Қызылорда облысының 2013 жылдың қаңтар-маусым
айларындағы әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы
Өнеркәсіп. 2013 жылдың қаңтар-маусымында облыстың өнеркәсіп кәсіпорындарымен 645,0 млрд. теңгенің өнімі өндірілді немесе 2012 жылдың сәйкес мерзіміне 98,3 пайыз.
Мұнай өнімдерін өңдеу, өзге металл емес минералдық өнімдерді өндіру, тамақ өнімдерінің артуы есебінен өңдеу өнеркәсібінде өсім 18,4 пайызды құрады (27,4 млрд. теңгенің өнімі өндірілді).
Электр энергиясымен жабдықтау, газ, бу беру және ауа баптау бойынша 2012 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2013 жылдың қаңтар-маусымында 15,0 пайызға өсті.
Сонымен бірге, ірі мұнай операторларының жұмыс істеп тұрған ұңғымаларында мұнай қорының азаюы және сулануы салдарынан шикі мұнай өндіру көлемі төмендеуде. Ағымдағы жылдың 6 айында 5,2 млн. тонна мұнай өндіріліп, 2012 жылдың сәйкес кезеңіне 96,1 пайызды құрады.
Мұнай өндіру көлемінің төмендеуі өз кезегінде тау-кен өндіру өнеркәсібі өнімдері көлемінің 2,6 пайызға азаюына (602,2 млрд. теңгенің өнімі өндірілді), сөйтіп жалпы өнеркәсіп өнімдері көлемінің 1,7 пайызға төмен болуына әсер етті.
2013 жылы Индустрияландыру картасы шеңберінде жалпы құны 280 млн. теңгені құрайтын 1 жоба «Қуаттылығы тәулігіне 80 тонна құрама жем зауытының құрылысы» («Жан Арай» ЖШС-гі) іске асырылуы жоспарлануда. 60 жұмыс орны құрылады.
Қазіргі таңда құрал-жабдықтар толық әкелінді. Құрылыс-монтаж жұмыстары шілде айының үшінші онкүндігінде басталады. 2013 жылдың желтоқсан айында пайдалануға беру жоспарлануда.
Инвестициялар. Негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі қайта бағалауды есептегенде 2,2 есеге артып (мұнай компанияларының есебінен негізгі қорларды жаңғыртуға және құруға, ұңғымаларды жайластыруға бағытталған шығындар ұлғайды, құрылыс-монтаж жұмыстарына салынған инвестициялар артты) 126,3 млрд. теңгені құрады, оның ішінде кәсіпорындардың, ұйымдардың және халықтың қаражаты - 2,0 есеге, шетел инвестициялары - 2,0 есеге, қарызға алынған қаражат - 4,3 есеге және жергілікті бюджет қаражаты - 2,4 есеге, республика қаражаты - 25,1 пайызға артты.
Сыртқы сауда айналымы 2013 жылдың қаңтар-мамырында 2140,4 млн. АҚШ долларын құрады және 2012 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 9,4 пайызға артқан, оның ішінде экспорт – 2037,6 млн. АҚШ долларын (2012 жылдың осы кезеңіне 111,5 пайыз), импорт – 102,9 млн. АҚШ долларын (2012 жылдың осы кезеңіне 79,3 пайыз) құрады.
Шағын және орта бизнесті дамыту. Кәсіпкерлік субъектілерінің дамуын қолдау және ынталандырудың негізгі құралдарының бірі - қаржы-несиелік ресурстар болып табылады.
«Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасы жүзеге асырылғаннан бастап, жалпы құны 12 млрд. теңгеден асатын 150 жоба мақұлданып, оның 138 жобасы субсидиялануда.
2013 жыл басынан бері «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасы шеңберінде облыстағы кәсіпкерлік субъектілеріне қолдау көрсету мақсатында жалпы құны 1499,5 млн.теңгені құрайтын 44 жоба мақұлданды.
Нәтижесінде, 2013 жылдың 1 шілдесіне облыста 4879 шағын кәсіпкерлік субъектілері (заңды тұлғалар) тіркелген, яғни 2012 жылдың 1 шілдесімен салыстырғанда 7,9 пайызға өскен. Сонымен бірге, онда жұмыс істейтіндердің саны 11,9 пайызға артты.
Шағын және орта бизнес субъектілері өндірген өнім көлемі 0,1 пайызға өсіп, есепті кезеңде 101,6 млрд. теңгені құрады.
Ауыл шаруашылығы. Ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемі ағымдағы бағамен 7,7 млрд. теңгені құрады. Мал шаруашылығы өнімдерін өндіру көлемінің төмендеуі нәтижесінде ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемінің біршама азаюы байқалуда (6,2 пайызға).
Сонымен бірге, 2012 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда мүйізді ірі қара малдың басы 2,2 пайызға (260,2 мың басқа жетті), жылқы – 9,6 пайызға (81,8 мың бас), түйе – 1,6 пайызға (36,2 мың бас) өсті.
Есепті кезеңде 13,3 мың тонна ет (тірілей салмақта), 33,1 мың тонна сүт (сиыр сүті), 2,7 млн. дана (тауық) жұмыртқа өндіріліп, тиісінше 2012 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 90,0; 95,8; 56,2 пайыздарды құрады.
Достарыңызбен бөлісу: |