Бұл шешімге тоқтам жасатқан: төңкеріс тұсында жинақталған ауыр тәжірибелер мен Колчак пен қаптаған атамандардың кезіндегі террорлық зорлық–зомбылық еді. Сонымен қатар, кеңес өкіметінің халықтардың ерікті құқығы туралы декларациясы, «Алашорданың» кейбір мүшелерінің Москвадағы тікелей келісімдері, «Алашорданы» Семейдегі бөлімі мен Москваның арасындағы тікелей байланыстың нәтижелері де ықпал жасады. Дутовтың бандыларының арасынан екі-үш адамдық шағын топпен қалаға кірдік. Қалаға кірісімен Сібір ревкомының мүшесі жолд. Косаревтің (қазір ОК-тің мүшесі) губерниялық үкіметті құрып, жетекшілік ету үшін Семейге келгенін естідім. «Алашорда» мүшелерінің ішінде жалғыз мен ғана қалада екенмін, сондықтан да жалғыз өзім шұғыл түрде Косарев жолдасқа бардым. Мен оны «Алашорданың» іс-әрекетімен қысқаша таныстырып өттім. Қазіргі жағдайда қабылданған шешім мен өзімнің келу мақсатымды баян еттім. Косарев жұмысшы қазақтармен бірнеше рет бас қосу өткізді де, солардың келісімімен мені губревкомның құрамына енгізді.
Төңкеріс тұсындағы өткен баспалдақтар ұлттық қозғалыстың мүшелеріне өте маңызды әрі құнды тәжірибелер үйретті (...).
...Осыған байланысты мен өзімнің партияға мүше боп өту туралы көзқарасымды да білдіре кетейін. Жолдастарымыз қырдан қалаға қайтып келген соң мен ВКП-ның қатарына өтуді мәселе етіп қойдым. Қарсы шығып сөйлеген Ғаббасовтың басты дәлелі: қазақ арасында пролетариат жоқ – дегенге сайды. Пікір таласымыз белгілі бір шешімге келуге мүмкіндік бермеді. Мен шұғыл түрде: Семей облысын Кир(Қазақ)реввоенкомның қарамағына беру мәселесін шешу үшін Орынборға іссапарға жүріп кеттім. Орынборда бірден мені: Семей және Ақмола облыстарын Кирвоенревкомы басқармасының құрамына кіргізу туралы мәселені күн тәртібіне енгізу үшін және республиканың құрылғанын жариялайтын декретті дайындау үшін Москваға жіберді.
Москваға барғаннан кейін ревком мүшелері маған республиканың шекарасын анықтау үшін тиісті құжаттарды жинастыруды және ұлттар жөніндегі халық комиссарымен (ол кезде Сталин болатын – Т.Ж.) декреттің жобасын жасауды тапсырды. Осы міндеттерді жүзеге асыру үшін мені ВЦИК –тің жанындағы Кирреввоенкомның өкілдігіне уақытша уәкіл етіп қалдырды. Мен Москвада Халел және Жаһанша Досмұхамедовтермен кездестім. Олар менің жаңа саяси бағытыма таңдана қарады, менің солшыл пікірлерімді біраз тыңдап тұрды да, сынауға көшті, біздің пікір алысуымыз ерегеске ұласып кете жаздады.
Ара-арасында жауапты қызметкерлер, әр республикадағы ревкомның мүшелері, солардың ішінде менің тергеуіме тікелей қатысы бар Байтұрсынов, Рысқұлов, Валидов Москваға келіп-кетіп тұрды. Байтұрсынов Кирвоенкомның мүшесі ретінде келген сайын өкілдікке жиі келіп тұрды. Сирек те болса Валидов те келетін. Бірде маған Байтұрсынов: кеңес өкіметінің саясатына Валидовтің риза емес екенін, мүмкіндігі болса Индиямен байланыс жасағысы келетінін, сол жақта жүріп революциялық қозғалыс ұйымдастырғысы келетінін, тәуелсіздікті қарумен орнатқысы келетінін, мұны кеңес өкіметінің ішінде жүзеге асыруды ойластырып жүргенін айтты. Бұған Рысқұлов та мақұл сияқты көрінеді деді.
Мен бұған үзілді-кесілді қарсы шықтым: Колчактың терроры мен зорлық пен қорлығынан жаңа ғана құтылдық, кеңес өкіметінің арқасында ғана мұнда республиканы ресми түрде жариялауға мүмкіндік алып отырғанымызды, сөйте жүріп мұндай екі жақты келісім жүргізудің арандату екендігін айттым...Байтұрсынов менің пікіріммен келісті. Мен ол кезде мұны: жеке бастың әлдеқандай бір себептеріне байланысты туған көңіл-күйдің уақытша құбылуы шығар – деп бұған мән бермедім. Валидов өте іскер адам еді...Сол кезде белгілі бір дәрежеде жасыңқырап жүрген Рысқұловты Валидов өзінің қиялымен баурап алғысы келген болуы керек. Онымен (Валидовпен) бірінші және соңғы рет кездескенімде мен оған: Қазақстанның өкілі ретіндегі өз көзқарасымды ашық білдірдім және екеуміз де пікір таласына барғамыз жоқ. Қайтып кездескен емеспіз.
...1926 немесе 1927 кеште Халел Досмұхамедовтің үйінде қонақта отырғанымызда ол маған және Елдес Омаровқа ертегіге айналып кеткен ежелгі әңгіме ретінде: Түркістандағы қозғалыс туралы, оған өзінің қатысқанын, мұның өзі Валидовпен жолығуы тиіс болғанын, бірақта Валидовтің әйелі қайтып келген соң (Уфадан Ташкентке –Т.Ж.) мұның бармай қалғанын айтып берді. Кетіп бара жатқанда өзара: оның қай-қайдағыны бекер еске алғанына өкінісіп тарастық. Ашығын айта кетейін: тарихтың еншісіне айналып кеткен мұндай тылсым, жартылай күңгірт жайлар туралы шолақ сөздерді жиі тыңдауға болады және ол туралы жалпы қауесетті (нақтылы емес) партияда барлар да, жоқтар да білетін.
(...) Тек 1917 жылы шілде айында өткен бүкілқазақтық құрылтайда ғана құрылтайдың шешімімен «Алаш» өлкелік-ұлттық автономиясы жарияланды. Осы құрылтайда Түркістанмен қосылу мәселесі де шет жағалап жалпылама қозғалды. Құрылтай көсемдері, соның ішінде шығыс облыстарының өкілдері: онда үлемдердің ықпалы күшті, діни фанатизм бар, деспоттық билік жойылмаған, осы бағыттағы шет ел мемлекеттерінің әсері күшті – деген уәж айтып, Түркістанмен қосылуға түбегейлі қарсы шықты. Маған келетін болсақ, мен сол көзқарасты 1925 жылға дейін де ұстандым. Ол кезде жауапты қызметкерлердің арасында, партия мекемелерінде Қазақстанды Орталық Азия федерациясының құрамына қосады екен-мыс. Сөйтіп Қазақстан одақтас республиканың дәрежесіне көшеді екен-мыс – деген қауесеттер шығып жүрді. Бұл үшін Қазақстанның солтүстігіндегі орыстар қоныстанған аудандарда межелеу жұмыстары жүргізілуі тиіс екен. Осы мәселе жөнінде құрамында: Москвадан келген Ежов, Өлкелік комитеттен Сәдуақасов, Мемлекеттік жоспарлау мекемесінен мен бар – арнайы комиссия құрылды. Мен өз пікірімді Ежов жолдасқа ашық түрде: Орта Азия федерациясына Қазақстанды қосып, солтүстік аймақтық шекараны межелеу шаруашылық мүддесі тұрғысынан да, мәдени байланыс тұрғысынан да пайда әкелмейтінін – айттым...».
хххххххххххххххххххххххххххххххххххх
1930 жылы 7-желтоқсан күні Ә.Ермековке ресми түрде айып тағылады. Ол өзінің бұл өкімді мойындамайтыны туралы Қазақ АССР атқару комитетіне қарсылық білдіріп жолдаған шағымы І томның 479-бетіне тіркеліпті:
«КССР Орталық атқару комитетінің мүшесі Ермеков Әлімханнан Өтініш
ПП ОГПУ-дің Қазақстандағы өкілінің 1930 жылы 22 қыркүйек күнгі өкімі бойынша мен түрмеге қамалдым. Тек 7-желтоқсан күні ғана нақты айғақтар келтірілместен маған ҚК-нің 57 – 7, 58 – 11, 59 – 3 баптарына сәйкестендіріп шамамен:а) кеңес өкіметінің шараларын кеңес және партия жұмыстарында бұрмалап қолданғаны үшін; в) басмашылармен байланысы үшін; с) контрреволюциялық ұйым құруға талпынғаны үшін – деген мағынадағы айып тағылғаны хабарланды.
Бұл айтылғандардағы нақты деректер мені қызықтырмайды, өйткені ондай оқиға өмірде болған емес. Бастапқыда мен тұтқындалуымның себебін түсініспестік болған шығар, әлдебір саяси науқанға қатысты шығар деп ойлағамын. Міне, тұтқындалғаннан бері төрт айдан асып барады, әлгі «түсініспестігім» мені денсаулық тұрғысынан да, адамгершілік тұрғысынан да кеміріп жеп барады. Сондықтан да мен маған тағылған ешқандай нақты дерексіз айыптауларға түсінік беретін өмірбаяндық сипаттағы кейбір мәліметтерді, саяси және тәжірибелік істерімді Казаткомның Президиумына баяндап беруге мәжбүр болып отырмын.
Революцияға дейін оқу оқыдым, оқығанда да орта және жоғары оқу орнына төленетін қаржыны өзімнің маңдай теріммен таптым. Төңкерістен бергі менің қызмет баспалдағым мынадай: Облыстық қоғамдық мекемелердің атқару комитетінің президиум мүшесі, Қазақ облыстық комитетінің мүшесі, жұмысшы, солдат және шаруа кеңесі облыстық атқару комитетінің мүшесі, Бүкілқазақтық «Алашорда» халық кеңесінің орталық кеңесінің мүшесі, губерниялық земство басқармасының меңгерушісі, Корниловтың тұсында губерниялық революциялық комитеттің мүшесі, Колчак талқандалғаннан соң губерниялық революциялық комитеттің мүшесі және Кирреввоенкомның ВЦИК-тің жанындағы өкілдігі төрағасының міндетін атқарушы, губкомның және мемлекеттік жоспарлау мекемесінің төраға орынбасары міндеттерін педагогикалық жұмыспен ұштастырып келдім. Ауыл шаруашылығы банкісінің басқарма мүшесі, соңғы төрт жылда тек қана жоғары оқу орындарында істеп келемін. Тұтқындалған кезде Қазақ мемлекеттік университетінің математика кафедрасының доценті боп істедім. КССР кеңесінің соңғы екі құрылтайында КССР аткомының мүшесі болып сайландым.
«Алашорданың» жүргізген ісіне тоқталып жатпай-ақ, оның бір мүшесі ретінде менің кейінгі іс-әрекетімнің бағытын өзгерткен тарихи тәжірибеме тоқталсам да жеткілікті (Бұдан кейін алдыңғы көрсетінділердегі баяндалған жайларды қайталайды – Т.Ж.)...
...20-жылдан 24-жылға дейінгі Семей губерниясындағы шағын қаладағы – Қарқаралыдағы ІІ басқыштағы мектептің меңгерушісі болған кездегі қызметім – басмашылар көтерілісіне қатысқандығымның айғағы ретінде танылып, маған 59 баптың 3-тармағы бойынша айып тағылыпты. Контрреволюциялық ұйымға қатысқандығыма қандай әрекетім айғақ болғанын білмеймін. Ал партия мен кеңес қызметінің шараларын бұрмалап пайдалануға тырысты делініп, 58-баптың 7-тармағы бойынша тағылған айыпқа келетін болсам, онда мен нақты адамдарды куәға тартамын және олардың біразы Москвадағы орталық мекемелерде істейді, мысалы, Семей мен Қызылордада Досовпен, Ежовпен, банкте Балпаевпен, Халық комиссарлары кеңесінде (жоспарлау комитетінде) Нұрмақовпен, қазақ университетінде қазір МГУ-де деканның орынбасары Мансұровпен бірге істедім...»
Бұдан әрі осы ойын дамытып осы мағыналас хатты тағы да екі рет көшіріп жазыпты. Онда:
«Мен өзім тұтқынға алынғаннан бері Попов жолдасқа: революцияның саяси жағдайы мен логикасы туралы пікірімді бірнеше рет қайталап айттым. Менің ойымша: Қазан төңкерісі Қазақстанда 28-жылдан бастап нақты күшіне кірді. Далалық жартылай феодализм мен капитализмнің тамыры енді ғана жұлына бастады. Бұрын саясатпен айналысқан адамдар осындай қысылтаяң сәттерде сынақтан өтуі тиіс» – деп ойлаймын» – деген жолдар бар.
Х
ххххххххххххххххххххххххххххххххххххххххххххххххххххххххххххх
Осы томның 894-902 беттерінде тура осы мағынадағы 1931 жылы 20 сәуірде берген жауабы тігілген. Өзгешелігі, мұнда латын альфавитіне көшу мәселесіне тоқталған. Жер, әріп реформасы, мәдениет саласы туралы баяндай келіп, Бөкейханов пен Байтұрсыновқа қарата:
«Бұл мәселелер жөнінде екеуінің де ықпалы күшті. Жандосов та олардың алдынан өтпейді. Қазір екеуі де қартайды. Енді олар өздерінің көзқарасын өзгертуі қиын. Мен латын һарпін жақтадым» – деген пікір білдірген.
Әлімхан Ермековтің 1931 жылғы 25 сәуір күнгі жер мәселесі жөніндегі қосымша мәлімдемесі ІІ томның 573 бетінен басталады:
«26-жылдан бастап Ташкенттегі Қазақ педагогикалық жоғары оқу орнына ауысуыма байланысты онымен тікелей айналыспағандықтан да, менің жер мәселесі туралы қазіргі пікірім жалпылама және ертеректе мен Орынбор мен Қызылордада қызмет істеген кездерімдегі мәселелер туралы ғана болмақ. Революцияның алғашқы кезеңінде патшалық отарлау бағытындағы жерге қоныстандыру саясаты тудырған бұл мәселе өте шиеленісті дәрежеде еді. 21-22 жылдардағы кеңес өкіметінің еңбекші қазақтардың талабын ескеріп қоныстандыру туралы мәселе күн тәртібіне қойылғанда менің де араласуыма тура кеді. 24-жылы мнистрліктің коллегиясы өтті, соған қатыстым. 25-жылы Орынборға Мемлекеттік жоспарлау мекемесіне жұмысқа шақырылдым. Онда жерге орналастыру саясаты жөнінде арнайы комиссия құрылды. Комиссия үш рет отырыс жасады. Оған республика басшылары да қатысты. Онда қазіргі шаруашылық жүйесін, бұрынғы жер иелену құқын сақтап қалуға ұйғарым жасалды. Комиссия мүшелері де, оның ішінде мен де Қазақстанға жаңа қоныстанушыларды әкелуге үзәлді-кесілді қарсы болдық. Ең алдымен патшалық жер қоныстандыру саясаты тұсында жері тартып алынған жергілікті ұлтты, содан кейін қазіргі орыс тұрғындарын толықтай жермен қамтамасыз ету керек, содан асқанына ғана қоныстанушыларды орналастыруға болады деген шарт қойдық. Осыдан барып жерге қоныстандыру мәселесі жөнінде талас туды. Өлкелік партия комитетінде бұл мәселе арнайы қаралып, алдыңғы көзқарас қолдау тапты. Онда:
1)Қазіргі қалыптасқан шаруашылық жүйесіне түбірімен өзгеріс жасау мүмкін емес.
2)Жер бөлісі таптық тұрғыдан жүргізіліп, оған еңбекші бұқара кеңінен тартылуы тиіс – деген жалпы ереже қабылданды.
Мен бұған сене қойғамын жоқ және шешім табатын жаңа жол да жоқ болатын. Қызығы сол, дәл сол кездегі қалыптасқан жерге қоныстандыру жүйесі тұсында осынау шетсіз де шексіз кең далада жергілікті ұлт жерден қысымшылық көретін. Енді оны таптық тұрғыдан бөліске салса, онда қазақ елі жерсіз қалатыны анық еді. Өлке бойынша жерді мәдени игерудің бағдарламасы жасалуы тиіс еді. Бұл бағдарламаны жасау қолдарынан келмеді ме, жоқ, жасағысы келмеді ме, білмеймін, әйтеуір, жүзеге аспай қалды. 23-26 жылдары мемлекеттік жоспарлау мекемесінде істеген тұстарымда аталған мәжілістерге қатысып жүрдім. Жетекшілері Әлібеков пен Қаратілеуов болатын. Одан кейін Әлихан Бөкейханов айналысты. Көрсетілген мәселелердің ішіндегі жер бөлісі туралы пікірлерді олар толық түсінді. Сәдуақасов пен Сұлтанбеков те сол ұстанымда болды. 22-23 жылдары Жер жөніндегі халық комиссары Кадылов (Қадыров, Қаратілеуов – ?) болды. Барлық мәселелерді Бөкейхановпен кеңес отырып шешті. Тек соның мақұлдауымен ғана істі жалғастырып, бағыт-бағдар алып отырды. Бұл пікір алысуларда біз (ұйымдасқан топ емес, халықтың қамы үшін шын жаны ашығандар): қалайда асыра сілтеушіліктер болады – деп есептедік. Ондай асыра сілтеушілік, мысалы, Семей облысында орын алды. Нәтижесінде саяси тұрғыдан да, атқарылған шараны жүзеге асыру барысында да кері әсерін берді. Тыңды игерудің шаруашылыққа әкелетін зияны өсіріп көрсетілді. Соған қарамастан кеңес өкіметінің шараларына қарсык үресетін ешқандай да ұйым болған емес, ондай айыпты жоққа шығарамын. Шалғынды жерлер мен байларды тәргілеуге қарсы ешқандай іс-әрекет жасағамын жоқ, мен ол кезде Ташкентте қазақ пединститутында қызмет істеп жүргемін. Сондықтан да саналы немесе санасыз түрде, немесе заңдық тұрғыдан алғанда да ондай әрекетке барған емеспін және бара да алмайтынмын. Бұл мәселе жөніндегі қоғамдық пікір қатты шиеленісіп тұрғандықтан да, мұндай әлеуметтік мәселеге көңіл бөлмей, саңырау болып қалу мүмкін емес еді. Құлақ түре жүріп жеке әңгімелер мен пікір алысуларда жоғарыдағы пікірімді білдірдім. Менің тікелей қызметім мүлдем басқа мәселелермен айналысуға бағытталған еді. 26-27-жылдары өзімнің бұл мәселелер жөніндегі қарсы пікірлерімді белгілі бір топқа ғана айттым. Оны бұрынғы жауаптарымның бірінде көрсеткенмін. Партия мен үкіметтің шешімдеріне қарсы өз көзқарасымды жеке адамдармен бөлісуге қақым бар деп есептедім. Біз ол шешімге мүлдем қарсы едік. Қоршаған орта, қалыптасқан дәстүр бәрін қабылдауға мүмкіндік бермейтін.
Маған қойылған: Швецов жетекшілік еткен, Бөкейханов құрамында болған Ғылым академиясының экспедициясы туралы сұраққа келетін болсам, ол жоғарыдан шешілген ғылыми мәселе. Экспедиция жоғарыда көрсетілген ескі көзқарас тұрғысынан зерттеу жүргізді. Олар қалыптасқан шаруашылық жүйесін сақтаудың жолдарын зерттеді. Статистикалық есептердің барлығы да ғасырлар бойы дала төсінде қалыптасқан шаруашылық жүйесін (бірнеше мың жылдан бері сақталып келе жатқан өмір сүру тәсілін) сақтаудың амал‑тәсілдерін ақтап қалудың жолдарын іздестірді. Экспедицияның жұмыстарымен таныс емеспін. Мен жоспарлау мекемесінде істеп жүргенде оның негізгі бағыттары ғана анықталған болатын. Жерді қалай пайдалану жөніндегі ғылыми баяндамамен таныс емеспін, көрген де жоқпын. Мен шаруашылықты жүргізу жүйесі тұрғысынан ғана ол пікірге қосылдым. Жер өңдейтін немесе мал шаруашылығымен айналысатын ауданда тұратын қазақтардың шаруашылығы көшпелі өмірге бейімделген. Негізінен мал шаруашылығына сүйенген кәсіпшілікке барынша жақын. Бір аймақта әрі егіншілікпен, әрі мал шаруашылығымен айналысу да табиғи дамыған. Дегенмен де олардың арасындағы қайшылық ушығып келе жатқан. Біздің бес жылдық жоспарымызда көрсетілген жерге жаңадан қоныстанушылар туралы көп талқыланды. Осы мерзім ішінде қоныс аударушылардың саны бес миллионнан асады десті. Бұндай жоспарға қарсылық білдіре отырып орталық және өлкелік мекемелерге арнайы мәлімет дайындадым. Онда: «Мұны қозғап отырған бұрынғы отарлаушы жүйенің жұрнағы қоныс аударушылар мекемесі. Егерде мұндай жоспардың болғаны рас болса, оны орталық және өлкелік мекемелер қолдамауы тиіс. Дәл солай бола қалған жағдайда өз көзқарасымды қорғаудың жалғыз-ақ жолы бар еді. Ол – кеңестік басшылардың пиғылын әшкерелеу немесе кеңес мекемелері туралы пікірлерімді ашық білдіру» – деген мағынадағы пікірлер айтылған.
Колхоздар бен совхоздар туралы көзқарасыма келсем, өкінішке орай, өзімнің ескі идеологиялық бағытымды қатаң ұстана отырып, оның тәжірибе жүзінде жүзеге асу мүмкіндігіне мән берместен, осы мәселе жөніндегі сол кездегі жиналыстарда мен үнемі қарсы сөйледім. Шаруашылықтардың өндірістік негізге көшуі бұрынғы патшалық отарлау саясаты түте-түтесін шығарған қуаң, жартылай қуаң шөлейтте, табиғи жұтқа жиі-жиі ұшырайтын аймақтың жерін патшалық жыртқыштар талан-таражға салып біткен еді. Жартылай рулық құрылымдағы феодалдық қоғамды соншама қысқа мерзім ішінде социалистік құрылымға ауыстыру мүмкін емес деп есептедім. Қазақстанда социалистік құрылыстың нығаюына жол ашатынын болжай алмадым.
Бұдан кейін: импералистік отарлау мен жартылай отарлық жүйе артта қалған халықтарға үстемдік жасап тұрған жағдайда олар бірте-бірте құрып кетеді, соның ішінде шаруашылық мәдениеті төмен қазақ ұлтын да сондай тағдыр күтіп тұр деген іштегі күмән сонау 20-жылдардан бастап өзгеріске түсті. Артта қалған халықтар социалистік даму жолына сөзсіз түсу керек екен деген ой келді. Бірақ ол жолдың сорабы белгісіз еді және толық құрылымы мен жүрер жолы әлі нақты табылмаған болатын. Ендеше бізді аса қауіпті әлеуметтік сілкіністердің күтіп тұрғаныт анық еді. Шаруашылықты жүргізу тұрғысынан түсінікті болғанымен де, адамдардың тағдыры тұманды болатын. Оның үстіне Қазақстанның аса қатал табиғаты да қалыптасқан жүйеден ауытқыса апатқа алып келетін еді. Ал капиталистің жеке басы ешқашанда тәуекелге бармайтын. Ол көбігін ғана қалқып алатын. Жергілікті тұрғындардың өзі мұндай сынаққа төтеп бере алмайтын. Ал біз қатал табиғаттың талабына бейімделіп өмір сүрдік. Ал қазір біз өзге көріністің куәсі болып отырмыз...».
Бұдан әрі Ә.Ермеков социалистік құрылыстың артықшылығын тілге тиек етеді.
Хххххххххххххххххххххххххххххххххххххххх
Тергеу барысында Ә.Ермеков пен М.Әуезовтің «қылмысын» өзара сабақтастыруға ұмтылған. Соған қарсы әрекет ретінде Ә.Ермеков бұл «айыпты» мойындаудан бас тартады:
„ОГПУ-дің коллегиясына маған 58 баптың 7, 11; 59 баптың 3 тармақтары бойынша тағылған айыптарды 58 баптың 7, 8 тармақтарына ауыстару туралы мәлімдеме.
ОГПУ-дің өкілі Поповтың түсіндіруі бойынша маған 58 баптың 10- тармағы бойынша тағылған айыпқа менің Мұхтар Әуезовке жазған хатымдағы жер мәселесі жөніндегі пікірім негіз болыпты. Қолтаңбасына қарағанда шындығында да хатты жазған менмін. Бірақ ондай мағынадағы хатты Мұхтар Әуезовке емес, Әлихан Бөкейхановқа жазғанмын. Ол кезде мен Ғылым академиясының Қазақстанды зерттеу бөлімінде істейтінмін және Қазақ халық комиссариятының тапсырмасы бойынша қазақтарды жерге орналастыру мәселелесін негіздеумен айналыстым, сонымен қатар ол (Бөкейханов – Т.Ж.) федеральдық комитеттің мүшесі болатын (егерде сол кезде таратылып кетпесе). Осы комиссияның құрамында жүріп Қазақстан үшін зерттеу жұмыстарын жүргізді. Өзі Мәскеуде тұратын, қызмет бабымен ара-арасында Ленинградқа баратын. Лиза Бөкейханова мен Шоқаневаның айтуынша онда Әуезовтің үйіне тоқтайтын. Бұл хаттың жазылу мәнісі төмендегідей».
1928 жылы 21 наурыз күнi ОГПУ-дiң тергеушiлерi қолға түсiрген де, iле ОГПУ-дiң КССР бойынша төтенше өкiлi Петросянға:
«Осы хат арқылы Әлiмхан Ермековтiң Мұхтар Әуезовтiң атына жолдаған құжаттары мен оның фотокөшiрмелерiн жолдап отырмыз» -деп түсiнiктеме берген.
Хаттың сыртына: «Ленинград. Декабристер көшесі, 14 үй, 1 пәтер. Мұхтар Әуезовке – жолдаушы Әлiмхан Ермеков. 25/II – 28 ж», – деп жазылған да iшiндегi сөз Әлихан Бөкейхановқа арналған.
«Қадiрлi Әлеке!
Менiң бұрынғы қызметiмнiң бiр үлкен артықшылығы – достарыммен кездесiп тұруға аса қолайлы едi: қазiр мен олардан көз жазып қалдым, тiптi хат–хабар алысатындарымда азайып кеттi. Әлеке, әсiресе сiздiң алдыңызда өзiмдi өте кiнәлi санаймын. Сiздi көптен берi сағынып жүрмiн, бiрақ та Сiзбен жүздесуге еш мүмкiндiгiм болмады, ал хаттың сөзi менi қанағаттандырмайды, сондықтан да жазудан бойымды аулақ ұстаймын.
Мен Лизамен сөйлесiп, сiздi Қызылордаға ауыстырған жөн ғой деп едiм, ол әр түрлi сылтау айтып, қарсы болды және егерде қызметке iлiнбесе, емханадағы дәрігер – ординаторлық жұмысқа алынбаса, онда алдағы қыста Мәскеуге ауысатын ойы бар екендiгiн айтты.
Бiздiң оқу орынының жұмысы жөнiнде мен бiрде Сiзге жазған едiм ғой, iстiң алдағы барысы әлi толық анықталған жоқ. Жоғары оқу орындары туралы мәселе, сөзсiз тарихи мәселе. Бұл мекемелердi ашуға деген Қазақстанның дайындығы Петрдiң тұсындағы Ресейдiң дайындығынан күштi. Германиядан студент шақыртудың ешқандай қажеттiгi жоқ. Петр бекiткен академияның жанындағы университет тек 30 жылдан соң ғана шәкiрт тәрбиелеп шығарса, Қазақстанның қазiргi жағдайының өзiнде мұндай сылбырлыққа жол берiлмейдi. Соған қарамастан, ғылыми орталық ұйымдастыру мәселесi неғұрлым ерте қолға алынса, бұл өте жақсы. Ұйымдастыру кезеңiндегi барлық өтпелi шараларға қарамастан, жаңа құрылған университет өзiнiң балаңдық дәуiрiн басынан өткiзуi заңды. Бұл мәселе сәл де болса iлгерi жылжыды. Тоқтабаев халық ағарту комиссарлығынан кеткеннен кейiн Қазақстан үкiметi университеттi құру туралы шешiм қабылдады.
Бұл мәселенi РСФСР-дiң, орталықтың алдына асқан табандылықпен қойып, тиiстi ұсыныс жасап отырған Авксеньев одағына Қазақстан қатты қарыздар, бұл мәселе қазiр Мәскеудiң шешiмiн күтiп отыр, орталық мекемелердiң бұл мәселенi шешуiне қатты кiрiсiп жатыр.
Әрине, қазақтың тұңғыш университетiнiң құрылуына Сiздiң де үлес қосуыңызды қамтамасыз етсе, бұл өте орынды iс болар едi. Сiздiң өзiңiз қалай қарайсыз. Сiздiң рұхсатыңызсыз мұндай мәселенi көтеру мүмкiн емес, толық шешiлдi деуге келмейдi, тiптi ол дәл қазiргi жағдайда өте қиыншылықпен алға жылжуда, сондықтан да мұның сәттi шешiлуiне толық сенуге болмайды.
Әлеке, мен бiздiң орталықтың үлкен және кiшi саясатынан бойымды аулақ ұстап жүрмiн. Қазақстанда қызмет iстеп жүргенiмде күнделiктi мәселелердiң барлығын назарымда ұстап, бiрде ананың, бiрде мынаның жобасын жасап, оны шешуге белсене араласып жүрушi едiм. Бiзге қазiр құлаққа өте жағымсыз сыбыстар жетiп жатыр.
Жер мәселесiнiң төңiрегiндегi әңгiмелердiң барлығы тұйыққа тiрелiп, барып тұрған бейбастақ байбаламға айналды. Егерде партия мүшелерi мен жер жөнiндегi саясатты жүргiзушiлер өздерiнiң көзқарастарына негiзгi дәйектеме етiп Палена мырза жүргiзген ревизияның «Губерниялық есептерiне» жүгiнсе, солай болмағанда несi қалды. Қоныс аударушылардың жаңадан құрылған басқармасы қандай да бiр асқақ идеяға құрылған саясатты бүркеншiк етсе де, дәл осы арада қазылған апанның, ашылған аранның, қатерлi iсiктiң орыны жатыр. Сүйегi қурап қалған патша губернаторларының әруағынан қорғаныш iздеулерi де бейбастақтыққа жатпай ма. Шындығына көшсек, жерге қоныстандырушы жаңа басқарманың азулы қатырандарының (акуланың – Т.Ж..) ашылған аранына қарағанда соңғы аталғандар (патша губернаторлары – Т.Ж.) «Өзiне сенiп тапсырылған өлкенiң тыныштығын сақтау үшiн бұратаналардың» қол астындағы жердi алу үшiн ептеп, сақтықпен кiрiстi. Шынымен, бұдан өзге жасалған жобалардың жолы кесiлiп, жоралғыдан қалғаны ма сонда? (Профессор Швецов пен Бөкейхановтың жер кесу мөлшерi туралы жобасын меңзеп отыр – Т.Ж.). Мұның астарын түсiруге ақылым жетпедi. Мекемелердiң басқарушы құрылымын байқатпай уландырып отырған «мамандардың» ерекше сендiруiнiң өзiне сенiмсiздiкпен қараймын. Бұған бiзге мәлiм «шiркiндердiң» де қатысы бар, олар да ықпал етiп отыр, бiрақта бұл жөнiнде олардың жауапкершiлiгi шектеулi ғой. Әлеке, Орталық Комитетке хат жазуды қажет деп санамайсыз ба? Әлде, бiздiң жазғандарымыз, өзiнiң орталықтарының алдына осы мәселенi шешуге талап етiп қойып жүрген партия мүшелерiне зиянын тигiзе ме?
Жердi тағы да бөлiске салу, жерге орналастырудағы теңгермелi мөлшердi сақтау – өз жерiнен өзiн қарақшылықпен қуылған (экспропирация) бұрынғы тәжiрибенi еске салып, бақытсыз халықтың тағдыры үшiн жүрегiңдi қансыратады. Мұндай тәжiрибеге даламыз ендi көне алмайды. Өйткенi көшпелiлердiң шаруашылығы – әбден орныққан, табиғи шаруашылық. Шабындықты бөлiске салған ежелгi тәжiрибеге сүйенсек, биылғы қыстың қыспағының өзi неге тұрады? Әлiмхан. Сотайға сәлем.
Әлеке, өзiңiздiң денсаулығыңыз туралы жазыңыз. Қалайда Сталинмен кездесiңiз, жазда қырда демалып қайтуға пұрсат алыңыз.
Сергей Порфирьевичке сәлем айтыңыз. Әлiмхан. 25/II–28 жыл. Көшiрмесi дұрыс: Ағабеков».
Ә.Ермековтің хатқа берген түсініктемесі: «Мен ол кезде Ташкентте тұратынмын, сонда педагогикалық жоғары оқу орынында дәріс беретінмін. Жер және орман шаруашылығы басқармасының бастығы Сәлімгерей Қаратілеуов Қазақстандағы Ғылым академиясының зерттеулерінің нәтижесін тиянақтау мақсатында Орта Азия мемлекеттік университетінен деректер алу үшін Ташкентке келді. Ол менің үйімде болды. Әңгіме отарлау институты мен Қазақстанға қоныс аударушылар мәселесі төңірегінде өрбіді: бұл өте күрделі іс, қоныстандыру революциядан бұрынғы межеден де асып кеткендігі, граф Поленнің тексеру материалдарының Ташкентте екендігі, оған қатысқан қоныстанушылар басқармасының бастығы Чиркиннің осында екендігі, Қазақстанның 5 жылдығына арналған өлкелік газетте Жер комиссариатының басшысы жерді бөлшектеу жөніндегі губернатордың есебіне сүйеніп мақала жариялағаны айтылды. Бір қызығы, сол кезде ескі мәліметтерге көп сүйенетін. Тәргілеу мен Қазақстанға қоныстанушыларды орналастыру аса кең ауқымда жүргізілетінін жеткізді.
Жерге орналастыру мен байларды тәргілеу барысында теріс идеологиялық пікірлерім бұрынғы көрсетінділерімде жазылған. Мен бұл пікірді Ташкенттің педагогикалық институтында сабақ беріп жүргенде білдіргенім түсінікті. Бұл мәселе тек қана партия мүшелері мен партияда жоқтарды ғана емес, зиялы қауымның да назарын аударғаны белгілі. Қаратілеуов жолдаспен кездейсоқ кездесіп қалғанда осы мәселе жөнінде сөз қозғалды. Мен: өзінің өткендегі саяси қайраткерлігінің нәтижесінде патшалық отарлау саясаты тұсындағы шаруашылық саясатын, әсіресе, қоныс аударудың жай-жапсарын терең зерттеген, Қазақстандағы жерге орналастыру мәселесіне барынша қанық Әлихан Бөкейханов қана бұл жағдайды анықтап беретінін айттым. Қоныстандыру жөнінде түрлі қауесеттер айтылып жүрді. Бөкейхановтың іске тартылуын мен де қостадым. Өйткені жер мәселесін зерттейтін институт ВКП(Б) орталық комитетіне қарайтын, ал олар Бөкейхановты Қазақстандағы жер мәселесінің білгірі ретінде қызметке шақырды, сонымен қатар 1921-1923 жылдары қазақ үкіметінің тапсырмасымен Қазақстандағы жерге қоныстандыру мәселесін зерттейтін арнайы экспедицияларға қатысты. Жер мен қоныстандыру бағытындағы менің көзқарасым Бөкейхановтың көзқарасынан алшақ емес. Мен ол кісіні өзімнің ұстазым деп шын көңіліммен айта аламын. Бұл тұрғыдан алғанда біз бұрынғы отарланған жерге қазақ тұрғындары жаппай қоныстанып болғанша жаңадан қоныстандыру науқанына қарсы болдық.
27-жылғы конференцияда Өлкелік комитеттің хатшысы Голощекин жер және ұлт мәселесінде көптеген тосқауылдардың (мағынасы бойынша аударылды, орысшасында – грех –Т.Ж.) бар екендігін, оған жаңаша қарау қажеттігін айтты. Оған көп адамдардың кінәлі екені рас. Мен де бұған қалыптасқан жаңа жағдайға таптық тұрғыдан қарамай, бұрынғы ұстанымымда қалып қойдым. Революция әкелген әлеуметтік құрылым қажеттігін ескермедім. Семейде жүргізілген ғылыми зерттеу жұмыстары көрсеткеніндей, шаруашылық мәдениеті жоғары жұрттың ықпалымен қарабайыр шаруашылық деңгейіндегі халықтың жойылып кететіндігі сөзсіз екендігі анықталғанда, сондай даму сатысында тұрған қазақтардың қамы мені қатты қынжылтты. Мен: көшпелілердің қарапайым тұрмысы жеңіл болғанымен, күйреген мал шаруашылығын қалпына келтіру өте қиын – деп есептедім. Еліміздің алдыңғы қатарлы жұмысшы табының материалдық-техникалық көмегі – өнеркәсіптің араласуы, машина-трактордың бөлінуі, колхоз бен совхоздардың ұйымдастырылуы шаруашылықтың әлеуметтік саласына үлкен өзгерістер әкелетінін ескермеппін. Мұның барлығы ол кезде анық емес болатын. Ал өз басым тікелей жер мәселесімен айналысқамын жоқ.
Ал өкімет кеңестерге көшкенде Жер жөніндегі комиссар боп тағайындалған кездегі әрекеттерім бір бағытта – бұрын патша өкіметі тартып алған жерлерге қазақ халқының қайтадан ие болу құқын қалпына келтіру бағытында жүргізілді. 21-жылы В.И.Ленин төрағалық еткен кеңесте Қазақстандағы жер мәселесі туралы баяндамамда Қазақстандағы ең қиын шешілмеген мәселе жерге орналастыру екендігін баса айттым. Мен Сафаровтың Түркістан туралы баяндамасынан кейін сөз алдым. Сафаров өзінің баяндамасында: Уралдың шаруа мұжықтарын оңтүстік Қазақстанға әкеп қоныстандыру керек, бұл қазақ халқының революциялық рухын өсіреді – деп өзеурей сөйледі. В.И.Ленин жолдас менің бұл мәселеге қалай қарайтынымды сұрағанда мен: Қазақстанда жерге байланысты ұлтаралық қатынастың шиеленісіп тұрған қазіргі жағдайында қазақтардың өздерін жерге орналастырып алмай, шаруаларды қоныстандыруға мүлдем қарсымын және қоныстандыру әрекеті шұғыл тоқтатылуы керек – деп жауап бердім. Семей губкомы мен жерге орналастыру жөніндегі Мемлекеттік жоспарлау комитетінде істеген 1921-1926 жылдар арасындағы менің пікірім осындай.
Жер мәселесі туралы қысқаша шолудан кейінгі айтарым, бұл мәселені шешу жөніндегі бастапқы ұстанымымда тұрақтап тұрып қалуым – менің идеологиялық қатеме жатады. Таптық байланысты, ұлт аралық қатынастың маңызын дер кезінде кең мағыналы деңгейде қабылдамаппын. Мен оған ұлтшылдық тұрғысынан қараппын. Ал үгіт-насихат жүргізді дегенге келсем, ондаймен айналысқамын жоқ, осы мәселемен айналысатын адамдар, әсіресе, Бөкейханов менің үгітіме мұқтаж емес. Олармен кездескен кезде өз пікірімді білдірдім. Осындай адасуда жүргенімде және дағдарыстың алдында (отарлаудың бес жылдық жоспары бойынша Қазақстанға жаппай қоныстандырушыларды әкелу, оларға жағдай жасау туралы жүзеге аспай қалған науқан қарсаңында) мен мұны қазақ халқының қасіреті ретінде қабылдадым. Бөкейхановтың көтерген мәселелердің негізінде өзімді толғандырған жайлар жөнінде Орталық комитеттке мәлімдеме жаздым.
Қазір революциялық күресте шыңдалған таптық ұстаным тарихи шындыққа айналғанын көргенде, мен нақты саясаттан көрі романтикаға берілгенімді түсіндім. Революция ақ қолғаппен орнамайды, құрбандықсыз келмейді. Қазақтар үшін де бұдан өзге жол жоқ. Аса шиеленісті мәселелерді шешуде басқарушы ұйым мен үкімет орындарының дұрыс бағыт ұстанғандарын мынадай дерек растайды. Тәргілеу туралы шешімнің шығар алдында Семейден Қызылордаға келгенімде Ғаббасовтың теңселіп жүргенін көрдім (Оның қырда меншік малы бар болатын). Осыған байланысты ол ерекше белсенділік танытты. Мен оған: егерде сен бұл науқанда асыра сілтеушілікке жол беріледі деп есептесең, онда теңселе бермей, сен жоспарлау мекемесінің жауапты адамы ретінде үкіметке мәлімдеме тапсыр, – деп өзімнің көзқарасымды білдірдім. Бұл пікірді сондай күйде жүрген Қадірбаев Сейдазымға да айттым. Тәргілеу жөніндегі қаулы шыққаннан кейін мен даулы жағдайларға жаңа түсінігім тұрғысынан пікір білдірдім, аз уақытқа ауылға барғанымда да бұл мәселені түсінуге ықылас білдіргендерге (тәргілеуге іліккен туған ағайындарына – Т.Ж.) жоғарыдағыдай түсінік бердім».
хххххххххххххххххххххххххххххххххххххххххххххххххххххх
«1931 жылдың 10 қазаны. ОГПУ-дің коллегиясына Әлімхан Ермековтің мәлімдемесі.
Айыптау ісінде Сәдуақасовтан Байділдинге хат әкелгенім туралы көрсетіліпті. 25-жылы Өлкелік комитет пен Халық комиссарияты мемлекеттік жоспарлау комитетінің өкілдеріне қосып Сәдуақасовты және мені Мәскеуге іссапарға жіберді. Менің Өлкелік комитеттің мүшесі Ежов пен Сәдуақасовтан білгенім – негізгі мақсатымыз шекараны анықтап, бекіту екен. Оңтүстіктегі облыстарды Орта Азия федерациясына, солтүстік облыстарды РСФСР-дің көрші облыстарына қосу туралы мәселе қойылмақ екен. Оңтүстік Қазақстанның төрағасы бұған ерекше ынта қойып, қызу қолдайтынын білдірді. Солтүстік облыстардағы қазақтарды оңтүстікке, Жетісуға көшіру жөнінде нақты ұсыныс жасалыпты. Бұған мен: ұлттық белгісіне қарап қазақ, орыс тұрғындарының арасына шекара қою қиын, олар аралас тұрады. Оңтүстік және солтүстік облыстардың экономикасы өзара тығыз байланысты. Жазда солтүстікке қарай көшіп, мал өрістететін Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда, Қазалы, Бөкей аймағындағы жер пайдаланушылар үшін де тиімсіз. Қостанай уезінің қазақтарын Оңтүстікке көшіру де мүмкін емес. Егерде солтүстік облыстар РСФСР-ға қосылатын болса, онда қазақ тұрғындары да Ресейдің көрші губернияларының қарамағына өтуі тиіс – деп қарсы пікір білдірдім. Мәскеуге келгеннен кейін Ежов пен Сәдуақасов жолдастар: біздің мәселеміз қаралмайтын болды, Қызылордаға қайта беруіңе болады – деді. Орталықта қандай мәселе қаралатынын ол кезде де, қазір де білген емеспін. Мен Қызылордаға қайттым, Смағұл Сәдуақасов берген хатты Байділдинге әкеп бердім. Хаттың мазмұнын бұрын да, қазір де білмеймін. Ал Сәдуақасовтың үйінде ме, жоқ басқа жерде ме, өткен жиналыстарға мен қатысқан жоқпын және ондай мәжілісті естігемін де жоқ. Партиядағылар мен партияда жоқтардың бас қосуына қатысқан жиналысым – 1920 жылы өткен Кеңестердің құрылтай сьезі. Ол туралы алғашқы көрсетінділерімнің бірінде жазғанмын.
59 бап бойынша, 58 баптың 11 тармағы бойынша өзгертіліп тағылған айыптар тергеу барысындағы анықталған шындықтың негізінде кеңес өкіметіне қарсы ешқандай әрекет етпегендігіме байланысты алынып тасталуын өтінемін. Ғаббасовтың Семейдегі тәргілеуге қарсы жүргізген әрекетіне менің қатысым бар екендігі туралы Попов жолдастың бопсасы шындыққа сәйкеспейді. Попов жолдас мені айыптаудың формулировкасымен таныстырған жоқ. Бар білгенімді жоғарыдағы көрсетіндлерімде айтқамын.
Ал 20-жылы мен Мәскеу қаласындағы Байтұрсынов пен Валидовтың арасындағы келіссөзге кездейсоқ қатыстым. Ол маған Байтұрсынов арқылы белгілі болды. Байтұрсынов ол кезде Қазақстан үкіметінің өкілі болғандықтан да кездесуден бас тарта алмайтынмын. Ешқандай ұйым туралы сөз қозғалған емес. Оның мән-жайы алдыңғы жауаптарда айтылды. 20-жылы қазан айында оқуымды тәмамдау үшін Томскіге бардым. 21-жылы педагогикалық тәжірибеден өттім. Сол жылдың күзінен бастап мектеп меңгерушісі болдым. Ғаббасов үнемі Семей қаласында тұрды. Ғаббасовпен ешқандай байланысым болған емес. 20-жылы Мәскеуде Байтұрсыновпен бірге болғанымды Ғаббасовқа 25-жылы, Валидов қатысқан басмашылар қозғалысы талқандалған соң айтқаным есімде. Валидовтің 20-жылғы көңіл-күйін Смағұл Сәдуақасов пен Ғаббас Тоғжанов бөлісетін еді – дегенді де сол айтты. Алайда ол да, мен де бұған қарсы едік. Ғаббасовтың қандайда бір ұйымға мүше болғанынан хабарсызбын. Ташкентте ұйымның бар екендігін болжап қана білдім. Ғаббасовпен екеуміздің еш байланысымыз жоқ, 25-жылға дейін әр қалада тұрдық, саяси оқиғаларға да көзқарасымыз да әр қилы. 20-жылы Колчактың тұсында ол жазғандай мен қырға кеткемін жоқ, Семей қаласында болғамын. Содан кейін партияға өту мәселесі көтерілгенде біздің пікіріміз екіге бөлінді, 20-жылы ол мүлдем қарсы болатын. Содан кейін маған оның қазақ байларының арасындағы рулық тартысқа қатысқаны ұнамады. Біздің іштей араздығымызды білмейтіндер бізді әріптестер деп ойлап қателесіп, оның қасына менің фамилиямды қоса беретін. Мәселенің басын ашу үшін бұған ерекше тоқталдым. Мұның барлығы маған тағылған айыптың жоқтығын дәлелдейді. Нақты бір дерек болса оны жоққа шығару мүмкін емес қой. Пролетариат диктатурасының орнауы, буржуазиялық ұлтшылдық, Қазақстанның өзін-өзі анықтауы, пантүркизм туралы пікірлерімді алдыңғы көрсетінділерде баяндап өттім. Қайталап айтамын идеологиялық қайшылықтарымның, кейбір тактикалық ауытқулардың болғанына қарамастан кеңес өкіметіне қарсы ешқандай ұйымға қатысқан емеспін. Әлімхан Ермеков. 28 қазан, 1931 жыл».
хххххххххххххххххххххххххххххххххххххххххххххххххххххххх
„19 қараша, 1931 жыл. ОО ПП-нің бөлім бастығы Молохов жолдасқа. Ерекше өкілі Попов жолдасқа
Мен өзімнің ешқандайда контрреволюциялық әрекетке қатыспағанымды тағы да мәлімдеймін. Өзгелердің көтсетіндесіндегі жалған айғақтардың негізінде өзімнің айыпкер екенімді мойындасам, ерекше өкіл Поповтың тілеуін қанағаттандыратын сияқтымын. Өзімді айыпкер санаудан басқа жол қалмаған сияқты. Бұл маған берілген сыбаға іспетті. Мен шындығында да астыртын ұйымға қатыссам, тергеушінің жүгі жеңілдейтіндей көрінеді. Айыбымды мойындау арқылы ғана өзімнің кінәмді жеңілдететін көрінемін. Бірақта мен, шамамен, мүмкіндігім жеткенше өзгелердің айыптауларын жоққа шығара отырып, тергеу орындарының алдында өзімді ақтап алуға тырысамын. Сондықтан да сіздерден маған тағылған айыппен таныстыруды және мені астыртын ұйымға қатысты деп айғақ берген адамдармен бетпе-бет кездестіруді талап етемін. Идеологиялық қателіктерім мен кейбір шараларға көзқарасымның тұрақсыз болғанына қарамастан, кейінгі он жылдың ішінде Қазақстан еңбекшілерінің ынтымағы мен мүддесі үшін саналы түрде адал қызмет еттім. Алда қанша өмір бар және қанша жұмыс істеймін, оны білмеймін, бірақ жалған айғақтарды мойындап, өзімді сатқын ретінде көрсете алмаймын. Менің ойымша бұл мәселе тергеу барысында толық анықталады және әшкереленеді деп ойлаймын. Контрреволюциялық ұйымға қатысымның жоқтығын және маған қысым жасау арқылы мойындатамыз деген емеуіріннің нәтижессіздігін дәлелдейді. Алдыңғы көрсетінділерімде: менің өткен жылдардағы идеологиялық ауытқуларымды қазіргі социалистік құрылыс жүйесіне ешқандай зиян әкелмегендігін арым мен ожданыма сүйене отырып мәлімдегенмін. Менің өткендегі „Алашорданың контрреволюциялық әрекеттерім тұсындағы идеологиялық ұстанымдарын социалистік құрлыс қоғамына қарсылық емес, керісінше консервативтік көзқарас болып табылады…”
ххххххххххххххххххххххххххххххххххххххххххххххххххххх
1931 жылы 17 желтоқсан күні:
„Тұтқын Ермековтің өтініші бойынша оның 28/ХІ – күні Өлкелік комитеттің хатшысы Голщекиннің атына жолдаған өтініші қабылданбады” – деп көрсетілген.
3-томның 165-бетінде:
” ОГПУ-дің Қазақстандағы өкіліне. Ашық хатты баспасөзде жариялауды және көшірмесін ВКП(б) өлкелік комитетіне және іске тігуді өтінемін. Егерде баспасөзде жариялауды мүмкін деп таппасаңыздар, онда бір данасын үйіме жіберуге рұқсат етіңіздер. Ә.Ермеков. 29/ІҮ-32 жыл.” – деген қолы қойылған.
«Ашық хат» 1932 жылғы 4 мамырда БКП(б) Қазақ өлкелік комитетінің хатшысы Ф.И.Голощекин мен Халық комиссарлары кеңесінің төрағасы О.Исаевқа жолданды. Оның соңына:
„Тергеу біткеннен кейін де пәле қуған жауапсыз адамдар тағы да арадай таламас үшін мен бұл мәлімдемені саналы түрде жазып отырмын” – деп ескерткен.
Хххххххххххххххххххххххххххх
Әлімхан Ермеков, «Менің Владимир Ильич Ленинмен 1920 жылғы кездесуім»:
«Кеңес әскері Колчакті құлатып, талқандаған соң, 1919 жылдың соңында губерниялық кеңес өкіметін ұйымдастыру үшін Сібір ревкомының мүшесі Косарев (Ленин комсомолы Орталық комитетінің бірінші хатшысы, белгілі Косаревтің әкесі) – Омбы қаласынанан Семейге келді. Ол Семей қаласының жұмысшы аудандарында қазақ жұмысшылары мен жатақтары қатысқан бірнеше жиын өткізіп, олардың ішінен сайланған өкіл ретінде губерниялық революциялық комитетке мүшелікке ұсынылып отырған кандидаттар туралы олардың пікірін білді. Оның өзінің ұсынысы бойынша Завадский – төраға, Большаков – хатшы және мүше ретінде Құрамшин, Төленов және мен губерниялық революциялық комитеттің құрамына кірдік.
1919 жылдың күзінде-ақ РКП(б) ОК мен Кеңес үкіметіні Қазақ өлкесін басқаратын Қазақ революциялық әскери комитетін құрған болатын. Оның құрамына: Пестковский – төраға және Әліби Жангелдин, Меңдешев Сейтқали, Әйтиев Әбдірахман, Арғыншиев Сағынгерей, Ғұбайдолла және Әлиасқар Әлібековтер, Қаратаев Бақытжан, Тұнғашин, Бегімбетов Нысанғали және басқалар оның құрамына мүше боп кірді.
Семей губревкомы басында Сібірревкомына қарады, кейіннен Орталықтың қазақ даласын басқаратын қазақ әскери ревкомын құру туралы қаулысы шыққаннан кейін бұл губернияны басқару және оны соңғысына қосу туралы мәселе қойылды.
Кезек күттірмейтін бұл мәселені шешу үшін 1920 жылы мамыр айының басында мен Орынборға іссапарға жіберілдім, қазақ әскери ревкомы және біздің республикамыздың ұйымдастырылуы мен қалыптасуы кезіндегі уақытша орталығы осы Орынбор болатын.
Екі облыстың – Семей және Ақмола облыстарының қазақ әскери ревкомына қосылуы және оның қарамағына берілуі мәселесі Орынбор қаласындағы мәжілісте барлық мүшелердің қатысуымен талқыланды. Талқылауда: болашақтағы автономиялық республиканың құрамына кіретін Қазақ өлкесіндегі барлық облыстарды белгілеу және олардың шекарасын анықтау мәселесі көтерілді.
«Мұндай үлкен жұмысты жүргізу үшін Қазақ әскери ревкомының қаулысы бойынша 1920 жылғы 18 майдағы № 2043 мандатпен «Жалпы Қазақ өлкесі, оның ішінде оның ішінде шекара мәселесі» туралы баяндама жасауға Мәскеуге аттандым. Қазақ революциялық әскери комитетінің шешімімен ВЦИК-тің жанындағы Қазақ әскери ревкомның өкілетті коллегиясының төрағасы болып тағайындалдым, әрі ВЦИК-тің президиумының қаулысы бойынша Қазақ революциялық әскери комитетінің мүшесі болып бекітілдім. Қазақ революциялық әскери комитетінің мүшелерінің қатарына, сондай-ақ Ақмола облысынан Сәкен Сейфуллин кірді. Мәскеуде жүрген 4 ай уақыттың ішінде мен Қазақ әскери ревкомы мүшелерімен тығыз байланыста болдым. Олардан автономиялық республиканың құрылуы мен оның шекарасын анықтау мәселелері жөнінде тиісті нұсқаулар алып тұрдым».
1920 жылы 23 маусымнан 7 тамызға дейін Коминтерннің ІІ конгресінің мәжілістері өткен еді. РКП (б) делегациясының құрамына Владимир Ильич Лениннің басқаруымен партия мен үкімет басшылары кірді. Сондай-ақ бұған автономиялық республикалардан да делегаттар келді. 2- конгреске РСФСР компартиясының делегациясының құрамында Тұрар Рысқұловтың т.б. қатысқаны есімде. Қазақ автономиясын Ахмет Байтұрсынов бастап барды.
Конгрессте Владимир Ильичтің: «Егер де алдыңғы қатарлы елдердің пролетариаты көмек берсе, әлеуметтік-экономиялық жағынан артта калған елдер капитализмді орағытып социализмге өте алады», – деген сөзі маңызды теориялық мәнге ие болды. Ең алдымен В. И. Лениннің осы конгресте неміс тілінде сөйлегені мені таң қалдырды. Мұнда Үндістан Коммунистік партиясының лидері Ройдың өз Отанында ұлттық буржуазиялық-демократтық қозғалысты қолдауға қарсы сөйлегені көп пікірталас туғызғаны есімде қалды. Владимир Ильич Ройдың бұл пікіріне түбегейлі қарсы шығып, империализммен күреске бағытталған ұлт-азаттық қозғалысқа пролетариаттың шұғыл түрде көмек көрсетуі қажеттігін батыра айтты. Ағылшын коммунистік партиясының делегаты Квеч те осындай көңіл-күйде сөйледі. Иә, осы бір қысқа естелігімді аяқтай келе, мен жас, албырт шағымда Владимир Ильич Ленинмен кездескеніме өзімді бақытты санаймын. Оның шабытты да дана, аса адамгершілікті кейпі жүрегімде мәңгі сақталады.
Ә.Ермеков (Естеліктен): «Москваға келгеннен кейін В.И.Ленин төрағалық еткен комиссияның отырысында мен Қазақстандағы жағдай туралы баяндама жасадым. Маған дейін Түркістан республикасындағы жағдай туралы «Түрккомиссиясының» мүшесі жолд. Сафаров сөйледі. Аса қуатты жігерге ие бұл адам отарланған аудандардағы бұратана халықтың аса ауыр жағдайы мен Столыпин реформасынан кейін қоныс аударушылардың кесірінен туындаған қиыншылықтарды сон дай бір сенімді де нақты дәлелдермен жеткізе білген тиянақты баян дама жасады. Ол: өзінің ата қонысынан айырылған және келімсек-кулактардың аяусыз теркісіне ұшыраған қазақ батырақтарының бишаралығы мен көрген қорлығын ашына айтты. Ол: «Шұғыл түрде жер реформасын жүргізіп, барлық кулактардың жерін тартып алып, олардан алынған жерді бұрынғы иесіне қайтарып беруді талап етті. «Сонда ғана бұратана халық бостандықты сезіне алады, ұлы қазан төңкерісінің жемісін көре алады», – деді. Владимир Ильич оның көзқарасын қолдады және содан біраз уақыт өткен соң Ораз Жандосовтың т.б. қатысуымен Түркістанда жер реформасы жүргізілді».
Ә.Ермеков (Естеліктен): « Мен өзімнің баяндамама кіріспей тұрып, Ұлы Октябрь революциясы көсемінің алдында қатты толқыдым. Бірақ оның қарапайымдылығы, мейрімділігі, кіші халықтарға деген ерекше қамқорлығы маған жаймашуақ әсер етті. Баяндама кезінде мені оның ширақтығы, ойының өткірлігі, аз халықтың баяндама жасаған өкілін әділ де батыл қолдауы бей-жай қалдырмады.
Көтерілген барлық мәселелерді талдауы мен ондағы қойылған мәселелердің барлығынан хабардар болуы және оған бойлай енуі таңқаларлық еді. Ол менің баяндамама да катысты қызығушылық пиғыл көрсетті: мұқият тыңдады, мүмкін болатын қателіктерден сақтандырды, ал әділ шешімді талап ететін қажетті шараларды батыл қолдады. Владимир Ильич тек тыңдап, талдап қана қоймай, әрі қызына пікір айтып, бүкіл баяндаманың басынан бастап аяғына дейін белсене қатысып отырды. Сөйтіп, адамзаттың ұлы данышпаны маған ұмытылмас әсер қалдырды. Осынау ұлы ойшыл-революционердің рухы алдында басымды иіп тағзым етемін.
Енді Владимир Ильичтің баяндамадағы шиеленіскен мәселелерді дұрыс шешуге катысып, берген көмегі туралы, елу жылдан кейін де есімде қалған жеке-жеке эпизодтарға тоқталайын.
Мен өзімнің баяндамамда, негізінен, Қазақстанның шекарасын анықтауда үлкен маңызы бар күрделі де шиеленіскен жер мәселесіне тоқталдым (Бұл мәселелер Лениннің көзі тірісінде шешілген болатұғын, сондықтан да қазір тарихи-анықтамалық қана сипат алады.
Патшалық Россия кезінде сол кездегі қолданыстағы заң ережелерін бұза отырып, қазақ жұртының иелігіндегі өзен, көл жағалауын, орман алқабын, саяжай орналасқан тоғайларды, қара топырақты жерлерді, жасыл алқаптарды тартып алған болатын. Ал бұл «белдеулердің» Ертіс бойындағы көлемі әуеліде ені 10 десятинадан бастап ұзындығы 70 десятинаға дейін жетті, ал Каспий теңізінің солтүстік жағалауындағы әйгілі «миллиондық қор» деп аталатын аса ірі атырау мал өндірісімен айналысушылардан тартып алынып, шіркеуге, қазыналық қарашығын деп аталатын салғырттың есебіне және қазынаның жеке билігіне берілді.
Қазақтардың пайдалануындағы жерлерді тартып алатын мұндай әпербақандық – Ресейдің ішіндегі аса ірі жер иелері мен помещиктердің помещиктердің құлқын жоқтайтын столыпиндік реформадан кейін тіпті өрістеп кетті. Ол Мемлекеттік Дума мінбесінен: «Қазақ даласы мен Түркістандағы ұйымдасқан кулактардың қожалығы жергілікті тұрғындардың мүддесін секермеуі тиіс, керісінше ол – патша режимнің тірегі болуы тиіс», деп ұран тастап, патшалық саясаттың тірегіне айналды. Сөйтіп жергілікті тұрғындарды ойламай, Қазақстан мен Түркстанда қулактардың иелігіндегі шаруашылықтың қанат жаюына бар күшін салған еді. Онда (мәжілісте – Т.Ж.) Каспий жағалауы туралы мәселелер өткір пікірталас тудырды. Ал жергілікті тұрғындардың жер туралы мәселесі, тіпті, қаралған да жоқ болатын. Ертістің он шақырым сол жақ беті 1904 жылғы орыс-жапон соғысы алдында сенат үкіметінің қаулысымен Сібір казактарының иелігіне берілген. Ал қазақ елі өзінің ата-бабасының жерінен айырылып қана қоймай, оның үстіне осы жайылымдыққа малын бағу үшін орыс кулактарына орасан зор қаржы төлеп, тез арада кедейлікке ұшырады. Сөйтіп олар әрбір казак семьясына қызмет ететін үй шаруасындағы жұмысшы ретінде батырақтарға айналды. Қазақ өлген кісісін жерлеу үшін зират орынына алтын ақша есебімен 18-20 сом төлегені туралы деректер архив құжаттарынан белгілі.
Мен баяндамамның соңында: осы он шақырымдық жерді қазақ халқы ежелден иеленіп келгендіктен де, өздеріне қайтарып беру – туралы ұсыныс жасадым.
Ал Каспий теңізінің солтүстік жағалауы – салық жинайтын жер болып жарияланғанымен, патша үкіметі қазақ тұрғындарын иеленген жерлерінен көшіре алмады. Себебі, Каспийдің солтүстік жағына карай «Рың (Нарын – ? – Т.Ж.) құмдары» деп аталатын құм бұйраттары созылып жатыр. Экономиканың қатал заңы тұрғындарды Каспий теңізі жағалауына қуды. Онда олар балық аулаумен шұғылданып, кемеде жұмысшы болып істеп, күн көріс мүмкіндігіне ие болды.
Баяндамамның соңында: қазақтардың бұрын иеленіп келген жерлері өздеріне қайтарылсын және жергілікті қазақ пен отырықшылданған орыс тұрғындары қашан орнығып біткенше Россиядан қоныс аударуды тоқтатқан жөн, – деген ұсыныс жасадым. Осы жерде Владимир Ильич менің сөзімді бөліп: «Қызық екен, орталықтағы жолдас, біздің ЦК-ның мүшесі Сафаров: Түркістаннан барлық кулак шаруашылығын көшіріп жіберу керек, – десе, сіз: тек жергілікті қазақтар мен отырықшылданған орыстар орын тепкенше қоныс аударуды тоқтату керек, - дейсіз. Бұл қалай? Мен мұндай пікірді күтпеп едім?», – деп бір сәт күмілжи қарады. Мен: «Сафаровтың Түркістанның жағдайын жақсы білетінін, ол сол жерде ұзақ уақыт қызмет істегенін айта келіп, ал Қазақстанның жағдайында ондай ұсыныстан бас тарту керек», – дедім. Және де өз ұсынысыма негіз ретінде солтүстік аймақтардағы қазақ пен орыс тұрғындарының сан жағынан арақатынасы жайлы статистикалык мәліметтерді келтірдім. «Орыс тұрғындарын көшіріп жібереміз деген шешімнің орындалу мүмкіндігіне сенбеймін, себебі, ұлттар арасында алауыздық туу қаупі бар», – дедім. Сонда Владимир Ильич: «Ендеше ойлану керек», – деді.
Бұдан кейін: «он шақырымдық кесімді жер» мен жерге орналастыру мен ауыл шаруашылығын ұйымдасиыру туралы барынша қамти айтқаныма қарамастан, Владимир Ильич: «Тағы да қосымша айтарыңыз бар ма?», – деп сұрады. Сонда мен жастардың атынан (ол кезде 29 жаста едім): жерді өңдеуге және шөп шабуға арналған ауыл шаруашылығы машиналарымен қамтамасыз етсе, сөйтіп ауыл шаруашылығы коммуналарын ұйымдастырсақ, – деген тілек айттым. Владимир Ильич қолын сермеп: «Керегі жоқ, керегі жоқ. Біз ауыл шаруашылығы коммуналары жайлы, тіпті, Орталық Россияда да әлі ойластырғамыз жоқ», – деді. Владимир Ильичтің тарапынан айтылған мұндай сілтеме қсынысқа мен қатты абыржып қалдым.
Коммиссияның мәжілісінде, жасаған баяндамамның біздің республикамыздың территориясын анықтау туралы тұсында: Каспий теңізінің солтүстік жағалауының – Астрахань губерниясынан Қазақстанға қайтарылғаны тиімді екендігі жөніндегі жоғарыдағы ұсынысымдықайталап айттым. Менің бұл ұсынысыма көптеген адамдар мүлдем қарсы болды. Ірі басшылар, әсіресе Астрахань губерниялық атқару комитетінің председателі (фамилиясы есімде жоқ), Лежава, Брюханов секілді басшылар: Каспийдің балығымен Москва жұртшылығын асырап отырмыз, еліміз азық-түлік қиындығын бастан кешіп отыр, – деген сылтауды алдыға тартты. Сөйлеушілердің бұл мәселеге теріс көзқарасын байқаған Владимир Ильич маған бұрылып: «Біздің экономистер жан-жақты талдап, батыл айтқан секілді, ұялмаңыз, өзіңіздің ойыңызды еркін айта беріңіз, енді сөз сізге беріледі», – деді.
«Мен, кеше ғана институтты бітіргенмін, жақсы тәжірибені үйренуге дайынмын. Бірақ кейбір жолдастардың менің ойыма қарсы болғанына таңым бар. Өйткені, Қазақстанның өзінің ұлттық-тұрмыстық ерекшеліктеріне байланысты алатын автономиялық басқару құрылымы – РСФСР-дің қарамағына кіреді. Соған қарамастан, біздің, Каспий жағалауының республика шекарасына кіргізілуін мақұлдағанымыз дұрыс сияқты. Себебі, ол жерде негізінен балық шаруашылығымен айналысатын қазақтар мекендейді және де бұл жағалау Қазақстан территориясының ішіне кіріп тұр. Ал егер осы жағалауды тұрғындарымен бірге біздің республиканың шекарасына кіргізсе, біз оларды ұйымдастырып, Астрахань губерниясына қарағанда Орталыққа әлдеқайда көп балық жіберетінімізге сенімдімін», – дедім.
Владимир Ильич Астрахань губерниялық атқару комитетінің председателіне бұрылып, одан: Жағалаудағы қазақ пен орыс тұрғындарының сан жағынан ара қатынасы қандай?, – деген сұрақ қойды. Председатель статистикалық мәліметтер жоқ дегенді сылтау етіп, сұрақтан бұлтарғысы келіп еді, Владимир Ильич: «Жағалауда қанша қазақ, қанша орыс бар – деп отырғаным жоқ, осы өңірдегі тұрғындардың қайсысы басым?»,– деді. Сонда председатель амалсыздан: «Қазақтар басым секілді», - дегенге сайды. Владимир Ильич: «Мәселе түсінікті болды», – деп дауысқа салмақ еді, сол арада хатшы Крестинский: «Ермеков жолдас «Данциг дәлізін» ұйымдастырмақ болып отыр», – деп қыстырылып еді, Владимир Ильич: «Крестинский жолдас мәселенің маңызын түсінген жоқ. «Данциг дәлізін» Астрахань губаткомы мен біздің шаруашылық басшылары жасап отыр», – деді. Теңіз жағалауын біздің республикамыздың шекарасына қосуды жақтап Владимир Ильичтің өзі дауы берді және оның ұсынысы көпшілік дауыспен қабылданды», – деп еске алды.
Бұл туралы аталған естелікте Ә.Ермеков: «1920 жылдың 24 авгусінде Халық Қомиссарлар Кеңесі Қырғыз (қазақ) Автономиялық республикасы туралы декрет жобасының мәселесі жөніндегі мәжіліске баяндамашының бірі ретінде мен де қатыстым. Мәжілістегі атмосфера аса іскерлік жағдайда болды, әрқайсысы өздерінің жауапкершілігін сезініп, қатал тәртіп сақтап, байсалдылық танытты. Бұл мәжіліске Владимир Ильичтің өзі және біздің тарапымыздан төраға Пестковский қатысып отырды. Мәселе туралы Ұлттар жөніндегі халық комиссарының төрағасының орынбасары Каменский баяндама жасады. Ол өзінің жауапкершілігін қатты сезініп, баяндама барысында көп қиналды.
Владимир Ильич, декретті қарап отырып: «Байланыс торабы мұнда ЦСНХ-ның қарамағына беріліпті, неге НКПС-тің (Байланыс жөніндегі халық комссариатының – Т.Ж.) қарауына берілмеген? – деген сұрақ қойды. Каменский жолдас: «Татар республикасы туралы декретте осындай ереже қабылданған болатын», – деп жауап берді. Владимир Ильич таңданыс білдіріп: «Ендеше ол ережеде мұндай шешім неге қабылданған?», – деп сұрақ қойды да: мәселенің барлығы нақты қамтылмағаны туралы баяндамашыға қатты ескерту берді. Мен бұл мәселенің мән-жайын Пестковский жолдасқа: «Біздің республикамыздағы темір жолы торабының көлемі шамалы, оның есесіне салынып жатқан темір жолы құрылысы ЦСНХ -ның басшылығына қарайды», – деп. түсіндірдім. Пестковский жолдас сөз алып, жоғарыдағы шешімнің мән-жайын түсіндіріп берді. Владимир Ильич бұған: «Мұндай түсініктемемен келісуге де болады, келіспеуге де болады, бірақ баяндамашы болса: Татар республикасы жөніндегі осыған сәйкес ережеге сілтеме жасағысы келеді», – деп ескерту жасады. Каменский жолдас өзіне түскен барлық жауапкершілік пен ауырлықты қатты сезініп, қиналды, сқйтіп, осында отырғандарға алдағы уақытта ескеріп жүретіндей үлкен сабақ болды.
Сөйтіп Декреттің жобасы тездете тұтас оқылып, қабылданды. Тиісті қосымшалар мен өзгерістерімен қоса РСФСР Халкомсовының Декреті 1920 жылғы 26 августа бүкіл елге жарияланды», – деп еске алды.
«В.И.Ленин өзі төрағалық еткен алғашқы мәжілістің аяғында: «Автономияны кұру жөнінде қазір Сталинге барып пікірлесіңдер, оның дайындаған жобасы бар, сонымен танысып, бар ойларыңызды түйістіріңіздер», – деп кеңес берді.
Мәжіліске қатысушылар үзілісте түгелдей дәлізге шықтық. Қазақстандық делегацияның құрамы 15-тей адам болатын. Бәріміз Әлихан Бөкейхановты тостық. Әлекең Ленинмен оңаша пікірлесіп, әңгімелесіп қалған болатын. 15-20 минуттен кейін ол кісі де шықты. Біз: «Сізді Сталинге бірге кіру үшін тосып тұрмыз», – дедік. Әлихан бәрімізге салқындау қарап:
«Сталин не шешер дейсің, оның не ойы, не білімі көлемді емес, қанша бір жетіскен жоба бар дейсің. Онан да өзіміз жеке шешкен дұрыс», – деп жүріп кетті.
Біз бәріміз де аңтарылып қалдық та Әлекеңе ілесіп Кремльден шығып кеттік. Осы күні: «Бәлкім кіріп пікірлескеніміз дұрыс болар ма еді? Кейбір мәселелер мүмкін басқаша шешілер ме еді?», – деген ой келеді.
Осы мәжілістен кейін бір жеті өткен соң В. И. Ленин Қазақ АССР-ін құру жөніндегі декретке қол қойды»,
ххххххххххххххххххххххххххххххххххх
«Социалды Қазақстан» мен «Казахстанская правда» газеттерінің 1932 жылғы 10 маусым күнгі санындағы мақала:
Достарыңызбен бөлісу: |