V-ТАРАУ.
§1. Жауап алу, оның түсінігі мен міндеттері.
Жауап алу дегеніміз заңда көрсетілген тергеу және сот әрекеті. Ол арқылы жасалған кылмыстың мән-жайлары жөнінде керекті деректі мәліметтер алынып, олар қылмысты ашуға пайдаланылады. Іс жүргізу жағдайына байланысты жауап беретін адамнан жауап алудың бірнеше түрі бар. Атап айтқанда: жәбірленушіден, сезікті адамнан, куәден, айыпкерден жауап алу деп, бұл тергеу әрекеті төрт түрге бөлінеді. Кімнен жауап алынса да ол қылмыстық іс жүргізу заңында көрсетілген тәртіп бойынша жүргізілуі тиісті, Бірақ, іс бойынша неғұрлым көп, маңызды мәліметтер жинап, осы тергеу әрекетінің сапасын арттыру үшін жауап алғанда, бұған тиімді, ыңғайлы тактикалык әдістер қолданылады. Бірақ ол қаншалықты тиімді болғанымен ол заңда көрсетілген тәртіпке қайшы келмеуі керек.
Жауап алғанда кылмысты оқиғаға қатысты мынандай мәліметтер: қылмыстың болған уақыты, оның орны, амал-әдісі, кылмысты кімдердің жасағаны, оған қанша адамның қатысқаны, істеген қылмыстың зардабы, залалы, сипаты мен мөлшері және қылмысты оқиғаның басқа да мән-жайлары анықталады. Бұлар – заңда көрсетілген, міндетті түрде дәлелдеуге тиісті жағдайлар, кылмысты оқиғаға тікелей қатысы бар деректі мәліметтер. Сондай-ақ, жауап алу арқылы тікелей қылмысты оқиғаға қатысы жоқ, бірақ қылмысты ашуға керекті аралық мәліметтер де алынады. Айталық, қылмыскердің қайда жүргенін, оның мекен-жайын білу үшін қылмыскердің ең жақын адамдарынан да жауап алуға тура келеді. Жауап алудың мұндай аралық түрінің, қылмысты оқиғаға тікелей қатысы болмаса да, істі тез ашуда, қылмыскерді тауып ұстауда, істің кейбір мән-жайын анықтауда үлкен маңызы бар.
Жәбірленушінің, куәнің жауаптары істегі басқа деректерді нақтылап, тергеушінің, соттың оқиғаның мән-жайына толық қанығып, тиісті шешім қабылдауына зор септігін тигізеді. Дегенмен, болған қылмыстың мән-жайын қылмыскердің өзінен артық ешкім білмейді. Сондықтан қылмысты мойындап, өз қателігін дұрыс түсінген қылмыскерден аса маңызды мәліметтер алуға болады. Бірақ оны асыра бағалап, оған ерекше сенімділікпен қарауға болмайды. Өйткені, істегі деректердің дәлелдемелік күштері бірдей, бірінен-бірінің артықшылығы жоқ. Сондықтан қылмыскердің қылмысын мойындап, берген жауабына да сын көзбен қарау керек. Тіпті, кей жағдайларда қылмыскердің жасаған ауыр қылмысын жасыру үшін, бір ұсақ қылмыстарын мойнына алып, тергеушіні осыған сендіріп, өзінің жасаған ауыр қылмыстарынан құтылып кетуге тырысуы мүмкін. Айып істегі барлық деректердің тұжырымды қорытындысына ғана негізделуі тиіс.
Достарыңызбен бөлісу: |