Г.Смағұлова ұлттық тіл мен ұлт мәдениетінің тоғысуындағы өзара байланысты анықтап, мәдениет ұғымын мағыналас фразеологизмдердің бойынан тіл аспектісінде қарастырған. Ол өз еңбегінде лингвомәдениеттану пәнінің ерекшелігін былайша көрсетеді: “Лингвомәдениеттану – этномәдени және этнопсихологиялық факторлар мен тілдегі ұлттық мәдени мағына компоненттерін тіл арқылы мәдениеттану бағытында зерделеп, тілдің дәл қазіргі қолданыс қызметін көрсететін ұлттық ерекшелігін ешбір идеологиясыз, заманға сай келбетін таныту. Бұл ретте тіл-ұлт мәдениет дейтін үштік (триада) лингвомәдениеттану пәнінің зерттеу нысаны болмақ” /13.147/
Лингвомәдениеттанудың өркениетте, қоғамдық ғылымдармен қатар дамуын тілдік тұрғыдан сөз ету пәнінің зерттеу объектісін нақтылай түседі. Осы жайт тұрғысында, сондай-ақ, көне тіл деректері лексикамызда сөзжасам саласының қызметін арттыруда халқымыздың мәдени өмірімен байланысты екенін тілші А.Салқынбайдың мына пікірі толықтырады: “Тілдік деректерді лингвомәдени аспектіде зерттеу – ең әуелі тілдер арасындағы жалпыадами гуманитарлық, мәдени, өркениеттілік қырларды айқындау болып табылады. Табиғаттағы, әлемдегі құбылыстар, қоғамдағы сана мен салт, бәрі де тілде өз көрінісін табатындықтан, атау мен оның жасалу сипаты лингвомәдени аспектіде қарастырады” /14.41/.
А.Сейсенова этикет формаларына лингвомәдениеттану аспектісінде салыстырмалы талдау жасаған халық мәдениеті мен ұлттық менталитеттің бірлік қызметіне ерекше тоқтай келіп, “лингвомәдениеттану – мәдениеттің тілдік жүйеге қалай әсер ететінін, яғни фактор мен Адам бойындағы тілдік факторлардың байланысын қарастырады” деп түйіндейді /15.19/.
Қазақ тіл біліміндегі лингвомәдениеттану пәні басқа халықтардың өмірінен де мәдени ақпарат береді. Бір ұлттың көршілес ұлтпен туыстығын немесе дәстүр ұқсастығын салыстыруды да мақсат етеді. Осы орайда лингвомәдениеттану пәні аударма мәселесімен шұғылданушылардың да назарынан тыс қалмаған. Аударматанудың лингвомәдени мәселелерін сөз еткен. А.Алдашева бұ пәннің зерттеу көздерін ғылыми тұрғыдан анықтап, әрі лингвистика ғылымымен ортақтығын: “лингвомәдениеттанудың ауқымы соңғыларға қарағанда өте кең, ол әрбір тілдік единицаның белгілі бір халықтың төл элементі, халық тілімен бірге жасасып келе жатқан өз сөзі, өзгелерден ауыс-түйіс емес, өз меншігіндегі сөз, сөз тіркесі, афоризм, мақал-мәтел екендігін дәлелдейтін белгі қайсы; ұлттық “бет-пішіні” бар деп есептелген сөз (өзге де тұлғалар) ұлттық әлеуметтік, этникалық, саяси-адамгершілік, тұрмыстық нормалары мен қағидаттарынан қандай мәлімет жеткізе алады дегенді зерттеуге назар аударады”, - деп тұжырымдайды /16.121/.
Көріп отырғанымыздай, лингвомәдениеттану мен этнолингвистиканың теориялық арқауы, зерттеу нысаны мен мақсатының өзектес, тамырлас екені дау туғызбайды. Осы екеуінің қатынасын жалпы мен жалқының, бүтін мен бөлшектің байланысы іспетті деп қарауға болады. Нақтырақ айтсақ, этнолингвистиканың зерттеу нысаны – этнос болмысын тұтастай танытатын “тіл әлемі”. Осы қағиданың құрамдас бөлшектерінің қатыстылығы мен үйлесімділігінің сипатын анықтау мақсатына қарай зерттеушілердің “этнолингвистика” деп аталатын “тіл әлемінің” тұтас шеңберін жеке-жеке салаларға бөліп қарастыруы этнос болмысының белгілі бір жақтарын көрсеткенімен, тұтас белгісін айқындай алмайды. Осыған байланысты “Этнолингвистика мен социология ғылымдарының аралығынан туған” (Б.Уорф), “Халықтың тілінде салт-дәстүрі көрініс табады” (Ф.де Соссюр), “Этностың дүниені тіл арқылы тануы оның салт-дәстүр, этнография, мифология тағы басқа символдық қызметімен байланысты” (Э.Сепир), “Этнолингвистиканың болмысы ретінде антропологияны қолдану” (АҚШ ғалымдары), “этнолингвистика тек “көне дүниені” немесе “ескіліктерді” зерттеуші ғылым” (Е.Жанпейісов), “этнолингвистика пәнаралық ғылым” (М.Копыленко) тағы басқа көзқарастар этнолингвистика ғылымын жіктейтін емес, оның кешенді сипатынан туындайтын сан түрлі қырларын айқындап, тұтастыра келіп, түптеп келгенде, бір арнаға тоғыстыратын салалары. Осындай тіл деректеріне сүйеніп этнолингвистикамен сабақтас этнос болмысының сан түрлі қырын зерттейтін ғылымдарды академик Ә.Қайдар екіге бөледі:
1) этнос тіліне жалпы қатысы бар (мәселен, мәдениеттану (астын сызған біз –А.С.), этнография, этнология, өлкетану, фольклористика, мифология, астрономия, педагогика, дидактика тағы басқа) ғылымдар.
2) этнос тілінің тілдік табиғатын айқындауға тікелей қатысты ғылымдар (мәселен, этимология, диалектология, ономастика, фразеология, паремиология, терминология, лексикография, социолингвистика, этнолингвистика, психолингвистика тағы басқа) /17.12/. Демек, бұл екі топтағы ғылым салаларын этнолингвистикамен байланыстыратын, этнос болмысын танытатын тілдік дерек көздерінен көреміз. Міне, осындай сабақтастықтың бірі – этностың мәдениетін таныту мүддесін көздеген мәдениеттанумен сабақтас лингвомәдениеттану.
Бүгінгі таңда тіл арқылы мәдениетті тану лингвомәдениеттану пәнінен бұрын этнолингистика ғылымында сөз етілген. Лингвистикалық түсіндірме сөздікте: “Этнолингвистика (гректің “этнос” –тайпа, халық, француздың “лингвистика”) тілді мәдениетпен, тілді этномәдени және этнопсихологиялық факторлармен байланыстыра қарастыратын тіл білімінің бағыты” деп анықталған /18.275/.
Осы ғылымның жеке бағыт ретінде қалыптасуы XIX ғасырдың 70-жылдарынан бері Американың тіл білімінде Орталық Американың Үндіс тайпаларын зерттеумен байланысты өріс алып, жаңа дәстүрдің негізін салды. Этнолингвистика ғылымының негізі американдық ғалымдар Ф.Боас, Э.Сепир, Б.Л.Уорф, Хайер тағы басқа еңбектерінен бастау алады. Бұл бұлақтың бастауы орыс тіл білімінде ресейлік ғалымдар Ф.И.Буслаев, А.Н.Афанасьев, А.А.Потебня еңбектерімен жалғасып, XIX ғасырдың 80-жылдарында фольклор аясында тіл мен мәдениетті сабақтастыра зерттеудің жаңа бағытын пайдаланған Н.И.Толстой, В.В.Иванов, В.Н.Топоров сияқты ғалымдардың этнолингвистикалық зерттеулері атаулы саланы ғылыми биік сатыға көтеріп жіберді. Ресейлік ғалымдар (соңғы аталған) өз зерттеулерінде нақты бір тілдің тарихын сол ұлттың мәдениеті, тарихы, этнографиясымен тығыз байланыстыра қарастырған. Осы тұрғыда ресейлік тілші О.С.Ахманова: “этнолингвистика – это раздел макролингвистики6 изучающий отношения между языком и народом и взаимодействия лингвистических и этнических факторов в функционировании и развитии языка” деп түсіндіреді /19.539/. Сөздіктегі бұл анықтама тіл мен халық арасындағы тікелей байланысты көрсетеді, ал оның басқа ғылым салаларының деректері арқылы зерттеу нысанының айқындалу жағдайы шет қалған.
Ғылыми аяда “этнолингвистика” термині ең алғаш ғалым Б.Уорфтың идеясымен туындап, осы идеяның жалғасы Э.Сепирдің еңбектерінде көрініс тауып, ғылымда аты белгілі “Сепир-Уорф” болжамына сай тілдік этнодеректер халық мәдениеті мен жеке индивид тұрғысында қарастырылған. Айтылған ой хақында профессор М.Копыленко: “Основы этнолингвистики” еңбегінде жан-жақты тоқталады. Осы жайтты Э.Сепир өз зерттеулерінде “халық дүниетанымында туған салт-дәстүр, мифологизм, наным тағы басқа ұғымдар этнос болмысымен тығыз байланысты, олар тілдің символдық қызметі ретінде көрініс табады” – деп көрсетеді /20.177/.
Жоғарыда атап көрсетілген ресейлік ғалымдар (Н.И.Толстой, В.Н.Топоров, В.В.Ивановтың) тұжырымдарында этнолингвистика – көне тілді зерттеуші ғылым ретінде танылады.
Ғалымдар тілдік этнодеректерді көбінде байырғы халық тілі мен жергілікті халық тілінен негіздеуді дәстүрге айналдырған. Мәселен, этнолингвистиканың зерттеу нысаны этнографизмдерді Н.М.Шанский: “этнографизмы – такие диалектные слова, которые обозначают предметы и явление быта и труда6 специфичные для определенной местности и неизвестные литературному языку” деп тұжырымдайды /21.118/. Ғалым пікіріне дәлел болатын анна тілімізде сирек қолданыстағы, кейбір диалектілік ерекшеліктерде кездесетін мына бір этнографизмдерге тоқталсақ. Бүгінде ұмытылған атаудың бірі – боқша. Боқша – қолдан тігілген қалта, сумка (ҚТТС, 2-т, 341). Бұл атау этнографизм ретінде тілімізде танылғанымен, Қазақстанның шығыс аймағындағы Семей өңірінде (Абай, Ақсуат, Көкпекті) сумка, портфель мағынасында, Жамбыл облысының (Мерке, Шу) жерлерінде қыздардың қуыршақ салып қоятын ыдысы мағынасында жұмсалған екен /22.130/. Боқшаның көне атау екенін “Қозы Көрпеш – Баян сұлу” жырынан былайша кездестіреміз:
Сол екі байдың ауылы көшкен екен,
Бір перзент көкейін кескен екен.
Қатынымыз қыз тапса екеуі де,
Қол боқшасы бір болсын дескен екен.
Ғалымдардың бір қатары этнолингвистика ұлт тілінің жалпы сипатына танылады деп анықтайды. Мәселен, Н.И.Толстой: “Этнолингвистика – халықтың рухани байлығының, менталитетінің, шығармашылығының бір-бірімен байланысын, бір-біріне тәуелділігін, астарластығын зерттейтін тіл білімінің бір саласы. Ол халықтың ұлттық мәдениетінің көрнекті позициясындағы негізгі формаларының бірі болып табылады” деп тұжырымдайды /23.181-190/. Н.И.Толстой пікірімен мазмұндас анықтама лингвистикалық энциклопедиялық сөздікте төмендегіше берілген: “Этнолингвистика, қандай тәсіл арқылы берілгеніне қарамастан, мәдениеттің, халықтық психологияның және мифологияның “мазмұнын” лингвистикалық әдістер көмегімен зерттейтін кешенді пән” /24.597/.
Кез-келген тілдік құбылыстың табиғатын оның тек тілдік заңдылықтарына ғана сүйеніп емес, сонымен қатар халықтың дүниетанымына, салт-дәстүріне, ұллтық болмысына да қатысты қарастыру этнолингвистика мен лингвомәдениеттану пәндерінің ортақ заңдылығы деуге болады. Профессор Қ.Жұбановтың “Тіл арқылы халықтың тағылымдық мұраты этностың әр дәуірдегі ұрпақ өкілдеріне мәдени әрі тілдік мұра ретінде сақталатынын және тіл мен мәдениетті табыстыратын жаңа саланың дүниеге келетініне сол кездердің өзінде-ақ болжам айтқаны белгілі”.
“Ата мұрасы болып, Абайдың еншісіне тиген әдебиет қазынасы екі түлік болатын. Бірі – емшек сүтімен қатар құлағына кіріп, сүйегіне сіңген ананың “әлди-әлди, ақ бөпем”, атаның “сал, сал, білек, сал білек”, қойшының әні, қыздың сыңсуы, қаралы қатынның жоқтауынан бастап, көркемдік сезімін шарбыдай шырмаған халық әдебиеті”.
“Орыста қой сөзінің баламасы жоқ. Олардың овца дегені саулық, баран дегені қошқар. Орысша корова – сауын сиыр; рогатый скот – мүйізді мал; толстый дегені бірде – жуан, бірде – қалың; лошадь – жылқы; бірақ ат, байтал, айғыр емес. Ал бізідің ісек, тұсақ, құнан, құнажын, дөнен, дөнежін деген сөздеріміз басқаларда жоқ. Қазақ синий, голубой, зеленый деген түстердің бәрін көк дейді.
Халықтардың тұрмыс қалпы түрлі-түрлі болған соң, олардың әр затқа қоятын аттары да түрлі-түрлі. Тіл ұзақ заман жасалады, бірден өзгермейді, оның өзгерісі тұрмысқа байланысты” /25. 290, 92-93/. Артынан өшпес мұра қалдырған, ана тіліміздің ғылыми жолын сүрлеген профессор Қ.Жұбановтың осы зерттеулері бүгінде берік тұғырын сайлаған этнолингвистика ғылымы мен ғылыми сатыға қадам басқан лингвомәдениеттану пәндерінің ғылым көкжиегіндегі алғашқы нышандарын көрсетеді.
Академик Ә.Қайдардың “ана тіліміздің бай қоры – ұлттық болмыс-бітімді танытатын тілдік этнодеректердің қазынасы” деген пікірі қазақ этнолингвистикасының негізін салып, атаулы ғылым саласы жайында: “Этнолингвистика” – этностың (одан ұлыс, халық, ұлт) инсандық болмысынан туындап, санасында сараланып, тарихи жадында сақталып, тіл арқылы ғасырлар бойы қалыптасып, қорланып, рухани, мәдени мұра ретінде атадан балаға мирасты жаңғыртып, жан-жақты зерттеп, танымдық мәнін ашып, болашақ ұрпаққа ұсыну мақсатына байланысты дүниеге келген тіл білімінің күрделі құнарлы мақсат тұтамыз. Екіншіден, қазақ, кең көлемде – түркі мәдениетінің концептілер жүйесін басқа мәдениеттер негізінде салағстыра отырып айқындап, олардың тілде көрініс тапқан тұстарына түсінік беру мақсат етіледі. Сонымен қатар, символ мен этномәдени белгілерде көрініс тапқан қоршаған ортаны танып-білудегі тереңде жатқан танымдық құрылымдарды айқындауды міндет етеміз. Үшіншіден, танымдық әдістемелерді қолдана отырып, салыстырмалы және салғастырмалы түрде қазақ тілінің фразеологизмдерінде танымдық тетіктердің қандай жолдармен бейнеленетінін анықтап, мәдени реңктегі фразеологиялық бірліктердің мәдени коннотациясын лингвомәдени сараптама негізінде ашу; көңіл-күйді білдіретін эмотивті мағыналас фразеологизмдердің образдық негізіне талдау, фразеологизмдердің мағынасын түсінудегі лингвомәдени құзіреттің рөлін айқындау мақсат етіледі. Қазақ, кең көлемде – түркі мәдениетінің тілде көрініс тапқан реалийлер мәселесі және олардың шетел, соның ішінде ағылшын тіліне аудару жолдарының теориялық және практикалық мәселелері зерттеу нысаны болмақ.
Жоғарыда көрсетілген мәселелерді шешу мақсатында зерттеуде лингвомәдениеттанудың әр түрлі кешенді әдістерін: лингвистикалық, концептуалды сараптама, этимологиялық, мәдени және лингвистикалық реконструкциялау (қайта өңдеу), эксперименталды танымдық лингвистиканың, метафораның танымдық теориясының әдістемелерін қолдана отырып тіл мен мәдениеттің, олардың өзара байланысының жан-жақты күрделі де біртұтас құбылыс екендігін дәлелдеуге талпыныс жасаймыз.
Сонымен қатар қазақ тілі материалдарына байланысты лингвомәдениеттанудың лингвомәдени құзірет, мәдени коннотация және тағы басқа ұғымдары айқындалады. Әйтсе де, лингвомәдениеттанудың терминдік немесе ұғымдық аппараты біз көрсеткен немесе осы таңдағы анықталған белгілерімен ғана шектелмейтіндігін баса айтқымыз келеді. Қандай да болмасын ғылым саласының ізденіс барысыныда тереңдей беретін және келешекте теориялық жаңалықтардың болуы шарты лингвомәдениеттану ғылымына да тән.
Достарыңызбен бөлісу: |