7) Бөкейханов пен Щвецов Қызылордаға келгенде Қаратілеуов, Сәдуақасов және мен қарсы алуға дайындалдық. Мемлекеттік құрылымның соңғы өзгерістерін талқыладық. Мұны ұйымдасқан мәжіліс деуге болмайды. Жай ғана пікір алысуда: ірілендірілген колхоздардан көрі шағын колхоздардың пайдалы екендігін, колхоздар ірілендірсе мал басынан айрылып, өзінің құнын жоятындығын, ал шағын колхоздар мал-мүлікті сақтап қалатындығын айттық. Ет дайындау мәселесіне келетін болсақ мал басы азайып, малшылар егін салуға көшеді дестік. Бұл турасында мәжіліс те емес. Қоныстанушылар туралы мәселе 24-25 ші жылдары қозғалды да тоқтап қалды.
Балқаш ауданындағы қазақтардың көтерілісі туралы ештеңе білмеймін. Мұндайды тоқтату керектігін Құдайбергенов Бекмұхаметке ақпан айында айтқанмын. Аз уақыт өткеннен кейін Ермеков пен Досмұхамедовқа айттым. Олар жауап қайтармады.
8) Интеллигенттердің кеңес үкіметіне қатынасы туралы. Мен бұл сұрақтың бүге-шігесін біле бермеймін. Кеңес үкіметінің құқықтық ауытқуларға барғаны анық. Олардың оңшылдыққа қарай бұрылуы қазақ халқына молшылық әкеледі деп. ойладым. Бұл пікірді ашық айтуға жүрексіндік, бетімізден басып жүрдік. Дулатов пен Байтұрсынов тұтқындалғаннан кейін ешқандай да мәжіліс болған емес. Соңғы екі жылда өзгеріске қатысты айтарым: Мен 28-ші жылы Қызылордаға келгеннен соң бір айдан кейін Дулатов сотталды. Сондықтан да ешқандай түбірлі мәселемен айналыспады. Досмұхамедов пен Ермеков ешқандай ұйым болған емес дейтін шығар, шындығында да халық бытырап кетті, коллективтендіру науқаны басталды, темір жол құрылысы қолға алынды. Мына оқиға ГПУ-шілерге белгілі ме, жоқ па соны айтайын. Бастабында мені темір жол құрылыс учаскесінің бастығы етіп тағайындауды ұсынды. Бірақ та жолдастардың: жер жағдайын жақсы білесің, сондықтан да басқармада қалғаның өте пайдалы деп ақыл беруіне байланысты, басқармада қалдым. 28-ші жылы Іле тармағындағы екі учаскіде жалғыз-ақ басқарма болды. Жер бедері күрделі, темір жол салуға қиын болатын. Мені сол учаскіге көмекке жіберді. Мен онда қаржыны үнемдеу мақсатында жаңа экономикалық талдау жасап, техникалық жағдайларды есептей отырып, бір жарым – екі миллион сомды үнемдейтін жоба жасадым. Кейбір техникалық шарттар мені Қызылордаға шұғыл шақыруға байланысты орындалмай қалды. Қайтып келсем, мені орнымнан алып тастапты. Жұмыс қаржысы бұрынғыдан да көбейіп, бір разъезд артық салыныпты. Менің ұсынысымды қабыл көрмепті, бұл зерттеуімді одан әрі жалғастырып, жобаны Мәскеуге жібердім. Кейін Мәскеуден: Тынышбаевтың жобасы дұрыс деген қорытынды келді. Инженер Гоми (?) жобаны негіздеп беруді өтінді. Мен он күн отырып бұрынғы жобамды дамыттым. Жоба бойынша жұмысшылардың еңбегі жеңілдеді, касса үнемделді. Иванов және басқа учаске бастықтары менің жобама тосқауыл қойды. Сонда жұмысшылардың үш-төрт айлығы еш кетті. Жобаның көшірмесін Шәкир (?) мен Рұсқұловқа жібердім. Сөйтіп, бір жарым миллон сом мемлекет қаржысы үнемделді.
Қарсақбай туралы айтарым: мұндай өнеркәсіптер неғұрлым көп болса, соғұрлым пайдалы. Қазақ өнеркәсібі дамиды. Бір мемлекетте тұрғандықтан да байлық бәріне ортақ, тек мемлекеттік ұйымдар қазақ қауымын сыртта қалдырмаса болғаны. Инженер ретінде мұны қолдаймын.
Профессор Щвецовпен Қызылорда қаласында таныстым, сондай-ақ Бөкейхановпен кездестім. Олардың саяси бағыты туралы ештеңе білмеймін. Маған Алматы қаласынан электр жүйесін жоспарлауға тапсырма берілгендіктен де біреумен кездесуге, ұйым жұмысына қатысуға уақытым болған жоқ.
Жақанша Досмұхамедов үнемі ұйымнан бойын аулақ салып, оған: бұдан ештеңе шықпайды деп сын көзбен қарады. Мәдениет саласындағы жекелеген коммунистермен пікір алысулар болды, бірақ түбірлі мәселелер көтерілген жоқ. Алматыда ешқандай ұйым болған емес. Ондай құжаттарды көрген емеспін. Ташкентте де ұйым болған жоқ. Бізді ұйым емес, пікірлестер деп атаса болады. Ешқандай контрреволюциялық қаулы қабылданған емес”.
12-ші. Совхоз құрылысына көзқарасым туралы. Бұл мәселенің ашық талқыланбағаны анық. Бірақ та өзімнің ойым мынадай. Кеңестік шаруашылық … Бұрын да үлкен аумақты көлемді алып жататын. Ал колхоздардың күйі орташа ғана болатын. Сондықтан да совхозға қарсы ешқандай пікірім жоқ. Мен тіпті Халел Досмұхамедовтың колхоз бен совхозды айыра алмайтынын естіп күлген болатынмын. Турксибтің құрлысына бәріміз де ықыласпен қарадық. Москвада бір адам: Түрксиб құрылысы тұрғындардың жерін азайтпай ма, бос жер бар ма?- деп сұрақ қойды. Мен: мұның бәрі бос сөз, қазақтар көтеріңкі көңілмен жерді игеріп, тау қопарып жатыр – деп жауап бердім. Турксиб туралы, бұдан басқа айтарым жоқ».
хххххххххххххххххххххххххххххххххххх
Осы мәліметтің негізінде М.Тынышбаев пен А.Үмбетбаевті беттесуі.
«1931 жылғы 8 қыркүйек күнгі Тынышбаев пен Үмбетбаевтың беттесуінің хаттамасы.
Тынышбаевқа сұрақ: Сіз Үмбетбаевты білесіз бе?
Жауап: Білемін десем де, білмеймін десем де болады.
Үмбетбаевқа сұрақ: Сіз Тынышбаевты білесіз бе?
Жауап: Білемін. Тынышбаевтің көрсетіндісімен толық келісемін. Мұны Тынышбаевтің өзі де жоққа шығармайтын шығар. 1922 жылы Рысқұлов пен Бірімжановтың өтініші бойынша Валидовты большевиктермен келіссөз жүргізу үшін жолықтыру туралы Тынышбаев маған тапсырма берді. Ешқандай астыртын ұйымда болғам жоқ, Тынышбаевпен жақын таныс емеспін. Тынышбаев мені жеке адам ретінде жұмсады.
Тынышбаев: Үмбетбаев біздің ұйымда есепте тұрған жоқ. Өйткені менде ешқандай ұйымға мүше болған емеспін, ешқандай құпия мәжіліс пен жиналысқа қатысқаным жоқ.
Үмбетбаевтің түсінігі: 1922 жылы Рысқұлов пен Бірімжановқа қатысты Тынышбаевтан ешқандай тапсырма алғаным да жоқ, орындағаным да жоқ. Мұны Тынышбаевтың өзі де растайтын шығар.
Тынышбаевтың жауабы: Мен бұрынғы бір жауабымда айтқанымдай, 1922 жылы Түркістан қаласында Халел Досмұхамбетовпен кездесіп, оған: Заки Валидовпен байланыс орнатылған жоқ, сондықтан да онымен кездесу кейінге қалдырылды. Бірімжановпен жеке өзім кездесемін деп жауап бердім. Ондағы ойым тез арада Шымкентке, одан Ташкентке жүріп кетуді ойладым. Алайда әйелімнің тосыннан қайтыс болуына байланысты Шымкентте ұзақ аялдап қалдым, ол ойым жүзеге аспады. Содан кейін қайтып жастармен кездескен емеспін».
хххххххххххххххххххххххххххххххххххххххххххххххх
Осындай беттесу Ж.Досмұхамедовпен де ұйымдастырылған.
«1931 жылғы 12 қыркүйек күнгі Мұхамеджан Тынышбаев пен Жаһанша Досмұхамедовтің беттесу хаттамасы.
Тынышбаевқа сұрақ: Жаһанша Досмұхамедов сіздердің ұйымдарыңызға мүше болғанын растай аласыз ба?
Жауап: 22-жылы Ташкент қаласындағы Халел Досмұхамедовтің пәтерінде өткен бас қосуда Бұқарадағы Заки Валидовтің қозғалысы туралы Лапов (Дулатов – ?) па, Бірімжанов па, біреуі хабарлама жасады. Онда Халел Досмұхамедов, Лапов (?), Бірімжанов, Нәшір Қожамқұлов (Нәшір Есімқұлов деп жазылған –Т.Ж.), мен және Жаһанша Досмұхамедов қатысты. Бұлардан басқалары есімде жоқ. Заки Валидовтің қозғалысын қолдайтын ұйым құру туралы мәселе көтерілді. Жаһанша Досмұхамедов ұйым құруға және қозғалысты қолдауға қарсы болғаны есімде. Оны құруға мен ұсыныс жасаған болатынмын. Ұйым құрылды. Жаһанша бұған жолдастық көңіл жықпастықпен қарады. Міржақып Дулатовқа, Халел Досмұхамедовке, Жаһанша Досмұхамедовке ұйымның жарғысын жасау тапсырылды. Бұдан кейін екеуміз де іссапарға кеттік, Жаһанша Досмұхамедов Алматыға кетті, сондықтан да жарғы жазылды ма, жоқ па, одан хабарсызбын. Қыркүйек айында Ташкентке келсем Заки Валиди Ташкентте жүр екен. Істейтін іс қалмаған соң ұйым өзінен өзі тарап кетті. Тынышбаевтан көмек болмайтыны анық болған соң, менен күдер үзгендіктен де, ұйым жарғыс жазылды ма, жоқ па, оны маған мәлімдеген жоқ.
Жаһанша Досмұхамедовтің қарсы жауабы: 21-22-жылдардың бірінде «Ақ жолдықтардың» (Ташкентте шығып тұрған газеттің аты – Т.Ж.) біреуі келіп: бұрынғы алашордашылардың бас қосуына шақырды. Қайда өткені есімде жоқ. Халел Досмұхамедов пен Тынышбаев, Дулатов пен Бірімжанов болды. Қалғандары есімде емес. Онда сол кезде дүрілдеп тұрған Түркістандағы басмашылар қозғалысы мен оның құрамында жүрген Заки Валидов туралы, башқұрт профессорының Түркістанды игере алмай жүргендігі, ал бұрынғы алыпсатарлармен ешқандай да бірікпеу туралы мәселе көтерілді. Бұдан кейін Халел Досмұхамедов пен Мұқамеджан Тынышбаев: Біз кеңес өкіметіне еркімізбен өттік. Ферғананың басмашылар қозғалысының басшылары бұларға да салауат беруді өтінді. Оларды әуелі қолға түсіріп, содан кейін соттап, ату жазасына бұйырмақ. Біздің де өткендегі қайраткерлігімізді бандиттік қозғалыс деп бағалап, бізді де соттамақ. Сондықтан да «Алаш» үкіметінің бұрынғы бағдарламасын жаңа заманға лайықтай отырып «Алаш» партиясының жобасын жасайық – десті. Құрылтай бекіткен бұрынғы бағдарламаны өзгертуге, ұйым құруға мен мүлдем қарсы болдым. Олардың барлығы мені: Ол бағдарламаны қазан төңкерісінен бұрынғы Орынборда 1917- жылы өткен бірінші жалпы қазақ құрылтайының тапсыруымен Ғаббасов (Талғашев деп жазылған – Т.Ж.) екеуің жасаған болатынсың. Сен сондағы жарғының шешімін орындамай отырсың –деп мені айыптады Сейдазым Қашқынбаев. Мен өзгертуге келмейтін ескі жобадан бас тартатынымды айттым. Бірақта олардың қысымына шыдамай екі-үш күннің ішінде ескі жобаның нұсқасын дайындап беруге келістім. Онда қандай ұйымның, қандай әрекетпен шұғылданатыны туралы ештеңе де айтылмаған. Бұдан кейін мен Түркістан атқару комиисариатының тапсырмасымен Алматы арқылы Пржевальскіге іссапармен кеттім. Заки Валидовтің Ташкентке келгенінен хабарсызбын, егер келгені рас болған күннің өзінде, оны менен жасырған. Ташкенттегі бұрынғы алашордашылар маған ешқандай тапсырма берген емес, мен де ешкімге тапсырма бергемін жоқ. Осыдан кейін Тынышбаевпен де, Халел Досмұхамедовпен де араздасып кеттім де, 29-жылға дейін Алматыға келгенше олармен көріскен де жоқпын, көрсем амандаспайтын да. Сондықтан да Заки Валидовтің Рысқұловқа жолдаған хаты жөнінде ешхабарым жоқ (Жаһанша Досмұхамедов қолын қойған).
Тынышбаевтің қарсы жауабы: Николай Семенович Халел Досмұхамедовпен беттескенде бұл мәселе жөнінде айтылды ғой. Ал кеңес өкіметінің басмашыларға қарсы қолданған салауаты мен жүргізген сот ісіне келетін болсақ, онда оларға әуелі кешірім жасалды да, соңынан бәрі асқан қатыгездікпен атылды. Бас қосуда біз осыған тоқталдық. Бұрынғы «Алаш» бағдарламасын тағы бір қарап шығу туралы айтылды, оны тексеріп, қайтадан қарау Дулатовқа және Халел мен Жаһанша Досмұхамедовтерге тапсырылды. Жалпы «Алаш» бағдарламасы жөнінде ашық мәселе талқыланғаны есімде қалмапты. Ал Заки Валидовтің қозғалысына біз сенімсіздікпен қарадық та, ешқандай байланыс орнатпадық. Қызмет бабымен Алматыда да, Қарақұмда (?) жүргенде де Досмұхамедов Халелмен бұл мәселені талқыламағанымды, ұйым атынан ешкімге ешқандай тапсырма бермегенімді, тапсырма алмағанымды анық білемін (Тынышбаевтің қолы қойылған).
Жаһанша Досмұхамедовтің қарсы жауабы: Мен ешқандай да бағдарлама жасауға қатыспағанымды қатаң түрде мәлімдеймін. Ешқандай өзгертуге болмайтын «Алаш» бағдарламасын қайта жаңғырту туралы ешқандай ұйым тапсырма берген емес. Мүмкін сот бола қалған жағдайда бұрынғы «Алашорданың» бандиттік қозғалысқа ешқандай қатысы жоқ екендігіне айғақ ретінде ол бағдарлама керек болған шығар. Әйтпесе оны қалай түсінуге болады? (Жаһанша Досмұхамедовтің қолы қойылған).
Тергеуші – Попов».
ххххххххххххххххххххххххххххххххххххххххххххххххххххххххххх
Бұдан кейін осы мәселелер сан қайтара тәптіштеліп сұралған.:
«№ 2370 тергеу ісі бойынша жауапқа тартылған Мұхамеджан Тынышбаевтан 31–жылдың 3 қазан күні қосымша алынған тергеудің хаттамасы:
Маған қойылған сұрақтарға беретін жауабым мынау: ұйымның кеңесінде оған ат қою туралы ешқандай мәселе көтерілген емес. Бірінші отырыстан кейін (ол 22-жылы болды) мен Шымкент қаласындағы отбасыма кеттім. Ұйымның не істеп, не қойғанынан бейхабармын. 21-жылдың аяғында Ташкентке келгенімде бір-екі рет отырысқа қатысқаным бар. Онда Ташкентке астыртын келген Заки Валидовке қандай көмек көрсету туралы мәселе қозғалды. Ұйымға ат қою жөнінде сөз болған жоқ. Үмбетбаев Алдаберген Самарқандағы Уалидовке қалай барып қайтты, онымен бірге Ташкентке қалай келді, соның жайы айтылды. Сондай-ақ Қазақ педагогика институтындағы үйірме мүшелерінің құрамында Қожамқұлов пен Мұсаевтің бар екендігін маған Досмұхамедов айтты. Үйірменің жетекшісі Кәрім Жәленов болды. Мен одан үйірме немен айналысатынын сұрағанымда ол бұл туралы ашып ештеңе айтпады. Міне, менің үйірме мүшелігіне өтуімнің бар рәсімі осы. Ол кезде Жәленов мені жете білмейтін, сондықтан да именген болар. Қайтып ол жөнінде сұраған емеспін. Ал «Алқа» әдеби үйірмесі туралы ештеңе білмеймін. Әдеби үйірмелер Сібір үкіметі тұсында болған шығар, оған Мағжан Жұмабаев, Әуезов, Смағұл қатысқан шығар. Ал оның қалай аталғанын білмеймін. Олардың идеялық бағыты біздің алашорданың бағыты болуы тиіс. «Алқа» үйірмесі туралы Халел Досмқхамедов білуі мүмкін. Ол әдебиетке жақын әрі өзі де айналысады.
Ташкент пен Алматыдағы топтар туралы айтарым мынау: Ермеков Әлімхан мен Досмұхамедов Халел екеуі 29-жылы араздасып қалды да бір-бірімен қырғиқабақ боп жүрді. Ташкенттік қазақтар екіге бөлінді, бір тобы Ермековті жақтады, екіншісі Домұхамедовті қостады. Кім қайсысын жақтады, оны білмеймін. Менің ойымша олар рулық белгі бойынша жіктелген болуы мүмкін. Алматыдағы топ пен Ташкенттегі топтың арасындағы әңгімеде Байтұрсыновтың, Дулатовтың, Бірімжановтың және де басқалардың тұтқынға алынуы туралы және семейліктер оған ташкенттік топты кінәлап отырғаны сөз болды. Ермеков кінәлілердің қатарына мені де қосақтап жіберіпті. Досмұхамедов Халел: Орынбор ұйымының тұтқындалуына семейліктер, соның ішінде Ермеков пен Ғаббасов тікелей кінәлі – деп олардың өзін жазғырды. Осы мәселе жөніндегі Досмұхамедов пен Ермековтің және олардың жақтастарының арасындағы аса жайсыз айыптасулар 28-29 жылдан бастап мен тұтқындалғанға дейін (1930 жылдың тамызына дейін) толастамады. Мен Досмұхамедовпен, Ермековпен жеке-жеке сөйлесіп: «Болар іс болды, енді оны өзгерте алмайсың, тым кешігіп қалдық. Өздерің аман қалдыңдар, енді қалайда арандап қалмау керек» – деп татулыққа шақырдым. Тұтқындалғанға дейінгі олардың қырғиқабақ болғаны сондай, бір-бірінің әр қадамын жазғырып отыратын. Досмұхамедов пен Қашқынбаев (Көшкінбаев па –?) хат алысып тұратын. Ал Ермековті Мұхтар Әуезов жақтады (Бұл туралы М.Әуезов өзінің жауабында ашық жазады –Т.Ж.).
Күдерин Ташкентке 24-жылы кетті. 20-21 жылдары студенттік ұйым құрылмаса керек. Оған ұйым жайын мен айтқан шығармын. Өйткені ол маған ру жағынан ең жақын адамның бірі. Әрбір мәселе жөнінде менімен ақылдасып отыратын. Орташалардың ұйымын құратындығы туралы маған ештеңе айтпады. Күдеринмен мен өткен жылы Алматыда кездестім. Шымкенттегі оқиғалар жөнінде құлағдар еткенімді бұрынғы көрсетіндімде көрсеткемін. Ташкентте тұрған кезімде Қазақстандағы жағдайлар туралы Күдеринге айтқан да шығармын. Қазақтарды жазалау, әсіресе, 1916 жылғы көтеріліс аса қатыгездікпен жүргізілді деп. Мұны айтпау мүмкін емес. Одан басқасы нақты есімде жоқ. Алматыдағы кездескен адамдармен арадағы әңгімемді бұрынғы жауабымда көрсеткенмін. Тілеулинді танымаймын да, білмеймін де. Ол туралы осы абақтыда отырғанда естідім.
Алдыңғы тергеу жауабы кезінде мен қатты қалжыраған едім. Сонымен қатар өзгелердің теріс көрсетіндісі де шатастырды. Сондықтан да менің көрсетінділерімде жаңсақтықтар кетіпті. Айтайын дегенім, мен 22-жылдан кейін ешқандай да ұйымға мүше болған емеспін. Бұл нақты шындық. Тек кеңес өкіметі мен партияның кейбір шараларына наразылығын білдірген бұрынғы алашордашылардың пікірлес адамдарының тобы ғана болды. Сын пікірлер айттық. Мысалы, Халел Досмұхамедов 28-жылғы байларды тәргілеу науқаны туралы: Бұл дұрыс, кеңес өкіметі бұл науқанды орынды жүргізіп отыр – деді. Сондықтан да мен ешқандай да ұйымға қатысқан да, сөйлеген де емеспін. Оларға қатысым да жоқ. Мені бандитизммен айыптау тым ұшқарылық. Өйткені мен ешқашанда бандиттікпен айналысқан жоқпын. Ал Үлкен Алматы округіндегі матайлар мен қаракерейлердің қозғалысына келсек, бұл әйтеуір рулас екен деп жорта айтқандық. Олардың қозғалысы мен шекара асып кетуіне менің қатысым жоқ. Мұны қалай түсінесіз, оны өзіңіз біліңіз».
ххххххххххххххххххххххххххххххххххххххххххххххххххххх
-------------------------------------------------------------------------------------------------
ӘУЕЗОВ МҰХТАР
P.S
Мұхамеджан Тынышбаевті және басқаларды айыптау туралы №06610 іс. 1 том, 602-602 беттер.Тергеу ісіне «30 жыл қазанның 8 күнгі Тергеу протоколы,
Мұхтар Әуезовтің өз қолымен Голощекиннің атына жазылған (12/ХІІ-30 ж.) хаты, 1931 жылы 20 қыркүйек күнгі тергеушіге берген жауабының хаттамасы, 1931 жылы 29 қазан күнгі тергеушіге арызы тіркелген.
«Тергеу протоколы.«30 жыл қазанның 8 күнi.
Мен, ПП ОГПУ –дiң Шығыс бөлiмiнiң КССР бойынша өкiлi Попов, төменде аты аталған адамды айыпталушы ретiнде жауапқа тарттым, ол мынаны көрсеттi:
Мұхтар Омарханұлы Әуезов (бiз тек М.Әуезов толтырған жазуды ғана көшiрдiк – авт.), 33 жаста, Семей губерниясының Шыңғыс болысында туған. Партияда жоқ. 1922 жылға дейiн ВКП (б) мүшесi болған, қазақ, орта шаруаның баласы, Ақпан төңкерiсiне дейiн оқуда болған, Қазан төңкерiсiне дейiн оқыған және мұғалiм болған, мамандығы педагог, бiлiмi жоғары, үйленген және екi баласы бар, жалақымен күн көредi, олар қазiр қасында жоқ, қазақ болғандықтанда әскерге алынбаған.
Тергеу iсi бойынша нақты мынаны көрсеттi:
Мен Байтұрсыновты 1918 жылдан берi бiлемiн, ал онымен етене жақын араласқаным 1921 жылы Орынборға ауысып келген соң басталды. Тынышбаевпен Ташкентке ауысып барған кезде 1922 жылдың күзiнен бастап таныспын. Халел және Жаhанша Досмұхамедовтермен де, И. Қашқынбаевпен де, А. Омаровпен де, Д – М. Әдiловпен де сол Ташкентте таныстым. Қандай да бiр үйiрменiң бар екендiгiн мен олардан естiгенiм жоқ. Ал «Алқа» үйiрмесiне байланысты айтарым мынау:
1925 жылдың басында «Табалдырық» әдеби тобының декларациясы қосып салынған Жұмабаевтың хаты маған почта арқылы келдi. Ол партияда бар және партияда жоқ 6 – 7 адамнан тұратын топ жария түрде «Алқа» әдеби үйiрмесiн құрғандығын, бұл туралы менiң пiкiр бiлдiруiмдi, егерде бұл үйiрменi қостайтын болсам, онда соның құрамына кiруiмдi өтiнiп, тiлек бiлдiрiптi. Мен ол кезде Семейде болатынмын. Мен «Табалдырықтың» декларациясын губерниялық комитеттiң үгiт–насихат бөлiмiнiң меңгерушiсi Тоқжiгiтов жолдасқа көрсеттiм, бiрақта ол мұны бiр айдай ұстады да, қайтарып бердi, алайда нақты ештеңенi ашып айтқан жоқ.
Бұл декларацияның мазмұнынан ұққаным: үйiрме ашық жұмыс iстеу керек екен және баспасөзге араласуы керек көрiнедi, өйткенi өзiнiң бағыт – бағдарынан байқалып тұрғанындай, М. Жұмабаевтiң бұрынғы көзқарастарына қарағанда мүлдем басқаша, мазмұны жағынан солшылдыққа жақын, бүгiнгi күнге бейiмделе жасалған едi. Жұмабаев бұл бағдарлама (платформа) туралы маған баспасөз бетiнде пiкiр бiлдiруiмдi өтiнiптi, бiрақта мен олай iстемедiм және оған жауап хат жаздым, мазмұны толық есiмде жоқ, бiрақта әдеби мектептiң өмiр сүруi аса қажеттi, көкейкестi мәселе, «Алқаның» талап–тiлектерiн қостаймын,кейбiр дiттеген ұсақ мәселелер жазушылардың кеңесiнде талқылануы тиiс – екендiгiн ескерттiм.
Жұмабаев екеумiз бұдан кейiн де хат жазысып тұрдық, мен оған шақыру, қалайда кеңесу керек екендiгi туралы жаздым, алайда «Алқа» жөнiндегi мәселе бiрте – бiрте өшiп тынды.
Қандай да бiр астыртын ұйым туралы ештеңе естiгенiм де жоқ, бiлмеймiн де.
Күдеринмен арадағы қарым - қатынасым туралы Ташкентте берген жауабымда айтқан болатынмын.
Мұхтар Әуезов».
«ПП ОГПУ істері жөніндегі прокурор жолд. Поповқа Тұтқын Әуезов Мұхтардан өтініш. 26/Ү- 31 ж.
Алматыдағы өкілдікте тұтқында отырған кезімнен бері мен бір-ақ рет жауапқа шақырылдым. Сонда Попов жолдас: менің жекелеген адамдардың көрсетінділері бойынша тұтқындалғанымды, ал нақты айыптарым тергеу барысында анықталатын мәлімдеген болатын... Менің қандай да бір айыбымды Ташкенттегі тергеуші де көрсете алмап еді. Октябрьдің 10 жылдығына байланысты салтанатты жиналыста жасаған Голощекин жолдастың баяндамасында көрсетілген Байділдин мен Аймауытовтың жауаптарына байланысты түсініктеме беруге шақыруын өтініп Попов жолдастың атына жазылған өтінішім аяқсыз қалды.
Ал нағына көшсек, Байділдин өзінің осы жауабында маған қарсы ойдан шығарылған, ақылға қонымсыз айыптар таққан. Ол ұзақ жылдар бойы баспасөз беттерінде маған қарсы жүргізіп келе жатқан өтірік жаласы мен еш мағынасыз қызыл сөздерді осы жауаптарында одан әрі жалғастырған. Оның әдеби мақалаларының барлығы жалғыз-ақ мақсатқа – партияда жоқ жазушыларды, соның ішінде мені де сынау арқылы өзіне саяси бедел жинауға құрылған. Ол қысылып-қымтырылмастан: бас бәйгені менің «Қаракөз» атты пьесам алған жоқ, Садуақасовтың беделі мен қамқорлығы алды – деп тұрып жазды. Ал бұл мүлде олай емес, бәйге құрамында Жандосов, Майлин т.б. мүше болған комиссияның шешімімен берілді. Өзінің баспасөздегі арандатуларында ол мені ақша үшін жазады – дегенге дейін барды, партияда жоқ Әуезов туралы не айтса да бола береді деген желеумен ешқандай дәлел келтірместен төпілдете береді.
Баспасөз бетінде ашықтан-ашық мені негізсіз айыптап, дақпырт таратқан адам енді өзінің қылмысы ашылып, іс-әрекеті әшкереленген соң оның алдында жалғыз-ақ жол қалды, яғни, өзі бұрыннан қудалап жүрген адамды контрреволюционер, қазақ буржуазиясының идеологі деп жала жабу арқылы өзін-өзі бүркемелеу жолы ғана қалды. Маған қаратыла қолданылған бұл теңеулердің әділетсіз және орынсыз екеніне толық сенемін. Мен контрреволюционер болған емеспін және болмаймын да. Идеялық жағынан ұстамсыз шығармаларым болды, бірақ та контрреволюциялық әрекетке шақырған, кеңес өкіметін жоққа шағарған бірде бір шығарманы атай алмайды. Ал 1928 жылдан басталған ғылыми-педагогикалық қызметім толықтай қалыптасқан маркстік көзқараста жүргізілді. Сондықтан да тергеу барысында маған айып ретінде тағылған саяси қылмыстардың еш қайсысы мені сендіре алмады. Тек қана Байділдиннің жалақорлықпен айтылған өтірігін негізге алып тергеу жүргізілді деп ойламаймын.
Сондай-ақ 1921 жылғы бүкілқазақтық ІІ құрылтайдағы қазақ қызметкерлерінің мәжілісі туралы (Голощекиннің сол сөзінде аталып өткен) Аймауытовтың жауабы да міндетті түрде анықтауды талап етеді (Бұдан кейінгі төрт жол қарындашпен тынылмастай етіп өшіріліп тасталған – Т.Ж.).
Тергеу ісінің мерзімі аяқталып келе жатса да өз атыма әлі де бірде бір айып тағылмағанын, нақты не үшін тұтқындалғанымның анықталмағанын және тұтқында сұрақсыз ұзақ отырғанымды ескеріп, мені жауапқа шақыруды және маған қаратыла қолданылған қысым шарасының себептерін көрсетуді сұраймын. Әуезов Мұхтар».
--------------------------------------------------------------------------------------------------------
«31 жылдың 20 қыркүйегі күнгі айыпталушы Мұхтар Әуезовтен алынған қосымша тергеу сұрағының хаттамасы
Ташкентке мен 1922 жылдың желтоқсан айында келдім, сол жылдан бастап «Шолпан» журналының редакциясында қызмет істей бастадым. Мен Ташкентте өз таныстарымның ішінен «Шолпан» жураналында істейтін тек Мағжан Жұмабаевті ғана кездестірдім. Бұрынғы алашордашылар туралы көпшілігі, оның ішінде Жұмабаев та теріс пікірде болды. Ал менің өз жеке басым бұрынғы алашордашылармен ешқандайда ортақ мүддем болған жоқ. Бұрынғы алашордашылар Жұмабаев екеумізді жақтырмайтын, «жазғыштар» деп кекететін.
Ташкентте ұйымдастырылды-мыс делінетін астыртын ұйымға мүше болуды былай қойғанда ол жөнінен мүлдем хабарсызбын, естігемін де жоқ. Мені астыртын ұйымның мүшесі болды деп көрсеткен Әділевтің көрсетіндісі мүлдем жалған. Өйткені мен ешқандай ұйымға кірген емеспін.
Ленинградта оқып жүрген кезімде ескі танысым, менімен ауылдас семейлік Халел Ғаббасовқа қаражат жағынан қысылып жүргенімді ескеріп, ақшалай көмек көрсету тауралы хат жазғаным рас. Оны кейін қайырып беретіндігімді де ескерттім. Бұл 1927 болатын. Жаңа ғана үйленгемін, әйелім екеуміз Ленинградта тұрдық. Университеттің соңғы курсында оқитынмын. Ғаббасов маған 125 сом жіберді. Бұл менің Ғаббасовқа жеке өзімнің қайтарып беруге тиісті қарызым деп есептедім. Ұмытпасам Ғаббасов жіберген ақшаны 1928 жылдың басында алдым. Мен ол қарызымды Ғаббасовқа қайырудың реті келмеді. Студенттік жағдайда жүрген менің ақшам болмады. Ал мен Ташкентке келіп, қызмет ісетей бастағанда Ғаббасов тұтқынға алынды да, қарызымды қайтара алмадым.
Достарыңызбен бөлісу: |