E. Ерлік.
Ерлік дегеніміз алға қойған мақсатына шексіз сенген, сол жолда атық демі біткенше бел байлаған, моральдық рухы жоғары адамның ғана қолынан келетін қасиет. Сонымен қатар ерлік-батылдық пен ұстамдылықтың, табандылық пен тез тоқтамға келгіштіктің адамның басында ойдағыдай тоғысуы. Ерлік істеген сәтте адам тіпті өзіне өлім қаупі төнсе де сасқалақтамайды, өз рухын жақсы ұстай алады, басынан түскен ауыртпалықты мойымай көтереді, өз мақсатын асыл мұратына бағындырып, мұны ең негізгі борышым деп есептейді. Ерлік көбінесе қоғамдық мәні бар істерде көрінеді. Сондықтан да ол адамның өз халқына, Отанына қалайша берілгендігін сипаттайтын негізгі көрсеткіштердің бірі болып табылады. Қазақ халқының тарихында да кір жуып, кіндік кескен жерін қөздің қарашағындай сақтап, басқыншы жаудан асқан ерлікпен қорғай білген небір батыр тұлғалар көптеп кездеседі. Мәселен, Күлтегін, Едіге, Қарасай-Қази, Қобыланды, Ерсайын, Қамбар, Сырым, Бөгенбай, Қабанбай, Жанқожа, Кеңесары, Наурызбай, Исатай, Махамбет, Амангелді, Бауыржан т.б. осылар секілді өр рухты, намысты қолдан бермей шыбын жанын туған жері үшін құрбан еткен қас батырлардың бейнелері қазіргі егеменді, тәуелсіз елдің жас ұрпақтарына іздесе таптырмайтын өнеге. Еріктің осындай сапасын қалайша тәрбиелеу керектігі жөнінде ұшқыш-ғарышкер А.Николаев былай дейді: «...Бұл орайда пәлендей бір рецепт берудің өзі қиын-ақ. Меніңше, тек адам бала кезінен бастап-ақ батылдыққа, қайсарлыққа, қөздегеніне жетпей тынбайтындай өжеттікке, ұстамдылыққа үйір болып өскені жөн. Ерлік дәстүріне тәрбиелену - өмірдің өзі біздің алдымызға тартып отырған қиындықтарды жеңу деген сөз».
Осы айтылған ерік сапаларымен әр адам өз басын тәрбиелей алады. Бастауыш класс оқушыларын да осыған баулу қажет. Мәселен, баланың өзінде серт беруге, міндеттеме алуға, өз ісін мақұлдап не айыптап отыруға, қажетсіз істен бас тартып, одан тежеуге үйрету өзін-өзі тәрбиелеуіне үлкен көмек тигізеді. Әрине бұған мұғалімнің дұрыс басшылығы керек. Орыстың ұлы педагогы К.Д.Ушинскийдің жас кезінде өзін тәрбиелеу мақсатында жасаған жоспары көңіл аударарлықтай. Ол жоспар мына төмендегідей:
Ерекше сабырлылық, ең болмағанда сырттай сабырлы болу
Сөз бен істе әділ болу.
Қимыл-қозғалыстың ақылға қонымдылығы.
Тоқтамға келе алу.
Өзін жөнінде орынсыз бір сөз де айтпау
Уақытты мақсатсыз өткізбеу, кездейсоқ іске ұрынбай, тек көңілге алған ісіңмен ғана айналасу.
Қажетті, не ұнамды нәрсеге ғана бой ұсыну, көрсе қызарлыққа салынбау
Әр кеш өзің істеген іске мұқият есеп беріп отыру.
Еш уақытта да өткендегі, не қазіргі, не алда болатын ісіңмен мақтанбау.
13. Осы жоспарды ешкімге көрсетпеу.
Балалардың бойына кез келген ерік сапаларын қалыптастыра беруге болмайтыны түсінікті. Ерік сапаларының мазмұны қандай, олар неге бағытталған, қоғамдық пайдалы әрекет жасауға бағытталған ба, әлде жеке қара басының мүддесін көздеуге бағытталған ба-міне, негізгі мәселе осында.
Егер бала түрлі кедергілерді, қиыншылықтарды жеңуде барлық күш-жігерін, тек өз мүддесіне, қара басына пайдаланатын болса, онда мұндайда көрінетін ерік сапаларының ешбір қоғамдық мәні болмайтындығы белгілі. Бұзақы адамның сотқарлығы, қоғам мүлкін тонаушы ұрының жылпос айлакерлігі, қиқар адамның орынсыз қасарыспалығы жақсы ерік сапалары емес. Өйткені осы соңғы айтылғандар өзінің мазмұны жағынан ешбір адамгершілік қасиетке сыйыспайтын сапалар. Сондықтан да адамдарға тән жоғары ерік сапалары туралы мәселе қойғанда әр уақытта да олардың моральдық салмағының қандай екендігін еске алып отыру қажет.
Әр түрлі ерік сапалары бір-бірімен байланыспайтын оқшау жатқан нәрселер емес, барлығы да адам бойынан табылатын, оның жеке басының бағытына, дүниетанымы мен сеніміне, мінез бітістеріне, темпераментіне, қабілетіне тағы сондай психологиялық ерекшеліктеріне байланысты түрліше жағдайда қабысып келіп отыратын қасиеттер. Бір адамның басында ерік сапаларының бірнешеуі қиысып келіпи отырады. Мәселен, өртеніп жатқан үйдің ішінде қалған баланы алып шыққан адамның басынан батылдықты да, тоқтамға келгіштікті де, шапшаңдықты да, өзін меңгере алушылықты да байқау осы айтылған пікірге жақсы дәлел.
Х - дәріс.
Достарыңызбен бөлісу: |