ӘОЖ 821.512
АБАЙ МҰРАСЫНЫҢ ТӘРБИЕЛІК МӘНІ, ТАҒЫЛЫМДЫҚ
БАҒЫТ-БАҒДАРЫ
Айтқалиқызы Аружан
Ш.Есенов атындағы КМТИУ, ПМНО-18-1 тобының 2 курс студенті
Ғылыми жетекшісі: Махметова С.Д.
Абайға деген бетбұрыс жаңа жаңғырып келе жатқан кезең халқымыз тәуелсіздік
алған заманға тұспа-тұс келіп отыр. Дүние жүзі халықтары Абайды тану арқылы оны
туып, өсірген халқын, елін тани бастады. Абай ұлы ғұлама ақын, моралист – ойшыл,
қазақ елінің, бүкіл түркі тектес халықтарының ортасынан шыққан әлемдік тұлға.
Абайдың өмірі, істеген ісі, жазған өлеңдері мен сөздері өз халқының тағдырымен тығыз
байланысып, оның болмыс-бітімінің айнасындай болып жатыр. Абай шығармасының
сая бағында өсу, тәрбие алу – қазақ халқының бүгінгі ұрпақтарының алдағы тұрған
міндеттерінің бірі.
Абайдың 80 жылдарға жақындаған кезіндегі өмірінің сыртқы пішіні қазақ
халқының өміріне тән қоғамдық жайлармен іспеттес екенін көреміз. Абайдың қолына
қалам алып, надандықпен алысуға бет байлап, ақиқат пен жалған пәлсапалық
категориялар заңдылықтарына сүйене отырып жазған өлеңдері мен қара сөздеріндегі
педагогика, мораль, эстетика, психология, философия, этика, сатира, әдебиет, өнер,
ғылым саласында айтылған терең ойларына қайран қаласың, таңырқайсың.
Абай қазақ халқының мінез-құлқындағы келеңсіз, нашар қылықтардың қайдан
және қалай туындайтынын саралап, ақиқат пен жалған философиялық категориялар
арқылы талдап беріп отырады. «Қазақтың бірінің біріне қаскүнем болмағанын, бірінің
тілеуін бірі тілеспейтұғынын, рас сөзі аз болатұғының, қызметке таласқыш
болатұғының, өздерінің жалқау болатұғының себебі не?» – деген сұрақ қойып алып,
ары қарай талдау жасап, ол талдауларды бір топ философиялық категориялар арқылы
таразылайды. Мәселен, Абай бұл тұрғыда тек қана өз халқының туындыларына ғана
зер салмай «һәмма ғылымға белгілі данышпандар әлдеқашан байқаған» – деп өзінің ой-
өрісінің кеңдігін, дүние жүзіне белгілі данышпан адамдар, ғалымдар, ойшыл-
философтардың еңбектерімен таныс екенін білдіре келе: «Әрбір жалқау кісі қорқақ,
қайратсыз тартады; әрбір қайратсыз-қорқақ, мақтаншақ келеді; әрбір мақтаншақ –
қорқақ, ақылсыз, надан келеді; әрбір ақылсыз – надан, арсыз келеді; әрбір арсыз
жалқаудан сұрамасақ, өзі тыйымсыз, өнерсіз, ешкімге достығы жоқ жандар шығады», –
дейді.
98
Абайдың осы сөзінде пайдаланылған философиялық категорияларға зер салсақ:
қорқақ-ақылсыз, қорқақ-мақтаншақ, қорқақ-қайратсыз, ал қорқақ категориясы
жалқаулықтан туындайтынын ашық айтып отыр. Абай айтқан қулық сауу, көз сүзу,
тілену, адам сауу (адам қанау) – өнерсіз иттің ісі. Ал мұндай теріс мінезден арылу үшін
Абай қандай кеңес береді – еңбегіңді сау дейді. Ал еңбекті сауу үшін бос күлкіден,
жарамсыз қылықтан, мақтаншықтан арылғанда ғана өнерсіз иттіктен кетесің дейді.
Абай өнерге үйрену мәселесі адамның өміріндегі ең бағалы да қажетті іс екеніне
көзімізді жеткізді. Бүгінгі өмірдің тауқыметі базар, нарық экономикасының
ауыртпалығына тіреліп отырған халқымыздың мән-жайы, одан туындап отырған
кеселдер сол Абай заманында да, бүгін де белең алып отыр. Ол Абай айтқан «Қулық
саумақ көз сүзіп, тіленіп, адам саумақ – өнерсіз иттің ісі», – дегендей қулық, көз сүзу,
тілену, адам адамның еңбек ақысын жеу арқылы өзінің мал мүлкін молайту,
жастарымыздың, қала берді үлкендеріміздің де ісі, бүгінгі таңның ең бір жағымсыз
қылықтарының бірі екеніне бәріміз де куәгерміз. Абай бұл ойларының түйінін бесінші
сөзінде де, қазақ даласында көп таралған мақал-мәтелдердің мазмұны арқылы да
дәлелдеген: қазақ тыныштық үшін, ғылым үшін, білім үшін, әділет үшін қам жемейді
екен. Ол тек қана мал үшін қам жейді екен. Ал мал табу жолын біле ме? Оны да
білмейді. Оның бар білетіні – малдыларды алдап, арбап, мақтап, мал жинау, егер бұл
іске аспаса, алдап немесе мақтап ала алмаса, онда әкесімен болса да жауласудан
тайынбайды екен. Әйтеуір ұрлық, қулық-сұмдық, тіленшік, соған ұқсаған қылықтардың
қайсысын болса да қылып, мал тапса жазалы демесек керек екен. Осындай Абай айтқан
әдіспен мал тауып, халықты алдап, арбап, қулықпен, сұмдықпен, ұрлықпен, зорлық-
зомбылықпен көгеріп, көркейіп отырмын деп санайтын адамдар бүгінгі таңда
баршылық екеніне бәріміз тағы да куәгерміз.
Абай мұрасының тәрбиелік мәні, тағылымдық бағыт бағдары турасында сөз
қозғағанда, алдымен ойға оралатын Абайдың өз басының адамгершілігі. Ақыл мен
қайратты, білім мен адамгершілікті тең ұстаған ақын шығармаларына деген
ілтипатымыз, құштарлығымыз бүгінгі күн санап артқандай болса, ал мынау нарықтық
экономика қыспағында қысылып жүрген жағдайда ақын шығармаларына, оның терең
мағыналы, күні бүгінге дейін мәнін жоймаған ой-тұжырымдамаларына деген қажеттілік
одан да артық. Оның кіршіксіз, таза, ақ жүрегінен тебірене туындаған жырларынан
адам жанына әл қуат беретін, жанға жайлы, ыстық леп ескендей. Бар асылын, ойын
замана жастарына, келер ұрпаққа да арнады. Оның шығармашылық қызметінің негізгі
мұраты – адам тәрбиесі. Ұстаз сөзінің биік мағынасы Абайдай ағартушыға өте орынды
айтылған. Абай халықтың үлкені мен кішісіне, ұлы мен қызына, әкесі мен баласына
өмірлік қажет пен еңбек пен адамгершілік, өнер мен білім, өнеге мен тәлім, достық-
жолдастық, парыз бен қарыз сияқты қасиеттердің асыл үлгілерін жырымен де,
ғақлияларымен де жеткізе білді.
Абай қазақ халқының дамуы үшін, оның басқа елдер қатарына жетуі үшін бұл
әдеттердің бәрі де кедергі болатын қылықтар деп ұғып, бұларға барынша қарсы шықты.
Ақын сол кездегі ауылдың басты әдеттерінің бірі – өсек, өтірік, мақтаншақ, бекер мал
шашпақ тәрізді елді аздыратын мінез-құлықты әшкерелеп, жұршылықты олардан
сақтандырмақ болды. Қазақ қауымының болашағы жастардың бойына адамгершіліктің
асыл қасиеттерін қалыптастыру туралы даналық ой қозғайды. Адам болам десең,
байлықпен озбай ақыл, әділеттілік, ғылым, ар, жақсы мінезбен оз дейді. Қазақ
қоғамында жан-жақты жетілген адамды арман ете отырып, оның мінезді болуына,
мінездің әлеуметтік өмірдегі қызметіне айрықша мән береді.
Адамды көздеген мақсатына, асыл арманына жеткізетін, ғылым-білімді
меңгеруге мүмкіндік тудыратын жан қуаттарының бірі – ерік-жігер, қажыр-қайрат.
Ерік-жігер адамның өз мінез-құлқын меңгере алу қабілеті, оны әр түрлі кесапаттардан,
пайдасыз құмарлықтардан қорғайды. Абайдың айтуынша «жан қуаты деген қуат пен
бек көп нәрсе… бұл қуаттың ішінде артық қуат бар… ол жоғалса, адам баласы хайуан
99
болды, адамшылықтан шықты». Ақын: «… ақылды сақтайтұғын мінез деген сауыты
болады. Сол мінез бұзылмасын!» – деп, адамның өзі таңдап түскен жолынан таймауына
ерік-жігері мен қажыр-қайратының ғана көмектесетінін еске салады. Адамның бірқатар
жағымды да, жағымсыз қасиеттерін көрсете келіп, олардың табиғатын түсіндіруге
тырысады.
Ақын адамгершілік, мораль мәселесін сөз еткенде жақсылыққа: адамшылық,
адалдық, әділеттілік, берекелік, достық, білімділік, еңбеккерлік, терең ойлылық, ерлік,
жомарттық, қайраттылық,, кісілік, қанағатшылдық, рахымдылық, махаббат, арлылық,
намысқойлық, сабырлық, сертке беріктік, табандылық, татулық, тәуекелшілдік,
шүкіршілік т.б. қасиеттерді, жамандыққа: арамдық, азғындық, айлакерлік, парақорлық,
арызқойлық, тәкаппарлық, сараңдық, алдампаздық, сайқалдық, даңққұмарлық,
әділетсіздік, әдепсіздік, пәлеқорлық, паңдық, әсемпаздық, бақастық, борышқорлық,
өсекшілдік, надандық, менмендік, әсемпаздық, еріншектік, әулекілік, есерлік,
жалақорлық, мақтаншақтық, жарамсақтық, залымдық, жылпостық, қияңқылық т.б.
жиіркенішті мінез-құлықтарды жатқызады. Абайдың негізгі этика, адамгершілік,
түсініктері әділдік пен әділетсіздіктің ұғымдық мәнін, арақатынастарын түсінуге
арналған.
Абайдың адамгершілік туралы, Адам деген атқа лайық сілтеген бағыттары,
көрсеткен жолдары ақынды бізге жақындата түседі. Абай өткеннің ғана Абайы емес,
біздің қасымызда жүрген, қазақ халқының басына қиыншылық түскенде дем беруші,
рух беруші пайхамбарымыз, рухани көсеміміз. Абай заттың адамы емес, рухтың адамы.
Абайдың адамгершілік туралы этикалық ойлары, пікірлері өз халқының ұрпақтарына
әрқашан қуат бере бермек. Поэзияда, музыкада, қоғамдық-азаттық ой-пікір саласында
өлмес-өшпес шығармалар берген Абай қазақ халқының өткен замандағы өмірін
зерттеуші біздің ұрпаққа таңғажайып тұлға болып көрінеді.
ӘДЕБИЕТТЕР:
1. Абай. Энциклопедия. – Алматы: Атамұра, 1995.
2. Абай Шығармаларының екі томдық толық жинағы. Өлеңдер мен аудармалар,
поэмалар, қара сөздер. – Алматы: Жазушы, 2002.
3. Әуезов М. Жиырма томдық шығармалар жинағы. Т.15. Мақалалар, зерттеулер.
– Алматы: Жазушы, 2014.
4. Тәжібаев Т. Абайдың философиялық, психологиялық, педагогикалық
көзқарастары. – Алматы, 2005.
Достарыңызбен бөлісу: |