6.ДҮНИЕЖҮЗІЛІК МӘДЕНИЕ ПРОЦЕСС, НЕМЕСЕ “ЛОКАЛЬДЫҚ ӨРКЕНИЕТТЕР” (ДАНИЛЕВСКИЙ, ШПЕНГЛЕР). Біз осыған дейін мәдениетті ұғымдық жағынан қарастырып келдік. Ал мәдениет болмысы — тарихи-мәдени процесс. Оны әлеуметтік қозғалыстың ақпараттық түрі деп атауға болады. Мәдениеттің заттық пішіндерінде ақпараттық беріліс адам әрекеті нәтижесінде «жасанды табиғатта» ұяланса, ал рухани мәдениетте ол текстер мен тілде жүзеге асады. Тарихи-мәдени қозғалысты мәдениеттану дүниежүзілік тарихтан басқаша қисынмен зерттейді. Оның алдында оқиғалар мен тарихи деректердің тізбесін жасау мақсаты тұрған жоқ. Ол осы тарихи-мәдени процестің қисындық модельдерін бейнелеуге тырысады. Егер біз дүниежүзілік тарихқа осы сипатта назар аударсақ, онда адамзат дамуында екі бағыт бар екеңдігін байқаймыз. Біріншісі, табиғатты меңгеру арқылы өндіргіш күштер мен өндірістік қатынастарды өркендетумен, білім мен техниканың дамуы нәтижесінде қалыптасатын өркениетпен байланысты. Өркениет заманы адам өміріне машинаның жан-жақты енуімен, тіпті адамның руханилығының құндылығы кеміп, оның осы машинаның тетігіне айналған көріністерімен айқындалып тұр. Н.А. Бердяев бұл туралы былай деген: «Өмір органикалық сипатын жоғалтып, табиғи тербелістермен байланысынан айырылады.