Мазмұны 1 Глоссарий 2 Дәрістер 3 Тәжірбиелік және зертханалық сабақтар 4 Студенттің өздік жұмысы Глоссарий Агроқабылдау



бет10/19
Дата29.03.2017
өлшемі6,26 Mb.
#12534
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   ...   19

Топырақты араластыру оның өңделетін қабатының біркелкі болуын қамтамасыз ету және бөлшектерінің мөлшерін кішірейту үшін жүргізілетін технологиялық процесті араластыру деп атайды. Араластырудың нәтижесінде топырақ бөлшектерінің өзара орналасуы өзгереді, берілген органикалық, минералдық, жасыл тыңайтқыштар мен микроорганизмдер жырту қабатының өн бойына біркелкі жайылады. Топырақты араластыру ондағы органикалық заттардың жақсы ыдырауына (минерализациялануына), микробиологиялық процестің белсенді жүруіне қолайлы жағдай туғызады.

Гранулометриялық құрамы жеңіл, эрозияға тез ұшырайтын жерлерде, танап бетінде міндетті түрде аңыз бен өсімдік қалдықтары сақталуға тиісті танаптарда топырақты араластыруға болмайды. Топырақты аралстыру шолақ түренсіз соқалармен, сыдыражыртқыштармен, культиваторлармен, фрезалармен жүзеге асырылады.



Топырақты тегістеу танаптардың беткі қабаты әр түрлі жағдайларға (жер бедері, топырақ өңдеу сапасы және басқалар) байланысты ойлы-қырлы болуы мүмкін. Мұндай жерлерде ауылшаруашылық дақылдарының себілген тұқымдары топыраққа әр түрлі тереңдікке сіңіріледі, сондықтан олар шұбалаңқы көктеп, егіннің бір мезгілде пісіп-жетілмеуіне әкеліп соқтырады. Сол себепті топырақты тегістейді. Біркелкі емес топырақ бетінің мөлшерін азайтуды тегістеу деп атайды. Топырақты тегістеу жерді жыртқаннан және терең культивациялағаннан кейін, егін себер алдында және сеуіп болғаннан соң жүргізіледі. Топырақты тегістеу суармалы егіншілікте, әсіресе күріш егісіне қажет. Егер, танап тегіс болмаса, берілген су біркелкі жайылмайды, ойпаң жерге жиналып қақ тұрады, ал қыратты жерлерден ылдыйға қарай су ағып эрозия құбылсын тудыруы мүмкін. Танап бетін тегістеу өсімдіктерді вегетация кезінде күтіп-баптауды жеңілдетеді және егін ору жұмыстарының сапасын жақсартады.

Топырақты тегістеу үшін культиватрлар, тырмалар, жеңіл катоктар, малалалар, ал суармалы жерлерде арнайы грейдерлер, бульдозерлер қолданылады.



Топырақты нығыздау. Топырақты қайта-қайта (күзде топырақ жыртқанда, көктемде егін себер алдында, жазда қатараралықтарды өңдеу) өңдегенде ол үгітіліп, тым борпылдақ болуы мүмкін, сондықтан оны нығыздауға тура келеді. Топырақ түйіршіктерінің көлемін азайту үшін оның бөлшектерінің өзара орналасуын өзгертуді нығыздау дейді. Ол қопсытуға қарама-қарсы процес. Бұл технологиялық процес топырақты қопсыту кезінде бұзылған түтіктік қуыстылықтар қалпына қайта келтіріледі, соның нәтижесінде топырақтың жалпы және түтіктік емес қуыстылықтарының көлемі азаяды. Нығыздау топырақтың төменгі жағынан үстіңгі қабатына ылғалдың көтерілуін, себілген ауылшаруашылық дақылдары тұқымдарының топырақпен және оның ылғалымен жақсы жанасуын қамтамасыз етеді, соның арқасында тұқымның жақсы бөрітіп, жылдам және біркелкі көктеп шығуына мүмкіндік туғызады. Топырақты нығыздау егін себер алдында, немесе сеуіп болғаннан кейін жүргізіледі.

