3.Ұйымдастыру - экномикалық себептер. Ауылшаруашылық дақылдарын өсіруге керекті еңбек мөлшері мен оның уақытына, жұмсалатын қаржыға тікелей байланысты.
Өсірілетін дақылдар мен олардың арақатынасы шаруашылықтың мамандандырылуына байланысты. Осыған орай оның егіс көлемінің құрылымы анықталады.
Ауыспалы егіс игерілген жағдайда шаруашылықта жерді тиімді, әрі өнімді пайдалануға мүмкіндік туады және техника мен жұмыс күші жыл маусымында біркелкі пайдаланылады.
Егер ауыспалы егісте бір мезгілде пісетін дәнді дақылдар басым болса, онда егін себер және жинар кезінде техника, жанар-жағар майлар және басқа материалдар көп қажет, яғни қарбаластық туады, ал қалған уақыттарда босаңшылық болады. Сондықтан, ауыспалы егіс құрамында себу және жинау кезеңі бір мезгілде болмайтын әр түрлі дақылдар (ерте және кеш пісетін дәнді дақылдар, отамалы дақылдар, біржылдық және көпжылдық шөптер) болғаны жөн. Бұл техниканы, жұмыс күшін маусым бойы біркелкі пайдалануға мүмкіндік береді.
Сонымен ауыспалы егіс нобайын құрастыру үшін дақылдардың құрамын таңдағанда тек қана аз еңбек жұмсап, техниканы және басқа жабдықтарды ұтымды пайдалану жағын ойластыру керек. Міне, осыны ұйымдастыру себептері дейді.
Ауыспалы егіске агротехникалық баға бергенде ең бірінші алынатын өнім мөлшеріне көңіл аударылады. Ал, экономикалық тұрғыдан алғанда өнімнің мөлшерін ғана емес, оның сапасын, жұмсалған еңбек пен қаржыны да есептеу керек. Егер, аз қаржы мен еңбек жұмсап әр гектардан өзіндік құны төмен және сапалы өнім алсақ, сонда ғана ауыспалы егіс шаруашылыққа экономикалық жағынан тиімді болады.
Бақылау сұрақтары:
1.Ауыспалы және ауыстырылмайтын егістер, монокультура
2.Негізгі және алғы дақылдар
3.Ауыспалы егіс айналымы, айналым кестесі
4.Дақылдарды алмастырып егудің агрохимиялық себептері
5.Дақылдарды алмастырып егудің агрофизикалық себептері
6.Дақылдарды алмастырып егудің экономикалық себептері
Негізгі әдебиеттер:
1. Әуезов Ә.Ә., Атақұлов Т.А., Сүлейменова Н.Ш., Жаңабаев Қ.Ш., Егіншілік, оқулық, Алматы, 2005
2. Жаңабаев Қ.Ш., егіншілік оқулық 2006
Қосымша әдебиеттер:
1. Жаңабаев Қ.Ш.,Саудабаев Т.С., Сейтов И.С., Өсімдік шарушылығы өнімдерін өндіру технологиясы, Алматы, «Қайнар» 1994
12 Дәріс
Тақырып: Алғы егістер және оларға қысқаша сипаттама
Мақсаты: Егіншілікте пардың негізгі атқаратын рөлі, алғы егістер туралы жалпы мағлұмт беру
Міндеті: Ауыл шаруашылық дақылдары мен парларды алғы егіс ретінде пайдалануды студенттерге үйрету
Кілтті сөздер: пар,алғы егіс, отамалы дақылдар,бүркемелі дақылдар, аңыздық, шабындық, күздік дақылдар
Жоспар:
1.Парлардың ауыспалы егістегі алатын орыны және парлардың түрлері
2.Отамалы дақылдар алғы егіс ретінде
3. Екпелі көп жылдық шөптер алғы егіс ретінде
4. Қанағаттанарлық алғы егіс түсінігі
5.Қанағаттанарлықсыз алғы егіс түсінігі
1.Ауылшаруашылық дақылдары топыраққа әр түрлі әсер етеді. Олардың кейбіреулері ылғалды көп пайдаланғандықтан топырақты құрғатып жібереді, ал қайсыбіреулері керісінше топырақта ылғалды өзінен кейін әжептәуір қалдырады. Сонымен қатар ауылшаруашылық дақылдары коректік заттарды да әр түрлі мөлшерде пайдаланады. Атап айтқанда, кейбір дақылдар (бұршақ тұқымдастар) топырақта азотты өздерінің өсіп-дамуына тиімді пайдаланады, калийді жақсы пайдаланатын өсімдіктерде бар. Сайып келгенде, өсімдік түрлері топырақтың коректік заттар режіміне әсер етеді.
Өсімдіктердің вегетациялық кезеңі, яғни олардың пісіп-жетілуі де әр түрлі. Олардың ішінде тез пісіп, танапты ерте босататындары, ал керісінше мүлдем кеш пісетіндері (қант қызылшасы, тағы басқалары) бар. Топырақты дер кезінде сапалы өңдеу, сөйтіп келер себілетін дақылға қолайлы жағдай жасау танаптың ауылшаруашылық дақылдарынан босауына тікелей байланысты.
Алғы дақылдардың осы ерекшеліктерін білу, ауыспалы егістегі дақылдардың орналасу тәртібін белгілеуге мүмкіндік береді.
Алғы егіс деп өткен жылы осы танапта өсірілген ауылшаруашылық дақылын немесе парды айтамыз. Алғы егістер дақылдардың өніміне, мөлшеріне және сапасына күшті әсер етеді. Осыған байланысты алғы егістер өте жақсы (парлар), жақсы (күздік дақылдар, көпжылдық шөптер, отамалы және бұршақ тұқымдас көпжылдық, біржылдық дақылдар), қанағаттанарлық (дәнді масақты дақылдар) және қанағаттанарлықсыз деп төрт топқа бөлінеді.
Өте жақсы алға егістерге парлардың барлық түрлері жатады. Олар таза (ерте және қара), ықтырмалы, екпелі (жаппай және отамалы) және жасыл парларға бөлінеді.
Таза пар өсімдік өсіруден бос, ылғал жинау, арамшөптерді, зиянкес жәндіктер мен ауруларды жою үшін жаз бойы өңделетін танап.
Ықтырмалы пар дегеніміз ылғалды мол жинау мақсатымен қыста қар тоқтату үшін биік өсетін өсімдіктерде (қыша, күнбағыс) ықтырма себілген пар танабы. Ол таза пардың бір түрі болып есептеледі.
Таза пар қара және ерте таза пар болып екіге бөлінеді. Парға қалдырған танапты жаз-күз айларынан өңдей бастасақ, ондай пар қара пар деп аталады. Қара пар республикамыздың оңтүстік, оңтүстік-шығыс облысының тәлімі егіншілігінде қолданылады. Қара парға күздік дәнді масақты дақылдар себіледі.
Парға қалдырылған танап ерте көктемнен бастап күзге дейін өңделсе оны ерте таза пар деп атайды. Ерте таза пар солтүстік облыстарда жиі қолданылады. Оған жаздық дәнді масақты дақылдар, көбінесе жаздық бидай егіледі. Танапта жаз бойы ешқандай өсімдік болмағандықтан, топырақтағы ылғалдың көбі күзге дейін сақталады. Парға егілген дәнді масақты дақылдардың өнімі 1,5-2 еседей артық болады. Пардан кейін танапқа 2-3 жыл қатарынан дәнді масақты дақылдарды себуге болады.
Республиканың күзі ұзақ және жылы суармалы аймақтарында таза пардың орнына екпелі парлар қолданылады. Екпелі пар дегеніміз вегетациялық кезеңнің біршама уақытында бірінші жартысында мәдени өсімдіктер өсетін, ал қалған уақытта өңделетін пар танабы. Екпелі парға жылдам пісіп, ерте жиналатын дақылдар себіледі. Танап себілген дақылдардан босағаннан күзгі дақылдарды немесе көктемде келесі дақылдарды сепкенше таза пар сияқты өңделеді.
Екпелі пар оған себілетін дақылдардың технологиясына байланысты екі түрге бөлінеді. Егер онда жай қатарлы әдіспен егілетін дақылдар себілсе оны жаппай екпелі пар дейді, ал отамалы дақылдар себілсе оны отамалы екпелі пар деп атайды. Ол екпелі пардың бір түрі.
Жасыл пар дегеніміз жасыл тыңайтқыш ретінде топыраққа сіңірілу үшін бұршақ тұқымдас дақылдар себілетін пар танабы. Жасыл пар құмдақ, құмдауыт топырақтардағы органикалық заттардың қорын көбейтіп, олардың құнарлылығын жоғарылату үшін қолданылады. Республикада жасыл парға себілетін дақылдар ретінде үлкен масса құрайтын маш, шабдар, бөрібұршақ және басқада бұршақ тұқымдасына жататын дақылдар себіледі.
2. Отамалы дақылдар. Кең қатарлы тәсілмен себіліп, вегетация бойы арамшөптерді жою үшін қатараралықтары культивацияланатын дақылдар тобы отамалы дақылдар делінеді. Оларға қант қызылшасы, мақта, көкөніс, бақша, картоп, күнбағыс, темекі және басқа дақылдар жатады.
Отамалы дақылдар танапты арамшөптерден жақсы тазартумен қатар, топырақта жүретін микробиологиялық процестердің белсенді жүруіне үлкен ықпал көрсетеді, себебі олардың қатараралығы жаз бойы өңделіп, топырақ онша тығыздалмайды. Сонымен қатар кейбір отамалы дақылдардың, атап айтсақ жүгерінің тамыр жүйесі күшті дамыған, сондықтан топырақта терең бойлап өседі. Сол себепті топырақтың терең қабатындағы ылғалды және қоректік заттарды өзінің өсіп-дамуына пайдалана алады.
Сол сияқты мақта, ормандық көшеттердің тамырлары терең бойлап өсуіне байланысты топырақтың 1,0-1,5 метр тереңдігінде жатқан ылғалды пайдаланады. Осыған байланысты аталған дақылдарды бір орынға бірнеше жыл қайталап себуге болады, яғни олар өздеріне өздері жақсы алғы егіс болып есептеледі.
Отамалы дақылдарға тыңайтқыштар көп беріледі және олар вегетация бойына бірнеше рет суарылады. Яғни, отамалы дақылдардан кейін танап арамшөптерден біршама таза, ылғал мен коректік заттардың әжептәуір қоры сақталған. Олар дәнді масақты және басқада ауылшаруашылық дақылдарына жақсы алғы егіс бола алады.
3.Көпжылдық шөптер суармалы жерлерде, жауын-шашыны мол тау және тау бөктері аймақтарында өте жақсы алғы егіс болып есептеледі. Ол әсіресе күрішке, мақтаға, күздік бидайға, көкөніс дақылдарына өте жақсы алғы егіс. Көпжылдық шөптердің алғы егіс ретіндегі әсері бір жылмен ғана шектеліп қоймайды одан кейін дақылдарды 2-3 жыл себуге болады. Көпжылдық шөптер топырақтың құрылымын, құрлысын және басқа агрофизикалық қасиеттерін жақсартады, ондағы азоттың қорын молайтады, өзінен кейін көп мөлшерде органикалық заттар қалдырады және танапты арамшөптерден тазартады. Мысалы, жоңышқадан кейін әр бір гектар жерде 160 кг-ға дейін азот, 70 центнерге дейін органикалық қалдықтар жиналады. Алғы дақыл ретінде суармалы жерлерде көпжылдық шөптердің бұршақ тұқымдастырынан жоңышқа, беде, эспарцет ал астық тұқымдастырынан -еркекшөп қолданылады. Бұршақ тұқымдас бір жылдық өсімдіктер көпжылдық бұршақ тұқымдас дақылдарға қарағанда танапта органикалық заттарды аз, ал дәнді масақты дақылдармен салыстырғанда көбірек қалдырады. Олар дәнді масақты және отамалы дақылдарға жақсы алғы егіс, өйткені вегетациялық мерзімі қысқа, яғни танапты ерте босатандықтан оны сапалы өңдеп келер дақылды себуге жақсы дайындауға мүмкіндік туғызады. Бұршақ тұқымдастарына жататын бір жылдық дақылдарда топырақтағы азоттың мөлшерін көбейтуге жәрдемдеседі, себебі олардың тамырларында түйнек бактериялары болады, ал олар ауадағы бос азотты топыраққа жинай алады. Осы дақылдардан кейін бір гектарға 25-30 кг дейін азот жиналады.
Бұршақ тұқымдас дақылдардың тағы бір ерекшелігі – танапты арамшөптен тазатуға мүмкіндік туғызады, өйткені олар үлкен вегетациялық масса құрап, арамшөптердің өсу жағдайын нашарлатып, оларды тұқыртып басып тастайды. Бұршақ тұқымдас біржылдық өсімдіктерден жақсы алғы егіс бола алатындары: сиыр жоңышқа, ноқат, асбұршақ, жасымақ, майбұршақ және басқа дақылдар.
4.Қанағаттанарлық алғы егістіктерге дәнді масақты дақылдар жатады. Олар түріне, биологиялық ерекшеліктеріне, өсіру технологиясына қарай алғы егіс ретінде әр түрлі бағаланады. Күздік дәнді дақылдар жаздықтар үшін біршама жақсы алғы егіс болып есептеледі, себебі олар тез қаулап өсуіне және жақсы түптенуіне байланысты үлкен вегетативтік масса құрап, арамшөптерді басып тастайды, сонымен бірге ерте пісетіндіктен танапты дер кезінде босатып, оны сапалы өңдеуге мүмкіндік береді. Жаздық бидай мен жаздық арпа қанағаттанарлық алғы дақыл болып есептеледі. Бұлардың ішіндегі нашары-тары. Ол бастапқы кезде өте баяу өседі де, дамуы жағынан арамшөптерден кейін қалып қояды, сондықтан тарыдан кейін танаптарда арамшөптер көп болады. Жаздық дақылдардың онша айтарлықай алғы дақыл болып есептелмейтін тағы бір себебі бар. Олар топырақтағы өсімдіктер оңай сіңіретін коректік заттарды едәуір мөлшерде пайдаланады. Сондықтан көбіне ауыспалы егістің соңғы танабына егіледі де, бұл дақылдардан кейін танаптар парға қалдырылады.
4.Қанағаттанарлықсыз алғы егістерге бір танапта қатарынан бірнеше жыл себілген дәнді масақты және басқа дақылдарды жатқызуға болады. Бір жерде қайталап себілген дақылдардың зиянкес жәндіктері, ауру қоздырғыштары, арамшөптері көбейіп кетеді, сондықтан олар келесі себілген басқа дақылға және өздеріне мүлдем қолайсыз жағдай туғызады, сондықтан қанағаттанарлықсыз алғы егістер тобына жатады.
Бақылау сұрақтары:
1.Пардың ауыспалы егістегі рөлі және түрлері?
2.Екпелі көп жылдық шөптерге алғы егіс ретінде сипаттама?
3.Дәнді-дақылдардың алғы егіс ретіндегі сипаттамасы?
4. Бір жылдық өсімдіктер көпжылдық бұршақ тұқымдас дақылдарға сипаттама?
5.Қанағаттанарлық және қанағаттанарлықсыз алғы егістіктердің егіншілікте алатын орыны?
Негізгі әдебиеттер:
1. Әуезов Ә.Ә., Атақұлов Т.А., Сүлейменова Н.Ш., Жаңабаев Қ.Ш., Егіншілік, оқулық, Алматы, 2005
2. Жаңабаев Қ.Ш., егіншілік оқулық 2006
Қосымша әдебиеттер:
1. Жаңабаев Қ.Ш.,Саудабаев Т.С., Сейтов И.С., Өсімдік шарушылығы өнімдерін өндіру технологиясы, Алматы, «Қайнар» 1994
13 Дәріс
Тақырып: Ауыспалы егістерді жіктеу және оларды құру
Мақсаты:Ауыспалы егістердің түрлері туралы мәлімет беру , ауыспалы егісті құрудың негізгі қағидаларын түсідіру
Міндеті:Ауыспалы егістердің түрлерімен және оларды егіншілікте құруды студенттерге үйрету
Кілтті сөздер:түр, ауыспалы егіс, жіктеу,аралық дақыл, негізі дақыл , бүркемелі дақыл
Жоспар:
1.Ауыспалы егістің түрлері
2. Ауыспалы егістегі аралық дақылдар
3.Күздік аралық дақылдар
1.Ауыспалы егістер одан өндірілетін өсімдік өнімдерінің басты түрлері (астық, малазығы, көкөніс, картоп), өсіру технологиясы, биологиялық ерекшеліктері, әр түрлі дақыл топтары мен парлардың арақатынасы және ауыспалы егістегі танаптар саны бойынша жіктеледі.
Ауыспалы егістерден алынатын өнім түрлері бойынша оның типі анықталады. Осы белгісі бойынша ауыспалы егістер егістік, малазықтық және арнайы болып үшке бөлінеді.
Негізінен астық, техникалық дақылдар және картоп өсіруге арналған ауыспалы егісті егістік ауыспалы егіс дейді. Бұл ауыспалы егіс типінде аталған дақылдар осындағы бүкіл егіс көлемінің жартысынан артығы болуы керек.
Малазықтың ауыспалы егіс дегеніміз негізінен малазықтық дақылдар (біржылдық және көпжылдық шөптер, сүрлемдік жүгері, малазықтық тамыржемісті дақылдар) өсірілетін ауыспалы егіс. Малазықтық дақылдардың ауыспалы егістегі сыбағалы салмағы 50 пайыздан кем болмауы шарт. Малазықтық ауыспалы егіс мал фермасы жанындағы және шабындық-жайылымдық болып екі түрге бөлінеді.
Ферма жанындағы ауыспалы егіс дегеніміз танаптары мал фермаларына жақын орналасып, жем-шөп дайындауға арналған малазықтық ауыспалы егіс. Олар негізінен шырынды, көк балауса және жасыл конвейр мал азықтарын дайындайтын дақылдарды өсіруге арналған.
Шабындық-жайылымдық ауыспалы егісі шабындық және мал жайылымы үшін негізінен көпжылдық және біржылдық шөптер өсірілетін малазықтық ауыспалы егіс. Ауыспалы егістің бұл түрі ірі жем шөп, яғни пішен даярлау және малдарды жаю үшін арналған.
Малазықтық егістерде шаруашылықтың ауа райы мен топырағына, өсірілетін малдың түріне және жасына байланысты әр түрлі дақылдар егіледі. Егер шаруашылық мал бордақылауға мамандандырылған болса, онда ауыспалы егісте арпа, жүгері сияқты малды тез семіретін дәнді дақылдар егіледі. Төл алу үшін мал өсіретін шаруашылықтарда бұршақ тұқымдас, құрамында ақуызы мол дақылдар егіледі. Егер шаруашылық сүт өндіруге мамандандырылған болса, онда сүрлем беретін дақылдар, құрамында суы, қанты мол болатын қызылша сияқты тамыр жемісті дақылдар егіледі.
Шаруашылық қой, етке арналған ірі қара мал, жылқы өсірумен айналысатын болса, бұл ретте оларда пішендікке жарайтын, мәдени жайылымға қолдануға болатын дақылдар өсірген жөн.
Малазықтық ауыспалы егістің ең басты көрсеткіші – бір гектардан алынатын жемдік өлшем мен қорытылатын протеин, витаминдер болып табылады.
Арнайы ауыспалы егіс деп егіп-өсіруі үшін арнайы жағдайлар мен агротехниканы керек ететін дақылдар өсірілетін ауыспалы егісті айтады.
Бұған күріш, темекі, көкөністер және топырақты эрозиядан қорғауға арналған ауыспалы егістер жатады. Мысалы, күріш егу үшін танаптар ерекше дайындалады, оны егетін атыздар тақтайды тегіс болуы керек, әйтпесе атызды сумен толтырғанда, судың қалыңдығы оның әр тұсында әр түрлі болып қалуы мүмкін, ондай жағдайда дақылдың өнімі күрт төмендейді. Көкөніс, темекі егу үшін де топырақты өте жақсылап баптау керек, бұл егістерден алынатын өнімдерді адам тікелей пайдаланылатын болғандықтан мұндай дақылдарға минералдық тыңайтқыштарды таңдап беру керек. Бұл ауыспалы егісте егілетін дақылдар қол күшін көп қажет етеді. Сондықтан өнімді мол алатындай етіп қажетті жағдай жасап, яғни уақытысында суарып, жөндеп күтпесе арнайы ауыспалы егіске себілген дақылдар оларды өсіруге жұмсалған қаражатты өтей алмай, шаруашылыққа зиян әкелуі мүмкін.
Топырақ қорғау ауыспалы егісі деп ауылшаруашылық дақылдарының құрамы, орналасуы және айналымы топырақты эрозияданн қорғауды қамтамасыз ететін ауыспалы егіс.
Топырақ эрозиясына қарсы қолданылатын арнайы ауыспалы егіс танаптарында дақылдар жолақтарға бөлініп орналасады. Мұндай ауыспалы егістер Қазақстанның далалық ашық аймақтарындағы топырағы жеңіл, желі күшті соғатын аудандарда қолданылады. Бұл ауыспалы егістерге көпжылдық шөптер, дәнді масақты дақылдар мен парлар үшеуі желдің күшіне байланысты 50 метрден 200 метрге дейін жолақтарға бөлініп, желдің үстем соғатын бағытына кесе-көлденең орналастырылады. Топырақты қорғайтын ауыспалы егістер республиканың солтүстіктігінде Павлодар, Ақмола облыстарында, батысында Ақтөбе облысында, оңтүстігінде Алматы, Оңтүстік Қазақстан облыстарының тәлімі егіншілігінде қолданылады.
Биологиялық ерекшеліктері, өсіру технологиясы және топырақ құнарлығына әсер етуіне қарай бөлінетін ауылшаруашылық дақылдары мен парлардың арақатынасы белгісі бойынша ауыспалы егіс типтерінің түрлері анықталады. Мысалы, егістік ауыспалы егістің дәнді-парлы, дәнді-отамалы-парлы, дәнді-шөпті, дәнді-шөпті-отамалы, шөпті-отамалы, шөптанапты және басқада түрлері болады.
Ауыспалы егістің отамалы, шөпті-отамалы, ұрықалмастыру, шөптанапты түрлері малазықтық ауыспалы егіс типіне жатады.
Ал арнаулы ауыспалы егіс типінен дәнді-отамалы-шөпті, топырақ қорғау шөпті-отамалы түрлерін атап өтуге болады.
Ауыспалы егістің үшінші белгісі ондағы танаптың санына байланысты. Қазіргі заманда ауыспалы егістегі танаптың саны шаруашылықтың жер көлеміне, өсірілетін дақылдың санына тікелей байланысты болып отыр. Сондықтан, қазіргі кезде кіші-гірім шаруашылықтарда ауыспалы егістер көп танапты болмайды.
Дәнді-парлы ауыспалы егіс деп негізінен дәнді масақты дақылдар себілетін және пар танабы болатын ауыспалы егісті айтады.
Шөптанапты ауыспалы егіс түріне егіс көлемінің жартысында, немесе одан да артығында көпжылдық шөптер өсірілетін ауыспалы егісті жатқызады.
Ұрық алмастыру ауыспалы егіс деп дәнді масақты дақылдар ауыспалы егіс көлемінің жартысынан артық емес жерді алатын және олар жылына отамалы, бұршақ тұқымдас дақылдармен алмасып отыратын ауыспалы егісті айтады.
2. Ауыспалы егістегі аралық дақылдар
Қазақстанның оңтүстік және оңтүстік-шығыс аймақтарында аязсыз кезең ұзақ, өйткені көктем ерте шығады, ал күзі жылы және кеш түседі. Бұл аймақтарда суармалы егіншілік дамыған. Аталған өңірде негізгі дақылдарды жинап алғаннан күзге дейін көп уақыт жер бос жатады. Осы жерлерді және табиғатын ерекшеліктерін тиімді пайдалану үшін ауыспалы егіске аралық дақылдар себу керек.
Аралық дақыл дегеніміз ауыспалы егіс танабында негізгі дақылдардан бос уақытта өсірілетін ауылшаруашылық дақылдары. Аралық дақылдарды себу арқылы бір жерден жылына екі рет өнім алуға мүмкіндік болады.
Негізгі дақыл – ауыспалы егіс танабын вегетациялық кезеңнің көпшілік уақытын алып жататын ауылшаруашылық дақылы.
Аралық дақылдар бүркемелі, аңыздық, шабындық және күздік болып бөлінеді.
Бүркемелі аралық дегеніміз негізгі дақылдың бүркеуінде себілетін ауылшаруашылық дақылы. Мысалы, республикның суармалы жерлерінде арпамен бірге жоңышқа егіледі. Жаз ортасында арпа піседі, оны орып алғаннан кейін іле-шала жерді суарады, сондықтан жоңышқа қаулап өседі, оны күзге дейін бір рет шөпке шауып алуға болады, яғни вегетация кезінде бір жерден екі өнім алынады. Бұл жағдайда арпа бүркеуші, ал жоңышқа бүркеленуші дақыл деп аталады.
Көк балаусаға, сүрлемге немесе пішенге арналған негізгі дақылдарды жинап алғаннан кейін сол жылы өсірілетін дақылды шабындық аралық дақыл дейді. Қазақстанның оңтүстік облыстарында шөпке арналып себілген қара бидайды, сұлыны, не бұл дақылдардың бұршақ тұқымдастар дақылдарымен араласқан қоспасын олардың гүлдеу кезінде шауып алады да, орнына сүрлемдік жүгері, арпа, тары егіп тағы бір өнім алуға болады.
3 Дәнді масақты дақылдарды орып алғаннан кейін сол жылы себілген дақылдарды аңыздық аралық дақылдар дейді. Мысалы, Қазақстанның оңтүстік және оңтүстік–шығыс облыстарында күздік бидай шілде айының басында пісіп ораққа ілігеді. Босаған жерді суарып, өңдеп, оның орнына жүгері сеуіп, немесе тары мен қарақұмықтың ерте пісетін сорттарын егіп, тағы бір өнім алуға болады.
Негізгі дақыл жиналғаннан кейін жазда немесе күзде себіліп келер жылы көктемде негізгі дақылдар себілгенше малазығы ретінде шабылып алынатын дақылдарды күздік аралық дақылдар дейді. Мысалы, күзде шөпке арнап қара бидайды, егуге болады. Мамыр айының аяқ кезінде бұл дақылдарды шөпке шауып, содан соң жерді суарып және өңдеп жүгері сияқты кеш себілетін дақылдарды ексе, одан тағы бір өнім алынады. Бұл жағдайда жүгерінің өнімі, әдетте, оны ерте көктемде сепкеннен кем болмайды.
Аралық дақылдар тек суармалы жерден алынатын өнім мөлшерін көбейтіп қана қоймайды, сонымен қатар олардың үлкен агротехникалық маңызы да бар. Аралық дақылдар танаптағы арамшөптердің азаюына септігі тиеді. Олар топырақта көптеп органикалық заттар қалдырып, оның физиклық қасиеттерін жақсартады. Қажетті тыңайтқыштарды уақытылы бергенде аралық дақылдар егілген жердің құнарлылығы кемімейді, керісінше қайта оның арта түсетін ғылыми зерттеулер көрсетіп отыр.
Қазіргі кездегі кіші шаруашылықтарда бір, немесе екі ғана дақыл себіледі, сондықтан олардың ауру қоздырғыштары, зиянды жәндіктер және арамшөптері көбейеді, міне осыларды құрытуда аралық дақылдардың маңызы зор. Аралық дақылдарды өсірудің агротехникасы жоғары болғанда ғана олардың тиімділігі арта түседі, ал кері жағдайда аралық дақылдардан пайда шамалы болады.
Жер көлеміне, ауа райына, әсіресе жауын-шашын мөлшеріне, топырақтың түріне, құнарлылығына, жылудың мөлшеріне, аязсыз мерзімнің ұзақтығына, шаруашылықтың мамандардырылуына байланысты оларда әр түрлі дақылдар өсіріледі, сондықтан ауыспалы егістің бірнеше нобайы қолданылуы мүмкін.
Ауыспалы егіс нобайы дегеніміз ондағы алмасу тәртібі бойынша берілген ауылшаруашылық дақылдары мен пардың тізбегі. Ауыспалы егіс нобайлары, алғы егістерден басталып, танаптарды арамшөптермен көбірек ластайтын дәнді масақты дақылдармен (арпа, сұлы, жаздық бидай) аяқталады.
Бұрынғы ірі кеңшарлар мен ұжымдық шаруашылықтар таратылып, олардың орындарына жекеменшік, фермерлік және басқада ұсақ шаруашылықтардың пайда болуына байланысты дақылдар территория бойынша емес, әр танапта уақыт бойынша алмасуы, немесе бүкіл ауыспалы егіс игерілмей олардың буындары қолданылуы мүмкін. Сондықтан, егіншілікте төмендегідей ауыспалы егіс нобайлары, не олардың буындары болуы мүмкін.
Қазақстанның солтүстік астықты аймағында қолданылатын ауыспалы егістер нобайлары
Егістік, дәнді-парлы, 3 танапты
ауыспалы егістер
Ықтырмалы пар
Жаздық бидай
Жаздық бидай немесе арпа
Малазықтық, дәнді-отамалы,
2 танапты ауыспалы егіс
1.Сүрлемдік жүгері
2.Арпа немесе сұлы
|
Егістік, дәнді-парлы-отамалы,
4 танапты ауыспалы егіс
Ықтырмалы-пар
Жаздық бидай
Жаздық бидай
4. Арпа
Малазықтық, дәнді-отамалы,
3 танапты ауыспалы егіс
1.Сүрлемдік жүгері
2.Жаздық бидай
3.Арпа
|
Арнайы, топырақ қорғайтын 10 жылдық айналымды 5 танапты ауыспалы егіс
1 танап 3 жылғы көпжылдық шөп+пар
2 танап 4 жылғы көпжылдық шөп+жаздық бидай
3 танап 5 жылғы көпжылдық шөп+жаздық бидай
4 танап жаздық бидай+1 жылғы көпжылдық шөп
5 танап арпа + 2 жылғы көпжылдық шөп
Бұл ауыспалы егіс топырағы жеңіл, құмдауыт жерлерде, желі күшті соғатын аймақтарда қолданылады. Бидай, көпжылдық шөп, және пар ауыспалы егісте ені 50 не 100 метр болатын жолақтарда орналасады. Мұндағы таза пардың үлесі 10 пайыз, дәнді масақты дақылдардікі – 40 пайыз, ал шөптікі 50 пайызды құрайды.
Қазақстанның орталық және батыс облыстарында қолдануға болатын ауыспалы егістер нобайлары
Егістік, дәнді-парлы, 5танапты ауыспалы егіс
1.Таза пар
2.Жаздық бидай
3.Жаздық бидай
4.Арпа
5. Жаздық бидай
|
Егістік, дәнді-парлы 4 танапты ауыспалы егіс
1.Таза пар
2.Күздік бидай, не қарабидай
3.Тары
4.Арпа
|
Қазақстанның шығысында орналасқан шаруашылықтарда қолдануға болатын ауыспалы егістер нобайлары.
Егістік, дәнді-парлы-отамалы 5 танапты ауыспалы егіс
1.Екпе пар (бұршақ)
2.Күздік бидай
3.Жаздық бидай
|
4.Күнбағыс
5.Арпа
|
Қазақстанның оңтүстігінде және оңтүстік-шығысында орналасқан облыстардың ылғалмен қамтамасыз етілген және жартылай қамтамасыз етілген тәлімі жерлерінде қолдануға болатын ауыспалы егістер нобайлары
Егістік, дәнді-парлы, 4 танапты ауыспалы егіс
1.Таза пар
2.Күздік бидай
3.Күздік бидай
4.Көпжылдық шөп (шықпа танап)
|
Құрғақ, ылғалмен қамтамасыз етілмеген тәлімі егіншілік жерлерде қолданылатын ауыспалы егістер нобайлар
Егістік, дәнді-парлы, 3 танапты ауыспалы егіс
1.Таза пар
2.Күздік бидай
3.Арпа
|
Топырағы жеңіл, құмдауыт келген жерлерде топырақты эрозиядан қорғайтын 10 жылда айналымы өтетін, 5 танапты ауыспалы егістер қолданылады.
1.Пар + 3жылғы көпжылдық шөп
2.Күздік бидай + 4жылғы көпжылдық шөп
3.Арпа + 5жылғы көпжылдық шөп
4.1 жылғы көпжылдық шөп + арпа
5.2жылғы көпжылдық шөп + арпа
Суармалы жерлерде қызылша, мақта, күріш, темекі және дәнді дақылдар өсіріледі. Бұл дақылдар ауыспалы егістерінің ерекшелігі – оларда міндетті түрде жоңышқа егіліп, үш жылдай ұсталады. Жоңышқа арқылы танаптардың құнарлылығы көтеріледі, арамшөптер құртылады. Келесі егілетін дақылдардың ауруларымен күресі жеңілдейді.
Егістік, дәнді-шөпті-отамалы,
5 танапты ауыспалы егіс
1.Арпа+жоңышқа
2.2 жылғы жоңышқа
3.3 жылғы жоңышқа
4.Қант қызылшасы
5.Қант қызылшасы
|
Егістік, дәнді-шөпті-отамалы
6 танапты ауыспалы егіс
1.Арпа+жоңышқа
2.2 жылғы жоңышқа
3.3 жылғы жоңышқа
4. Күздік бидай
5. Қант қызылшасы
6. Қант қызылшасы
|
Егістік, дәнді-шөпті отамалы 5 танапты ауыспалы егіс
1. Арпа + жоңышқа
2. 2 жылғы жоңышқа
3. 3 жылғы жоңышқа
4. Қант қызылшасы
5. Қант қызылшасы
|
Егістік, дәнді-шөпті-отамалы 5 танапты ауыспалы егіс
1. Арпа + жоңышқа
2. Жоңышқа
3. Жоңышқа
4.Мақта
5. Мақта
|
Арнайы, дәнді-шөпті, 6 танапты ауыспалы егіс
1. Жоңышқа
2. Жоңышқа
3. Күріш
4. Күріш
5. Мелиоративтік танап (пар, отамалы дақылдар)
6. Күріш
|
Егістік, дәнді-шөпті-отамалы
7 танапты, ауыспалы егіс
1. Арпа+жоңышқа
2. Жоңышқа
3. Жоңышқа
4. Мақта
5. Мақта
6. Дәнді бұршақты дақылдар, жүгері
7. Мақта
|
Арнайы, дәнді-шөпті-отамалы 8 танапты, ауыспалы егіс
1. Арпа + жоңышқа
2. Жоңышқа
3. Жоңышқа
4. Күздік бидай
|
5. Темекі
6. Темекі
7. Күздік бидай
8. Темекі
|
Достарыңызбен бөлісу: |