Оқиға болған жердемәйітті қарау кезінде берілген категориядағы істер бойынша ең алдымен келесідей жағдайлар бекітіледі:
мәйіт өрт болған жердің қай жерінен табылды (демек, мәйіт табылған жер);
мәйіттің жалпы жағдайы, яғни мәйіттің дене тұрысы және кейіпінің белгілері. Мәйіттің дене мүшелерінің күйі және олардың орналасу қалпы, жалпы айтқанда мәйіттің тұрқы анықталып, белгіленеді;
мәйіттің үстіндегі киімі, оның қандай күйде екендігі;
мәйіттің денесіндегі жарақаттар, өлшемі және орналасқан орны;
жоғары температураның ықпал етуі нәтижесінде денесінің жекеленген бөліктерінің жарақаттану дәрежесі;
өртке тән емес (жат) жарақаттардың болуы.
Мәйіттің қатты күйіп кетуі салдарынан оның сүйектерінің сынуы, денесінің жекеленген бөлшектерінің болмауы мүмкін.
Мәйіттің (орналасу) жату жағдайына қарап, біз ол жайлы болжаулар жасай аламыз. Мысалы, егер мәйіт етбетінен беті жерге қарай қарап және қолымен көзін жауып жатса, онда ол тірі кезінде өртте қалып жалын ықпалына ұшыраған, өрттен қорғану үшін екі қолымен көзін жапқан. Өрт болған кезде жалынның әсеріне тірі адам ұшырады деген болжауға негіз болады.
Тығылуға болатын қуыс жерлерден (пеш, төсек, дивандардың асты т.б.) табылған балалардың, үлкен кісілердің мәйіттері өрт болған кезде олардың тірі болғандығын жанама түрде негіздеп көрсетеді.
Ыстық ауаны жұту кезінде кеңірдек пен ауыз қуысының күйіп қалуы мүмкін. Ауыр жарақаттанған адам жанып жатқан объектілерден шыға алмай өрттің астында қалып қайтыс болуы мүмкін. Жалынның тірі адамға әсер етуінен пайда болған күйіктер тек теріден ғана емес, мұрын ішінен, ауыз қуысынан да байқалады. Мұндай белгілердің болмауы тірі адам емес, мәйіт өртенгендігін көрсетеді.
Мәйіт денесіндегі жарақаттардың адам өлгеннен кейін пайда болғандығын көміртегі қышқылымен уландыру кезінде мәйіттегі дақтардың ашық күлгін-қызыл түсті болуы көрсетеді, ал өлген адам жанған кезде оның терісі қызғылт-қоңыр түске айналады, эпидермис құрғақ және оңай бөлінетін болып қалады. Мәйіттің терісі мен киімдерінде қан іздерінің болуы, мәйіттің мойнындағы ілмек жіптің астында странгуляциялық іздің болуы, жанбаған киімінде керосин немесе бензин іздерінің болуы адамның өлгеннен кейін оның жанғандығын куәландырады.
Термикалық әсермен байланысты емес келтірілген зақымдар (атыс қаруларынан түскен, шауып-кесілген жарақаттар, странгуляциялық іздер) біраз бөліктері жанып кеткен мәйіттерде де жақсы сақталады. Себебі жоғарғы температура өз алдына тканьдік бекіткіш болып табылады. Жалынның әсеріне ұшыраған мәйітті қарау кезінде тек күш келтіру ғана емес, өрт кезінде де болуы мүмкін әртүрлі зақымдарды да табуға болады. Жоғары температураның әсерінен организмде сұйықтық азаяды, омыртқа аралық бөліктер кішірейеді, дене ұзындығы және көлемі бойынша кішірейіп, алдыға қарай бүрісіп қалады.
Өртенген мәйіттің киімдерінің қалдықтары мұқият зерттеледі, мәйіт жатқан жерге сұйықтықтар сіңіп қалуы немесе қалмауы мүмкін.
Мәйітті қарау кезінде тері қыртыстарының беткі және түпкі жағында күю іздері мен ыс, күйелердің болуына, нақтылап айтқанда көздің сыртқы бұрыштарына, шекесіне аса назар аудару қажет. Мұндай іздер тері қыртысының тек беткі жағынан табылған жағдайларда жалынның әсерінен ол көзін сығырайтып тырыстырғандығын куәландырады, демек өрт болған сәтте жәбірленушінің тірі болғандығын көрсетеді.
Адамның тістері жалынның әсеріне барынша төзімді екенін ескерген жөн, сондықтан оларды зерттеу кезінде мыналарға ерекше көңіл бөлінуі тиіс: олардың тістерінің санына, формасына, түсіне, көзге көрінетін жарақаттары мен өзгерістеріне, сонымен қатар пломбылары мен протездері сипатталады. Бұл мәліметтер адамның басы қатты жанып кеткен жағдайларда оны тану үшін көрсетуге қажет. Өртенген мәйіттің тілі ауыз қуысынан шығып қалуы мүмкін және ол сырттай қарағанда механикалық асфексиядан болған өлімді көрсетеді. Шаштың түсу белгісі және адам денесіне күйік жарақатының таралуы мен жанған учаскелердің жекеленген белгілері кейде жәбірленушінің оқиға болған сәттегі жағдайы туралы мәселені шешуге көмегін тигізеді.
Термикалық әсерлердің іздерін табу үшін ауыз қуысының сөлді қабықшалары, жұтқыншақ, өңеш, кеңірдек пен бронхылар мұқият қаралады. Ыс, күйе іздерінің табылуы, олардың өрт апатына тірі кезінде ұшырағандығын көрсетеді.
Мәйітті сырттай қарау нәтижесінде хаттамаға мыналар бекітілуі тиіс: ол өрт болған учаскенің қай жерінен табылғандығы, табылған сәтте қандай жағдайда жатқандығы; мәйіттегі сыртқы жарақаттар мен оның жеке басы туралы мән-жайлар.
Қарау кезінде табылған қылмыс құралдары, іздер басқа да заттай дәлелдемелер мұқият буып-түйілуі тиіс, сонымен қатар иісі бар жанғыш заттар тығыны бар ыдысқа, болмаса полиэтиленді пакетке немесе кленкіге салынады.
Мүмкіндік болса, жандыру кезінде пайдаланылған жанғыш заттарды анықтау мақсатында өрттің шығу көзінен немесе басқа да жерлерінен ауа алынады. Бензин немесе керосин бар жерлерде ауада олардың булары болады.
Тергеуші нефелометрикалық тәсілді қолдана отырып оқиға болған жерден алынған бу үлгілерінің керосин немесе бензин екенін анықтау мқсатында талдау жасайды.
Нефелометрикалық талдаулар келесідей жолдармен жүзеге асырылады: талдау жасау үшін ауа үлгілері резеңке грушаның көмегімен бөтелкеге ауа толтыру, сонымен қатар толтырылған бөтелкедегі суды төгу арқылы. Бөтелкедегі сұйықтықты төккен кезде бөтелке зерттелетін ауаға толады. Қарау хаттамасына бекіте отырып, өрт болған орындардың әртүрлі жерлерінен бөтелкеге ауа толтырып алу қажет.
Өрт болған жердегі ауаны алдын ала талдау үшін тергеуші сызықты-калориметрлік талдау әдісін қолдана алады, оған сәйкес арнайы индикаторлық түтік арқылы өткізілген керосин мен бензиннің булары бар ауаны жіберген кезде, ондағы реагент түсін тез өзгертеді (қызғылт-сары түс жасыл түске айналады). Оқиға болған жерден алынған ауа үлгілеріне жасалған талдау кейіннен лабораториялық жағдайларда қайтадан талдануы тиіс.