Очерк негізінен әдебиет пен журналистиканың қоғамдағы көкейкесті, өткір мәселелерін қозғайтын жанр. Очерктің мақсатының өзі – нақтылы саяси, экономикалық, әлеуметтік, философиялық мәселелерді көтере отырып, өз кезеңіндегі қоғамға ықпал етуге талпынады. Очерк түрлерінің әрқилы мақсатқа орай өзіндік стилі бола отырып, сендіру, ұйымдастыру, иландыру тәсілдерін де пайдаланады. Очерк жанрының лирикаға жақындығы туралы орыс ғалымы Н.И. Глушков былай дейді: “Говоря о родственности публицистического чувства лирическому, нельзя забывать о том, что в художественном отношении публицистическая лирика – явление более сложное, чем обычная публицистика. Кроме собственно-публицистических средств создания эмоциональной выразительности, здесь вступают в поэтическую работу другие средства: ритмико-звуковая инструментовка стихов, больший диапазон эмоций. То же самое (в необходимой литературно-родовой трансформации) происходит в других формах художественной публицистики ( очерке, репортаже, памфлете и.т.д.)” [42,18-б].
Көркем очерк жанрының негізгі түрлерінің бірі – лирика-философиялық үлгісінің қозғайтын мәселесі замана тынысы, көзқарас қайшылығы, өзек жарды мәселелерді арқау етеді. Сонымен қатар, лирика-философиялық очерктерде автордың көңіл-күйі, сезім әсері байқалып, ойшылдық сарыны басым келеді. Бұл көркем очерк түрінде лирикалық кейіпкерлердің тебіреніс-толғаныстарына сәйкес очеркші ой-тұжырымдарға елеулі орын беріп, баяндалатын оқиға немесе құбылыс жайында өзінің дүниетанымы, қоғамдық өмірге, болған жайға көзқарасы тұрғысынан баяндайды. Лирика-философиялық көркем очерктерде өмір көріністері лирикалық кейіпкер көзімен суреттеле отырып, көбінде танымдық концепцияны, әлем, қоғам заңдылықтарын түсіндіріп, талдауға ұмтылыс жасалады. Лирика-философиялық көркем очерктерде адамдардың әртүрлі қарым-қатынасы, өзі өмір сүрген қоғамдағы қайшылықты жағдайлар, саяси-әлеуметтік өзгерістер бір-бірімен астасып, жалғаса келе, оқиға желісін де құрайды. Бірақ бұл үлкен желілі оқиға, іс-әрекеттер болмаса да тұтас тұлға, көркем бейнені айқын көз алдымызға елестете алады. Лирика-философиялық көркем очерктерде көбінде автордың өз бейнесі тұтас тұлға ретінде көрінуі мүмкін. Бұл тұста очеркші қоғамдық-эстетикалық, мәдени-тарихи мұраттарды, дәуір тынысын, халық тағдырын қалай түйсінсе, солай суреттейді.
Лирика-философиялық көркем очерктерде көбінде қаһарман автордың өзі болғандықтан баяндалып келе жатқан оқиға, не құбылыс жайлы әңгімесін кілт тоқтатып, өзі жайлы, не басқа бір мәселе төңірегінде де айтып бере кетуге бел буатын тұстар кездеседі.
Қазақ әдебиетіндегі лирика-философиялық көркем очерктер үлгісі толық қалыптасып болмаса да жекелеген жазушылар шығармаларында осы очерк түрінің поэтикасына тән, көркемдік ерекшеліктері айқын көрініс тапқан туындылар баршылық. Олардың қатарында Саттар Ерубаев, Әбіш Кекілбай, Оралхан Бөкейдің очерктік туындыларын атауға болады.
Кез келген очеркші қоғамның, өмір сүріп отырған адамдардың рухани өсіп, өркендеп, өзгеруіне қайткенде де нақтылы пайда келтіруді көздейтіні сөзсіз. Очерк жанрының өзі қоғамдық-әлеуметтік қажеттіліктерден туындағынын ескерсек, кез келген очеркші шындықты жазуға ұмтылып, уақыттың рухына сайма-сай мәселелерді көтеретіні де сөзсіз.
Қазақ әдебиетіндегі лирика-философиялық көркем очерктер қатарын интелектуальдық-философиялық өресімен, логикалық тереңдігімен, интеллект биіктігімен, ойының ұшқырлығымен, фактілер молдығымен, көтерген проблемасының маңыздылығымен толымды мұра қалдырған жазушыларымыздың бірі – Оралхан Бөкей. Очеркшінің әсіресе өз заманындағы ауыл өмірі, ондағы жас замандастарының арман-мұраты, тіршілік тынысы жайындағы көркем очерктері бір төбе. Филология ғылымдарының кандидаты Г.Балтабаева: «Әлеуметтік өмірдегі әртүрлі оқиғаларға үн қосып, онда да асығып, аптықпай, әліптің артын бағып, әбден пісуі жетіп, тиісті бағасын алған соң барып, болған жағдайларды жазуға отыратын қаламгерлердей емес, Оралхан Бөкей бүгінгі таңда қылаң беріп келе жатқан құбылыстарға назар аударып, өзі көтерген мәселені тереңнен қозғап, түп-тамырын қопара көрсетуге ұмтылды. Сол үшін жазылуы ұзақ уақытқа созылмайтын, ұшқыр жедел жанрға жүгінді» [43,92-б],- дейді. Жазушының көркем очерктері бойынан табылатын үш компонент ой мен идея, тіл көркемдігі және образ, осы үшеуі де Оралхан Бөкей очерктерінің ғұмырын ұзартып отырған қасиеттері. Мұндағы ой мәселесі жазушының жеке өзінің өмір туралы концепциясы болса, тіл дегеніміз - очеркшінің қалыптасқан оңтайлы стилі, ал образдары басқа очеркшілерге қарағанда жаңашылдығымен ерекшеленеді. Оралхан Бөкей көркем очерктеріне зер салғанда тағы байқалған ерекшелік – психологиялық тереңдік пен философиялық соны ойшылдық, яғни жазушы көркем очерктерінің көсегесін көгертіп жүрген осы жоғарыдағы қайнар көздер.
«Әр газеттен редакторының мінезі көрініп тұрады. Газетіне қарап мен оның қандай адам екенін бірден білем. Мен очеркке жан бітірдім, бойына қан жүгірттім. «Лениншіл жасқа» мен «мал, малшы, өндіріс, жұмысшы» деп күбірлеп-сыбырлап келгем жоқ, бар дауысыммен айқайлап «Адам!» деп келдім. Иә, бізге керегі – ең әуелі Адам, Адамның тағдыры» [44,341-б], - деп Оралхан Бөкей өзінің көзі тірісінде айтып кеткен.
Оралхан Бөкейдің публицистикалық мұрасы туралы толымды пікір айтқан филология ғылымдарының докторы, профессор Мәуен Хамзин былай дейді: «Егер ғылыми түйін, тұжырымдарға сүйенсек, Оралхан Бөкейдің қаламгерлік даңқына, атақты жазушы болуына алғышарттар жасаған оның публицистика жанрындағы сүрлеу – соқпағы екен. Публицистика оны қанаттандырып қана қоймай, шабыттандырып қана қоймай, жазушылық қызметінде көркемдік әлемнің қалыптасуына мол мүмкіндіктер жасаған екен. Себебі, публицистикада О. Бөкей адам жанына үңілуді үйренді, көптеген журналист ағайындар 100 қойдан бәлен жүз қозы алынды немесе бәлен гектар жерден бірнеше центнер астық алынды деп ұрандатып жүргенде, ол сол жетістіктердің сырына, тамыр-төркініне үңілді. Адам атты жаратындының қуаныш-сүйінішіне, үміті мен күдігіне үңілді, тұжыра айтсақ, сол Адамның барша болмыс-бітіміне, ішкі дүниесіне, жан әлеміне зерттеулер жүргізді» [45,76-77-б]. Расында да жазушы өз көркем очерктерінде «Адам атын үлкен әріппен жазып», сол Адамның ойы мен сезімін шын образға айналдыруда шеберлік танытқан.
Оралхан Бөкейдің көркем очерктеріне тән бірнеше қасиеттерді атай кетсек: біріншіден, жазу мәнері басқа очеркшілерден өзгешеленіп тұрады, екіншіден, идеология икеміне ешқашан іш тартпаған, үшіншіден, шығармаларын оқығанда жұмбақтау болып көрінетін тұстардың баршылығы. Осы жерде Дидахмет Әшімханның: «Ол қалам ұстаған ешкімнің жазу мәнеріне ұқсамайтын шығармалар жазды. Оларын біреу түсінер, біреу түсінбес, біреу қабылдар, біреу қабылдамас, алайда ол еркемінез, еркіндеу, тентек те телқоңыр дүниелерімен ол өнерде «Оралхан» атын танытты, әдебиетте ұзақ ғұмырлы «Оралхан Бөкей» есімін қалдырды» [44,337-б],- деген пікірі орынды.
Оралхан Бөкейдің «Өнерге өлердей-ақ ғашық едім» очерктер жинағына өнер мен өмірдің келелі мәселелері, жастар проблемалары туралы келісті, өрелі очерктері енгізілген. Бұл жинақтағы көркем очерктері негізінен көркем тілімен, кейіпкерлері жанының нәзіктігімен ерекшеленіп, адамзаттың ұлылығын айқын сезіне отырып жазғандығымен құнды. Осы кітабының алғы сөзін жазған филология ғылымдарының докторы, профессор Файзолла Оразаев Оралхан очерктеріне қатысты тұжырымды пікірін былай айтқан: «Ауыл жастары кешегісі мен бүгінгісін, яғни Оралханның өндірте жазған 1968-1969-1970 жылдардағы очерктерін оқып, бүгінгі мүшкіл халін салыстырады, «жоғарғыны көріп, пікір етеді, төменгіні көріп, шүкір етеді». Алпысыншы жылдары Оралхан «Аңдар азайып барады» деп дабыл қағып еді. «Ескерткіштер тозған, із-түзсіз кеткелі тұр» деп зар илеп еді, бүгінгі халіміз қалай деп салыстырады, әрине оңып тұрмағанына, ол кездегіге жылап көрісер халде екенімізге өкінеді» [46,8-б].
Оралхан Бөкей өзінің лирика-философиялық очерктерінде обьективті өмір құбылыстарының сол секунд, сол минутта ойын қозғап, сезімін тербеткен әсерлерінен туындағанын, жазушының оқырманымен кеңесіп отырған жүрек сырын байқау қиын емес. Жазушы өмір құбылыстарынан алған әсерін сол сағатында ой талғамы, сезім түйсіктері арқылы көркем шығарма тіліне аударып отырған. Оралханның өз очерктеріне тақырып таңдауында да ешкімге ұқсамайтын өзіндік ерекшелігі бар. Жазушы табиғатқа етене жақын және қоршаған орта мен оның сырларына оқырманның назарын аударуға, сол табиғаттың пейзаждық суреттері арқылы қоғамдық өмірді, адамның ішкі көңіл-күйін астастыра бедерлеуге ұста. Көркем очерктеріне тақырып қойғанда да шығарма мазмұнына сәйкес айтылатын жай-жағдайлардың бағыт-бағдары үнемі табиғатқа ұласып отырған, мысалы, «Тау басында қар жатыр», «Аңдар азайып барады», «Тырналар қайтып келгенде», «Үркер ауып барады», «Тау басында үшеу тұр», «Неткен ғажап дүние», «Тәңірісі сұлулықтың марал деген...», «Ақша қардан аққала жасап ойнаған, бала досым-ау», «Құм мінезі» т.б.
«Тау басында қар жатыр» атты очеркінде жазушы он үш баланың әкесі, шопан Құмарбек Жатағанов туралы ғана сыр шертпейді, таулы аймақтардағы шопандар жайын, Аршаты аулындағы замандастар тіршілігі, сол жердің табиғатына жазушының көзқарасын бере келе, лирика-философиялық очерктерде орын алатын лирикалық шегіністер жасаған. Ол әкесінің көзі тірісінде малшылар жайлауларын көп аралағанын, әкесінің шопандарға газет-журнал таратушы болғанын, тау-таудың бөктерінде ауылдан хабарсыз, бала-шағасымен көшіп-қонып мал бағатынын баяндай келе: «... Әлі есімде, қойшылардың балалары әкемнің төбесі көрінгенде: «Алақай, Кәмпит-Ата келе жатыр» деп, қуаныштары қойнына сыймай алдынан жүгіретін. Ала жаздай ауылдан келген жалғыз адамды көргенде малшылар да баладан кем қуанбайтын. Неге?» [46,22-б],- деген лирикалық шегіністің баяндап отырған оқиғаға ешқандай қатысы болмаса да, өзінше ұтымдылық жағы байқалып тұр. Мұнда жазушының бала кезінен малшылар өмірімен етене жақын таныс болғанына куә боламыз. Әкесінен үш жасында айырылып, тұрмыс тауқыметін көп тартқан Құмарбек очерктің негізгі кейіпкеріне совхоз ауруханасында жатқанда барып жолыққан очеркші қызғылықты баяндайды. Білімі төрт-ақ класс болғанымен, жаңалық атаулыдан бейхабар еместігін байқатқан кейіпкер Оралханның кітаптарын толық оқып отыратынын да айта кетеді. Аршатының атақты қойшысы жиырма алты жыл қой бағып, өмірінде алғаш рет ауруханаға түскенде саржамбас жатысқа шыдай алмай отырғанын жазушы сезінеді және онымен сөйлесудің реті жаз жайлауда, самырсынның түбінде, бал қарағай шағып отырып сөйлессе сәттірек шығатынына автор сенім білдіре кетеді. Автор өз кейіпкерінің шешіліп айтқан бір әңгімесін ғана тұтас келтіріп, өміріңізде бір ерлік жасадыңыз ба деген сауалға былай жауап береді: «Өмірімнің барлығы ерлік деп ойлаймын. Басқа не айтайын. Е-е-е, өткен қыста төрт қасқыр соққаным бар. – Екі тізесін уқалап, аз-мұз ойланып отырды. – Осы ерлік деген не өзі? Соғыстың жөні бір басқа: қарсы алдыңда – жай, қолыңда – қару.... біз қалай ерлік жасаймыз, айта берсем 25 жыл қой баққан ширек ғасырда талай оқиғалар болды. Көшкінге кетіп қала жаздадым. Жалама бет қияда қой соңында жүріп, ешкі ұшқалақтың тұяғы түртіп құлатқан тастың астында қалып қоя жаздадым, мен паналаған ағашқа жай түсіп, балаларымның көз жасы шығар, одан да аман қалдым. Біздің Аршатыда қой бағудың өзі – асқан ерлік» [46,26-27-б],- деп кейіпкер сөзімен қорытындылаған автор шопан өміріндегі ақиқаттардан осылай елес береді.
Оралхан Бөкейдің «Аңдар азайып барады» лирика-философиялық көркем очеркі қысқа және халқымыздың ұлттық қасиеттерін тілге тиек етеді. Қазақтың іштартқан адамын аңға алып шығуы, жақсы көріп, ұнатқан кісісін құстарға немесе дала аңдарына теңеуінің мән-мағынасын кеңінен түсіндірген очеркші бұның бәрі бір күннің қана емес, бірнеше жүздеген жылдардың жемісі екендігін толғана дәлелді әңгімелейді. 1970 жылдардың өзінде очеркші «Аңдар азайып барады» деп дабыл қағып, келешегімізге алаңдаушылық білдіріп, бұл проблеманың алдын алу жолдарын қарастыру керек екендігін күн тәртібіне қояды. «Жоңғар Алатауындағы бұғы, таутеке, арқар, түлкі, Іле, Балқаш және Арал теңізі қамысы арасында топ-тобымен жортып жүретін жолбарыс, Орал жағындағы үйір-үйір жабайы жылқылар, Алтай қойнауындағы сабылысып, бүткіл тауға сыймай жүретін маралдар, Барсакелместегі құландар, Сауыр, Тарбағатай, Қарқаралы, Баян, Ұлытау, Үстірт, Маңғыстау маңындағы тау-тасқа секіріп, қойдай өріп жүретін қисапсыз арқар, тау текелер қайда бұл күндері? Оны ірке тұрғанда түлкі, қоян, еліктің азайып кетуі неден? Тіпті, аңшылардың аузынан «атарға аң қалмады» деген сөзді естиміз» [46,137-б], - дей келе, аңды аулау жөнінде тәртіп, арнаулы ереже сақталмайтынын қынжыла жазады. Мұнда очеркшінің қолында бұлтартпайтын фактілердің барлығы, аң-құстың азайып бара жатқандығының басында тұрған Адамдар екенін, табиғат ұрыларының көбейіп бара жатқанын, оған тосқауыл қоюдың жолдарын ұсынған жазушы обалсыну – ата дәстүрі деп қорытады. Мың жарым құланды бір қуғанда-ақ орға жығып, қырып тастаған Алашақанның заманы келмеске кеткенін, аң мен құсты қорғау дәуірі туып отырғанын, табиғат байлығын сақтамасақ, орны толмас өкініш күтіп тұрғанын баса айтқан очеркші өзін ойландырып жүрген түйінді мәселенің басын ашуға шақырады.
«Көненің көздері-ай!» көркем очеркінде лирикалық шегініс жасап алған жазушы Дала, Адам атты егіз ұғымға, дала төсіндегі адам орнатқан ескерткіштердің – бабалар тіршілігінің куәсі екенін, қазақтың сәулетшілік мұрасының зерттелу жайын, Отырар, Тараз, Баласағұн, Қойлық, Шам, Сығанақ сияқты қалалардың бұрынғы тіршілігенен хабар беретін де осы архитектуралық ескерткіштер екенін, оны сақтау және қорғау да Адамның қолында тұрғанын баса айтқан очеркші айғақтарды сөйлету арқылы, тарих тереңіне оқырманын бірте-бірте енгізіп жібереді. Өткен заманның тілсіз куәгерлерін, бейнелеу өнерінің ерекшеліктерін сақтап қана қоймай, үйренетін тұстарында Оралхан Бөкей көрсете кетеді. Адам мен Даланың байланысы үзілген жерде тіршілік атаулы жоқ болатынын философиялық тұрғыда толғаған очеркші көненің көзі – архитектуралық ескерткіштердің көркіне көлеңке түсірмеу жолдарын ұсынып, халық дәулеті мен мақтанышы да осы көненің көзінде екенін лирикалық-философиялық толғаныстар арқылы пайымды шешімдер жасағанына сүйсінеміз.
«Өмір құбылысының сандаған қырларын, адам табиғатын, қоғам заңдылығын толық меңгермей жазушыға эстетикалық-философиялық жота көрсету мүмкін емес. Сол өнер биігінен табылып жүрген қазіргі қазақ прозасының (әсіресе, 60-70 жылдар аралығындағы) шоқ жұлдызы жоқ емес, бар. Әлемдік деңгейден, қала берді уақыт көкжиегінен көріне алатын, көркемөнер заңдылығын меңгерген Т.Әлімқұлов, С.Мұратбеков, Ә.Тарази, О.Бөкеев, Қ.Ысқақов т.б. творчествосын қай аспектіде қарастырсақ та теориялық ой-өріске арқау боларлық ауқымды творчество» [47,205-б],- дейді әдебиетші-ғалым Бақыт Кәрібаева. Басқа жазушылармен қатар Оралханның көркем очерктерінің лирика-философиялық диалектикасын зерттеу қажеттілігі творчество әлеміне бойлаудың сара жолы. Сондықтан да сезім мен суретті өз шығармаларына арқау еткен жазушы, адамның ой дүниесіне терең үңілуге шебер, аңғарымпаз және танымпаз. «Тәңірісі сұлулықтың марал деген...» көркем очеркінде жазушы қазақ жұрты бұғы-маралды сұлулықтың тәңірісі санап келгенін, сондықтан да қыздарының атын Марал, Ақмарал деп ат қоятынын ой қуалап, сезімтал, сергек оймен жаза келе: «Әдетте асыл аңның бұл түрін атай қалса, орманды, тау-тасты емін-еркін кезіп жүрген түз тағысы көз алдымызға көлеңдер еді. Бұлай ойлауымыздың дәйекті жөні бар: Қазақстанда маралдың қазіргі саны 25 мыңнан астам екен. Олардың түгелге жуығы тек қана таулы аймақтарды мекен етеді. Мысалы Алматы облысы (Алатай баурайында) 6 мыңға жуық, Талдықорған облысында (Тянь-Шань тауларында) 16 мың, Семей облысында 0,8 мыңдай, Алтай тауларында 2 мың тағы марал мекендейді екен» [46,191-б],- деп публицистикалық сарында жаза келе, тарих тұңғиығына үңілген очеркші көкейде жүрген ойына, әлдебір тылсым сұлулықтың қиял-елестерін көз алдымызға елестетте отырып, бұғы, маралды сақтау, қорғау мәселелерін жай ғана көтеріп қоймайды, табиғат-тамашаның әр көрінісіне, адам-шебердің мінез-кереметіне үңілуге, ой жүгіртуге жетелейді. Жазушы бұл очеркінде сұлулықтың тәңірісі марал, бұғы жайында көкейінде жүрген ойларын сезімтал қаламгер ретінде тебіреніске беріліп, табиғат құбылыстарының сырына үңілген ой көзімен өзгелерді жетелеп, қызықтырып отырады.
«Құм мінезіндегі» Егінбай, «Менің сапарласымдағы» Қабден Рамазанов, «Салт аттыдағы» Әділқан, «Сен не ойлайсыңдағы» Ұлықбек, «Ыстық ықыластағы» Қазыбек Әбижановтардың дүниеге көзқарасы, табиғат, адамдар туралы ой-пікірлері көркем әңгімеленіп, бұл кейіпкерлердің ойы, психологиясы, мінез-құлқы нәзік өріледі. Жалпы, Оралхан Бөкей бұл очерктерінің өн бойына нәзіктік реңк-бояуларды орынды сіңдіре отырып, тіршіліктің жанды суретін, кейіпкерлердің ішкі тебірінесін беруде де белгі-нышандардың ортақтығын таңдаған.
«Ақша қардан аққала жасап ойнаған, бала досым-ау» очеркінде ойшылдық сарыны, бала кезінен бірге өскен досын сағыну, бірге жүрген күндерді аңсау басым. Бұл көркем очерктің әр тараушасының басын «Ақша қардан аққала жасап ойнаған, бала досым-ау» деп бастаған очеркшінің досының бейнесіне, оның характер-қаракетіне қарап отырып, әрқайсысымыз бізде де осындай досымыз бар ма? Бар болса сол Қайкенге ұқсайтын ақжүрек, ақкөңіл, адал ма? деген сауалдарды алдыңа алып келеді. Бұл шабытпен жазылған дүние және адамға бауыр, туыс керек, бірақ адал дос ең керегі екенін жақсылық та, жамандық та, Адамнан келетінін автор философиясынан ұғу қиын емес. Бір жылда төл туған, бір тракторға мінген, қапсағай бойлы ер Қайкен досын, оның өміріне қызығатынын, өзінен гөрі досының табиғатқа жақын жүргендігін, әсем Алтайдың табиғатын, дос мінезінің жақсы қырларын суреттеген тұстары ширақ. Бұл лирика-философиялық көркем очерктің мазмұны – дос көңілінің адалдығын, табиғатты сүюдегі шексіздік, өмірге құштарлық, кей кездегі адам баласының тыныштықты аңсауы, адам-жұмбақтың көп-көп құпияларын арқау етеді.
«Ақша қардан аққала жасап ойнаған, бала досым-ау...
Сенің сегізінші кластан соң оқымағаның ауру шешеңе қолқабыс жасау керек болды. Қабырғаң қатып, бұғанаң бекімей, қолыңды күрек қажады. Есіңде шығар, Катондағы тракторшылар даярлайтын курста бірге оқыдық. Ең қызығы орта білімі бар менен әлдеқайда озық оқып едің. Сонда 25 шақырымдық қашықтықтағы ауылға жаяу қайтып жүрдік. Сонда алдымызда сайрап жатқан қасқа жол сонау көкжиекке сіңіп, аспанға жетелейтін. Мынау жолдың өмір бақи да таусылмауын, ал екеуміз де дәл осылай қатар аяңдап, ертеңімізге ентікпей жетуді іштей тілер едік» [46,211-б],- деген жолдардан биік парасатпен қоса ар тазалығын байқаймыз. Бұл көркем очерк оқушыға ой тастап, көңіліне мұң артатын қасиеттерден де ада емес.
Оралхан Бөкей көркем очерктері нақтылы оқиғаға құрылмайды, жазушының көңіл-күй, түйсік-сезімдерінен өрбіген шығармалары көбінде лирикалық, философиялық, психологиялық дүниелерге айналып, оқушыны ойландыруға жетелеп, табиғатқа, табиғи сұлулыққа құштарлыққа баулуға жетектейді. Оралхан очерктерінің кейіпкерлері автордан алыс ұзамай, айналасында жүріп-ақ көп қасиеттерімен көріне алады және ойланғыш, шыншыл, адал, сыршыл, нәзік болып шығады.
Оралхан Бөкей «Сен не ойлайсың?» деген көркем очеркін былай бастапты:
« - Біз қандай шал болар екенбіз?
- Мүмкін, қартаймайтын шығармыз, иә, біз қартаймаймыз» [46,110-б], - деген жолдардан жазушының оқырманы очерктерін оқу арқылы ешқашан қартаймағанын, оқып отырып автордың өзіне айналу, оқырман да, кейіпкер де, автор да бірігіп кетуі очеркшінің өзіндік қасиеті дегіміз келеді. О.Бөкейдің лирика-философиялық көркем очерктері өткен шақтың да, осы шақтың да шындығынан құралғанына, жазушының нәзік көңіл күйімен, сезім әсерлерінен тұратынына, танымдық концепцияларды, әлем, қоғам, адам заңдылықтарын түсіндіруге ұмтылыс жасайтынына көз жеткізгендей болдық.
КӨСЕМСӨЗДІҢ КӨКЖИЕГІ
Ш.Мұртаза қазақ еләдебиетінде өзіндік орны бар дара тұлға. Жазушылық пен журналистік тізгінді қатар алып келе жатқан тұлғаларды жан-жақты зерттеп, қаламынан туған дүниерді жанрларға бөліп талдау, оның ішіндегі очеркистік қырын арнайы саралауды жөн санадық.
Шерхан Мұртазаның шығармашылық пен қайраткерлік жолы қазақ журналистикасы арқылы қалыптасып, сол арқылы оқырманға танылған. Қырық жылдан астам уақыт қаламын қолынан түсірмеген майталман жазушы ел өмірі, ұлт тағдыры, тұрмыс-тіршілігі, жақсысы мен жасығы туралы кестелі ойларын ортаға салып, қазақ әдебиетіндегі публицистика жанрының қанат жаюына сүбелі үлес қосқан бірегейлердің бірі.
Автордың публицистикалық жанрда жазған еңбектері алдымен баспасөз бетінде жарияланып, кейіннен әртүрлі жинақ болып жарық көріп келген. “Алғашқы қадамы” 1958 жылы “Құрылысшы Дәку” атты очерктер жинағынан бастау алса, 1990 жылдары “Жазушы” баспасынан “Не жетпейді?” атты таза публицистикалық туындыларын жинақтайды. 1998 жылы “Қазақстан” баспасынан “Елім саған айтам, елбасы, сен тыңда!” атты эпистолярлық жанрда жазылған кітабын оқырман қауым жылы қабылдады. Жазушының бұл кітаптарындағы очерктерінің өзегі – өмірлік қым-қиғаш оқиғаларды жедел таразылап, саралап, сыни көзбен ақиқат безбеніне салып игеруге күш-қуат жұмсағаны айғақ.
Шерхан Мұртазаның шын мәніндегі көркем очерк талаптарының биігінен танылған туындылары баршылық. Соның ішінде Шыңғыс Айтматовтың 60 жылдығына арнап жазылған “Шыңғыс және шындық” атты көркем очеркінде жазушы оқырманын кейіпкерімен былай таныстырады: “Адамның бойы таудан аса алмас. Ал сол асқарлардан асып көрініп, бүкіл әлем таныған, талантына таңырқаған адам бар. Ол – Шыңғыс Айтматов” [48,90-б],- деп жазушы өзі берген баға, ой-пікірге жауапкершілікті өз мойнына алады.
Ш.Айтматовтың “Ақ кеме”, “Әселім”, “Ботакөз”, “Боранды бекет”, “Жан пида” шығармаларындағы Қазақстанға байланысты тұстанына очеркші ерекше мән бере отырып, заңғар жазушының бауырмалдығын, ұлы парасаттылығын көсемсөз құдіретімен жеткізеді. Очеркші Ш.Айтматовтың көтерген өзекті проблемаларының бірлі-жарымына ғана тоқталады да, әлем, адамзат алдына қойылған сансыз сұрақтар тұрғанын нақты мысалдармен ашады. Адамзаттың өз тарихын, ата-баба дәстүрін, тілін, салт-санасын ұмытуы мәңгүрттік екенін, Айтматовтың пайымдауынша бұл ұлттық трагедияға ұрындыратын үлкен қауіп өз арамызда екендігін оқырманына қарапайым және түсінікті тілмен жеткізе білгендігін жеріне жеткізе суреттеген очеркист біраз көркемдік құралдарды пайдаланған. Соның ішінде ұлы жазушының әдеби портретін нанымды жасап, жазушы қауымның қиын да қызықты еңбегін өрнектейді. Бұл очерктің жазылу әдісі де өзгеше. Автор Шыңғыстың Қазақстанмен байланысы, туыстығы, қазақ өмірі мен қырғыз тіршілігі арасындағы ұқсастықтарды салыстыра сыр шертеді.
“Fабит Мүсірепов - тәлімгер” деп аталатын очеркінде Ш.Мұртаза: “ ... ол қаламгерлікпен қатар азаматтық, қоғамдық, тіпті мемлекеттік міндеттерді қатар алып жүрді. 1924 жылы, яғни 22 жасында Fабең Темірбай деген сыншыны мақтамен байыздайды. Темірбай сыншы “Ақжол” газетінде Сәкенге жала жауып, қодаршылап кеткен екен. Fабит Мүсірепов “Қисық сынға әділ төре” атты мақаласында сол кездегі қазақ қауымына, тіпті қазіргілерге де баспасөз Батыраштың балтасы болмауы керек екендігін, сын деген бет тырнасу емес екендігін үйретеді. Әділ сынның үлгісін көрсетеді” [48,109-б],- деп Fабиттің жиырма екі жасында-ақ әділеттің ақ боз атын мінгендігін, қазіргі жазушы, сыншыларға дәл осындай жағымды белсенділік жетесе бермейтінін өкіне айтады.
Ш.Мұртаза осы очеркінде F. Мүсіреповтің жастар тәрбиесіне үлкен мән беріп, болашақтың тағдырын сергек қарайтындығын, жастар шығармашылығымен танысып, таланттың аяқ алысын жіті байқап, бірсыпыра қаламгерлердің қанат жаюына мұрындық болып жүргені жайында да тебірене баяндайды.
Автор Fабит Мүсірепов бейнесін сомдауда тіл туралы тұжырымдарына, хас талантты тани білетін көрегендігіне, бүкіл шығармаларының өмірі әдемілікке, сұлулыққа қызмет етіп келе жатқанын рет-ретімен шебер суреттеу арқылы өнегелік, тағылымдық танытқан. Очеркистің Fабит Мүсірепов бейнесін сомдаудағы үлкен табысы – әдебиет алыбының өзі қандай таудай болса, жүрегінің де сондай нәзік, сұлулыққа ғашық жан екендігін тап басуы дер едік.
Публицистің “ Тұрар Рысқұлов” атты өмірбаяндық очеркінде алаш азаматының өнегелі өмірі, сыр-сипаты, характер ерекшелігі, рухани көркі әдемі ашылады. Тұрар Рысқұлов кім ? Оның есімі халыққа, қазіргі ұрпаққа несімен қымбат? деген сауалдарға жауап беретін бұл очеркте өмір фактілеріне көркем-публицистикалық талдау жасала отырып, фактінің табиғатын, идеялық мағынасын, әлеуметтік маңызын ашып көрсетуге қол жеткізген. Очеркист Тұрар Рысқұловтың табиғатынан ерекше туған жан екенін, миллиондаған халықты апаттан аман алып қалу үшін жеке басын қатерге тігіп, ұлы қайрат көрсеткен кезеңдерін: 1918-1919 жылдардағы Орта Азия мен Қазақстанда үлкен аштық болып, аштықпен күрес комиссиясын басқарып, халықты жаппай қырылудан алып қалғанына, адал, іскер, көреген басшы бола білгендігіне нақты дәлелдер келтіре отырып, көркем-публицистикалық байыпты талдау жасайды.
Тарихтан белгілі екінші аштық 1932-1933 жылдары жаппай коллективтендіру кезіндегі аштықта да Тұрар халық жағында болып Сталинге хат жазуы, ол хатта қазақ халқының басына төніп отырған қауіпті бұлтартпайтын факті, құжаттар батылдықпен ашына жазылғаны да ашық әрі нанымды баяндалады.
Бұл өмірбаяндық очеркте Ш.Мұртаза фактілер мен құбылыстарды тірнектеп жинап, алаш ардагерінің өмір жолы мен халық тағдырын бір арнада қиыстырады.
Жазушының тағы бір очеркі - “Нұқ пайғамбардың кемесі” деп аталады. Мұнда негізінен кейпкер де, характер де жоқ, сюжетсіз очерк түріне жатады. Шығарманың көтерген негізгі тақырыбы – Адам баласының бүгінгі өмірі. Жердің жағасын жыртып, көйлегін айырып, әбден абыройсыз халге жетіп, азып-тозып бара жатқанын очеркші қынжыла отырып айтады.
“... Павлодар облысында тұтас бір аудан Ермак атымен аталып, сол аттас қалада Ермакқа орасан ескерткіш орнатылар ма еді? Және оның тұғырына: “Ермакқа дән риза ұрпақтарынан!” деп тасқа қашап жазылар ма еді? Ал “ұрпақтары” – кешегі тың игерушілер ғой. Бірақ олардың ұраны : “Тыңды игерейік !” емес, “Тыңды бағындырайық !” болды. Тың – дегеніміз – жер. Жер дегеніміз – Ана. Ал анасын бағындыратын адам бола ма екен? [48,247-б],- деп тың игеру кезінде жіберілген асыра сілтеушілікке сын айтып, олқылықтың жіберілу себептерін аша отырып, “Тың эпопеясы ” деген даурықпа кезеңде бетегелі белдер, көделі жерлер, мың-миллион шүйгін жайылымнан қазақ халқы айырылып қалғанына өкініш сезімін өзек еткен.
Бұл очеркте тек қазақтың жер мәселесі ғана емес, сол “Тың эпопеясы” тұсында жүздеген қазақ мектептері жабылғаны, жергілікті қазақ халқының әдет-ғұрып, салт-санасы, ұлттық қасиеті де топырақтың құнары кеткен сияқты қақырап бара жатқанын жазушы нақты мысалдармен жеткізеді.
Семей маңында қырық жыл бойы атом бомбасы жарылып келгені, Аралдың құрып бара жатқаны, адамдардың астамдығының, тасыраңдығының нәтижесі екенін қаламы қарымды публицист кесек пайымдаулармен баяндап, сүбелі тақырыптарды көркем түйіндеп, өмір ақиқатын жинақтап, қорытудың үлгісін жоғарыдағы очеркінде көрсетеді.
Жазушы журналистің әрдайым жол үстінде болуы заңды құбылыс.
Шерхан Мұртаза қырық жылдан астам журналистік қызметінде талай жердің топырағын басып, талай елдің дәмін татқан қаламгер. Солардың санаулысы ғана жолсапар очерктеріне өзек болған себебі де ізденімпаздығынан болса керек. Соның бірі «Абай сәулесі» деп аталатын жолсапар очеркінде автордың әр сөзді орынды пайдаланып, көркемдік қолданысты дәл тауып, айтайын деген ойын жылы сезіммен, аңғарымпаздықпен жеткізген деуге болады.
« ... Егер әркім Абай арқылы ақылына ақыл қосса; көз нұрына нұр қосылса; сезімін байыта түссе; жан дүниесін, рухани әлемін рахымдандыра берсе – шіркін, онда арамызда арамдық, арызқойлық, қызғаныш, такәппар-тақастық, өтірік-өсек, жала-қорлық, тағы не бар - барлық жағымсыз қылық арамыздан әлдеқашан аласталар еді...»[48,146-б],- деген очеркистің ой ұшқырлығымен, ой-түйіндерінің бірегейлігіне тәнті боласың. Қоғамдық ойшыл, халық мүддесінің жоқтаушысы Абайдың 150 жылдық тойы әлемдік деңгейде өтетініне осы очеркінде болжам жасаған Ш.Мұртазаның шексіз оптимизмі мен көрегендігіне де куә боламыз.
«Абай сәулесі» шығармасында жолсапар очерктеріне тән көзге түскеннің бәрін тізе бермейді, керісінше Жидебайдағы қазіргі Абай музейінің жайы, Қарауылдағы салтанатты жиналыс, терістіктегі Ақшоқы тауының әсемдігі, Еңлік-Кебек ескерткіші басындағы очеркистің әсері өзек болады.
«Естен кетпес Эстония сапары» жолсапар очеркінде жасыл аралдар мен қалың ормандар, егістік алқаптар, Эстон халқы мекендейтін жанатты жер жайлы мол мәлімет, деректер арқылы көрініс тапқан.
Қазақ халқы мен эстон халқының тағдыр ұқсастығы салыстырыла тартымды баяндалады.
«Арасын бес-алты мың шақырым алыстық бөліп жатқан екі республиканың ауа райы екі басқа. Эстонияда ылғал көп. Мұның залалды жағы да жоқ емес. Ертеде мұнда өкпе ауруына шалдыққандар көп болған. Туберкулезді дәрігерлер жаза алмайтын кезде бұл ауру нағыз тажал еді. Енді ол қауіп жоқ. Медицина туберкулезді жеңіп шықты»[48,202-б]. Бұл жолжазба ерекше ықыласпен оқылатын және Эстон жері мен халқының дәстүрлері туралы толық сипаттама бере алған, деректері көп, тартымды очерк деуге болады.
Шерхан Мұртазаның «Париждегі қазақтар» атты туындысы жолсапар жазбаларының ішіндегі үздігі. Аса бір тебіреніс, шабытпен жазылған бұл очеркінде жазушы әлемдік өркениеттің бесігі – Париждің өмірімен қоса ондағы қазақ отбасыларының тіршілігінен хабар бере отырып, олармен жүздесу және қоштасу сәттерін жазғанда әр қадамын ежіктеп, көрген-түйгендерін рет-ретімен оқушыға шебер тілмен жеткізіп отырған. «Хабар тиісімен Париждың қазақтары біз тұрған мейманханаға лезде-ақ келіп жетті. Кезек-кезек қонаққа шақырып-ақ жатыр. Бәрінің үйіне қыдырып жүруге уақыт көтермейді. Сонымен, ақылдаса келіп біреуінің үйіне баратын болдық. Ол Ханимет деген жігіттің мекені екен. Төрт бөлмелі кең-мол пәтерде Ханимет, әйелі Фазилә, екі баласымен тұрады. Өзі осы Парижде былғары фабрикасында жұмыс істейді. Төрт бөлмелі пәтер оған 400 000 франкке түскен. Біздің ақшаға шаққанда 40 000 сом. Кең залда кілем, көрпе төсеулі. Столдарын, орындықтарын шығарып тастапты. Меймандарды баяғы ата-баба замандағы қазақтарша күтіп алмақшы»[48,229-б],- деп Париждік қазақтардың бұл елге келу тарихына, онда жүзге терта қазақ отбасы тұратыны жайлы айта келе, қасиетті қазақ жерін көргісі келетін қандастарымыздың күпті көңілін айта кетуді автор борыш деп санайды.
« - Жалғыз тілек: біз туралы бөтен ойламаңыздар. Елден жырақ кетсек - ол біздің кінәміз емес. Тағдыр солай, - дейді Париждік қазақтар. – Әйтеуір сөге жамандамаңыздар. Шет елде жүрген қазақтар туралы алматылық бір ақын: «Саудагерсің бе, сатқынсың ба...!» деп жазыпты. Соны оқып, өте қиналдық. Бәрімізге өйтіп топырақ шашу – татулықтың, бауырмалдықтың, адал жүрек, ақ ниеттің дәнекері бола алмайды»[48,231-б],-қазақ ақыны айтқан сөз үшін қызырып, кешірім сұрағанын, сағыныш пен әлдебір арманға толы жандармен қимай қоштасқанын әсерлі баяндайды.
Қорыта айтқанда Шерхан Мұртазаның очерктерінің жазылу стилі, формалық ерекшеліктері, жазушылық әдіс-тәсілдеріне аз-маз назар аудардық. Жазушының тақырып таңдауы, оны игеруі, оқырманға қалдырар әсері де ерекше екеніне көз жеткіздік. Очеркистің ұстанған өмірлік позициясының бірнешеуін санамаласақ: біріншіден, адамзат тіршілігінің өзекті мәселелері туралы тұрақты тебіренеді, екіншіден, шағын көлемге кең мағына сыйғызуға шебер, үшіншіден, әдебиеттегі көркемдік компоненттерді кең және еркін пайдалануға ұста, төртіншіден, ұлттық идея, ұлттық намыс, ұлттық сана мәселелерін өз шығармаларына өзек етеді. Сонымен Шерхан Мұртаза жазушылық пен журналистік тізгінді қатар меңгерген қазақы намысшыл суреткер дегіміз келеді.
Достарыңызбен бөлісу: |