Мәдениет негізінде екі үлкен түрде болады: материалдық және рухани. 1.Материалдық - бұл өндірістегі құрал-саймандар техника, құрылымдар және тағы басқалар. 2.Рухани — бұл ғылым, өнер, әдебиет тағы басқалар. Мәдениеттің бұлай бөлінуі белгілі шартқа байланысты Олардың арасында тығыз байланыс, қатынастар бар. Осылардың нәтижесінде олар бір-біріне әсер етеді. Мысалы, адам ойындағы кейбір ғылыми-техникалық жобалар, тұжырымдар нақтылы өмірде жаңа техника, сайман, басқа құрал-жабдық түріне айналады. Ал жаңадан пайда болған техника, құрылғы, технология, жаңа ой-пікірлер, тұжырым, теория жасауға мүмкіндік туғызады. Материалдық мәдениет құрамына еңбек құралдарымен бірге барлық қолмен, ақылмен өңделген еңбек заттары жатады. Олардың мазмұны мен түрі мәдениеттің даму сатысын көрсетеді. Сондықтан мәдениеттегі қазіргі бардың, болашақтың сабақтастық байланысын тани білу қажет. Өткендегі құрал – саймандар із-түссіз жоғалып кетпейді. Адамдар күнделікті өмірде мәдени құбылыстарды әртүрлі түсінеді. Біреулері мәдеениетті қоғамдағы құндылықтарды адамдардың жете ұғынуы, саналы түрде меңгеріп алуы десе, екіншілері – қоғамдағы адамдардың білім мен тәрбие алу процестерінде пайда болған адамның саналы ақыл-ойы, мінезі, оның ойлау қабілеті, сезімі ретінде қарайды.