Зерттеу жұмысының хронологиялық шегі. 1905 жылдан 1917 жылғы Қазан революциясына дейінгі аралықты қамтиды. Мұсылмандық қозғалыстың 1905 жылғы революциядан соң бүкіл Ресей империясын шарпығаны белгілі. Осы мезгілден бастап Ресей мұсылмандарының съездері өткізіліп, жеке мұсылман партиясы мен парламенттік фракциясы құрылды. 1917ж. Кеңестер билігі орнатылғаннан кейін Уақытша үкімет тұсында дүниеге келген «Бүкілресейлік мұсылмандар кеңесі» өз қызметін тоқтатуға мәжбүр болды. Сондықтан да зерттеу кезеңін 1917 жылғы қазан айымен шектедік.
Зерттеу жұмысының деректік негізін архив құжаттары, баспасөз мәліметтері, бүкілресейлік мұсылман съездерінің қаулы-қарарлары, Мемлекеттік дума материалдары және жарияланған құжаттар жинағын құрайды.
Зерттеу жұмысындағы дерек көзінің келесі үлкен тобы – мерзімді баспасөздер. Дерек ретінде ғасыр басындағы қазақ, татар және орыс тіліндегі басылымдардың материалдары кеңінен тартылды.
«Айқап» журналы, «Қазақ» газеті секілді ұлттық басылымдардан мұсылмандық қозғалыс жөніндегі мол материалдар кездестіруге болады. Мемлекеттік думадағы мұсылман фракциясының қазақ қоғамына қатысты мәселелерді көтеруі және оның ұйымдастырумен өткізілген іс-шаралар жөнінде берілген аталмыш басылымдардағы мәліметтер тақырыпты аша түсуде өз септігін тигізді. Сондай-ақ «Бірлік туы», «Сарыарқа» газеттері бетіндегі тақырыпқа байланысты материалдар да қолданыс тапты.
Ресейдегі тілдес мұсылман халықтарының баспа органы міндетін атқаруға тырысқан, 1883 жылдан И.Гаспринскийдің «Тілде, істе және пікірде бірлік» ұранымен шығарып тұрған «Тәржіман» («Аудармашы») газетінің материалдары да зерттеу жұмысында қолданылды. Әсіресе татар тіліндегі «Үлфәт» («Достық»), «Вакыт» («Уақыт»), «Юлдуз» («Жұлдыз»), «Турмуш» («Тұрмыс»), «Куяш» («Кун»), «Сюз» («Сөз») газеттерінің және «Шура» («Кеңес») журналының материалдары алға қойған мәселелерді шешуге өз ықпалын тигізді. «Тәржіман» газеті мен жоғарыда аталған татар тіліндегі мерзімді басылымдарды шығарушы азаматтар ғасыр басындағы мұсылмандық қозғалысқа тікелей атсалысты. 1905 жылы желтоқсан айынан А.Ибрагимовтың жетекшілігімен Петерборда шығып тұрған «Үлфәт», Орынборда 1906 жылдан Ф.Каримовтың редакторлығымен шыққан «Вакыт» және «Тәржіман» газеттері осы қозғалыстың үні іспетті болды. Сондықтан да бұл мерзімді баспасөздерде мұсылмандық қозғалысқа қатысты материалдар үзбей жарияланып тұрған.
Зерттеу жұмысына орыс тіліндегі «Новое время», «Русская воля», «Речь», «Туркестанские ведомости», «В мире мусульманства», «Известия Всероссийского мусульманского Совета» газеттері де тартылды. Осы орыс тіліндегі басылымдардың ішінде мұсылмандық қозғалыс жөнінде мол мәлімет беретін газет – «Бүкілресейлік мұсылмандар Кеңесінің» атқару комитетінің органы «Известия Всероссийского мусульманского Совета».
Жұмыстың мазмұнын ашуға тікелей қатысты деректер сол тарихи кезеңде-ақ кітап етіп шығарылған Ресей мұсылмандары съездерінің қаулы-қарарларынан да алынды. Атап айтқанда, 1906 жылы Қазан қаласында «Ағайынды Каримовтар» баспаханасында, жарық көрген «Ресей мұсылмандарының үшінші жиылысы» және 1917 жылы Мәскеуде шыққан «Бүкіл Ресей мұсылмандары съезінің қарарлары» секілді татар тіліндегі сирек басылымдар ғылыми айналымға тікелей тартылды. Мұсылман фракциясының мүшелері және олардың көтерген мәселелері жайлы нақты беретін Мемлекеттік думалардың материалдары пайдаланылды. Зерттеу жұмысын жүргізуде ұлттық мәселелер мен қозғалыстарға қатысты жарияланған құжаттар жинағы да назардан тыс қалмады.
Диссертация тақырыбын аша түсуге И.Гаспринский («Из наследия». Симферополь, 1991), А.Ибрагимов («Собих-е содих». Спб,: 1906), Г.Исхаки («Идель-Урал». Казань, 1991), З.Валиди («Воспоминания». Уфа, 1994), Ә.Бөкейханов («Шығармалар», Алматы, 1994) секілді қайраткерлердің еңбектерінен алынған деректер де кеңінен арқау болды. Осы жерде Ә.Тәкенов пен М.Қойгелдиев сынды ғалымдардың құрастыруымен Түркияда шыққан «Мұстафа Шоқай. Мария Шоқай. Естеліктер» (Стамбул, 1997) атты кітаптың зерттеп отырған мәселенің беймәлім тұстарын ашуға өз септігін тигізгенін ризашылықпен айтып өткен жөн.
Достарыңызбен бөлісу: |