Егін себер алдындағы топырақты нығыздау танаптың бетін тегістеп, себілген тұқымдардың бірдей тереңдікке сіңірілуін қамтамасыз етіп, борпылдақ топырақтар шөккеннен кейін өсімдіктің тамыр жүйесіне зақым келмеуі үшін жүргізіледі.

Топырақты нығыздауды гранулометриялық құрамы жеңіл, егін себер алдында ғана өңделген жерлерде және қуаңшыл аймақтарда жүргізген жөн. Ал, гранулометриялық құрамы ауыр және тым ылғалды топырақтарды нығыздауға болмайды, өйткені өсімдіктің өніп-өсуіне кері әсері тиеді. Топырақты нығыздау әртүрлі катоктармен, малалармен жүргізіледі.

Арамшөптерді қырқу. Бұл технологиялық операция қыртысты аудару, топырақты араластыру және қопсыту процестерімен жалғастырыла жүргізіледі. Алайда, арамшөптерді қырқу үшін арнайы топырақ өңдеу тәсілі – культивациялау жүргізіледі.

Ол жаппай және қатараралықты культивациялау болып екіге бөлінеді.



Жаппай культивациялау ауыл шаруашылығы дақылдарынан бос танаптарда, яғни таза парларда, егін сепкенге дейін және оны орып алғаннан кейін танап бос болған уақытта жүргізіледі. Қатараралықты культивациялау отамалы дақылдардың аралықтарында өскен арамшөптерді жою үшін вегетация кезінде жүзеге асырылады.

Арамшөптерді қырқу үшін арнайы культиваторлар қолданылады. Арамшөптер жерді жыртқанда, танапты тырмалағанда, топырақты терең қопсытқанда да қырқылады, яғни оларды жою үшін соқалар, тырмалар, сыдыра жыртқыштар, жазықтабанды сыдыра тілгіштер пайдаланылады.

Микробедер (микрорельеф) жасау. Бұл технологиялық процеске жал, жүйек, қарық, ұялар жасау жұмыстары жатады. Олар мөлшерден тыс ылғалы көп жерлерде жүргізіледі. Осы технологиялық процестің арқасында топырақтан артық ылғал әкетілгендіктен, ол тез кеуіп жақсы қызады. Соның арқасында топырақтың ылғалдық, ауа, жылулық, коректік заттар режимдері жақсарады. Микробедер жасау үшін түптегіш, жүйектегіш, қарық жасайтын құралдар қолданылады.

Танапта аңызды сақтау. Қазақстаның ашық далалық, желі күшті аймақтарында гранулометриялық құрамы жеңіл топырақтарда жүргізіледі. Жерді түренді соқамен аударып жыртқанда танаптың үстінде ештеңе қалмайды, барлық өсімдік қалдықтары мен аңыздар топыраққа сіңіріліп жіберіледі. Бұл топырақтың жел эрозиясын тудырады. Сол себепті танап бетінде аңызды және өсімдік қалдықтарын мүмкіндігінше сақтаған жөн. Ол аңызды сақтау технологиялық процесі арқылы жүзеге асады.

Танапта аңыз сақтау технологиялық процесі біріншіден, топырақты жел эрозиясынан қорғайды; екіншіден, танапта қыста қарды көп жинауға, соның арқасында топырақтағы ылғал қорын молайтуға мүмкіндік береді; үшіншіден, қыста танапта қар қалың жиналатын болғандықтан топырақ аса тереңге қатпайды, сондықтан көктемде ерте жібіп, ондағы микробиологиялық процестер тез басталады, яғни топырақта қажетті коректік заттар коры көбейіп, өсімдіктердің алғашқы өсу фазасында коректенуі жақсарады.

Танаптарда аңыз сақтау процесі әртүрлі жазықтабан сыдыра қопсытқыштар, инелі тырмалар, арнайы дәнсепкіштер арқылы жүзеге асырылады. Аталған технологиялық процестің Қазақстанның солтүстік, ашық далалық өңірлерінде, әсіресе Павлодар облысында, маңызы ерекше зор. Сонымен қатар ол республиканың оңтүстік және оңтүстік-шығыс аймағының тәлімі егіншілігінде де жиі қолданылады.


4.3 Топырақтың технологиялық қасиеттері. Топырақ өңдеудің сапасы, (қыртысының жақсы аударылуы, топырақтың дұрыс ұсақталуы, араласуы) және ауылшаруашылық машиналары мен құралдарына көрсететін кедергілері топырақтың технологиялық қасиеттеріне тікелей байланысты.

Топырақтың байланыстылығы. Топырақтың механикалық күштің әсер етуіне қарсы тұра алатын қабілетін оның байланыстылығы дейді. Ол топырақтың гранулометриялық құрамына, ылғалдылығына, сортаңдылығына байланысты өзгеріп отырады. Мысалы, гранулометриялық құрамы ауыр балшықты, сортаң топырақтардың байланыстылығы жоғары, ал құмдақ, құмдауыт немесе ылғалдылығы төмен құрғақ топырақтардың байланыстылығы нашар.

Топырақтың жабысқақтығы деп оның ылғалды күйінде ауылшаруашылық машиналары мен құралдарының жұмыс органдарына жабысуын айтады. Топырақтың бұл технологиялық қасиеті оның гранулометриялық құрамына және ылғалдылығына тікелей байланысты. Гранулометриялық құрамы ауыр балшықты және саздақ, ылғалды топырақтар ауылшаруашылық машиналары мен құралдарының жұмыс органдарына жабысқыш келеді, ал керісінше құрғақ, гранулометриялық құрамы жеңіл құмдақ, құмдауыт топырақтардың жабысқыштық қабілеті төмен немесе мүлдем жабыспайды.

Егер, топырақ ауылшаруашылық машиналары мен құралдарының жұмыс органдарына жабысатын болса, оның кедергісі жоғарылап, жүретін технологиялық процестердің сапасы төмендейді, яғни топырақ дұрыс үгілмейді, оның құрылымы бұзылады.

Топырақтың физикалық «пісіп-жетілуі». Топырақтың өңделуге дайын екенін көрсететін жағдайын оның физикалық “пісіп-жетілуі” дейді. Топырақ “пісіп-жетілсе” жақсы уатылады, ауылшаруашылық машиналары мен құралдарының жұмыс органдарына жабыспайды. Топырақтың физикалық “пісіп-жетілуін” ерте көктемде қар кеткеннен кейін егістік жұмыстарды, әсіресе ылғал жабуды бастау үшін, немесе вегетация кезінде әр суарғаннан кейін қатараралықта пайда болған топырақ қабыршығын жою үшін анықтайды.

Топырақтың физикалық “пісіп-жетілуін” дәл және дұрыс анықтаудың үлкен өндірістік мәні бар. Топырақтың физикалық “пісіп-жетілу” ылғалдылығы оның ең төменгі ылғал сиымдылығының 60-90 пайызына тең. Егер, әлі “пісіп-жетілмеген” ылғалды топырақты өңдесе ол ауылшаруашылық машиналары мен құралдарының жұмыс органдарына жабысып, топырақ кедергісін арттырады, сондықтан топырақ жақсы уатылмайды, өте құрғап кеткен топырақты өңдегенде үлкен-үлкен кесектер пайда болады, оны ұсату үшін топырақты қосымша өңдеу керек.

Топырақ өзінің, қыста жауған қардың, ауылшаруашылық машиналары мен құралдарының, тракторлар және комбаиндардың салмақтарының салдарынан тығыздалады. Яғни, ондағы ауа сыртқа ығыстырылып шығарылады, сондықтан топырақтағы ауа мен ылғал арасындағы оңтайлы арақатынас бұзылады. Топырақтың осы көрсеткіштерін қолайлы қалпына келтіру үшін оны өңдеу керек.

Алғы дақылдарды жинағаннан кейінгі бірінші терең өңдеуді топырақты негізгі өңдеу дейді. Оған жерді аударып жырту, аудармай жырту және терең қопсыту жатады.

Жерді аударып жырту ертеден келе жатқан топырақты негізгі өңдеудің басты тәсілдерінің бірі. Жерді жыртқанда ол 180 градусқа аударылып топырақтың беткі қыртысы асына түседі, астыңғы қабаты үстіне шығады, онымен бірге топырақ қопсытылады, араластырылады және арамшөптер қырқылады. Жерді әр түрлі соқалармен жыртады. Топырақтың қыртысының жақсы аударылуы, үгітілуі, қопсуы соқаның қайырмасының түрлеріне байланысты. Олар қайырмаларының түрлеріне қарай бұрандалы, цилиндрлі, жартылай бұрандалы және мәдени болып бөлінеді.

Соқаның қайырмасының түрі цилиндр тәрізді болса, топырақ жақсы үгіледі және араласады, бірақ нашар аударылады. Жартылай бұрандалы соқамен жер жырытқанда топырақ керісінше жақсы үгітіледі, бірақ нашар аударылады. Мәдени қайырмасы бар соқа топырақты жақсы аударады және жақсы үгітеді.

Жерді жыртқанда ол жақсы аударылуы, үгітілуі және қопсуы үшін соқалар шолақ түренмен жабдықталады. Ол топырақтың беткі 10-12 см қалыңдығын қиып алып жердің астыңғы ылғалды қабатына түсіреді. Сондықтан, мұндай тәсіл мәдени жырту деп аталады. Шолақ түрен негізгі корпустың кішірейтілген түрі. Оны негізгі корпустың алдына орнатады. Топырақты мәдени жырту оның құрылымын жақсартумен қатар танаптың бетіндегі органикалық заттарды топыраққа сіңіреді. Сондай-ақ, мәдени жыртудың арқасында танап беті тегіс болады, мұның өзі ауылшаруашылық дақылдары тұқымын бірдей тереңдікке сіңіріп, олардың тез көктеп шығуына, бір мезгілде пісуіне мүмкіндік береді.

Жер жырту тереңдігі топырақ жағдайына (гумус қабтының қалыңдығы), себілетін ауыл шаруашылық дақылдарының биологиялық ерекшеліктеріне, алғы егістерге байланысты 20 см-ден 32-35 см-ге дейін өзгеруі мүмкін. Жырту тереңдігі 18-20 см-ге дейін болса, оны таяз жырту дейді, 20-22 см болғанда әдеттегі, ал одан көп болған жағдайда терең жырту деп атайды. Топырақ неғұрлым тереңге жыртылса, соғұрлым оның ылғалдық, ауалық, жылулық және коректік заттар режимдері жақсарады.

Топырақты тұрақты таяз жыртатын болса, танаптарда арамшөптер, ауылшаруашылық дақылдарының аурулары мен зиянкестері көбейіп, ылғал аз жиналып, мәдени өсімдіктер оның жетіспеушілігінен зардап шегеді және керісінше жағдай болады. Жер жырту тереңдігі алғы егістерге, себілетін ауыл шаруашылық дақылдарының биологиялық ерекшеліктеріне байланысты.

Жыл сайын жерді бір тереңдікке қайта-қайта жырту өсімдіктің тамырына ауа және су өткізбейтін қатты “топырақ ұлтаны” қабатының пайда болуына әкеліп соқтырады.

Өсімдіктің тамыр жүйесі осы “топырақ ұлтаны” дейін жетіп бүгіледі де қайырылып қалады, сондықтан тамыр жүйелері әлсіз болып, мол өнім алуды тежейді. Жыртылған танапта топырақ “топырақ ұлтаны” қабаты пайда болмас үшін жылма-жыл жерді әр түрлі тереңдікке жыртып, немесе топырақ тереңдеткіштерді пайдаланған дұрыс.

Гумустық қабаты онша қалың емес топырақтарда терең жырту қабатын жасау үшін топырақ тереңдеткіштері пайдаланады. Ол корпустың артына қондырылып, топырақ қопсытылатын қабаттың 6-15 см тереңдігіне еніп, астыңғы құнарсыз қабатты жер бетіне шығармай қопсытады. Осылайша қопсыту топыраққа ауаның және судың жеңіл сіңіуін жақсартады, өсімдіктің тамыр жүйесінің дамуына қолайлы жағдай жасайды және жыртылған жердің төменгі қыртысын құнарландыруға мүмкіндік береді.

Жерді жыру үшін көп корпусты әртүрлі маркалы аспалы (ПЛН-3-35, ПН-4-35А, ПЛН-5-35), жартылай аспалы (ПЛН-6-35) соқалар қолданылады.

Ауыл шаруашылығында жер жыртудың үш тәсілі қолданылады: айдамдап (загонды), фигуралап және тегістеп жырту. Осылардың ішіндегі ең көп тарағаны айдамдап жырту тәсілі.

Жерді соқамен жыртқанда танаптың топырағы ішке, не сыртқа қарай аударылады да, тұқым себуге, егіс алдындағы топырақ өңдеуге кедергі келтіретін үйме жалдар немесе айырма жүйелер (бороздалар) пайда болады. Жерді осылай етіп жыртқанда өңделген қабаттың жалпы тереңдігі 35-40 см жетеді.

Соқаның өңдегіш құралдарының екі немесе үш сатылы қондырғысы суармалы мақта егіншілігі жүйесінде қолданылады. Өйткені, топырақты дағдылы тәсілмен жыртқанда, өңделген топырақ қабаты мен оның төменгі қабатының аралығында қатты “ топырақ ұлтаны” пайда болады, ал өңделген қабаттан төмен орналасқан топырақ, жылма-жылғы сор шаюдан және өсіп-даму кезеңдеріндегі суарудан мейлінше нығыздалады. Бұл ретте мақта дақылы тамырларының терең бойлауына бөгет жасалады.

Фрезерлеу топырақты арнайы терең өңдеу тәсілі ретінде өте шымды (қыртысты) шабындықтарды және шымтезекті топырақтарды өңдеуге қолданылады. Фрезерлеу кезінде топырақ өңдеудің бірнеше тәсілдері, яғни жырту, культивациялау, тырмалау жүзеге асырылады. Топырақты фрезерлегенде ол жақсы ұсатылады және араласады. Жалпы өңдеу тереңдігі 25-40 см-ге дейін жетеді. Фрезерлеу арқылы топырақ өңдеу үш топқа бөлінеді: жаппай өңдеу, отамалы дақылдардың қатараралығын өңдеу және арық қазу жұмысын орындау. Фрезерлегеннен кейін топырақ егін себер алдында культивациялаудың қажеті шамалы. Топырақты фрезерлеу әртүрлі фрезарлар қолдану арқылы орындалады.

Саңылаулау. Топырақтың су өткізгіштігін жақсарту, күзгі жауын-шашынды, көктемгі қар суын жинау үшін топырақта терең тіліктер жасалатын өңдеу тәсілін саңылаулау дейді. Бұл тәсіл су эрозиясымен күресу үшін қолданылады. Ол үшін арнаулы саңлау жасағыштармен ені 3-5 см, ал тереңдігі 1,5 метрге дейін жететін саңылаулар жасалады, олар арқылы топырақтан артық сулар әкетіледі. Аталған әдіс беткейдегі грануметриялық құрамы ауыр топырақтарды өңдеу үшін қолданылады.

Бұл тәсіл қазіргі кездерде Қазақстанның солтүстік облыстарында пар өңдеу жүйесінде қолданылып жүр, себебі парға ықтырма сепкенде онда қар қалың жиналып, көктемде еріген су топыраққа сіңіп үлгермей су эрозиясын тударады. Сондықтан, осы су топыраққа жақсы сіңуі үшін оны саңылаулайды.



Жыралау. Бұл тәсіл гранулометриялық құрамы ауыр, су өткізгіштігі нашар топырақтарды өңдеу үшін қолданылады. Ол үшін топырақтың 35-40 см тереңдігінде жердің бетіне параллель орналасқан диаметрі 6-8 см дөңгелек жыралар жасалады. Олардың арақашықтығы 0,7-1,4 метр болуы мүмкін.

4.5 Тау беткейі топырағын негізгі өңдеу.

Тіктігі 20 градусқа дейін келетін таулы және жарқабақты беткейлерді топырақ қыртысын айырма қарықсыз және аударылған үйме жалдарды баурай бойымен төмен қарай жатқыза өңдейді. Мұндай өңдеуге жыртылған топырақты тек оң жаққа қарай аударылатын тетіктермен жабдықталған соқалармен жүргізу тиімсіз болады. Сондықтан, таулы бөктерлерді арнаулы челнокты және топырақ шымын оңға да, солға да аударып отыратын тетіктері бар арнайы соқалармен өңдейді. Осы жырықшаларға жиналған ылғал топыраққа сіңіп, соның арқасында судың сай-салаға ағып кетуі азаяды, су эрозиясы болмайды. ПЧС-4-35 екі секциялы челнокты қопсытқыш соқалардың бір секциясын оңға аударатын, ал екіншісін солға аударатын корпустармен жабдықтайды. Соқаның бір секциясын трактордың алдына, ал екіншісін артына тіркейді. Агрегат танаптың шетіне жеткенде, бұрылып жатпай өз ізімен кейін қарай жүреді. Егінжай топырағын су эрозиясынан қорғау үшін корпустың біреуіне ұзатылған қайырма қондырылады. Бұл қайырмамен өңделген топырақтың биік үймесі жауын-шашын суына бөгет болады, топырақтың қарашірігін шайылып кетуден сақтайды.


4.6 Жердің беткі қабатын өңдеу тәсілдері және құралдары

Ауылшаруашылық дақылдарының өніп-өсуіне және жақсы дамуына жерді тек терең өңдеу жеткіліксіз, сондықтан оның беткі қабатын өңдеу керек. Осыған орай топырақты негізгі өңдегенге дейін, не одан кейін немесе терең өңдеу тәсілін қолданбай-ақ топырақтың беткі қабатын өңдейді. Жердің беткі қабатын өңдеуге сыдыра жырту, культивациялау, тырмалау, катоктау, малалау және басқа әдістері жатады.



Сыдыра жырту топырақтың беткі 10-12 см тереңдігін қопсытып, оның қыртысын болмашы аударып өңдейді. Ол үшін сыдыражыртқыштар қолданылады. Бұл құрал арамшөпті отайды, жыртылған топырақтың қабатында ылғалды сақтайды. Сыдыражыртқыш ойық және дискілі болып бөлінеді.

Дискілі сыдыра жыртқыштың алымы 10-20 метр, өңдеу тереңдігі 5-6-дан 10-12 см, қимыл бұрышы 15-35 градус болады.

Ойық дискілі сыдыражыртқыш топырақты егін себер алдында, өңдеу, үгіту, ал жазық дискілі сыдыражыртқыш көктемде ылғал жабу үшін қолданылады. Оның дискілері арамшөптерді жойып, топырақты ұстады және аударып отырады, ал жазық дискілер-топырақты қопсытады және жылжытады.

Түренді сыдыра жыртқыштар топырақты 10-14 см тереңдікке өңдейді.

Топырақты өңдеу жүйесінде сыдыра жырту дәнді дақылдар егісінде қолданылады, себебі танапта қалған дәнді масақты дақылдардың аңызы топырақтағы қалған ылғалдың қорын аңыз арқылы буланып ұшып кетуге мәжбүр етеді, себебі олардың тамыр жүйелері әлі тіршілік қабілетін жоғалтпаған. Академик Виноградов дәнді дқылдарды жинағаннан кейін қалған аңызды сорғыш насоспен теңестірген. Осыған орай дәнді дақылдардың аңызын сыдыражыртқышпен өңдеу, олардың тамыр жүйелерін қырқып, судың буланып ұшып кетуін азайтады. Сонымен бірге сыдыра өңдеу дақылдарды жинағаннан кейін аңызды және пар танабын өңдеуге, әсіресе ондағы арамшөптердің жатаған тамырларын ұсақтауға қолданылады. Сыдыра жырту тың, тыңайтылған жерлер, көп жылдық шөптердің қыртысын жыртудың алдында және жыртқаннан кейін олардың шымын өңдеу үшін қажет болады.

Сыдыра жыртудың пайдасымен қатар зиянды жағы да бар. Сыдыра жыртқанда топырақ үгіліп, оның үстіңгі қыртысы уатылады және құрғап кетеді, аңыз сабақтары топыраққа көміліп қалады. Көктем ылғалды болған жылдары, сыдыра жырту пайдалы болады. Өйткені,ол арамшөптерді, әсіресе қара сұлыны мейлінше жояды және аңыздық дәнсепкіштердің жұмыс істеуі үшін қолайлы жағдай жасайды.

Культивациялау жер өңдеудегі жыртудан кейінгі көп ең қолданылатын маңызды топырақ өңдеу тәсілі. Культивациялау кезінде топырақ қопсытылады, араластырылады және арамшөптер қырқылады. Сонымен қатар онымен өсімдіктерді түптеуге, үстеп коректендіруге болады.

Культивациялаудың екі түрі болады: тегіс (жаппай) және қатараралықты культивациялау.

Тегіс культивациялау өсімдіктер жоқ жерлерде, яғни егін себер алдында, оны жинағаннан кейін және таза парларда жүргізіледі. Ал қатар аралықты культивациялау отамалы дақылдарды күтіп-баптағанда жүзеге асырылады. Қатараралықты өңдегенде өсімдіктер қасында өңделмейтін қорғау алаңшалары қалдырылады, олар өсімдік тамырларын қырқылудан сақтайды.

Отамалы дақылдардың өніп-өсуі барысында олардың қатараралықтарын өңдеген кезде минералдық тыңайтқыштарды қосымша коректік зат есебінде беруге болады. Отамалы дақылдардың қатараралықтарын өңдеуге ылғалы мол аймақтарда дақылдарды түптеу, ал суармалы егіншілікте танаптарда қарықтар жасау жатады.

Топырақты культивациялау үшін КРН-4,2,КРН-5,6, РВК-4,2, РВК-5,6, КОН-4,2, КПШ-5, КПШ-9, КПШ-11 және басқа культиваторлар қолданылады. Бұл культивациялардың жұмыс органдары табан және пышақ тәріздес, серіппелі, штангалы болып келеді, сондықтан олардың әрқайсысының атқаратын қызметі әр түрлі.

Тырмалау танапта ылғал сақтау, арамшөптердің жас өскіндерін (жіпшелерін) құрту, танапты тегістеу үшін жүргізілетін топырақ өңдеу тәсілі.

Тырмалар тісті (ЗБСС-1, ЗБТС-1), дискілі (БДТ-7) және инелі (БИГ-3А) болып бөлінеді. Тісті тырмалар жер қайырмалы соқалармен өңделген танаптарда, ал, дискілі және инелі тырмалар танапты сыдыражыртқыштармен өңдеген жерлерде қолданылады.

Бір тіске түсетін қысымы бойынша тісті тырмалар жеңіл, орташа және ауыр болып үшке бөлінеді. Егер, бір тіске түсетін қысым 0,5-1,0 кг болса жеңіл, 1,0-1,5 кг болғанда, орташа, ал 1,5 кг-нан артық жағдайда ауыр тырмалар қатарына жатады.

Тісті тырмалар соқамен аударып жыртылған жерлерде қолданылады. Жеңіл тырмалар күздік дәнді масақты, отамалы дақылдар егістіктерінде арамшөптердің жас өскіндерін және топырақ қабыршағын жою үшін ерте көктемде, егістікті суарғаннан кейін, отамалы дақылдар көктеп шыққаннан соң жүргізіледі.

Орташа тырмалар тығыз емес және гранулометриялық құрамы жеңіл топырақтарды, ал ауыр тырмалар балшықты, сазбалшықты топырақтарды тырмалау үшін қолданылады.

Танап бетіне аңыз және өсімдік қалдықтарын сақталу үшін жазықтабан сыдыратілгіш культиваторлармен өңделген танаптарда инелі тырмалар пайдаланылады. Тырмалау тереңдігі 3-4 см шамасында. Дискілі тырмалар топырақ кесектерін жақсы ұсатады, шым қыртысын тіліп, оларды қопсытады. Сондықтан оларды гранулометриялық құрамы ауыр, нашар өңделген жерлерде қолданады.



Нығыздау. Топырақты нығыздау, ұсату және оның беткі қабатын тегістеу үшін жүргізілетін өңдеу тәсілі нығыздау деп аталады. Онымен бір мезгілде тоң кесектерді ұсақтау, топырақтың қабыршағын бұзу, ептеп қопсыту жұмысы да жүзеге асырылады. Бұл технологиялық процесті бұдырлы, сақиналы ЗККШ-6 нығыздағышы, ЗКВГ-1,4 құралдары арқылы жүзеге асырылады.

Бұдырлы сақиналы нығыздағыштар топырақты аз үгітеді, құрылысының ерекшелігі арқасында, олар өткен жерде, топырақтың үстіңгі қабаты түйіртпекті болады. Нығыздау ерте көктемде арамшөптердің, әсіресе қарасұлының, тез көтерілуі үшін қажет. Егін себілгеннен кейінгі нығыздау сіңірілген тұқымның топырақпен жанасуын жақсартады, соның нәтижесінде дәнді дақылдардың егістік өнгіштігі 10-15 пайызғадейін артады.

Сор және сортаң топырақты ылғал күйінде нығыздау зиянды, өйткені топырақ бетінде қатты қабыршақ пайда болып үлкен зиян келтіреді. Мұндай топырақты егін себілгеннен кейін нығыздау тұқымның көктеп шығуына кесел жасап ауылшаруашылық дақылдарының өнімін төмендетеді. Сол себептен мұндай танаптарды нығыздауды тұқым себер алдында жүргізген жөн.

Танапты нығыздау топырақтың көптеген сапалық көрсеткіштеріне әсер етеді. Егер, егін себер алдында топырақ нығыздалса, онда ауылшаруашылық дақылдарының тұқымдарының бірдей тереңдікке сіңіріліп, өсімдік өскіндері бір мезгілде көктеп шығады, сондықтан егіннің бір мезгілде пісуі қамтамасыз етіледі. Танапты егін сепкеннен кейін нығыздаудың негізгі мақсаты-топырақтың төменгі қабатында жатқан ылғалды жоғары көтеріп, оны тұқымның бөртіп, тез көктеп шығуына жағдай жасау. Топырақты нығыздау катоктар арқылы жүзеге асырылады. Олар топыраққа түсіретін қысымына байланысты жеңіл, орташа және ауыр болып үш топқа бөлінеді.

Малалау. Суармалы жерлерде танаптардың беткі қабатын тегістеу және нығыздау үшін топырақты малалайды. Ол үшін арнаулы құрал мала пайдаланылады. Малалау кезінде жердің ой-шұқыры тегістеліп ірі кесектер ұсақталып ойпаң жерге жылжытылып түсіріледі. Малаланған танап біршама тегістеліп, оған берілген су біркелкі жайылады.

Бақылау сұрақтары:

1.Топырақ өңдеу тәсілдерін атап көрсетініз?

2. Тау беткейі топырағын өңдеудің маңызы?

3. Жердің беткі қабатын өңдеу тәсілдері және құралдарын атаңыз?



Негізгі әдебиеттер:

1.Әуезов Ә.Ә., Атақұлов Т.А., Сүлейменова Н.Ш., Жаңабаев Қ.Ш., Егіншілік, оқулық, Алматы. 2005

2.Жаңабаев Қ.Ш.егіншілік оқулық 2006
Қосымша әдебиеттер:

1.Жаңабаев Қ.Ш.,Саудабаев Т.С., Сейтов И.С., Өсімдік шарушылығы өнімдерін өндіру технологиясы, Алматы, «Қайнар» 1994

Әр аймақтың топырақ-климаттық ерекшеліктеріне сәйкес ауыспалы егісте белгілі бір дақылға арналып жүргізілетін, алға қойылған мақсатты шешуге бағындырылған және белгілі бір тәртіппен ғылыми тұрғыға негізделіп жүргізілетін топырақ өңдеу тәсілдерінің жиынтықтарын топырақ өңдеу жүйесі деп атайды.

Топырақ өңдеу жүйесі алғы дақылдарға, танаптың жағдайына, яғни оның ылғалдық дәрежесіне, арамшөптермен ластануына, топырақтың грануметриялық құрамына, құрылымына, құрлысына, егілетін ауылшаруашылық дақылдарының биологиялық ерекшеліктеріне, аймақтың топырақ-климаттық және басқа жағдайларға байланысты.

Жүргізілу мерзіміне қарай топырақ өңдеу жүйесі егін себер алдындағы және сепкеннен кейінгі болып бөлінеді.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   ...   19




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет