§4. Құлыптар мен бекітетін құрылғыларды зерттеу
Бұл тарау трасологиялық зерттеу бөліміндегі тараулардың ішінде жоғарыда қарастырылып өткен бұзу құралдарының іздерін зерттеу тарауына мазмұны жағынан жақын болып келеді. Беріліп отырған категорияға – құлыптар және бекітетін құрылғылар, сондай-ақ жаппай өндірістік бұйымдар, заттар жатады.
Құлыптар әртүрлі конструкциялардан тұрады, соған байланысты олар төмендегідей әртүрлі негізде топтастырылады:
жабылатын объектіге орналасу тәсіліне байланысты – тұрақты (ойып орнатылған) және алынатын (аспалы, ілінетін);
тағайындау мақсатына байланысты – жалпы типтегі құлыптар (есікке, жиһазға салынатын) және арнайы құлыптар (сейфке, автокөлікке арналған);
бекітілетін құрылғының құрастырылуы бойынша – серіппелі, сувалды, цилиндрлі, бұрандалы, шифрленген жүйемен жабылатын.
Құлыптың негізгі деталі – ригель болып табылады, ол құлыпқа ысырма сияқты әсер етеді. Тұрақты құлыпта ригель қорабы арқылы жылжиды және жапқан кезде есіктің жармалары немесе есікпен оның қорабының түйісу арқылы жабылады.
Ілмелі құлыптарды жапқан кезде ригель имектің (дужканың) бір немесе екі жағынан ілініп қорабының ішінде оны ұстап тұрады.
Сараптамаға құлыппен қатар бөгетті, кедергіні бұзуға (немесе ашуға) қолданылуы мүмкін деген заттар мен құлыптардың кілттері жіберіледі.
Құлыптың ашылуы ригельдің жылжуы арқылы жүзеге асырылады. Қылмыс жасау кезінде құлыпты екі жолмен ашады: құлып ашылады немесе бұзылады. Кейде құлыпты ашудың екі тәсілі де қолданылуы мүмкін.
Құлыпты ашу үшін – кілттер, желбезектер, басқа да заттар іріктелініп алынады.
Ашу кезінде төмендегідей үш негізгі тәсіл қолданылады:
құлыптың саңылауы арқылы құлыптың механизміне тікелей әсер ету; мұндай әрекеттер іріктелініп алынған кілттер, желбезектер, басқа да заттармен жүзеге асырылуы мүмкін;
ригельге сыртынан әсер ету жолымен ашу; бұл тәсілді қолдану кезінде қатты тегіс заттар арқылы ригельдің шығып тұрған бөлігіне қысым жасалынады;
есіктің ішкі жағындағы құлыпында қалған кілтті бұрап жылжыту жолымен ашу; кілттің ұшын сыртқы жақтан арнайы қысқышты қолдану арқылы тартып іліп алу жолымен ашылады.
Құлыпты ашу мен құлыптың ішкі және сыртқы беттеріндегі іздердің қалдырылу тәсілдерін зерттеу арқылы қылмыскерлер жөнінде бірқатар мынандай: яғни, қылмыскер құлыптың құрылысын жақсы білетіндігі, құлыпты ашуға байланысты тәжірибелік дағдылығының бар екендігі, құлыпты ашуға қолданған (кілт, жезбезекті кілт, басқа да) заттар жөніндегі мән-жайларды анықтауға болады.
Құлыпты бұзу, оны бекітілген жерінен ажыратып алу немесе құлыпты тұтастай сындыру жолымен жүзеге асырылады. Егер құлып орнатылған жерінен ажыратылып алынса, онда негізгі көңілді – бұзу құралының ізіне аудару қажет. Мұндай іздер аралап кесу, қысу, бұрғылау іздері болуы мүмкін.
Аспалы құлып бүтіндігінің бұзылуы, оның қорабының бұзылуы (қорабтың біріктіріп қосатын – шегесін кесіп тастау, қақпақтарын ажырату); құлыптың имегін (дужкаларын) аралап кесу; шегеден имекті (дужкаларды) жұлып алу нәтижесінде болады. Барлық жағдайларда құлыптың бөлшегінде және құлып орнатылған есіктің бөлігінде – бөлшектеу, кесу, қысу, жаншу іздері қалады.
Бұзылған құлыпты қарау негізінде оны ашу механизмі анықталады. Соның негізінде іздер табылады және кейінгі табылатын бұзуға қолданылған басқа да құрал түрлерін анықтау үшін табылған іздер бекітіледі.
Бұзуға қолданылған құрал-саймандарды тауып алу және зерттеу үшін құлыпты қараумен қатар, ол орналасқан есіктің, ғимараттың және жергілікті жер учаскілеріне толығымен қарау жұмыстары жүргізіледі. Содан соң құлып пен табылған іздер детальды фотосуретке түсіріледі.
Қарау хаттамасында құлыпты сипаттау кезінде – оның формасын, өлшемін, жасалған материалын (металдың түсін), маркіленген белгілерін (зауыттың белгісін), құлыптан қандай іздер табылғандығын, олардың формасын, өлшемін, орналасқан жерлерін бейнелейтін мән-жайлар жазылуы тиіс.
Құлыппен бірге оның бөлшектері, үгінділері және т.б. алынады.
Құлыптың механизміне ешқандай артық әрекеттер жасауға болмайды, себебі ол кейіннен сараптық зерттеу жүргізуге кедергі келтіретіндей құлыптың күй-жайының өзгеруіне және басқа да жаңа (бөгде) іздердің пайда болуына әкеп соқтырады.
Трасологияда келесідей мәселелер шешіледі:
құлып қандай тәсілдерді қолданып ашылған (немесе бұзылған), ұсынылып отырған құлып бір ғана тәсілді қолдану арқылы бұзылды ма?
құлып қандай құрал тобымен бұзылған?
құлыптағы (жабылатын құрылғыдағы) іздер қолдан жасалған кілт немесе жезбезекті кілтті пайдалану нәтижесінде қалған жоқ па?
құлып оны бұзған кезде қандай күйде (ашық, жабық) болды?
ұсынылып отырған құлыпта жөндеу жұмыстары жасалған ба, жасалмаса оның жұмыс істемеу себебі неде, ол жауып кетуге жарамды ма?
құлып пайдаланылған ба?
құлыпты басқа бір құралдармен немесе заттармен (шеге, сым-темір және т.б.) ашуға бола ма?
келтірілген зақымға қарамастан құлып ашылады ма?
Сақтандырылатын құрылғы пломбылары да трасологиялық объект болып табылады. Пломбыларды қоймалардың, вагон, контейнерлердің есіктеріне, қымбат ішіктерге, кілемдерге және т.б. іледі. Пломбалар қорғасыннан, қаңылтырдан, пластмастан, алюминийден және басқа да материалдан жасалады.
Пломбыны қарау кезінде хаттамаға оның: формасы, өлшемі, қандай материалдан жасалғандығы; ондағы барлық белгілер мен таңбалары бекітіліп жазылады. Пломбыны ашу мен оны қайтадан екінші рет ашу кезінде түскен жаңа (қыспа) іздеріне ерекше көңіл бөлінеді, бұлар сымдар (бечевкалар) өтетін тесіктердің кеңеюі және өзге де батқан, жаншылған, сызылған және т.б. зақымдар болуы мүмкін. Сонымен қатар, қылмыскерлер пломбаны қайтадан орнына ілген кезде қолданылған пломбаны қысатын заттардың іздері табылуы мүмкін. Қылмыскерлер төсем қолданғанда іздер көрінбеуі немесе нашар көрінуі мүмкін. Сымдарды (бечевканы) қарау кезінде оның материалы, жуандығы, оралымының саны анықталады, оны қайтадан қосқан, жабыстырылған, айналдырылған жерлеріне көңіл бөлінуі қажет. Сымда сырғанау іздері болуы мүмкін.
Іздерді қарау және алу кезінде пломбы іздері ұзартқыш сақиналары қолданылып фотосуретке түсіріледі.
Хаттамаға бекітіліп және фототүсірілім біткеннен кейін пломба алынады. Пломбыдағы іздерге зақым келтіріп алмас үшін сымын бөлшектеп, кесіп алады. Алынған пломбылар, ұқсас материалдардан жасалған (зерттеу жүргізу үшін алынған үлгілер) пломбылар, сымдар, пломбирлар және қолданылған басқа да құралдар сараптамаға жіберіледі. Трасологияның шешіміне келесідей сұрақтар қойылады:
пломбыдағы іздер пломбирге бірінші рет әсер етуге қатысты емес механикалық ықпалдардың нәтижесінде пайда болды ма, әлде бұл іздер пломбирдің екінші рет әсер етуінің нәтижесінде пайда болды ма?
пломбыдағы іздер оны ашу кезіндегі әрекеттердің нәтижесінде қалған жоқ па?
пломбының ішіндегі сым (бечевка) зақымдалған ба, әлде зақымдалмаған ба?
пломбының бүтіндігін бұзбай сымды бөліп алуға бола ма?
пломба құралдың қандай тобын қолдану арқылы ашылған; пломба ұсынылып отырған құралмен ашылды ма, (ашылған жоқ па)?
ұсынылып отырған екі (немесе бірнеше) пломбыдағы таңбалар бір пломбир таңбасымен жасалған ба?
зерттелетін пломбының беткі байланыс қабатындағы әріптік және сандық таңбалардың мазмұны қандай?
пломбының беткі қабатындағы із ұсынылып отырған пломба формасынан қалған жоқ па?
Сараптама процесінде пломбыны ашу және ондағы іздерді зерттеудегі мән-жайларды анықтау үшін ол кесіліп алынады. Сарапшы қажетті оптикалық құралдарды пайдалана отырып, оның ішкі каналының беткі қабатына жан-жақты зерттеу жұмыстарын жүргізеді.
Достарыңызбен бөлісу: |