Дәріс 5 Тұлғаның экологиялық мәдениетін қалыптастырудың факторлары. Экологиялық мәдениеттің институционалдық аспекті тұлғалық аспектімен тікелей өзара байланысты. Табиғатпен өзара әрекеттесуші нақты тұлғаларда мінез – құлықтың белгілі бір құндылықтары мен нормалары болады және әлеуметтік–экологиялық институттарға сай белгі қалыптастырады. Мінез–құлықты реттеумен байланысты экологиялық құндылықтар мен нормалардың интернализациясы және оны меңгеруді бірктіре қарастыратын тұлға санасының психикалық және психологиялық механизмдері маңызды және қажетті болып табылады. Көп жағдайда экологиялық кризис адамға қатысты сыртқы нәрсе ретінде қабылданады. Адам тек биологиялық болмыс болса табиғатқа өзінің әсерін тарата алмас еді. Табиғи ортамен биологиялық болмыс ретінде қарым – қатынас жасаумен қатар адам саналылығымен ерекшеленетін, әр түрлі іс –әрекетті жүзеге асырушы әлеуметтік болмыс ретінде қарым – қатынас жасайды. Экологиялық мәдениеттің негізінде әлеуметтену процесі барысында қалыптасатын тұлғаның әлеуметтік қасиеттері жатқандықтан бұл процесті қарастыруды жөн көрдік. «әлеуметтену» түсінігіне ғылыми әдебиетте екі түрлі интерпретация жасалады. Кейде бұл түсінікті адамның тарихи қалыптасуы мен даму процесіне жатқызады. Көбінесе бұл түсінікті жеке индивидтің әлеуметтік қалыптасу процесімен байланыстырады. Кон И. С. « Тұлғаның әлеуметтенуі бұл –оның барысында нақты тұлға қалыптасатын,индивидтің әлеуметтік тәжірибені меңгеру процесі» [26]. Г. В. Осипов индивидтің әлеуметтенуінде екі фазаны–әлеуметтік бейімделу және интериоризацияны бөліп көрсетуге болады дейді. Әлеуметтік бейімделу бұл – қоғамның өмір қарекеті барысындағы рөлдік функцияларға, әлеуметтік нормаларға, оның өмір қарекетінің ортасы болып табылатын әлеуметтік институттарға бейімделуін білдіретін индивидтің әлеуметтенуінің бірінші фазасы. Интериоризация бұл – әлеуметтік іс – әрекет ненгізінде әлеуметтік ортаның нормалары мен құндылықтарын меңгеру арқылы адам психикасының ішкі құрылымының қалыптасу процесі. Басқа сөзбен айтқанда интериоризация бұл – сыртқы ортаның элементтерін ішкі «Менге» ауыстыру. Сөйтіп, егер әлеуметтік бейімделу процесінде адамның әлеуметтік ортаға бейімделу процесі жүрсе, интериоризация үдерісінде әлеуметтік жүйе тұлғаға әсер ете отырып, адамның ішкі Мені арқылы......оның мінез –құлқының өзгеруінде көрініс табады [27 ].
Тек технологиялық өркениеттің альтернативті құндылықтары болып қана қоймай, сонымен қатар адамзатты сақтаудың негізі болып табылатын проэкологиялық құндылықтардың қалыптасуы қажет. Бұл экологиялық тоқырауды тек технологиялық және экономикалық шаралармен еңсеруге болмайтындығымен байланысты, күнделікті өмірде және профессионалдық қызметте әр қайсысымыздың іс – әрекетімізді басқаратын барлық құндылықтар жүйесін және өмірлік бағыттарды өзгерту қажет.
Құндылықтық бағыттар – адамның қоршаған әлемге қарым –қатынасын, мінез –құлқын анықтайтындықтан адамның жеке даралығын білдіретін маңызды сипаттамасы.
Тұлғаның құндылықтық бағыттарының қалыптасуы - ұзақ жәнекүрделі үдеріс. Оған әлемдегі, елдегі, аймақтағы жағдай, бұқаралық ақпарат құралдары, аз топтың (жанұя, достар) құндылықтары әсер етеді. Экологиялық құндылықтарды меңгеру жанұяда басталады. Балалар экологиялық білім мен мінез–құлық стереотиптерінің алғашқы сабақтарын жанұядан, бәрінен бұрын ата –анасынан алады. Баланың экологиялық білім алуында мектептің ролі маңызды.Мектеп өсіп келе жатқан буынның экологиялық білімінің көзі ғана болып қоймай, сонымен бірге табиғатқа қатысты жауапкершілік, экологиялық білім алуға деген қызығушылық, қоршаған ортаға қатысты әр түрлі іс –шараларға қатысуға тырысу сияқты қасиеттерді қалыптастырады.
Көптеген зерттеушілердің ойынша, экологиялық білім беруде мектептің әсері ата –ананың білім берудегі әсерінен асып түспесе кем түспейді.
Жанұя, мектеппен қатар әр түрлі экологиялық ұйымдар, бұқаралық ақпарат құралдары және т.б. экологиялық білім берудің көзі болып табылады.
Тұлғаның әлеуметтену үдерісінде оған қоғаммен өңделген құндылықтық ұстанымдар беріледі.
Құндылықтық ұстанымдар – әлеуметтік субъектінің берілген объектке, затқа, адамға, құбылысқа, жағдайға және т.б. деген алдын - ала белгіленген қарым –қатынасқа детерминделген бейімділігі көрініс табатын, іс –әрекеттің және қарым – қатынастың өзіндік бағдарламасы. Адамның жүйелі түрде әрекет жасауына, немқұрайлы қарамауына себеп болатын адамзаттық талпыныстардың, қызығушылықтарының, тілектерінің, үдерістердің, шынайылық фактілері тұлғаның құндылықтары болады. Экологиялық мәселенің өзекті екенін адамдар түсінбейінше одан табиғатқа деген жауапкершілікті қарым – қатынасты күтуге болмайды. Бұл тұлғаның экологиялық мәдениетінің қалыптасуының алғышарты болып табылады.
Экологиялық мәдениеттің қалыптасуы ойдағыдай болуы үшін, осы үдеріске әсер ететін негізгі факторларды анықтау керек. Әлеуметттік орта адамның табиғатқа қарым – қатынасын қалыптастырады. Біздің ойымызша тұлғаның экологиялық мәдениетінің қалыптасуына әсер ететін негізгі факторлар экологиялық білім және тәрбие берудің функциялық жүйелері, бұқаралық байланыс құралдарының экологиялық ақпарат таратудағы қызметі, экологиялық қозғалыстардың, үкіметтік емес ұйымдардың экологиялық жұмыстары және тұлғаның өзіндік әлеуметтік –экологиялық белсенділігі болып табылады. Қазіргі заманғы адамның экологиялық мәдениетінің қалыптасуының негізгі факторы, басты құралы қазіргі кезде қалыптасу кезеңінен өтіп жатқан экологиялық тәрбие, білім беру жүйесі болу керек. Сонымен қатар, біз экологиялық мәдениеттің қалыптасу барысында бір – бірінен айырмашылығы бар, бірақ ажырамас екі құбылыс–білім және тәрбиемен жұмыс жасайтындығымызды бөліп көрсету қажет. Бұл экологиялық білімнің, экологиялық ақпараттың өзіндік, адамды ойландыратын, қалыптасқан көзқарастарды және психологиялық құрылымдарды қорытатын тәрбиелік мәні, қуаты болуымен байланысты. Экологиялық дағдарысты тоқтату үшін адамдардың іс – әрекетін басқаратын өмірлік бағыттар мен жүйелік құндылықтарды өзгерту қажет. Ол үшін жоғары білім және жоғары экологиялық сауаттылық керек. Осы мәселеге қатысты қоршаған ортаны жақсарту және қорғау саласындағы білімге аса көңіл бөлу маңызды. Бұл жерде қоғам дамуының мәселесін шешуде қоғамның оны еңсеру үшін адамның қандай типін қалыптастыруы үлкен мәнге ие.
Құндылықтық бағыттар – тұлғаның өмірінің мақсаты және соған жетудің негізгі құралы болғандықтан индивидтердің мінез –құлқын реттеуші маңызды функцияларға ие болатын тұлғаның бөліп қарастыратын құндылықтары
Адамның моральдық – этикалық көзқарастарының, индивидуалдық сана дамуының деңгейі, әлеуметтік өмірге қатысуы құндылықтық бағдарды, іс –әрекеттің мотивін анықтайды[28].
Экологиялық білім әлі қалыптасу үстінде болғандықтан оған сипаттама беру болмаса, көбінесе анықтама беру мүмкін емес деп саналады. Біздің ойымызша Д.Ж. Маркович экологиялық білімнің маңызын жақсы аша білген. Ол адамның білімнің негізінде тұлға адамзаттың бүгінгі және ертеңгі болашағын қамтамасыз ету үшін қоршаған ортаны сақтауға және жақсартуға тырысатын,мақсаты адамның мекен ететін ортасының негізгі сипаттары туралы білімді, ондағы қарым – қатынастарды дамыту болып табылатынадамның қоршаған ортасын жақсарту және қорғау саласындағы білім адамның өмір сүру ортасы туралы жоспарлы, саналы білімінің дамуын қарастыратындығын айтады. Яғни бұл білім тек қоршаған ортаны сақтауға ғана емес, оған қоса оның табиғи және қоғамдық құрамдарының жақсаруына да септігін тигізуі керек[29].
Экологиялық білім және тәрбие беру барысында білім, тәрбие беру үдерісінің мазмұнын, құрылымын, мақсатын анықтайтын бірнеше функциялар орындалу керек. Солардың ішінде мыналарды бөліп көрсету қажет деп табамыз:
табиғи ортаға қатысты заңдар туралы білімді қамтитын экологиялық –білімділік;
қоғамның қоршаған ортамен қарым –қатынасын меңгерудің негізіндегі тұлғаның әлеуметтік қасиеттерінің қалыптасуына бағытталған тәрбие беру функциясын;
табиғатқа деген өнегелілік – этикалық қарым –қатынастардың қалыптасуына жауап беретін гуманистік функцяны;
табиғатты қорғау қызметінің, іс –әрекетінің тәжірибесін игеру мен халыққа жеткізуді қамтамасыз ететін ақпараттық функцияны.
Күнделікті өмірде экологиялық сауатсыздықтың көріністерін байқауға болады. Экологиялық сауатсыздықтың салдарынан Арал, Каспий теңіздерінің мәселесі, қаламыздың газбен ластануы т.б. мәселелер туындап отыр. Тек өндіріс саласында ғана емес, тұрмыста, демалыс орындарында да білімсіздіктің белгісін көруге әбден болады.
Бүгінгі күні тек жеке әлеуметтік топтың ғана емес, сонымен бірге жалпы қоғамның экологиялық сауаттылығының төмен деңгейі туралы айтуға толық негіз бар. Осыған байланысты табиғатқа қатысты адамның жауапкершілік сезімін ояту, қалыптастыру, экологиялық тәрбие, білім басты мәселеге айналады. Экологиялық білім беру ерекшелігінің мәні, оның «алдын алу» принципіне негізделу керек екендігінде.
Табиғатты қайта құруды жүзеге асырушы адам санасында тек адам игілігін ғана емес, «табиғат–қоғам жүйесін жақсарту, яғни экологиялық идеал позициясынан жақын уақыттағы және болашақтағы болуы мүмкін салдарды бағалау үдерісі жүру керек. Сонымен, экологиялық білімнің басты мақсаты экологиялық сананың экоцентрлік типіндегі тұлғаны қалыптастыру. Экологиялық білім БҰҰ- ның Стокгольмдегі (1972) конференциясынан кейін, соңғы 20-25жылдар аясында қарқынды түрде дами бастады. Экологиялық білім аймақтық және ғаламдық экологиялық мәселелерді шешудің құралы ретінде халықаралық деңгейде мойындалды. Ғылыми – техникалық үдеріс жағдайында маманды оқыту тек оқу орнының қабырғасындағы уақытпен шектелмейді,керісінше өмір бойы жалғасады.
Экологиялық білімді білім жүйесін экологияландырудан ажырату қажет, олардың арасында байланыстың бар екендігі түсінікті, соған қарамастан олар әр түрлі құбылыстарды сипаттайды. Экологиялық білім деп экологиялық білімді меңгеру түсініледі, ал білімнің экологизациясы бұл –экологиялық білімнің, принциптердің, идеялардың басқа салаларға ену үрдісі.
Біздің ойымызша біріншіден, экологиялық білім –адамның өмір барысында көрініс табатын, үздіксіз үдеріс. Екіншіден, экологиялық білім әлеуметтік, саяси, моральдық, эстетикалық және технологиялық көзқарастарды біріктіреді. Үшіншіден, экологиялық білім сезімнің, сананың, түсініктің қалыптасуын қарастырады. Төртіншіден, экологиялық білім қоршаған ортаға қатысты құндылықтардың дамуын ынталандырады. Бесіншіден, экологиялық білім тұлғалық дамуға, жауапкершілік сезіміне баса назар аударады.
А. Бигалиевтің айтуы бойынша экологиялық білімнің формасы мен мазмұнына қатысты мәселелер соңғы уақытта талқыға салынып жүрген мәселелердің біріне айналған. Біріншіден, жалпы экологиялық білімнің қажеттілігі қоғаммен мойындалған, екіншіден, мектептегі, жоғарғы оқу орнындағы міндетті пән ретіндегі, ондағы композициядағы, пәннің айналасындағы белгісіз нәрселер көп. Ғылым жүйесінде экологиялық пәннің статусын негіздеу, олардың құрылымын, мазмұнын, ерекшеліктерін және т.б. анықтау қажет. Экологиялық білімнің адамның табиғатқа қарым – қатынасын өзгертуге бағытталғандығын ескеру керек. Қазіргі қоғамның тұрақты дамуға өтуіндегі объективті және субъективті факторларын тұтас қарастырудың маңызы зор. В.И. Данилов – Данильянның айтуынша, жаңа технологиялар оларды пайдалануда өздігінен жақсы немесе жаман нәтижелерін анықтамайды, мәселе оны кім және қандай мақсатта пайдаланатындығында. Жаңа технологияларды жасау, ендіру емес адамның санасын, құндылықтар жүйесін, басқа адамға және табиғатқа қарым –қатынасын өзгерту басты мақсат болып табылады.
Бұқаралық ақпарат құралдары экологиялық мәдениеттің қалыптасуына әсер етеді. Экологиялық мәселесі өзекті болып табылатын қазіргі кезде бұқаралық ақпараттың маңызы артуда. Өз уақытында В.И. Вернадский ноосфераның қалыптасуының шарттарын анықтай отырып, мемлекеттер арасындағы ақпаратты, байланысты күшейту қажет екендігіне аса мән береді [30].
БАҚ – тың негізгі төрт функциясын бөліп көрсетуге болады:
әлемді бақылау (ақпарат жинау және тарату);
«реттеу» (ақпараттарды іріктеу, оларға түсініктеме беру);
қоғамдық ойды қалыптастыру;
мәдениетті тарату.
БАҚ – да, соның ішінде теледидарда, радиода экологияға байланысты экологиялық мәселерді жан –жақты ашатын арнайы бағдарламалар жүйелі түрде жүргізілу қажет деп ойлаймыз. Халық экологияға қатысты шынайы, нақты ақпарат алу керек. Осы мәселеге қатысты тұлғаның өзін – өзі жетілдіруі, өзін тәрбиелеуі өте маңызды.
Қоршаған ортаны қорғау мәселесі туралы негізгі білім мектеп қабырғасынан алынады. Экологиялық білімді, көзқарасты, өнегелілікті, экологиялық мәдениетті қалыптастырудың мақсаттарын жүзеге асырудың негізін мектеп құрайды. Тұлға іс – әрекет барасында дамитын болғандықтан экология саласында алынатын білімдер қоршаған ортаны қорғаудағы нақты іс –әрекеттермен бекітілуі тиіс.
Экология мәселесіне байланысты зерттеу жұмыстарына студенттер мен мектеп оқушыларын көптеп тарту олардың өзіндік экологиялық санасының қалыптасуына әсер етеді. Экологиялық іс – шараларға қатыстыру, осы мәселеге байланысты әр түрлі дөңгелек үстелдерге, конференцияларға қатысу, түрлі ұйымдарда жұмыс істеу және сенбіліктерге, көгалдандыру үдерісіне қатыстыру қажет. Студенттер өздері ауланы тазалағанда ғана немесе т.б. экологиялық шараларға қатысып, өзі еңбектенгенде ғана біреудің еңбегінің қадірін түсінетіндігін айтады.
Тәрбие экологиялық мәдениетті жоғарылатудың негізі болып табылады. Тәрбиенің тұлғаға әсерін толық ашып көрсету үшін оның функцияларын бөліп көрсету қажет деп санаймыз.
Қалыптастырушы функция – тұлғаның белгілі бір типін қалыптастыру;
Дүниетанымдық функция – өз өмірінің мәні мен мақсатын саналы түрде түсінетін тұлға қалыптастыру.
Тәжірибелік функция – өзінің нәтижесі арқылы қоғамның барлық үдерістерінің дамуын жеделдетуге әсер етеді.
Қалпына келтіру функциясы – тұлғаның қалыптасу үдерісіне жаман жағынан әсер ететін факторларды, әсерді бейтараптандыру.
Тұлғаның экологиялық мәдениетінің қалыптасуының концептуалды моделі келесі бөлімде қарастырылады.