Жақсы әдеттерге дағдылану арқылы жігер күшін нығайту.
Адамды әрекетке бағыттайтын, мақсат қоюға талаптандыратын бір түрткі болатындығы, мұны психологияда мотив (себеп) деп атайтындығы белгілі. Кез келген түрткі сан қилы қажеттермен тікелей не жанама түрде байланысып жатады.
Адамды әрекетке итермелейтін негізгі мотив- оның түрлі қажеттері. Адам өз қажетіне байланысты алдына түрлі мақсаттар қояды. Ол мақсаттарды орындау үшін түрлі әдіс- амалдар қарастырады.Өйткені адам сыртқы дүниенің заттары мен құбылыстарын тек танып, не оған өзінің қатынасын білдіріп қана қоймайды, сонымен бірге, оны қажетіне орай өзгерткісі келеді. Бұл үшін ол қимыл- қозғалысқа, іс-әрекетке түсіп отырады. Адамда қимыл- қозғалыстар есепсіз көп. Бұларды үлкен екі топқа бөлуге болады. Оның бірін еріксіз қозғалыстар (яғни мақсат қойылмайтын қозғалыстар: көздің жұмылуы, жөтелу шашалу, түшкіру т.б ), екіншісін ерікті қозғалыстар деп атайды. Мәселен, жерге түсіп кеткен нәрсені көтеріп алу қозғалыстың соңғы түріне жатады. Кез келген қозғалыс арқылы сыртқы ортаны өзгертуге, оған ықпал жасауға болмайды. Бұл үшін мақсатқа бағытталған қимыл- қозғалыстар жасау қажет. Ойланып істелетін, алға мақсат қоюды қажет ететін, түрлі кедергілерді жеңе білуден көрінетін қимыл- қозғалыстарды психологияда ерікамалдары немесе ерік деп атайды. Сонымен ерік дегеніміз адамның өз мінез- құлқын меңгере алу қабілеті.
«Қайрат дегеніміз өмір жолында кездесетін екі талай кездерде белді бекем буып, қайыспай, кідірмейи амал етуге ұмтылу» (Ж. Аймауытов). Адамның осындай психикалық әрекеті алдына қойған мақсатын орындауға байланысты түрлі ішкі-сыртқы кедергілерді жеңе білуінен жақсы байқалады. Мәселен, ұйқы басып төсектен тұрғымыз келмейді, бірақ сабаққа кешікпеу үшін тұру керек. Бұл жағдайда ішкі кедергілерді (төсектен тұрғымыз келмеу сияқты, еріншектік т.б.) жеңу керек болады. Егер біздің мақсатқа жетуімізге сырт нәрселер кедергі жасаса (басқа адамдардың кедергісі, түрлі жағдай болмаушылық, т.б.), бұларды да жеңіп отыруымыз қажет.
Ерік қоғамдық еңбек процесінде пайда болып, қалыптасқан. Тек еңбек ету арқылы ғана адам өзінің әр түрлі амалдарын, қимылдарын көрсетіп, түрлі қажеттерін өтей алады. Адамның еріктік қимылдары оның өмір сүріп отырған ортасының, яғни сыртқы дүние заттары мен құбылыстарының әсер етуіне байланысты көрінеді. Адам бір түрлі жағдайда әр қилы, әр түрлі жағдайда бір қилы әрекет жасайтыны мәлім. Біз көп адамдардан «не тілесем, соны істеймін» деген сөзді жиі естиміз. Кейбір философия мен психология ғылымдарының өкілдері осындай жеке пікірлерге тас кенедей жабысып: «адам не істеймін десе де ерікті, өз қылғына өзі қожа» дейді. Барлық тіршілік ерікке байланысты, ал ерік ешбір себеп дегенді білмейді, ешбір материалдық жағдайлармен байланысы жоқ рухани өзінше пайда болған күш», - деп адамның барлық әрекеті, мұның ішінде еркі де, нақтылы айналасын қоршап тұрған дүниеге, жағдайларға байланысты болатындығына жете мән берілмейді.
Сөйтіп, ерік қимылдарын өзінен-өзі пайда болмайтын, керісінше, адамның өмір сүрген ортасына байланысты дамып отыратын, үй қызметі продуктісінің бірі болып, есептелінетін психикалық процесс деп түсінуіміз қажет.
Орыс ғалымдары И.М.Сеченов пен И.П.Павлов ерік қимылдарының белгілі бір себепке байланысты пайда болатындығын эксперементтік зерттеулер мен дәлелдеді. И.М.Сеченов: «Кәдімгі ырықты деп аталатын барлық саналы қозғалыстарымызды бейнелеу мағынасында ұғыну керек...». «Адамның кез келген қимылдарының алғашқы себебі одан тыс болады» деп еріктің сыртқы ортадан тәуелділігін және ол ми қызметінің нәтижесі екендігін көрсеткен болатын.
Еріктің физиологиялық механизмі де ми қабығының рефлекстік табиғатына жатады. Ерік процесінде жоғарыда айтылып өткен ерікті қозғалыстардың алатын орны ерекше. Ерікті қозғалыс дегеніміз мақсатқа бағытталатын қозғалыстар, яғни күрделі шартты рефлекстер. Еріксіз қозғалыстарда тумалық қасиет болса, ерікті қозғалыстар өмірде жүре-бара қалыптасады. Ерікті қозғалыстардың рефлекстік табиғатын И.М.Сеченовтен кейін зерттеген И.П.Павлов болды. И.П.Павлов және оның шәкірттері басқа анализаторлар тәрізді қозғалыс анализаторы да, яғни ерікті қозғалыстар да түрлі тітіркендіргіштермен уақытша нерв байланысына түсуге қабілетті екенін көрсетті. Адамның ерікті қозғалыстары ми қабығында бұрын пайда болған уақытша байланыстардың негізінде жасалады. Мұндай қозғалыстар үшін сөз ерекше тітіркендіргіш болып табылады, түрлі қозғалыстарды реттеп, басқарып, тежеп отыратын да осы сөздік сигналдар. Адамның көптеген қозғалыстары іштей сөйлеу арқылы да пайда болып отырады, мұндай сөздер түрлі қимыл қозғалыстың «басталу белгісі». Адам сөз арқылы нұсқау алады немесе бір тоқтамға келеді, алдына қойған мақсатына сәйкес қимыл-қозғалыстарын реттестіреді. Қозғалыс анализатроларының нерв клеткалары мидың орталық сайының алдыңғы жағына орналасқан. Осы жерде пирамида формасындағы алып нерв клеткалары бар. Бұлар нерв талшықтары арқылы қаңқаның бұлшық еттерімен байланысып жатады. Қозғалыс анализаторларын құрайтын нерв талшықтарын пирамидалық жол деп атайды. Пирамидалық жолдың қызметіне зақым келсе, адамның қимыл-қозғалысының берекесі кетеді, мұндайда оны паралич ауруы соғуы мүмкін.
И.П.Павлов «... еріктік қозғалыстың механизмі жоғары нерв қызметінің барлық заңына бағынатын шартты ассоциациятивтік процесс» деп ерікті мидың уақытша байланыстар принципінің заңына орайлас түсіндірді.
Ерікті қозғалыстарды орындау дегеніміз – еріктің ең қарапайым түрде сыртқа шығуы. Жас баланың еркінің дамуы осындай қозғалыстар жасауға үйрене бастаудан, өзінің денесін басқара алуынан байқалады. Қозғалыстарды тежей алу, тек алда тұрған мақсатқа ғана сәйкес қозғалыс жасау – бірінші және екінші сигнал жүйелерінің өзара әрекеттестігінің нәтижесі.
Еріктің мағынасы кең. Мұның бірінші жалпы мағынасы адамның психологиялық өмірінің саналы түрде бір мақсатқа бағытталуын білдіреді. Ал дәл мағынасында ерікті амалдар ішкі немесе сыртқы кедергілерді жеңуге байланысты көрініп отырады. Мәселен, адам жазу үшін столдың үстіндегі қарындашты қол созып алады. Әрине, бұл да саналы және белгілі мақсатқа бейімделген әрекет. Осы сияқты әрекетті ешкім нағыз ерікті әрекет деп ойламайды, олай дейтін себебі, бұл жерде ешқандай да кедергіні жеңу байқалмайды. Ерік амалы байқалғанмен, оның көрінісі өте болмашы, мұндағы ерік көбінесе адам елемейтін дәрежеде білінеді. Сондықтан да шын мағынасындағы ерік амалдары бірнеше күрделі қозғалыстардың (тіпті, ойланып істелген қылық болса да) жиынтығы болып табылмайды. Сөйтіп, адамның дәл мағынасындағы ерікті амалы, біріншіден, әрбір адамның өзін-өзі билей алуынан, яғни мінез-құлқын меңгере алуынан көрінсе; екіншіден, оның түрлі ішкі және сыртқы кедергілерді жеңе отырып, алдына қойған мақсатын орындап, істі мұқият тындыруынан көрінеді.