ҚОРЫТЫНДЫ
Ресей империясындағы мұсылмандық қозғалыс елде ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында орын алған әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси және рухани-мәдени өзгерістердің нәтижесінде дүниеге келді. 1905-1907 жылдары бірінші орыс революциясы толқыны әкелген өзгерістерден соң, мұсылмандық қозғалыс отаршылдық езгіге қарсы қоғамдық құбылыс ретінде бой көрсетті. Осы жылдары жалпыресейлік үш мұсылман съезі өткізіліп, жеке мұсылман партиясы – «Ресей мұсылмандары одағы» құрылып, Мемлекеттік думада мұсылман фракциясы ұйымдасты. Бүкіл Ресей мұсылмандарының азаматтық құқығын, ұлттық теңдігін, дін еркіндігін қорғау мақсатында өткізілген саяси шараларға қазақ зиялылары да атсалысты. Бірінші және екінші Мемлекеттік думаға сайланған қазақ өкілдері мұыслман фракциясы құрамында болып, орталық ұлттық езгідегі қазақ халқының мүддесін қорғап, азаматтық құқын қамтамасыз ету жолында күресті.
Бірінші орыс революциясының соңын ала орын алған столыпиндік реакция жылдары патша үкіметі мұсылман жұртының ұлт-азаттық күресін бір арнаға тоғыстыруға ұмтылған мұсылмандық қозғалысты «панисламизм» көрінісі ретінде тұңшықтаруға күш салды. Сөйтіп, мұсылмандық қозғалысқа атсалысушы азаматтардың ұлт мүддесі жолындағы әрекеттерін өңін айналдырып түсіндіріп, оларды қуғын-сүргінге ұшыратты. Осы жылдары «Ресей мұсылмандары одағы» реакцияның құрбаны болды. Бірақ реакциялық қысымға қарамастан мұсылман зиялылары азаттық жолындағы күресін онан әрі жалғастыра түсті. Үшінші және төртінші Мемлекеттік думаларда құрылған мұсылман фракциясы езілген халықтардың ұлттық сана-сезімінің оянуы, тәуелсіздік пен еркіндік іздеген елдің мұратына жету жолында күресті. Мұсылман фракуиясы жанында құрылған бюроның құрамында Ә.Бөкейханов пен М.Шоқай секілдік қазақ зиялылары қызмет етіп, қазақ қоғамында қалыптасқан ауыр жағдайларға көпшілік назарын аударуға күш салды. Қазақ халқы Мемлекеттік думадағы өзінің бірден-бір жан ашыры мұсылман фракциясы деп білді. Сондықтан да өзінің бар талап-тілектерін мұсылман фракциясы атына жолдады. Сондай-ақ ол талап-тілектердің шешілуінен үлкен үміт артты.
Мұсылмандық қозғалысқа атсалысушы азаматтар мұсылман жұртының саяси-әлеуметті, щаруашылық, экономикалық мәселелерін көтер жүріп, олар басқа халықтардың Бодуэн де Куртэнэ жетекшілік еткен «Автономистер одағына», Милюков басшылық жасаған кадеттер партиясына мүше болып кіріп, олардың қызметіне де қызу араласты.
1917 жылы Ақпан революциясының жеңісі мұсылмандық қозғалысқа жаңа серпіліс берді. Ұлт аймақтарында қоғамдық негіздегі ұлттық ұйымдардың құрылуы, түрлі деңгейдегі съездердің өткізілуі, Ресей мұсылмандарының уақытша орталық бюросының құрылуы секілді құбылыстар мұсылман жұртшылығының қоғамдық-саяси өмірінің жандануының көрінісі еді. Осы тұстағы мұсылмандық қозғалыс отарлық езгінің түбірімен жойылуына, Ресей демократиялық республика болып қалыптасуына мұсылман халықтарын жұмылдыру бағытында жүрді. Соның нәтижесінде азаттыққа қол жеткізу көзделді.
1917ж. мамырда жалпыресейлік мұсылман съезі өткізіліп, жаңа саяси жағдайда мұсылман халықтарының қоғамдық-саяси істерін үйлестіріп, бір оталықтан басқару ниетінде Бүкілресейлік мұсылмандар кеңесі құрылды. Бұл ұйымның қызметінде Ж.Досмұхамедов, Ж.Ақбаев, У.Танашев секілді қазақ зиялылары атсалысты. Олар бұл ұйымның жұмысына қатыса отырып, қазақ халқының талап-тілегін білдіріп, мүддесін қорғау жолында қызмет етті.
Ақпан революциясынан кейін Ресей мұсылман халықтары өзінің ұзақ уақыт бойы шешілмей келе жатқан мемлкеттік, жер мәселелерін Құрылтай жиналысында бір жола шешуден үміттенді. Сондықтан да Қазақ қаласында өткен екінші жалпыресейлік мұсылман съезінде барлық мұсылман депутаттарының басын қосып, біріктіру үшін Құрылтай жиналысында мұсылман фракциясын құру керектігін баса көрсетіліп, оның платформасы әзірленді. Бірақ мұсылман жұртшылығының Құрылтайдан күткен үміті ақталмай қалды. Себебі, Кеңес үкіметі Құрылтай жиналысын күшпен таратып жіберген еді.
Ғасыр басындағы Ресей империясын шарпыған мұсылмандық қозғалыс Қазақстан сияқты шеткері аймақтардың қоғамдық-саяси өмірінде өзіндік із қалдырған. Бұл қозғалысқа атсалысқан қайраткерлер замана ағымына ілесе отырып, ұлттық бостандыққа жету жолындағы күреске жұмыла кірісіп, шеткері аймақтардың саяси күштерін бастай алатындықтарын ол аймақтардағы халықтардың құқын қорғай білетіндіктерін көрсетіп берді.
Достарыңызбен бөлісу: |