Мазмұны 1 Глоссарий 2 Дәрістер 3 Тәжірбиелік және зертханалық сабақтар 4 Студенттің өздік жұмысы Глоссарий Агроқабылдау



бет12/19
Дата29.03.2017
өлшемі6,26 Mb.
#12534
1   ...   8   9   10   11   12   13   14   15   ...   19

Жазықтабан сыдыра жыртқышпен өңделген жердің сапасын бағалау

Жерді аудармай өңдеудің негізгі – мақсаты арамшөптерді жойып, топырақты эрозиядан қорғау үшін танапта орылған егістің аңызын және басқа да өсімдік қалдықтарын сақтау. Топырақты аудармай өңдеудің сапа көрсеткіштеріне мыналар жатады: орылған егіс қалдықтарының сақталуы, өңдеу тереңдігі, арамшөптерді толық қырқу. Тексеру нәтижесінде алынған көрсеткіштерді кестеге түсіріп, оларды агротехникалық талаптармен салыстыра отырып, топырақ өңдеуге сапа бағасы беріледі.

Топырақ өңдеу сапасына трактордың жүру жылдамдығы да өз әсерін тигізеді. Көптеген тәжірибелердің арқасында трактордың егістік жұмыс жылдамдығы терең қопсытқышпен топырақ өңдегенде сағатына 9-10 шақырым, жазықтілгішпен - 10-11 шақырым, ауыр культиватормен - 8-9 шақырым, шанышқылы тырмамен - 10-12 шақырым, дискілі сыдыражыртқышпен - 10 шақырымнан артық болмағаны тиімді екені дәлелденді. Осылай барлық орындалған егістік жұмыстарға баға беріледі.

Топырақ эрозиясы және онымен күрес шаралары. Адамдар өмірінде жер ерекше орын алады. Ол біріншіден, адамдарды асыраушы жер-ана; екіншіден, ауылшаруашылық өндірісінің негізгі құралы, үшіншіден, жер халық байлығы. Бүгінгі нарық заманында, жер жекеменшікке берілгенде оны көздің қарашығындай сақтау әрбір адамның, әр маманның алдында тұрған басты міндет.

Қазақстан Республикасы жер қорын басқару агенттігінің республиканың жері ұлан байтақ, дәлірек айтқанда онң көлемі 272,5 млн.гектар, сондықтан жер жүзінде 9-шы орында тұр. Ауыл шаруашылғында пайдаланатын жердің көлемі 222,5 млн гектар, соның ішінде егістік жер 21,4 млн. гектар, яғни республика бойынша әр адамға 1,4 гектар егістік жер келеді екен. Бұдан, жердің көптігінен, оған немқұрайлы қарау керек деген ұғым тумай, керісінше жерді келер ұрпаққа сақтау керек. Табиғатта топыраққа кері әсер көрсететін факторлар көп. Солардың бірі- топырақ эрозиясы.

Жер өңдеу кезінде топыраққа ықпал жасау оның құрылымы мен құрылысының бұзылуына және табиғи топырақ құрылу процесі бағытының өзгеруіне, ең соңында эрозия құбылысының пайда болуына әкеліп соқтырады. Эрозияның қатерлі, тіпті апатты зардабын сезіну үшін оның мәнісін терең түсіне білу керек.

Сонымен топырақ эрозиясы дегеніміз оның желдің немсе судың (жаңбыр мен қар сулары, қолдан берілетін сулар) күшімен бұзылып, басқа бір алыс не жақын жерге барып шөгуі.

Топырақ эрозиясы ауылшаруашылық өндірісіне орасан зиян келтіреді. Біріншіден, эрозияның әсерінен топырақтың беткі қабаты желмен ұшып немесе сумен шайылып кетеді, сондықтан шаруашылықар жердің құнарлы қабатынан, өсімдіктер коректік заттардан айырылады. Мысалы, Якубовтың деректері бойынша жердің 50 см қабаты желмен ұшып кетсе, қарашірігі аз құмдақ топырақтың әр гектарынан 11-16 тонна гумус, 150-300 кг азот, 120 кг фосфор жоғалатын көрінеді.

Францтың мәліметтеріне қарасақ, жел мен су жылда Еуропадан 840 млн тонна, Афркадан 21 млрд. тонна топрырақты мұқиттар мен теңіздерге алып кетеді екен.

Бүкіл материк жыл сайын эрозияның кесірінен жердің беткі 2 см қабатынан айырылады. Сондықтан, топырақтың қарашірігі кемиді. Мысалы, А.А.Зайцевваның зерттеулері бойынша Павлодар облысында топырақ эрозияға ұшырамағанша оның қарашірік мөлшері 2-3 пайыз болса, ал эрозиядан кейін 0,8-1,5 пайыз қалған. Табиғатта 2,5 см жердің беткі гумустық қабаты түзілу үшін 300 ден 1000 жылға дейін уақыт керек.

Екіншіден, эрозияның салдарынан дәнді дақылдардың жас өскіндерін топырақ түйіршіктері қырқып жібереді, яғни егістік жойылады. Атап айтқанда, тың және тыңайған жерлерді игерудің алғашқы жылдарында Қазақстанда эрозияның кесірінен 2,9 млн гектар дәнді дақылдардың егісі жойылып кетті. Осы жылары республиканың астықты өңірлерінде жел эрозиясының кесірінен 12,8 млн гектар егістің өнімі төмендеп, одан 170 млн пұт асытық кем жиналды.

Үшіншіден, эрозия құнарлы егістік жерлерді жарамсыз қылып, оларды не айналымнан шығарып тастауға мәжүр етеді, немесе басқа түрге көшіруге тура келеді. Мысалы, 1962-1964 жылдары Павлодар облысының шаруашылықтары эрозияға ұшыраған 850 мың гектар егістікті шабындыққа, жайылымдыққа және басқа түрлерге айналдыруға мәжбүр болды.

Эрозияға ұшыраған жерлерге себілген ауылшаруашылық дақылдарының өнімі күрт төмендейді. Оның себеі эрозияның әсерінен топырақтағы қарашірік мөлшері азаяды, соның салдарынан ондағы коректік заттардың тапшылығынан өсімдік зардап шегеді.



Топырақ эрозиясымен күрес шаралары.

Су эрозиясымен күресуде шаруашылыққа тиісті жерді дұрыс пайдалана білудің маңызы зор. Бұл әсіресе бедері күрделі болып келетін таулы жерлерде және тау бөктерінде орналасқан шаруашылықтар үшін өте қажет. Су эрозиясына дөңес жерде орналасқан танапар өте бейім болады. Сондықтан, мұндай топырақты жиі қопсыта беруді қажет етпейтін дақылдар егу керек. Дөңес жерлердің топырағын су эрозиясынан қорғау шараларының ішінде дақылдарды еңіске көлденең, контур бойынша егу керек.

Эрозия кезінде қатты соққан жел жердің үстіңгі қабатындағы топырақты ұшырып, дақылдардың тамыры ашылып қалады. Ұшырылған топырақ түйіршіктері дақылдардың жапырағын зақымдайды. Ықтау жердегі өсімдіктердің көміліп қалуына әкеліп соғады, ал кей жағдайда егістікті көшкін топырақ басып қалады да егіннен ешқандай өнім алынбайды. Эрозия зардабынан өнім кемуінің мөлшеріне байланысты дақылдар үш топқа бөлінеді. Бірінші топқа мақта, күнбағыс, картоп, темекі, сәбіз, тары, күздік, жаздық бидайлар, жүгері, көкөніс дақылдары жатады. Бұл дақылдар өнімін қатты төмендетеді. Мысалы, топырағы эрозияға аздап ұшыраған жерлерде аталған дақылдардың өнімі 10-30% кемиді, орташа бүлінген жерлерде –30-70, ал қатты бүлінген жерлерде-65-90 пайыз кемиді.

Екінші топқа топырақ эрозиясына орташа ұшырайтын арпа, қарақұмық, бұршақ тұқымдас біржылдық шөптер сияқты дақылдар жатады. Бұл дақылдардың өнімі эрозиядан аздап бүлінген танаптарда 5-15 пайызға, орташа бүлінген жерлерде - 30-35, қатты бүлінген танаптарда 40-70 пайыз кемиді.

Сұлы, қара бидай, көпжылдық шөптер басқа дақылдарға қарағанда эрозияға төзімді келеді. Бұл дақылдардың өнімі шамалы бүлінген жерлерде 5-10 пайыз, орташа бүлінген жерлерде 15-40 пайыз, қатты бүлінген жерлерде 25-55 пайыз кемиді.

Эрозияның пайда болу факторлары. Топырақ эрозиясы негізінен екі фактордың әсерінен пайда болады. Олар: табиғи және адамдардың шаруашылық іс әрекеті (антропогендік факторлар).

Табиғи факторларға климат, жер бедері, топырақ және өсімдіктер жамылғысы жатады. Климаттың ішінде топырақ эрозиясын тудыратын ең басты фактор – жел. Оның әсерінен негізінен жел эрозиясы пайда болады. Ол әсіресе қуаңшыл және өсімдік жамылғысы нашар, топырағының гранулометриялық құрамы жеңіл аймақтарда күшті әсер етеді. Жел эрозиясының пайда болуы, желдің жылдамдығына байланысты. П.С.Захаровтың деректері бойынша жердің беткі қабатынан 10 см биіктіктегі желдің жылдамдығы секундына 8-12 м болғанда эрозия пайда бола бастайды, ал ол жылдамдық 12-15 м/сек жеткенде эрозия процесі күшейіп, желдің жылдамдығы 16-25 м/сек жеткенде күшті эрозияға әкеліп соқтырады.

Келесі эрозия тудыратын фактор – топырақ түйіршіктерінің мөлшері. Егер топырақ түйіршіктерінің мөлшері 0,05-0,15 мм аралығында болса, эрозия жер бетінен 15 см биіктікте желдің жылдамдығы 3,5-4 м/сек болғанда пайда бола бастайды, топырақ түйіршігінің мөлшері 1мм болса, онда эрозия тудыру үшін желдің әлгі биіктегі шапшаңдығы 9,6 м/сек , ал 1,5 мм болғанда-11,1 м/сек болуы керек.

Эрозияның пайда болуы тек ғана топырақ түйіршіктерінің мөлшерімен шектелмейді, ол топырақтың гранулометриялық құрамына тікелей байланысты. Мысалы, құмдақ топырақтарда жел эрозиясы пайда болу үшін жер бетінен 15 см биіктегі желдің күші қарақоңыр топырақтарда 3-4 м/сек, ал жеңіл саздақ топырақтарда - 5,0 м/сек болуы керек.



Жер бедері. Топырақ эрозиясы кез келген жер бедерінде пайда болады. Дегенмен, ол көбінесе дөңес жерлерде тезірек пайда болады. Мұның әсіресе су эрозиясына қатысы бар.

Өсімдіктер жамылғысы эрозияның басты факторлардың бірі. Егер, өсімдіктер жамылғысы күшті және оның тығыздығы зор боса, онда эрозия процесі болмайды, немесе баяу жүреді және керісінше. Себебі жер бетіндегі өсімдік жамылғысы жақсы болса, ол желдің күшін азайтып, топырақ түйіршіктерінің желмен ұшып кетуіне кедергі жасайды. Ал, өсімдік жамылғысынан айырылған жерлерде эрозия процесі күшті жүреді. Өсімдік жамылғысының жоғалып кетуіне топырақ өңдеу тәсілі және малды ретсіз жаю үлкен әсер етеді. Адамдардың шаруашлық іс-әрекеті топырақ эрозиясының пайда болуына әсер ететін күшті фактор. Ол әсіресе 1954-1956 жылдар арасындағы тың және тыңайған жерлерді көтеру кезінде республикада жел эрозиясының пайда болуына үлкен әсерін тигізді. Әсіресе, республика топырағының гранулометриялық құрамын және ашық далалық аймақтағы желдің күшін еске алмай 25 млн астам жерлерді қайырмалы соқалармен аударып жыртқанда, яғни өзінің өсімдік жамылғысынан айырылғанда күшті байқалды. Республиканың ауа райын зерттейтін станциялардың деректері бойынша тың көтерілген аймақтарда жылына 300 күн желді болып тұрады екен. Міне, осындай үлкен массивті жыртып тастау жел эрозиясының пайда болуына әкеліп соқтырды. Осының арқасында тың игеруден он жыл өткен соң республика бойынша жел эрозиясы 11 млн гектер жерді қамтыды. Сол жылдар ішінде Павлодар облысының Шарбақты ауданында жел эрозиясының кесірінен 300 мың гектардан астам жер ауыршаруашылық өндірісіне пайдлануға жарамсыз болып қалды. Ал, облыс бойынша 1955-1961 жылдар арасында жел эрозиясы 700 мың гектар жерді қамтыды. Тек, бұрынғы “Лебяжье” кеңшары 1958 жылы жел эрозиясының кесірінен бірнеше мың гектар жерді айналымнан шығарып тастауға мәжбүр болды.

Ал, 1962 жылы Қазақстанның солтүстік өңірінде орналасқан төрт облысында (Қостанай, Ақмола, Павлодар, Солтүстік Қазақстан) эрозияның әсерінен 1,5 млн гектар жер пайдаға асудан қалды.

Топырақ эрозиясының пайда болуына оның гранулометриялық құрамы үлкен әсер етеді. Гранулометриялық құрамы жеңіл, құмдақ, құмдауыт топырақтар жел эрозиясына тез ұшырайды.

Қазақстан Республикасы жер қорын басқару Агентігінің мәлеметтері бойынша еліміздің ауыл шаруашылығында пайдаланылатын 222,5 млн гектар жердің 8,1 млн. жеңіл сазбалшықты, 3,3 млн га құмдауыт, 2,77 млн. құмдар. Бұл топырақтарда кез келген уақытта эрозия пайда болуы мүмкін.

Эрозия түрлері . Эрозияны тудыру факторларына байланысты оның екі түрі, яғни жел және су эрозиясы болады. Осылардың ішінде Қазақстандағы басым түрі-жел эрозиясы.

Жел эрозиясы кезінде топырақтың майда бөлшекері ұшып “қара дауыл” көтеріледі, ал су эрозиясы болған танаптарда үлкенді-кішілі жыралар пайда болады және жаз айларында өте тапшы болатын су мен әр түрлі коректік заттар ағып кетеді, яғни топырақтың құнарлылығы төмендейді. Сондықтан, эрозиямен күрес, топырақты және оның құнарлылығын сақтау үшін күрес деген сөз.

Эрозия топырақтың түзілу процесімен қатар жүретін құбылыс. Топырақ бетіндегі табиғи, немесе ауылшаруашылық дақылдарының өсімдік жамылғысы қаншалық тығыз болғанымен су көп болған ретте топырақ бөлшектерін белгілі мөлшерде шайып, ағызып әкетіп су эрозиясын тудырады.

Жел қатты соққан кезде топырақтың өсімдік жамылғысы жоқ немесе ол аз жерлерде майда ұлпаны ұшырып әкетіп жел эрозиясын тудырады. Бұл қалыпты эрозия деп аталады. Ол баяу жүреді және аса зиян келтірмейді. Қалыпты эрозия климатқа, жер бедеріне, топырақтың судың шаю күші мен желдің бұзу төзімділігіне, өсімдік жамылғысының сипаты мен тығыздығына байланысты болады.

Шапшаң немесе қалыпты эрозия адамның іс-әрекетінен және табиғатта қалыптасқан байланыстардың бұзылуынан туады. Жел эрозиясы орманы жоқ, ашық, жауын-шашын шамалы жауатын жазық далаларда болады. Қазақстанда жел эрозиясы тың және тыңайған жерлер игерілген өңірде көптеп кездеседі. Ол жерлер жыртылғаннан кейін Павлодар, Ақмола, Қарағанды, Ақтөбе т.б. облыстарының топырақтары жел эрозиясынан қатты зардап шекті. Жел эрозиясы кезінде қарашірігі мол, гранулометриялық құрамы жеңіл, коректік заттарға бай топырақтың үстіңгі құнарлы қабатының майда түйіршіктері ауаға көтеріліп, желмен бірге ұшып кетеді. Күнделікті (жергілікті) эрозия. Әр жердің өзіне тән үйреншікті желі болады. Сол жердің әсерінен үлкенді-кішілі сырмалар, құйындар болып тұрады. Бұл желдер үйреншікті болған соң, оған көп көңіл бөлінбейді. Ал, ғалымдардың есебіне қарағанда олардан да келетін зиян аз емес. Мұндай эрозияның әсерінен күн сайын топырақтың құнарлылығы кеміп отырады, желмен ұшқан майда түйіршікерден дақылдардың жас өркендері зардап шегеді, олардың жапырақаы жырымдалып, жыртылады.

Егер, танап топырағының 50 пайызынан көбінің диаметрі 1-2 мм-ден үлкен кесек түйіршіктерден тұрса, ондай танапта жел эрозиясы болмайды. Жел эрозиясының басталуына қатты әсерін тигізетін түйіршікерге диаметрі 0,5-1 мм болатын топырақ кесекшелері жатады. Мұндай түйіршіктер қатты желдің әсерінен көтеріледі де, жер бетімен секіріп домалай бастайды. Осы кезде кесектер басқа кесектерге соғылып, олардың да орнынан қозғалуына себепші болады. Ол кесектер басқаларды қозғайды, сөйтіп ақыры жел эрозиясына айналады. Диаметрі 0,1 мм-ден кем түйіршіктер қатты желдің әсерінен (жылдамдығы 15 м/сек) едәуір алысқа ұшып кетеді де, қалғаны бір жерге үйіледі.

Жел эрозиясының қатерлі де қауіпті түрін шаң дауылы дейді. Ол жердің беті өсімдік жамылғысынан айырылған немесе нашар қорғалған, желі күшті соғатын, топырағының гранулометриялық құрамы жеңіл аймақтарда болады.

Топырақ эрозиясының келесі түрі су эрозиясы. Ол жер бедері күрделі болып келетін Қазақстанның суармалы, таулы және тау бөктерінде орналасқан оңтүстік, оңтүстік-шығыс аймақтарында, ал қар қалың түскен жылдары республиканың солтүстік, батыс облыстарында, әсіресе пар танаптарында пайда болуы мүмкін.

Қар суын жерге тездетіп сіңіру үшін ешқандай әрекет жасалмаса, онда су эрозиясы барлық жерде пайда болады. Су эрозиясы кезінде тек топырақтың құнарлы бөлшектері шайылып қана қоймайды, сонымен бірге оның терең қабатында ылғал аз жиналады, содан барып дақылдар өсу кезінде су тапшылығын көреді. Су эрозиясы тамшылық, жайдақ, сызықтық және иррагациялық болып төртке бөлінеді.

Тамшылық эрозия. Жаңбыр нөсерлеп жауғанда әр тамшының диаметрі 1мм-ден 5мм, соңғы жерге тамардағы жылдамдығы секундына 4,5-9,0 м болады. Осы тамшы топырақтың майда кесекшелеріне тиіп, оны бірте-бірте үгітіп езіп жібереді. Үгітілген бос, майда ұнтақтар топырақтың үстіңгі қабатындағы жіңішке саңлауларды бекітіп, судың сіңуіне кедергі жасайды. Топыраққа сіңіп үлгермеген су жер бетімен ағып, өзімен оның беткі қабатындағы майда бөлшектерін ала кетеді, сөйтіп топырақтың құнарлылығын төмендетеді.

Беткі (үстіңгі) эрозия судың ағынды күші әсер етуінен пайда болады. Мұны кейде жазықтық эрозия деп атайды. Беткі эрозия өте қауіпті, себебі ол көзге онша ілінбей өтіп жатады. Бірақ, бұл эрозиядан келетін зиян көп. Оның әсерінен жыл сайын танаптың әр гектарынан 5 тоннадан 25 тоннаға дейін топырақ шайылып кетеді. Уақыт өткен сайын топырақтың органикалық затарға бай майда түйіршіктері азайып, құнарлылық кемиді, соның салдарынан алынатын өнім төмендейді.



Сызықтық эрозия. Қар еріген немесе жауын жауған кезде судың қатты ағысы топырақта ор жасап, ол жер бірте-бірте үлкейіп, терең жыраға айналады. Оладың ені 2-3 метрге, кейде тіпті 10 метрге жетуі мүмкін. Мұндай жағдайда топырақтың үстіңгі қабаты ғана емес, оның терең қабаттары да бұзылады. Осыны сызықтық эрозия дейді.

Ирригациялық эрозия. Суару кезінде топырақтың далалық су сиымдылығынан артық су бірлесе, онда топырақ беті шайылып эрозия пайда болады. Танапты дұрыс суармаудан туындаған осы эрозияны ирригациялық эорзия дейді.

Топырақты су эрозиясынан қорғауда агротехникалық шаралардың маңызы зор. Бұл шаралар онша қиын емес, оларды кез-келген шауашылықарда қолдануға мүмкіндік бар. Олардың ішіндегі ең бастысы жерді дұрыс өңдеу болып табылады.



Жерді өңдеу. Эрозия жер бетімен ағатын судың әсерінен болатындықтан, барлық агротехникалық шаралар суды топырақтың терең қабатарына сіңіруге бағытталу керек. Еріген қар, жаңбыр сулары топыраққа тез сіңсе, онда жер бетімен су ақпайды, сондықтан эрозия болмайды. Су эрозиясы көптен-көп жер жырту тәсілдеріне байланысты. Дөңес жерді жыртуды тек қана еңіске көлденең жүргізеді, жырту тереңдігі 25-27 см-ден кем болмауы керек.

Контурлап жырту. Мүмкіндік болса жырту жұмысын контур бойынша жүргізу қажет. Бұл үшін теодолит, не нивелир қолданылады. Танапты жыртқан кезде алғашқы соқа қағылған қазықтар бойымен жүріп өтеді, яғни бұл контурды сызып өтті деген сөз. Қалған агрегаттардың да бағыты осы контурға параллел болуы тиіс. Бұл жұмыстың бір қиындығы-жыртылған жерге тұқым себіліп, ол өсіп шыққан соң әлгі жүргізілген контурлы сызықтан адасып қалуымыз мүмкін. Бұлай болмауы үшін контурлық сызықтың бойымен көденеңі 3-4 метр етіп көпжылдық шөп егіп тастаған орынды. Содан кейінгі жырту жұмысы сол жолақтың бойымен жүргізіледі. Көпжылдық шөптерден жасалатын жолақтардың көлденеңі дәнсепкіштің бір жүріп өтетін алымындай болуы тиіс. Мұндай жолақтарды әдете әр 100 метр сайын жүргізіп отырады.

Топырақты жолақтап жырту. Күзде кейбір себептермен дөңес жерге орналасқан танаптарды түгел жыртуға мүмкіндік болмаса, онда міндетті түрде еңіске көлденең жолақтап жыртып тастау керек. Жолақтың көлденеңі трактор соқасының бір, не екі алымындай болуы тиіс. Бір жолақ пен екінші жолақтың арасы мен ұзындығы жердің еңістігіне байланысты өзгеріп отырады. Жердің дөңестігі онша көп болмаса, еңістігі 20-тан кем болса, жолақтардың арасы 10-15 метр болуы керек. Көктемде еріген қар суын жерге сіңіруге әдетте осының өзі жеткілікті болады. Қар суы жыртылған жердің бос топырағына тез сіңіп эрозия болмайды. Егер, дөңес жердің еңістігі 20-тан артық болса, оны тек терең етіп көлденең жырту жеткіліксіз. Қар суының жер бетімен ағуына жол бермеу үшін әр түрлі су ұстайтын микро бедерлер жасау керек. Жерді әр түрлі жалдар, сатылар пайда болатындай етіп жыртқан жөн. Сондай-ақ, арнаулы құралмен су тоқтайтын әр түрлі ұялар жасау қажет.

Көлденең-жалдап жырту. Бұл жұмысты кәдімгі соқамен жүргізуге болады. Ол үшін соқаның төрт аудрғышының біреуін 40-50 см етіп ұзартып қояды. Жырту кезінде бұл аударғыш топрақты алдыңғы аударылған жерге тастайды, содан биіктігі 12-16 см жал пайда болады. Оның үстіне топырақ түспей қалған қарық арық тәрізді арна болып қалады. Қар суы осыларға тоқтап, топырақтың терең қабаттарына сіңе алады.

Ұялар жасау күзде сүдігер жытрылған жерлерде жүргізіледі. Бұл үшін тракторға тіркелген арнаулы ұя жасайтын ЛОД-10 типтес құралдары қолданылады.

Сызат жасау ең көп тараған пайдасы мол тәсіл. Мұның бір жақсы жері, жыра жасалғаннан кейін де әр түрлі дақылдарды күтіп-баптауға арналған агротехникалық шараларды жүргізе беруге болады. Сызат ШП-3-70 маркалы құралмен 40-50 см тереңдікке арасы 1,4 метрдей етіліп жасалады. Сондықтан, қар суы топыраққа оңай сіңеді де, жер бетімен ақпайды. Жердің еңістігі 100 болғанға дейін сызат жасау жұмысы жақсы нәтиже береді. Сызат жасау жұмысын тек қана сүдігерге жыртқан танаптарда ғана емес, сонымен қатар көпжылдық шөптер егілген жерлерде де, күздік бидай себілген танаптарда да, тіпті шабындықтар мен жайылымдарда да жүргізуге болады. Су эрозиясына қарсы жасалған әр түрлі ұялар, жалдар көктемде тегістеледі. Жерді тегістеу үшін тракторге тіркелген КПС-4 культиваторы, ЗБТС-1,0 ауыр тырмалармен бір агрегатта қолданылады және жер тегістегіш ВПН-5,6 А құралын, МВ-6,0 мала тегістегішін де қолдануға болады.

Тыңайтқыштар қолдану. Эрозия кезінде топырақтың құнарлылығы қатты кемитіндіктен мұндай жерлерге органикалық және минералдық тыңайтқыш берудің маңызы зор. Тыңайтқыштар топырақтың құнарлылығын қалпына келтіреді, эрозияға ұшыраған жерлерге егілген дақылдардың өнімі көтеріледі.

Топырақ қорғайтын ауыспалы егістер. Су эрозиясы бар жерге отамалы дақылдарды егуге болмайды. Себебі, отамалы дақылдардың бәрі дерлік топырақтың қопсып жатқанын қалайды және суды көп керек етеді. Сондықтан, отамалы дақылдарды еңістігі 1-1,5 градустан аспайтын жерлерге орналастыру керек. Эрозияға бейім жерлерге дәнді-шөпті ауыспалы егісін қолданған дұрыс.

Орман-мелиорациялау шаралары. Эрозияға қарсы отырғызылатын орман алқаптары топырақтың бұзылмай сақталуына септігін көп тигізеді. Бұл орман алқаптары төмендегідей болып бөлінеді:

- су бөлінетін қырда отырғызылатын орман алқабы қардың көп жиналуына, әсерін тигізеді және жел екпінін бәсеңдетеді;

- су шайып сай-жыраға айналған жерлерге егілетін ағаштар танаптың шетіне дейін созылуы тиіс. Бұл ағаштар сол сайдың жыраланған жағасын бекітеді, жыраның үлкеймеуіне, эрозияның азаюына септігін тигізеді;

- су ағатын сайлардың, өзендердің жағасына отырғызылатын орман алқаптары сол арналардың бойындағы топырақтың эрозияға ұшырамауын қамтамасыз етеді;

- сайдың, жыраның табанына отырғызылатын орман алқабы оларды әрі қарай тереңдеп шайылудан сақтайды. Топырақ эрозиясы болмауы үшін дөңес жерлерге орман жолақтарын отырғызады. Бұл жолақтардың арақашықтығы жердің еңістігіне қарай өзгеріп отырады, егер еңістік 2-30 болса, бір жолақпен екінші жолақтың арасы 300-400 м болады, еңестік 3-40 болса - 250-300 м, ал еңістік 50-тан көп болса 150-200 м болуы тиіс. Орман алқабының көлденеңі 12-20 метр болғанда дөңес жерлерден аққан суды топырақ толық сіңіре алады.

Ирригациялық эрозияға қарсы шаралар. Қазіргі кезде Қазақстанда суарылатын барлық жерлердің көлемі 1,2 млн гектар шамасында, оның ішінде егістік жерлер 1,0 млн гектардай. Мұның 90%-дан астамы республикамыздың оңтүстік және оңтүстік-шығысындағы облыстарында орналасқан. Бұл жердің ішінде егінжай ретінде пайдаланып жүрген дөңес жерлерлер де аз емес. Дөңес жерде су ағысы қатты болатындықтан, суармалы жердің көбісі эрозиядан үлкен зардап шегуде. Ғалымдардың есебіне қарағанда жер суару ережесі мен тәсілі бұзылып жүргізілсе, бір рет суарғанның өзінде ғана әр гектардан 40-50 тонна топырақ шайылып кетеді екен. Ирригациялық эрозия топыраққа келтіреін зиянына қарай екіге бөлінеді:

- суару эрозиясы, яғни жайдақ эрозия, дақылдарды суару кезіндегі болатын танаптағы топырақтың шайылуы;

- қарықтар эрозиясы, яғни сызықтық эрозия – қарықтар мен каналдардың судың әсерінен қазылып шайылуы.

Суару эрозиясы кезінде топырақтың майда, жеңіл, құнарлы бөлігі танаптың биік жерінен сумен төменгі жағына ағып барады да, танаптағы топырақың құнарлылығының әр түрлі болуына әкеп соғады. Жыл өткен сайын танаптың биік жерлерінің құнарлылығы кеми түседі.

Су эрозиясын болдырмау үшін төмендегідей шаралар қолданылады:

- суды ағызып суарудың орнына жаңбырлатқыш техникаларды қолдану керек;

- егіншілікте жаңа әдіс дискретті суаруды қолдану су эрозиясын болдырмауға септігін тигізеді;

- топырақты тек жер астынан суландыратын арнаулы түтіктер жүйесін қолдану өте жақсы нәтиже береді;

- су жүретін жүйелерінің ішін бетондау, әр түрлі темірбетон құбырлар, науалар қолдану;

- су жүретін жүйектердің ұзындығы, тереңдігі, оның ішімен жүретін су мөлшері топырақтың түріне байланысты, ол шайылмайтындай етіліп өзгеріп тұруы керек;

- эрозиядан қатты зардап шеккен танаптарға көпжылдық шөптер егіліп, олар ауыспалы егіс жүйесінен шығарылып тасталуы тиіс;

- эрозияға ұшыраған жерлерге органикалық тыңайтқыштар қолдану жақсы нәтиже береді. Әр гектарға 40-45 тонна көң сіңірілсе, топырақтың физикалық қасиеттері едәуір жақсарады;

- жердің құнарлылығын көтеру үшін бұршақ тұқымдас дақылдарды жасыл тыңайтқыш (сидераттар) ретінде қолдану керек.;

- жерді тегістеу және дұрыс жоспарлау ирригация эрозиясын азайтады;

- танаптарға су жеткізуге арналған қарық жүйесі оны шайып тереңдете бермеуі үшін жердің ыңғайына қарап әр түрлі тұспалар мен бетонды төккіштер жасау керек.

Жел эрозиясымен күрес шаралары Академик А.И.Бараев атындағы бұрынғы Қазақ ғылыми-зерттеу астық шаруашылығы, академик В.Р.Вильямс атындағы Қазақ ғылыми-зерттеу егіншілік институттарының және көптеген ғылыми-зерттеу мекемелерінің ғалымдары жел эрозиясымен күрес шараларын зерттеп, оларды өндіріске кеңінен енгізді. Осы шаралардың бастылары мыналар:

1. Топырақты аударып жыртпай, оның бетінде аңыз қалдыру және басқа өсімдік қалдықтарын сақтау. Жоғарыда аталған ғылыми-зерттеу мекемелерінің деректері бойынша өңделгеннен соң танапта 70 % дейін немесе әр шаршы метр жерде 200-300 дана аңыз сақталса жел эрозиясы болмайды екен. Ол үшін топырақты арнаулы құралдармен өңдеу керек. Оларға топырақты сыдыра қопсытатын, танап үстіндегі аңыздарға онша көп зақым келтірмейтін, жерді терең өңдеуге арналған жазықтабанды КПГ-250, КПГ-2-150, таяз өңдеуге арналған КПШ-9, КПШ-11, КПШ-12 сыдыратілгіш культиваторлары, көктемде ылғалды жабуға арналған БИГ-3 А, БИГ-6 тырмалары, ЛДГ-10, ЛДГ-15, БМШ-15 құралдары, аңызға тұқым себетін СЗС-2,1А дән сепкіштері жатады.

Соқамен аударып жыртылған жерлерде эрозияның салдарынан әр гектардан 10,6 тонна, ал аңыз қалдырылып өңделген танаптардан 1,2 тонна топырақ ұшып кетеді екен. Жел эрозиясы болып тұратын ашық далалық аймақта жерді сыдыра қопсытатын құралдармен өңдегенде соқамен аударылып жыртқан жерлерге қарағанда танаптарда қар қалың тоқтайды. Көктемде сыдыра қопсытылған сүдігерге қарағанда едәуір ылғал көп болады. Осының әсерінен ауылшаруашылық дақылдарының әр гектарын 1,5-3ц өнім артық алынады.

Аңызы сақталған танаптарда көбіне желтоқсан айының басында-ақ қалыңдығы 20-30 см қар тоқтайды, ал аударылып жыртылған танаптарда қар көбіне қыстың екінші жартысында ғана тоқтайды және қалың болмайды. Аңызы сақталған танаптарда қар ерте тоқтайтын себепті жер 70 см-ге дейін тоңданып қатса, ал аңызы жоқ танапта ол 1,5-2,0 метрге дейін тоңданады.Сондықтан, аңыз сақталған жерлерде көктемде қар баяу еріп, оның суы топыраққа жақсы сіңеді.

Мысалы, бұрынғы Қазақ ғылыми-зертеу астық шаруашылығы институтының зерттеулері бойынша орта есеппен 5 жыл ішінде жерді соқамен аударып жыртқанда танаптағы қардың қалыңдығы 17,4 см, ал жазықтабан сыдыра тілгіш культиватормен терең қопсытып өңдегенде 33,7 см, яғни қар екі есе көп жиналған. Топырақтағы соған сәйкес алғал қоры 512 м3/га және 978 м3/га, ал жаздық бидай өнімі 9,5 ц/га және 12,8 ц/га болған.

Жел эрозиясы қаупі бар аймақтарда ерте таза пар қолданған дұрыс, яғни парға қалдырған танаптарды өңдеуді көктемде бастау керек. Бұл өңдеулер сыдыра қопсытатын құралдармен жүгізілуі тиіс. Осылай еткенде жаз бойы жер бетінде аңыздар сақталады да топырақ эрозиясы болмайды. Ғалымдар жүргізген көпжылдық зерттеулер жерді сыдыра қопсытқанда күз, қыс кездерінде түсетін ылғал топыраққа толық сіңуіне мүмкіндік туатынын көрсетіп отыр.

Танапта жатаған бидайық сияқты көпжылдық көгентамырлы арамшөптер болса, сыдыра өңдейтін құралдарды қолданған сайын олардың саны арта түседі. Сондықтан, мұндай танапарды парға қалдырып, жаз бойы жерді 4-5 рет сыдыра қопсытқыш культиваторлармен өңдеп, арамшөптерді жою керек.

Парға қалдырылған танап жаз бойы бірнеше рет өңделетін болғандықтан жаздың екінші жартысында жер бетіндегі аңыздың азаюы себепті жел эрозиясы болу қауіпі туады. Сондықтан, парға қалдырылатын танапқа орақ кезінде астық сабанын жинамай, шашып тастау керек, өйткені ол топырақты эрозиядан қорғауға септігін тигізеді.

Жерді сыдыра қопсытатын құралдармен өңдегенде арамшөптердің саны кейбір жағдайда көбейе түседі. Сондықтан, топырақ қорғаудың бұл тәсілін қолданған кезде ауыспалы егіс жүйесі мүлтіксіз орындалуы керек. Сол ауыспалы егістің бір танабы міндетті түрде пар болуы тиіс. Егістіктің топырақ қорғайтын жүйесі оны терең өңдеуді талап етеді. Парға қалдырылған танапты тамыз айының аяғында терең етіп КПГ-250 жазықтабан сыдыратілгіш культиваторы типтес құралдармен өңделеді содан 2-3 жыл бойы топырақ тек 10-14 см тереңдікке таяз өңделіп тұрады. Кей жағдайда парға қалдырылған танаптарда арамшөптерді жою үшін культивациялаудың орнына әр түрлі гербицидтер қолдануға да болады.

2. Танаптарда жолақтың ені желдің күшіне қарай әр түрлі болады. Мысалы, желі күшті соғатын жерлерде жолақтың ені жалпақ, ал желі бәсең жерлерде керісінше жіңішке болу керек. Осыған орай жолақтардың енінің орташа жалпақтығы 50-100 метрге дейін болады. Жолақтар соғатын желдің бағытына кесе-көлденең орналасуы қажет.

3.Эрозия болатын жерлерде айналымы он жылда бітетін 5 танапты топырақ қорғау ауыспалы егісін енгізу және игеру қажет. Оларда дақылдар мен парларды жолақтап орналастыру керек.

4.Танаптардың жиектеріне топырақты желден қорғайтын орман алқабын отырғызу.

5.Топырағының грануметриялық құрамы жеңіл құмдақ және құмдауыт жерлерде танаптарға көпжылдық шөптерді егіп тастау жел эрозиясын тоқтатады.

6. Парларға биік өсетін дақылдардан ықтырма себу. Ол қыста қар ұстаумен қатар, желдің күшін азайтып, топырақтың тозаң түйіршіктерінің ұшып кетуіне тосқауыл қояды. Осындай кешенді шараларды жүзеге асырса жел эрозиясын мүлдем тоқтатуға болады



Егіншілік жүйесі- өсімдік шаруашылығы саласын ғылыми тұрғыдан жүргізу деп белгілі орыс ғалымы профессор А.В. Советов (1826-1901) ғылыми негізде түсінік берген. ХХ ғасырдың басында академик В.Р.Вильямс минералды тыңайтқыштардың аз мөлшерде өндірілетінін ескере отырып шөптанапты егіншілік жүйесін ұсынды, яғни топырақ құнарлылығын минералдық тыңайтқышсыз көпжылдық бұршақ тұқымдас шөптердің көмегімен қалпына келтіруге болатынын дәлелдеді.

Қазіргі кезде, егіншілік жүйеі деп жерді тиімді пайдалануға, топырақ құнарлылығын арттырып, ауылшаруашылық дақылдарынан жоғары сапалы және тұрақты өнім алу мақсатына бағытталған агротехникалық, мелиоративтік, ұйымдастыру жұмыстарының өзара байланысқан кешенді жиынтығын айтады.

Ғылым мен техниканың дамуына байланысты, егіншілік жүйесінің міндетері күрделіне түсті. Қоғам дамыған сайын, өндірістік қатынастар өзгерді, ауылшаруашылық ғылымының дамуына орай топырақ құнарлылығын қалпына келтіру және жоғарлату әдістері, егіс көлемі, дақылдар түрлері және өнімділік деңгейі өзгерді.Сондықтан, жалпы егіншілік жүйесі де өзгеріске ұшырады.

Бұрынғы замандағы және қазіргі кездегі қолданылып жүрген егіншілік жүйелері даму дәрежелеріне байланысты үшке бөлінеді: қарапайым, экстенсивті және қарқынды (интенсивті).

Егіншіліктің қарапайым жүйесі топырақтың тек табиғи құнарлылығын пайдалануға негізделген. Бұл егіншіліктің алғашқы даму кезеңіне тән ерекшелік, яғни ол егіншіліктің ең қарапайым жүйесі болып саналады. Ерте кезде адамдар орманды алқаптарға егін салу үшін, ағаштарды кесіп немесе өртеп, егістік алаңдар даярлаған. Орманнан тазартылған жерлерде 3-5 жыл бойы дақылдар егілген. Танаптарда арамшөптер көбейіп, топырақ құнарлылығы және өнім мөлшері төмендеген жағдайда, ол жерлер тасталып, егіс үшін жаңа жерлер дайындалған. Егіншіліктің бұл жүйесі отамалы отты өртеу деп аталады. Далалық аймақтарда ағаш мүлде жоқ, немесе жоқтың қасы, онда көбінесе көпжылдық табиғи шөптер өсетіні белгілі. Сондықтан, бұл жерлерде егістік үшін табиғи тың жерлер, жайылымдар мен шабындықтар пайдаланылған. Мұны тыңайған егіншілік жүйесі деп атаған.

Пайдаланылатын жерлердің өнімділігі төмендеп, арамшөптерді көбейіп, құнарлылығы азая бастаған кезде дихандар ол жерлерді тастап, басқа тың жерлерге ауысып отырған. Тастап кеткен танаптарда 15-20 жылдан кейін, табиғи көпжылдық шөптердің өсуіне байланысты, топырағының құнарлылығы қайтадан қалпына келген. Сол кездері, танап қайта жыртылып, егін себілген. Сондықтан, егіншіліктің бұл көшпелі тәсілі-тыңайған “егіншілік” жүйесі делінген. Қазақстанда көпке дейін егіншіліктің осы жүйесі қолданып келген.

Егіншіліктің экстенсивті жүйесі. Бұл жүйе егіске жарамды жерлерді пайдалануды жақсартты. Халықтың санының өсуіне байланысты, егіс алқабының көлемі ұлғайтырылды. Жерге жекеменшіктік пайда болды, сол себепті дихан кез-келген жерді жырту мүмкіндігінен айырылды. Енді, топырақ құнарлылығын қалпына келтіру мерзімін қысқарту қажеттілігі туды. Ондай талаптар жерді парға қалдыру арқылы жүзеге асырылды. Жерді парға қалдырғанда армашөптерді құртуға, топырақтың құнарлылығын жоғарлатуға мүмкіндік жасалды. Жерді тыңайту мерзімі бір жылға дейін қысқартылды. Дақыл егілмеген танапта арамшөптермен күресу жүргізіледі, яғни жаз бойы күтіп-бапталды. Осылай егіншіліктің экстенсивтік жүйесі пайда болды. Парға қалдырылған танаптарға органикалық және минералдық тыңайтқыштар сіңіріледі. Сөйтіп, табиғи жағдайда танаптың құнарлылық күші 15-20 жылда қалпына келетін болса, адам оны бір жылда құнарлы қалпына келтіретін болған.

Алғашында ауыспалы егіс екі танаптан ғана тұрды. Біреуін парға қалдырып, екіншісіне астық дақылдары себілді. Содан кейін екі танапты ауыспалы егістің орнына, 3-4 танапы ауыспалы егісті пайдалана бастады. Бұл экстенсивті егіншіліктің парлы жүйесі деп аталынды. Егіншіліктің бұл жүйесі қарапайым жүйесіне қарағанда жүйесі алға басқандық болды. Бұл жүйе бойынша мол өнім жинау үшін егіске жарамды жерлердің басым көпшілігіне дәнді дақылдар егуге мүмкіндік туды. Егіншіліктің экстенсивтік жүйесіне бұдан басқа көп танапты-шөпті, жақсартылған дәнді дақылдар, шөптанапты жүйелері жатады.



Егіншіліктің интенсивті озық жүйесі. Бұл жүйе 18 ғасырдың басында Англияда пайда болған. Оның ерекшелігі-жерді тиімді пайдалану үшін егіншілікте ғылымға негізделген кешенді шаралар қолданылды. Ол үшін танаптарға қажетті мөлшерде органикалық және минералдық тыңайтқыштар берілді, зиянкестерден және аурулардан қорғау үшін әр түрлі химиялық улы заттар қолданылды. Бұл жүйеде пар жоқ, ауыспалы егіс құрамына техникалық дақылдар енгізілді.

Жылма-жыл танаптарға биологиялық жағынан әр түрлі және өсіру технологиясы бір-бірінен өзгеше дақылдарды орналастыру топырақың құнарлылығын жоғарылатып, алынатын өнім мөлшерін арттыра түсті. Осы күнгі интенсивтік егіншілік жүйесіне тұқым алмастыру, жақсартылған дәнді-парлы, дәнді-отамалы, дәнді-парлы-отамалы, дәнді-шөпті түрлері жатады.

Ғылым жетістіктеріне сүйене отырып құрылған егіншілік жүйесі барлық ауылшаруашылық өнімдерін жеткілікті мөлшерде өндірумен қатар, жыл сайын топырақ құнарлылығының арта түсуін және алынатын өнімнің арзан болуын қамтамасыз етуі тиіс. Егіншіліктің ұсынылған жүйесі оның экономикалық тиімділігі дәлелденгенде ғана ауыл шаруашылығына енгізіледі. Әр аймақтың табиғи-экономикалық жағдайына қарап, оған тиімді егіншілік жүйесі қолданылады. Қазақстанның солтүстік аймағының топырағы қара және қарақоңыр, жауын-шашын мөлшері 300-400мм болады, сондықтан бұл өңірде дәнді-парлы егіншілік жүйесі қолданылады. Жыртылатын жерлердің 2/3 бөлігі астық дақылдарының үлесіне тиеді, ал республиканың оңтүстік және оңтүстік-шығыс өңірінің суармалы жерлерінде негізінен техникалық дақылдар өсірілгендіктен, бұл жерлерде интенсивтік егіншілік жүйесі басым. Суармалы жерлерде таза пар болмайды. Жердің құнарлылығы көпжылдық және біржылдық бұршақ тұқымдас шөптер өсіру, топырақты дұрыс өңдеу, тыңайтқыштар қолдану, ауыспалы егістерді енгізу және игеру арқылы жоғарылатылады.

Қазақстанның солтүстігінде және оңтүстік, оңтүстік–шығыс аймағының тәлімі жерлерінде егіншіліктің топырақты эрозиядан қорғау жүйесі қолданылады. Себебі, тың және тыңайған жерлерді игерген кезде, бұл аймақтарда жел эрозиясы басталды. Топырақтың құнарлы қабатын жел ұшырып әкетті. Топырақты осы апаттан сақтау үшін, егіншіліктің арнайы жүйесі-топырақты қорғау шарасы қолданылды.

Егіншіліктің жүйесін ғылыми негізде құру үшін біраз шаралар қолдану керек. Шаруашылықтың бағытын анықтап, осыған сәйкес егіс көлемінің құрылысын нақтылы есептеу, ауыспалы егіс нобайларын құру, жер өңдеу жұмыстарын жоспарлау, тыңайтқыштар қолдану жүйесін жасау, арамшөптермен, ауылшаруашылық дақылдарының ауруларымен, зиянкестермен күрес шараларын құру, тұқым алмастыру жүйесін жоспарлау, топырақты су және жел эрозияларынан қорғау жүйесін белгілеу, осы жұмыстардың бәрін толық орындауға қажетті ауылшаруашылық машиналары және құралдарымен шаруашылықтарды толық қамтамасыз ету. Бұл шаралар жүйесінің әрқайсысының маңызы аймақтың ауа райына, топырағына байланысты өзгеріп отыруы мүмкін. Топырағының құнарлылығы төмен аймақтарда тыңайтқышты дұрыс беру жүйесінің маңызы басқа шаралардан жоғары болуы мүмкін, ал жауын-шашын аз түсетін жерлерде суару, ылғал жинау және оны сақтау шараларының маңызы зор.

Қазақстан жер көлемі жағынан ТМД елдері бойынша екінші орын алады. Республика жері батысында Еділдің төменгі ағысынан шығысында Алтай тауына дейін 2000 шақырымға, ал солтүстігінде орманды-далалық Батыс Сібір жазығынан, оңтүстігінде Орта Азия шөліне дейін 1695 шақырымға созылып жатыр. Үлкен материктің ортасында мұхиттардан өте қашық орнасқандықтан климаты құрғақ және күрт континентальды болып келеді. Жерінің үлкенділігіне байланысты және территориясында биік таулар болғандықан Қазақстанның климаты, топырағы, жер бедері алуан түрлі болады. Жазық далалары, жалпақ жоталары, биік қарлы таулары да бар. Осыған байланысты, республика территориясы әртүрлі аймақтарға бөлінген. Әр аймақтың топырағына, климатына байланысты өзіне лайықты, тиімді егіншілік жүйелері бар.

Қазақстан Республикасының территориясы төрт егіншілік жүйесіне бөлінген:

1.Негізінен, жаздық бидай өсірілетін Солтүстік, Батыс, Орталық және Шығыс Қазақстанда қолданылатын топырақ қорғау егіншілік жүйесі.

Бұл аймақта жауын-шашынның жылдық мөлшері 250-400 мм, күшті жел жиі соғып тұрады, соның әсерінен топырақ эрозияға ұшырайды. Сондықтан, аймақтың егіншілік жүйесі топырақты эрозиядан қорғауға, мүмкіндігінше көбірек ылғал жиануға бағытталған. Сонымен қатар, тұзы мол, сортаң топырақтардың құнарлылығын көтеруге, арамшөптерді жоюға арналған шараларда жүргізіледі. Бұл өңірде көбінесе қысқа айналымда дәнді-парлы ауыспалы және дәнді-парлы–отамалы ауыспалы егістері қолданылады.

Жауын-шашыны молырақ далалық, орманды-далалық аймақтарда төрт-бес танапты дәнді-парлы ауыспалы егіс қолданылады, онда пардан кейін дәнді масақты дақылдар екі-үш рет егіледі. Кейде алты танапты дәнді-парлы-отамалы ауыспалы егістер қолданылады, онда пар-бір танапты, дәнді масақты дақылдар төрт танапты, сүрлемге арналған жүгері бір танапты алып жатады.

Топырағы жеңіл, құмдауыт болып келетін алқаптарға оны эрозиядан қорғау үшін арнаулы топырақ қорғау ауыспалы егістері қолданылады. Бұл ауыспалы егістердің ерекшелігі-танаптар ені 50-100 м болып келетін жолақтарға бөлінеді. Сол жолақтарға парлар мен дәнді дақылдар, отамалы дақылдар мен дәнді дақылдар немесе көпжылдық шөптер мен дәнді дақылдар кезектесіп егіледі. Бұл жағдайда, егістік жердің 50 пайызы көпжылдық шөптердің, 40 пайызы дәнді масақты дақылдардың, 10 пайызы пардың үлесіне тиеді.

Қазақстанның оңтүстік және оңтүстік-шығысында орналасқан тәлімі жерлерінде күздік бидай, көпжылдық шөптер егілетін топырақ қорғайтын егіншілік жүйесі қолданылады. Бұл жерлерде де жауын-шашын өте тапшы болып келеді (жылына 200-250 мм). Сондықтан, дәнді-парлы үш-төрт танапты ауыспалы егістер қолданылады. Пардан кейін күздік бидай, сосын бір-екі жыл арпа егіледі. Топырағы құмдауыт болып келетін алқаптарда арнаулы бес танапты топырақ қорғайтын ауыспалы егістер қолданылады. Аймақтағы көптеген шаруашылықтардың тәжірибесі егіншіліктің бұл жүйесі өте тиімді екенін көрсетті.

Суармалы жерлерде интенсивтік егіншілік жүйесі қолданылады. Техникалық, көкөністік, малазықтық дақылдар өсіретін Қазақстанның оңтүстігінде және оңтүстік-шығысында орналасқан суармалы егіншілік жүйесінде мақта, қант қызылшасы, темекі сияқты құнды техникалық дақылдар өсіріледі. Мақта тек Оңтүстік Қазақстан облысының оңтүстігінде, қант қызылшасы Алматы және Жамбыл облысында , темекі Алматы облысында өсіріледі. Аталған құнды техникалық дақылдарды арнайы мамандандырылған ауыспалы егісте өсіреді, оның құрамында міндетті түрде бұршақ тұқымдас көпжылдық шөп-жоңышқа болады. Жоңышқа жердің құнарлылығын қалпына келтіріп қана қоймайды, сонымен қатар, жазда бірнеше рет орылып, мал сүйсініп жейтін құнарлы протеинге бай пішен береді.

Көкөніс дақылдары ірі қалаларға жақын орналасқан арнайы мамандандырылған шаруашылықтарда өсіріледі.

Алматы, Жамбыл және Оңтүстік Қазақстан облыстарының суарылмалы жерлерінде жоғары өнім беретін дақыл дәндік жүгері өсіріледі.

Қазақстанның оңтүстік-шығысындағы таулы аудандарында топырақты су эрозиясынан қорғауға арналған егіншілік жүйесі қалыптасқан.

Егіншілік жүйесінің бірнеше буындардан тұрады.

Зертханалық сабақтар.

Арамшөптердің агробиологиялық топтары мен және түрлері мен зертханалық жағдайда танысу бөліміне арналған.
Ауыл шаруашылығына зиян келтіретін негізгі арамшөптердің түрлері зертханалық сабақ кезінде пайдаланатын материалдар

Сабаққа қажетті құрал жабдықтар:

1.Арамшөптердің гербарий материалдары

2.Слайдтар

3.Микроскоп

4.Сурет дәптері,өсіргіш,бояу қарандаштар


Сабақтың мақсаты:

Жергілікті жерге таралған арамшөптердің морфологифлық және биологиялық ерекшеліктермен танысу және агробиолгиялық топтарға бөлу.


Жоспар:

1.Жергілікті жерге таралған арамшөптерді жинау

2.Зертханаға әкеліп кептіріп гербарий дайындау

3.Арамшөптерді агробиологиялық топтарға бөлу



4.Арамшөптердің биологиялық морфологиялық ерекшеліктерін зерттеп,зертханалық жағдайда сараптау.






Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   8   9   10   11   12   13   14   15   ...   19




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет