Мазмұны Қазақстандағы жоғары білім, Ғылым және МӘдениет


Қорқыт Ата атындағы ҚМУ қызметкерлері баспасөз беттерінде



бет5/5
Дата18.03.2017
өлшемі0,91 Mb.
#11859
1   2   3   4   5

Қорқыт Ата атындағы ҚМУ қызметкерлері баспасөз беттерінде
Бағдат КӘРІБОЗҰЛЫ, Филология ғылымдарының докторы, профессор, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті «Қорқыттану және өлке тарихы» ғылыми-зерттеу институтының директоры.

«ҚОРҚЫТ ЖЫРЛАРЫ МЕН ҚАЗАҚ ЭПОСТАРЫ»

арасындағы тарихи-генетикалық байланыс

Бүгінгі Қорқыттану - сөз жоқ, кемі 200 жылдық тарихы бар, іргелі, әлемдік деңгейдегі ілім. Қазіргі уақыт безбеніне салып қарасақ, әрине, оның жеткен жетістіктерімен бірге, әлі де болса зерттей түсуді қажет ететін кемшін тұстары да жоқ емес. Атақты академик, ғұлама ғалым Әлкей Марғұлан өзінің «Қорқыт Ата – қазақ халқының аңызы» [1] деген еңбегінде Қорқыттану ілімінің өзінен бұрынғы, өз кезіндегі жағдайына терең талдау жасайды.

Байқағанымыздай, Ә.Марғұлан бұл еңбегінде Қорқыттанудың ең бір өзекті мәселелерінің әлемдік, кеңестік және қазақ ғылымындағы зерттелу жағдайына тоқталады. Ол Қорқыт туралы қазақтар мен түрікмендер айтатын көне аңыз, әңгімелерге, жырларға ерекше мән береді.

Академик Ә.Марғұлан осы аңыз, әңгімелерді, жырларды Европа, әлем жұртшылығына таныстырушы, насихаттаушы, зерттеуші ғалымдар ретінде Ш.Ш.Уәлиханов, В.В.Бартольд, В.М.Жирмунский, Фуад Копрюлу, О.Ш. Гокяй, Этторе Росси, А.Н.Самойлов, М.О.Әуезов, В.А.Гардлевский, В.В.Вельяминов-Зернов, П.И.Лерх, Л.Герн, Л.Мейер, Г.Н.Потанин, В.В.Радлов, Ә.А.Диваев, И.В.Аничков, В.А.Каллаур, И.Кастанье, П.Н. Спиридонов, И.И.Крафт, Ю.Новицкий, И.Гейер, Л.Берг, Г.Грум–Гржимайло, Х.Кустенаевтердің т.б. есімдерін құрметпен атайды, осылардың еңбектерін талдап-таразылау барысында Қорқыттану ілімі үшін аса маңызды бірнеше тұжырымдарға келеді.

1. Қазақтар мен түрікпендер арасында күні бүгінге дейін айтылып келе жатқан аңыздар бойынша Қорқыт – Сырдария өзенінің бойындағы Жанкент қаласының маңында қоныстанған оғыздар мен қыпшақтардың ортасында VІІІ-ІХ ғасырларда өмір сүрген тарихи тұлға. Ә.Марғұлан осы еңбегінде қазақтар мен түрікпендер айтатын Қорқыт туралы ескі сарындардың Кіші Азия мен Кавказ халықтарында айтыла бермейтінін бірнеше рет қайталап айтып отырады.

Ә.Марғұлан Қорқыт жырларының оғыздар мен қыпшақтар ортасында VІІІ-ІХ ғасырларда дүниеге келгенімен, оның хатталғанға дейін (ХV-ХVІ ғғ.) ұзақ уақыт түзілу, жинақталу, циклдану процестерін басынан өткергеніне шетелдік ғалымдардың ойларын, пікірлерін және өз тұжырымдарын дәлел ретінде келтіріп отырады.

Ә.Марғұлан Қорқыт жырларын зерттеген Паул Пеллио, Е.Блоше, П.Ру сияқты француз, М.Хутсма, И.Хейн, Ф.Бабингер, С.Броккелман сияқты неміс ғалымдарының есімдерін құрметпен атай келіп, Қорқыттануға жаңалық қосқан итальян ғалымы Этторе Россидің еңбектеріне айрықша тоқталады.

Этторе Росси – Қорқыт жырлары мен қазақ және қырғыз халықтарының батырлық эпостары арасындағы ұқсас мотивтерді байланыстырған алғашқы ғалымдардың бірі. Этторе Россидің дәлелдеуі бойынша Қорқыт жырларында кездесетін көптеген толғаулар, Күлтегіннің басына қойылған құлпытастағы жазу – бұлардың бәрі қазақ эпостарының негізі болып саналады. Сондай-ақ ол Қорқыт жырларын зерттеуші алғашқы ғалымдардың бірі тұрғысынан қазақ, қарақалпақ, башқұрт халықтарының батырлық эпосы Алпамысты алғашқыда Қорқыт жырларының құрамдас бөлігі болған, кейіннен үлкен эпосқа айналған туынды деп дәлелдеді.

Сондай-ақ академик Ә.Марғұлан В.В.Бартольд пен В.М.Жирмунскийдің «Қорқытты қадірлеудің Сыр бойында мың жылдық өнегесі бар» деген қанатты сөзін тірілту мақсатында түрік ғалымдарының Қорқыт жырларын зерттеуге қомақты үлес қосқанын айта келе, Қорқыттың шыққан заманын ашқан, көне материалдарды араб, парсы, ескі түрік тілдеріндегі жазбалардан алған Фуад Копрюлу еңбектеріне тоқталады. Фуад Копрюлудің Қорқыт жырларын әдебиет, этнография тұрғысынан зерттегенінің ұтымды шыққан тұстарын атап өтеді.

Академик Ә.Марғұлан еңбегінде Стамбул университетінің профессоры Орхан Шайых Гокяйдың зерттеулеріне ерекше мән берілген. Орхан Шайыхтың еңбектеріндегі Қорқыт жырларындағы Бамсы Берік Байбөріұлының Жүсіпбек жырлаған қазақ эпосы «Алпамыстағы» Байбөріұлы Алпамыс екенін, сондай-ақ «Алпамыстағы» Бадамша қатын мен Қорқыт жырындағы Қысырша қатын екеуінің бір бейне және екі жырда да

Қоңырат руының аты аталатынына дәлелдер келтіргеніне тоқталып өтеді. Алпамыстағы Гүлбаршынның, Қорқыт жырларындағы Бану-Шешектің, Ә.Марғұланның одан әрі дәлелдеп бергеніндей, есімдері Сыр бойында ежелден

31

айтылып келген, аңыз-әңгімелерге негіз болған. Гүлбаршынның атымен аталатын қала «Баршынкент» те, Баршын сұлуға арнап салынған көркем кесене «Көккесене» де Сырдария өзенінің бойында екені тарихтан белгілі. Академик Ә.Марғұланның атап өткеніндей, Алпамыс жыры арқылы Қорқыт жырларының мазмұндық желісі Сыр бойын мекендеген оғыз-қыпшақ тайпаларының ортасынан тамыр тартатыны тұжырымдалады. (VІІІ-ІХғғ.)



2. Қорқыттың оғыздар мен қыпшақтар мекен еткен Жанкент қаласында дүниеге келгенін, Қорқыт денесінің де Сырдария өзенінің бойына қойылғанын алғаш тұжырымдаған ғалымдардың бірі – Ә.Марғұлан. Атақты академик осы еңбегінде Ә.Диваев 1848 жылы түсірген, Қызылорда облысы, Қармақшы ауданының маңындағы Қорқыт станциясына жақын орналасқан Қорқыт мазарының суретін де берген.

Бір ғажабы Ә.Марғұланның дәлелдеуі бойынша бір емес, бірнеше Қорқыт болғанға ұқсайды. Мәселен Орхан Шайх еңбектерінде Германия елшісі Адам Олеариустің 1638 жылы «Имам Қорқыт» деп танылған мазарды көргенін, оның Түрік еліндегі Дербент қаласына жақын маңайда орналасқанын жазғандарын келтіре отырып: «Дербенттегі Олеариус айтқан Қорқыттың моласына мән беруге болмайды, Ұлы Қорқыт ол жерде болмаған. Бір ғана Сырдың бойында оғыздар ортасында өткен кісі. Дербенттің Қорқыты қыпшақтардан қалған басқа Қорқыт, ондай Қорқыттар бергі кезде көп болған», [2] – деп жазады. Демек, Қорқыт жырларындағы Қорқыт, Ә.Марғұланның және басқа әлемдік деңгейдегі қорқыттанушылардың дәлелдеп бергеніндей, Жанкентте туып, Сырдария өзенінің оң жағалауына жерленген Қорқыт деген тұжырымға келуге болады.

3. Қазақ халқының жадында сақталған Қорқыт туралы ескі сарындарда исламнан бұрынғы ескі дін – тәңірі және оның елшілері болып саналатын бақсылар туралы қалай көп айтылса, Қорқыт Ата жырларында осы мазмұн солай толық сақталған. Қорқыт жырларынан оқығанымыздай, білетініміздей Қорқыт – бақсылардың бақсысы, пірі. Академик Ә.Марғұлан өз зерттеулерінде осы бағыттағы өз ойларын, тұжырымдарын ортаға салады, Қорқыт Ата кітабынан, қазақ халқының аузындағы көне аңыз-әңгімелерден, сарындардан көптеген мысалдар келтіреді. «Тәңірі – тарихи дәуірдегі түркі-моңғол елдерінің ескі діні, Тәңірі – исламнан бұрынғы қазақ және өзге түркі тайпаларының негізгі діні. Олар ата-бабасының аруағына сыйынды, тазартатын күш «от» деп таныды, аспанға, күнге, айға табынды», [3] - деп түркі халықтарының тұрмысында, шаруашылығында, әдет-ғұрыптарында күні бүгінге дейін сақталып келе жатқан ырым-жырымдар төңірегінде салмақты ойлар айтады. Ол «Ислам діні Сыр бойына жаңадан кіре бастағанда оған Қорқыт Ата қатты қарсылық көрсетпекші болады, бірақ оны ауызбен айтып жеткізуге ылажы болмай, тек қана қобыз үнімен, жан тербейтін күйлермен, мұңды сарындармен сездіреді, киелі қобызшының керемет сазы өнерімен халық ортасына кеңінен жайылады», [4] - деп жазады. Ә.Марғұлан өз зерттеулерінде Қорқыт жырларындағы алып Домбул мен Дуа қожа бейнелеріне ерекше мән бере отыра, Домбул, Домбауыл туралы қазақ халқының аузында ертеден айтылып келе жатқан көне аңыз-әңгімелерге тоқталады. Бұл әңгімелердің, жырлардың мазмұнындағы Домбауыл да, Дуа қожа да Әзірейілмен соғысып жүреді. Әзірейілге жанын бермеуге тырысады. Академик Ә.Марғұлан «Домбауыл дыңы» делінетін бірыңғай қалақ тастан салынған тарихи ескерткіштің (VІІ-VІІІ) қазақ жерінде, Кеңгір өзенінің бойында тұрғанын және Дуа соқыр туралы Ұлытау, Сарысу қазақтарының аузында күні бүгінге дейін айтылып келе жатқан аңыз-әңгімелерді негізге ала отыра, Қорқыт жырларындағы Домбауыл мен Дуа соқырдың Әзірейілмен соғысы туралы эпизодтан шығарып: «Исламның Сыр бойына жаңадан келген заманын көрсетсе, оның ізі қазақ халқының ойында ХІХ ғ. дейін сақталып келген», [5] - деген қорытындыға келеді. Ә.Марғұлан зерттеулерінде, сондай-ақ жалпы бақсылық өнерге, оның ішінде Қорқыт жырларындағы, қазақ халқының өміріндегі бақсылар мен бақсылықтың жай-жапсарына көп орын берілген. Ол Ш.Уәлиханов, В.В.Радлов, Ә.А.Диваевтардың қазақ арасындағы бақсылық туралы жазғандарына сүйене отырып, «бұларды істегенде бақсылар Қорқыт әулие жасаған қобыздарына үн қосып, сарын айтады. Қобыз тарту, онымен пірін шақыру, бақсылардың ғасырлар бойы келе жатқан бір дәстүрі», [6] - деп түйіндейді.

Бұлардан шығатын қорытынды Қорқыт ата кітабындағы Қорқыт та, қазақ халқының ескі аңыз-әңгімелеріндегі Қорқыт та – тәңірі дінінің өкілі, бақсы. Қорқыт тәңірі дінінің өкілі ғана емес, идеологы, бақсылардың атасы болғандықтан оның ұстанымдары ислам қағидаларымен қабыспайтыны түсінікті болса керек. Кейбір зерттеушілердің Қорқытты исламды қабылдаған әулие деп жүргендерінің шындыққа жуыспайтынына жоғарыда айтылғандар дәлел бола алады. Академик Ә.Марғұланның зерттеулеріне сүйеніп жасаған бұл тұжырымымыздың кешегі, бүгінгі және болашақтағы Қорқыттану ілімі үшін аса маңызды екені талассыз.

4. Академик Ә.Марғұлан Қорқыт Ата кітабындағы орталық бейне – Төбекөзге ерекше мән берген. Бұның себебі осы бейне арқылы түрік, оғыз жырларының шығу төркіні жағынан көнелілігі, олардың жалпы адамзат өркениетіне әсер-ықпалының күшті болғаны дәлелденеді. Мәселен, неміс ғалымы Дицтің Дрезден нұсқасына сүйене отырып, Қорқыт жырларындағы Төбекөз бен Гомердің «Одиссеясындағы» Циклопты (Полифемді) салыстыра келіп, бұл образды гректердің түріктерден алғаны туралы айтқан дәлелі - ғылымға бұрыннан белгілі жайт. Ә.Марғұлан зерттеулерінде Төбекөз сюжетінің қазақтардың көне ертегі-аңыздарындағы нұсқалары туралы көп айтылған. Мысалы, «Аушар хан» ертегісі. Жалғыз көзді дәуге байланысты ертегілер, аңыз-әңгімелер қазақ ауыз әдебиетінің ескі үлгілерінде көп кездессе, Ә.Марғұланның дәлелдеп бергеніндей, осылардың барлығының сюжеттік желісі Қорқыт Ата кітабындағы Төбекөз әңгімесімен бірдей. Осы жерде Қорқыт жырларындағы Төбекөздің де, қазақ ертегілеріндегі, жырларындағы жалғыз көзді дәудің де халық жадында өте ертеден айтылып келе жатқаны, тіпті олардың мифтік сананың үлгілері болып келетінін қорытындылауға негіз бар.

Белгілі қазақ ақыны Олжас Сүлейменов Қорқытты тарихи тұлға емес, мифтік фигура деп жазып жүр. Оның айтуынша, Қорқыт Египет мифологиясындағы Хр Кт – күн құдайы екен. О.Сүлейменовтің Египет мифологиясындағы Хр Кт-тің жерасты өзеніндегі Аноп деген су жыланымен алысып, соның қолынан қаза болатынын өлімнен қашқан Қорқытты су жыланының шағып өлтіретін қазақ аңызындағы сюжеттік мотивпен байланыстыра келіп, бұндай сюжеттердің туысқан түрік, азербайжан, түркімен халықтарында кездеспейтінін, Қорқытты бізге осыдан 5 мың жыл бұрын келген, Египет мифологиясының персонажы деп тұжырымдауы – ойланарлық жағдай. Бұндай пікірге толық қосылу өте қиын, бірақ бір нәрсенің басы ашық, ол қазақ ертегі-жырларындағы бейнелердің адамзат өркениетінің ең ескі, ең көне кезеңдерінен хабар беретіні. Демек, қазақ өркениеті, жалпы түріктік өркениет адамзат санасының ең ерте, балаң дәуірінде қалыптаса бастаған деген сөз.

5. Академик Ә.Марғұлан Қорқыт Ата кітабындағы жырлардың қазіргі Қазақстан аумағында дүниеге келгеніне дәлел ретінде нақты жер, су, өзен, көл, тау, тас атауларының бірнешеуін мысалға келтіреді. Ол Абылғазының жазғандарына сүйене отырып, оғыз елінің жұрттары – күн ту асты Ыстықкөл, Алмалық, Талас, ортасы Сайрам, Қазығұрт, Қарашық тауы (Қаратау), Темірқазық тағы – Ұлытау, Кішітау, Мыстың кені (Жезқазған), күн батысы Сыр суының аяғы (қазақ жырында су аяғы Қорқыт) Жанкент, Қарақұм. Осы айтылған жерлерде Оғыздың аталары бес мың жылдай қоныс етіп отырды деп жазады [7]. Академик Қорқыт жырларында кездесетін қазіргі Қазақстандағы жер-су атауларын: «Қорқыт көл» (Торғайда), «Өгізтау» (Атасу бойында), «Өгіз су», «Өгіз жылғасы», «Өгіз сай», «Тас өгіз» (Сыр бойында), «Баршын көл» (Торғайда, Атбасарда, Арқада), «Түн қыры» (Сарыарқа), Ұлытау, Кішітау, Ортау, Кертау, Құтты қия, Борсықтың құмы, Қарақұм, Сыр суы, Арал, Каспий теңізі, Қаратау, Қараспан, Қазығұрт т.б. деп көрсетеді.

Демек, бұлар да Қорқыт жырларының сюжеттік желісінің оғыздардың атамекені – қазіргі қазақ жерінде дүниеге келгенін дәлелдейді.

6. Сыр бойында сақталған Қорқыт күйлері мен сарындарының бүгінге дейін қолданыста болуы ерекше назар аудартады. Бізге Қорқыттың 20-дан астам күйлерінің аты белгілі болғанымен, нотаға түскені 11 шығарма. Олар: «Қорқыт» (үш нұсқасы бар), «Қоңыр», «Башпай», «Әуіппай», «Желмая», «Елім-ай, халқым-ай», «Сарын», (екі нұсқасы бар), «Ұшардың ұлуы», «Тарғыл тана», «Байлаулы киіктің зары». Қысқа сарынды болып келетін күйлер пішіні жағынан шағын, қарапайым. Қорқыт бақсылардың пірі болып табылатындықтан күйлерінде бақсылар зікірінің желісі байқалады. Күйлердегі бұл ерекшелік көнеліктің, ескіліктің нышаны болып табылады. Қобыздың атасы Қорқыттың мұрасын ғасырлар бойы халқымыз құрметтеп, қорғап келеді. Қорқыт күйлерінде өмірдің мәні мен элегиялық көңіл-күй, терең философиялық тебіреніс бар.

Қорқыт шығармаларының әрқайсысының шығу тарихымен қатар, ежелгі өнердің ерекшелігін көрсететін сарынмен үндесіп жатқан өлең сөздері бар. Осындай үндестікті «Ұшардың ұлуы» шығармасынан байқауға болады:

Жалғызымнан айрылдым,

Қанатымнан қайрылдым,

Ұшар, Ұшар, кә, кә...

«Тарғыл тана» шығармасындағы:

Менің өзім қара едім,

Қарадан туған ала едім.

Туған жерім – Қазалым,

Мына тау болды-ау ажалым, - деп қиналған тананың,

«Әуппай» күйіндегі:

Айналайын балам-ай,

Жас балаңа алаңдай,

Аш болсаң да, ойыңда,

Аман сақтау балаңды-ай, - деп баласын жұбатқан Қорқыттың анаға айтқан сөздері күй ойнағанда сарынына қосыла айтылып отырған. Бұл өнер көнелілігі, ондағы синкретизм (күй, ән, жыр бірігіп келетін) белгілерін айқындайды.

Қорқыттың «Тарғыл тана» күйі өлімді жырласа, «Елім-ай, халқым-ай» күйі халықтың әл-ауқатын, жағдайын ойлап, қамығуын білдіреді. Оның «Қорқыт», «Желмая» атты күйлерінде өлімнен құтылудың жолы айтылса, «Сарын» күйінде ажалдың жеткені, өлімнің бар екені жырланады. Қорқыт күйлерінде аттың шабысымен қатар, жануарлардың ұлуы, құстардың қанат қағып ұшуы сияқты табиғи дыбыстарға еліктеу бар. Мысалы: «Қорқыт» күйінің шығу тарихы аңыздарда былай айтылады. Қорқыт тарғыл тананы қуамын деп байқаусызда өлім аузына келіп қалады, өзіне ажалдың жақындағанын сезген Қорқыт ажалдан құтылуды ойлап, мәңгілік өлмейтін жер іздейді. Желмаясына мініп, дүниенің төрт бұрышын түгел шарлаған Қорқыт мәңгілік өмір сүретін жерді шарқ ұрып іздеп таба алмайды. Қайда барса да, алдынан Қорқыттың көрі кездесе береді. Сөйтіп бұл дүниеде ажалдан қашып құтыла алмасын білген ол жер кіндігін іздейді. Сонда жер кіндігі Сыр бойы екен. «Дүниеде ажалдың құрығы жетпейтін жер жоқ екен. Бәлкім, суға барып отырсам, маған ешкім көр қаза алмас, ажал да батып келе алмас», - деп, желмаясының үстіне жауып жүрген, суға салса батпайтын, тозбайтын қасиетті кілемін Сырдың суына төсеп, судың бетінде қобызын тартып отырып, осы күйді шығарған екен. Бұл күй тыңдаушысын әу бастан елітіп, әсемдігімен баурап кетеді.

7. Қорқыт Ата жырлары мен қазақ эпостарының арасындағы тарихи-генетикалық байланыстар жөнінде жазған қазақ әдебиеттанушылары Ә.Қоңыратбаев, Ш.Ыбыраев еңбектерінің маңызы зор. Осы ғалымдардың ізімен Қорқыт Ата кітабы мен қазақ эпостары арасындағы сюжеттік, әдет-ғұрыптық, тұрмыс-салттық ұқсас мотивтердің кейбірін атауға болады [8].

Қорқыт Ата жырларында негізінен оғыз тайпалары мен бектерінің бейбіт өмірі, олардың байлықтары бірінші болып суреттеледі. Мысалы: «Бір күні Қам Ганұлы Хан Байындыр орнынан тұрыпты; Шам күндігін жер үстіне тіктіріпті; ала шатырды көк жүзіне қарай көтеріпті; мың жерге кілем төсетіпті. Хандар ханы Хан Байындыр жылда бір рет той жасап, оғыз бектерін қонақ етеді екен. Және де той жасап аттан айғыр, түйеден бура, қойдан қошқар сойдырыпты» [9].

Қазақтың батырлар жырында да ең алдымен белгілі бір рудың (қыпшақ, қоңырат, т.б.) өкіліне жататын батырдың ата-аналарын, олардың байлықтарын жырлау – кең таралған мотивтердің бірі. Мәселен, «Қобыланды батыр» жырының көптеген нұсқаларында Тоқтарбайдың дәулеті:

Байлығында есеп жоқ,

Айдалып бағып жайылды,

Төрт түлік малдың бәрі сай, - деп суреттеледі. Мұндай жалпы ұқсастық кейде көркемдік бейнелеу құралдары жағынан да сәйкес келеді. Мысалы, зерттеушілердің пікірі бойынша оғыз эпосына неғұрлым жақын тұрған «Алпамыс» жырында:

Тоқсан мың екен қорасы,

Мұрындық ноқта тимеген.

Түйешілер мінбеген

Сексен мың екен маясы, - деп келсе, оғыз эпосында:

«... тоқсан басты бан үйлерін

Қара жердің үстіне тіктіріпті;

тоқсан жерге ала қалы кілем

төсетіпті; сексен жерге ыдыстар

қойдырыпты...» (ІІ жыр,)

Қазақ эпостарында негізінен көшпенді тұрмыс-тіршілікке байланысты қаһармандардың төрт түлік малын суреттеу басым болса, «Қорқыт жырларында» тұрмыстың басқа да белгілерін қамтып жырлауға көп орын берілген.

«Алпамыс», «Қобыланды» және «Қорқыт» жырларында баласыз қартайған ата-аналардың өз отбасы мен руының қорғансыз екеніне қайғырып, «есепсіз байлығының» баянсыздығына күйіну мотиві бар. Мұндай жағ­дайдың екі түрлі болып келетінін Ш.Ыбыраев: 1. Руы мен мал-мүлкін сыртқы жаулардан қорғайтын ұлдың жоқтығына қарт әкенің қайғыруы оның іштей ойлануына байланысты; 2. Баласыздарды белгілі бір жиын-тойда (мүмкін көне дәуірлердегі салттық жиындарда) әшкерелеп, қудалауға ұшырату, - [10] деп жазады.

Мысалы, «Алпамыс» эпосында Байбөрі жылқы ішінде жүріп былай деп налиды:

Егелік қылар бұл малға,

Артымның жоқ панасы.

Өліп кетсем осы мүлік

Кімдікі болар шамасы?..

Қорқыт жырында Қам Бөрі өзі теңдес бектердің балаларын көріп көңілі босайды: «Хан Қазан, неге аңырамайын, ұлда тірегім жоқ; Алла Тағала мені қарғапты; бектер, тажым, тақтым үшін аңыраймын (жылаймын), бір күні өліп кетсем орнымда, жұртымда кім қалар?» дейді (М.Е.ІІІ жыр).

«Қобыланды» жырының екінші версиясына жататын нұсқаларының көбінде Ақшаханның (кей варианттарда Алшағыр, Жәңгір, т.б.) «қу бас» атандырып, «Бұл тойда ұлсыздарға орын жоқ» деп жәбірлегеніне қатты наразы болған Тоқтарбай үйіне келіп ащы шындықты әйеліне айтады. Мұнан әрі олардың қасиетті әулиелерге түнеп, олардан бала тілеп кетуі баяндалады. Ал Қорқыт Ата жырындағы Дерсе хан ұлы Бұқаш хан туралы жырда осыған ұқсас мотив кездеседі: «Кімде-кімнің ұлы, қызы жоқ – қара отауға қондырыңдар; жесе жесін, жемесе тұрсын да кетсін деген еді. Ұлы барды ақ отауға, қызы барды қызыл отауға қондырыңдар; ұлы, қызы жоқты Тәңірі қарғапты, біз дағы қарғаймыз, мейлі білсін деген еді», (М.Е. І жыр,).

Бір-біріне ұқсас мотивтерді жалғастыра беруге болады (айталық, қалыңдық үшін батырдың өзге елге аттануы, әр түрлі ауыр жағдайларға тап болуы, түс көруі, т.б.). Әсіресе, Алпамыс жырының жалпы сюжеттік желісі оғыз эпосындағы Бамсы-Бәйрек (ІІІ жыр) есіміне байланысты айтылатын оқиғалармен бүтіндей сәйкес келетінін барлық зерттеушілер айқындап отыр.

Ат қою: Оғыздарда ер жігіт бір ерлік жасаған кезінде оған арнайы есім берілген. Осындай ерлік көрсеткен ер жігітке жырда Қорқыт Ата тарапынан арнайы есімдер беріліп, баталар оқылған. Мысалы: Берсе хан ұлы Бұқашжан туралы жырда Қорқыт Ата – «Байындыр ханның өгізімен алысып, соны өлтірді. Баланың аты Бұқаш болсын. Менің берер атым сол, тәңірі өмірін ұзақ қылсын» - депті.

Қазақтың батырлар жырындағы болашақ нәрестенің анасы қабыланның, арыстанның, т.б. өкпесін, жүрегін жеп, жерігін басу секілді сенімдер де осындай аңыздардың бір көрінісі іспеттес. Мұнда қаһармандардың есімі хайуанаттардың атауына (мысалы, оғыз эпосындағыдай бұқа – Бұқаш) тікелей байланысты болып келе бермейді, бірақ олардың мінездемелері «арыстан туған», «қабылан», «арыстандай ақырып», т.с.с. бейнелеу құралдарымен үнемі толықтырылып отырады. Қорқыт Ата жырында да Қазан ханның тұрақты эпитеті: «Амыт суының арыстаны, Қарашықтың қабыланы» сияқты болып келеді.

Кейде жырда, қаһарманның тууына байланысты мотивтерде, шежіре-аңыздардың сілемдері ғана сақталған. Мысалы, «Қобыланды» жырында:

Асыл нұрдан жаралған,

Қыдырбай шалдың еркесі,

Қара қыпшақ Қобыланды

Балаңыздың аты бар.

Той: Оғыз Ұшан баласы Секрек туралы жырда Оғыз Ұшан аман-есен келген екі баласының құрметіне ақ ала шатырлар тіккізіп, семіз айғырлар сойғызып түйеден үлек, қойдан қошқар сойғызып ұлы той жасайды. Қазақтың «Ер Төстік жырында» да Тоқпан балаларының аман-есен елге оралғанына ұлы той жасап түйеден бура, жылқыдан айғыр, қойдан қошқар сойғызады.

Құда түсу: Жігіт жақ қызды әкесінен немесе ағасынан сұрайды. Қызға құда түсіп, жасы үлкен ақсақал немесе мәртебелі кісі келеді. Қорқыт Ата Қаршардан қарындасын Бамсы Байраққа былай деп сұраған болатын: «Мен сенің аспанмен таласқан Қаратауыңның басына шықсам деп келдім, суы гүрілдеп аққан суыңнан өтсем деп келдім. Мен сенің кең етегіңнен еніп, тар қолтығыңа сыйсам деп келдім. Көктің бұйрығы, Тәңірінің жолы деп мен сенің айдан ақ, күннен сұлу қарындасың Бану Шешекті Бамсы Байраққа алып берсем деп келдім». Мысалы «Ер Төстікте» Тоқпан тоғыз баласына қыз іздеп жүріп бір үйге келеді. Жоғарыда ілулі тұрған сегіз сырғаны көреді, үй иесі кенже қызы Кенжекейді тоғызыншы деп көрсетеді. Тоқпан ол үйге құда түсіп, Кенжекейді Ер Төстікке алып береді.

Қалың мал: Байбөрі баласы Бамсы Байрақ туралы жырда Бану Шешекке құда түскелі келген Қорқыт Ата Қаршардың алдына келіп, иіліп сәлем береді. Қаршар қарындасын беру үшін Қорқыттан: «келеге түспеген мың үлек, үйірге түспеген мың айғыр, саулық көрмеген мың қошқар, құйрығы мен мойны жоқ мың ит, мың бүрге» қалың мал сұрайды.

Түс жору: Қазан Салордың ауылын жау шапқаны туралы жырда Ұлашұлы Қазан Салор ұйықтап жатып жаман түс көреді. Ұйқысынан шошып оянып, көрген түсін айтып жорытады. Жалпы дастандарда түс көру мотиві – бас кейіпкердің іс-әрекетінің негізі. Түс көру әрекеті қазақтың «Қобыланды», «Алпамыс», «Қыз Жібек», «Қозы Көрпеш- Баян сұлу», т.б. туындыларында кездеседі. Мысалы: Төлегеннің Ақ Жайықтан еліне қайтар мезгілінде Жібектің жайсыз түс көріп шошынуы, түбінде сол түстің расқа айналуы. Ауылынан ата-анасының айтқан уақытында, қасына нөкер ертіп кетпей, Жібекке берген уәдесінен кешікпеу үшін асығып, жалғыз, жасырын аттанған Төлегеннің інісі Сансызбаймен қоштасуынан осындай қауіптің сарыны сезіледі. Төлегеннің Қособаның түбінде Бекежан бастаған алпыс қарақшының қолынан мерт болуы - әлгі түстің дәлелденуі.

Бел құда: Байбөрі баласы Бамсы Байрақ туралы жырда Байбөрінің баласымен Байбіжанның қызын бесікте жатқанда қосып, жиналған жұртты куә қылады. Осындай құдалықтың түрі «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» жырында да кездеседі. Мысалы: Сарыбай мен Қарабай бір-біріне уәде беріп бірімізден ұл, бірімізден қыз туса айырылмас құда болайық деп анттасады.

Қорқыт Ата кітабы бойынша зерттеулер толастамақ емес. Қалай болғанда да бұл тақырыптың күні бүгінге дейін біраз қаузалғаны қандай шындық болса, бұл бағытта айтылғандарға қосымша теориялық тұрғыдан үлкен жаңалық ашу да соншалықты оңай шаруа емес. Осындай жағдайларды ойлана келе, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті жанындағы «Қорқыттану және өлке тарихы» ғылыми-зерттеу институтының тарихшы, әдебиетші ғалымдары алдағы уақытта көлемді жұмыстар атқаруды қолға алмақшы.

1. Қорқыт туралы барлық түрік тұқымдас халықтардың аңыз-әңгімелерін, жырларын жинау, оларды бір-бірімен және Қорқыт жырларымен салыстыру арқылы теориялық тұрғыдан тұжырымдар жасау.

2. «Қорқыт» энциклопедиясын үш тілде (қазақ, түрік, ағылшын) жарыққа шығару.

3. Жиналған материалдарды сараптау барысында Қорқыттануға салмақты үлес болып қосылатын жаңалықты ғылыми-зерттеу еңбек- монография жазу.

//Сыр бойы.-2014.-24 мамыр.-5-6 б.

35

ЖАСЫЛ ЭКОНОМИКА - 2017

Фарида Рахыш, Бахыт Бекмұратова, И.Әбдікәрімов атындағы Қызылорда аграрлық-техникалық колледж оқытушылары.



ҰЛТТЫҚ СТРАТЕГИЯ ӘЗІРЛЕНУДЕ

Қазіргі уақытта елімізде «Жасыл экономикаға» көшу бойынша ұлттық стратегия әзірлену үстінде. Сарапшылардың пікірінше, жер көлемі жөнінен әлемде тоғызыншы орынды алатын Қазақстанда аталмыш жобаны жүзеге асыруға мол мүмкіндік бар. Соған орай «жасыл экономика» қағидаттарын енгізу мәселесі жан-жақты талдауға негіз болуда. Жақында Астанада болып өткен жиында Қоршаған ортаны қорғау министрі Н.Қаппаров ұлттық жобаның шамамен бір жылдан кейін дайын болатындығын жеткізді.

Атап өтерлігі, БҰҰ «РИО+20» Дүниежүзілік саммитінде Қазақстан «Жасыл көпір» аймақаралық және ғаламдық энергия-экологиялық стратегиясы туралы ұсыныс айтқан болатын. Қазақстанның бұл бастамасы әлемдік қауымдастық тарапынан қолдау тапты. ҚР Қоршаған ортаны қорғау министрі Н.Қаппаров «жасыл экономика» жобасының арзан жоба еместігін,оны жүзеге асыру үшін жыл сайын жалпы ішкі өнімнің 2 пайызын осы салаға жұмсап отыру қажеттігін айтты. «Қоршаған ортаны қорғау министрлігі әзірлеп жатқан құжат қарапайым емес. Құжаттың маңыздылығы сол, ол экономиканың барлық саласын қамтиды. Стратегия әзірленіп болған соң Қазақстанда «жасыл экономиканы» енгізу жөніндегі ұлттық іс-қимылдар жоспары қабылданады», – деді министр.

Көптеген елдерде «жасыл» экономикаға өту кезінде салықтық ынталандыру қарастырылған.

«Жасыл экономиканы» дамытуда Германия, Оңтүстік Корея мемлекеттері алдыңғы орында. Олар «жасылдануды» дамыту бойынша оң нәтижелерге қол жеткізіп отыр. «Біз әлем елдерінің оң тәжірибелерін пайдаланамыз. Бүгінгі таңда әлемде экологияға қатысты көптеген проблемалар бар. Күн сайын табиғи ресурстар азайып, қоршаған орта ластанып жатыр. Сондықтан да адамзат үшін «жасыл экономикаға» көшу міндетті болып отыр», – деді Н.Қаппаров

Балама қуат көздерін қолдану, тұрғындардың таза ауыз суды тұтынуы және өндіріс қалдықтарын қысқарту мақсаттарын жүзеге асыру барысында ауқымды жұмыстар бар. «Жасыл экономикаға» көшудің маңызды бір буыны – қоқыс өңдеу. Соған орай ел аумағында жоспар бойынша 40-тан астам қоқыс өңдеуші кешеннің құрылысы басталмақ. Осындай кешен таяуда Астана қаласында пайдалануға беріледі.

Испан технологиясы бойынша салынған зауыт жылына 400 мың тонна қоқысты қайта өндеп, қала қажеттілігін өтеуге қауқарлы болады. Алдағы 2 жылда республикамызда дәл осындай 9 зауыт бой көтереді.

Бүгінде елімізде жел энергетикасы, қуат көзін үнемдеу, өндірістік және тұрмыстық қалдықтарды кәдеге жарату жөнінде біршама заң қабылданды. Енді саладағы заңнаманың тиімді орындалуын қадағалау – негізгі шара. Сондықтан да «жасыл экономикаға» негізделген құқықтық базаны жетілдіру осы бастан қолға алынуда.



Министрдің атап өтуінше, әзірше стратегияға қанша қаражат қажет ететіндігін айтуға ерте. Нақты бюджеті «жасыл экономиканы» енгізу жоспары әзірленгеннен кейін белгілі болады. «Біз әлем елдерінің оң тәжірибелерін пайдаланамыз, бұл ретте Германия мен Оңтүстік Кореяны атап өткен орынды. Олар «жасыл экономиканы» дамытуда оң нәтижелерге қол жеткізіп отыр.
//Сыр бойы.-2014.-24 мамыр.- 3б.

36

Құрастырушы: Доспаева Р.Т.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет