білу керек деген интенция осы төртінші сөзде әрі 
қарай дамытылады: Орынсыз күлкімен азайтпа қайғыны, орынды харекетпен азайт 
[2,38]. 
Абайдың өлеңі мен қарасөздерінің мазмұн-мақсаты бір, яғни сөздің тәрбиелік 
қуатын жете пайдалану дедік. Қырық екінші қарасөзінде «Күлкі» концептісінің мән-
мазмұнын қорытындылайтын мынадай ой бар: Ішпек, жемек, кимек, күлмек, көңіл 
көтермек, құшпақ, сүймек, мал жимақ, мансап іздемек, айлалы болмақ, алданбастық – 
бұл нәрселердің де өлшеуі бар. Өлшеуінен асырса боғы шығады[2,145]. Ал келесі бір 
шығармасында регулятив мәнде, афоризмдік сипаттағы мынадай түйін түйеді: 
«Қуанбаңдар, жастыққа, елірме күлкі мастыққа».
Сөйтіп, «Күлкі» концептісінің өрісі былайша жіктеледі: 1) адалдық, 2) мағыналы 
өмір, 3) оңалған шаруа, 4) сабырлылық – сезім тұрақтылығы, 5) тыныштық, 6) 
парықсыздық, 7) біреудің көңіл-күйін байқау, 8) ашу-ыза, қайғы, 9) жасандылық, 10) 
жақсылыққа қолдау көрсету. 
Қорыта келгенде, ақын-жазушы өмір сүрген дәуір мен шығарма мазмұны 
түгелдей әрбір сөзге ерекше мазмұн-мақсат беруді талап етеді. Кейде күліп тұрып 
жылайсың немесе керісінше, жылап тұрып күлуге де болады. Орыс тілінде мұны «Смех 
сквозь слезы» дейді. Тілімізде күлуге қатысты мынандай мақалмәтелдер мен қанатты 
сөздер бар: «Күлкі болу – өліммен тең», «Күлсең, кәріге күл», «Қыздың күлгені – 
өлгені, жымиғаны – күлгені», «Күлме досқа, келер басқа», «Дұшпанның табасынан, 
достың күлкісінен сақта», «Күлдіре білу – өнер, күле білу – өмір, күлкі болу – өлім», 
«Ойын – арзан, күлкі – қымбат», «Жастықта бір күлгенің – бір қаралық» т.б. 
Қорытындылай келгенде, күлкінің адам өмірінде алатын орны ерекше. Біріншіден, 
адамға жақсы көңіл-күй сыйлайды. Элла Уилер Уилкокс: «Күл! Күлсең, әлем сенімен 


64 
бірге күлетін болады. Ал жыласаң, сенімен бірге ешкім де жыламайды» – дейді. 
Екіншіден, қарым-қатынасты оңай жүзеге асыруға септігін тигізеді. Үшіншіден, 
адамдардың мінез-құлқын, мәдениетін аңғартады. 
ӘДЕБИЕТТЕР:
1. Абай Құнанбаев шығармаларының екі томдық толық жинағы. І том. -Алматы: 
Ғылым, 1995. -280 б. 
2. Абай Құнанбаев шығармаларының екі томдық толық жинағы. ІІ том. -Алматы: 
Ғылым, 1995. -126 б. 


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   13   14   15   16   17   18   19   20   ...   62




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет