§5. Көлік құралдарының іздері
Көлік құралдарының іздері көліктік трасологиямен зерттеледі, оларға төмендегілер жатады:
қозғалатын бөлшектердің іздері;
көлік құралдарының сыртқа шығып тұратын бөлшектерінің іздері;
көлік құралдарынан бөлінген бөлшектер мен детальдардың іздері.
Көлік құралдарының іздері жол-көлік оқиғасын тергеу, сондай-ақ көлік құралдарын қылмыстың құралы ретінде қолданған кездерінде де зерттелінеді.
Көлік құралдары іздерін зерттеу арқылы көліктік трасологиядағы идентификациялық және диагностикалық мәселелерді шешуге болады. Қозғалатын бөлшек іздері және шығып тұрған бөлшектері бойынша, одан бөлінген детальдары мен бөлшектері бойынша көлік құралдары идентификациялануы немесе бір топқа жататындығы анықталуы мүмкін. Сонымен қатар, диагностикалық мәселелер де шешіледі. Мәселен, болған оқиғаның механизмімен байланысты: қозғалу жүйесі мен бағыты, соғысқан (басып кеткен) жері, соғысқан жердің бұрышы мен сызығы және басқа да жағдайлар анықталады.
Қозғалатын бөлшектердің іздеріне рельссіз көлік құралдарының (автокөлік, мотоцикл, трактор, арба мен шаналардың) іздері жатқызылады. Дөңгелек іздері айналу және сырғу арқылы түседі. Бірінші іздерге дөңгелектің айналуы мен дөңгелекті тежеу арқылы және құмға, сондай-ақ басқа да батып қалу кезінде пайда болатын іздер, ал екінші жағдайда іздер тежеу процесінде дөңгелектердің толық тоқтап қалғаннан кейінгі олардың сырғанап барып түсетін іздері жатады.
Қатынасқа түсетін объектілердің өзіндік қасиетіне байланысты іздер – қозғалатын бөлшектердің іздері беткі қабатты және көлемді іздер болып бөлінеді. Беткі қабатты іздер – қабатталу (автокөлік дөңгелегі судан, шалшықтан өтіп құрғақ асфальт беттерінде қалдырған) іздері және қабатсыздану (балшықта қалған) іздері болып бөлінеді. Қабатталу іздері позитивті (боялған сыртқа шығып тұрған бөлшектерінен қалған) іздер және негативті (дөңгелек протекторларының арасында қалған батпақ) іздері деп екі түрге бөлінеді. Дөңгелекпен қатынасқа түсу нәтижесінде өзгеріске ұшыраған (құм, лай, топырақты жерлер) іздер көлемді болып табылады.
Қозғалатын бөлшектерден қалған іздер арқылы көліктің қозғалыс бағытын, жағдайын (тежеу, тоқтату); көлік құралының түрін, моделін анықтауға, ал кейбір жағдайларда оларды идентификациялауға болады.
Артқы қосарланған дөңгелектердің болуы, болмауы арқылы, сондай-ақ автокөлік базасының көлемімен, сорап іздердің ені арқылы жүк таситын және жеңіл көлік құралдарын дифференциациялауға болады.
Сорап ізінің ені – дөңгелектің артқы оң және сол жақтарындағы іздерінің ортасындағы сызықтарының арақашықтығы. Түзу бағытта қозғалған автокөлік іздерін зерттеген кезде алдыңғы дөңгелек іздерін артқы дөңгелек іздері толық немесе жартылай басатынын ескеру қажет. Алдыңғы дөңгелек іздері көлік бұрылған жағдайларда зерттелінеді.
Автокөлік базасы – бұл алдыңғы және артқы дөңгелек остерінің арасындағы арақашықтығы. Базаны көлік құралдары дөңгелектерінің бұрылыс кезіндегі іздері және статикалық іздері бойынша анықтауға болады.
База, сорап іздері арқылы – автокөліктің түрі анықталады, ал моделі протектордың жүргізу бөлігінің ені, протектор өрнегінің суреті, дөңгелектің сыртқы диаметрі арқылы анықталады. 29-суретте қозғалыс бағытының белгілері көрсетілген: . 1-жылдам қарқынмен жүріп өткен дөңгелек іздеріндегі протектор бейнесінің бұрылу бағыты; 2-іздердің жанындағы шаң-тозаңдардың орналасуы; 3-басып өту кезінде сынған таяқтың (ағаштың) орналасуы; 4-топырақты басып өту кезіндегі тастың айналасындағы саңылаулардың орналасуы; 5-бұрылыс кезінде ауырылысу бұрыштары (а) мен қосылу бұрыштарының (б) қатынасы (а>б); 6-із түбінің бедері; 7-көлік құралынан тамған сұйық заттардың тамшылары. Жылжу бағыты стрелкамен көрсетілген (барлық жағдайларда). (РИСУНОК 29: Сурет 29. Қозғалыс бағытының белгілері.) Протектордың жүргізу бөлігінің ені – суреті айқын бейнеленіп түскен учаскілердің бір шетінен екінші шетіне дейінгі арақашықтықты өлшеу арқылы анықталады. Ізде қалған протектор өрнегінің бейнесі суретке түсіріліп, оның барлық элементтері өлшеніп, хаттамаға бекітіледі. Содан кейін мамандардың көмегімен көлік құралы қандай модельге жататындығы анықталады. Барлық белгілерді бағалау арқылы алынған мәліметтер көлік құралдарын іздестіру кезінде қолданылады. Протектордың ақау белгілері арқылы да көлік құралдарын идентификациялауға болады.
Оқиға болған жерден көлік құралдарының табан шынжырының (гусениц) қозғалыс іздері табылған жағдайларда, сорап іздердің (табан шынжыры мен сорап іздерінің арақашықтық) ені өлшенеді және бекітіледі.
Көлік құралының қозғалатын бөлігінің іздері адам аяғының іздерін алу сияқты әдіспен бекітіледі. Іздер сызықты панорамалық тәсілді қолдана отырып фотосуретке түсіріледі. Протектор суреттерінің барынша анық көрінетін учаскелерін жеке-жеке фотосуретке түсіру қажет. Барлық фототүсірілімдер масштабты сызғышты қолдану арқылы жүзеге асырылады. Протектордың жекеленген белгілерін анығырақ бейнелейтін учаскелерден гипсты қалып жасалынады.
Егер көлік құралының қозғалатын бөлігінің іздері жәбірленушінің киімінен табылған жағдайда, онда ол бірнеше рет фотосуретке түсіріледі. Іздердің орналасқан жерін айқын көрсету үшін фотосуретке алдымен киімді толығымен түсіру керек. Содан соң киімді қыртыстануынан жазып, іздің жанына қатарластырып масштабты сызғыш қойып іздің өзін фотоға түсіреді.
Оқиға болған жерден алынған көлік құралының қозғалатын бөлшегі іздерінің қалыптары мен фототүсірілімдері сараптамалық зерттеулерге жіберіледі.
Трасология арқылы келесідей сұрақтар шешіледі:
із қандай модельді дөңгелектен қалған?
оқиға болған жерде қалған көлік құралы іздерінің типі (маркасы, моделі) қандай?
көлік құралынан қалған іздер қай бағытқа қарай бағытталған?
бұл іздер ұсынылып отырған дөңгелектің ізі ма, жоқ па?
жәбірленушінің киімінде қалдырылған іздер қандай дөңгелекпен (алдыңғы, артқы, оң жақ, сол жақ) қалдырылған?
Егер көлік сараптамасының мәселесі нақты бір (белгілі) көлік құралының қозғалатын бөлшегінің іздері бойынша теңдестіру жасалған жағдайларда, олардың дөңгелектеріне немесе қалыптарына (іздердің үлгілеріне) салыстырмалы зерттеулер жүргізу үшін қажетті материалдарға ерекше көңіл бөлінуі тиіс. Зерттеуге дөңгелекті барлық жабдықтарымен жинап толық ұсынған жөн. Бірақ кейбір дөңгелектің көлемінің үлкендігі мен салмағының ауырлығына байланысты, оны зерттеуге толық құрамда жіберуге барлық уақытта мүмкіндіктер бола бермейді. Көлік құралдарын жүргізген кезде олардың дөңгелектеріндегі идентификациялық жеке белгілер жойылып кетуі мүмкін. Сондықтан да сараптамаға көлік құралдарының өзі емес, оның дөңгелектері немесе олардың үлгілері жіберіледі.
Зерттеуге жататын үлгілер: көлемді және беткі қабатты іздердің сипатына байланысты алынады. Көлемді іздер алу үшін көлік құралдарының дөңгелегінің жалпы және жеке белгілерін бейнелену мүмкіндігінше (мысалы: ылғал құмда) оның дөңгелегін құмда шапшаңдық жылдамдығын азайта отырып айналдырып жүргізеді. Сөйтіп дөңгелектің 2-3 бұрылым ұзындықтағы іздері алынады. Бұдан кейін алынған іздер мұқият қаралып оқиға болған жерді қарау кезінде алынған қалыптағы белгілерге ұқсас белгілері бар екі учаскісі іріктеліп алынады. Экспериментальды іздердің осы учаскілерінің гипстік қалыптары жасалынады.
Егер зерттелінетін іздер беткі қабатты болса, экспериментальды үлгілер де беткі қабатты болуы тиіс. Ол үшін оқиға болған жерде бекітілген белгілерге ұқсас белгілері бар дөңгелек учаскісіне бояғыш заттарды жағып көшірмесін алады. Арнайы бояуды резеңкелі білік арқылы дөңгелек учаскісіне жағады.
Қарау кезінде сәйкес учаскілері анықталмаған жағдайларда барлық дөңгелектердің іздері алынады. Дөңгелектің екі-үш айналған кездегі іздерін алған жөн (дұрыс).
Оқиға болған жерден табылған детальдар мен бөлшектер көлік құралын іздестіру және оны идентификациялау, сондай-ақ нақты оқиға болған (соғысқан, басып кеткен) учаскені анықтау үшін пайдалы.
Оқиға болған жерде қалған объектілер келесідей бейнеде сипатталып топтастырылуы мүмкін:
көлік құралы әйнегінің, фар әйнегінің сынықтарының және басқа да әйнектерінің құрама бөліктері;
лак, бояу қабаттарының бөлшектері;
көлік құралы бөлшектерінің бөлігі;
жеке тораптарының құрама бөліктері немесе тіреуіш детальдары.
Фар және басқа да сынықтарды зерттеу арқылы көлік құралының моделін, типін, маркісін анықтауға болады.
Көлік құралдарынан бөлініп қалған лак және бояу қабаттарының бөлшектері оның түсін анықтауға және бұл мәліметтерді іздестіру жұмыстарына пайдалануға, сонымен қатар, көлік құралы табылғаннан кейін трасологиялық және материалтанушылық сараптама жүргізуге мүмкіндік береді.
Көлік құралы бөлшегінің сынықтары ретінде көбінде оқиға болған жерден табылған автокөліктің сыртына орнатылған (сыртқы жағындағы айналарының, антеннасы, қырындағы қосымша фарының, тұтқаларының, бампері және т.б.) детальдары бейнеленеді. Бөлініп қалған детальдар арқылы көлік құралдарының моделін анықтауға болады. Көлік құралының түрі анықталғаннан кейін одан бөлініп қалған бөлшектер бойынша теңдестірулер жүргізіледі.
Достарыңызбен бөлісу: |