ҚОРЫТЫНДЫ
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ
КІРІСПЕ
Тақырыптың өзектілігі. Ғасыр басындағы мұсылмандық қозғалыс орталық езгіге қарсы Ресейдегі түркі және өзге де мұсылман халықтарын тұтас бір майданға біріктіру жолында өзіндік діни, ұлттық, мәдени және саяси талаптарды көтерген демократиялық сипаттағы күрес болып табылады. Бұл қозғалыстың негізін құрайтын түрікшілдік пен исламшылдық қорғанушылар идеологиясы болатын.
Мұсылмандық қозғалыс Ресей империясының қол астында ұлттық езгіні бастан кешірген халықтардың, соның ішінде қазақ халқының да азаттық жолындағы күрес тарихында өзіндік із қалдырған. Алайда ХХ ғасыр басындағы Қазақстанның қоғамдық-саяси өміріндегі мұсылмандық қозғалыс мәселесінің әлі күнге дейін ақиқаты айтылмай келеді. Себебі, тоталитарлық идеологияның үстемдігі тұсында тарихымыздың бүтіндей бір кезеңдері, құбылыстары, соның ішінде Ресей империясын шарпыған ғасыр басындағы мұсылмандық қозғалыс мәселесі де әдейі бұрмаланып, «реакциялық», «кертартпа», мәнсіз оқиғалар тізбегі ретінде көрсетіліп, объективті тұрғыдан зерттеуден тыс қалды.
Еліміздің егеменді ел болып, тәуелсіздік тізгінін өз қолына алуы өткен дәуірдегі тарихты сол кезеңнің шындығына сай, сыңаржақ қалыптардан ажыратып, ғылыми тұрғыдан ашып көрсетуге жол ашты. Мұсылмандық қозғалыс сияқты тарихи құбылысты жан-жақты қарастырып, объективті зерттеудің мүмкіндігі де енді ғана туып отыр.
Ресейдегі мұсылмандық қозғалыстың қазақ халқының тарихына қатысты бар екеніне көпшілік назарын аудара отырып академик М.Қ.Қозыбаев: «Бұл қозғалысқа демократиялық бағыттағы зиялы қауым атсалысты. Мемлекеттік думаға сайланған мұсылман депутаттар осы серпілістің қалың ортасында болды. Демократиялық үлкен күрес арнасына дінін, ділін, тілін қорғаған қалың қауымның да екпінді ағыны келіп осылай қосылды. Біз қазақ халқының тарихында осы бір тақырыптан ауыздықты тістеп, шошына ыршып қашатынбыз. Ал шын мәнісінде дін мен парасат, ағартушылық, тәлім-тәрбие ісі де астарласып жатқанын, халықтың қалың қауымы діндарлардың ықпалында болғандығын қалай жасыруға болады. Ендеше болашақта бұл тақырып та халқымыздың тарихының бір көрінісі екендігін ескергеніміз жөн», [1] – деп баса көрсеткен еді.
Қазақ елінің ұлттық мүддесін білдіру және қорғау мақсатында бүкіл Ресейді қамтыған мұсылмандық қозғалысқа қазақ зиялылары да атсалысқан болатын. Мұсылмандық қозғалыстың ХХ ғасыр басындағы Қазақстанның қоғамдық-саяси өмірінде алар орны, жалпы осы қозғалыстың пайда болу негіздері, мақсат-міндеттері және оған атсалушы азаматтардың сол мақсат-міндеттерді іске асыру жолындағы қызметі арнайы зерттеуді қажет етеді.
Достарыңызбен бөлісу: |