2. Тіл - қарым-қатынас және мәдениетті тарату тәсілі ретінде.
3. Қазақ тілінің мәдени кеңістігі.
Адамзат тарихының өн бойында орасан көп белгі-таңбалар жасалынды, оларсыз адам әрекетін көзге елестету де мүмкін емес. Нақты адам үшін сол белгілер, таңбаларды немесе солардың жүйесін игеру, білу оның басқа адамдармен қатынасқа кіресілі, тиесілі екендігін танытады. Өздігінен бір де бір таңба құнды емес, ешбір мәні жоқ, тек қана ол нақты бір белгілер жүйесіне ену арқылы және өзара қатынас құруы арқылы бағалы. Мысалы, сәлемдесуге арналған белгілер жүйесі бар. Біздер қол алысып, кеуде қағысамыз, біреулер – тәжім етіп, иіледі және т.с.с. Осындағы қол алысу, кеуде қағысу, тәж ету өздігінен ешқандай құндылық емес, ал, бірақ адамдар арасындағы қарым-қатынас тұрғысынан алғанда олар үшін аса маңызды рәсім.
Мәдениет белгілер мен мағыналардың әлемі болып табылады. Адам баласы мән-мағыналар жүйесінде өмір сүреді, ал бұл мән-мағыналар жүйесі адам баласын басқа адамдарға және жалпы қоршаған әлемге қатысты бағыт-бағдар беріп отырады.
Белгілер: табиғи, иконалық, конвенционалды, вербалды және т.б. болып бөлінеді.
Табиғи белгілерге табиғаттың құбылыстары мен заттар жатады. Бірақ заттар, құбылыстар өздігінен белгі болып табылмайды, соны белгі деп қабылдайтын субъект үшін ғана ол белгі қызметін атқарады. Тарата айтсақ, ондай белгіні белгі-нышан деген жөн, өйткені ол белгі басқа зат туралы қажетті ақпарат жеткізеді. Мысалы, түтін - жанып жатқан оттың нышаны, жүрек соғысы - тіршіліктің нышаны, дене қызуының көтерілуі - науқастану нышаны, қалың қара бұлт - жауатын жаңбыр нышаны.