Мазмұны 1 – БӨлім. Криминалистиканың теориялық негіздері


§ 3. Тергеу әрекеттерінің тактикасы



бет223/233
Дата07.02.2022
өлшемі2,49 Mb.
#83762
түріОқулық
1   ...   219   220   221   222   223   224   225   226   ...   233
Байланысты:
окулык АЙШа
1 мамыр 2019
§ 3. Тергеу әрекеттерінің тактикасы
Берілген сипаттағы істер бойынша оқиға болған жерді қарау күрделі әрі кейінге қалдырылмайтын, сондай-ақ тергеудің жағдайларын анықтауға мүмкіндік беретін тергеу әрекеті болып табылады. Бұл тергеу әрекетінің міндеттері: өрт болған жердің жай-күйін бекіту және зерттеу; өрттің жаққан орнын (ошағын) табу; өртеу немесе өрт қауіпсіздігі ережелерін қылмыстық бұзуды, кінәлі тұлғаны көрсететін белгілерді іздеу және бекіту; инсценировкаланған қылмыст екенін көрсететін іздерді табу және болжаулар құру үшін мәліметтерді жинау, алу.
Қылмыс іздерінің өртпен жойылуына қарамастан, өртті мұқият қарау кезінде өрт апатының туындау себептерін түсіндіретін дәлелдемелерді табуға болады. Оқиға болған жерде мына мәселелер анықталады: а) қай жерлер жанды; ә) өрт бір жерден жанды ма, әлде бірнеше жерден шығып жанды ма; б) өрт қалай таралды; өрт қандай тікелей себептерден туындады; өрттің таралуына қандай да бір нәрселер әсер етпеді ме; в) жандыру белгісі болған кезде, оны алдын алу үшін қандай әдістер қолданылды; г) табылған іздер мен басқа да заттай дәлелдемелер кімнің кінәлі екендігін және оның өзіндік қасиеттерін көрсетеді; д) өрттің зардабы қандай; е) өртке қарсы пайдаланатын құралдар қандай жағдайда болады, өрт қауіпсіздік ережелері қалай сақталды.
Оқиға болған жерді нәтижелі қарау мына мән-жайларға тікелей байланысты: оқиға болған жерді қарауға тергеушінің дайындығы, яғни өрт болған жерді күзетуді және оқиға болған жердің жай-күйінің сақталуын тиісінше қамтамасыз ету; қарауға қатысушы тұлғалар шеңберін дұрыс анықтау; оқиға болған жердегі іздер мен заттарды табу, бекіту мен алу үшін криминалистикалық техника мен әдістемені дұрыс таңдау және тиімді қолдану.
Өрт болған объектіні анықтағаннан кейін, тергеуші жедел-тергеу тобының құрамы туралы мәселені шешеді, оған: тергеушінің өзі, қылмыстық іздестіру қызметкерлері, криминалист және өрт жөніндегі маман (өрт-техникалық сарапшы) кіреді. Ол әртүрлі материалдың жану ерекшелігін жақсы білетін өрт қауіпсіздік қызметкері болуы мүмкін. Объекті адам мәйіті болған кезде қарау әрекетіне сот-медицинасы саласындағы маман қатысуы тиіс. Ол өртенген жәбірленушінің өлген уақытын, сыртқы жарақаты мен оның сипатын, шамамен жас мөлшерін анықтайды. Мал шаруашылық фермасында өрт болып малдар өлген жағдайларда маман ретінде мал дәрігері шақырылады. Электр өткізгіштің себебінен өрт болса, онда инженер-электрик немесе химик-маманы шақыртылады.
Жедел-тергеу тобына өрт болған жерге мүмкіндігінше өрт сөніп бітпес бұрын жеткен дұрыс. Тергеуші өрттің қандай қарқынмен жануын және таралуын өз көзімен көріп қабылдаған жөн. Себебі жалынның, түтіннің түсін, иіс сезіміне әсерін тікелей қабылдау арқылы жану қарқындығын, толығымен жанғандығын, жанып жатқан заттардың химиялық құрамын анықтауға мүмкіндіктер болады. Алдымен желдің қарқыны мен бағытын, содан кейін өрттің жайылуына себеп болатын табиғи факторларды анықтау қажет.
Тергеудің бастапқы кезінде тергеуші және жедел тобының қызметкерлері өрттің табылу жағдайларын; өрт сөндіруге байланысты қолданылған шараларды; материалдық жағдайға енгізілген өзгерістерді анықтайды. Алынған мәліметтерді міндетті түрде қарау процесінде пайдалану керек.
Өрт жөніндегі істер бойынша оқиға болған жерді күзету күрделі мәселе, себебі оны сөндіруге көбінде жергілікті тұрғындар қатысады. Бірақ қандай жағдай болмасын, өрт сөндіруге қатыспайтын адамдар онда жүрмеулері тиіс. Өрт болған жер қоршаланып, белгілер қойылуы қажет. Егер қарау барысында қатысушылардан басқа бөтен тұлғалар жүргендігі анықталса, оларды жібермес бұрын, олардың жеке басын, өрт фактісіне қатынасын анықтау қажет. Тергеуші өрт болған жерлер мен оған қосылып жатқан территорияларды дереу көзімен шолып шыққаннан кейін болған оқиғаны анықтайды, егер куәлер болса, олардан қысқаша сұраулар алады, ал жоқ болған жағдайларда жедел-іздестіру тобының қызметкерлеріне оларды анықтау туралы тапсырма береді: өрт болып жатқанын бірінші көрген тұлғаларды, сонымен қатар өрт қауіпсіздігі қызметкерлерін, өрт шыққан жерге алдымен келген және оны сөндіруге қатысқан адамдарды анықтайды.
Тергеушінің міндеттеріне: көзімен көрген куәлардан өрт болған жердің жағдайы туралы толық мағлұмат алу, яғни өрт болғанға дейін осы немесе басқа да табылған заттар қай жерде және қалай орналасқандығы жөнінде бағдарлап білу және өрттің қай жерден басталып таралғандығын, сондай-ақ олар қандай-да бір өзгеше иістерді (мысалы: жанып жатқан жанармай, резеңке иістерін, сезді ме, түтін немесе жалын болған жоқ па, болса түр-түсі қандай болғандығы туралы мән-жайларды) анықтау үшін; сонымен қатар өрт басталған сәтте шаралар қолданылды ма (кім қолданды және қандай шаралар); олар қандай да бір жарылыс болғанын естіді ме; кім және қашан өрт болған жерде соңғы рет болды; өрт қандай затқа және қаншалықты дәрежеде зақым келтірді; оқиға болған жердің жағдайына қандай да бір өзгерістер енгізілген жоқ па (кіммен, қашан және нақты қандай өзгерістер); өрт сөндірушілер келгенше оқиға болған жерде қандай да бір адам болды ма (нақты қандай адам), олар қай тұстан келді және қай бағытқа қарай бет алды немесе кетті деген сұрақтарды шешу жатады.
Алдын ала қажетті мәліметтерді жинап болғаннан кейін тергеуші өрт болған жерді және оған жақын орналасқан учаскелерді жалпы шолып қарап шығады. Мұның үстіне ол жолдарға және өртке қатысты қылмыскерлер қалдырған іздерді анықтау мақсатында жақын жерлерге, сондай-ақ өртке қатысты барынша қауіптірек жерлерге, ғимараттың құрылыс ерекшелігіне аса назар аударуы тиіс.
Егер оқиға болған жерде өрттің қоқыс үйінділері болған жағдайларда міндетті түрде жиһаздар мен құрылғылар және басқа да заттардың орналасқан жерлері көрсетіле отырып жанып кеткен ғимараттың жоспары құрылады, содан кейін ғана қарау әрекеті жүргізіледі. Ғимараттың жоспары тергеушіге заттай дәлелдемелерді іздестіру бағыты мен қарауды бастау нүктесін анықтауға көмегін тигізеді. Оқиға болған жердің жағдайына әлі ешқандай өзгерістер енгізілмей тұрып, қараудың бастапқы сатысында қаралатын әртүрлі учаскелерді фотосуретке түсіру қажет.
Оқиға болған жерді қарау процесінде келесілер анықталады: өрт қою белгілері; өрттің шыққан орны (ошағы); іске маңызды іздер мен басқа да әртүрлі заттар; жанған объектіге, ол өртенбей тұрып кіру мүмкіндігі; өздігінен жанып кетуі ықтимал заттар мен материалдардың болуы; өртеу үшін пайдаланылған заттар мен құралдар және сұйықтықтар; жарықтандыру және жылыту құрылғыларынан от шығу мүмкіндіктері; электрөткізгіштердің, электр құрылғыларының, жылыту жүйелері мен алдын ала сақтандыру құрылғыларының жарамдылығы.
Өртеу белгілеріне мыналар жатуы мүмкін: а) екі немесе одан көп өзара байланыспаған өрт көздерінің болуы; ә) жылдам тұтанатын заттардың қалдықтарының болуы; б) өртеніп кету үшін қасақана жағдайлар жасау; в) өртеу үшін арнайы құрылғылардың болуы; өрт сөндіру құралдарын қасақана бүлдіру, жою және т.б..
Өрттің пайда болу көздері (ошағы) оқиға болған жерді қарау кезінде-оттың таралу сипаты мен бағытына; өртену нәтижесінде болған қопарылыстардың сипаты мен көлеміне; екі түрлі электр жүретін сымдардың қосылуы салдарынан немесе оған су тию арқылы электрөткізгіштер күйіп-жануы нәтижесінде өрттің пайда болған жеріне; өртеу үшін қолданған заттар мен құрылғылардың табылуына байланысты анықталады. Өрттің басталу орнын анықтау үшін өрттің әртүрлі орындарындағы жанған бірыңғай құрылғылар мен заттардың қалдықтарын салыстыру қажет. Мұндай салыстырулар нәтижесінің негізінде барынша жанған заттар өрттің бастапқы шыққан жерінде болуы ықтимал деп тұжырым жасауға болады. Егер мал қораларындағы шала жанған жерлерден мал өліктері табылса, онда өрттің басталу көзі неғұрлым алысырақ жерлерден басталған деп тұжырымдар жасауға болады. Себебі малдар өрттің басталу көзінен құтылу үшін оттан алысырақ жерлерге қарай қашады. Өрттің шыққан орнын анықтау тек өртену жағдайларын ғана емес, сонымен қатар кездейсоқ жағдайлар нәтижесінде немесе өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзу нәтижесінде пайда болған өрттерді тергеу кезінде де өте маңызды.
Өрт жөніндегі істерге байланысты оқиға болған жерді қарау негізінен екі шекараны тексеру бойынша жүзеге асырылады. Біріншісіне – өрттің маңындағы территорияны, ал екіншісіне жану шекараларын қарау жатады. Бірінші шекараны қарау кейінге қалдырылмай дереу жүргізіледі. Егер қарау кешке қарай, қараңғы түнде жасанды жарықтандырулар қолдану арқылы жүргізілген жағдайларда ғана, оны ертеңіне табиғи жарықтықта асықпай қайта қарау қажет.
Өрт болған жерді қоршаған территорияны қараудың негізгі және оны кейінге қалдырмай жүргізудің міндеті – өрт сөндірушілердің еркінен тыс әрекеттердің салдарынан, сондай-ақ іс бойынша шындықты анықтауға мүдделі емес тұлғалармен қасақана жойылуы мүмкін қылмыстың іздері мен заттай дәлелдемелерді табу, бекіту, алу және зерттеу үшін сақтап қалу. Сондықтан уақытты бекерге жібермей, мүмкіндігінше өрт болған жердің айналасын мұқият қараған жөн. Мұндай жағдайларда сезік келтірілген заттар мен зақымдану іздеріне көңіл аударылып, оларды сақтау мен бекіту үшін жедел шаралар қолданылуы тиіс. Сипаттайтын белгілері мен іздері бар заттар сол жерде зерттеу үшін қараудың соңына дейін сақталады. Өртке жақын жерлерді қарау кезінде қызметтік-іздестіру иттерін пайдалану өте тиімді.
Өртенген шекараға жататын территорияны және онымен шекаралас жанған құрылыс бөліктерін қарау кезінде өртенген жерлерден шығарылған заттарға, олардың жағдайына, реттеліп жиналуына, мөлшеріне, отпен келтірілген зақымдану дәрежесіне көңіл аударып, олар кімге тиісті екендігі анықталуы керек.
Өрт сауда, қойма орындарында немесе бухгалтерлік құжаттарды сақтау орындарында болған жағдайларда, жалпы қарау барысында алынған алғашқы мәліметтер ұрлықты жасыру мақсатында жасалғандығын көрсететіндей тұжырымдар жасауға негіз болған жағдайларда, оқиға болған жерді қарауды екінші шекарадан бастаған дұрыс, демек өрттің шығу көзі мүмкін деп жорамалданған жерлерді қараудан.
Өрттің шығу көздері анықталған немесе жорамалданған жерлер міндетті түрде қазылуы тиіс. Оларды жүзеге асыру барысында өрт себептері туралы жорамалдауға мүмкіндіктер туғызатын иістерге назар аудару керек. Егер құрылған болжаулар қатарында өрт жөнінде жорамалдар болса, өртенген жерді қалпына келтіру жұмыстары тәртіп бойынша өрт болғанға дейінгі учаскелерде орналасқан заттар мен құрылғылардың тұрған орнын жақсы білетін тұлғалардың немесе жергілікті қызметкердің қатысуымен жүргізілуі қажет.
Кейде өрт болған ғимараттарды қайта қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу тиімді болып табылады, мысалы: жанған жиһаздар немесе басқа да заттардың қалдықтарын орын-орнына қою пайдалы. Бұл өрттің шығу көзін анықтауды біршама жеңілдетуі мүмкін. Тіпті көп мөлшерде өрт болған кездің өзінде де өртену шекарасындағы заттар мен құрылғылар барлық уақытта толығымен жанып кетпейді. Өртенген орындарды тазалау кезінде белгілі бір тұжырымдар жасауға мүмкіндік беретін іздерді, атап айтқанда есік және кенере астындағы жанбай қалған еден бөліктерін табуға болады.
Өрттен кейінгі жағдайларды анықтау өте күрделі мәселе. Сондықтан да барлық жағдайларда оның шекарасын қарау кезінде қоршаған территорияны қарау кезіндегідей белгілі бір жүйе болуы қажет. Істің сол жердегі мән-жайы мен жағдайы ескеріле отырып жұмыс жасау тәртібі анықталады. Бұл жерде мынандай кезектіліктер сақталынуы тиіс: бастапқыда барлық құрылыс конструкциялары, содан кейін бүкіл құрылғылар қаралады. Кейде белгілі бір ғимараттарды немесе ғимарат бөлігіндегі барлық жұмыстарды бітіріп барып, екінші учаскеге өту қолайлы. Өрттің шығу көзі таралуы мүмкін деп жорамалданған барлық жолдар қаралуы керек.
Өрт масштабына байланысты, сондай-ақ жарылыстардың ерекшеліктеріне және жану шекарасының кейбір жергілікті жағдайларына (талаптарына) байланысты қарау жұмыстарын жүргізгеннен кейін қараудың мұқияттылығы мен кезектілігін қамтамасыз ету мақсатында оларды міндетті түрде жекеленген учаскелері бойынша зерттеген жөн. Өрттің нақты жағдайы ескеріле отырып қарау учаскелерінің шекарасы мен көлемі анықталады.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   219   220   221   222   223   224   225   226   ...   233




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет