Мазмұны: Қалыптасқан қазақстан -2050 стратегиясы



бет2/5
Дата04.11.2016
өлшемі0,94 Mb.
#315
1   2   3   4   5

Тарихқа талдау қажет
Жуырда өткен жалпыұлттық маусым кеңесінде Мемлекеттік хатшы Марат Тәжин тұжырымды ойларымен тарихшылар қауымына қозғау салды және мемлекеттік саясаттың тарих ғылымындағы ұстанымын жеткізді.

Тәуелсіздіктен бүгінге дейін тарих ғылымында қандай түбегейлі өзгерістер болды, тарихты оқыту мен зерттеудің қазіргі проблемалары, жалпы, ұлттық тарихымыз қалай насихатталып жүр? Аталмыш кеңесте осы және өзге де тарих мәселелері ортаға салынды. Осыған орай Мемлекет тарихы институтының жетекші ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Күлпаш Ілиясовамен пікір бөлістік.

– Өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдары негізі қаланған Кеңестер Одағы екінші дүние-жүзілік соғыстан кейін АҚШ-пен текетіреске түскен алып державаға айналды. Алайда бір кездері төрткүл дүниені дүркіреткен Одақтың ғұмыры қысқа болды. Өйткені қоғамның барлық саласы таптық қағидалармен шырмалып, кеңестік идеологиямен қаруланды. Ал тарих ғылымы маркстік-лениндік методологияны басшылыққа алды. Соған сәйкес кеңестік тарихнамада пролетариат диктатурасы асыра дәріптеліп, халықтардың тарихы жазылмай қалды. Алайда сталиндік дәуірдің аяқталуы қоғамдық-гуманитарлық ғылымның барлық салаларына қозғау салды.

Бұл қозғалыстың тарих ғылымындағы «біссімілләсі» 1937 жылғы репрессияның құрбандарын ақтаудан басталды. 1957 жылы Ілияс Жансүгіров, Қошке Кемеңгерұлы, Нәзір Төреқұлов және т.б. ұлттық интеллигенция өкілдерінің алғашқы легі ресми ақтала бастады. Аяқсыз қалған бұл үрдіс «горбачевтік» кезеңде шыңына жетті. «Қайта құру» алпыс жыл бойы ақиқаты айтылмай келген тарихтың «ақтаңдақ» беттерін ашты. Оған саяси қуғын-сүргін құрбандарының ұрпақтары қомақты үлес қосты. Мысалы, Қошке Кемеңгерұлы сияқты Алаш арыстарының шығармалары жинақталып, оқырманын тауып жатты. Бірақ тағы да қатаң идеология кедергі жасап бақты.

Бұл қозғалыстың қайта жаңғыруы тәуелсіздік қарсаңына тұспа-тұс келеді. Айталық, 1989 жылы Мәскеудегі «Мемориал» қозғалысы үлгісінде құрылған «Әділет» тарихи-ағарту қоғамын басқарған академик Манаш Қозыбаев әріптестерімен бірге нақты іске кірісті. Қазақтың шығу тегінен (my heritige) бастап, ру-тайпалар тарихын жазуға айтарлықтай үлес қосқан Алаш қайраткерлерінің мұралары, шығармашылығы және ғылыми-педагогикалық қызметі жаңа қырынан ашылды.

Зерттеудің нәтижелері 1993-1994 жылдары екі тілде жарық көрген Қазақстан тарихы очерктеріне арқау болды. Сондай-ақ «Қазақ тарихы» ғылыми-әдістемелік журналының алғашқы саны жарық көрді. Бүгінде бұл басылым да жиырма жылды артқа тастады. Аталған журнал мен очерк материалдары жалпы білім беретін орта мектептер мен жоғары оқу орындарына аса қажетті оқу құралына айналды. Осының бәрі білім беру мен ғылым жүйесіндегі түбегейлі реформалардың алғашқы көріністері-тін.

Сол себепті бұл өзгерістерді тарих реформасының бірінші кезеңі деп қарастыруға болады (1993 – 2013).

Бұл кезеңде Қазақстан Республикасының «Жаппай саяси репрессия құрбандарын ақтау туралы» Заңы (1993) шықты, ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік саясат жөніндегі Ұлттық Кеңестің мәжілісінде «Қазақстан Республикасының тарихи санасын қалыптастыру» тұжырымдамасы (1995) қабылданды. 1997 жыл «Жалпыұлттық татулық пен саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу жылы», 1998 жыл «Халық бірлігі мен Ұлттық тарих жылы» (1998) болып аталды. Мемлекет басшысының «Тарих толқынында» атты еңбегі жарық көрді (1999). Сондай-ақ «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы (2003-2004) жарияланды, іргелі және қолданбалы ғылыми жобалар іске асты, көптеген монографиялар, құжаттар мен материалдар жинақтары, фоно-фотоқұжаттар шықты. Сонымен қатар шетелдік мұрағат қорларын игеру, сырттан әкелінген 5000-ға жуық құжаттармен жұмыс жасау қолға алынды.

Ал тарих реформасының екінші кезеңін осы жылғы жалпыұлттық маусым кеңесінен (5 маусым 2013 жыл) бастау өздігінен сұранып тұрғандай. Онда көтерілген мәселелердің мазмұны терең, ауқымы кең болды. Кеңестің тақырыбына сәйкес, қазіргі қалыптасқан мемле­кетіміздің жағдайында тарихты зерттеуден зерделеуге бетбұрыс жасалды, бұл тарих ғылымындағы прогресс. Басқаша айтқанда, тәуел­сіздік жылдарында жарияланған тарих материалдарын қорытудың мезгілі келіп жетті.

Жалпыұлттық кеңесте тиісті министрліктер мен мемлекеттік мекемелерге «Көне дәуірден бүгінге дейінгі ұлттық тарих» және «Қазіргі Қазақстан тарихы» деп аталатын екі негізгі оқулықты дайындау (жазу) жоспарын жасау тапсырылды. Мемхатшы Марат Тәжиннің баяндамасында нақты көрсетілгендей, «Қазіргі Қазақстан тарихы салыстырмалы түрде тарих ғылымындағы жаңа бағыт. Сондай-ақ оның аяқталған жүйелілік сипаты жоқ, яғни дербес ғылыми пән ретінде қалыптаса қоймаған, методологиясы мен оқу-әдістемелік жағынан толық қамтамасыз етуді қажет ететін пән болғандықтан, бізге тез арада осыларды жою маңызды» делінді.

Осы кеңестен кейінгі қысқа мерзімде тарихшылардың белсенділігі артты, БАҚ арқылы аймақтардағы тарихшылардың дауысы жетті. Тарихшылар қауымы бұрынғы оқшаулықтан арылып, бірегейлікке, өркениетке бет түзей бастады. Сөйтіп, бәріміз «бір терінің пұшпағын илеуге» кірістік. Бұл да прогресс. Жалпыұлттық, мемлекеттік маңызы бар ортақ шаруа қашанда бірлікті талап етеді. «Бірлік бар жерде, тірлік бар» дейді қазақ даналығы.

Кеңесте тарихшылардың жол картасы жасалды деуге болады. Тіпті таяудағы міндеттеріміз анықталып, жұмыс істеу механизмдері көрсетілді. Содан бері қолда бар материалдарды игеру және оларды қорыту ісі қолға алынды. Сосын тарих методологиясын, әсіресе зерттеудің синтездік әдісін жетілдіру, жансыз жатқан дәуір құжаттарын қайта тірілту, тарихты жеткізудің тиімді әдістерін қарастыру бағытында қыруар жұмыстар басталды.

Жоғарыда айтылған Көне дәуірден бүгінге дейінгі ұлттық тарихты жазуда, біз мынадай мәселелерді ескеруіміз керек. Бізге белгілі болғандай, «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы бойынша «Қазақтың екі жарым жылдық тарихы бар». Мәдениеттанушы Мұрат Әуезовтің пікірінше, «бұл кездейсоқтық емес. Бұл қола дәуірінің аяқталып, темір дәуірінің басталуымен тұспа-тұс келеді... Осы кезде бірігу, тұтасу кезеңінің негізі қаланған». Бұл тұжырымды қазақ антропологы Оразақ Смағұл да растайды. Ол «біздің жерімізді мекендеген алғашқы қауым – қола дәуіріне (б.з.д. ХХ-ІХ ғғ.) барып тірелетінін» негіздейді. Сондай-ақ халқымыздың этногенезі туралы «протоеуропеидтық тектің тек қазаққа тән болғанын, оның өзгерместен темір дәуіріне жеткенін, содан кейін Орта Азиядан келген тайпалардың әсерімен өзгеріске ұшырағанын және бұл процестің Шыңғыс хан тұсында күшейіп, біздің жердегі халықтың байырғы түрі өзгеріп, монголоидтық түр басымдық алғанын» айта келіп, «қазақтардың төрт мың жыл бұрынғы антропологиялық, генетикалық, биологиялық ерекшелігінің 30% сақталып қалғанын» алға тартады.

Қола дәуірінде біздің арғы ата-бабаларымыз қуатты күшке айналды. Шетелдік тарихнамада «номад» деген атаумен белгілі болған көшпенділер, шынында Еуразия кеңестігінде жаһандануға негіз болды. К.Маркстің сөзімен айтқанда, «шекараны тауар бұзды». Қытайдан Еуропаға дейінгі ұланғайыр аумақта б.з.д. ІІ ғасырда пайда болған Ұлы Жібек жолы Қазақтың ұлы даласы арқылы Еуразия халықтарының өзара кірігуіне жол ашты.

Жалпы, адамзаттық өркениет қағидасы тұрғысынан қарасақ, халқымыздың тарихи тамырлары әлемдік үрдістермен сабақтас. Оған әйгілі грек тарихшысы Геродоттың еңбегіне арқау болған сақ-скифтердің, батыстық және шығыстық саяхатшылардың қолжазбаларындағы түркілердің, одан бергі заманда қалыптасқан көпэтникалық халықтардың тарихы дәлел.

Мамандардың пайымдауынша, қазақ этногенезі проблемасын ғылымның антропология, генетика сияқты салаларынсыз шешу мүмкін емес. Генетикадағы соңғы жетістіктің бірі ДНК (дизоксирибонуклеин қышқылы), медицинада тірі организмдердегі генетикалық ақпараттың ұрпақтан-ұрпаққа берілуін, сақталуын, дамуы мен қызметін қамтамасыз етуге жауапты нуклеин қышқылының бір түрінің пайда болуымен түсіндіріледі.

Тарих сарайының іргетасын ежелгі тарихқа, қабырғасын орта ғасырлар тарихына, төбесін жаңа заманға, шатырын қазіргі заманға балаған филолог-тарихшы Қойшығара Салғараұлы «Америкадағы үндістердің түпкі тегі – түріктер» деген әлемдік тұжырымның «біздің тарих ғылымындағы түркі халықтары VІ ғасырда пайда болды» деген тұжырымға кереғар келетінін тілге тиек етеді.

Археологтар Есік қорғанынан 1969 жылы табылған алғашқы «Алтын адам» ескерткішінің санын бүгінде жетеуге жеткізді. Отандық археология ғылымы сақ дәуірінен сыр шертетін жер аумағын кеңейтті.

Орта ғасырлық түркі халықтарының Моңғол империясының ықпалына түсуі, моңғолдардың түріктенуі немесе осыған кері процестерге (ассимиляциялану) байланысты ортақ шешім керек. Мысалы, қазақтың шығу тегін Шыңғыс ханнан таратып, Дешті қыпшақта құрылған түрік мемлекеті – Алтынорданы тек қыпшақтарға (қазақтарға) меншіктеу сын көтермейді. Сонда бұл мемлекеттің құрамына кірген Ресейдің еуропалық өңірін, Балтық теңізінің шығысындағы өлкелерді, Польша, Мажарстан, Бұлғарстан, Солтүстік Кавказ, Хорезмді қайда қоямыз?..

ХV-ХІХ ғасырларды қамтитын Қазақ хандығының құрылу жылдарын нақтылаудың да реті келіп тұр. Бұл туралы тарихшылардың түйінді пікірлері «Халық тарих толқынында» айдарымен эфирге шыққан бағдарламаларда талай рет айтылды. Шындығында, Мұхаммед Хайдар Дулатидің жалғыз дерегін (1465-1466 жж.) жоққа шығарудан ұтылмасақ, ұтпаймыз. Қалай айтсақ та, Қазақ хандығын құру ХV ғасырға сәйкес келетіні анық.

Дәл қазір бізге тарихшы Зардыхан Қинаятұлының Қазақ хандығының құрылуын Керей мен Жәнібектің арғы атасы Ақорданың ханы болған Орыс ханмен байланыстыруы, Ақорда мен Қазақ хандығы іс жүзінде бір мемлекет деген тұжырымы маңыздырақ, жаңа концепция. Автор Ақордадан бастап санайтын болсақ, қазақта 40-қа жуық хан, ал қазақ хандығынан бері санайтын болсақ 31-32 хан болғанын айтады. Сондай-ақ Орыс ханның кезінде «Алаш» қазақтың басын біріктірген жауынгерлік ұран болғанын айтып, кейбір ғалымдарымыздың «алты Алаш» деген сөзді «ол башқұрт, қырғыз және тағы бәленше» деуін құптамайды. Ол «Алаш» ұраны Ақорданың тұсында қазақтың ұлттық идеологиясына айналғанын негіздейді.

Осы ретте Алашорда тарихынан аттап кете алмадық. Өткен жылы «Жас Қазақ үні» республикалық қоғамдық-саяси апталығында (22.11.-26.11.2012) тележурналист-алаштанушы Болат Мүрсәлімнің «Алашорда туралы бірер сөз» атты мақаласы жарық көрді. Онда Алаш қайраткері Әлімхан Ермековтің «Жасасын, Алаш автономиясы!» атты мақаласы бойынша Алашорданың құрылған күнін 13 желтоқ­сан емес, одан бір күн бұрын болғаны айтылады. Әрине, контрверсиялық мұндай пікірлердің негізсіздігін айқындайтын деректер жеткілікті. Алайда бұл арнайы қарастыруды қажет ететін тақырып, әрі мына мақаламыздың көлемі көтермейді. Сондықтан, оны алдағы уақыттың еншісіне қалдырайық.

Тәуелсіздік жылдарында Алаш қозғалысына мүше болғандар мен ниеттестер тізімінің бірнеше нұсқалары шықты. Алғашқысы «Қа­зақстан коммунисі» (қазіргі «Ақиқат») журналының 1991 жылғы 8,9,10-сандарында жарияланды. Оған Кеңес Нұрпейіс қосымшалар енгізген. Бұл тізімді 2012 жылы Мәмбет Қойгелдиев пен Болат Мүрсәлім толықтырып, алашордашылардың санын 350-ге жеткізді. Отандық «мұрағат қорларынан 520 алашордашылардың тізімі табылды» деген ақпарат та бар. Бұл тізімге 1917 – 1919 жылдары әртүрлі деңгейде шақырылған Қазақ сьездеріне қатысқан 800-ге жуық өкілдерді де қосуымыз керек.

Тарихты бүгінгі күн тұрғысынан түсіндіруде методологиялық мәселелерді назардан тыс қалдыра алмаймыз. Қазақстан тарихын дәуірлеу (периодизация), деректану, тарихнама және зерттеу әдістерінен туындайтын теориялық және методологиялық проблемалар да шаш етектен.

Ұлттық тарихты зерделеуде отандық деректанушылар мен тарихнамашылардың алатын орны ерекше. Өкінішке орай, олар сан жағынан өте аз, кадрлар жетіспейді. Сондықтан, олардың жанайқайын да түсінуге болады. Әрине, тарихтың дерексіз жазылмайтыны айқын.

Деректану – тарих ғылымының бір тармағы, бұл пән негізі теориялық және методологиялық мәселелерге ден қояды (мысалы: дерек түрлері, деректің пайда болуы, сақталуы, өзгеріске ұшырауы, сыни көзқарас, обьект және субьект, деректерді пайдалану әдістері және т.б.). Деректанудың аудиториясы студенттер мен магистранттар екені жасырын емес. Ал қалыптасқан қазіргі жағдайда деректанушылар тарихтың деректік негіздерін анықтап, оларды тарихи талдаудан өткізуге, сараптамалық қорытындылар жасауға басымдық берсе нұр үстіне нұр болар еді.


Сұхбаттасқан Әйгерім ӘЛІМЖАН,

//Айқын.-2013.-12 қыркүйек.- 5б.




Сайын МОЛДАҒАЛИҰЛЫ, ҚазҰАУ-дың О. Сүлейменов атындағы әлеуметтік- гуманитарлық білім және тәрбие институтының директоры, саяси ғылымдарының докторы, профессор

Ұлт тарихы – отаншылдық тірегі

Өз ұлтының тарихи тәжірибесінен сабақ алмаған халық адамзат өркенімен бірге алдыға баса алмайды. Тарихпен тәрбиелеудің маңызы да осында. Тарих шындықтан алшақ болмауы тиіс. Жалған, мифтенген, бұрмаланған тарихты оқытып, дұрыс тарихи сана қалыптастыра алмайсың. Халық үшін шыншыл тарих – рухани санадағы ауруларды болғызбайтын ең күшті ем. Дұрыс тарихты білген, оқыған азамат дұрыс ойлауға, дұрыс шешімдер қабылдауға қабілетті болады. Сондықтан тарих оқиғалар мен өткен өмір бейнесі, сипаты ғана емес. Ол – саясат, ол – сенім, ол – отаншылдық. Халқының шындық тарихын білген адам өзінің отаншылдық бағытынан жаңылыспайды, өз еліне, жеріне қызмет ететін азамат болып қалыптасады. Тарихты білгенде өз ұлтыңның басынан өткен барлық қиындықтарды, жеңілістерді, қателіктерді, кемшіліктер мен қайшылықтарды білуге міндеттіміз. Сонымен қатар ұлт тарихында жарқын өмір беттері, жетістіктер мен жеңістер де жеткілікті. Даму эволюциясы барысында әрбір ұлт өзінің өмірін тыныштықта, еңбекте өткізуге тырысады. Бірақ, әлсіз, аз санды халықтар, артта қалған елдер ұдайы дамыған, озық халықтар мен мемлекеттердің зорлық-зомбылығын көріп, қанауға түсіп келеді. Сондықтан тарих үстемдікке, зорлыққа қарсы үздіксіз күрестердің жылнамасына да ұқсап кетеді. Адамзат тарихы мүдделерінің соқтығысы, түрлі топтардың, мемлекеттердің өзара таусылмайтын күрестері. Әлемдегі оқиғалар барлық халықтар мен мемлекеттер тағдырларына өз ықпалын тигізіп, әмірін жүргізіп жатады.

Аталған белгілердің барлығы Қазақ елі мен қазақ ұлтының тарихына да тән. Адамзатқа тән барлық қиыншылықтар мен қайшылықтар қазақ ұлтының басынан өтті. Олардың салдарлары біздің рухани өмірімізде және тарихи санамызда өзінің көріністерін беруде. Қазақ ұлты өз дамуында сыртқы басым күштердің ықпалын ерекше сезінді. Олармен күресте өте ауыр жеңілістерге де ұшырады. Миллиондаған адам құрбан болды.

Ел тарихын нағыз шыншылдық тұрғысынан жазу, зерттеу мәселесі Қазақстан Республикасының ұлттық тарихын зерделеу жөнінде Астанада 2013 жылдың 5 маусымында өткен кеңейтілген жиында талқыланды. Негізгі баяндама жасаған Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Марат Тәжин көптеген өзекті мәселелерді көтерді.

Ең бастысы Қазақстанның білім беру жүйесінде Қазақстан тарихы қоғамдық ғылымдардың шешулі буынына айналуы керек. Мемлекеттік хатшы бұл ойды бекер айтып отырған жоқ. Қоғамдық ойдың, танымның және идеологияның тірегі ғылыми, объективті тұжырымдалған тарихи таным болуы керек. Шындық тұрғысынан жазылған тарихты танып қана дұрыс саяси шешімдер қабылдай аламыз.

Екіншіден М.Тәжин өз баяндамасында Қазақстан тарихын түбегейлі қайтадан қарап, ескі стереотиптерден, бодандық санадан қалған штамптерден бас тартуға шақырды. Жасыратыны жоқ осы уақытқа дейін Қазақстан тарихының негізгі мәселесінің барлығын Ресей тарихының негізгі басымдылықтарына бағындырып келдік. Бұл қателік Қазақстанның әлемдік өркениетті орнын, оның көне тарихын дұрыс, шындық тұрғысынан бағалауға мүмкіндік бермей келді. Ең қиыны қазақ ұлтының этногенезін дұрыс ұғындыра алмадық. Қазақтың этникалық бірлік ретіндегі өмірге келуін XIV-XV ғасырлармен байланыстырып келдік. Осы кезеңге дейін Қазақстан жерін түрлі тайпалар мен халықтар одағы мекендеп келді. Қазақ этносы олардың он шақты тайпалық одақтарының бірігуінен қалыптасқан деген пікірге тоқтадық. Өзіміздің этникалық құрылым ретіндегі бастауымызды орыс ұлтының ІХ-Х ғасырдағы қалыптасуынан 3-4 ғасырға кейінге шегеріп, «олардан кіші», «олардан төмен» екендігімізді айтқандай болдық. Бірақ бұл тарихи ақиқат емес. XIV ғасырға дейін-ақ Қазақстан жерін мекендеген халықтардың қазіргі қазақ тілінде сөйлегендігі, олардың әліпбиі болғандығы, мемлекеттігінің қуатына көрші халықтар мойынсынғандығы туралы деректерді археологиялық артефактілерден, қытай, парсы, египет, т.б. жазба деректерден көріп отырамыз. Демек, қазақ этносының тарихы Қазақ хандығының құрылуынан әлдеқайда ертеректе басталған. Қазақ халқы түркі этносының құрамында болып, Ұлы Түркі қағанатына өмір сүріп, әлем халықтарының көшінде белсенді қызмет атқарған. Түркі халықтары Ұлы Жібек жолы бойымен көшіп отырып, ұлан-ғайыр Еуразия континентін Алтайдан Жерорта теңізіне дейінгі территорияда емін-еркін көшіп жүрген. Бұл Ұлы көште шығындары да аз болмаған.

Үшіншіден, Қазақстан тарихы әлем халықтары тарихының құрамдас бөлшегі. Өкінішке орай, біз өз тарихымызды Ресей тарихына ғана бағындырып келдік. Бірақ барлық шындық осы ғана емес. Қазақ ұлтының тарихи тағдырына Еуразия кеңістігінде болған оқиғалар мен құбылыстар өз ықпалын тигізіп отырғандығы ақиқат. Қазақстан 260 жылдай Ресей боданы болғанға дейін өз тағдырын өзі шешіп келген ел, бостандықтағы халық. Ал XVІІІ ғасырдың екінші жартысынан бастап, Қазақ елі тарих сахнасында жеке-дара ойыншы болудан қалды. Себебі Ресей Қазақстанға тәуелсіз ішкі және сыртқы саясат жүргізуге мүмкіндік берген жоқ. Отар елге айналу кезеңін Қазақ тарихындағы жеңіліс жылдары деп бағалаған артық емес. Себебі осы ғасырларда қазақ-жоңғар соғысынан кейінгі қазақ ұлтына қарсы жасалынған этноцидтік саясаттың бірнеше мәрте шабуылына душар болды. XIV ғасырдан бастап қазақ халқы 3 қуатты империялар қоршауында қалды. Олар: Қытай, Ресей және Жоңғария. Далалық екі мемлекет Жоңғария мен Қазақ хандығы Еуразиядағы өз орындары үшін 100 жылдай текетіресті соғысты. Ақырында Жоңғария жеңілді. Әлсіреген Жоңғарияның ұлан-ғайыр территориясын Қытай империясы жұтып қойды. Әлсіреген Қазақстан біртіндеп Ресей империясының боданына айналды. Шындық осы. Орыс мемлекетінің қазақ ұлтын сақтайтын, оны білім мен ғылымға тартайын деген ешқандай ниеті болған жоқ. Отар болу барысында өзін сақтауға тырысқан қазақ ұлтының өкілдері орыстың озық білімі мен ғылымын меңгеруге, қазақ халқына білім беріп, өркендетуге тырысты. Мен осы ағартушылық отарлық саясатқа төтеп беріп, қазақ ұлтын сақтаудың маңызды жолы болды. Қазақтың рухани өміріндегі ХІХ ғасырдағы және ХХ ғасыр басындағы ағартушылық идеялары болашақ тәуелсіз мемлекет құрудың рухани фундаментіне, алғышартына айналды. Себебі ағартушылықтың мазмұндық арқауы қазақ ұлтын, салт-дәстүрін, тілі мен мәдениетін сақтау еді. Ал ұлтты сақтаудың ең шешуші факторы тәуелсіз ел болу идеясы екендігі белгілі. Қазақтың ұлы ағартушылары халықты білімге, өнерге, ғылымға, мәдениетке тарта отыра оның ұлттық санасын көтергендігі ақиқат. Ағартушылық отаншылдықты оятып, ұлттық құндылықтарды сақтауға, қазақ тілінің дамуына көмектесті. Ұлттық сана ұлттың қорғаныс тетіктерін іске қосты. Оның негізінде қазақ тарихында батырлар, хандар, жырау, ақындар үлгілері болды. Санадағы жаңғырықтар этногенетикалық кодымыздағы оянуларға әкелді. Осындай рухани құбылыстар ғана 260 жылдан астам созылған отарлық жылдарында ұлттың мүлдем ассимиляцияланып кетпеуіне кепіл болды.

Төртіншіден, Мемлекеттік хатшы баяндамасында «ұлттың тарихи жадын сақтау арқылы ғана ұлтты сақтауға болады» деген аса маңызды ойды атап өтті. Ұлттың тарихы жадының алтын діңгегі – қазақ тілі, ана тіліміз. Ұлттық тарихтың негізгі үлгілері қазақ тілінде сақталғандығы ақиқат. Оның негізгі сегменттері аңыздар, мифтер, батырлар жыры, ертегілер, махаббат жырлары қазақ тілінде болса, археологиялық қазбалардан табылған жазулар, таңбалар қазақ тіліне өте жақын көне түркі және Орхон-Енисей тілдерінде жазылып қалтырылған. Қыпшақ, шағатай тілдеріндегі ортағасырлық жазба үлгілері жетерлік. Олардың барлығы бүгін біз қолданып жүрген қазақ тіліне жақын екендігі белгілі. Сондықтан қазақ ұлтының тарихы ең алдымен ана тілімізде жазылып, сарапталып барып орыс, ағылшын тілдеріне аударылғаны дұрыс. Алдағы 4-5 жылда тарихшылар қазақ тарихының негізгі мәселелерін талдай келе, қателіктерден, бұрмаланушылықтан тазаланған нағыз шындыққа сәйкес келетін ортақ Қазақстан тарихы оқулығын дайындау міндеті шешілуге тиісті. Қазіргі бар 15-20 оқулықтарда кемшіліктер мен қателіктер тым көп. Жаңа оқулықта халықты толғандыратын тарихи оқиғалар мен мәселелер тек объективті шындық тұрғысынан жазылуы керек. Оған білікті тарихшылар, саясаттанушылар, экономистер атсалысуы керек. Ал көне заман тарихын, әсіресе, археологиялық зерттеулерде антропологтар, микробиологтар, генетиктер атсалыспаса болмайды. Заманауи тарихи зерттеулер осыны талап етеді.

Бесіншіден, объективті шындықтан ауытқымау ел халқының дұрыс тарихи санасын және саяси мәдениетін тәрбиелеудің кепілі болып табылады. Бұл ретте Қазақстанның отарлық езгіде болуының зияны аса зор болды. Қазақ ұлты өзіне тән эволюциялық даму жолынан шығып қалды. Үш ғасырдай уақыт қазақ ұлтының төл, табиғи мүдделері аяққа тапталды. Қазақ ұлты өркениетті адамзаттың даму көшінен шетке шықты. Кеңес Одағы оның алдындағы патшалық Ресей қазақ халқын өзінің империялық пиғылы мен саясатына бағындырып, тарихи процесті оның табиғи дамуынан мүлде басқа арнаға бұрып жіберді. Міне, осындай тарихи тағдыр қазақ халқының қомақты тобының маргиналданып ұлттық құндылықтардан аулақтануына әкелді. Қазақ тіліне, мәдениетіне, тарихына, салт-дәстүрлері мен дүниетаным жүйесіне аяусыз соққы берілді. Тәуелсіздік жылдары батпандап кірген дертті жаза алмай жатырмыз. Бүгінгі көптеген кемшіліктер мен қайшылықтардың түпкілікті себептері бодандық өткенімізге байланысты. Әсіресе, ұлттық мүдделерді түсінбеу, Қазақстан тәуелсіздігінің тағдырлық мәнін сезінбеу сияқты құбылыстар бодандық санаға байланысты. Бодандық санасы бар азамат тәуелсіз елдің белсенді қызметкері бола алмайтындығы белгілі. Бүгінгі қазақ жерінде осы уақытқа дейін 12 мемлекет болған екен. Олардың атаулары өзгеріп, саяси құрылысы өзгеріп отырғанымен барлығы бір этностың өкілдері болған. Ондағы халықтар қазіргі қазақ ұлтының ата-бабалары. Осы үрдісті бодандық езгі аяусыз бұзды. Қазақ ұлтын Ресей империясы толықтай өз мүддесіне пайдалануы көзделді. Ал еңбекші халықтың диктатурасын орнатамыз деген Кеңес өкіметі де қазақ ұлтын жетістірмеді. Керісінше, күшпен модернизациялау саясаты арқылы 1920-1921, 1931-1933 жылдары жасанды аштық ұйымдастырып, ел халқының 3 миллионнан астамын қырып жіберді. 1 миллионнан астам қазақ басқа мемлекеттерге босқын болып кетті. Кеңестік зорлық саясаты салдарынан әлі күнге дейін 5 миллиондай қазақ әлемнің 42 мемлекетінде шашылып жүр. Шетелдік қазақ диаспорасы мен ирридентасы қазақ ұлтының 3/1-іне тақау. Сондықтан Қазақстан тарихында шетелдегі қазақтар тарихын зерттеуге де көңіл бөлінуі әділет. Ұлт тарихын ұлттың 3/1-ін есепке алмай қалай шыншыл жаза аламыз. Сонымен қатар Кеңес Одағы құрамында болған жылдарды толықтай «қара бояумен» бояп тастауға да болмайды. Осы кезеңде қазақ ұлты өзін сақтаудың қамын да жасады. Көптеген ғалымдар, мемлекет қайраткерлері, еңбек адамдары үлкен табыстарға қол жеткізді. Ірі құрылыстар, қалалар салынды, қоғамның индустриялдық инфрақұрылымы жасалды. Сондықтан қазақ ұлтының Кеңестік қоғамдағы тарихының ақ пен қарасын ажыратып алуымыз міндет. Сонда ғана бүгінгі Қазақстанның мемлекетілігін күшейту жолдарын дұрыс түсіне аламыз, дұрыс тарихи тәрбие береміз. Қазақ халқының Кеңестік кезеңдегі өмірін зерттеудің теориялық және методологиялық тұжырымдамасын белгілеп алғанымыз абзал.

Алтыншыдан, тарих ғылымының салалары көп. Олар: деректану, тарихнама, археология, этнография, т.б. болып кете барады. Сонымен қатар тілтану, өнертану, мәдениеттану, әлеуметтану, саясаттану, антропология, халықаралық қатынастар сияқты аралық ғылымдар Қазақстан тарихына тікелей қатысты. Қазақстан тарихы осы ғылымдардың озық жетістіктерін өз бойына жинағанда ғана толыққанды ғылым болады. Ол объективті тарихи шындықты баяндауға қабілетті жағдайға келеді. Сондықтан өткен, яғни тарихи әлеуметтік-саяси шындықты бірнеше ғалымдар одақтасып барып қана дұрыс тани алады. Мысалы, Кеңес өкіметі кезіндегі ұжымдастыру саясатын алсақ. Бұл құбылыс сол кездегі большевиктер партиясының социализмді орнату туралы түсінігі мен шешімдерінен шықты. Оның Кеңестік тұрғыдан қарағанда әлеуметтік, саяси және экономикалық қажеттілігі болды. Ал қазақ ұлтының өмір сүруі тұрғысынан қарастырғанда, адам айтқысыз ауыр салдарларға әкелді. «Ұлы Отан соғысы жылдарындағы Қазақстан» тақырыбында да біржақты құбылыс ретінде бағалау дұрыс емес. Соғыстың болуына сол кезеңдегі Кеңес Одағы басшыларының да кінәсі болды. Кеңес халықтарымен бірге қазақ халқының ең белсенді, жас буынының қырылуының аса ауыр әлеуметтік, демографиялық салдары болды. Сондықтан Қазақстан тарихы жеңістер мен озық үлгілердің тізбегіне айналмауы маңызды. Шындық адамды емдейді, тәрбиелейді, дұрыс ой мен қимылға әкеледі.

Ал дұрыс тарихи танымды тәрбиелеу үшін дұрыс таным жолын, методологияны қалып­тастыруға тиістіміз. Тарихты жасайтын, оның қозғаушысы – адам. Адам қызметі, еңбегі экономиканы, мәдениетті қозғалысқа түсірді. Сондықтан тарихты объекті мен субъектінің өзара байланысты қозғалысы ретінде зерттейміз. Қоғамдық тарихи дамудың тек формациялардың ауысуына ғана сыйыспайтыны белгілі. Сондықтан қазақ тарихын жалпы азаматтық өркениеттің дамуының сегменті, бөлшегі ретінде қарастырамыз. Отырықшылық пен көшпенділіктің ұштасуы қазақ тағдырына зор ықпалын тигізген. Уақыт, кеңістік, көрші халықтар мен мемлекеттер үлгісі, тарихи дәстүрлер мен тәжірибелер сабақтастығы, мәдениеттер эволюциясы, ұлттық тілдің, тәжірибенің жалғасуы немесе тоқтауы сияқты құбылыстар әлеуметтік шындыққа өзінің ықпалын міндетті түрде тигізіп отырады. Тарих ғылымы тарихилық, историзм зерттеу тәсілін кешенді, жүйелі, салыстырмалы, ретро­спективтік, т.б. зерттеу әдістерімен үнемі толықтыра берсе нағыз тарихи шындық ашылады.

Жетіншіден, Мемлекеттік хатшы тарихшылар кеңесіндегі сөзінде тарих ғылымының дерекнамалық көзіндегі жетіспейтін мәселелеріне де назар аударды. Сөз жоқ бұл мәселе өзекті. Тарих ғылымының Қазақстан тарихын зерттеудегі жетістіктері қомақты. Десек те, біршама деректерді пайдалану жеткіліксіз. Мысалы, шежірелер, жыр, аңыз, ертегілер, махаббат жырларындағы тарихи оқиғаларды, тұлғаларды, топонимиканы ғылыми талдау жасап, пайдалану әлсіз. Жыр-аңыздарды тарихи деректердің маңызды сегментіне айналдыра алмай отырмыз.

Археологиялық қазбалардан табылған түрлі жазулардың, таңбалардың оқылуы, деректер ретінде пайдалануы да жетіспей жатыр. Орхон-енисей жазуларын, көне түркі таңбалары мен жазуларын оқып, тарих ғылымының игілігіне айналдыру да жетіспей отыр. Есік қорғанынан табылған Алтын адамнан бастап, 2013 жылдың көктемінде табылған Үржар патшайымына дейінгі 6 алтындатылған Сақ тайпаларының көсемдерінің әлемдік тарих ғылымдары сақ, үйсін мемлекетінің әлем өркениетіндегі орны мен рөлін көрсетуде үлкен ізденістерді қажет етеді.

Көне түркі жұрты, қазақ ұлтын құраған тайпалар негізінен номадтар екендігі белгілі. Олар үлкен кеңістікте көшіп-қонып, перманентті қозғалыста болған халық. Протоқазақтар Қытай, Персия, Араб елдері, Моңғол сияқты мемлекеттермен, Еуропаны мекендеген халықтармен, кейініректе Ресеймен Жерорта теңізін жағалай қонған мемлекеттермен сауда-экономикалық қатынастарда болған, көпшілігімен соғысқан. Осы оқиғалар туралы деректер аталмыш мемлекеттердің бүгінгі мұрағаттарында бар. Солардың барлығын ғылыми айналымға қоса бергеніміз, Қазақстан тарихына байланысты тарихи танымымызды кеңейтеді. Мәселен, ҚР Білім және ғылым министрлігі осы жұмыстарға қаржы тауып беруіне келіп тіреледі. Үкімет рухани дамудан қаржы аямауы керек деп білеміз. Білікті мамандарды іріктеп арнаулы комиссияларда талқылап, қажетті елдердің мұрағаттарына аттандыра беруге тиістіміз.

Қазақстанның жоғары мектептерінде Қазақстан тарихына екінші кезектегі пән ретінде қарау орын алғаны жасырын емес. Мемлекеттік емтиханды тест ретінде қабылдау, мемлекеттік емтиханға оқу жүктемесін бөлмеу жиі кездеседі. Қазақстан тарихы кафедраларының материалдық базасы да әлсіз. Сондықтан осы басшылыққа байланысты орын алып отырған қателіктерді жөндеуді ҚР ҒБМ өз мойнына алуға тиіс. Сонымен қатар министрлік жанынан Қазақстан тарихын дамыту және зерттеу мәселелерін реттеп, басқарып және шешіп отыратын білікті тарихшылардан және басқа да қоғамдық ғалымдар өкілдерінен тұратын арнаулы комиссия құралса, бұл топ сараптама жасауға қажетті барлық материалдарды іріктеп, сол саланы терең зерттеп жүрген ғалымдардан жұмыс топтарын құрып, олардың жұмыстарын қаржыландырып және ұйымдастырып отырса, тарих ғылымы елімізде жылдам дамып, объективті тарихты жазуға қолжеткізе алатындығымыз даусыз.

Министрліктің қарамағындағы арнаулы «Қазақстан тарихы» журналын шығару да зәрулік. Мүмкін осы уақытқа дейін шығып келген «Қазақ тарихы» журналына жаңаша мәртебе беруге де болатын шығар. Осы журналда министрлік жанындағы арнаулы комиссия көрсеткен, білікті тарихшылар мен қоғамтанушылар көтерген мәселелер талқыланса, төл тарихымызға қосылған қомақты үлес болары сөзсіз.


//Ана тілі.-2013.- 12 қыркүйек .- 2 б.

Қазақстандағы жоғары білім


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет